«Қорлан» әнінің шерлі әуенімен қоса ерекше формасына таңданып, қызыға тыңдайтын музыкатанушылар мен композиторлар, кәсіби әншілер аз емес. «Қорлан» дала әншілігінің ең кемел туындысы десе де болады. Естай бозбала шағында Ақан серіге бір жыл, Біржан салға үш ай еріп ән үйренген екен. Естай өзінің соңғы әнінде «Біржан сал, Ақан сері соңына ердік» дейді. Осы күнге дейін Естай жайында жазылған деректер де бұл сөзімізді растайды. Ән үйренді, әншілігін шыңдады, болашақта ән шығаратынын бәлкім білмеген болар, қазақ әнінің қос алыбына шәкірт болғаны рас. Ол үлгі біз сөз қылып отырған «Қорлан» әнінен анық байқалады. «Бір мысқал» атты еңбегімде «Қорлан» әні жайында былай деппіз: «Қорлан» тумысы бөлек жанның бітімі бөлек туындысы, қазақ әнінің көкжиегін кеңейтіп поэма деңгейіне көтерген шығарма. Композициясы қазақ әндерінің көне үлгісінен бөлек. Әннің бір тональностен екінші тональноске уақытша көшетін тұсы бар. Бірінші шумақ қайырмаға ұласады, қайырма әдеттегі ән қайырмасының шарттарын толық бұзып, қайырма мен шумақ араласып кеткендей өзгеше форма құрайды».
Дәл осы ән қайырмасының ерекшелігіне осы күнге дейін де ойланып жүруші едік. Байқасақ Біржан салдың «Жан баспас» әнінің де қайырмасы өзгеше пішінде шыққан екен. «Қара көзің сүзіліп,
Қынай белің үзіліп.
Сіз, біз деген отыз тіс,
Меруерттей тізіліп» деп ойнақы әуенді аяқтай салса да болар еді. Бірақ Біржан сал ащы айғайға басып әнге кульминация жасап:
«А-ай, Қаракөз,
Жүре алмадым той тойлап,
Жата алмадым ой ойлап,
Санаменен сарғайдым,
Сағындым, қалқам, сені ойлап» деп домбыраның бас буынына түсіп, қоңырлатады. Осы жерден де ән қайырмасын үзуге болар ма еді, Біржан сал бұған да қанағаттанбайды, ән қайырмасының үшінші бөлімін жасайды да қайырманы түйіндейді:
«Кетейін деп аттанып,
Отыр едім баптанып.
Ақ жүзіңді көргенде,
Қайттым, сәулем, шаттанып» дейді. Осы әннің «Жан баспас» атауының өзінде де ерекше мән бар сияқты. Бәлкім, «жан баспас» жаңа пішін, соны форма деген сөздің ескіше баламасы ма екен? Естайдың «Бас Қорлан» немесе «Қорланның» бірінші түрінің қайырмасы да үш бөлімнен тұрады. Бірақ «Қорлан» әнінің әуені мүлде өзгеше. «Қорлан» «Жан баспас» әндерін салыстырып қарастыру музыкатанушылар еншісінде қалар. Осы екі ән арқылы ұстаз бен шәкірттің арасындағы шығармашылық тамырластықты ғана сөз етіп отырмыз.
Жаратушы елден ерек талант берсе, оған қоса жақсы үлгі көрсе, шын бақытты өнерпаз сол.
Музыка сыны біздің елімізде дамыған болса өнер иесіне де, тыңдарманға да пайдасы тиер еді. Ол да ағартушылықтың бір түрі ғой. Сын дамымағаннан кейін артық мақтан, толассыз таңданыс белең алды. Кейде керісінше шын таланттың жағасынан алып жататындар да бар.
Әншілеріміз жайында мақалаларды көзіміз шалып қалатыны рас. Бірақ ол материалдардан әншінің тембріне, дауыс регистріне, вокалдік техникасына, әншілік мектебіне, әнді сүйемелдеу шеберлігіне, репертуардың сапасына, ән табиғатын тап басып тануына қатысты (трактовка жасаса оны дәлелдеп) әңгіме аз болады да, есесіне өнерпаздың өмірде көрген қасірет-қайғысын, теперішін көбірек қопсытатынын байқап қаламыз.
Бұл мақала Ақкөл-Жайылма әншілік мектебінің өкілі Ербол Айтбаев жайында болмақ. Ербол – ҚР халық әртісі Қайрат Байбосыновтың шәкірті. Байбосыновқа көшірме жасау сәнге айналған шақта әншілікке өз демімен келген жас өрен.
Әйгілі ақын-композитор Естай әнімен тербеген Ақкөл топырағы Ерболдың әншілігінің жетесі (іргетас деген мағынада) болды. Ербол Естайдың өзіндей болмаса да әнші ауылдың ұланы дейтіндей бірлі жарым өнерпаздарды бала күнінен тыңдап өсті. Олардың ішінде қисса айтатындары да бар тұғын. Әнді әдеппен салушы еді. Әсіресе Кәкен нағашысы мен Ырысты апасының өнерпаздығы ерен болды. Кәкен нағашысы әнді көркем салатын, домбыраны да кербез тартатын. Ырысты апасының сексеннің сеңгіріне шыққанша даусының қарымы қайтпады. «Жонып алдыны» қоңырлатып салғанда тыңдаушысы бір жасап қалатын. Төңірекке атағы жайылған қай өнерпаз болса да ән ұясынан түлеп ұшқаны сезіліп тұратын. Ауылдың ақсақалдарының айтуынша бұл елде ертеректе қиссашылар көп болған деседі. Жыраулар дәуірінің ізін басып сал-серілердің келгеніндей елдегі қиссашылық дәстүр Естайдан кейін өзгеше бағыт алған. Ол табиғи процесс пе, әлде шынында қалың елдің назары әнші Естайға ауып кетті ме, ол жағын тап басып айту қиын.
Ербол ұстазы Қ.Байбосыновтан кәсіби бағыт-бағдар алғаны айқын. Дей тұрғанмен Алматыға өнер іздеп барған бозбаланың бойында өзгеше әншіліктің өрнегі жатқан еді.
1996 жылы «Ғалымдар үйінде» ҚР халық әртісі Қайрат Байбосыновтың жеке концерті өтеді. Кешті белгілі композитор, зерттеуші Ілия Жақанов жүргізеді. Концертте Қайрекеңнің шәкірттері де ән салады. Алматы қаласы ол кезде тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы һәм өнер ордасы болатын. Алматының талғампаз тыңдарманының, бекзада көрерменінің қошеметіне бөленген өнерпаздың айы оңынан туып жататын. Сол кеште Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауының бас жүлдегері Қайрат Байбосыновтың төл шәкірті Ербол да өнер көрсетеді. Арықша келген қара торы жігітті Ілия Жақанов сахна төріне шақырады. Ербол Біржан салдың «Жалғыз арша» әнін шырқайды. Сілтідей тынып тыңдаған көрермен әншіні қолқалап сахнадан жібермейді. Ербол сахнаға қайта шығып Зілқараның «Жиырма бес» әнін салады. Жиырма екі жастағы жас жігіт «Тұйғын деп ұстағаным қарға шықты, Қарғаға пенде ғашық бола ма екен?!» деп күңіренгенде жастық шағын жоқтаған абыздың күрсінген образын тыңдаушының көз алдына әкеледі. Ән аяқталарда төменнен сатылап жоғары көтеріліп барып кері қайтатын әуезді түйіні бар. Реквиеміннің үзіндісі іспеттес осы бір тұсы тыңдаушысын теңселтіп жібереді. Жоғарғы, ортаңғы, төменгі үш регистрде де дауыс күші тең шығатын жас әнші киелі сахнаға «Басушы ем аяғымды генералдай» деп Естай атасы айтқандай нық сеніммен аттайды.
Ербол 1997 жылы Алматы консерваториясын тәмәмдап туған жеріне оралады. 1977 жылы Байғабыл Жылқыбаев өмірден өткеннен бері Кереку өңірі кәсіби әншілік дәстүрден қол үзіп қалған болатын. Ел назары орыс руханиятына бұрылған шақ еді. Ерболдың әншілік дарынын сезініп, түсінгендер аз болды. Облыс әкімі екі бөлмелі үй берді. Бірақ ұлттық музыка тұрмақ ана тілінен безінуге шақ қалған Кереку жұртшылығы Ерболдың қанатын қомдап қияға самғауына ырық берді деуге келмейтіндей еді. Көбінесе Ерболдың әншілік шеберлігін сырттан келген зиялы қауым арқылы естіп таң қалысып жататын. «Біздің Ербол «Жиырма бесті» жақсы айтады екен ғой, анау жазушы мақтап кетті» - дегендей сөздерді естіп қалатынбыз. Дегенмен Ерекең мойымады. Павлодар музыка колледжінен алғаш боп дәстүрлі ән мамандығын ашып жас жеткіншектерді тәрбиелеуге бел буды. Қазіргі Павлодар облыстық филармониясының әншілерінің бір қатары, Талдықорған филармониясының солисті Төлеутай Серіков сынды әншілер Ерболдың алғашқы шәкірттері. Ел ордасы Ақмолаға көшкеннен соң Ербол да 1999 жылы Астанаға жол тартты. Астананың мемлетекттік филормониясына жеке орындаушы (солист) боп еңбек жолын жалғады.
2002 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арынның арнайы шақыртуымен Павлодарға қайта қоныс аударды. Кез келген өнер адамын қолдайтын тұлғалар болады. Ақан сері, Біржан сал заманында қазақтың байлары өнер адамдарын қаншалықты қолдап-қошеметтегені жайында мәліметтер аз емес. Ерлан Арын ағамыз да Ертіс-Баян өңірінде бір кәсіби өнерпаздың болмауы елге сын деген оймен Ерболды қанатының астына алады. Үш бөлмелі үй береді. Әнді таза айту жалаң талант емес зор білімнің де жемісі деп түсінген университет басшысы көп ұзатпай Ерболға университет профессоры деген мәртебе береді.
2005 жылы тағы да Ерлан Арынның ұсынысымен, университет қазынасынан қаражат бөліп Ерболдың «Алқаракөк» атты аудио дискісі шықты. Таспаға он бес ән жазылды. Алғаш жазған үн таспаны студия мамандарының ұқыпсыздығынан өшіріп алған Ерболды Алматыға қайта шақыртып, екінші мәрте жазады. Тек екінші жолы Ербол салқын тигізіп сәл тымауратып барған болатын. Десе де, Ермек Серкебаев «Нағыз әнші ауырып тұрып ән сала алған әнші» - деп айтқанындай Ербол да ән салу барысында мейлінше кәсібилігіне иек артқаны сезіліп тұрады. Дискіге «Жалғыз арша», «Жамбас сипар», «Гауһар қыз», «Қара кесек», «Қорлан», «Қоштасу», «Әудем жер», «Көкжендет», «Алқаракөк», «Бүркітбай» сынды әндер енді.
«Бүркітбай» әні кең тынысты әншінің ғана ырқына көнеді. Дейтұрғанмен ән әңгімелеп айтқанды қалап тұрады. Мысалы, «Бүркітбай әкем аты, Мұстафа атым, Айтайын оның баян хикаясын. Ішінде Жанқозының мен Төлебай, Сүйіндік сұрасаңыз арғы затым» - дейді әннің екінші ауызында. Ән мәтініне мән берсеңіз «Айтайын оның баян хикаясын» деп әншіге әңгімелеп, шежірелеп айт дегендей нұсқау беріп тұр емес пе? Сол себепті де А.В.Затаевичтың «Қазақтың 500 ән-күйі» атты еңбегіндегі Қали Байжановтың орындауында түсірген «Бүркітбай» әнінің нотасының үстіне ән характерімен темпіне байланысты «Спокойно, в характере рассказа» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.
«Алқаракөк» әні Ерболдың орындауында құлпырып кетеді. «Қайда едің шақырғанда Құлажекей, Айрылма домбырадан тіл-көмекей» - деп бастағаннан-ақ алапат дауыс арындап кетеді. «Ей, Алқаракөк!» деп күркіреп барып кілт тоқтайды да (люфт-пауза) «Біз де келдік гүл жайнап» деп жалғап бара жатқанда әлгі «Алқаракөк» сөзінің соңғы буыны қалықтап құлақта қалып қояды. Әншіліктің бұл бір тылсым құпиясы іспетті.
Әнші туралы жазғаннан кейін зерттеушінің негізгі нысаны әншінің дауысы болатыны рас. Тек дауысты талдау әншілікті толық бағалау деген сөз емес. Себебі жақсы әнші әннің музыка мәтінімен қанша жұмыс жасаса сөз мәтініне де соншалықты мән береді. Тіпті сөзге тереңдеу арқылы әннің табиғаты ашыла түспей ме? Ал егер тек дауыс мүмкіндігін байқату үшін ән салар болса, әннен мән кетеді. Немесе керісінші әр сөзді жасап айтамын деп шынайылықтан алыстап, баттастырып бояй бастайды. Ерекең салған әннің бәрін өзінше жонады, Ерболша әрлейді. Әнге жасанды иірім қоспайды. Табиғатына ерік береді.
Естай әндері Ерболдың табиғатына етене жақын. Әнтанушылар Естай туындыларына келгенде Ербол қанатын кең сермейтінін ерте байқағандай.
Әсіресе «Қоштасу» әнін көбірек сөз қылысады. «Қоштасу» әні – заманында той бастап, топ жарып, Сарыарқаның сандуғашы болған ақынның шау тартқандағы жалғыздығын, Ақан сері, Біржан сал соңына еріп, өнер баптап, сайран салған әншінің қайта оралмас жастық шағын, жан жолдасы, мұңдасы болған домбырасын, өлімге бойсұна тұра ақырғы әнінің тағдырына алаңдауын, өзін әлдилеген туған өлкесімен қоштасуын, қан майданнан қайтпаған жалғыз ұлдың тағдыры қарт ақынның өзегін өртеген қайғы шоғына айналғанын баяндайды. Ақтық сөз! Жалғыз әнге ақынның бүткіл трагедиясы сыйып тұрған аса күрделі де қабырғалы туынды. Әнді салу үшін де әннің табиғатын дәл ашатын дауыс керек, әншілік тумыс керек.
Дауыс дегеніміз дыбыс. Дыбыстың өзін түр-түрге бөліп қарауға болады. Домбыраны жаңа ұстап жүрген балаға кейде дыбысында жан бар деп жатамыз. Кей музыкантқа дыбысы таза, ойлы (терең) деген де сөздер айтылып жатады. Демек дыбыс таза-фальш, жанды-жансыз, ойлы-ойсыз (топас) болып бөліне береді. Орыстың атақты Александр Степанович Пирогов деген опера әншісі болған. Ол әншінің өмірбаянын зерттеушілер Пироговтар әулетімен әнші болғанын жазады. Мәскеудегі Үлкен театрдың әртісі болған Александр Пирогов өзінің туған ағасы Григорий Пирогов жайында мынадай естелік айтқан екен: «Помнится его граф Томский («Пиковая дама»)... В умении носить костюм, в походке, жестах, в блогородной, чуть небрежной манере петь чувствовался прирожденный аристократ. Иное впечатление оставлял его царь Додон. Вместо фигуры – огромная рыхлая туша, одутловатые щеки, сонные свиные глазки, медвежья походка, а самое главное – огромный, но тупой, глупый звук».
Бұл Римский-Корсаковтың «Золотой петушок» атты операсындағы Дадон патшаның образы. Негізгі мәтін опера әртісіне қатысты айтылғанымен, парасатсыз патшаның образын ашу мақсатында дыбыс ақымақтанып, топастанып кеткенін айтады әнші. Қазақтың «Айқайлаған әнші емес» деуінде де дыбыстың жабайылығы мен топастануын айтқан. Ал осы «Қоштасу» әнін Абайша айтқанда «Ақылдының сөзіндей ойлы» да терең күйге айналдырмаса әннің характері ашылмай қалар еді. Біз дыбысты жас шамасына, өнерпаздың деңгейіне, шығарманың мазмұнына қарай шартты түрде ғана бөліп отырмыз. Әйтпесе таза, жанды, ойлы деген атаулар жалғыз ғана «шынайы» деген ұғымға сыйып кетеді. Өнерпаздың да, ақын-жазушының да шыққан биігінің шыңы шынайылық деп аталатын болар. Ербол «Қоштасуды» қоңырлатып, әннің мазмұнына терең бойлап, баяу әрі шынайы орындайды.
Ерболдың әншілігіне қатысты «әнді тым баяу, созып айтады» деген де сын пікірлер айтылып жатады. Жалпы сын өнерпазды шыңдайтыны рас. Дегенмен сын орынды болса жарасады. А.В. Затаевичтың «Қазақтың 1000 әні» атты еңбегін білмейтін өнертанушы кемде-кем. Автор сол кітапқа түскен ән, күйдің бәрінің темпін жазып отырған. Мысалы «Адай уезді» деп атаған кітаптың бірінші тарауында 39 әннің нотасы берілген. Сол 39 әннің ішінде «Ақбөбек» деген әнге «Довольно скоро», «Бақсы» әніне «Быстро.Гнусавым голосом», «Нұрболхан» әніне «Торопливо как бы скороговоркой» деп темпін жазады да, қалған 36 әннің темпін «Умеренно», «Покойно», «Протяжно», «Широко и свободно», «Очен широко», «Широко и свободна», «Широко и задумчиво», «Медленно», «Медленно и мечтателно», «Медленно с чувством», «Медленно и величаво», «Медленно и уныло», «Медленно, угрюмо и задумчиво», «Протяжно и задумчиво», «Спокойно и задумчиво» деп жазады. Көбіне осы анықтамалар қайталанады. Кітаптың екінші тарауы «Акмолинская губерния» деп аталады. Бұл тарауында 194 ән, 3 күйдің нотасы жазылған. Бұнда да 10 ән, 1 күйге ғана «Довольно скоро» деп жазса, қалған 184 ән мен 2 күйдің нотасының үстіне «Медленно, тихо задушевно», «Медленно, с грусьтю», «Медленно и серьезно», «Широко и важно», «Очень медленно и мрачно», «Умеренно с бодростью» деп жазады. Қалған тарауларында да осындай анықтаманы көруге болады. Анықтама дейтініміз, А.В. Затаевич байқасаңыздар әннің темпімен қоса ән табиғатына да қатысты мінездеме беріп отыр. «Медленно и мечтателно», «Протяжно и задумчиво», «Спокойно, в характере рассказа» деген жазбалары осы сөзімізге дәлел бола алады. Фольклорист, музыкатанушы, сыншы, ғалым әрі композитор А.В.Затаевичтің ән темпі мен ән мінезіне қатысты пікірлері музыка танушылар үшін де, музыканттар үшін де мәні зор деп ойлаймыз.
Ерекеңнің қуатты «бас» дауысы, құлаққа жағымды тембрі, тап-таза дикциясы, кең диапазоны, терең әншілік танымы мен талғамы (музыкальный чутие) тұтасып келіп тыңдарманға «Алқаракөк», «Жалғыз арша», «Шама», «Жиырма бес», «Қорлан», «Бүркітбай», «Шәпи-Баяу», «Қызыл бидай» сынды классикалық туындыларды ұсынды. Жақсы әнге құмар әнші аз болмайды. Бұл әндерді әркім өз әлінше түрлентіп айтып жатты. Тек қыран дауысты Қали Байжановша қалықтатып еркін сермеуге тегеуріні жетпей жататындары аз емес еді. Қали салған әннің қайсысы болса да Шәкен Айманов пен Жүсіпбек Елебеков жарыса мақтағандай асу бермес асқар тауға айналған-тын. Әсіресе «Шама» әні.
Қали әуелі әнге көркем кіріспе жасайды да, «Күн батар» - деп күркірегенде дыбысы бір жоғарғы регисторда емес ортаңғы регисторда жай ғана қоңырлатқандай сезіледі. Күшенбейді, қиналмайды. Дауысы төгіліп кетеді. Ал бірінші октавадағы «Ре диез» бұл бас дауыс үшін тесситура екені белгілі. «Шапақлап қызыл алтын нұрын шашып» деген тұсында бірінші октаваның до нотасынан контроктаваның соль диез нотасына қайта-қайта түседі(музыка тілімен айтқанда скачок). «Шама» әнінің диапазоны екі жарым октава дейтіні осыдан. Және Қали төменгі соль диезді тап-таза етіп алады. Ән қайырмасында «ха-ла-лә дей-ділі-дей-лілі» деп желдіртіп алады. Қалидың айтуымен «Шаманың» екі түрінің аудио таспасы сақталған. Ән әуенінде қатты өзгеріс болмағанымен, орындау техникасында және сөз мәтінінде айырмашылық бар. Вокал техникасындағы өзгеріс жас шамасына байланысты болса керек.
Бас дауыстың сыр-сипатын толық ашатын «Шама» әні, әсіресе, тенор әншілердің орындауында жеңіл желдірмеге айнала бастаған кезде жиырма бес жастағы Ерболдың «Шамасы» ерекше әсерлі болды.
Бас дауысты вокал теоретиктері үш түрге бөледі. Жоғарғы бас (Бас кантанте), Ортаңғы бас, Төменгі бас. Бастарды тембріне қарай да бірнеше түрге бөледі. Баритондық бас, характерлі бас, терең бас (бас-профундо), комедиялық бас (бас-буффо).
Өнертанушылар бұл бастардың ішінде бас кантанте (жоғарғы бас) әнші (певучий) келеді деп жазады. Ерболдың жас кезінде орындаған әндерін тыңдасақ дауыс регистрін бас кантанте деп айтуға болады. Тек отыздан кейінгі орындауларында дауысы қоюлана түскен. Таза ортаңғы бас (центральный бас) деуге негіз бар. Ерболдың осы кезге дейін орындаған «Шамасының» екі түрі бар. Жиырма сегіз жасында айтқан «Шамасының» темпі жылдам әрі екпінді. Дыбысы жеңіл әрі өткір. Бір деммен бірнеше фразаны қосып айтқанда тыныс алғаны білінбей қалады. (Тыныс демекші «Шаманы» айтып жатып терең суға батып бара жатқан жерінен құтқарылған адамдай тұла-бойы селкілдеп апыл-ғұпыл тыныс алып айта беретіндер де бар). Дәл сол кездерде Ербол Астана мемлекеттік филармониясының солисті болды да сахнаға жиі шықты. Жараған аттай жақсы форма ұстады. Десе де «Шаманың» қайырмасын түйіндегенде таза ортаңғы бастар секілді төменгі дыбыстары ерекше нәрлі, әрі қою шыққан. Кейінірек жазған «Шама» сәл баяулау, дауыста өзгеріс байқалады. Темптің тежелуі де регистрдің төмендеуімен байланысты болуы керек.
«Жамбас сипар», «Гауһар қыз» «Әудем жер» әндері тыңдарман құлағына әбден сіңген туындылар. Бірақ бұл әндер тек тенор дауысты әншілердің мәнерінде орындалмаса қабылданбайтындай көрінетін. Тіпті «Жамбас сипар» баритонға келе қоймайды деген де сөздер айтылып жататын. Дегенмен Ербол бұл әнді де нақышына келтіріп айтты.
«Гауһар қыз» әні – лирика-драмалық туынды. Тек тенор әншілер орындауында әннің лирикалық жағы басым секілді көрінеді. Аттыдан жаяу жүріп кек алатын ақынның адуын мінезі жуасып қалатындай. Жаяу Мұса «Сорлы әкең жаяу жүріп закон қуған» деген сөздерді ашынып айтқаны белгілі. Лирика-драмалық әннің характерін Ерболдың қоңыр дауысы толық ашқан секілді.
Қашан да өз пікірін кімнен болса да тайсалмай айтып отыратын еркін адамның сахнаға шығарда ерекше толқитынына таң қаламын. Парадокс. Меніңше, Ерекең әннің өз деңгейінде орындалуына ерекше мән береді, өнердің жауапкершілігін сезінеді. Себебі, ескі ән – ит жүгіртіп, құс салған эстет халықтың танымының айнасы.
«Мәдениеттану» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі
Қайрат Хамитұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.