Сәлем
Сәлем берем ақсақалға,
«Ассалаумағалйкум!» деп.
Риза болар жақсы атам да,
Көрсеткенге мол құрмет.
Сәлем берем әже-апама,
– Есенсіз бе?- деймін де.
«Шүкіршілік, е, жасаған!»
Ақ баатаға баймын мен.
Сәлем берем үлкендерге,
«Аманбысыз, аға?»-деп.
«Таудай болғын жұрт өрлеген!»
Тілек айтар о да көп.
Сәлем берем кішілерге,
– Саумысың деп,-деп,-баурым?
Сәби сөзге түсінер ме,
Жимияды сәл інім.
Өніп-өсіп өз дестеңде,
Асуға шық, ас белес!
Адамдармен кездескенде,
Сәлем берем, басқа емес!
Балабақша
Жинаулы, тап-таза едені,
Бөлменің есігін ашсаңыз.
Өнеге үйретіп келеді,
Сүйікті балабақшамыз.
Жайраңдап жымиып тұрады,
Апайлар әрқашан алдыңда.
Бақшамыз білімнің бұлағы,
Қызықты ойындар бар мұнда.
Үйретіп өнерге көшелі,
Тәрбие береді жақсы адам.
Ертеңгі оқушы өседі,
Бүгінгі балабақшадан.
Өзіңе гүл шоғын сыйлаймыз,
Өзіміз өсірген гүл-бақтан.
Біз сені әлі де қимаймыз,
Қия алмай қараймыз үй жақтан.
АҚСАНА МЕКТЕПКЕ АСЫҒАДЫ
Би билеуге бейім,
Біздің ерке Ақсана.
Бес жасына дейін,
Барды балабақшаға.
Еркелікті тастап,
Еліктеп жүр әншіге...
Ол былтырдан бастап,
Оқыды «Нөліншіде».
Білімнен нәр іздеп,
Баға алды жақсы.
Биыл үлкен қыз боп,
Біріншіге бармақшы...
Ол қуанып келді,
«Оқушымын!»- деді.
Ойнамайды енді,
Оқиды «Әліппені»!
Қаламсапты ұстап,
Қарайлайды тақтаны.
Бойы сәл-пәл қысқа,
Болғандығы-ай, қап, тағы...
Гүлдәрі
Ұйқы мені жалықтырды,
Ішім пысып кетті деп.
Ерке тотай Мәлік тұрды,
«Ойнасақ қой...» деп тілеп.
Біздің сылқым Гүлдәріміз,
Ақылдырақ көбінен.
- Ішің пысса... біз бәріміз,
Жеп алайық!-деді ол.
СӘКІМАН
«Жыламайды» бұл қуыршақ,
Сұрамайды еш нәрсе.
Киімдері бір буыншақ,
Тап-тұйнақтай әскерше.
Деп сұрадым Сәкіманнан,
«Үлкен бе, әлде тым жас па?..»
– Былтыр апам сатып алған,
Толды биыл бір жасқа...
БИГЕЛДІ
Мен есейіп тайға мінгем,
Бес жаста інім Бигелді.
Сыртта өзі ойнап жүрген,
Кенет жылап үйге енді.
Көмек күтіп тұр бәрінен,
Көзінде жас мөлдіреп.
- Өткір сояу тырнағымен,
Мысық шымшып алды – деп...
ШЫҢҒЫС
Биіктерде, еңістерде,
Мен інімнің тіреуі.
Бес кәмпитті бөліскенде,
Артық қалды біреуі.
Мақтан етем інілерді,
Болсын тату, пысық та...
Деді Шыңғыс: «Мұны енді,
Берейікші... мысыққа!»
Құлыншақ
Құлдыраңдап құлыншақ,
Арлы-берлі шабады.
«Бестік» алған көңілі шат
Баланы еске салады.
Ала доп
Ала добым домалақ
Жорта берді домалап.
Отқа түсіп жарылып,
Жанып кетті, обал-ақ.
Қырқалар
Қырқалар қардан тазарды,
Қылтанақ көкке жан кіріп.
Көктемнің үлкен базары,
Тарқамаса екен мәңгілік.
ЖАЗ
Тамылжып тұрған жаз айы,
Тамаша екен ғажайып.
Таусылмасын қызығы,
Ұнатамыз біз мұны.
Күз
Сары түсті атырабы,
Туған жерге күз енді.
Ағаштардың жапырағы,
Бұтағынан күзелді.
Қыс
Қыс келді. Шатырға мұз қатып,
Мұз қатып, ызғары мұздатып.
Қырқаға шиырлап із салып,
Шаңғыны тебеміз зырлатып.
Қар жауған күн
Ақ төсекте ақ көрпеге оранып,
Ұйықтап кеттім тәтті түске бөленіп.
Әлде дала жатыр ма екен жаңарып,
Түсімде ылғи әппақ қарды көремін.
Ақша қарды жүр балалар сағынып,
Соны айтады інілерім, досым да.
Сыртқа шықсам көзіме нұр шағылып,
Қара жерге қар жауыпты расында.
Шана
Жаз бойы қорада «қамалып»,
Қыс келсе тыпыршып тұрмайды.
«Ал, кеттік, ұстаңдар...» деп алып,
Төбеден төменге зулайды.
Боран
Сыпырады түтіп-түтіп даланы,
Құтырады шымшып-шымшып баланы.
Қар үйді де қоршап алды қораны,
Есікті ашсаң үйдің ішін шолады
Келген кезде ұрсып-ұрсып алады,
Көктем келсе жылап кетіп қалады.
Қолғап
Оу, балалар, қараңдар,
Мына қалың қолғапты.
Қолғап кисе боранда,
Қолы үсіп тоңбапты.
Жүннен, жіптен, мақтадан,
Тоқып берген аналар.
Қардан соқты аққала,
Киіп алып балалар.
Қаңтар
Қаңтарып бұлттардың тізгінін,
Боранның соққаны-ай құйындап.
Үскіріп аязы үздігіп,
Қаңтар жүр қар үстін шиырлап.
Ақпан
Келеді кеуделі сызданып,
Тізгінін бір рет тартпайды.
Жатады құрсанып, мұз болып,
Ақпанда өзендер ақпайды.
Жаңа жыл кешінде
Ақ қарға оранып,
Түледі дала бұл.
Қаңтармен қол алып,
Келеді жаңа жыл.
Жайнайды шыршамыз,
Күлді Аяз-Атамыз.
Қуанып бір сәт біз,
Ту алып жатамыз.
Сыртта жел тұрды ұлып,
Қар бүркеп қалды ізді.
Бәріміз бірігіп,
Күтеміз Наурызды.
Үлкейіп, өсемін,
Жаңа жыл кешінде.
Қызығын кешемін,
Туған жер төсінде.
***
Бір қар жауып өтті де,
Қырдағы елге қыс келді.
Қарыны ашып кетті ме,
Үй алдына құс қонды.
Бір топ бала ойнайды,
Аулалардан қар тасып.
Риза еттім торғайды,
Қар үстіне жем шашып.
Алғашқы қар
Жылы жаққа құс кетті,
Топ-топ болып.
Шұғыласын қыс төкті,
Әппақ мамық.
Қонып жатыр арай-нұр,
Таудан тауға.
Терезеден қарайды ұл,
Жауған қараға.
Қызығына тоймайды,
Салса да асыр.
Қазір, қазір сайлайды,
Қол шанасын.
Алғашқы қар, жаңа күн,
әппақ әлем.
Ойнағаны-ай, баланың,
Аққаламен!
АУЫЛ ҚЫСЫ
Ақ ұлпа қар бақша ішін,
Қлап алған сияқты.
Жала-анам ақ шәлісін,
Орап алға нсияқты.
Терезеге біреу орнек,
Салып қойған сияқты.
Көктемдегі кілем-өрмек,
Қалып қойған сияқты.
Үскірік жел кешке таман,
Соғып тұрған сияқты.
Ерегесіп пеште роған,
Жанып тұрған сияқты.
Ауылымның бар баласы,
Қорқып қалған сияқты.
Қысқы күннің қарбаласы,
Артып қалған сияқты.
Қар астының ызғарында,
Жылымық бар сияқты.
Тау-төбенің мұз-қары да,
Мұны ұққан сияқты...
НАУРЫЗ КЕЛДІ...
Қылаусыз кешегі қар жүзін,
Айғыздап соңымда қалды ізім.
Тым ыстық көктемім жаныма,
Тыныштық әкелсін Наурызым.
Наурызым әкелсін тыныштық,
Дарысын далама ырыс-құт.
Көңілді жайнатсын гүлдердей,
Сенімді жаратсын құрыш қып.
Жаратсын құрыш қып сенімді,
Жақсылық жайласын көңілді.
Жұлдыздар жарқырап көгімде,
Ұл-қыздар қуантсын елімді.
Тілегі осындай Наурыздың,
Жігерлі жігітке бер тізгін.
Сүйінер ізгілік лебіне,
Сүйкімді сыйымыз бар біздің.
Қылаусыз кешегі қар жүзін,
Айғыздап артымда қалды ізім.
Жайнай бер, гүлденіп көктемім,
Жасай бер түрленіп, Наурызым!
НАЙЗАҒАЙҒА НАЗ
Жерге түскен найзағай,
Жердің үстін жайламай,
Жауыздығын жалмамай,
Жерге сіңіп қалғаны-ай!
Жерге түскен жай оты,
Жердің үстін қайнатып,
Жамандығын жайратып,
Жақсылығын жайнатып,
Жампоздарын ойнатып,
Арманынан бір шықпай,
Жерге сіңіп тұншықты-ай...
Қоңыр қозы
Жалғыз қалса «жылайды»,
«Қайда кеттің» дегізіп.
Қолыма алсам сұрайды,
Ерніменен емізік.
Етегіме жармасып,
Түртегіңе келіспен.
Сені іздеп қалмасын,
Енең келіп өрістен.
Өтірік өлеңдер
Тарақандар домбырамен ән салды,
Балақандар аузын ашып тамсанды.
Ара, өрмекші гитарамен күй тартып,
Келе жатқан Жаңа жылды қарсы алды.
***
Мініп алып күзенге,
Барып едім күзенге.
Балықтары шулады,
Күзен жатып тулады.
Шыбын шағып өлтірді,
Көзін ашқан күшікті.
Тәубесіне келтірді,
Тышқан талап мысықты.
***
Бұл қызыққа балықшылар таң қалды,
Майшабақтар қуып шығып шортанды.
Сазандарға күштілігін білгізді,
Өзендерге өз әмірін жүргізді.
Күлкі мен түлкі
Қуаладым жүгіріп,
Қу түлкіні бекер күн.
Қалыпты ол тығылып,
Қолтығына бөпемнің.
Қытық, қытық...
Таусылғанмен табаннан,
Табылмады, жоқ түлкі.
Бұғып жатқан тек онда,
Бар боп шықты көп күлкі.
Қытық, қытық...
Қуырмаш
Бірлік жайлы еске алсақ,
Бауыр екен бес саусақ.
Біріншісі – Бас бармақ,
Билік айтып басқармақ.
Балаң үйрек кекілді,
Бойшаң бала секілді.
Ортан терек намысты,
Ойлап отыр әр істі.
Шылдыр шүмек ақылды,
Шәй ішуге шақырды.
Ең кішкене Бөбекті,
Еркелету керек-ті.
Бас бармаққа күн-түні,
Бақтырамыз жылқыны.
Балаң Үйрек ие болып,
Бетпақтағы түйеге.
Ортан Терек отарды,
Ойжайлауға апарды.
Шүлдір Шүмек сиыр бақ,
Шабындықты шиырлап.
Тек кішкене Бөбектің,
Тапсырмасы бөлек тым.
Болма жалқау, бастысы,
Бізге дәмдеп ас пісір!
...Қара көже бүгінгі ас,
Қуыр-қуыр-қуырмаш!
Қуыр-қуыр-қуырмаш,
Қолдың басын жұмып, аш!
ЖАПАЛАҚ пен ШОКОЛАД
Жалқау бала Жапалақ,
Жейтіні тек шоколад.
Жемей қалса шоколад,
Жылайды екен жата қап...
ҚЫМЫЗ
Желідегі құлыншақ,
Еміп өсіп, толады.
Ішіп алғыс айтады,
Біздің үйдің қонағы.
ШҰБАТ
Деп сұрсасың түйенің,
Несін жүрсің ұнатып?
Мен түйенің сүйемін,
Дәмді қою шұбатын!
Сыныптастар
Қыркүйектің бірінде,
Қоңырауда алғашқы –
Көздеріміз күлімдеп,
Көйлегіміз... ең жақсы.
Әдепті боп әрі өсіп,
Әріп танып кетпекке
Алты жастан сәл асып,
Асықтық біз мектепке.
Оқушы енді боламыз,
Ойнап қанша құм үйдік...
Боламыз ба және біз,
Баласындай бір үйдің?!.
ІІ
Ұғыныстық әп-сәтте,
Ұл – қызымыз аралас.
Бірдей кидік көк костюм,
Бойымыз да... шамалас.
Бірге жүріп күніге,
Болып алдық дос кілең.
Бірінші «Ә» сыныбы,
Бізге есігін ашты кең.
Бәрімізге мұғалім,
Береді үйге тапсырма.
Атанамыз шын әлі,
Ақылды қыз, есті ұл да!
ІІІ
Танго, вальс биледік,
Туған күнде бас қостық.
Әріптерді үйреніп,
«Әліппемен» қоштастық.
Сөйлемнің де сыры көп,
Сездік оның жайын біз.
Міне, «Ана тілінен»,
Мазмұндауға дайынбыз.
Жамырасып жалғаймыз,
Жаңылыссақ біріміз.
Бірақ... біздің болмайды,
«Бес» алмайтын күніміз!
ІҮ
Сегізінші Наурызда,
Сондай қызық болды бір.
Сыныптағы әр қызға,
Сыйлық алдық он бір ұл.
Болдырмайды олқылық,
Болса есепке жүйрік кім?
Қалғанын – ай, артылып,
Қап, мына екі сыйлықтың...
Анық болса жауабың,
Айтуды тез ұмытпа.
Қателеспей таба біл,
Қанша қыз бар сыныпта?
Ү
Ертегі айтсақ тыңдар ма,
Екен деме ерке шын.
Кейде қыздар ұлдарға,
Көтертеді сөмкесін.
Достыққа анық ұштасар,
Деп осыны атай ма?
...Қолдарынан ұстасақ,
Қояды айтып апайға.
Және арнайды бізге әнді,
Жетісінде Мамырдың.
Сыныптағы қыздарды,
Сыйлау керек бәрібір!
ҮІ
Біз осындай баламыз,
Бір жүректе – мың тілек.
Анамыз бен анамыз,
Алды тіпті, құрбы боп...
Дауласпаймыз таласып,
Доспыз тату және біз.
Бірлігіміз жарасып,
Бірге оқи береміз!
Жолыққанда жымидық,
Жырақтарда ұмытпас –
Баласындай бір үйдің,
Бар ма біздей сыныптас?!!
КҮН ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
Ұққаның жөн сөз сырын,
Ұтпас ұзақ ойланған.
Кім айтады тез мұны,
Күн шығады қай маңнан?
Бірікпесе күш пен күш,
Бітпесі анық бір іс те...
Алғашқы арай түскен тұс,
Аталады Шығыс деп.
Елтануға құштарлар,
Емес жалқау, тым ерке.
Шығыс Қазақстанға,
Шашылады нұр ерте.
Шыққан күнге қарашы,
Шолжаң әрі еркелеу...
Ол жақтың бар баласы,
Оянады ертерек.
Шолып қыр жақ, ой жақты,
Шаттанасың әдемі.
Демек осы аймақты,
Деген дұрыс Таң елі!
Жерін танып есейген,
Жақсылыққа құлшыныс.
Қытай менен Ресейге,
Қақпа сынды бұл – Шығыс.
...Ұққаның жөн сөз сырын,
Ұтпас ұзақ ойланған.
Кім айтады тез мұны,
Күн шығады қай маңнан?
Елтануға құштар бол,
Елітпе ерке қылыққа.
Шығыс Қазақстаннан,
Шығады Күн, ұмытпа!
ЖЕҢІС ПЕН ЖЕМІС
Атана ма бекер Ер,
Ауыр шығар тым, иә?..
Зілтемірді көтерер,
Зор иықты Илья.
Күшті әрі қайратты,
Күшенбейді ол, күледі.
Бұлшық еті ойнап тұр,
Білеу – білеу білегі.
Атын естіп әр қиян,
Алақайлап шақырсын.
Болғанымен чемпион,
Балаларға – ақылшы!
Таза ауада қыдырды,
Тағы жасап жаттығу.
Жиі – жиі жүгірді,
Жалқауланған жоқ күні!
Өнеге еді бұл, міне,
Өзімшілдер ұқпады.
Алма бақты көрді де,
Айналсоқтап шықпады...
Қылығы оның қызық-ақ,
Құбылтпайық текке ойды.
...Бір қолымен үзіп-ап,
Бес алманы жеп қойды!..
***
Кеңес тыңдап кезекті,
Көргеніңді сен істе.
Денсаулыққа қажетті,
Дәрумен бар жемісте.
Биік пенен еңіске,
Бастайды екі жол бөлек.
Жету үшін жеңіске,
Жемісті көп жеу керек!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.