Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Қазақ әдебиетіне жаңа образдағы әйел бейнесі керек...

15.05.2024 2462

Қазақ әдебиетіне жаңа образдағы әйел бейнесі керек 14+

Қазақ әдебиетіне жаңа образдағы әйел бейнесі керек - adebiportal.kz

Жуырда «Алқа» гранты прозалық шығармаға байқау жариялағаны белгілі. Бүгінгі уақыттың білімді, жан-жақты жетілген, алдында кездескен кедергілерге қарсы тұрар ішкі қуаты мол, талпынысы жоғары жасампаз қазақ әйелінің бейнесін көрсететін жеңімпаз шығармаға бір миллион теңге тігіліп отыр. 2-3 ай бұрын алғаш хабарланған кезде көпшілік құлақтанып үлгермегендіктен, байқау қайтадан жарияланып отыр. Біз осы гранттың жай-жапсары жөнінде толығырақ білмекші болып, жоба жетекшісі Бану Дәулетбаеваға хабарласқан едік. 

–  Құрылғанына көп болмаса да «Алқа» баспасы заманауи қазақ әйелінің образын сомдайтын повестке байқау жариялаған екенсіздер. Мұндай байқау ұйымдастыру идеясы неден басталды?

– Жалпы адамзат сөзге көп мән береді ғой. «Сөз – өнер» деп бағаланады. «Ең әуелі сөз болған» деген киелі кітаптың сөзі бар. Бірақ, меніңше,  сол сөзден де бұрын  ой пайда болған сияқты көрінеді. Ойды жеткізу үшін сөз пайда болғандай. Демек, сөз – ойды жеткізу құралы. Ал көңілдегі көрікті ой ауыздан шықса мәні кететіні де бар емес пе? Ойды түзеу үшін сөзді түзеу керек. Қанша жерден пафосты естілсе де, «Алқа» баспасының миссиясы осы – сөз бен ойды түзеу.  1924 жылдары Алаш арыстары «Алқа» аталатын әдеби ұйым құрып, оның концепциясын Мағжан Жұмабаев жасайды. Оның «Табалдырық» деген кіріспесін оқып көрейікші:  «Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында – бір жол, алдында – мың жол. Мың жолдың ішінде өзен өрлегені де, шөлге улегені де, барса – келері де, барса – келмесі де бар. Қазақ әдебиетін мынау мың жолдың тарауына алып келіп, аңыратып тұрған – тұрмыс». «Қазақ кімге еліктемек?» – осы сұраққа «Табалдырық» жауап іздейді. Рас, тұрмыс жағынан Ресейге тәуелді болып қалған соң, оған еліктейін десе, онда да бейберекет шашыраған сан қилы жол бар. Ендеше, ол адастырады. Ал «бізге молда болатын Еуропа әдебиетінің өзі бір молда емес, мың молда».  Міне, бұл жазылғалы тура бір ғасыр болды. Бірақ әдебиетте М. Жұмабаев айтқан осы мәселе әлі актуалды болып тұр. Әсіресе, қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесі еш өзгерген жоқ десек болады. Қоғам өзгерді, демек кейіпкер де өзгеруі керек емес пе? Бұрынғыдай бүкіл өмірін өзгеге арнайтын, басқалардың жолында құрбан болатын әйел ғана кейіпкер болатын.  «Жақсы әйел» деген атқа ие боламын деп, өз армандары мен мақсатын, тұлға ретіндегі жетілуін тежеп қоятын әйел қазір аз. Қазіргі әйел шын мәнінде терезесі тең адам. Бірақ сол терезені теңестіру үшін әйел адамның кешпейтін азабы жоқ. Өйткені қоғамда әлі де болса «Байтал шауып, бәйге алмас» деген түсінік тұр. Біздің қоғам әйелді әпке, қарындас, ана деп құрмет тұтқанымен, адам ретінде, маман ретінде мойындай бермейді.  Ал шындығында қалай? Шындығында, ер мен әйел физиологиялық жағынан екі түрлі болып жаратылғанымен, интеллектуалдық, эмоциялық, психологиялық жағынан алғанда ер адамнан кем емес. Бірақ ол ер адам сияқты тұлға, маман ретінде жетістікке жетуіне мүмкіндік бермейтін мың-сан кедергі бар. Жазушылар сондай әйелдің жанына үңіліп көрсе дедік. Осы жерде бағана сөздің басында айтқан ой туралы мәселеге қайта оралғым келеді. Әйел туралы ой өзгерсе дедік. 

-Алғаш жарияланған кездегі түскен шығармалар сыншы, әдебиетшілер тарапынан сынға ұшыраған екен, ол шығармалардың ортақ кемшілігі неде болды?

- Алғаш жариялаған кезде әдебиет сыншылары тек шығармаларды ғана емес, өзімізді де сынады. Олардың бірі – повесть жазуға аз уақыт берілгені, екіншісі – ақпараттандырудың аз болғаны. Ал келіп түскен 20 шығарманың ішінен көркемдігі мен  жазу шеберлігі жағынан ерекшеленген 4 шығарма сарапшылар тобының талқысына қайта түсті. Талқы кезінде сарапшылар «Алқа» грантына үміткер шығармалардың төртеуін де «грант талаптарына сай жетілдіруді талап етеді» (келіп түскен шығармалардағы әйел әлі де әлжуаз, қиындықтарға қарсы тұра алмайтын көнбіс болып шықты, яғни шартта көрсетілген жасампаз, батыл тұлға деңгейінде көріне алмады) деген қорытындыға келді. Осы қорытындыға сәйкес ұйымдастырушылар грантқа шығарма қабылдау уақытын ұзартты. Шығармалар 2024 жылдың 31 тамызына  қабылданады. Грант жеңімпазына берілетін 1 млн теңге өз иесін күтеді. 

-  Авторлар негізінен әйел қаламгерлер болды ма, әлде ерлер де қатысты ма?

Байқауға қатысатын авторлардың жынысына да, жасына да еш шектеу қойылған жоқ. Ерлер де қатысты. 

 -  Шынымен де біз неге бұрынғы көнбіс, жуас, шығыстық тәрбиеден асып кете алмаған әйелдерге жабысып ала береміз?

- Меніңше, оның жауабы – алдыңғы сұрақта. Әйел туралы ой өзгеруі керек. Тек отбасы, ошақ қасындағы «төменетекті» деп емес, адам деп қарайтын таным мен түсінік керек. 

Жаңа заман әйелін, жасампаз әйелді өзіңіз қалай елестетесіз?

- Ол – өз арманынан бас тартпаған әйел. Қоғам таңып берген стереотиптермен күресе алатын, өзіне сенімді әйел. Қандай тағдыр кешсе де, ол үшін өзін кінәлі санамайтын, қиындықтарды жеңуге қажыр-қайраты жететін, жеткен әйел. Озық ойлы, құлдық санадан азат, білімді, жасампаз. Өзінің де өзгенің де қателіктерін кешіре білетін, бірақ одан сабақ алуға түсінігі жететін әйел. Алдына мақсат қоятын, үлкен армандарға қол созатын және оған жету жолында тайсалмайтын әйел. Бір сөзбен айтқанда, өзін қоғамда екінші сортты сезінбейтін, өзінің жек тұлға екеніне өзі сенетін кемел адам. 

Жаңа қаһарманның жаңалығы неде болуы мүмкін, жаңа образдар  әдебиетке жаңалық болады деп ойлайсыз ба?

- Иә. Әлемдегі классикалық шығармалардың көбі әйел туралы. Солардың көбі адамзаттық ақыл-ойдың төңкерісін жасаған шығармалар. Жаңа қаһарманның қандай болатынын жазушылардың қиялы шеше жатар. 

- Егер әдебиеттегі әйел образы өзгеретін болса, бұл қандай да бір өзгеріске себепші болуы мүмкін бе?

- Қоғамдағы құндылықтарды қалыптастыратын әдебиет пен өнер. Бұрын қазақ әйелі туралы «Бақытсыз Жамал», «Қорғансыздың күні» т.б. сияқты шығармаларды оқыдық.  Бұрынғы әлем, кейінгі қазақ әдебиетінде әйелдің классикалық образы – тағдырына мойынсұнған, балаларының, бауырларының жолында өзін құрбан еткен, өзін жоғалтып алған, арманынан адасқан жан. Қазір де патриархал қоғам бізден, яғни әйелдерден әлі де соны талап етеді, әлі де тағдырына көндігіп жүре берсе дейді. Себебі  «ыңғайлы» әйелдің өз ішіне үңілгенін, көрінбейтін кедергілермен күрескені олардың оң жамбасына келмейді. Содан келіп, «Маңдайға жазғанды көру керек», «Қыздың тағдыры қиын» деген психологияны сіңірген қазақ әйелдерінің көбі патриархал қоғамның белді өкіліне айналып шыға келді. Қоғам өзгерді, кейіпкер де өзгеруі қажет қой. Кейіпкердің өзгермеуі қазақ әдебиет тоқырауда дегенді, әлемдік көшке ілесе алмай келе жатыр дегенді білдіреді.  Мұндай талап қою орынсыз да шығар. Алайда біз мемлекеттік тапсырыс орындаушы емеспіз. Бұл грант компанияның қаржысынан тағайындалып отыр.  Сондықтан қазақ әдебиетінен өзіміз қалаған кейіпкерді көргіміз келеді.

-Бізбен аз-кем әңгімелесуге уақыт тапқаныңызға рахмет.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар