Өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Оқу-ағарту ісінің озық қызметкері Отыншы Көшбайұлымен жасалған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сұхбат ел мен жердің тарихы мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін зерттеудегі жергілікті өлкетанушылардың қосар үлесі, елеулі еңбегі турасында өрбіді.
- Өлкетану дегеніміз – жергілікті бір өңірдің табиғаты, халқы, шаруашылығы, арғы-бергі тарихы, өнері мен мәдениеті туралы сан түрлі ғылыми тұжырымдар мен халақтық түсінік-пайымдардың басын қоса отырып жүрілетін кешенді зерттеу десек болатын шығар. Үш жүз алпыс екі әулиелі, құт-киелі Маңғыстау өлкесінің дәуірлік тарихы мен шежіресін, айтулы тұлғалардың өмір жолын тарқатып, танытуға үлкен үлес қосып жүрген өлкетанушылардың бірі – өзіңіз деп білеміз. Өлкетанушылықтың негізі жастай көкірекке тоқылып, құлаққа сіңуден қаланады ғой? Өзіңіз өлкентанушылыққа қалай келдіңіз?
- Иә, өлкетанушылықтың да өзіндік қыр-сыры, ерекшелігі бар ғой. Әуелі өзім туралы айтып өтер болсам, Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Жыңғылды деген аулында туып-өстім. Осы ауылда тек Маңғыстауға ғана емес, бүкіл Қазақстанға, жалпақ Орта Азияға белгілі болған, атағы алысқа кеткен адамдар болды. Ертеректе шежіреші Алхам, шешен би, әйгілі шежіреші Алшын Меңдалыұлы, дәулескер күйші, жыршы Шамғұл Ыбрайымұлы және т.б. даңғыл көкірек адамдар көп болды. Белгілі зерттеуші ғалым Қабиболла Сыдиықовтың еңбектерінде есімі аталатын Атанқұл деген домбырашы, Елібай дейтін сәулеткер ақын болды. Осы аты аталған кісілердің ішінде мен Елібай дейтін ақынды ғана көргенім жоқ. Ол кісі өткен ғасырда, Кеңес үкіметі орнап жатқан уақытта тап жауларының қолынан қаза тапқан екен. Ал мына Алшынды, Алханды, Атанқұлдар мен Шамғұл Ыбырайымұлы қатарлы кісілерді көзім көрді. Ол кездегі адамдардың бәрі әулие ме, ерекше еді ғой. Мысалы, той-садақаларда кездесіп қалған уақытында осы Шамғұл дейтін кісі бір жырды айтарда немесе бір күй тартарда, соның қысқаша ғана тарихын тарқата айтып, әңгімелеп беретін еді. Ал Алшын мен Алхан - керемет шежіреші адамдар болатын. Олар жұрттың жиналған сәтінде, ежелден бері қарайғыны електей отырып, елдің басынан өткен тарихи оқиғаларды шежіремен сабақтастыра, әріден қозғаушы еді. Әрине ол кезде біздер кішкентай баламыз. Отыра қалып солардың бәрінің әңгімесін тыңдадық десек, өтірік айтқандығымыз болар. Сонда да бір кіріп, бір шығып жүрген уақытымызда, әйтеуір солардың айтқан әңгімесінің бәрін болмағанымен де, бірен-саранын құлағымызға құйып, көкірегімізге түйіп қалғанымыз бар еді. Өлкеннің әңгімесін танып-білудің негізі осы балалық кезеңде қалыптасатын болса керек.
Содан кейінгі бір ерекшелік: біздің мынау Маңғыстау жері дегеніңіздің өзі тарихи ескерткіштерге өте бай өлке ғой. Әрбір ауылдың өзінде, әр төбенің басында мүлгіп тұрған әулиелер де, тұла бойын қына мен мүк басқан құлпытастар да, не болмаса мынау жер-су атаулары да, үңіле қарайтын болсаң, өткен тарихтан сыр шертіп тұрған жоқ па? Сөйлете білсеңіз, бәрі дағы әлдебір ескі тарихтан әңгіме қозғайтыны сөзсіз. Біздің балалық, жастық шағымыздағы көзіміз көрген ақсақалдардың ғұламалығы бола ма, білігінің көптігі бола ма, әйтеуір бізге ұқсаған балалар кездескен уақытында, бірі болмаса бірі құлағында қалсын дейтін шығар, арғы-бергі тарихи оқиғалар мен шежірелерді баяндап айтып отыратын еді.
Өзім әкеден ерте қалдым. Жетімдіктің де тауқыметін көріп өстік. Сондықтан да, мектептің 9-10 сыныптарын, одан кейін институтты да отбасылық жағдайыма байланысты сырттай оқып, аяқтауыма тура келді. Ауыратын шешем болды, отбасыма көмектескім келді. Соларды асырау үшін колхоздың жұмысына ерте араластық, құрылыста да болдық. Трактор да жүргіздік. Осыдан кейін институтқа сырттай түсіп бітіріп, алдымен ауылдың мектептерінде мұғалім болып жұмыс жасадым.
Осындай өмір жолдарынан өткеннен кейін, 1997-жылдан бастап Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне ғылыми қызметкер болып орналастым. Осы музейге келгеннен кейін барып менің өлкетанушылық жұмысым басталды деуге болады. Қолыма қалам алып, өмір бойы көргенім мен білгенімді, бұрынғылардан естігенімді қағаз бетіне түсіріп, облыстық, республикалық баспасөзге жариялауыма да, артынан тіпті кейбір тақырыптарға тереңірек үңіліп, хикаят, романдар жазуыма да себепші болған да – осы музейдегі қызмет жолым деп білемін.
- Маңғыстаудың қатпарлы тарихын толғаған толымды еңбектер жазып қалдырған, қазір де еңбектеніп жүрген қаламгерлер, тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар баршылық қой. Осы тұрғыдағы әңгімені, өз еңбектеріңізбен сабақтасақ...
- Маңғыстаудың тарихы мен шежіресі – қарт Каспийдің айдынындай шалқар ғой. Әбіш Кекілбай ағамыздың: «Дауысы түстік жерге жететін әншілерді осы жер ғана туады, көрерге көз керек сағана тамдар мен күмбездерді осы жер ғана салады. Адам баласының санасы қабылдауы қиын терең шыңырауларды осы жер ғана қазады», - дегені бар еді ғой. Бұл тегіннен-тегін айтылмаған сөз. Шындығында да Маңғыстаудың өзіндік ерекшелігі сол: тарихи ескерткіштерге байлығы. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша Қазақстанда барлығы жиырма мыңның үстіндегі тарихи ескерткіштер болса, соның он екі мыңға жуығы Маңғыстауда екен. Мұндағы ескеретін жағдай: осы он екі мыңға жуық ескерткішті алатын болсақ, көбі әулиелер, ескілікті қорымдар ғой.
Қазақстанның басқа аймақтарындағыдай асқар биік тауы, ағып жатқан асау өзені, шалқып жатқан айдын көлі жоқ, шөлейт, қатал табиғат – біздің Маңғыстауда. Осы қатал табиғатпен ежелден біте қайнасып, жаздың төбеңді тесіп, миыңды қайнатар аптабында, қыстың өңменіңнен өтер өкпекті саршұнақ аязында арпалысып жүріп тіршілік кешкен осы жердің тұрғындары - адайлар мұнда өмір сүріп қана қоймай, әр кезеңде керемет ескерткіштер де сала білді. Сонымен бірге мұндағы жұрт сырт жаулармен де көп арпалысып өтті. Біздің жан-жағымыздағы анталаған алыс-жақын жұрттармен: бірде қалмақтармен, бірде түстігіміздегі түрікпендермен, хиуалықтармен әр замандарда үнемі арпалыста болып өтуімізге тура келді ғой. Міне, осыған байланысты бұл өлкеде шындығында да кез келген жерге барсаңыз, үңіліп, зерделеп қарайтын болсаңыз, сол дәуірлердің тарихи оқиғаларына куә боласыз. Маңғыстау даласы осындай тарихи куәларғатолып тұр. Бұл Маңғыстау – шын ықыластана көз жүгіртіп, зейін қойған ешкімді де бейжай қалдырмайтын өлке ғой.
Мінеки, музейге қызметке келгеннен кейін осы мекеменің өзінің ұйымдастырғаны бар, кейбір өлке тарихына қызығатын қалталы азаматтардың бастамасымен ұйымдастырғаны бар, түрлі өлкетанушылық экспедицияларға қатысып жүрдім. Сол экспедициялар барысында болған жерлерде болғандағы естігендерім мен көргендерімнің бәрін ойға түйіп, жүйелеп қағаз бетіне түсіріп отырдым. Қазіргі уақыттарға дейін осы көп жылдық жинақтауларымның негізінде біршама еңбектерім жарық көрді. Мұның ішінде «Маңғыстаудағы аңшылық дәстүр», «Маңғыстаудағы жерасты мешіті», «Бозащы – Маңғыстаудың екінші тынысы» немесе «Маңғыстау ғашықтары» және басқа да еңбектерім осы Маңғыстаудағы тарихи оқиғаларға байланыстырылған. Атақты Мәтжан би жөнінде жазған «Би Мәтжан» деген бір романым да жарық көрген еді. Маңғыстаудағы белгілі тұлғалар жөнінде жазылған еңбектерім баршылық, аманшылық болса, әлі де жазып, оқырмандарға ұсынар дүниелер баршылық.
Менің бір құдайға шүкіршілік ететінім - қазіргі күні өлкетанумен айналысып жүрген зерделі жастардың баршылық екендігі. Олар қалай болған уақытта да туған өлкенің тарихы мен шежіресіне қызығатын адамдар. Осы жолда еңбектеніп, туындыларын жазып жүр. Өз басым әрбір өлкеде болған оқиғаны немесе өңірдің тынысын кейінгі ұрпақтарға жеткізу үшін өлкетанушы адамның бойында сол жерге деген бір сүйіспеншілік болуы керек деп есептеймін. Бұл – бір. Екіншіден, өлкетанумен шұғылдануда ескерерлік жағдай: бізге жеткен жазба деректердің тым сиректігі немесе жоқтығы жұмысымызға қиындық тудырады. Бар деректің бәрі дерлік орысша жазылған.
Ал өлке жайында ежелден ауыздан ауызға таралып жеткен аңыздар баршылық. Мұндағы ескерерлік жағдай: бұл аңыздардың әдетте тура жолға салатыны да бар, адастырып басқа бағытқа бұрып жіберетіні де бар. Әрине, бұл аңыздардың бәрі де бір кездері бастауын шын болған оқиғадан алғаны да рас шығар, сондықтан да онда әуелгі деректің сорабы бар. Осыған байланысты мына бір іс-әрекет есіме оралып отыр: ертеде, біздің бала кезімізде суыртпақ тарту деген болатын еді. Яғни, түрлі тоқыма маталардың жібін суыртпақтап, еппен сөгіп, оны домалақтап орап алатын, содан кейін осыдан әр түрлі киім тоқитын, тігетін еді ғой. Өлкетанушылық та - сол суыртпақ тарту сияқты. Сондықтан да мен әрқашан өзімнен кейінгі ізденімпаз буындарға, мына қасымда жүрген музейдегі балаларға: “Біреуден естіген аңызыңды, әңгімеңді, тың деп тапқан дерегіңді әбден зерттеп пісірместен, сол күйінде бірден жариялаудың қажеті жоқ”, - деп ескертіп отырамын. Оған алдымен байыппен үңілу керек. Сол ерте кездегі болған тарихи оқиғалармен салыстырып, сабақтастырып барып, шама келсе шындықтан ауытқымай жазғанда ғана мақұл болады. Сонда ғана ол дерек еш талассыз, күмәнсіз болмақ. Бұл - өлкетануға қосылған толымды үлес болып шығады. Шүкіршілік, жалпы осы өлкенің әдебиеті үшін де, тарихы үшін де жергілікті өлкентанушылардың сіңірген еңбегі аз емес және болашақта да аз болмайды деп ойлаймыз.
Бізде жазушылар: Әбілқайыр Спан, Есберген Іңірбай т.б. өлкетануға үлес қосып жүрген жігіттер бар. Есберген Іңірбай негізінен журналист болғанымен, өлкетануға өзіндік бейімін танытып жүрген азамат. Олардың бәрі де өз шығармашылық еңбектерінің бастауын осы өлкедегі тұнып тұрған аңыздардан, заттардан деректер жинау арқылы бастаған. Өлкетанушы - өңірдің өткенінің жоқшысы, бүгінінің сақшысы. Сондықтан қазір ел-жұрт біздерді өлкетанушы деп атап, сенім білдіріп отыр ғой. Әлі күнге дейін осы бағытта келе жатырмыз. Шамамыз келгенше көрген-білгенімізді нақты шындықтан ауытқымай жазып, тура сорап жолмен жүріп өтіп, осы жолда ойға тоқыған дүниелерді бүгінгі, ертеңгі буынға таныстыруды өзімізге мақсат етеміз.
Қазақта «жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген сөз бар ғой. Жер-судың атауы - осы өлкеде болған ел-жұрттың тарихынан хабар беріп тұрады. Маңғыстаудың жер-су атаулары туралы жазылған біршама зерттеушілерің еңбектері білеміз. Өлкетанушы ретінде осы сала жөнінде пікір білдіріп өтсеңіз?
- Иә, Маңғыстау өлкесінің жер-су атаулары туралы ертеден жеткен аңыздар да, кешеді-бүгінді жазылған зерттеу, жинақтау еңбектер баршылық қой. Реті келгенде өзіміз де атсалысып қоямыз. Бұл жерде бір ғана мен жаңалық ашқандай болмай-ақ қояйын, Әбіш Кекілбайдың, Серікбол Қондыбайдың еңбектерінде Маңғыстау жерінің атаулары туралы біршама айтылады. Ақтау университетінде істейтін Бибатпа Көшімова деген қарындасымыз бар. Ғалым қарындасымыздың ғылыми зерттеу еңбектерінде Маңғыстаудағы жер-су атаулары жөніндегі жан-жақты талданған. Осы аталған адамдардың және басқалардың еңбектеріне, өз көрген-түйгендерімізге қарап отырып, Маңғыстаудағы жер-су атауларының түпкі негізіне болжам жасауға болады. Бұл атаулардан әр кезеңдегі, тіпті сонау ерте кездерде Маңғыстау түбегінде болып кеткен баяғы оғыз тайпаларының, ирандықтардың да ізін танимыз. Солардан қалған біршама атаулары бар. Мысалы, менің туып-өскен жерім – Жыңғылды десек, бір жағында Қарқын, екінші жағында Ыбық, Аусара деген деген жерлер бар. Бибатпа Көшімова қарындасымыздың еңбектеріне қарап отырған уақытта бұлар – ежелгі парсы тілінен сақталып қалған атаулар екенін көреміз.
Мұнда ежелгі оғыздардан қалған атаулар да бар. Бұған ешқандай бұлтартпайтын дәлел ретінде тағы бір айтатын нәрсеміз – бізде тарихи ескерткіштер өте көп деп отырмыз ғой, осы тарихи ескерткіштердің өте көптігі – сол 4-3 ғасырдағы баяғы оғыздардың, одан бергі кезеңдегілердің құлпытастары әлі күнге дейін сақталғандығында. Мінеки, сонау дәуірлерде осы жерді мекендеп кеткен баяғы оғыздардың, одан кейін анда-санда ат басын тіреп тұрған қызылбастар немесе парсылардың, одан кейінгі түрікпендердің, олардың соңынан келген қалмақтардың қалдырған ізін тап басып тану үшін жіті де байыпты зерттеу қажет.
“Қалмақтан қалған” демекші, біздің мынау Оңды дейтін жердің атауын зерттеушілер осы халықтың тіліне жатқызады. Мұнда бір замандарда қалмақтың Дундук-Омбо дейтін бір ханының тұрған жері деп айтылады. Біз Оңды деп атаймыз. Бұл өңірдегі әрбір тарихи оқиғаларды қарайтын болсаңыз, бір-бірімен нәзік жіппен байланысып, сабақтасып жатқандай болады. Сөйтіп әріден барып сыр шертіп отырады.
- «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» дейтін Маңғыстауда болған сол жұрттардың жұқанасы немесе толымды ұрпағы алыс-жуықта баршылық қой. Олардың қазіргі күні Маңғыстау өңірімен байланысы, өткен тарих белесіне деген қызығушылығы бар ма?
- Неге болмасын. Осы ретте Түркия елінің мемлекеттік тапсырысымен түсірілген «Ертұғырыл» деген бір кино болды ғой, соған қатысты бір жағдай есіме оралып отыр. Біздің Жыңғылдының алдында Қорғанқолтық деген жер бар. Соның үстінде ежелгі бір құлпытастар бар. Осы құлпытастардың бетіндегі таңбаларды бір күні жігіттер маған көрсеткен еді. Таңбатану дегеннің өзі – өз алдына бір ғылым ғой, арнайы таңбатанушы болмасақ та, өлкетанушылық барысында ізденіп, айналысуға тура келеді. Осы күні балалар деген аңғарымпаз болады ғой. Сол келіп жүрген жігіттердің бірінің 5-6 сыныптарда оқитын баласы: «Ойбай, бапа, мынау бір құлпытастағы мына белгі әлгі Ертұғырыл киносындағы қайы тайпаларының белгісіндей екен ә!» - дейді ғой. Содан олар мұны маған әкеліп көрсеткені екен.
Бір нәрсе келесі бір нәрсеге себепші болады ғой, бұдан бес-алты жыл бұрын облыстық мәдениет басқармасынан маған телефон соқты. Сол «Ертұғырылды» түсірген Түркияның атақты режиссері Метин Гюнай деген азамат осы Қазақстанға келген екен. Бұл келісінің мәнісі: сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қасым хан жөнінде жетпіс бес сериялы кино түсіру жоспарланған екен. Осыған байланысты болашақ киноға керек деп, еліміздегі әдемі тарихи орындарды түсіруге келген беті болса керек. Сөйтіп басқармадағылар маған: «Осы кісілерді ертіп жүресіздер, тікұшақпен ұшасыздар, әуелі Шерқала, одан соң Шақпақ ата жаққа барсыздар», - дегенді айтты.
Сонымен тікұшаққа отырып, ұшып кеттік. Шерқалаға келіп қонғаннан кейін: "Қаратаудың арғы беті, бергі бетінде қайы тайпасының таңбасы бар құлпытастар бар еді. Тікұшақпен тіке ұшқан уақытта төрт-бес шақырым ғана. Егер мына ұшқыштарың келісетін болса, соған барып мен сізге көрсетейін», - дедім. «Жақсы, апарайық», - деп ұшқыштар келісімін берген соң, жаңағы жерге барып қондық. Әлгі құлпытасты көргенде Метин Гюнай қатты толғаныста болып: «Апырмай, мынау – менің ата-бабамның жатқан жері екен! Мен бір аят оқып жіберейін!» - деп аят оқыды. Бұл белгінің нақты қайы тайпасының таңбасы екенін сол сапарда Метин Гюнай да айтқан еді. Қазіргі Түркияның негізін қалаушы, бір кездегі Осман империясын құраушы үлкен мемлекеттің адамдары бір заманда Орта Азиядан, бір шеті осы Маңғыстаудан кеткендігі осыдан белгілі болып отыр. Бұл тарих дейтін бір жақсысы – жіті үңіліп қарайтын болсаңыз, бір-бірімен сабақтаса жалғасып жататын нәрсе ғой. Міне осындай сан түрлі жағдайлар кездесіп жататыны бар.
- Қазақтардың ежелден бері іргелес көршісі болған киіз туырлықты, көшпелі жауынгер қалмақ жұртына қатысты атаулар қазақ даласының әр тұсынынан-ақ, соның ішінде осы Маңғыстауда да кездеседі ғой?
- Солай. Осы Маңғыстау өңірінде де қалмақпен талай қақтығыстар өткен болса керек. Үнемі қақтығыстар ғана емес, кей кезеңдерде өзара келісімді, бейбіт заман да болған шығар. Бұл – бірінші жағдай. Екінші жағдай – біздің адайдың кез келген руларының шежіресіне қарайтын болсақ, солардың арғы шежіресінде кейбір әжелеріміз тұрғысында қалмақтармен туыстық байланысымыз бар екенін көреміз. «Арғы әжеміз қалмақтың қызы еді», - деген сияқты шежіре шертетін ру, әулеттер мұнда да баршылық. Жоғарыда айтқанымыздай, қалмақтармен үнемі қырылысып та жүрмеген шығармыз, мінеки, сол кезеңдерде қыз беріп, қыз алысқан болармыз. Осындай жағдайдар адайдың барлық дерлік руларында кездеседі. Сосын қалмаққа қатысты бұл өңірде ғана емес, Қалмаққазған, Қалмақөлген деген сияқты атаулар жалпы қазақ даласының қай жерінде де кездесетін нәрсе ғой.
- Түркі тілдес, оғыз текті түрімендер де осы өңірде бір замандарда ен жайлап жатты ғой? Қазақ-түркімен арасындағы қарым-қатынастар да әр кезеңде бірде тату, бірде қату болып келгені тарихтан мәлім. Осы жөнінде де айтылар жайлар аз емес сияқты...
- Түркімендер – біздің түстігімізде жатқан байырғы көршіміз. Жалпы кейбір ғылыми деректерге қарағанда ту ежелде адайлар осы жерде мекендеп, бір замандарда Маңғыстаудан алыстап кетіп қалып, кейіннен қайта оралған деп көріледі. Мұны ХҮІІ ғасырдың жартысына дейінгі уақыт, яғни 1725 жылдары болған жағдай деп атайды. Осы жерге адайлардың қайтадан беттеп келген уақытында бастапқы әзірде салтымыз да бір, дініміз де бір халықтар болғандықтан, Маңғыстаудың бойында қазақтар мен түркімендер бейбіт қатар өмір сүрген заман болыпты. Уақыт өте келе, жесір дауы, жер дауы туындай бастаған, мал-басы өскен кезде екі ұлттың арасында құдық басында шекісулер шыққан, одан кейін бұл жағдай күшейе түсіп ру мен рудың арасындағы қақтығыстар көрініс бере бастаған. Мысал үшін, осындай қақтығыстардың бірі Жыңғыл дейтін жерде 1780 жылдардың жобасында болған екен. Ұланақ деген жерде «Ұланақтың қырғыны» деген шайқас өтіпті.
Екі ортада осындай жаңжалдар жиі бола бергеннен кейін Есекжар, Таушық дейтін жерлер бар, сол арада адайлар мен түркімендердің ақсақалдары кездесіп мәселені талқылайды. Сонда қазақтар: «Мал басы, жер өсті, сендер баяғыдан бері тұрдыңдар, енді өз жерлеріңе қайта бергендерің жөн болмақ!» - дегенді айтады. Әрине түркімендердің бұл жерге қоныс тепкеніне де екі жүз жылдың үстіне шығып кеткен уақыт, олар да қайтадан шұбырып Түрікменстанға барғанда: «Қош келдіңдер, туыстарым!» - деп қарсы алатын артық қыстау-жайлауы, жайылымы жоқ қой. Олар мұны ескере отырып бастапқы кезеңде: «Елімізге барайық, хабарласайық, жайымызды айтайық», - деп кетіп қалғанымен де, ішінара айдап салушылардың әсерімен мәселені бейбітшілік жағдайда емес, қарулы шайқас арқылы шешпек болған. Сөйтіп ана жақтағы хиуалықтарға барып айтып, осыдан кейін хиуалықтардың Маңғыстауды шауып кететін жағдайы болған. Мысалға, 1832, 1847, 1853 жылдары, содан кейін ең соңғысы – Кеңес үкіметі орнаған жылдардың басында, яғни 1921 жылы Жөнейт ханның келіп шабатыны бар. Осындай шапқыншылықтар, өзара қақтығыстар үнемі болып тұрды ғой. Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесінде айтылатынындай, қазақтар мен түркімендер кездескенде, “Ана жер, мына жер менікі”, - деп түрікмендер айтқанда, адай шалдарының беті қож-қож болған қотыр тастарды көрсететіні, сол жерде адай таңбалары тұратыны бар еді ғой. Сол жағдай - екі халықтың өзара жерді шекаралап бекітуін көрсетеді. Сонысына қарағанда, біздің ел түрікпендерден бұрын тұрған, осыдан кейін келген түркімендер мұнда екі жүз жылдың үстінде өмір сүрді. Ақыры соңынан барып түркімендер біртіндеп өз жеріне шегініп кетті ғой. Жалпы осы екі халықтың: түрікпендер мен қазақтардың арасындағы өзара байланыстар тым әріректен басталады.
- Жалпы осы біздің қазақ руларының миграциясы нақты ғылыми бағыт бойынша көп зерттелмеген сияқты болып көрінеді. Маңғыстау түбегінің байырғы тұрғындары адай руының қай дәуірде қай өлкеде тұрғанына да қатысты түрлі деректер айтылатынын білеміз. Мысалы, ертеде Алтай-Саян жағында тұрған дегендей?
- Кейбір деректерде солай қылып айтады. Өйткені сол Алтай беттерде Жеменей сияқты, адайларға тән атаулар бар ғой. Осындай жер-су атаулары мен сегіз арыс адайдың үлкенді-кішілі рулары атауы арасындағы ұқсастықтар болуына байланысты: “адайлар бір замандарда сол Алтай-Саян жақтарында болып, ХҮІІ ғасырларда осы Маңғыстауға қайтадан оралды” деген, Серікбол Қондыбайдың еңбегінде ме екен, айтылатыны бар. Бұған қатысты, менің ойым бойынша, “бәленінші жылдары кетті”, “бәленінші уақытта осында қайта келіп тұрақтады” деп нақты кесіп айта алмаймыз. Өйткені қазіргі уақыттарда, мысалы, арғындардың, дулаттардың немесе басқа тайпалардың ішінде де, сол жақта отырып, соларға кірме болып, қосылып кеткен деген сияқты қазақтың өзге руларының аты кездесіп қалады ғой. Міне осы тұрғыда рулардың көші-қонын кешенді түрде көп зерттеу қажет болады. Осы бағытта ізденіс жасап, жазып жүрген адамдар да көп. Олардың еңбектерін жоққа шығаруға да болмайды. Олар да белгілі бір дәрежеде негізге сүйеніп барып айтады ғой. Міне, өлкетануға, шежіреге қатысты айтылар жағдайлардың бір парасы осы.
- Маңғыстау өлкесі, жер-су атаулары тарихы жайында сұхбат құрысып, сыр шерткеніңіз үшін рақмет! Өлкетанушылық іс-қызметіңізде ойға алған шаруаларды ойдағыдай атқарып, халық қазынасына әлі де мол үлес қосу жолында жүрген өзіңізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.