Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«PARALLEL»: ерік жолайрығы немесе Әлішер Рахаттың ...

12.05.2022 4133

«PARALLEL»: ерік жолайрығы немесе Әлішер Рахаттың жаңа романы бізге не айтады? 12+

«PARALLEL»: ерік жолайрығы немесе Әлішер Рахаттың жаңа романы бізге не айтады? - adebiportal.kz

Қазіргі қазақ әдебиетінің проза жанрында қалам тербеп жүрген жастар арасынан жазушы Әлішер Рахаттың есімі біріншілер қатарында аталады десек, қателеспеспіз. Екі бірдей роман шығарып үлгерген қаламгердің шығармашылығы жайлы әдеби орта да үнсіз емес. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Үздіксіз әуез» әңгімесі туралы ақын Тоқтарәлі Таңжарық былай дейді: «Әңгіменің ішкі ағысы өте арынды. Алғашында оқиғалар тізбегі өте баяу жүретіндей көрінеді. Динамикасы солғын тартқандай көңілің қоңылтақсуы да мүмкін. Бірақ әсте олай емес. Бұл – әңгіменің жазу тәсілінің ауырлығынан туындайтын оқырман санасындағы түйткілдер».

Әдебиеттанушы Айнұр Ахметова жазушының жақында шыққан «Parallel» романы жайында былай депті: «Роман шығады деген хабарды естіген күннен бастап Әлішерден жақсы шығарма күткенімді жасырмаймын. Осы болжам расқа айналса деп қатты үміттендім, тіпті сендім де. Сенімім алдамады. Дәл осындай шығарманы қазақ әдебиетінен әліге дейін оқымаппын. Бұл ойым арқылы Әлішер бірінші орында тұрған үздік автор дегелі отырған жоқпын. «Параллель» – махаббат туралы жақсы роман, нағыз әдебиет нарығына лайықталып жазылған шығарма. Автор өзінің көкейіндегі әрі оқырманға да қажетті, өтімді тақырыпты жазып, кітабы жақсы сатылып жатыр. Әлеуметтік желіден мұны жақсы байқап жатырмыз. Бұл бұқаралық әдебиеттің санатына да жатпайды. Қай жағынан алып қарағанда да сапасы жоғары шығарма».

Жазушы Әлішер Рахаттың Алматыдағы «Burshaq» баспасынан жақында жарық көрген жаңа романымен танысып шықтым. Тақырыбының өзі дәстүрлі қазақ прозасының қалыптасқан қағидаларына «қайшы» келетін «Parallel» романы шынында да оқырманды бейтаныс параллель әлемге жетелейді. Махаббат хикаясын баян еткен туындыны психологиялық роман деуге де келетіндей. Автор бастан-аяқ бас кейіпкердің ішкі арпалысы мен сана түкпірінде жасырын жатқан сезімдерін жеткізуге тырысады.

Пышақтың қырындай жұмсақ мұқабалы қырмызы кітап оқырман назарына бірден ілінетіні сөзсіз. Сырты сүйкімді кітаптың ішіне енгенде екі түрлі әлемге куә боласыз. Бірі өзіңізге жақсы таныс қала келбеті мен онда тіршілік кешіп жатқан жастар әлемі. Енді бірі жалғыз адамның ішіндегі ешкімге айта алмайтын өзіне тән жан әлемі. Сізге бейтаныс бөгде әлем. Роман көбіне бас кейіпкер Шоқан есімді жас жігіттің ішкі психологиялық жан күйзелісімен өрбиді. Әр адамның ішінде жеке бір әлем болады деген түсінік бар ғой. Бұл шығарма Шоқанның ішкі әлемін және онда болып жатқан арпалыстарды жеткізеді.

Еврейлер баласы ес біле бастағанда «бүкіл әлем сен үшін жаралған» деп құлағына құяды екен. Ал қазақы дүниетаным оған келіңкіремейді. Романнан соны байқаймыз. Ата-ана ықпалынан өмір бойы шыға алмайтын баланың психологиясында жара пайда болатынын көреміз. Бас кейіпкер Шоқан да сондай «жаралы» жан. Оның түпсанасында көптеген проблемалар шытынаған шыныдай жарылып, сыртқа шығып жатады. Әкесіздік, анасының алдындағы дәрменсіз күй мен достарынан өзін төмен санап, қор сезінуі оның өмір сүруіне – бақытты өмір сүруіне кедергі келтіре береді. Өлім туралы жиі ойлайтыны да содан. Ол реалды әлемнен параллель әлемге өткісі келеді. Параллель әлем деп отырғаны – өлім. Романның басталған тұсы мен соңғы тараудың ақырғы парақшаларында осы ой айқындала түседі. Яғни бұнда психологиялық жан жарасы бар адам мына өмірде бақытты болуы мүмкін емес деген пессимистік сарын жатыр.

«Мәңгілікке өзіммен ала кетер нәзік жаным бұл қоғамға сығылысып, тұншығып барып, түсіме айналады да, жай табады, өлгенде. Тіршілігімде армандаған жанымның тыныштығына ақыры қол жеткіземін! Ал сол бір параллель әлемге ала кетер бір адамым болса, ол – Ая деп ойладым, неге екені. «Мынау жалған дүниеде маған шындықтың үнін естірткен махаббатым менің, біз ажал құшқан соң да, бірге боламыз!» деген бір ой лып етті».

Жиырмадан жаңа асқан жігіттің ойы оның жан әлеміндегі терең күйзелістің ізін паш етеді. Оның бұл әлемдегі өмірі бейнебір жасанды секілді. Өмірді сүріп жатқан өзі емес, Шоқанның көлеңкесі іспетті. Себебі қалауынан тыс, еріксіз сүрген сүреңсіз тіршілігінен жиренеді. Бәрі жасанды: анасының «асқан» махаббаты, қалыңдығы Мираға жасаған ұсынысы және достарымен қарым-қатынасы – бәрі де жасанды, өз еркінен тыс болып жатқан оқиға секілді. Ол жүрегінің қалауымен емес, жағдайаттармен ғана шешім шығарады. Өзінен не талап етілсе соны жасауға әбден үйренген. Мәселенің түп-тамыры анасының оған бала кезден жүргізген билігі мен ерте әкесіз қалуында жатқан шығар. Біреудің қас-қабағына қарап өз бақытын құрбандыққа шала салатын дәрменсіз күйі тым аянышты.

Роман бас кейіпкер Шоқанның жалға алған мотоциклмен келе жатып жол апатына түскен сәтімен басталады. Сол қас-қағым сәттегі кейіпкер ойы шығарма концепциясын көрсетер, бәлкім. Бас кейіпкер өмірдің мәнін махаббаттан іздейді. Махаббат ол үшін құтқарушы рөліне енеді. Яғни оның өлім алдында тек қана Ая есімді бойжеткенді ойлауы – осыған дейін сүрген өміріндегі ең маңызды фактор ретінде көрінген. Ғұмырының бірталай бөлігін бірге өткізген анасын, достары Диас пен Арсыланды емес, бертінде танысқан Аяны бірінші есіне алады. Ая ол үшін шынында да құтқарушы рөлінде көрініс тапқан. Өзі үшін сұрықсыз өмірінен жарық Нұрға жетелейтін құтқарушы рөлінде алға шығады. Мынадай алып жер бетінде өзін әлдеқашан жоғалтып алған, бәлкім, жігіттік жасқа дейін өз-өзін таба алмай келе жатқан Шоқан Ая есімді қыздан бақытын іздейді. Өмір бойы жетіспеген махаббатты, жылулықты содан алғысы келеді. Өзін ылғи да достарының алдында қор сезінетін ол ешкімге айтпаған сырын да алғаш рет Аяға ақтарылады. «– Папасы бар адамдар, алаңсыз келеді, – дедім сыбырлай, бірақ жылап қалатын секілді үрейленемін, неге екені. Сан мыңдаған ойларымның ішінен осы біреуін, өшіп, жолда қалған көлікке ұқсайтын ойымды, артынан итеріп, қиналып айтып жатырмын. – Арсылан мен Диасқа қарап тұрамын да, біртүрлі қызғанамын ба, қызығамын ба... Байқайсың ба, екеуі бейқам ғой, – дегенімде оларға тамсанған бір нотаның бояуы байқалды. Әлгі итерген көлік-ойым күш алып кеп, оталып кеткендей, заулай жөнелсін. – Екеуінің алдында өзімді жаман сезінемін. Олар білмейді соны».

Шоқанның әкесіздігі, достарының алдында дәрменсіздігі, анасының көңілін ауыртып алам ба деп алаңдай беретін жалтақтығы оның бақытты болуына ылғи да кедергі жасай береді. Тек Аяның жанында ғана өзінің қайғысын ұмытқандай бақытты күй кешеді. Оның жанын тек Ая ғана түсінетіндей. Оған сырын жайып салуға жасқанбайды.

Шоқанның өлім жайлы ойы негізінде өзіне жасалған психологиялық қысымнан туған шығар, бәлкім. Ол өзіне ең жақын анасының қысымынан шыға алмай, бақытсыздық жолын таңдайды. Мамандықты да, жарды да анасының ыңғайына қарай икемдейді. Қалыңдығы Мираны анасы ұнатпағанымен, Шоқан үшін ол шешесіне «ыңғайлы» келін. Бақытсыз боларын біле тұрып, еріксіз шешімдерге ұрына береді.

Шоқан идеал кейіпкер емес. Әдетте көп шығармада бас кейіпкерлер идеалданған болып шығады. Ал «Parallel» шығармасындағы Шоқан болмысы идеалдан алшақ. Автор бас кейіпкердің бойындағы кемшіліктерді ашық көрсеткен. Романда өрбитін оқиғалар сырты бүтін болғанымен, іші үңірейіп бос жатқан кейіпкердің өмірден мән таба алмаған жанайқайы секілді. Шоқанның дүние туралы көзқарасы мен О дүние жайлы ойы оның болмысын паш етеді. Үйілген шөмеледей жүрегіне жиналған қоқысты төгіп тастағысы келеді. Әйтсе де, оның санасына бала жастан сіңірген тұманды ойлары бұған жол бермейді. Жаны қиналып, азапталғанда О дүние жайындағы қиялға ерік береді. Өзін ешкімге қажетсіз сезінген ол өз ішінде өлген кездегі халін және сондағы «мәртебесін» сырттан бақылап көргісі келеді. Өлім жайында ойлап тұрып, шешесінің жылап жатқан күйін көз алдына елестетуі де аянышты.

Шоқанның сүйіктісі Аяның болмысы толық ашылмай қалғандай көрінді. Шоқан түсінігінде Ая тазалықтың, пәктіктің символы. Романдағы Аяның әрекеті оған қарама-қайшы. Ол Шоқанның құшағында жатып бұрынғы сүйіктісін ойлайды. Өзінің не қалайтынын білмейді. Тазалық дегенге әркімнің өз көзқарасы бар шығар. Бірақ, әуелден келе жатқан қағида бойынша алғанда, ең бірінші тазалық – жан тазалығы, ал одан кейін тән тазалығы. Жан тазалығының ішіне ой тазалығы да кіреді. Адам бойындағы тазалық осы екеуімен өлшенеді. Егер адамда екуінің бірі бұзылса не болуы мүмкін?.. Діни түсініктерде адамның бақытсыздығы оның арқалап жүрген күнәларының салмағына байланысты деген де пайым бар. Романдағы Шоқан мен Ая өз бақытсыздығын айта бергісі келеді. Отбасындағы жеке «қасіреттері» оларға бақытты болуға мұрша бермейді. Десе де, әр адам тумысынан жеке индивид десек, оған ата-ананың ықпалы күшті болуы заңды дегенмен де есейіп ес білгенде жолды өзі таңдау мүмкіндігі бар. Бәріне берілген мүмкіндік – ерік жолайрығы. Шоқан да, Ая да сол жолайрыққа келгенде бірдей жолды таңдайды. Бақытсыздық жолын. Шоқан Аяны жақсы көрсе де соңында Мираға ұсыныс жасайды. Өз қалауынан тыс. «Қалыңдығым менен шын ғашық екенімді көрсетуімді, айтуымды өтінеді, аянышты жүзбен. Оның аңқылдаған бала бейнесі... Жылу көрмеген сәбидей жаутаңдап... «Сен бақытты болшы, ботам деймін ішімнен, бірақ айтуға тілім келмей...». Шоқан өзі бақытсыз бола тұра біреуді бақытты еткісі келеді. Бірақ ол мүмкін бе?.. Өзінде жоқ нәрсені адам басқаға бере ала ма? Жалпы романның түсініксіз тұсы да осы. Шешімді автор, бәлкім, оқырманға қалдырған шығар. Кейіпкерлер әрекетінен әркім өзінше түйін жасар.

Автор бас кейіпкердің ішкі сезімін жақсы ашқан. Сенімді. Шоқанның жан әлемі жайылған дастарқандай бәріне анық көрінеді. Ал дастарқаннан әркім тәтті тағам жегісі келетіні заңдылық. Шоқанның дастарқаны мол да емес, жұпыны да емес, орташа деуге келетін шығар. Ол ішіндегі бос кеңістікті махаббатпен толтырғысы келеді. Бірақ оған үнемі махаббат жетіспейді. Сол үшін басқаларға да өз махаббатын көрсете бермейді. Аяның оған ренжитіні де содан. Шоқан өз анасына, достарына да ашылып сырын айтпайды. Аяға ғана ашылған. Бірақ соңында сыр ашқанына өкінеді. Бас кейіпкер бойындағы адамдарға деген сенімсіздік қайдан пайда болды? Анасының өзіне жасай беретін рухани қысымынан ба әлде әкесі ерте дүние салып, тұл жетімдіктің қамытын кигенінен бе? Бұл жағы да автордың оқырманға қалдырған сұрағы сияқты көрінеді.

Романның тілі қарапайым. Жұтаң деп айтуға келмейді, бірақ көркемдік те аздау. Автор бар назарын кейіпкерлердің ішкі әлемін суреттеуге салған сияқты. Автордың кейбір теңеулері сәтті шыққан. Аяның жанарын біресе жасыл, біресе қоңыр деп сипаттауы қызық. Жасыл жанар – символ. Шоқанның Аядан ғана көрген, өз бойында жоқ мінездің символы. Аяның жасыл жанарына қарағанда Шоқан ұстамдылық пен алапат күшті сезінеді. Содан ерекше әсер алады. Десе де, романды оқып отырып күмәнді тұстарын байқауға болады. Мысалы, Ая мен Шоқан бірін-бірі сүйе ме деген сұрақ туады. Екеуі де шешімдеріне күмәнданатын сияқты. Аяның алғашқы махаббаты Алмасты ойлай беретіні, одан кейінгі Шоқанның Мираға жасаған ұсынысы, жол апатына түскен сәтте қалыңдығын емес, Аяны ойлауы біртүрлі қызық. Кейіпкерлер мінезінде тұрақсыздық басым. «Ол маған бұрылды да, шаттана жымиды. Оның жүзінде біздің әлі бақытты бола алатынымызға деген сенім тіріліп... Әрі, бет-әлпетіне жылу кіріп, көздеріне «күн» ұялап, «оянды». Мені сүйетін Мира – осы еді. Сонда барып, ішімнен әлдене қылп етті, бақыт тамшысы тамғандай. Мираның қарапайым жымиғаны маған осыншама қуаныш сыйлайтыны – ойыма кіріп те шықпапты. Біз өте қиын ситуацияда тұрсақ та, ол мені таңдағанын осы бір-ақ сәтте ұқтым, әрі кеудемді қуаныш кернеп... Бүкіл тіршілігімде Мирадан басқа ешкімді сүймегендей, елпілдеп барамын...». Шоқан қалыңдығы Мираны сүйетін сияқты, бірақ Аяны одан қаттырақ жақсы көреді. Ал Ая болса өмірін Шоқанға сеніп тапсырғысы келеді, десе де алғашқы махаббатына деген сезімі одан жоғары. Өз-өздерімен арпалысып жатқан кейіпкерлер.

Параллель әлем Шоқанның өзі армандаған өмірінің символындай. Бас кейіпкер қиялында параллель әлемге өтіп, сүйіктісі Аямен бақытты болуды армандайды. Роман басындағы Шоқан мен соңындағы Шоқанның ойы бір нәрсеге тұрақтаған. Ол Аямен қосылу және онымен мәңгі бірге болу. Бірақ ол бұл өмірде мүмкін еместей. Ішкі рухани күйзелістен шыға алмай, бас кейіпкер реалды өмірді тәркі етіп, параллель әлемнің қақпасы ашылғанын күтіп ғұмыр өткізу жолын таңдайды. Өзгелерді «бақытты» ету арқылы өзін бақытсыздыққа жегу қаншалықты дұрыс, оқырман?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар