Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Отыншы Көшбай. Маңғыстаулықтардың наурызды қарсы а...

13.03.2023 2057

Отыншы Көшбай. Маңғыстаулықтардың наурызды қарсы алу ерекшелігі 14+

Отыншы Көшбай. Маңғыстаулықтардың наурызды қарсы алу ерекшелігі - adebiportal.kz

Амал келді, жыл келді! Ылайым, жақсылығымен келгей! Еліміздің батыс өңірі, әсіре Маңғыстау жұрты жыл сайын «Амал мерекесін» қарсылайды. Маңғыстаулықтар 14-наурызды күн мен түннің теңелуінін алдындағы үлкен мерекенің басы деп есептейді. Осы орайда, «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген» қасиетті Маңғыстаудың өлкетанушысы Отыншы Көшбаймен «Амал» мерекесі жайлы әңгімелескен едік. Оқи отырыңыз, қадірлі оқырман! Мархабат!

- Ар ма, Отыншы аға! Амал мерекесі құтты болғай! Еліміздің батыс өңірі, әсіресе Маңғыстау халқы он төртінші наурызды ерекше тойлайтыны көпшілікке белгілі. Мұсылман һәм түркі халықтары жыл басын наурыздың 22-інде күн мен түннің теңелу кезеңінен бастайды. Қазақстанның батыс аймағы, әсіресе Маңғыстауда жыл басын наурыздың  22-інде емес,  14-інде тойлайды. Неге? Бұл өлкенің тұрғындарының жыл басын өзге аймақтарға қарағанда бір жеті бұрын бастауының сыры неде?

- Иә, рақмет! Мінекей, жер бетіндегі тіршілік атаулының асыға күткен күні наурыз мейрамы да келіп жетті. Жер-ана бусанды, тұла бойына нәр берер жылылықты сезген өсімдік атаулы бүршігін жарып көгере бастады. Күн ызғары да бірте-бірте шегініп төбе асып барады. Жан-жануарлар күнгей беттегі шуақтың қызуынан бөртіп, қылтиып көрінген көкті қуалап тыным таппайды. Шаруа баққан қазақ көп ұзамай малының алды төлдеп, аузының аққа тиетінін ойлап «бұрынғы шалдар «үт-қарын айы, наурыз желін айы» деп отырушы еді, жаратқан жақсылығыңды төге көр» деп жан-жағына мейірлене көз тігеді. Таяғына сүйеніп есік алдына шыққан кейуана: «Е, Алла, бергеніңе шүкір. «Өлмеген жанға келді жаз» дегендей сүйретіліп жүріп бұл күнге де жеттік. Жарықтық амалға да санаулы күн қалыпты-ау. Бұл үлкен мереке ғой қарағым. Ойхой, дүние-ай, баяғыда жас кезімізде қызылды-жасыл киініп, таң атпай тұрып әр төбенің астында отырған ауыл-ауылды аралап қыдыратынбыз. Алдымен жасы келген үлкендердің табалдырығын аттап батасын алуға ұмтылушы едік. Ол да бір дәурен екен ғой»,-деп қасында отырған немересіне өтіп кеткен күндерге деген сағыныш сөзін бастап, маңғыстаулықтардың наурыз мерекесін тойлауы жөнінде көрген, естігендерін айтатын-ды.

Мұсылмандардың хижра есебін ұстанатыны белгілі. Хижра есебі деп біздің заманымыздың  622 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің Меккеден Мединаға қоныс аударған жылын айтады. Міне содан бері қарай бұл күнтізбе мұсылман есебі болып қалыптасты. Негізінде хижра екі түрлі болады: айға қараса «хиджра қамари», ал күнге қараса «хиджра шамси» деп аталады. Ирандықтар «хиджра шамси», яғни күнге қарайды, сондықтан олардың күнтізбесі Григориян есебіндей 365 күн. Ислам әлемі айға қарайды, олардың жыл санау 355 күн, арасында он күн айырмашылық бар. Мүмкін ғасырлар бойы қалыптасқан осы үрдістің бізге беймәлім жайы бар шығар. Жасы келген ақсақалдардан сұрай қалсаң наурыздың 14-інде жаңа ай туады деп жауап қайтарады. Дұрысы сол, нақты жауап секілді. Бірақ неге маңғыстаулықтар жыл басын күн мен түннің теңелуінен емес, айдың тууынан бастаған. Бәлкім мұның сыры тіпті хижра есебінен де әріде жатқан шығар.

Наурыз мерекесінің мұсылман дінін қабылдаған уақыттан көп бұрын, тым әріде басталғанын көптеген деректер растайды. Соңғы жылдары дүниенің көптеген ғалымдары «Топан су іздері» деген зерттеу жұмыстарын жүргізгені белгілі. Кейбірі осы топан судың болған жері казіргі Армения жері десе, екіншісі Орта Азия жерінде болды, үшіншілері Қазығұрт маңынан да топан судың өткені жайлы ой пікірлерін білдіреді. Ал, қазақтың қисса-аңыздарында Нұх пайғамбар мінген кеменің Қазығұрт тауының басында күн мен түннің теңескен күні тоқтағандығы туралы да айтылады. Сол күні соның құрметіне үлкен той жасалыпты. Ғалымдар «Топан су» оқиғасының бұдан 12000 жылдан астам бұрын болғандығы туралы да айтады. Сол ықылым заманнан бері ұрпақтан ұрпаққа желдей есіп жеткен аңыздың бір кездегі шындықтан бастау алғандығын да естен шығармаған мақұл сияқты.

Үстірт пен Маңғыстау қазақтары осы даланың ұлан-ғайыр кеңістігін ежелден мекендеген халықтардың материалдық және рухани мәдениетінің мұрагерлері болып табылады. Кіші жүз құрамына енетін адай руының мінез-құлықтары мен мәдениетінің ерекшелігі соншалық, тіпті кейбір зерттеушілердің оларды жеке бір тайпа-халық ретінде сөз ететіні де шындық. Маңғыстаулықтар беріге дейін айлардың (дұрысында жұлдыздардың) арабша атауын пайдаланып келді. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Осыған қарап отырып бәлкім Адай ұлысы шындығында да бұл аймақты VIII-IX ғасырлардан бастап мекен еткен-ау деген ойға келеміз. Сондай-ақ Маңғыстаулықтардың ай-жұлдыз атауларымен бұлайша оқшаулануын Серікбол Қондыбайдың «XIV ғасырда Яссауилік діни уағызшылардың легі Өзбек хан билеген, исламның ресми түрде мемлекеттік дін деп жарияланған тұсында Арал-Хасарлы аймағына қаптап келе бастады. Яғни, егер XIV ғасырдың басында яссауилік-сопылық, ханифалық діннің басты ордасы Қаратау-Нұратау аймағы ғана болса, XIV ғасырдың ортасында осы орталықтың ықпалымен тағы бір яссауилік реал Батыс Қазақстанда пайда болды. Түркістан аймағындағы Қошқар-ата мен маңғыстаулық Қошқар-ата, түркістандық Шопан-ата мен маңғыстаулық Шопан-ата, түркістандық Шақпақ-ата мен маңғыстаулық Шақпақ-ата, түркістандық Баба Түкті, Шашты ана, Түкті аталар мен ақтөбелік Алып ана, Түкті аталар мен маңғыстаудағы Баба Түкті Шашты әзіздер арасында осындай «әулиелік экспорт» болған сыңайлы» деген сөзінен де байқауға болады. Қалай болғанда да осы ескіше (арабша) айлардың аталуына байланысты мақал-мәтелдер, естеліктер халық жадында мықты сақталған. Және өмір тәжірибесінен алынған сол сөздердің қате кеткен жері тағы жоқ. Мысалы «Таразыда таң суыйды, сүмбіледе су суыйды» дейді. Әсетте (июль, шілде) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Ал сүмбіледе (августь, тамыз) судан ерекше бір салқындық сезіледі. Немесе «Ақырап, қауыс, кәрі құртаңды тауыс». Мұның мағынасы ақырап (октябрь, қазан), қауыс(ноябрь, қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ малдарыңды жарататын уақыт болды деген сөз. Міне, осы қауыс (ноябрь, қараша), жеді (декабрь, желтоқсан) айларында күн суытып қар жауып, бұрқақ болады. «Саратан (май, мамыр)-зауза(июнь, маусым) сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар. Оның себебі заузада желідегі байлаулы құлын қырылған, енесі ығып кеткен, шай қайнатым уақыт ішінде жаңбырлы, желді бұршақ жауып, күн суытқан оқиғалар да болғанын малмен көзін ашқан қазақтың бәрі де айтады. Шаруа баққан қазақтың көп үмітпен қарайтыны да осы наурыз айы. Қыс ұзарып шелді жейтін, күн ұзарып түнді жеңетін «қараөзек» шақ «ұзын сары» келді деп отыратын көпті көрген қариялар. Күн ұзаса жер жылынады, ал жердің жылынуы мал соңындағы елдің үміті. Жер ананың тоң кеудесі жібитін, тас емшегі иійтін шақ келді деген қуанышын да жасырмайтын. Сонымен қатар осы айда көшпелі елдің үміті мен күдігі  кезек алмасып, итжығыс халде жүреді. Өйткені қыстан әупірімдеп зорға шыққан, іші өскен малдың бір борандық халі бар, тіпті оны көтере алмауы да мүмкін. 

Мұражай жұмысына байланысты өлкемізге белгілі аңшы Алдаберді Ақшабаевпен бірге жүргенімізде жеді айын аңшылардың текенің күні, мойын жуары деп есептейтіні жөнінде айтқаны бар-ды. Даладағы арқар, қарақұйрық, киіктердің үйірге түсу мерзімдері әртүрлі. Арқар ақыраптың (октябрь, қазан) 20-27 аралығында, қарақұйрық қауыстың (ноябрь, қараша) 14-21 аралығында, ал киік жедінің(декабрь, желтоқсан) 10-20 аралығында үйірге түседі. 

Әрине Маңғыстау тұрғындарының жыл басын наурыздың 14-інен бастауында тек айдың тууы ғана емес, одан да тереңірек заңдылықтар жатуы мүмкін. Оған әртүрлі деректер келтіруге болады. Өйткені табиғатпен біте қайнасқан көшпелі халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі, ілімі олардың қателеспей, нақты шешімге келуіне жағдай жасайды. 1822-1915 жылдар аралығында өмір сүрген қазақ даласына белгілі атақты жұлдызшы Бекасыл әулиенің «Жұлдызнама» кітабында көп нәрсе айтылады. Әлем жаратылысын, тарихи шежірелерді терең білген Бекасыл әулие осы кітабындағы «Наурыздың белгісі» деген тарауда:

Көк қарға он бесінде келер,

Жиырма екісінде күн мен түн теңелер,

Бұл кезде жыл есебі берілер.

Хамал мен сәуір

Отыз бір күннен келер,

Сәуір кіргенде бәбісек шақырар.

Жыл жақсы болса 

Оншақты күн бұрын шақырар,-деген бар.(«Жұлдызнама».Астана. 2005. 101-102 б.).

Көктем жаршысы көк қарғаның наурыздың 15-інде келуі Маңғыстаулықтардың айдың бір жаңасы деуімен сәйкес келіп тұрған жоқ па? Қазақтың жаңа жылы туралы атақты Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат әкесі туралы естелігінде былай дейді. «14 март күні әкем бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні. Бұрынғы аты наурыз. Парсы тілі. Жаңа күн деген сөз деп айтқаны есімде» дейді. Ал, өлкемізге белгілі архелог А.Астафьев «Маңғыстаулықтардың наурызды қарсы алу ерекшелігі» атты еңбегінде Тұщықұдық ауылының маңынан археологтар шартты түрде «Өтек» деп атаған тастан жасалған бұйымның аршылып алынғанын айтады. Сол «Өтектің» бетіндегі қатар-қатар орналасқан қиғаш тілік түріндегі қарапайым оймыш ғалымдар назарын өзіне аударады. Әр қатардағы тілікті санау және оларды метематикалық есептеу таңқаларлық жаңалықтың ашылуына әкеледі. «Өтекте» аспан айлық  жылдың календарлық есебі сызылған екен. Бұл табылған зат кем дегенде 5 мың жыл бұрын жасалғанына қарамастан көне астроном өз есебін өте дәл жүргізіпті. 12 айды 29 күннен есептегенде 6 күнге жетпейтінін байқаған. Сондықтан 11 айды 29,  12-ші айды  36 тілікшемен белгілепті. Жалпы алғанда көне маңғыстаулықтардың аспанайлық күнтізбесі 355 аспанкүндік тәуліктен тұрған.

Сонымен қатар А.Астафьев Оңтүстік Сібір түркілерінде уақыт есебі тоғызкүндіктермен жүргізілгенін айтады. Олардың күнтізбесі негізінен жылдың төрт мезгілімен сәйкес келетін төрт температуралық циклға бөлектелген. Есеп күн ұзару басталатын қысқы қысқа күннен жүргізілген. Қысқы суық тоғыз күннен тұратын тоғыз апта-бұл аяздың «тууы» мен «өлуі» (23 желтоқсаннан 14 наурызға дейін). 14 наурыздан бастап жапырақ «есейіп» көкек келетін көктем туады. «Мүмкін осы дәстүр Маңғыстауға XVIII ғасырдың бірінші жартысында адай қазақтарымен бірге көшіп келген шығар» деген өз болжамын да айтады. Шындығында да маңғыстаулықтардың жаңа жылды күн мен түннің теңелуінен емес,  көктемнің келуінен бастауы әріден жалғасып келе жатқан шығар деген ой дұрыс сияқты. Яғни, маңғыстаулықтар 14-наурызды күн мен түннің теңелуінін алдындағы үлкен мерекенің басы деп есептеген.

Күн мен түннің теңелуінен наурыздың 22-де тойлайтын ислам әлемі де, 14-де тойлайтын Маңғыстаулықтар да таң сарғайып атысымен наурызды тойлайтын. Жыл басына таласқан жан-жануарлардың ішінде түйенің басына шығып кеткен тышқан таңның атып келе жатқанын бірінші көріп, жыл басы аталмайтын ба еді. Тіпті әрідегі аңыздарға сүйенер болсақ ертедегі түркілердің патшасы күн мен түн теңелген күні биік таудың басына шығып, ағарып атып келе жатқан таңда екі қолын жайып еліне Тәңірден тілек тілейді екен. Тілегін тілеп болып артына қарағанда қолында қобызы бар абыз тоғыз күй тартады екен. Абыздан кейін үш жүз алпыс бес адам жылды түгендеп үш жүз алпыс бес күй тартатын көрінеді. Содан кейін ғана наурызды тойлау басталады дейді аңызда. Біз көрген жерде жасы үлкендердің 14-і күні сыртқа шығып таң шапағы шашырай бастағанда күбірлеп бетін сипауы да, аналардың «Е, жарықтық, ырысы мол жыл болғайсың» деп көтеріліп келе жатқан күнге сәлем етуі де бағзыдан келе жатқан аңыздың жалғасы емес пе екен?

Көпті көрген үлкендер «Көп ұзамай ұлыстың ұлы күні наурыз келеді шырағым. Алғашында шығыс көкжиегінің  ортасынан жоғарыға тікелей көтерілген, екі жағы қараңғы бейне бір созылған сымдай жайылған жарық болады. Бұл жарық аз уақыт ішінде жоғалып, орнын қараңғылық басады. Мұны «жалған таң» дейді. Өйткені бұл жарық таң уақытының кіргенін көрсетпейді. Содан кейін  шығыс көкжиегі бозарып екінші таң атады, Міне осы таң белгісі байқалысымен әуеде ғажайып бір діріл мен гуіл естіледі. Сол үнді «Әз» дейді екен. Ол өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесінде, жалпы тіршілік әлемінің бойына қан жүгіріп, қайта түлеп жаңарады, ескінің ауырлығы кетеді. Әздің жүргенін әдетте көп адам байқамайды, оның өткенін қой малы ғана алдымен сезеді екен. Қой сол кезде аспанға қарап жамырай маңырап тұрып қалатын көрінеді. Соны көрген малшы «Е, жарықтық жаз хабары келді» деп қуанатын көрінеді. «Әз келмей жаз болмайды» деген нақыл сөз содан қалыпты» дейтін.

Түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігін жасаған Л.Будагов деген ғалым өзінің Санкт-Петербург қаласында 1869 жылы шыққан кітабында «қазақтарда 22 наурыз күні тойланатын Жас наурыз, марттың орта шенінде тойланатын Қарт Наурыз туралы айта келіп, «Қазыбек Наурызы» деп аталатын осы жыл басы туралы құнды дерек келтіреді. Будаговтың айтуынша, Қазыбек Наурыздың Жас Наурыздан 10-11 күн айырмасы болған, яғни ол наурыз айының 13-14-теріне сәйкес келеді. Оның күн қайыру жүйесін ерте орта ғасырларда тек қазақтар ғана емес, күллі Орта Азия халықтары қолданған. Кәзір тек Батыс қазақстан аймағы тұрғындарының арасында сақталып қалған. Өйткені, бұл аймақта әр жылдың 14-шы наурызында Жаңа жылды қарсы алып, ауыл-аймақ, көрші-көлем бір-бірімен амандасып, «жас құтты болсын айтады» деп жазады. Дәл осы қазақ календары туралы қазақ халқының тарихы мен этнографиясын зерттеуші ғалым А.Е. Алекторовта «Байбақты Қазыбек календары» туралы Қазан қаласында 1900 жылы шыққан еңбегінде айтып кетіпті.

Адамзат тарихынан жаңа жылды көптеген халықтардың көктемде тойлағанын білеміз. Ежелгі Русьте Христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды 1 март күні қарсы алған.   Ал, ағылшындар болса, XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 мартта тойлап келген. Біздің дәуірімізден бұрынғы VIII ғасырдың орта шенінен бастап қолданылған күнтізбеде римдіктердің Жаңа жылды Наурыз айынан бастағаны кәзіргі күнтізбелерінде әлі күнге дейін сақталған көрінеді. Римдіктердің жылдың бірінші айын соғысқа тиым салушы құдай Мартиустың атымен «март» деп атаған.

Ал одан берідегі елімізде болып өткен жайларға тоқталар болсақ, Кеңес өкіметінің Халком кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретімен қолданысқа енгізілді. Бұл кезде екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады. Қалай болғанда да көктемнің алғашқы нышаны өлке жерінде наурыздың 14-де белгілі болады. Олар осы күнді жыл басы деп санаған. Осы күннің алдында (14 наурыздан екі-үш күн бұрын) «Наурыздың ақша қары» жауады. Бірақ ол тез ериді. Кей уақыттарда оны «Құс қанаты» деп те атайды. Яғни, құс келер алдындағы соңғы қар. Тіпті қар жаумаған күннің өзінде салқындық байқалады.  Маңғыстаудағы амал (наурыз) күндері сондай белгінің болатынын кез-келген адам байқаған болар деп ойлаймыз. Наурыздың екінші онкүндігінде, нақтырақ айтқанда 16-21 аралығында «Бес қонақ» болады. Бұл күндері табиғатта өзгеріс болып, бұрқақ, жаңбыр немесе қар аралас жаңбыр жауады. Маңғыстау тұрғындары осы «Бесқонақты» өткізіп салғаннан кейін ғана мал төлдетуге Үстірт үстіне көтерілетін болған.  «Наурыз күні құмалақ қарға бармақ бойы батса қырық күндік жерге арбамен шық, құмалақ қар бетінде шашырап жатса қырық күндік жерге шанамен шық»,-деп отырады екен Қазақстанның орталық, солтүстік өңіріндегі есепші қарттары. 

Наурыз мейрамы қазақ жерінде 1926 жылға дейін тойланып келді. 1925 жылы 22 наурыз күні «Еңбекші қазақ» газеті бұқара халықты наурыз мейрамымен құттықтап, өзінің бірінші бетіне ірі әріптермен:

«Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп,

Шаруаның кенелген,

Мейрамы ежелден,

Құтты болсын бұл наурыз!» - деп жазыпты. 

Бірақ содан кейін кеңес өкіметі халықтың ұлы мерекесін тойлауына ұзақ жылдар бойы кедергі болды, шындығында рұқсат етілмеді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана осы бір халықтық ұлы мереке өз мәнінде тойланып келеді. Қазақ үшін Наурыз «Ұлыстың ұлы күні» болып есептелген. Өйткені алғашқы мал төлдеп, ауыздың аққа тиетін уақыты да осы. Қыс ызғары қайтады, мал ауызы көкке тиеді. Біреудің екеу болып, өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі. Халық арасында бұл күні «Самарқанның көк тасы да ериді» деген сөз бар. Бұл сөз де бекерден-бекер айтыла салмаған. Ертеде Самарқанды билеген атақты хандардың қабірінің басына киесі бар деп қымбат көкшіл тас-нефридті қояды екен. Күн мен түн теңелген кезде қандай құдыреті бар екенін кім білсін, сол тас буланып, терлейтін көрінеді. Яғни, көзінің тірісінде  қатыгез болған хан өткен ісіне өкініп, райынан қайтты, бұл кейінгілерге көрсетер үлгі деп есептеген. Наурыз күні адамдардың өткен өкпе-назын  ұмытып, бірін-бірі құшағына алуы да содан қалған болса керек. Бұл күні жеті қат жер астынан жылы бу көтеріледі, жеті қат көктен нұр жауады дейді. Осы күні ұяда жатқан құстар да, індегі жануар да, судағы балық та басын көтеріп, бір сәт қозғалмай тұрып, наурызға құрмет қылады деген ұғым да бар. 

Сонымен қатар ұлыстың ұлы күніне байланысты айтылатын аңыздардың бірінде наурыз күні жаңбыр жауады. Оны халық арасында «Рахмет жаңбыры» деп те атайды. Сол жаңбырдан өсімдіктердің бойына нәр жүгіріп, оған жер бетіндегі тірлік атаулының иелері қатты қуанады екен.  Осы кезде терең дарияның түбінде күн кешетін «садап» деп аталатын балық та су бетіне шығып «Ей, Жаратқан, мені де құр қалдырмай өз несібемді бере көр» деп жауып тұрған жаңбырға аузын тосатын көрінеді. Сонда аузына тамған бір тамшыға риза болып «Шапағатыңа рахмет, мен болдым, тойдым» деп қайтадан су түбіне кетіп қозғалмай жата береді. Көп ұзамай оның ішінде әлгі аузына тамған жалғыз тамшыдан гауһар тас пайда болады екен. Дүр гауһар наурыз айының алғашқы жаңбырынан пайда болатын құбылыс көрінеді. Сол гауһардан жер бетіндегі тіршілік ететін өсімдік, жан-жануарларға тұқым тарайды деп те айтылатын. 

Бұл күні «Наурыз көже» (кей жерлерде «Тілеу көже» деп те аталады) пісіріледі. Маңғыстау тұрғындары қысқы соғымда наурызға арнайы сақтап қойған етін асатын. Бұл «осы күнге аман жеткенімізге» деген құрметтің белгісі. Әрине наурызға байланысты ырымдар өте көп. Көшпелі халық сол ырымға сенген, құрмет тұтқан. Жаңа күнге қарап бетін сипаған. Онысы басыма бақыт, ырыс дарысын дегені. Наурыз күні жауған қарды күремейді, сыпырмайды. Өйткені басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, ерекше таза, көп ұзамай еріп кетеді.

Наурыз күні ыдыс-аяқты сылдырлатпауға, шаңырақ астында орынсыз дауыс көтермеуге тырысады. Әйел құты, ер құты, үй құты-ыдыс-аяқта деп есептейді. Қыдырып келген баланы үйден құр жібермейді. Өйткені бала-бақыт, бала-періште. Бала үйден өкпелеп шықса, баладан бұрын бақыт есіктен шығады деп есептеген. Наурыздан бұрын сапарға кеткен жолаушыға сыбаға сақтайды. Бұл өз ошағына аман оралсын деген тілектен туған. Жасы кішілер Наурыз күні ауылдағы үлкендерге барып сәлемдесуді, қолын ұстап, батасын алуды міндеті санаған. Сонымен қатар өмірден өткендердің басына барып құран оқуды тірілердің парызы деп есептеген. Бұл құрметтің белгісі. 

Маңғыстаулық қазақтар сонымен қатар Наурыз күні үй ішіндегі кермеге сандықтағы бар қымбат маталарын, киімдерін шығарып іліп қоятын. Бұл біріншіден жасырып қойса киімді пері иеленеді деген ойдан туындаса, екіншіден халқымыздың жарылған жүгерідей аппақ көңілін білдіреді. Қысқасы, халқымыз қай уақытта да Наурызды асыға күтіп, оны жақсылықтың бастауы, жыл он екі айдағы ең негізгі мереке ретінде құрмет тұтқан.

- Көршілес орналасқан қарақалпақ, ноғай, түрікмен халқында осы «Амал мерекесі» сақталған ба?

- Жоқ. Түрікмендер де, қарақалпақтарда күн мен түннің теңелуін жиырма екінші наурыздан бастап тойлайды. Мен мұражайдың жұмысымен Иран Ислам Республикасына барып жүрген уақытымда Иран қазақтарынан: «Сіздер ертеде көшіп кеткен Маңғыстау жұрты он төртінші наурызды тойлайтын еді. Сіздерде сол мереке әлі сақталған ба?» - деп сұрадым. Ондағы қандастарымыз Ирандықтар секілді 22-інде тойлайды екен. Яғни, Амал мерекесін ұмытқан. 

- Демек, түркі халықтарының ішінде «Амал мерекесін» әлі күнге тойлайтын тек қана қазақ ұлты, соның ішінде Маңғыстау жұрты ғой? 

- Солай деп айтуымызға болады.

- Маңғыстау қазақтары «Амал мерекесіне» қалай дайындалады?

- Бұрындары біздің Маңғыстауда осы мерекеге ерекше дайындалатын еді. Менің өзімнің көзіммен көріп, жадыма тоқығанымды айтып берейін. Қазір жеті түрлі дәмнен наурыз көже жасалып жатады ғой... Бұл жерді мекен еткен байырғы тұрғындар қыста сойған соғымнан «Амал мерекесі» үшін арнайы бір бөлігін алып қалатын еді. Көшпелі мал соңында жүрген халық: «Әй, міне наурыз да жақындап қалды. Құдай берсе, аузымыз аққа тиеді. Аққа бір аузымыз тисе, әрі қарай кетеміз» - деп отыратын. Ол күндері қазіргідей молшылық заман емес.  Жағдайы қиын еді. Бұл енді былайша айтқанда, көктемнің келуі, өмірдің жаңаруы, өсімдіктің көгеруі, «өлінің әрі тартар, тірінің бері тартар уақыты», бір бастың екеу болар, малдың төлдер уақыты ғой, айналайын. Байырғы жұртымыз осы мерекеге бар ақ ниетімен дайындалатын, өздеріне содан үлкен үміт күтетін. Қазір бұл қасиеті жоғалып барады. Бірте-бірте дәсүрміз қалып бара жатыр. Дәстүрді білмеген адам өзінің тарихын білмейді. Тарихын білмеген адам өз ұлтының болмысын ұмытады.

- Амал мерекесінің тұсында Маңғыстау халқы Отпан таудың басына жиылып, ас беріп, ұран отын жағады екен. Ертедегі қазақтар ұран отын жау жақындап қалғанда ғана жаққан екен. Бұл күні «ұран отын» жағардай жаугершілік заман емес қой? Мұның мәнісі бар ма?

- Маңғыстау қазақтары табиғаты өте қатал жерде тұрады. Сарқырап ағып жатқан өзен де, сыңсыған орман да жоқ. Сол қатал табиғатпен арпалысып жүріп, мыңғырған мал өсірдік. Ол өз алдына, түстігімізде Хиуалықтар, солтүстігімізде қалмақтар үнемі іргемізден ши жүгіртіп отырды. Маңғыстаудың жергілікті Адайлары үнемі арпалыспен күн кешті. Сөздің шынын айтқан уақытында 18-19-ыншы ғасырларда қойымызды құрттап, айранымызды ұрттап емін-еркін демалған күніміз шамалы. Өйткені, күн дамылдамай, түн жамылып жау шауып отырды. Ылғи дайындық үстінде болуға тура келген. Жауларымыз шабуыл жасаған уақытында жау келіп қалғанын халыққа жеткізу үшін, ұран отын жағатын болған. Ұран отын жағу шапқыншы келе жатыр деген сөз. Ал, енді ақын Сабыр Адайдың идеясымен Адай атамызға ескерткіш орнатылды. Біз қазір Отпан басына жағылатын отты «Бірлік оты» деп атаймыз. Оның өз себебі бар. Амал мерекесін қазір Маңғыстау халқы ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтары да тойлауды бастап жатыр. Шымкеттіктер де, Алматылықтар да, Орталық Қазақстандағылар да... Бірлік отының секем алар сөкет ештеңесі де жоқ.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар