(Әңгіме)
Ауырухана іші адамға толы. Ерсілі-қарсылы, оңды-солды сапырылысқан жандар. Біреу келеді, біреу кетеді . Қолдарында бір-бір қағаз. Біреу басын ұстап, бірі жағын ұстап, кейбірі қос қолын кеудеге басып, енді біреулері көтерем малша қадамын санап басады.
Біз ер-әйелі аралас бір қанша адамбыз. Құлақ дәрігеріне кезек күтіп отырмыз. Бәріміздің де жас шамамыз шамалас. Ары кетсе бес жас, әйтпесе, тура түйдей құрдастармыз. Ауыруханада кезекте емес, бейне бір студияда «Мүмкін емес», «Айтуға оңай...» бағдарламаларының бірінде отырғандай-ақ дөңгеленіп жайғасыппыз. Қабырғада үлкен экран. Қанша адам кіріп кетті?! Кімдер болды, кімдер кіреді, кімдер кіруге тиіс, кім-кімнен кейін кіреді, бәрі көрсетіліп тұр. Тура менің қасымда, орта бойлы келген, толықтау қара жігіт екі қолды екі жаққа сілтеп тастап әңгіме айтып отыр. Көзі ашық, көкірегі ояу адамның бірі екені даусыз. Бірақ кеудесі толған өкінiш сияқты. Тағдырдың дұрыс жолын танып, жаңа көзі шалған бір жан. Бір әңгімесінде өткенде жаңа жылды қалай қарсы алғанын, осы келген 2029 жыл қандай жыл болатыны жайлы айтып өтті. Енді бірде бәріміздің келіп отырған шаруамыз - құлағымыздың неге естімейтініне көшті. Әркім өз-өз себептерін айтты. Айналып келіп барлығымыздың себебіміз бір арнаға тоғысты.
- Барлығымыздың құлағымызды құртқан – музыка! - деп жалғады әңгімесін қара жігіт. Дауысы аурухананы жаңғыртады. Соның өзін әрең естіп отырмыз. Қара жігіт таудың басында, біз етегіндегі адамдардаймыз. Ұқпай қалған сөзімізді үш қайта сұраймыз. Қасымыздан өтіп жатқан адамдардың жастары күледі, кәрілері бастарын шайқайды. Енді бірі басу айтпақ болып, тыныштық деп қалса болды, біздің жолдастар біріккен хормен қатты үн қата "ә-әу?" дейді. Анау мылтық дауысын естіген қасқырша жоқ болады.
- Күні кешеге дейін - он жасымнан бастап құлағымнан нәуішнік үзбедім. Үйде жүрсем де, автобуста жүрсем де, сабақта отырсам да, көшеде болсам да бір сәт менің құлағымнан қалған жоқ. Тек сабақ арасында біраз уақыттарда болмаса, ұйқыдан басқа уақыттарда өзімнен қалмайтын, көлеңкемдей еріп жүретін серігім болды. Тіпті соның себебінен болып, талай бейуазды түрмеге тоғыта жаздадым. Техника теміріне ілінген күндерім де жоқ емес. Қайран жастық шақ-ай, мастық шақ...
- Бәріміз де солай болғамыз, - деп жалғады әңгімесін тағы біреуі. - Мен жатып алып музыка тыңдағанда сыртына шыққан дыбысынан бір үйлі жанның мазасы кетіп, ұйықтай алмайтын, - деп ыржиып кеп күлді. Кенет күлкісін кілт тоқтатып, қасқа басын қасып-қасып жіберіп, есептей жөнелді. Күніне жиырма төрт сағаттың сегізі ұйқы, сегізі түнгісі бар, түскі ас бар, сабақ, екі сағат тамақ пен ұсақ тірлік, қалған алтауы музыка тыңдадым. Ал ата-ана ақылын күніне алты минут тыңдаған күндерім сирек, - деп келіп, төмен қарап үнсіз қалды.
Әлден уақытта үзілген сөзді жалғап, енді бір әйел сол құлағынан аққан құлықты сүртіп-сүртіп қойып, мұңайған бейнемен өз өкінішін айта бастады.
- Қайран текке кеткен уақыт,ойланбай өткен өмір. Біз аз уақыт шыға қалса өзімізді сергіту үшін музыка тыңдаушы едік. Оның да баяны жоқ екен ғой. Шетел музыкаларын бір кісідей тыңдаушы едім. Мен тыңдамаған музыка кемде-кем шығар. Бәрі-бәрі жалған екен ғой. Әттең, уақытымды басқа іске пайдалансамшы. Өзіме нан, ұрпаққа тәрбие болатындай... - деп кейіді. Көзінен моншақтай-моншақтай екі-үш тамшы қолына домалап кетті. - Мына түрімізбен бізде не дұрыс құлақ, не дұрыс ми да қалған жоқ шығар ұрпаққа тәрбие беретіндей... – деді де, көзін сүртті.
Қара жігіт қайта әңгімені жалғап:
- Жә, жә, өкінбе! ...Бірақ, өкінбеске де болмайды. Амал не, шіркін?! Орны толмас ор қазыппыз ғой. «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді білеміз, бірақ қолдана алмаймыз. Бізді де біреулер ақыл-есті адам дейді-ау. Ақыл-естілігіміз сол ма, өзімізді-өзіміз қалай сақтайтынымыз жайлы білмедік. Денсаулығымыздың қадірін ауырғанда бір-ақ білдік, ауырмауға тырысқанның орынына. Не келмейді? Қайта айналып уақыт келмейді. Бірақ әлі де кеш емес, өз басымыздағыны өзгеге келтірмейік! Білімді де білікті ұл-қыз тәрбиелейік! Жә, жә, қойыңдар енді, қалың саңыраулар! - деп сақ-сақ күлді.
Бәрі құлақтарын ұстады. Мен де құлағымды ұстап, оянып кеттім...
Оянсам, құлағым қайырылып қалған екен.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.