Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қалиакбар Үсемханұлы. Сағалдың саудасы...

21.02.2023 3522

Қалиакбар Үсемханұлы. Сағалдың саудасы 14+

Қалиакбар Үсемханұлы. Сағалдың саудасы - adebiportal.kz

Әңгіме

Жеріне қазық қақсаң тал шығатын, түгін тартсаң май шығатын шұрайлы Боғда тауының етегінде Бесағаш дейтін қазақы ауыл бар.  Сол ауылда Сағал деген ақсақал болды. Діндар, тақуа, сөзге шешен, бір қылығы әпенділеу жан еді. Кейде халыққа зәбір көрсетіп, жуастарды жүндеп жүретін кеудемсоқтарды ойламаған жерден омақастыратын «тапқырлығы» да бар. 

Сиыр жылының қараша айында Бесағашқа Лау Жаң деген ағаш шебері келді. Сонау ит арқасы қияндағы ішкері қытайдан сүргі, қашау, шот, бұрғы сияқты асай-мүсейін арқалап келген ол біреуге жүкаяқ, үстел, орындық жасап беріп, ақшасын алатын. Тамаққа, жатар орынға бас қатырмайды. Кімнің бұйымын жасаса, соның үйіне қонады. Қазақтар оны тап бір әулие келгендей асты-үстіне түсіп күтіп, үш уақ тамағын беріп, қонақ көрпелерін жауып жалпылдап кеп жататын. Тегін тамақ ішіп, күніне болмаса да, екі күнде бір ет жеп әбден дәндеген ол күн өте келе қазақтардың да сырын алды. Дұрыс тамақ бермесе қырысып, тапсырған тапсырысты дұрыс жасамайтын болды. Бағаны да өсірді. Бірақ оған «мұның не?» деген ешкім жоқ, ол кетіп қалса, бүкіл дүние қаран қалатындай, соның қас-қабағына қарап, «менің үстелімді жасап берші», «менің орындығымды жасап берші», «алдымен маған кел, пәленбай соғым сойған жоқ, біздің үйге келсең күнде ет жейсің» деген сайын Лау Жаң онан арман әспенсіп алды. 

Бір күні Лау Жаңды Сағал ақсақал шақырды. Сағалдың дәулетті адам екенін, қоралы қойы, үйірлі жылқысы барын осы ауылда 3 ай жүрген Лау Жаң да біліп алған. Сағал шақырғанда «опырып ақша табатын орай келді» деп Лау Жаң да мұртынан күліп, Мұраттың тапсырысын асығыс-үсігіс бітірді де, Сағалдікіне келді. Сағал да Лау Жаңды құшақ жая қарсы алып, кең пейілін көрсетті. Өз үйінің қонақ бөлмесін беріп, сыйлы қонақ келгенде жабатын көрпелерін жапты.  Лау Жаң қатыны ұл тапқандай мәз. 

- Лау Жаң, біздің қазақта «жарты құрсақтан жатар орын артық» деген сөз бар. Жатар орын ұнады ма?- деп сұрады Сағал буыншақ-түйіншегін шешіп, жайғасып жатқан Лау Жаңнан. 

- Ұнағанда қандай, мына үйіңіз бес жұлдызды қонақ үйден кем емес екен,- деді ол Миығынан күліп.

- Солай ма, ол бес жұлдызды қонақ үйлеріңнің бір түнеп шыққан бағасы қанша еді?-деді елеусіз ғана. 

- Ойбай, 500 жүз юаннан кем болмайды ғой,- деді Лау Жаң ойында ештеңе жоқ. 

Кеште қонаққа қазақ салты бойынша ет тартты. Бұрын ақ күрішті ғана аужал ететін Лау Жаң қазақ ауылдарына келгелі етке әбден үйреніп, құнығып алғаны сондай «ет жесе тісіне, жемесе түсіне кіретін» болған. Алдына келген астау толы етті соқты-ай келіп. 

Сары мойнақ бәкісімен ет турап отырған Сағал Лау Жаңды тағы сөзге тартты.

- Біздің еттің дәмі қалай екен? Ұнады ма? Қаладан жеп жүрген еттеріңе ұқсай ма екен?- деп еді, Лау Жаң «Қалада мұндай ет емге табыла ма, менің ауылдастарым мұндай тамақты түсінде де көрген жоқ. Оларға мұндай тағам жеу арман ғой» деді аузындағы етті қылғына жұтып.

- А, онда мен сенің ауылыңа барып, ет сатсам болады екен ғой,- деп Сағал рахаттана күлді.

- Әбден болады, мынадай бір астау етті кемінде 300 юаннан сатасыз, қаны жерге тимейді,- деп Лау Жаң да қостай сөйледі. 

Ертесі таңғы асқа ақ шай, жаңа піскен таба нан, сары май, құрт-ірімшік қойылды. Оған да Лау Жаң жауша тиіп, оя жеді. Сонан соң жайлап жұмысына кірісті. Сағал оған тамақ ішетін үстелден тартып, ұлы мен келіні жататын кереуетке дейін тапсырыс берді. Ақсақалдың айтуы бойынша бір-бірлеп жазып алған ағашшы 15-20 күнде бітіретін болып жұмысына кірісті. Сағал «Қол ақың қанша болады?» деп еді, «Бәрін жасап біткен соң есептеймін» деп Лау Жаң оған нақты бағасын айтқан жоқ. 

- Өте қымбат боп кетіп, төлей алмай қалып жүрмейін,- деп еді, оған да «Қымбат болмайды, сізге арзан жасап берем, ол сіз сияқты байға түк те емес» деп қиық-қиық күлді арсиған тістерінің арасынан көмейі көрініп. 

Сағал үндеген жоқ. Еркің білісін дегендей, Лау Жаңның бетіне бір қарады да шығып кетті. Лау Жаң сол күннен бастап Сағал отбасының бір мүшесіне айналды. Сағал отбасындағылар не жесе, ол да соны жеп күй-жайы жарасты. Екі күнде бір ет жемесе, отыра алмайтын Сағал биыл соғымға бір ту сиыр, бір ту бие, үш қой сойған. Сол соғымнан Лау Жаңның да езуіне енші бұйырды. Жегені алдында, жемегені артында, ауызынан ақ май аққан ол жағдайы жақсарған сайын жұмысты да баяулатты. Несі кетіп барады, даяр тамақ, жылы үй, «не де болса, осы үйде жүріп қысты шығарайын» деп шешіп, бұрын бір-екі  күнде жасайтын жиһазын бір апта жасап, күн алдай бастады. Осылайша «барлық  тапсырысты 15-20 күнде бітірем» деген Лау Жаң бір жарым айда тапсырысты әзер бітірді. Егер Сағал «тездет, көктем шыға Алтайдан апайым келеді, сол келгенде бәрі жарқырап дайын тұрсын» демесе, бұл сәуірге дейін созылып жүретін еді. 

- Сәке, барлық жұмыс бітті, жалпы ақшасы 33 мың юан болыпты,-деп Лау Жаң есеп жазылған бір бет қағазды Сағалдың қолына ұстатты. 

- 33 мың юань? Қымбат емес пе?- деп Сағал аз қибыжықтап еді, Лау Жаң жағы жалпылдап сайрап жөнелді. 

- Түк те қымбат емес, мен сізге өте арзанға жасап отырмын, егер осы жиһаздарды базардан сатып алсаңыз, кемінде 80 мың юансыз ала алмайсыз. Мен сізге топсаның ең қымбатын, желімнің ең кереметін істеттім, отыз жыл пайдалансаң да қиюы қашпайды. Қазақтың «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген сөзі осындай сапалы бұйымдарға қаратылған,- деп қарық-қарық күлді тауып айттым ба дегендей қоразданып. 

- Жә, жетер, отыз жылға дейін кім бар, кім жоқ, оны құдай біледі. Оның үстіне төркінінен келген жасау емес, келіндер мұны қашанғы сүйреп жүрер дейсің,- деп Сағал терең бір тыныстап алды да, «жақсы айтқаның болсын, бүгін күн жай болып кетті, ертең есеп айырысайық, мен де есептеп көрейін» деп еді, Лау Жаң «мақұл, мақұл Сәке, «есепті дос айырылмас» деген, сіз де есептеңіз» деп бас шұлғып қала берді.  

Ертесі таңертеңгі шайдан кейін екеуі есеп айырысуға отырды. Лау Жаң жүктерін жинап, керек-жарағын да буып-түйіп қойған. Сағалдан ақшасын алған соң, ауылына қайтпақ. Кешеден бері «менің жиһазымды жасап берші» деп шақыра келген қазақтардың бәріне бас шайқады. «Жоқ, бара алмаймын, ағашшылықтан пайда қалмады, одан да ауылыма қайтып, картоп еккенім пайдалы» деп еді, аналар «тым құрыса, қол ақыңызды өсіріп берерміз, жасап беріңіз қалайда» деп қиылды. Лау Жаңның да көздегені осы еді. 

- Жарайды, мен ауылыма барып, көмекшілерімді ертіп келейін, сендер материалдарыңды дайындап қойыңдар, ары кетсе екі аптаға жетпей қайтып келем,- деп бір тынып алып, «бірақ ол кезде қазіргі баға болмайды» деп тағы қайталады. Оның қайта келем деген сөзіне мәз болған қазақтар «жарайды, айтқаныңыз болсын» деп  бастарын шұлғыған. Лау Жаңның ақшасын ала салып, жолға шыққалы отырғанының себебі осында. 

- Жақсы, Лау Жаң. Айтқан бұйымдарымды, уақыты біраз созылғаны болмаса, жақсы жасадың. Ұнады. Сен бағаңды шығарған екенсің, мен де бір жарым айлық есепті жасадым. Міне,- деп Сағал 3-4 бет қағазды Лау Жаңның алдына тастады. Түк түсінбеген Лау Жаң «есебі несі» дегендей, Сағалдың бетіне сұраулы көзбен тігіліп аз қарап отырды да, қағазға үңілді. 

- Жамбас ақы, күні 450 юан, 450 × 45 күн = 20250 юан

Таңғы ас, күні 10 юань, 10× 45 күн = 450 юан

Кешкі ас,  30 күн ет астық, 200× 30 күн = 6000 юан

10 күн лағыман жеді, 18× 10 күн = 180 юан

5 күн қуырдақ жеді, 35× 5 күн = 175 юан

Түскі ас, 22 күн лағыман, 8 күн манты, 7 күн шөшіре, 3 күн ұн қуырдақ.... деп әр күні не жегеніне дейін анықтап жазып, бағасын қосып, оның соңына пәлен рет қымыз, түген рет айран ішті деп ескертіп, олардың бағасын қосқанда 36000 мың юань ақша шығарыпты. Оның сыртында «қаладан сабын алғызды, байпақ алғызды, оның құны +жол кіре» деп көрсеткен 300-400 юанның есебі тағы бар, қойшы әйтеуір бір жарым айда Лау Жаң Сағалға 39 мың юань қарыз боп шығыпты.  Лау Жаң шабына от түскендей секіріп кетті. 

- Сағал, қалжыңды қой, мен осы ауылға келгелі ешкімге тамақ ақы мен жамбас ақы төлегем жоқ. Жасап бер деген нәрсеңді жасап бердім, бағасын да арзан айттым, енді ақшамды бер,- деді алқымына тығылған ашуын әзер тежеп. 

- Ақы төлемесең, енді төлейсің, мен сонда бір жарым ай сені тегін бағуым керек пе? Сен де тегін жасап бермейсің. Мен де аспандағы бағаны айтып отырғам жоқ, таныс болған соң арзандаттым, сен өзің «мына үйіңіз бес жұлдызды қонақ үйден кем емес екен, мұндай қонақ үйлер 500 жүз юаннан кем болмайды» деген жоқсың ба? Ал мен 450 юаннан есептеп отырмын. Тамақтың да бағасын өзің айтқаның бойынша жаздым,- деді Сағал аспай-саспай. 

Содан не керек, Сағал мен Лау Жаң қызыл кеңірдек дауға түсіп, Лау Жаң жылап әкімге барды, бірақ Сағалдың дәлелді есебінен ол да ештеңе таба алмаған соң, Лау Жаң Сағалды сотқа берді. Сот та Сағалды жығынды ете алған жоқ. Есесіне Сағал сотта «6000 юань ақшамды берсін» деп Лау Жаңға талақша жабысқаннан кейін, сот Сағалға «6000 юаньды кешірім ет, ағашшыға да обал болды» деп жүріп әзер көндірді. Осылайша Сағалды теспей сорам деп бақай қулыққа басқан Лау Жаң ақырында Сағалдан әзер құтылды. Ал ауылдастары болса, араны ашылып, талай қазақты алдап соққан Лау Жаңның жазасын Сағалдың келістіріп бергеніне қыбы қанса, Лау Жаң кетіп қалып, жиһаз жасата алмай қалғандары көпке дейін іштей Сағалға өкпелеп жүрді. 

«Сағалдың тері сатуы» да қызық. Бесағаштың тері-терсегін қаладан келген ұйғырлар әкетеді. Сауда-саттықтың ебін білмейтін қазақтар олардың «кішкентай екен, жыртығы бар екен, жүні тықыр екен» деген секілді сылтауларына сеніп,  сұраған бағасына беріп қарап отырады. Ауыл тұрғындарының осы момындығын әбден біліп алған ұйғырлар бірде «тері бар ма» деп Сағалдың есігін қағады ғой. Сағал жақында соғымға сойған атан өгіздей ту сиырының терсін әлгілердің алдына тастайды. 

- Ака, неше пұл дейсіз(аға, қанша сұрап тұрсыз?),- деді аласа бойлы қара мұртты жігіт қыр арқасынан екі бүктеліп, қатып қалған теріні аяғымен нұсқап.

- 200 юань. 

- Ой ака, чақчақ қылмаң (қалжыңдамаңыз дегені), ондай баға жоқ қазір,- деп, енді сөзге қасындағы шардақ қарын араласты. 

- Қазір ту сиырдың терісі 200 юань болып жатқанын мен де білем, алмасаңдар қайқайыңдар,- деп Сағал теріні құйрығнан сүйреп, кілет үйге қарай жүріп еді, шардақ қарын аяғымен баса қалды.

- Ой, аға, тоқтасаңызшы, неменеге асығасыз, қазір жуан сиырдың терісі 200 юань болып жатқаны рас, бірақ сіздің теріңіз кішкентай екен,- деп ол қалтасынан өлшегішін ап шығып теріге метр салды. 

- Міне, 1,70 см, 2 метрге де толмайды,- деді Сағалға қарап. Бірақ ол өлшегішті терінің бауыздауынан бастап емес, тақыр қолтыққа жақын мойын түптен өлшеді. Сағал «мына жерден неге өлшемейсің» деп еді, анау «ол жағы керекке жарамайды, босқа қалады» деп бой бермейтін сыңай танытты. 

- Ал сен қанша баға бересің,- деді Сағал мойынсал болған сыңай танытып. 

- 170 юанға бер, келісесің бе?- деп анау қолын ала жүгірді. 

- Не болса да, бауыздаудан өлшеп, 200 юанға алсаңшы,- деп еді анау, «ей қазақ, ол ештеңеге жарамайды, сөзді ұғып тұрсың ба?» деп тағы шүйлікті. Бағанадан бері сабырлы тұрған Сағал мыналардың «қазақ» деп қағыта сөйлегеніне намысы келді де «жақсы, әкел ақшаны» деді. Аналар қуанып кетті, бір-біріне қарап жымың етті де, шардақ қарын қалтасынан ақшасын суырып алып, 170 юанды шытырлатып санап берді. Ақшаны сып еткізіп қалтасына салған Сағал жалма-жан қынынан кездігін суырып алды да, терінің мойын жағын аналар өлшеген жерге дейін айналдырып кесіп алды. Ана екеуі қапелімде не болғанын түсінбей қалды білем, сілейіп аз тұрды да, екеуі бірдей «бұл қайткенің?» деп баж ете түсті.

- Жаңа өздерің айттыңдар ғой, мойыны түкке жарамайды деп. Сендерге керексіз болғанымен, бізге керек, ашы жағып қойып, аз уақыттан кейін тіліп жырым өрсең, керемет болады. Өздерің өлшеген бойынша мен терінің мына жағын ғана саттым, мойын жағын сатқам жоқ,- деді Сағал аспай-саспай. Айтарға сөз таппай жер тепкілеген ана екеуі амалсыз шолақ теріні сүйреп кетіп бара жатты... 

Сағал сол жылы жазда келін түсіріп, қолындағы үлкен ұлын бөлек шығарды. Оған баспана керек болғаннан кейін, ауыл әкімінен жер телімін сұрап еді, ауылдың шетіндегі түйе тайлы жерді берді. Осы жерді тегістету үшін Сағал көрші ауылдағы жыланбауыр тракторы бар Ма Чыңсан деген дүнгенді шақырды. 

Ма Чыңсан осы төңірекке танылған, жыланның аяғын көрген қу, алаяқтың өзі. Әсіресе момын қазақтарды алдап соғып, талайды қан қақсатқан. Бірақ осы төңіректе одан басқа адамда жыланбауыр трактор жоқ, ісі түскен ел амалсыз алдына баратын. 

Ма чыңсан Сағалдың дәулеті бар бай деді ме, жоқ әлде орайы келгенде опырып қалайын деді ме, кім білсін, бағасын жоғары айтты. 

- Сағаты 120 юань, келіссең ертең барайын, ал келіспесең, одан кейін менде уақыт жоқ,- деп сазарған соң, Сағал амалсыз айтқанына келісті.

Ертесі көнетоз тракторын дарылдатып, ауылды басына көтеріп жеткен Ма Чыңсан айналасы алақандай жерді 5 сағатта әзер тегістеді. Сағал ары кетсе, 2 сағатта бітірер деп ойлаған. Бірақ Ма чыңсанның тракторының жүргенінен тұрғаны көп болды, сонысына қарамастан енді міне Сағалдан 5 сағаттың ақысын алғалы отыр. 

- 5 сағат 120 юаннан 600 юань бола ма? Міне ақыңыз,- деп Сағал тракторшының алдына 300 юань тастады. Ма Чыңсан Сағал қате санап берді деп қалса керек, «сіз маған 300 юань ғана бердіңіз ғой» деді ақшаны Сағалға қайта көрсетіп.

- Дұрыс қой, сен 5 сағат тегістедің. Бірақ бұл 5 сағатты біз екіге бөлеміз.

- Түсінбедім, неге екіге бөлесің?

- Түсінбесең бері қара. Трактор алдына қарай жүргенде топырақты күрейді, солай ма? 

- Солай.

- Енді дұрыс қой, трактор алдына қарай жүргенде топырақ күреді, ал шегінген кезде күреген жоқ,-деді Сағал сұқ саусағымен Тракторды нұсқап,- оның алдына қарай жүргені маған есеп, ал шегінгені саған есеп. Сондықтан 5 сағатты екіге бөлеміз,- деп екі алақанын жайып, иығын қомдады. 

Ма чыңсан ашудан түтігіп кетті. Өңі өрт сөндіргендей түнеріп, Сағалға жақындады. Егер Сағалдың арыстандай төрт ұлы келе қалмағанда, Сағалды сабап салар еді. 

- Мен трактор айдағалы 30 жыл болды, қаншама қытайдың, қаншама дүнгеннің, қаншама қазақтың жерін тегістеп, топырағын күредім. Бірақ бірде бір адам мұндай сөз айтқан емес,- деді Сағалға тістеніп. 

- Естімесең менен естідің енді. Сенімен керілдесіп тұратын уақыт жоқ, алсаң осы 300 юанды алып жолыңа түс, ал алмасаң, мына жерді қайта бағанағы қалпына келтір,- деп, Сағал келте қайырды да атына мініп жүре берді.  300 юанды шеңбектеп ұстаған Ма Чыңсан «қап» деп тістеніп қала берді. Төбелессе, Сағалдың 4 ұлынан оңбай таяқ жейді. Соттасса да ештеңе өнбейтінін мұның да қу іші сезіп тұр. Қымбат баға қойды бір, екіншіден, тракторын шұқылап уақыт созғаны тағы бар. Осының бәрін әп-сәтте ой елегінен өткізіп үлгерген ол «Тамады» (шешеңді) деп жерді бір теуіп, жерге жалып етіп отыра кетті. Сағал төрт ұлын ертіп ат үстінде айбары асып, мейманасы тасып, алыстап бара жатты. 

Біздің ауылда тым құрыса, аяқ жамайтын еткіші де жоқ. Мәсінің тігісі сөгілсе де, қазақтар қалаға апарып, аяқ жамайтын қытайларға тіктіреді. Бірде Сағал қалаға барып жүріп, жол шетінде отырған етікшіге жұлығы сөгіліп кеткен көне тоз саптама етігін жаматса, анау екі айналдырып тіккеніне Сағалдан 10 юань ақша алыпты. 10 юань ауылдағылар үшін ол кезде әжептәуір ақша. Алдын ала келісіп алмаған Сағал амалсыз сұрағанын беріпті де,  «рақмет, аяқ киімді жақсы жамайды екенсің, менің тозған етігімді де айтар жоқ жамадың» десе, анау «ой қандай аяқ киім болса да жамаймын, келіп тұр» депті марсиып.

- Біздің ауылда жамаушы жоқ, тау арасындағы ауылға қай жамаушы бара қояды дейсің. Үйде он жылдан бері жамалмаған аяқ киімдер толып жатыр. Соны әкеліп жаматып алсам жақсы еді, бірақ әкелуге уақыт жоқ соны, қазір мал төлдеп жатқан кез ғой,- деп қиналған сыңай танытты.

- Қиналатын несі бар, ертең автобустан салып жібер, мен өзім алып, тігіп дайындап қояйын, қолың тигенде келіп алып кет,- деді еткіші қамқор пейіл танытып. Сағал қуанып кетті, қайта-қайта рақметін айтып, жолға түскен ол ауылға жете салып, жол шетінде ойнап жүрген 4-5 баланы шақырып алды да, қолдарына бір-бір дорба ұстатты. 

- Күресінде жатқан аяқ киімдерді жинап келіңдер, жұбымен болсын, міне мынаған тәтті алып жеңдер ,- деп бес юань ақша берді. Ақшаны көргенде балалардың көзі шырадай жанды. Әп-сәтте бесеуі 5 дорба ескі аяқ киім жинап келді. Сағал оның бәрін төгіп, ішінен жамауға келеді-ау дегендерін іріктеп бір дағарға салды да ертесі қалаға бара жатқан автобустан етікшіге беріп жіберді. 

Сағалдың «сәлемдемесін» тапсырып алған жамаушы бір дағар аяқ киімді жамауға жарты ай уақыты кетті. Әбден тозған, оның үстіне қоқысқа лақтырылып, күн жеп ұлтаны қайқиған аяқ киімді жамау оңай ма, бірақ аңсары ақшаға ауған жамаушы оған қараған да жоқ, «осындай тозған аяқ киімді де жаматады екен-ау, ақымақ қазақ» деп, Сағалды бір сыбап алып, өз жұмысына кіріскен. 

Жамаушы аяқ киімдерді жамап болғанымен, Сағал сол беті келген жоқ. Апта күтті, ай күтті, тағаты таусылған ол енді қазақ көрсе, «Сағалға айта салыңдаршы, аяқ киімдерін жамап қойдым, келіп алып кетсін» деп сәлем айтатын болды. Осы уақиғадан соң жарты жылдан кейін 11 клас бітіріп, қалаға емтихан тапсырғалы барғанда жол шетінде «Сағалды танисыңдар ма?» деп айқайлап отырған жамаушыны біз де көрдік. Шашы ағарып, еңкіш тартқан оның екі ұрты да суалып кетіпті. Артында деңкиіп бір сары дағар жатыр…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар