Қазақ поэзиясына өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары келген талантты ақын Маралтай Райымбекұлының рухты туындылары байыпты зерттеуді қажет ететін ұлағатты дүниелерге айналып үлгерді. Бүгінгі әдебиетіміздің мерейі болған тарпаң мінез, асау болмысты ақынның шығармалары туралы сөз қозғау – ниет қана емес, парыз. Себебі: Алтын тамырлы ұлттық әдебиетіміздің өтпелі кезеңінде әдебиет айдынына қадам басып, нарықтық ахуалды бастарынан өткерген бұл буынның шығармаларында шынайы өмір көрінісі, Тәуелсіздік алған тұстағы ата-анамыздың да жастық шағы бар. Бәлкім, сонысыменен қызық болар...
Үлкен ақынымыз Темірхан Медетбек атап көрсеткендей, “Алтын көпірліктер” буынының төлбасы есебінде саналатын әрі Тәуелсіз қазақ әдебиетінің жаңа парағы Маралтай Райымбекұлының өлеңдерімен басталатыны рас.
***
Менің әжем де, анам да кітапты өмірлік серігіне айналдырған жандардың сапынан. Сонау оқушы кезімнен анамның алқауымен Маралтай ақынның шығармаларымен танысып, өлеңінің құдіретіне иланып едім. Жұқалтаң келген “Ай” деген жыр жинағын тауысқан соң, студенттік жылдары “Кентаврмен” рухтанып, қатарлас қыздарға Маралтай болып өлең де оқығанбыз...
Қайбір жылдары кітапханада қызмет еткенімізде, оқырмандар арасында сараптама жүргізіп едік, сонда ең көп оқылатын кітаптар осы – Маралтай ақынның кітаптары екен. Жасын жырларымен жаңа буын – өскелең ұрпақтың сүйікті ақынына айналғанын сонда сезгенбіз.
***
Ақын өлеңдерінде қазақтың тектілігі мен ұлылығы, ерлігі мен батырлығы, қайраты мен қайсарлығы, өрлігі мен еркіндігі сынды ата-баба қанымен берілген болмысындағы асыл қасиеттері жырланады. Маралтай ақын жырларын құр кестелі сөзбен әрлеуді мақсат етпейді, ол үшін оқырманды ойға батыру, поэзия мен рухтың тылсым күшін сездіру маңызды. Бұл ретте ақынның туындылары әдебиет алыптары Абай, Мағжан, Мұқағали, Жұмекен, Төлегендермен үндес, рухтас екені анық аңғарылып тұрады. Дегенмен оның жырларында жаңа леп, бұрын-соңды болмаған екпінді байқаймыз. Бұл жөнінде мәдениеттанушы Әуезхан Қодар: «...Маралтай – қазақ поэзиясын өңдеуші ақын, қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтеруші хас тұлға. Егер Абай өзін «самородный сары алтын» санаса, Жұмекен өз поэзиясын артық-кемі жоқ «биік өкше етік» ретінде елестетсе, Маралтай – осының бәрін сіңіріп, жаңа сапаға түсуруші» деген-ді.
Маралтай ақынның жырлары мұң мен налаға толы. Алайда оқырман бұл мұңнан өмірдің шынайы келбетін терең түсіне алады. Оның тегеурінді туындыларында көшпелі қазақтың кеңдігі мен дархан мінезі нарық заманындағы күншілдік пен өзімшілдікке қарама-қарсы қойылып жырланады. Маралтай ақын үшін қазақтың асқақ рухы, тарпаң мінезі, еркіндігі, ерлігі идеал. «Кентавр» бейнесін жырлауы бұның айқын дәлелі. Ақын жырларындағы Адам мен Тұлпардың тұтасқан суреті ұлы бабаларымыздың өлмес рухын күллі адамзатқа мойындаттырады. Осымен-ақ Маралтай ақын жырлары құнды, бағалы.
Бүгін оқырманға Маралтай Райымбекұлының «Тарпаң» атты өлеңдер жинағы жайында ой қозғауды жөн көрдік. Бұл жинақ «От жыры», «Су жыры» және «Гүл жыры» атты үш бөлімнен құралған.
Алғашқы бөлім «От жыры» деп аталған. Бұнда ақынның ең таңдаулы өлеңдері жинақталған. Мәселен, Маралтай ақынның «Баба Түкті Шашты Әзіз бен Баб ата» өлеңінде түркілердің биік рухы мен өр болмысы жырланады:
...Ал, енді, мына бір ел түркі деген,
Ұқпадым заты қайдан, ғұрпы неден.
Ішінде не жатқанын кім біледі,
Иілген түр байқатар сыртыменен.
Ерлікті пір тұтқан ел торықпайды,
Болса да мың жыл қырғын зорықпайды.
Алдаспан, ақ найзадан тайсалмаған,
О, бұлар құдайдан да қорықпайды.
Ордалы ақ жыландай үймелеген,
Рухы күйремейді (Күйремеген!)
Айтқанын пайғамбардың есіне алды,
«Түркіге өзі тимей, тиме» – деген.
Текті халықты әулиелер, ата-баба рухы үнемі қолдап жүретіні белгілі. Міне, Баба Түкті Шашты Әзіз де түркі жұртын пәле-жаладан, зұлымдық пен қасіреттен қорғап жүретін қасиетке ие ұлы әулиенің бейнесінде көрінеді:
... Құдіретін Алланың дүйім халық көреді.
Шашты Әзізге сенеді, Баб атаға ереді.
Аңыз емес ақиқат бұл сөзімнің дерегі.
Мұндай күнді түркілер:
«Ақ түйенің қарыны жарылған күн» дер еді.
Ұлы түркі даласын шапағат нұр бояды.
Тапты солай жарасым бейбіт күннің оябы.
Дін қарындас орнығып жалғасуда той әлі...
Асасына Шашты Әзіз «Алла» сөзін ояды,
Найзасына Баб ата үкі тағып қояды.
Ел қорғаған ерлердің пірлерінің пірі боп,
Сәбиі жоқ анаға әулиенің дүрі боп,
Біз сияқты ақынның жүректегі жыры боп,
Қалды ғой тарихта Баба Түкті Шашты Әзіз
Мәңгі - бақи тірі боп.
Бұл жыр шумақтарында Алланың түркілердің елдігін сақтап қалу үшін Баба Түкті Шашты Әзіздей әулиені қамқоршы, қолдаушы есебінде жібергені аян болады. Ақын Әулиемен сырласқандай, мұңдасқандай күй кешеді, бір жағынан оны пір тұтады.
Бабаларға деген тағзым «Қара Бура Әулие мен Қожа Ахмет Иасауи» өлеңінде жалғасады:
Алпыс үш жасқа келгенде тәрік қып бәрін,
Жан-жүрегімен ұғынған тамұқтың мәнін.
Мұхаммед Ғалейссаламның ғұмырын сүріп,
Дарус-саламға ынтыққан жарықтық нарым!
Бедерлеп кеткен озалдан ажалын хатқан,
Шараптан құйып, оқитын ғазалын жатқа.
Жұпары жетіп танауға талықсытатын,
Мамырдың гүлі бұрқырап мазалы бақта.
Ақ қыраулаған сақалан жасына малып,
Арыстан бабтың соңғы рет басына барып.
Сырласқан дейді баяғы бала күніндей,
Қарабураны шақырып қасына алып.
Парықтап берер осы сәт нарқыңды Хаққа,
Көгілдір көкке хош айтты, жарқын бір шаққа.
Патшалар қалды аң-таң боп осынау кепке,
Гауһардан ою жаптырған алтынды тақта.
Бабалар, қайран, баяғы дүркіреп өткен
Қаһары күндей кенеттен күркіреп кеткен.
Айнала ұшқан шырақты көбелек құсап,
Түрікше ойлап, өзі де түрік боп кеткен.
Бұлбұлдар қалар жырламай жамалы жасып,
Махаббатына бас ұрса саналы ғашық.
Қылует жасап Иасауи – Әзірет Сұлтан,
Түнекке түсті фәниден амалы асып.
Біржола баурап өн-бойын далалық мұрат,
Қылуеттегі майшамнан жанары тұтап.
Түнекте бітіп, содан соң ғаламды жаулап
Өмірге келді осылай «Даналық кітап»...
Жалынды жыр жолдарында автор Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың тарихтағы орнына лайықты баға бергендей. Ұлы ғұлама түркі жұртына ислам құндылықтарын, діннің мазмұны мен мәнін ұғындырып кеткені өлеңнің негізгі идеясын құрайды. Қожа Ахмет пен Бура ханның диалогі «Өмірдің мәні не?» деген сұрақ аясында өрбиді. Терең білім иесі Қожа Ахмет Иасауи Алланың жолын мүлтіксіз меңгерген тұлға ретінде көрінеді. Оқырманды эстетикалық әсерге бөлейтін жыр ізгі жолға салары да күмәнсіз.
«Су жыры» деген екінші бөлімде ақынның ішкі жан дүниесі мен шығармашылық тұлғасын танытатын өлеңдер топтастырылған. Маралтай ақын «Натюрморт», «Жаза», «Қағаз», «Құранға еліктеу», «Ақан», «Ар», «Тағдыр» және тағы басқа өлеңдерінде қағаз бен қаламның құдіреті, ақынның мұңы мен қайғысы, өлеңнің қасиетін жыр арқауы етеді. Бұл туындылардың негізгі идеясы – өлеңнің тылсым күші, ақындық дарын, сөз өнерінің құпия сырлары туралы шындықты жеткізу екенін түсіне аламыз.
Маралтай ақын «Тағдыр» атты өлеңінде ақынның күрделі тағдыры туралы жырлайды. Өлең жолдарында шын дарынды бағалау мен қадірлеуге үндейді:
...Оу, адамдар, аялаңдар ақынды,
Сіздерге арнар өмірі мен өлеңін.
Ішпегеннің бәрі бүгін ақылды,
Ішкендердің бәрі ақымақ демегін.
Сансыратса сансыз қайғы, ауыр мұң,
Мен сияқты күй кешесіз сіз де кіл.
Шарап пенен гүлін сүйген сәуірдің
Шайырлардың сарқытымыз біз де бір.
«Қағаз» атты туындысында автор қағаз бен қауырсынды серік еткен ақындардың шығармашылық болмысы мен талантының Алладан берілген сый екеніне иланамыз. Бұл өлеңді оқу барысында ақынды шабыттандырып, қанаттандыратын жоғарыдан келген тылсым күш барына еріксіз сенуге мүжбүр боламыз:
Ешқашан, еш жерде болмаған
Секілді алғашқы һәм соңғы адам.
Қазақта екі-үш-ақ ақын бар
Қанаты талса да, қонбаған.
Солардың сазынан естідім
Ең тұңғыш ақынның есті үнін.
Қағаздар ұшқанда қонбастан
Аққанат құстардай кешқұрым.
Тылсым бір сырды жасырған,
Ақынның жырлары басылған
Қағаздар ұшып жүр әуеде
Құдайдың қойнынан шашылған.
«Құранға еліктеу» өлеңінде автор «Ақын – Алланың сөзін жеткізуші» деген ұстанымын жыр жолдарында Құрандағы қасиетті сөздерді келтіре отырып дәлелдей түседі:
...Алланың жәрдемі және «жеңіс» келгенде,
Ақ жолға түсіп адамдар періште кеуде –
Топ-тобымен қабылдап Алланың дінін,
Жүректен шайып, тазалар жалғанның кірін.
***
Алла – дара, дархан, мұңсыз, серіксіз,
Әр нәрсе оған мұқтаж болар еріксіз.
Ол тумады, туылмады...
Бар адам –
Ешбір жанды теңесе алмас әрі оған.
«Ақан» атты өлеңі қазақтың аяулы ақыны, серісі Ақан сері Қорамсаұлына арналады. Бұл өлеңде қиын-қыстау замандарда ғұмыр кешкен Ақан серінің мұң-зары арқау болғанымен, барлық ақындардың ішкі мұңын, күйінішін жырлағандай болып көрінеді:
...Құлагер, Қараторғай, Базаралы,
Ұрқия-ай! Бәрі көзден тасаланады.
Жары мен тел қозысын қатар берген
Ақанды ұқса, ұғар тек – Асанәлі.
Тас түскен, түскен жерге ауыр қандай!
Тағы да бір соғатын дауыл бардай.
Серінің күйзелісі осынау сәт
Қытайдан көшіп келген бауырлардай.
Ақанның жөні де бар тұлданатын,
Себебін сезген кісі мұңданар тым.
Әділет күтіп жатыр ақыретте
Әйтеуір түбі біздер бір баратын.
- Ың, ың, -деп отыр ат қасында,
Балаға әке мұңы батпасын ба?!
«...Ақынға бүгінгідей қамқор болмас
Ол кездің кәпір еді-ау патшасы да».
Ақанның қайғы-қасіретін ұғар екі адам болса, соның бірі – Асанәлі Әшімов деп отыр авторымыз. Расымен, қазақтың аса көрнекті актері, өнер майталманы Асанәлі ағамыздың тағдырын біле түскен сайын шерменде Ақанмен бетпе-бет келгендей болар едік.
Жинақтың «Гүл жыры» деп берлілген бөлімі махаббат, сұлулық туралы жырлардан құралған. Ақын алғашқы ғашықтық сезімді, жастық шақты, әйелдің ішкі жан әлемін көркем де, кестелі сөзбен жеткізген. Мөлдір жырлар махаббат лирикасына арналғанымен, әр өлеңде өмірлік мәні бар дүниелер, философиялық түйіндер бар.
Мәселен, «Жез қоңырау» өлеңінде автор қайта оралмас балғын жастықты жырлайды. Өлеңнің атауы «Жез қоңырау» үлкен символдық мәнге ие. Бұл арқылы Маралтай ақын жастық шақтың қадірін, бақытты сәттердің өткінші екенін айтады:
Жез қоңырау жылайтын жазға қарай,
Жаз ғұмыры жастықтың аз қалғандай.
Гүлдей дәурен тұратын гүл құшақтап,
Жанарында қыздардың маздап арай.
Қадіріңді сездім бе,
Сезбедім-ау ,
Жылы ұшырап тұратын көзге мынау.
Менің балғын күнімнің белгісіндей,
Жез қоңырау, қайда сол жез қоңырау?
«Махаббат» атты өлеңінде Маралтай ақын алғашқы нәзік сезімдерді жырдың арқауына айналдырады. Махаббат тақырыбына арналған бұл өлеңде өмірдің жазы болып саналатын жастық дәуреннің қызықты да қуанышты, өкінішті кездерін еске түсіреді:
Қадірі білмеске арзандай,
Мен оны жеткізіп айта алман.
Теңізде жоғалған маржандай,
Құйындай кездер-ай, шайқалған...
Қаншама қыздарды ұнаттым,
Жылаттым... білмеймін себебін.
Осынау есалаң сұрақтың
Жауабын сен айтшы, өлеңім.
Аққұба әдемі бала едің,
Ақ фартук, ақ бантик байлаған.
Мен-дағы өзіңдей пәк едім,
Ақ түстен тұратын айналам.
Әулиеата топырағында дүние есігін ашқан Маралтай ақын көне замандағы даңқты Тараз шаһарын мекен қылған шығыс шайырларының жырларымен, қазақтың бай мұрасы – халық ауыз әдебиетімен уызданып өскен-ді.
Сөзімізді түйіндей келгенде, Маралтай Райымбекұлы “Тарпаң” жыр жинағы қазақ поэзиясына жаңа бағыт, бетбұрыс соны шығармалардың бірегейі. Оның жырларынан ата-бабалардың асқақ рухы мен өр мінезі, тектілігі мен даналығы, ерлігі мен еркіндігін сезінеміз. Ақын поэзияның тылсым күшіне сенеді, ақынды Алланың сөзін жеткізуші деп қабылдайды. Сөз өнерінің мұратын толық ұғынып сезінген Маралтай ақын ешкімнен тайсалмайды, жүректегі сөзін еркін жырлайды.
Сөз әлі жалғасын табады...
Жарқын ӘЛІ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.