Міне, талайдан таныс, замандас қаламгер Жолтай Әлмашұлының жаңадан шыққан «Қаратау қаһары» атты кітабын( Астана, Бек-Дидар, 2022 ж) қолыма алып, қайталап парақтап отырмын. Бұған дейін бір рет оқып шығып, қаламгерлік қарымына риза болғам. Өз ойымша, осы кітап өткен жылы жарық көрген көркем туындылардың үздіктері қатарында атап айтуға болатын, тіпті қай сыйлыққа да ылайығы екен-ау деп ойлап қойып ем. Бүгін қолыма қалам алып, сол ойларымды қағаз бетіне түсірдім.
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің қай бұрышын алсаңыз да тұнған шежірелі тарихымен, хақымыздың жүріп өткен жасампаз ерлік жолымен ерекшеленетіні ақиқат. Ғасырлар қойнауынан сыр тартқан сол қасиетті ұлан-байтақ жерді көздің қарашығындай сақтауға, салт-дәстүрімізге адал болуға үндеп, мұраға қалдырып кеткен ата-бабаларымызға күнделікті мың тағзым етсең де көптік етпейді. Бұл қазіргі ұрпақ парызы, ата-бабалар аманатына адалдық. Осы тұрғыдан ой өрбіткенде әрбір тасы мен топырағы қасиетті саналатын Қаратау өңірін айналып өте алмас едіңіз? Қаратау ықылым замандардағы қиын-қыстау, аласапыран тарихи оқиғаларды бауырына бүгіп жатқан киелі мекен. Осынау қасиетті өңірдің бүгінгі жай-күйі, оның төңірегін мекендеген адамдардың тыныш-тіршілігі ешкімді де бей-жай қалдырған емес.
Бұрындары Қаратау өңірі (киелі Түркістан мен шежірелі Жаңақорған аймағы) жайында сол қасиетті мекеннен түлеп ұшқан ақын-жазушылардың шағын әңгімелері мен өлең арнаулары баспасөзде аракідік жарияланғанымен өз алдына бөлек, кесек дүние жарық көрмеген болатын. Енді міне, бұл олқылықтың орны толды деп айтуға толық негіз бар. Белгілі қаламгер Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Қаратау қаһары» деген атаумен көне тарихи өңірдің қазіргі келбетін, адамдарының өмір-тіршілігін, болмысын суреттейтін қазіргі қысқа романдар топтамасы өз оқырмандарына жол тартып отыр. Әлі сиясы кеппеген жаңа романдардың айтар ойы, қозғайтын тақырыбы бізді де қызықтырғаны рас.
Әр ауылдың ақылы асқан, пәтуәлі сөз айтып, дүйім жұртты өзіне тарта білетін дана қарттары болатыны даусыз. Ел іргесінің шайқалмауына, жастардың үлкенді тыңдап, құрмет көрсетуіне, дұрыс жолды таңдауына, әдептілік пен көргенділік сияқты ізгі қасиеттерді өмірлік байламы етуіне данагөй қарттарымыздың ақыл-кеңестері үлкен септігін тигізумен келеді. Бірден айта кетелік, мұндай заманауи мәселелер шығарма желісінің негізгі арқауы ретінде алынған. Алайда өмір болған соң қуанышымен қоса, қайғысы мен мұңы да қатар жүретіні белгілі. Осылардың барлығын екшей отырып, жазушы қазіргі заман тынысын дөп басып, аса күрделі қиындықтардан шығу жолдарын іздейді, өз оқырманымен ой бөліседі. Өйткені, тәлім-тәрбие ісі адам дамуының ең басты өзегі болуымен маңызды. Ол әсіресе, дәл қазіргідей аумалы-төкпелі түсініксіз кезеңде ауадай қажет, тіпті күнделікті шегелеп айта беретін күрделі проблемаға айналып отырғаны да шындық.
«Ауылыңда дана қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген тәмсілді халқымыз тегіннен-тегін айтпаған болса керек! Мәселені осы тұрғыдан алғанда, қолымызға тиген қысқа романдардың «Қария мен құмырсқа» (роман-ирония) деп аталатын бірінші кітабында Абыз (Абылбек) деген ақсақалдың Қаратауға жақын маңда орналасқан шағын ауыл арасында аракідік орын алатын дау-дамайлардың оң шешімін табуына үнемі өзінің ақыл-парасатымен мұрындық болатыны баяндалады. Ауылдағы «жетім-жесір» дауы, қызғаныш пен қайғы, реніш сияқты өмірі бітпейтін кикілжіңдер жастар арасында орын алатын оғаш әрекеттер алдымен осы Абыз ақсақалдың төрелігінсіз шешілген емес. Роман желісінің өзі – алыстағы ауыл адамдарының мінез-құлқындағы тәлім-тәрбиенің кемшін соғуы салдарынан өмірден опық жегендерге барынша көмек қол ұшын созу, жылағанды жұбату, сүрінгенді демеу. Ал қазіргі қоғамда мұндай келеңсіздіктердің салдарынан өмірден өз орнын таба алмай теріс жолға бет бұрған жандар қанша ма? Қаламгердің айтар ойы да әсіресе жастарды, жалпы адамзатты теріс жолдардан мейлінше сақтандыру.
Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының кейіпкері сол бір ғана Абыз қариямен шектелмейді. Мәселен, Абыз қарияның Асанхан, Жасанхан, Хасанхан деген ержеткен үш ұлы бар. Бір таңқаларлығы - үш түрлі мінез, үш түрлі ой-арман. Қателікке бой алдырып, шалыс басқандарын ақсақал ретіне қарай ашуға басып, тәрбиелік жолға салуға шебер. Әсіресе қарияның ортаншы ұлы Жасанханның Тома (Томпыш) деген ауыл қызымен некелеспей жатып байланысып, одан пайда болған баласы қарияны қалың мұңға батырып, күйзеліске жетелейді. Алайда жүрегі кең дария іспетті ақсақал «өзімнің ізімді басар тұяғым, жас сәбидің жазығы не» деп шақалақ-немересімен бірге Тома келінді Жасанхансыз-ақ қабылдап алады. Жасанхан баланы мойындағасы келмесе де, қария өзінің биік парасат, адамгершілік қасиетін жоғары қоя отырып, немересін қабылдап алуы қазіргі кезде екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен жүректі адами ерлік десек артық па!.. Алайда, жас адамның өмірі мен тағдыры әрқилы. Онымен есептеспеске тағы болмайды. Жазушы осындай өмірдің ащы сабақтарын келтіре отырып, жастарды теріс жолдан жирендіріп, қателіктерге ұрынбауға үндейді. Тастанды балалардың алдын алудың имандылық-тәрбиелік тәрізді жолдарын меңзейді.
Жалпы романды оқып отырсаңыз бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланысқан кейіпкерлерді жиі кездестіресіз. Ал олардың пайда болуы бірін-бірі толықтырып қана қоймай, ауыл адамдарының бір пәтуаға келуі, ақыл сөзге құлақ асуы, ортақ мәмілені қабылдап, ортақ пайдалы істерге жұмылуымен астасып жатады. Қазақ жөн сөзге тоқтаған халық. Бұл қай кезеңде де, қай өңірде де өте құптауға тұрарлық жағдаят болғаны даусыз. Жазушының өз кейіпкерінің сан-саққа жүйткіген ой-қиял ауанын байқампаздықпен бере отырып, өз деңгей-биігін көрсететін һәм өзіне ғана сай келетін образды шығара білетін шеберлік қабілетін аңғару қиын емес.
Кейбір адамдар өмірдің күтпеген сәтсіздіктерінен жабырқап, сезім тоқырауына бой алдырған кездерінде өзі түсініп болмас тылсым әлеммен не жануармен әлде жәндікпен тілдескісі келетіндей қиял-ғажайып әлемін ойша шарлап кететіні тағы да түсінікті жәйт. Сол арқылы жаны жай табатындай күйді бастан кешірсем деп тәтті қиялға берілетін жандар да жеткілікті. Өмір шіркін қатал дейміз, шын мәнінде солай ма? Мына төрткүл дүниеде «неге сол төрт құбылам түгел күйінде рахат өмір сүре алмадым?» деп шарасыз күй кешетіндерді де көріп жүрміз. Шығарманың негізгі кейіпкерлері Абыз ақсақал мен оның келіні Томаның құмырсқа жәндігімен шырғалаңы мол өмір туралы әңгіме-дүкен құруы, өздеріне қажетті ақыл-кеңеске қанығуы оқырманын ойландыра суреттеледі. Өйткені, кез-келген пенде өз қиялындағы барлық ой-арманын ешкімге риясыз ақтарыла алмайтыны белгілі ғой. Яғни, бұл арқылы қаламгер өз кейіпкерлерінің шағын ғана ауылдағы, сондай-ақ жеке бастарындағы шешімі күрделі жағдаяттардан әрі қатал тағдыр тәлкегінен бір сәтке болса да бойтасалауы деген болжамды алға тартады. «Адам баласы ең болмаса мына жәндік- құмырсқа сияқты күні бойы тырбанып еңбек етсе, күнделікті тұрмыс-тауқыметінен біртіндеп құтылар ма еді» деген келелі мәселені де ой таразысына салады қаламгер... Өйткені, табиғатта құмырсқа жәндігі өте еңбекқор, кішкенелігіне қарамастан күшті, өмірге бейімделгіш тіршілік иесі. Яғни, құмырсқа мен адамның екеуара пікір алмасуы жазушының фантастикалық ой жүйріктігінен туындаған өмірге, еңбекке деген құштарлықты арттыру, сол үшін адамның ерік-жігерін қайрау демей, не дерсіз?
Мұның барлығы түптеп келгенде бүгінгі өмір шындығынан ұзап кетпейтін қағидаттар. Бала кезімізде үлкендердің «құмырсқаның илеуін бұзбаңдар, құстың ұясына тиіспеңдер» деп отыратын тәлім-тәрбиесі күні бүгінге дейін өз маңызын жойған емес, жоймайтын да шығар. Мұның астарында әрине, үлкен тәрбиелік мән-мағына жатыр. Сонымен, жазушы Жолтай Әлмашұлының бірінші кітаптағы айтар ойы қысқа түйіндегенде мынаған саяды: «Оууу адамдар, қандай қиындыққа тап келсеңдер де, өмірден баз кешіп түңілмеңдер, тәрбиелі болып, ерінбей еңбек етіңдер, бір-біріңе көмек қол ұшын беруге дайын тұрындар, Отан мен жерді сүйіңдер, адамгершілік қасиеттерді берік сақтаңдар, жетімің мен жесіріңді жылатпауға талап жасаңдар!» Кітапты аяқтай бергенде «Біздің қалдырған аманатымызға барынша адал болыңдар, бөлінбей-жарылмай, қиындыққа мойымай тірлік кешіңдер» дегендей, көне тарих тереңінен ата-бабалар үні жеткендей болады құлаққа…
Жазушының қаламынан туған «Қаратау көкжалымен қоштасу» атты (роман-эпилог) екінші кітабында да сол Қаратау баурайындағы қазақ ауылдарының бітім-болмысы, адамдарының өмір сүру қарекеті арқау болған. Романға өзек болған оқиғалар сан қырлы. Заман ағымына байланысты өмірлік қөзқарастың жаңаша болуымен, композициялық құрылымының ерекшелігі өз оқырманын жетелеп отырады. Жалпы Жолтай Әлмашұлының жазушылық шеберлігін кейіпкерлерінің мінез-құлқының әралуандығынан, олардың іс-әрекеті мен ұтымды сөз саптауынан айқын көрініп отыратынын аңғара түсесің. Әсіре боямасыз әрі тым қызыл сөзге ерік бермей-ақ, ақырын баяндау арқылы образ сомдауынан тағы да қаламгерлік қырын ашқандай боласың. Қарапайым өмір оқиғасы баян болып отырады да, кенет өзің де сол ортаға еніп кеткендей күй кешесің! Қаламгердің мұндай көзге көрініп тұрған қабілетін қадап айтқан орынды.
Біз талдап отырған екінші кітап бірнеше бөлімге бөлініп қарастырылғанымен бір-біріне мүлде ұқсамайтын образдар тобымен, оқиғаларымен ерекшеленеді. Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, тіпті оның алдындағы қиын-қыстау кезеңдердегі тағдыр тәлкегіне түскен қазақ халқының өзбек, тәжік, қала берді ауған жағына қарай үдере көшуі, аса ауыр жағдайды бастан кешуі, сөйтсе де емендей мығымдық танытып, бірлігін шыңдап, өз ұлттық болмысын жоғалтпай сақтап қалған жанкештілігі көз алдыңа сурет боп тартылады. Өз ішіміздегі кейбір ұрдажық «ура патриоттар» қай кезде де елдің шырқын бұзғанын ескі тарих қайта-қайта алдымызға кесе-көлбеңдетеді. Сондай солақай саясаттың салдарынан өзге жұртқа үдере көшкен көптеген қазақ әулеттерінің, міне, ғасыр айнала бере қайтадан елге оралу процесі күні бүгінге дейін жалғасып, «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағидаттың ешуақытта өз маңызын жоймайтынын айқын көрсетіп отыр. Мұндағы айтар ой – ел іргесінің қашан да берік болуы, өмірден түңіліп, сары-уайымға салынбау, қазақ халқының ауызбіршілігі.
Романда әйел-ана образы жақсы ашылған. Бас кейіпкер жақсы жар, ақылман әже ретінде әртүрлі қырынан көрінеді. Негізгі кейіпкер Қоңыр-Бегім ана, жас ару Ақлиманың күрделі тағдырлары қазіргі өмірімізде көптеп кездеседі. Әлбетте, романға шырай берген осынау әйелдердің қай-қайсысы да биік адами құндылықтарды, асыл-сезім мен шынайы махаббатты қастерлей білген, рухы таза жандар күйінде алынған. Қоңыр-Бегім ана табиғатынан сұлу болуымен бірге, бойына ақылдылығы қатар дарыған ауылдың қазақ әйелінің тартымды келбетін көрсетсе, ал Ақлима сол ауылдан шыққан, оқып білім алған, сөйтіп қаладағы үлкен министрлікте ортаң қолды білікті қызметкер ретінде көрінетін жаңа заманның образы. Қоңыр-Бегім ана әрбір есті әрекеті арқылы қазақ әйеліне жарасымды іс жасап, парасатты мінез-көркімен өзіне тартып отырады. Адам өміріндегі шыныдай таза асыл сезім, ең мөлдір саналатын қасиеттердің бірі – махаббат тақырыбы да осы арулардың жағымды бейнесі арқылы жазушы назарынан тыс қалмапты. Қоңыр-Бегім ана ерінің өмірден жасырақ өткеніне қарамастан бір кездері босағасын өзі аттаған қара шаңырақтың ақылшы анасы ретінде өмірінің соңына дейін адал қалпын сақтап, өзінен тараған ұл-қыздарына, қала берді ауыл тұрғындарына үлгі бола білген асыл ана бейнесін еске салады.
Жалпы қай ел, қандай ұлтты алсаңыз да, бір ақиқат - сезім торына түскен жас қыздардың отбасы, бала-шағасы бар егде адамдарға ғашық болуы аракідік болса да, кездесетін құбылыс. Шығармада Ақлима арудың сол өзімен ауылдас Алашбек деген ер адамға құлай ғашық болуы, оған жақын жүріп, ақырында ағатайының қолдауымен Алматыдай үлкен шаһардағы бір министрлікке қызметке тұруы айтылады. Ақлима өзінен бірер мүшел жас үлкен Алашбекке құлай ғашық болғанымен, қисыны да жоқ, онымен тағдыр жарастырудың еш амалын таба алмай, жан азабын шекен бойжеткен. Алашбек те қыздың пәк сезімін сезе жүріп, жас арудың жанына демеу бола алмайтын күй кешеді. Ақырында шарасы таусылған Ақлима ғашықтық сезімін де, қызметін де «тәрк» қылып, бір күннің ішінде жұмыстан шығып, ауыл қайдасың деп тартып отырады. Ғашықтық дертінен бе, кім білсін, жас ару айықпайтын кеселге душар болып жыл шамасындай уақытта, өз ауылында, пәниден бақиға аттанып кете барған екен. Бұдан шығатын қорытынды, біздіңше, қазақ қоғамында «екі әйелден жарың болса...» дегендей қолайсыздау ой қалыптасатыны шындық. Шығармада әңгіме тиегі дәл соған барып тіреліп-тұйықталып та тұрған жоқ. Бұл жазушының өз шығармасында «менің айтпағым осы» деп, батыл қойып отырған шешімі де емес. Алайда, оқырман көпшілікте осындай жағдайдың бір тиімді, оңтайлы да оң шешімі болуы тиіс дейтін сауалдың көкейде қалып қоятынын қайтіп қана жоққа шығара аларсың?.. Патша көңіл оқырманның өз шешімі болатынын қаперге алмай тағы болмасы анық.
Қаратау баурайындағы бұйығы ауылдардан шыққан перзенттердің Алматыда, Астанада, тіпті шетелдерде білім мен ғылым қуғандары да жетерлік. Бәрінің де тәуелсіз еліміз тұғырының берік болуына «кірпіш» болып қаланып жатқаны көңілге медеу. Біз кезекті көркем шығармасын сөз етіп отырған қаламгер Жолтай Әлмашұлы өзінің туған ауылы - Қырашынан күншығысқа қарай киелі Қаратау атшаптырымдай жерде «мен мұндалап, шоқылары мұнартып» қол бұлғап тұрғандай әсер қалдырады. Демек, осындай өте тартымды қос шығырманы дүниеге әкелген жазушыны өз Қаратауының төл перзентінің бірі ғана емес, бірегейі десек артық айтқандық болмас, сірә! Ал сол Қаратау киесі туралы талай аңызға бергісіз әфсәналар, тарихи оқиғалар там-тұмдап болса да айтылып қалады. Оның тасы да, қойнауы да тұнған тарих, әлі сыры толық ашылмаған шежірелі қазына екені тағы да рас. Қаратаудың баурайында ұзақ ұлитын көкжал қасқырларын да, басқа да аң-құстарын аулауға ешбір жанның қолы бара бермейтіні аракідік айтылып қалып жүр. Бұл табиғат-ананы қаз-қалпында сақтап, ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдыруға деген ынта-ықыластан туындаған болса керек.
Қазақтың белгілі жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының қалың көпшілікке ұсынып отырған осы қысқа екі романын қарт Қаратау перзенттеріне арналған құнды ескерткіш ретінде қабылдасақ та артық болмас еді. Өйткені қазыналы Қаратау өңірінің халқы жайында, оның өткені мен бүгінгісінен кеңінен мағлұмат беретін осы бір қос туынды қазақ әдебиетіне қосылған қомақты да құнды еңбектер екендігі даусыз шындық.
Сағындық НҰРЕКЕЕВ,
әдебиеттанушы,
Қазақстан Журналистер Одағы
сыйлығының лауреаты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.