Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қара шалдардың қайғысын емiп ержеткен...

05.07.2023 2068

Қара шалдардың қайғысын емiп ержеткен 14+

Қара шалдардың қайғысын емiп ержеткен - adebiportal.kz

Халық  тіреуіші қашан да асыл сөз иелері ақын-жыраулар болған. Қазіргі қазақ поэзиясында да да баба рухын жаңғыртып, жаңартып өзінше үн қоса білген ақындарымыз да аз емес. Жастық шақтағы максимализмді, алып-ұшпа сезімді алпыс, жетпіс жасқа дейін созып, соны махаббатқа балап, әйелге деген сезіммен ғана поэзия кеңістігін тарылтып алған , шығармашылығын шектеген ақындар да бар. Сонымен қатар қазіргі заманға сай, қазіргінің оқырманына қажетті ойлар айтып, атмосфералық ләззат сыйлай алған қаламгерлер онша көп емес екені жасырмау қажет. Қара басының қамын емес, қазақ тарихындағы қасиетті бабалардың даңқты істерін сағынып, осындай тектілікті жан жүрегімен аңсаған ақындардың бірегейі - Қасымхан Бегманов. Тәуелсіздік дәуірінің ақыны жыраулардай толғайды:

«Ханменен кеше тең болған,

Ғұрпың мен ата салтың-ай!

Қарға-құзғынға жем болған

қайран да менің халқым-ай»

Ақынның «Күреңбел» аталатын өлеңдер жинағын оқып шыққан соң, қазіргі қазақ поэзиясында шынында да өзгерістер, жаңалықтар барына көзім жетті.  Өйткені, Қасымхан Бегманов жұрт айтқандай лирикалық бағытта ғана жазатын ақын емес, оның лирикалық кейіпкері өзінің жас шағындағы риясыз бозбала сезімін сол күйінде сақтай отырып, Туған жер, Атамекен, Отан, Ана, Ұлт, Тарих, Түркі деген концептілерді басты нысан қылып алған шыншыл, шынайы ақын. Ақынның шығармашылық және азаматтық, адамдық мүддесі бүгінгі күні айналамызда болып жатқан небір құбылыстарға өзінің жеке көзқарасын көзіқарақты оқырманға тура қарап, бүкпесіз, бүркемесіз айту, нақтырақ айтсақ, жазу еді. Қазіргі жалғандық жайлаған қоғамға, соның ішінде әр түкпірде бір күбірлесіп, төрт бұрышты шап-шағын, данышпансыған топтарға арнаған жан үнін ақынның «Көше ақындары» деп аталатын өлеңінен естуімізге болады. Ол өлеңде қолына қалам ұстаған жас ақындарға өткен ұлылардың өмірі, тағдыры, тартқан тауқыметі туралы көбірек ойлану керектігін, дәл солар жазған өлеңдер жазылғанымен, дәл солар жасаған жанкешті ерліктердің ұмытылмайтынын, ұмытпау керектігін айтады.

Көше ақындары,

Көше ақындары,

Арғымақтары даланың,

Алшаңдай басып келе жататын

тротуарында қаланың.

Бiлмейдi оны бүгiнгi мынау

тәртiбi жақсы жас ақын,

Мен көрген сол бiр көше ақындары

шараппен шөлiн басатын.

Зар кезеңдер мен тар кезеңдерде қазақты

олар сатқан жоқ,

Көше ақындары

жер астында да

тып-тыныш ұйықтап жатқан жоқ.

Өмiрде сол бiр көше ақындары

жеңiлгендер жақта едi,

Көз жасыменен

топырақтарға көмiлгендер жақта едi.

Олар хақында сөйлейдi өксiп,

өкiнiп кейде шаттанып,

Мұңлықтарымнан мұра боп қалған

сыр шерткен ескi дәптерi.

Жабығып жалғыз бейiтке барар үн-түнсiз

жап-жас жесiрлер,

Еркелiктерiн кешiрдi ел,

ендi мұрасын зерттеп шешiңдер.

Осылай деп өріліп келетін осынау өлеңдегі «Бiлмейдi оны бүгiнгi мынау тәртiбi жақсы жас ақын,» деп келетін тармақтарынан кейінгі жас буынның ізденісіне, тым ұяңдығына, үнсіздігіне көңілі толмайтындығы байқалады. Тәртібі жақсы дегенді, әрине, тырнақшаға алып оқыған абзал деп ойлаймын. Себебі, мүндағы тәртіп деп тұрғаны қоғамдағы заң, ереже, ортадағы мәдениетке еш қатысы жоқ. Бұл күрескерлік, тектіліктен туған тентектік жайлы сөз деп түсінеміз.

Ақын әуелі өзін жазады. Өзін жазу арқылы халықты, ұлтты, ғаламды, өткенді түгендеп мен болашақты болжайды. Бұл әдебиеттің негізгі миссиясы болар, сірә.   Аманхан Әлімұлының «Жақсы ақын болу үшін әуелі, бірінші жақсы адам болу керек» деген сөзі ойға жиі оралады. Шайлыққан, қарайған жүрек ешқашан шынайы өлең жазбақ емес. Мұның себебі сөз бен істің сәйкестігін аз көргендігімнен болар деген келесі ойға тоқтаймын. Дәл осындай ішкі қарсылықтарды дипломдық жұмысымның өзегі болып отырған Қасымхан Бегманов поэзиясынан жиі аңғаруға болады. Ондағы адамгершілік, туралық, шыншылдық, құрмет концептілері тұла бойға әуелі сіңіру керекті қасиеттер. Әдебиеттің негізгі идеясы хумандық идеялар болмыс тазалығы сақталмай ешқашан салтанат құрмасы да анық. Әлемдегі болған, болып жатқан соғыстар да адам бойындағы титімдей мейірім мен кісілік қасиеттің жоқтығынан. Бар нәрсенің ұлғаятыны секілді, жоқ нәрсе де құрдымға бата береді, батыра береді. Сол қара құрдымнан құтқаратын -- өнер. Соның ішінде таза өнер. Осы идеяларды Қасымхан Бегмановтың шығармашылығынан табылады. Ол Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» деген мәңігілік сауалының төңірегінде толғанады. Мына бір өлеңінде бала күнгі «атақты болсам» деген аңғал арманын жасырмай жазады. Қоғамның, биліктің, бәріміз әулиеге балайтын әдебиет әлемінің атаққұмарлығын, бәрінің ақша мен күш арқылы ғана даңққа жетуге болатынын көркем баяндайды. Оқып көрелік:

«Бала кезден жырсыз таңым атпаған,

Атақ күттім... несіне оған ақаталам.

Қара өлеңге адал болдым өмірде,

Талай жайсаң мықтысың деп мақтаған.

 

Өрттей өлең...сақталмаған, жыртылған...

Сыпсыңдатқан өсектерін сыртымнан,

Атақ деген неге керек, тек қана,

Ұят екен үміт күткен жұртыңнан.

 

Ешқашанда саған ісі түспеген,

Бәрін алар ақшаменен, күшпенен.

Пенделермен сүймейтұғын өз ұлтын,

Ақ үйде мен қызмет те істегем.

 

Жанымды жеп, неткен қайғы, неткен мұң,

Жылуымен бойдағы ескі шекпеннің.

Қарындасқа түсіре алмай көлеңке,

Үкіметтің ақ үйінен кеткенмін.

 

Оны қойшы оқыр біреу ойлана,

Жатар сосын алпыс, жетпіс тойлана.

Неге бізді қырына алып, бұ құдай,

Қырықта да «бала» қылып қойды Аға.

 

Сәуле сезіп ертең түсер жарықтан,

Нарығыңда елмен бірге тарыққам.

Қыр басында қарағым тұр қобалжып,

Бір жылы сөз күтеді-ау ол халықтан».

Қасымхан Бегмановтың поэзиясынан балалық аңқиды. Иә, бәріміздің кеудеміздің, жан дүниеміздің бір бұрышында есеймей қалған, есейгісі келмейтін жас бала өмір сүреді. Сәби жылайды әлсін-әлсін. Әйгілі психоаналитик, философ Фридрих Ницщенің мынадай бір психологиялық тұжырымы бар еді. Ол былай дейді: «Есті адам болу – балалық кезде ойнап жүргендегі байсалдылыққа  ие болу». Яғни, адам өмір бойына бала болып қалады дейді. Тек, ойлар, сарғайтпақ түгілі ағартып жіберетін ойлар ғана адамды ересектікке жетелейді. Еркіңнен тыс сүйрейді, еркелігіңді көтермейді. Міне осындай Ницщенің тәмсіліне сәйкес сезімдер мен ойларды Қасымхан поэзиясынан да аңғаруға болады. Мысалы мына соғыстың зардабын тартқан Алдан есімді бала «Алдан бала» деген толғауындағы бала психологиясына назар салайық: 

Ал-д-а-а-н!
Дауыс шықса осылай Алдандаған,

Алаңсыз бiр ойнауды армандаған.

Алдан бала қайтқан сол амалсыздан,

Мұңлы сурет жатталып қалған маған.

...Бала бiткен жарыттық ненi бiлiп,

Асханаға тұз сiңген терiнi iлiп.

Велосипед бiткендi тамға сүйеп,

Кезек-кезек жатқамыз желiн үрiп.

...Аяулы едi орамал кестеленген,

Қызыл перде... көлеңке... кешке көрген.

Бозбала боп мәңгiлiк қала алмастан,

Бiз де кеттiк бүгiнге көшкен елмен.

Әрине, бұл толғаудың жөні басқа. Бірақ ақынның балалық шақты өлердей сағынатынын анық байқауға болады. Балалық шақты жиі аңсауы – қазіргі жүрегінің баяғы тазалығын аңсауымен пара-пар сезім ғой. Ақынның эпифаниясының дәлелі ретінде осы өлеңді алсақ болады, Яғни, балалықты, сол кездің естеліктерін аңсау арқылы да адам жаны нұрланбақ.

«Қара шалдардың қайғысын емiп ер жеткем,

Бозбала дәурен...

жанымды мәңгi тербеткен.

Айсыз түндер-ай,

ақ жаңбырларын селдеткен,

Қара көздер-ай,

әр қиырларда кездескен.

Жоғалтып алып,

iздеймiн бәрiн жер-көктен.

Махаббат түгiл

жылы сөздерге зар болып,   
Жүрсем де қазiр сақталдым таза ар болып.      
 Өлеңге сыйлап кеттiңдер менi, өздерiң,  
Марқасқалар мен нарқасқаларға жар болып.    
Бозбала дәурен бұлттардан сенi сұрадым,  
Бұрылмасыңды бiлгенде үнсiз жыладым.  
 Өрекпи жаным төсегiме кеп құладым,    
Өзегi өрттей,       
менi де естен шығарма,         
Соңымда менiң жыр жазып жүрген шырағым» , – деп жырлайды ақын.

Иә, поэзия қай жерде де поэзия болып қалады. Поэзияны жанрлық бір сипат ретінде алуға да және барлық ғаламнан поэзия жасауға да болады. Оның өмір сүрмейтін жері жоқ сірә. Ісін адал атқарған мен таза сезімге суарылғанның бәрінен поэзиялық құбылыс іздеуіміз керек деймін. Яғни, балалық шақ тұп-тұнық, тап-таза поэзия деген тұжырымға келуге болады. Қазіргі таңдағы қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті ақсап тұрғаны мәлім. Осы орайда Қасымхан Бегмановтың  «Ер Төстік» ертегіcінің желісімен қуыршақ театрына арналып жазылған «Ер Төстік» пьесасы туралы да айта кеткен жөн. Қазақтың  «Ер Төстік» ертегісінің желісімен  қуыршақ театрына арналып жазылған бір бөлімді үш көріністі «Ер Төстік»  поэтикалық драмасының негізгі идеясы туған жерге, досқа деген адалдықты көрсету.

Пьесаның бас кейіпкері Ер Төстік қиял-ғажайып жағдайда дүниеге келіп өседі.  Ол түлкі қуып жүріп байқаусызда өрмегін үзіп кеткен кемпірдің аузынан өзінің сегіз ағасы бар екенін естиді. Әкесі Ерназардан барлық шындықты біліп алғаннан кейін, Шалқұйрық атқа отырып, ағаларын іздеп кетеді. Шалқұйрық – тек жүйрік ат қана емес, алдағыны болжай алатын қабілеті бар, неше түрлі сиқырды білетін, адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет жасайтын  қасиетті жануарға айналып, батырдың сенімді серігі болады. Шалқұйрықтың айтуымен Ер Төстік Мыстан кемпірді алдап соғып, жер астына түседі. Ер Төстіктің Кеще ханның қолында құлдықта жүрген ағаларын құтқаруға келгенін Саққұлақ естіп қалып тосып отырады. Олардың қатарына Желаяқ, Шапшаң, Қырағы, Таусоғар, Көлтаусар келіп қосылып, барлығы Кеще ханның мекеніне бірге аттанады. Сөйтіп, Кеще хан мен Мыстан ойластырған барлық өнер сайыстарынан озып шыққан Ер Төстік пен оның достары «бірлік бар жерде, тірлік бар» екенін көрсетіп жеңіп шығады. Пьеса авторының басты мақсаты: жас ұрпаққа ежелгі батырлықты, салт-дәстүрді, досқа адалдықты, қайсарлықты, ептілікті бүлдіршіндер санасына сіңіру. Бүгінгі интернет әлемі мен нарық жағадан алған заманда балаларды  ұлттық рухта тәрбиелеуге «Ер Төстіктей» қиял-ғажайып еретегісінің маңызы ерекше екені дау тудырмайды.  Сондықтан да, ұлттық кодымызды  балалар бойына дарытуға аталмыш пьесаның ролі зор.

Қасымхан Бегманов шығармашылығындағы Мұстафа Шоқай феномені

Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген қазақтың тарихи романдарының арасында еркіндік, азаттық жолына өмірін арнаған күрескерлер мен ұлт тарихыннан ойып тұрып орын алған мемлекет, қоғам қайраткерлерін арқау еткен шығармалар, туындылар аз емес.  Солардың қатарында - Алаш қозғалысының белді, белсенді мүшесі, Алаштың ізгі мұратын жүзеге асыру жолында еңбек еткендердің бірі Мұстафа Шоқай еді. Тек қазақ емес, түбі бір түркілердің азаттығы, бірлігі жолында арпалысқан қайраткер жайлы көркем туындылар, зерттеу еңбектері кейінгі ширек ғасырда жазыла бастады. Олардың қатарында Әкім Таразидің «Мұстафа Шоқай» романы, Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» пьесасы, режиссер Сатыбалды Нарымбетов түсірген осы атаудағы көркем фильмі бар және Қасымхан Бегмановтың шығармашылығындағы шоқтығы биік поэмаларының бірегейі – «Шерлі Түркістан» поэмасы бар.

«Жұлқысқанмен жұлқысқан,

Қырқысқанмен қырқысқан.

Атқа мінсе ерлері,

Қара бұлттай тұтасып

қайыстырып жер бетін

шығатұғын әр тұстан.

Бөлшектелмеген баяғы,

Шерлі де, мұңлы Түркістан.

Түркістанда мемлекет құрам деп,

Дар алдында кірпік қақпай тұрам деп.

Мұстафа Шоқай ер шықты,

Қару алып көшеге

кәпірлерге бағынбаған ел шықты.

Түркістанның тұтастығын аңсаған,

Жанын қиды осы жолда қанша адам.

Беу, жас ұрпақ, не айтайын мен саған.

Мұнда шынайы тарихи материализм көрініс табады.  Ол жиырмасыншы жүз жылдықтың басындағы қазақтың қасіретті, қилы тағдыр жолын суреттеген, Мұстафатанудағы канондық жанды туынды. Поэманың басты қаһарманы – Мұстафа Шоқай. Сондықтан поэмадағы негізі фабула басты кейіпкер өмірінің айналасында өрбиді. Мұстафа Шоқай және оның ғұмыры. Киелі Түркістанның жолындағы алапат арпалысқа толы күресі, еткен еңбегі, бізге аманат еткен өсиеттері – тұтастай дара университет секілді. Әнуар Әлімжанов, Айтан Нүсіпхан, Көшім Есмағамбетов – осы есімдері аталған ауторлардың әрқайсының шоқайтану ғылымын дамытуға үлкен үлес қосты.  Міне осындай көпсалалы Мұстафа Шоқайды зерттеу жолында көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың өз орны бар. «Мұстафа Шоқай жолымен» деген атаумен шыққан сүбелі, әйгілі еңбегі, Наршоқыдан бастап Берлин қаласына шейінгі жолда таспалаған 4 бөлімнен тұратын документал фильмі, ең бастысы Өскемен шәрінде болған даулы сот процесінде М.Шоқай есіміне бір өзі араша болып, соңында жеңіп шығуы оның бұл тақырыпқа деген адалдығының айқын бейнесі. Енді міне, «Шерлі Түркістан», – дееген тарихи дастанын жазды. Қасымхан Бегманов бір дүниеге шүбәсіз иланады: М. Шоқайдың дара тұлғасы үшін тартыс – бұл ізгі, асқақ идея үшін күрес, Түркістан халықтарының бірлігі мен келешегі үшін күрес. Бұл мәңгіге толастамас адал арпалыс. Қасымхан ақынның осынау дастаны Мұстафа Шоқайға бағышталып, Мұстафа сүйген ұлы Түркістанға арналған. Мағжан, Шолпан, Абдулла Қадыри сияқты титандар жырына қосқан гөзәл Түркістанға.

«Ұлы Түркі дүниесі, бәріне тас боп бекінген,

Дұшпанының үстінен

арыстандай ақырып барып секірген,

 

Ата жаулары алдында тізерлеп тұрып,

қатындай жылап өкірген.

 

Шыдай алмастан сесіне,

Келдім деп мұнда несіне.

 

Еңбектеген қалтырап,

Тұра қашқан сонадайдан төбелері көрінсе,

құйрықтары жалтырап.

 

Жігіттері жаужүрек,

Қас-қағымда шешетін бітпейтіндей дауды көп.

 

Шімірікпеген жүздері, ет кессе де етінен,

Ержүрек батыр шетінен.

 

Әлсіздерді жоймаған,

Ат үстінде ойнаған.

 

Алшаңдаған осы біздің қазақты,

Құл қылам деп ойлаған.

 

Ежелгі дұшпан артынан

тоз-тоз боп кеткен Қалмағы,

Өз алдына дербес бір ел болып та қалмады».

 

Орталық Азия мен Ауропаның көптеген өңірлерін аралап өткен Мұстафаның ғұмыры аттың үстінде болғанын, үздіксіз қуғын-сүргінге ұшырағанын аутор нақты-нақты мысалдарды пайдалана отырып суреттеген, көркем баян еткен. «Өмірді шексіз сүйеді, Өлікпен қатар жатқандар» деген тармақтар Мұстафа  Шоқайдың жер басқан тірі жандар арасынан сабыр, мият таппай, ұят таппай, қуғыншылардан қашып келе жатқанда зираттарда түнеп шыққандығын жазады. Ақын Мұстафаның жары Мәриямға да фокусты дәл  ұстаған. Оның мұсылман жоралғыларымен жарының артын тосуы, Пағиждегі мұсылман мешітінде құран бағыштап, ас беретін эпизодтарын жазу арқылы ақын Мұстафаның асыл жарының бейнесін толық аша білген. «Жүз жылдықтар ағады» деп басталатын поэманың өне бойы тұнған тарих десек те болады. Ғасырлардың тамырындағы қанмен бір аққан жыр десек те артық айтқанымыз емес.

«...Түнгі Париж, қаңғыдым жалғыз Шанзелия көшесіменен,

Шарапты тартты шайырлар кесесіменен,

Жоғалған уақыт...толады есесі немен.

Мұстафа Шоқай сан жүрген жабырқап жалғыз,

Шеллде Мариям,         

Берлинде Мұстафа...қабыр қап жалғыз.

 

Арманын оның дос түгіл жау ұқты дедім.

Жүз жылдықтар... жанымды ауыртты менің,                                      

Қайран Түркістан бөлшек боп бөлініп кеткен,

Анталап келіп, жан-жақтан желігіп жеткен.

 

Мұстафа Шоқай рухы, өкпелі ме екен,

Мариям ару көз жасын төкпеді ме екен.

Жарық жұлдыздар аспаннан ағып барады,

Тұлғалар тағы дүниеден өтпеді ме екен.

 

Қош, Париж, Шеліңмен, Ножаныңменен,

Қайдамын бүгін, уақыттан озамын деп ем.

Жұмағыңменен, тозағыңменен,

Аспанға қолды түбі бір созамын деп ем.

 

Самарқан, Қоқан, Ташкент, Астанам сосын,

Түркістан, Cауран, Cозағымменен.

Мариям жазған оқыдым сырларды ғажап,

Меңгеріп жатты бұл кезде қырларды қазақ.

 

...Шындықты елі апыр-ай, кеш біліп тұрды,

Кларнетаның мұңлы үні естіліп тұрды.

Жүз жылдықтар ағады...»

Сонымен қатар, Қасымхан Бегмановтың осы поэмамен ғана шектелмей сүбелі зерттеу еңбегін – «Мұстафа Шоқай жолымен»  деп аталатын тарихи-деректі, танымдық сапарнама жазғандығын да білеміз. Бұл кітапты жазу үшін Қасымхан Бегманов зор тәуекелдерге, ұзақ сапарларға аттанған. Мұстафа Шоқайдың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап осындай дара тұлғаның кіндік қаны тамған Наршоқыдан басталған зерттеу сапары, жас кезінде білім алып, қызмет атқарған жері Қызылорда, Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан, Санк-Петербург, Баку, Тбилиси, Кутайиси, Батуми, Ыстамбұл, Париж, Шелл, Ножан-Сур-Марн, Фонтанблю, Берлин секілді түрлі шаһарларға барып, мұрғаттардан құнды ақпараттар жинап жазып шыққанын біреу білсе, біреу білмес. Ол кітаптан үзінділері түрлі басылымдарда жарияланып келді. Бұл еңбек арқылы қазақ қоғамы ұлы қайраткер туралы құнды мәліметтерге қанып, рухани мол мұраға байып қалғаны сөзсіз. Осынау еңбектің желісімен деректі фильм де түсірілді. Онда Қасымхан ақын өзі режиссерлік етіп, көрерменге де сүбелі еңбекті тарту еткен. Қасымхан Бегмановтың осы жанкешті сапарына қарап біз оны қазақтың Марко Полосы, Фернандо Магелланы деп атасақ та болар.  Дәл осы еңбектің маңызын әуелі оқу арқылы түсінсек, одан бұрын осы кітапқа жазылған пікірлерді де назарларыңыз ұсынайын. Ыстамбұлдағы Мимар Синан Көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қара осы зерттеу еңбегі туралы былай деп лебіз білдіреді. 

«Ақын, Мұстафа Шоқайды зерттеуші – Қасымхан Бегманов Қазақстанның Париждегі Төтенше және өкілетті елшісі Мұрат Тәшібаев топ мүшелерін қабылдады, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Эйфель мұнарасы, Трокадеро музейі, Нотр-Дам, Шанзелизе, Конкорт, Опера, Мадлен, Олимпиада залы, Лувр тағы да басқа тарихи орындарды экспедиция мүшелері аралап көрді, тиісті деректер мен құжаттарды алды. Экспедиция М.Шоқай атамыздың қырық күндік асы берілген Париждегі ең үлкен мешітте болды. Бабамызға дұға бағыштады. Топ мүшелері бұл жерден де қажет құжаттарды қоржындарына салды. Париждегі Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамының өкілдерімен кездесті. Парижде тұратын қазақтардың беделді ақсақалдарының бірі – Садық Жігіт деген қарияның үйінде болдық. Көп деректерге бұл жерде де қанықтық. Ақ орыстар туралы кітап жазып жүрген Андрей Карлоковпен кездесудің сәті түсті. Мұстафа Шоқайдың бұрын еш жерде жарық көрмеген, ешқандай зерттеушінің қолына түспеген суретін Андрейдің кітабынан Қасымхан Бегмановтың өзі іздеп тапты. Қасымхан Бегманов осы сапарлар кезінде көрген-білгендерін қолыңыздағы кітапқа арқау етіп, алдарыңызға тарту қылып ұсынып отыр. Меніңше, бұл кітаптың құны жоба бойынша түсірілген осы деректі фильмнен жоғары болмаса, кем емес. Өйткені кітапта деректі фильмге сұхбат берген бүкіл адамдардың айтқан сөздері қамтылған. Маңызды құжаттардың көшірмелері берілген. Сонымен қатар автор осы сапарлар кезінде алған әсерлерін жалпақ әдеби тілмен де, өлең тілімен де жеткізе алған. Сондықтан бұл еңбек сауапты іс болып қана қалмай, Тәуелсіз қазақ елінің 20 жылдығында тартуы әрі оның азаттық жолындағы тарихының, егемендік үшін еңбек еткен ерлерінің жасампаз істерін келешек ұрпаққа жеткізетін өте құнды тарихи дүние болатыны сөзсіз. Бұл жоба Мұстафа Шоқай арқылы ол өмір сүрген, еңбек еткен, уақытша мекендеген бірнеше мемлекеттермен арадағы достығымыздың берік қалыптасуына да алдағы уақыттарда мұрындық бола алады.

Сонымен, қорыта айтар болсақ, белгілі ақын Қасымхан Бегманов осы еңбегімен шоқайтану саласына деректі, ғылыми, танымдық үлкен еңбек сыйлап отыр. Қасымхан Бегмановты осы құнды еңбегімен құттықтаймын және оқырманның да көңілінен шығады деген ойдамын.», – дейді.     

Осы орайда Мұстафаның тарихи маңызды жолын зерттеу барысында Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай» деп аталатын 1 бөлімді, 7 көріністі тарихи  драма да жазғанын айта кеткен жөн. Түркі халықтарының басын біріктіру мақсатында көптеген қиындықтарға тап болған мемлекет қайраткері М.Шоқайдың шетелдегі саяси-күрескерлік өмірі драмалық тартыс үстінде көрсетілген. Пьесаның алғашқы көрінісінде дәл қазіргі күнге дейін М.Шоқайды «фашистермен ауыз жаласқан» деген қара күйе жағып, даттап жүрген журналистердің ісін сотта қараудан басталады. М.Шоқайдың ешқандайда туған елге қарсы қылмысты істерге бармағанын дәлелдеуге бел шешіп кіріскен ақын Байбөрі Бек-Арыстан пьеса соңында дәлелдеп шығады. Мұстафа Шоқай бүкіл саналы ғұмырын барша түркі халықтарының азаттығына арнаған көрнекті тұлға болғаны пьесада нақты әрекеттер үстінде ашылып отырады. Оның басты мақсаты, арманы мен мұраты түркі тектес халықтарды бір тудың астында біріктіріп, үлкен мемлекет құру болды. Ол Францияда  эмиграцияда жүріп Кеңес Одағының Түркістан халықтарын бөлшектеп, отарда ұстап отырғанын Еуропа баспасөздерінде батыл жазды.  Алаштың ардақтысы, бүкіл түркі жұртының қамын ойлаған М.Шоқай сансыз қиындықтарды басынан кешіре жүріп, алған бетінен қайтпаған  табанды тарихи тұлға болып қалғаны әртүрлі жағдайда бейнеленген.

Пьесаның  басты мақсаты бүгінгі  ұрпаққа Мұстафа Шоқайдың   түркі халықтарының бірлігі туралы мәңгі өлмейтін идеясын насихаттау. Саяси қайраткердің арпалыспен өткен өмір белестерін суреттей отырып, оның рухани кемелдігін ашу болды.  Мұстафа Шоқай туған ел мен жердің мүддесі үшін, тұтас Түркістан идеясы жолындағы күресте жанын қиды. Ол түркі дүниесіне, ұлтқа  қызмет етудің мінсіз үлгісін көрсетіп,  осы жолда жас ұрпаққа мемлекетшіл тұлға болып қалыптасудың өнегесін өз өмірімен дәлелдеді. Оның бүгінгі болашағымызға сіңірген теңдессіз жанқиярлық еңбегі, халықаралық саяси күрескер ретіндегі сом  бейнесі пьесада әр қырынан ашылған. Сонымен қатар ақынның драматургия саласындағы тағы бір еңбегі өзінің темірқазығы, мойнына артқан ұлы жүгі «Менің Мұстафам» монодрамасы. Бұл тарихи монодрама көрнекті мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың асыл жары Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» деп аталатын естелік күнделігінің  желісімен жазылған. (Аталмыш  монодрама М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры жариялаған «Монодрама» байқауынан «Үздік тарихи монодрама» (2021 жыл) номинациясын жеңіп алған).

Пьесада Мария сүйген жары Мұстафамен кездескен сәтінен бастап, екеуінің көптеген қиыншылықтарды бастан өткізгенін күнделік жазып отырып есіне алады. Қоқандағы Түркістан үкіметі құлағаннан бастап, большевиктердің қуғынына түскен Мұстафаның қыл үстіндегі тағдыры Мария аузымен әсерлі баяндалған.  Шетелдерге еріксіз кетуге мәжбүр болған ерлі-зайыптылар тұрмыс тауқыметін бірлесіп жеңеді. Мұстафа қай елде жүрсе де, өзінің алған бетінен қайтпай барша түркістандықтарды большевиктер шеңгелінен құтқаруды мақсат етті. Күллі түркі баласының басын біріктіру туралы Мұстафаның  идеясы Еуропа мемлекеттерін елең еткізеді.  Ол Кеңестер Одағының көптеген халықтарды өз езгісінде ұстап, қанап отырғанын баспасөз беттерінде ашық жазып, табанды түрде қарсылығын білдіреді. Бір сөзбен айтқанда Мария қайсар мінезді, өр тұлғалы Мұстафа туралы естелігін жаза отырып, оның адами қасиеттерін, білімділігі мен зиялылығын тебірене есіне алады. Алаштың ардақтысы, бүкіл түркі жұртының қамын ойлаған М.Шоқайдың басына қандай күн туса да, жанында болған Марияның адами болмысы  да жан-жақты ашылған. Пьесадағы Мұстафа мен Марияның бір-біріне деген махаббаты бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Осының алдындағы тарихи драма болса ендігі бір еңбегі «Мұстафа Шоқай» тарихи поэтикалық драмасы. «Мұстафа Шоқай»  бір бөлімді, жеті көріністі тарихи поэтикалық драмада еліміздің көрнекті тұлғасы, күллі түркі  халықтарының көсеміне айналған Мұстафа Шоқайдың саяси-қайраткерлік өмірі суреттелген. Пьесада 1918 жылы Қоқандағы Түркістан үкіметі құлағанан кейін, большевиктердің қуғынына ұшыраған М.Шоқайдың еріксізден шетелге кетуге мәжбүр болуы нақты оқиғалар негізінде баяндалған. Сүйікті жары Мария екеуінің  Грузияда, Стамбулда, Францияда бастан кешкен қиындықтары шынайы  өрілген.

Тұрмыстық қиындықтарға қарамастан Мұстафаның басты мақсаты, арманы мен мұраты түркі тектес халықтарды бір тудың астында біріктіріп, үлкен мемлекет құру жолында көптеген істер тындырғаны баяндалады. Ол Францияда  эмиграцияда жүріп Кеңес Одағының Түркістан халықтарын бөлшектеп, отарда ұстап отырғанын Еуропа баспасөздерінде батыл жазады.  Алаштың ардақтысы, бүкіл түркі жұртының қамын ойлаған М.Шоқай сансыз қиындықтарды басынан кешіре жүріп, алған бетінен қайтпаған  табанды тарихи тұлға болып қалғаны пьесада жанр ерекшелігіне лайық жазылған. Халық  тіреуіші қашан да асыл сөз иелері ақын-жыраулар болған. Қазіргі қазақ поэзиясында да да баба рухын жаңғыртып, жаңартып өзінше үн қоса білген ақындарымыз да аз емес. Жастық шақтағы максимализмді, алып-ұшпа сезімді алпыс, жетпіс жасқа дейін созып, соны махаббатқа балап, әйелге деген сезіммен ғана поэзия кеңістігін тарылтып алған, шығармашылығын шектеген ақындар да бар. Сонымен қатар қазіргі заманға сай, қазіргінің оқырманына қажетті ойлар айтып, атмосфералық ләззат сыйлай алған қаламгерлер онша көп емес екені жасырмау қажет. Қара басының қамын емес, қазақ тарихындағы қасиетті бабалардың даңқты істерін сағынып, осындай тектілікті жан жүрегімен аңсаған ақындардың бірегейі – Қасымхан Бегманов. Тәуелсіздік дәуірінің ақыны жыраулардай толғайды. Ақынның «Күреңбел» аталатын өлеңдер жинағын оқып шыққан соң, қазіргі қазақ поэзиясында шынында да өзгерістер, жаңалықтар барына көзім жетті. Өйткені, Қасымхан Бегманов жұрт айтқандай лирикалық  бағытта ғана жазатын ақын емес, оның лирикалық кейіпкері өзінің жас шағындағы риясыз бозбала сезімін сол күйінде сақтай отырып, Туған жер, Атамекен, Отан, Ана, Ұлт, Тарих, Түркі деген концептілерді басты нысан қылып алған шыншыл, шынайы ақын. Ақынның шығармашылық және азаматтық, адамдық мүддесі бүгінгі күні айналамызда болып жатқан небір құбылыстарға өзінің жеке көзқарасын көзіқарақты оқырманға тура қарап, бүкпесіз, бүркемесіз айту, нақтырақ айтсақ, жазу еді. Қазіргі жалғандық жайлаған қоғамға, соның ішінде әр түкпірде бір күбірлесіп, төртбұрышты шап-шағын, данышпансыған топтарға арнаған жан үнін ақынның «Көше ақындары» деп аталатын өлеңінен естуімізге болады. Ол өлеңде қолына қалам ұстаған жас ақындарға өткен ұлылардың өмірі, тағдыры, тартқан тауқыметі туралы көбірек ойлану керектігін, дәл солар жазған өлеңдер жазылғанымен, дәл солар жасаған жанкешті ерліктердің ұмытылмайтынын, ұмытпау керектігін айтады. 

Мұстафа Шоқай және оның ғұмыры. Киелі Түркістанның жолындағы алапат арпалысқа толы күресі, еткен еңбегі, бізге аманат еткен өсиеттері – тұтастай дара университет секілді. Әнуар Әлімжанов, Айтан Нүсіпхан, Көшім Есмағамбетов – осы есімдері аталған ауторлардың әрқайсының шоқайтану ғылымын дамытуға үлкен үлес қосты.  Міне осындай көпсалалы Мұстафа Шоқайды зерттеу жолында, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың өз орны бар. «Мұстафа Шоқай жолымен» деген атаумен шыққан сүбелі, әйгілі еңбегі, Наршоқыдан бастап Берлин қаласына шейінгі жолда таспалаған 4 бөлімнен тұратын документал фильмі, ең бастысы Өскемен шәрінде болған даулы сот процесінде М.Шоқай есіміне бір өзі араша болып, соңында жеңіп шығуы оның бұл тақырыпқа деген адалдығының айқын бейнесі. Енді міне, «Шерлі Түркістан», – деген тарихи дастанын жазды. Қасымхан Бегманов бір дүниеге шүбәсіз иланады: М. Шоқайдың дара тұлғасы үшін тартыс – бұл ізгі, асқақ идея үшін күрес, Түркістан халықтарының бірлігі мен келешегі үшін күрес. Бұл мәңгіге толастамас адал арпалыс. Қасымхан ақынның осынау дастаны Мұстафа Шоқайға бағышталып, Мұстафа сүйген ұлы Түркістанға арналған.    

«Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» секілді газеттерге жарияланған сол заманғы қатарлас өмір сүрген ақындардың, қоғам қайраткерлерінің Қасымхан Бегмановтың адами болмысы, шығармашылығы туралы пікірлерін саралай отырып, қазақ поэзиясының алдыңғы қатарлы өкілі екеніне көзім жетті. Мысалға Қадыр Мырза-Әлидің «Ташкентпен қоштасу» дастанына поэтикалық құбылыс деп баға беруі әдебиет тарихында жиі жолықпайтын пікір. Сонымен қатар, Тұманбай Молдағалиев Қасымхан Бегмановты «Махаббат ақыны»  деп атағандығы да аз баға емес. Ақын шығармашылығын зерттей келе, талай жүректің сағынышын селдеткен «Ол көктем оралмайды»  әнінің мәтінін жазғандығын да білдім. Өлеңнің әнге айналып, сағынғандар мен күткендердің әнұранына айналуы - нағыз поэзия.

Қасымхан Бегманов –  азаматтық позициясы мығым ақын. Ұлттық поэзиясының тарихын қарайтын болсақ «азамат ақын» деген биік бағаға лайықты ақындар санаулы. Мәселен, «Оян, қазақ!» деп жырлаған Міржақып Дулатұлы, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам…» деп серт еткен Сұлтанмахмұт Торайғырұлы сияқты арыстарымызды мақтана айтуға болар. Қазіргі қазақ поэзиясынан «азамат ақын» деп атауға тұратындай ақын болатын болса, ол – осы Қасымхан Бегманов. «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» еңбегінде Амантай Шәріп тарихилық принцип ұлттардың тарихи танымының кеңи түсуіне ықпал еткендігін қадап айтады. Ғалым мәселені тарқата отырып, күрделі пайымдаулар жасауында көңіл бөлген қазақ ағартушылығына тән басты өзгешелік өзіндік сипат – тарих шындығы.  Ақынның «Ташкентпен қоштасу», «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым», «Мен өзімнен бөле алмадым Тұранды» деп аталатын  өлеңдерінен ақынның азаматтық болмысын тануға болады. Ол туған жерін  өліп-өшіп сүйетін ақын. Шетсіз-шексіз сүйеді. Иә, саналы адамның барлығы өз Туған жерін ерекше қастерлейді. Бірақ, Қасымхан Бегмановтың Туған өлкесіне деген махаббаты басқалардан тым бөлек, алабөтен. Олай деуімнің себебі оның Жүрегінде мұң мен шер, нала мен қапа бар. Мұңы мен шері өзегін қарып, намыс-жігерін қайнатып, көңіл құтысын шытынатып, жүрегінің түкпірінен азамат сөзін өлең етіп төгеді. Міне, өлең деген жүректегі сезімнен туады деуіміз осыдан. Жаңа ғана мысалға алған Міржақып бабамыздан алдын қайсы ақын «Оян, қазақ!» деп шырылдаған еді? Міржақыптың ауызына «Оян, қазақ!» деген сөзді Жаратқан Тәңірі салған емес пе! Міржақыптың басқа ақындардан ерекшеленетіні де осы.

Түгел сөздің түйіні, ақын Қасымхан Бегманов поэзиясы – өзінің оқырмандарына ұстаз боларлықтай, сонымен қоса ғылыми-танымдық сауатын арттыра алатын, сапасы мен мазмұндық тереңдігі, тақырыптық-идеялық ерекшелегі қуатты, ауқымды да кең арналы шығармалар екенін айтқымыз келді.  Сонымен қатар, Мұстафа Шоқайдың өмір жолы мен ел үшін атқарған қайталанбас қызметтерін зерттеуге Қасымхан ақын өз өмірінің көп бөлгін арнаған. Сол ұлы тұлға тарихын зерттеу барысында «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын екі томдық тарихи-танымдық деректі сапарнама еңбегін оқырманға ұсынды. Сол жолда «Шерлі Түркістан» поэмасы да жазылды. «Мұстафа Шоқай» атты драма да Қасымхан Бегмановтың қаламынан сахна төріне шықты. Қазақ ғылымындағы аса бір қатты зерттелмей келе жатқан этнография саласы еді. Бұрыннан таныс болғандар үшін сұхбат түрінде жазылған «Этнографпен әңгіме» этнография саласына қосқан сүбелі еңбек. Бұл еңбектен қазақ халықының ұмытылып бара жатқан салты мен дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, терең тарихы, бағзы мәдениеті, көнерген сөздері, ұлттық киімдері, тағам түрлері мен тамақтану әдебі, ережесі, төрт түлік малды бағу мен емдеу, ырымдары, жорамал болжамды қалай жасағаны, саятшылық, аңшылық дәстүрі, күнтізбесі, түс жорудағы тылсымдық, жыл санауы, жеті ата жолын жалғауы, жеті қазынасы, қазақ метрологиясы, бүгіні мен болашағы және аса көрнекті, асқан білімді этнограф, ғалым Жағда Бабалықұлының ғұмырдариясына байланысты бұрын еш жерде жарияланбаған  деректер мен абыздың бүгінге дейін көпке белгісіз, баспасөз беттерінде бұрын жарияланбай кеткен басқа  қырларынан да мәлімет аласыздар.  Жалпылай алғанда, Қасымхан Бегманов шығармашылығындағы түркі танымы қазіргі өлісімен арабша, тірісімен орысша сөйлесетін қоғам үшін, ата тегімізді, тарихымды іздеу жолында тұсбағдар болары анық. Тәрбиелік мәніне келер болсақ, елдің ізгі мұраты үшін қақсап кеткен қасқаларды зарыға жоқтауы, сағына жазуы, ерліктерін, қайраткерлік, күрескерліктерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етуі – отансүйгіштіктен туған шынайы жан шырылы деп түсінемін.               


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар