Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Поэзия ғаламшары немесе Әсел Кәрібай өлеңдерінің ...

19.05.2022 3538

Поэзия ғаламшары немесе Әсел Кәрібай өлеңдерінің өзгеше өрнегі 12+

Поэзия ғаламшары  немесе Әсел Кәрібай өлеңдерінің өзгеше өрнегі  - adebiportal.kz

Жас ақын Әсел Кәрібай есімі қазіргі поэзия әлеміне жақын таныс. Өз шығармашылығы жөнінде қойылған сауалға ақын қыз былайша жауап береді: «Өлең қалай жазылады деген сұраққа жауап табуға тырысамын. Ол әркімде әрқалай. Ал менде әуелі ешқандай жол, сөз, буын, тармақ келмей тұрып, бірінші атмосферасы келетін сияқты. Бірінші сол өлеңнің атмосферасында өзімді сезінемін. Өзіме түсініксіз кеңістікте жүрген сияқты боламын. Оның қай қала, қай әлем екенін білмеймін. Содан кейін сол атмосферадағы сезімді беруге тырысқандықтан жазатын дүниелер туатын сияқты болып көрінеді. Біреуге түсіндіруге тырыссам үнемі түсініксіз сөздердің тізбегі шығады». Ал ақын Тұрсынбек Башар болса Әсел Кәрібай шығармашылығы жайлы: «Мен бұл қыз туралы ойланғанда, үнемі Алматының қарлы көшелеріне терезе артынан мұңайып қарап, өлең жазып отырған қалпын елестетем. Жүрегін шаң баспаған, көңіліне кір жұқпаған қаршадай қыз өлең отауына әдебиет табалдырығынан имене аттап кіріп келеді. Өзі кісікиіктеу, шақырған жерге келмейді, әдеби ортадан алыс жүреді. Өлеңдері көңіліңе көктен қалықтай кеп еріп кететін, бойға қуат, жүрегіңе жылу сыйлайтын жылы қар секілді. Тымық түннің кешінде қалықтап қар жауған бақ ішінде серуендеген кезіңіз есіңізде ме?! Көктен қалықтаған көбелек қарды көріп, өзіңізді басқа бір әлемде жүргендей сезінесіз... Ендеше, Әселдің өлеңдерін оқу арқылы сол сезіммен, сол күймен, сол мұңмен тағы бір қауышасыз» депті.

Поэзия – нәзіктік. Скрипканың сиқырлы сазы мен пианино ноталарынан төгілген тылсым күй. Ішкі жан әлеміңнің қылын шертетін домбыра үні мен қобыздың сарнаған дауысы. Қуаныш пен қайғыны ұқтыратын өзгеше тіл – поэзия тілі болса керек. Әдеби кеңістікке нәзік те сыршыл жырларымен қадам басқан жас ақын Әсел Кәрібай шығармашылығына бейіл қойғанда өзгеше бір сезімге бөленеріңіз анық. Өлеңдерін оқыған сәтте Алматының ақ жауыны секілді бөлекше сезім төбеңізден себелеп тұрғандай сезінесіз. Табиғатпен етене жаратылған адам жанының ішкі қабатына бойлап, өзіңізге таныс та бейтаныс әлемге тап болғаныңызды байқайсыз.

«біз неге Ғарышты аңсаймыз?

кеткіміз келіп асығып.

жанарымыздан жұлдыздар ағып,

ай жүзімізді түнгі ызғар қарып,

алданыш болар мас үміт.

Жерді əлде жатсындық па екен?..» – дейді Әсел.

«escapism» атты өлеңінен ақын табиғатын танисыз. Бұл сөздің қазақша баламасы кітап оқу арқылы мағынасыз өмірден қашып, өзге әлемге, басқа кеңістікке кету дегенді білдіреді екен. Мейірімсіз ортадан бөлініп шығып, ақын өзге кеңістікке өткісі келеді. Бір сәттік сезімнен алған әсердің өзін әдемі жеткізеді. Теңеулері де өзгеше:

«...шаң басқан миың түшкіртер,

көнерер көзің,

кезеріп ернің кетеді,

жасың да құрғап,

етіңді сылып алғандай мүжіліп төзім,

Ғарышқа кеткің келеді

бір уақ».

Ақынның Ғарышты неліктен аңсайтынын түсінген боларсыз. Бәлкім, сіздің де кей кездері өзге ғаламшарға кеткіңіз келетін шығар. Жер бетін тастап, басқа бір жаққа қашқыңыз келер. Анығы Жерден емес, ондағы кірлеген көңілдерден. Әсел ақынның да жырынан осыны аңғарамыз.

Поэзияны айшықтайтын – оның тілі. Әсел поэзиясының тілі заманауи өрнектерге бай. Мейлінше қарапайым тілмен көркем теңеулерді әсершіл қолдана біледі.

«Гүлге сəлемімді жеткіз,

Құсқа сəлемімді жеткіз,

Көктем!

Мен осы ескі жұртты қыстап қалайын.

қоржынымда:

мұқабасын шаң басқан – Жюль Верн,

парақтары сарғайған – Мағауин...».

Осы өлеңді оқып отырып, көз алдыңызға қолындағы кітапқа үңіле қараған қыз елестейді. Дүние тіршілігін ұмытып, өнер кеңістігінде жүрген бейнені көз алдыңызға келтіресіз. Көңіл күйді теңеулер арқылы шебер жеткізеді. Поэзияның бекзат өнер екенін осыдан-ақ аңғара түсесіз. Аз ғана сөзге көп ойды сыйдырып жіберуге болады екен.

«кеудеме көк сеңгір тауларды көшіріп,

көзіме көк барқыт теңізді көшіріп,

басымнан қарағай өсіп шығардай,

ернімнен бөртегүл өсіп шығардай –

өзім-ақ Көктемге айналармын.

Табиғатқа айналармын...» – деп жалғастырады ақын. Сурет өнерінде бояулардың реңкінен оның құндылығын аңғарасыз. Бұл жырда да сондай бір күй сезіледі. Бояуы қанық, сәулелі сөздер жан әлеміңізге көктемді алып келеді. Табиғатпен тұтасқан адам жанының қатпарларына саяхат жасайсыз. Сізге таныс та бейтаныс әлемнің ғажайыптарына куә боласыз.

Әсел ақын ішкі сезімдерін табиғатпен астастыра суреттеуге құмар. Жыл мезгілдері көңіл күйінің ауанын ұқтыратындай. Әсіресе көктем мен күзді қаламына жиі арқау етеді. Өз көңілінің күйін жыл мезгілімен ұштастыра суреттеп жеткізеді.

«...Көз жанарың талды ма Ай күзетіп?

айғыз бетін ақтадым қайғы жетіп.

сеніменен танысқан қай Күз еді?

сені менен айырған қай Күз еді?

Екеумізді сынайтын сықылды Күз,

Жалғыздыққа жабырқау жұтылдым жүз.

Батыс жаққа кетіп ең...

жол қарайлап,

Біз Алматы екеуміз күтіп жүрміз...

қашан келесің?» – дейді ақын.

Бұл жырдың аты да қызық. «Хатико» синдромы» деп аталады. «Көз жанарың талды ма Ай күзетіп», «Біз Алматы екеуміз күтіп жүрміз» деген жолдар әсерлі шыққан. Жалғыздық пен сағынышты астарлап әдемі жеткізеді. Сағыныш пен мұңның түсі – сары. Ақындардың көбі сарғайған сағынышын күз мезгілімен байланыстырады.

Әсел жырларының формасы – еркін. Стильдік жаңашылдық бірден көзге ұрады. Өзіне тән өрнек тапқан ақын деуге болады.

«Жайлы маусым қаласы:

ескі үйлер,

ескі жолдар,

бəрі ескі,

(о, ескіні сүйемін.)

жылдарым да,

күндерім де көмескі.

кітап-мұңым киелі...» – дейді ақын.

Осы жырды оқығанда ретро стиліндегі әндер ойға келеді. Қанша уақыт өтсе де әрін жоғалтпаған көне қала бейнесі елестейді. Өткен күндер ескі таспадағы фильм секілді көз алдыңыздан өтіп жатады.

«...театрлар да,

вокзалдар да,

үйлер де

жүз ғасырға кешіккен бе?

қалай жылдам ескірген?

аңсаған ба?

сағынған ба?

сүйген бе?

қаңғып жүрген көлеңкемнің ессіз күйін кештім мен...» – дейді ақын.

Сағыныш пен жалғыздық сезімін ақын өнер тілімен жеткізеді. Ескі деп отырғанның ар жағында бағалы құндылықтардың барын меңзейді. Шынында да, ескі деп отырған заттар естеліктерді жадқа салатыны рас. Өткен күннің бейнесін санаңда жандандыратындай. Еуропада да солай ғой. Заттар көмескіленген сайын құндылығы арта түседі. Ғасырлар куәсі болған алып ғимараттардан дәуір үнін естисің.

Әсел ақын өлеңдерінен сыршыл бояуларды жиі кездестіресіз. Жаны нәзік ақынның жырлары да нәзік әрі сезімге бай. Теңеулері әсерлі.

«Қанатым өсіп арқамнан,

Көктемге малып қауырсынымды

ұшып барамын...

ең нəзік гүлдің жұпары аңқиды жанымнан,

ең ғажап таңның сəулесі ойнайды көзімде...» – дейді ақын.

Ол өзін періштеге теңемейді. Сонда да сіз бұл жолдарды оқығанда пенделіктен тыс әуенді естігендей күй кешуіңіз мүмкін. Қайталап оқып көріңіз:

«...инеліктің түссіз қанатына жасыл бояу жұқтырып –

жүрегімді жасырдым.

мамыргүлдің бүршік жарған мезетіне ақ байлап –

арманымды жасырдым.

самғап келемін,

самғап келемін,

ақшулан бұлттар – ақ көрпе,

ақкербез таулар – ақ бесік.

...аңсадым ба екен Тəңіріме жетер сəтті ерте,

аңдаусыз шақта арқамнан қанат кетті өсіп...».

«Ақын неден шабыт алды екен?» деп ойлауыңыз мүмкін. Бәлкім, ақша бұлттан шабыттанған шығар. Әйтеуір сізді де өзімен бірге самғауға шақыратындай. Тек артынан ілессеңіз болғаны. «Инеліктің түссіз қанаты» дегенді көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Тосын теңеу, сыршыл сөздерден жаныңыз жадырай түседі.

«...күңгіртте – жарық,

түнекте – шырақ

серігім болып өлеңім,

данышпан шалдар айтпаған,

қалың томдардан таппаған,

Ақиқатымды іздеп келемін...» – деп қорытады осы өлеңнің соңын. Ақиқатқа жету үшін, бәлкім, пенделік ойларды жерде қалдырып, аспанды армандау керек шығар. Әселдің поэзия әлеміне бүкіл болмысымен сіңіп кеткенін аңғару қиын емес. Ақын өз ақиқатын табу үшін ғарышқа сапар шегуге дайын. Қиял әлеміне еніп, кеңістігін кеңейте түседі. Жыр жауһарының мөлдір бөлшектерін құрастыруға шебер.

Ақын поэзиясының тағы да бір ерекшелігі – оның сурет өнеріне жақын табиғаты. «Сөзбен салған сурет» деген теңеуді қолдануға болатын шығар. «Тәңірінің галереясы» атты өлеңінде Әсел ақын былай дейді:

«түнекте тығылып гүл атар мәңгі мұң,

түнекте тығылып гүл атар мәңгі мұң.

Жарықтың жамалынан Өлең қымсынып,

Мунктың Айқайынан денем түршігіп,

Куинджидің Айлы түнінде қаңғыдым.

кенет...

Джоконданың күлкісі

талып жетті Луврдан

астаң-кестең дүниені арылтып

өсектен,

күбірден,

сыбырдан.

Биялай киген бозбала отыр,

Тицианның барлық бояуын жұтып,

ғазалын кім бар ұғынған?..».

Алыстағы Луврға саяхаттамай-ақ, ондағы ғажайып картиналарды көз алдыңызға елестеткендей боласыз. Мунктың әлемге айқын туындысы кенет сізге де айғайлап, бір нәрсені ұқтырғысы келетіндей күй кешесіз. Сол сәтте жаныңызды тыныштандыру үшін қарсы алдыңызда Леонардо да Винчидің «Моно Лизасы» күліп тұрады. Өнердің өзгеше әлеміне сіз де еніп кетесіз. Сөз өнерінің қасиеті де осында жатса керек. Өзің ұғынған нәрсені өзінше баяндау. Әлемдегі ең көркем картиналарды бір сәт көңіл көзіңізден өткізгендей боласыз. Ақын өлеңнің соңын былайша аяқтайды:

«...Сабағынан жел үзіп,

дәндері шашылған Даланың гүлі

дәрменсіз хәлін аһ ұрып менен сұрады.

жұбата алмаған сөздерім ғана кінәлі!

жылай алмаған көздерім ғана күнәлі!

кірпігім қақсам төгілердей боп тұрады,

Айвазян Теңізі...».

Көз алдыңызда тұтас бір картина қалыптасқандай. Сөзбен сызылған алып картина. Айвазовскийдің атақты теңізінде кемемен жүзіп жүргендей ғажайып күйге бөленесіз. Бір кеңістіктен екінші кеңістікке өткендей боласыз.

Әсел жырлары дәстүрлі қазақ поэзиясынан өзгерек, өзіне тән жаңашылдығымен ерекшеленеді. Ұйқастары да басқаша, қалыптасқан ережелерден тыс. Бас әріптен гөрі кіші әріптер басым. Мысалы, «maktub» өлеңінде мынадай жолдар бар:

«кітаптың ішіне сақтаған

гүлдеріңді өртедім.

жастықтың астына жасырған

хаттарыңды өртедім.

ендігі,

жаураған көшенің шамдарын жылытар қауқарым болмай,

жалғыздығыма тығылам.

қағазды айғыздап мөлдірім

жазғым келеді.

(жазу ішінде ғұмыр бар.)

шерін ішіп шексіздіктің отқа сіңдім мен бүгін.

обал ма?

көктемімді іздедім мен тоналған.

сəттерімді сағындым мен жоғалған...».

Ішкі сезімдерді жеткізген теңеулері өзгеше өрнекпен ақын көңіл күйін паш етеді. Өлең өлкесіне кірген адам оның қасіретін де шегетіні анық. Жазудың өзі, бір жағынан, жан азабы. Санаңда қалыптасқан картина, ойыңа келіп тұрған сөздер діңкеңді құрытып, жазбасыңа қоймайды. Жазған соң алдыңнан басқа бір әлем, өзің жасаған кеңістік шығады. Бұл ғаламды ойша тастап, сол әлемге кіруің керек. Ал ол оңай болмаса керек.

«...қартайған құстың қанаты сипап кеудеден,

Тəңірге деген тəубемен:

маған жазған өлеңіңнен дерттендім.

саған жазған өлеңімнен дерттендің.

...Ай қозғалып кетсе, мейлі,

айнымас,

қалай ғана тайдық екен серттен бұл?» – дейді ақын.

Сыршыл лиризммен жан әлемінің қатпарларындағы сырды жеткізеді. Бейнелі теңеулері оқырманды өзіне баурап, ерекше көңіл күй сыйлайды.

Әсел өлеңдерінен сезім мен ой ұштастығын байқайсыз. Өзге ақындардай, Әсел де өмір мен өлім мәнін ашқысы келеді.

«Арман етіп айтады Өмір нені?

Парасатсыз пенделік – төңірегі.

Өлең болып оқылған ғасырларды,

Өлім көміп тастайтын көрінеді» – дейді ақын.

Ақын өлеңдерінен тірі табиғатпен үйлесімді теңеулерді жиі ұшырастырасыз. Өмірді өзінше өрнекпен түсіндіруге тырысады.

«Құстардың көз жасын құтыға құйып ап

жол кезген бейбақтай,

Жарымжан көңілін жерлемек ниетте

көр қазған бейбақтай,

О, менің тəуелсіз Көлеңкем!

бір сезім əуеге көтерген құстай боп,

бір қиял бітірген қанатты ұштай кеп,

соңында:

Өмір деп ұққаным – түстей боп...

сəулелі мекенді бетке алып

кетермін мен ертең...» – дейді ақын.

«Мен ішпеген у бар ма» демекші, поэзия ғаламшары қаншалық сұлу да сырлы көрінгенімен, оның ішінде ақындар тартатын мұң басым. Сол мұңнан шайырлар атаулы шер тарта жүріп, шексіз кеңістікке бет алатын сияқты. Әселдің кеңістігі де сондай ауқымды болып көрінеді. Ол жерден әркім өзіне керегін табар. Біреу мұңын танып, көз жасын сығып алса, енді біреу өз арманын көріп көңілі марқаяр. Әсел жырларында тәтті мұңнан гөрі сыршыл да сырлы сезімдер басым. Жаныңды жақсылыққа бөлеп, жанарыңа жып-жылы жарық сыйлайтын, жүрегіңе сөз өнерінің сәулесін түсіретін өлеңдер адамды ізгілік әлеміне шақырады. Тек сіз артынан ілессеңіз болғаны...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар