Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АҢЫЗ-ӘФСАНА
Қазақ мифтік кейіпкерлерінің синхрондық классифика...

28.04.2021 13303

Қазақ мифтік кейіпкерлерінің синхрондық классификациясы 12+

Қазақ мифтік кейіпкерлерінің синхрондық классификациясы - adebiportal.kz

Фольклор – ғұрып пен ғибраттың, салт пен дәстүрдің, тәлім мен тәрбиенің тоғысқан жері. Халықтың үнін, ішкі сезімін, жан дүниесін жауһар сөздің құдіретімен жеткізуші де фольклор. Фольклорды сөз өнерінің атасы десек еш қателеспейміз. Егер, әдебиет сөз өнері туралы ғылым болса, ал фольклор – оның тәлімгері. Ұлы жібек жолындай көшкен әдебиет керуенінің сардарбегі һәм темірқазықтай жол сілтеушісі – фольклор. Бір сөзбен айтқанда, фольклор – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы. Ал фольклористика – халық ауыз әдебиетінің табиғатын, шығу тегін, өсу мен даму жолдарын зерттеуші ғылым саласы.

Фольклор өзге ғылым салалары сияқты жанрлық тұрғыда бірнеше түрге бөлінеді. Олар: ғұрыптық фольклор, ғибраттық фольклор, прозалық фольклор. Аталған салалардың ішінде прозалық фольклордың алар орны ерекше. Прозалық фольклор – халық ауыз әдебиетінің шоқтығы биік жанры. Оның өн бойынан халықтық сипатты да, ұлттық код пен ділді де кезіктіруге әбден болады. Фолькордың бұл үлгісі баяндау формасында айтылып, ауыздан ауызға тарағандықтан оны «прозалық фольклор» деп атау фольклортану ғылымында кеңінен қалыптасқан. Прозалық фольклордың тарамдарына: миф, хикая, аңыз, әфсана жатады. Біздің қарастыратынымыз – миф. Миф – алғашқы дүниетанымдық түсініктердің схоластикалық синтезі. Миф – прозалық фольклордың субстанциясы. Қазақ мифологиясын зерттеумен Ш.Уәлиханов, Ә.Қоңыратбаев, С.Қондыбай, С.Қасқабасов, Ш.Ыбраев, Р.Әлмұқанова және т.б бірқатар ғалымдар айналысты. Әр фольклортанушы ғалым мифке сипаттама беріп қана қоймай, мифтік кейіпкерлердің диахрондық образын ашуға тырысқан болатын. Мәселен, Ш.Уәлиханов өзінің ғылыми мақалаларының бірінде қазақтың шамандық қалдығына сілтеме жасай отырып, жағымсыз кейіпкерлердің мотив-суреттемесіне айқын дәлелдер келтірді. Ғұлама ғалым қазақ мифологиясында мыстанның бірнеше түрі болатындығын ескертті. Атап айтқанда, Мыстан, Жезтырнақ, Сөрел, Көңаяқ, Албасты, Жалмауыз. Мифология кеңістігіне өнімді еңбектенген ғалым Серікбол Қондыбайдың көзмайын тауыса жазып, барша әдебиетішілер мен оқырмандарды тамсандырған «Арғықазақ мифологиясы» атты еңбегін қазақ фольклортану ғылымына қосылған өлшеусіз үлес деп білеміз.

Мифологияның бірсыпыра теориялық мәселелеріне терең бойлаған Әлмұханова Риза Тасқынғалиқызы «Қазақ фольклорындағы антикалық сарындар» атты көлемді монографиялық еңбегінде қазақ мифологиясындағы кейіпкерлердің образдары әлі де зерттеуді қажет ететіндігін айтқан еді. Ғалымның тұшымды пікірі бүгінде фольклортану ғылымының басты зерттеу объектісіне айналды[1]. Мифтік кейіпкерлердің жүйеленуі – қазіргі қазақ фольклортану ғылымының ең өзекті мәселелерінің бірі. С.Итеғұлованың құрастыруымен 2016 жылы «Қазақ мифтік кейіпкерлі» атты көлемді еңбек жарық көргеннен кейін мифологиялық кейіпкерлерді классификациялау мәселесіне аса көңіл бөлінген жоқ. Әрине, қасаңданып қалды деуден аулақпыз. Дегенмен, жоғарыдағы мәселені ескере отыра, біз мифтік кейіпкерлерді жүйелеу жұмысын қолға алуды жөн көрдік. Мифтік кейіпкерлерді топтастырмас бұрын, ең алдымен миф және оның жанрлық түрлеріне біраз шолу жасап өтелік.

Көрнекті ғалым Шәкір Ыбраев «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты еңбегінде мифті үш топқа бөліп саралайды. Олар: космологиялық, эсхатологиялық және антропогондық мифтер. Космологиялық мифтер – өз атауы айтып тұрғандай, шоқжұлдыздар мен аспан денелері жайында жазылған мифтік әңгімелердің ерекше жанры. Эсхатологиялық миф деп ақыр заман көрінісін сипаттайтын мифтерді айтса, ал антропогондық мифтер – классикалық дәрежеге жеткен мифтік әңгімелерді пайымдайтын жанр. Осы тұста әрбір мифтік жанрдың өзіне тән мифтік қаһармандары болатындығын айтқымыз келеді. Мифтік кейіпкерлерді жүйелеудің де өзіндік айқындалған заңдылықтары бар. Мәселен, мифтік кейіпкерлерді топтастырудың бірден-бір функциясы – табиғи жаратылысы мен тектік сипатын ашу. Әлемдік фольклорда мифтік кейіпкерлерді «жағымды» және «жағымсыз» деп бөлу қалыптасқан. Қазақ халық ауыз әдебиетінде оларды «жақсы» және «жаман» дейді. Біздіңше, мифтік кейіпкерлерді жақсы мен жаманға бөлу – қате концепция. Өйткені, адам баласының өзінде де жақсы да, жаман қасиеттер бірдей жүретіндіктен, мифтік кейіпкерлерді «жағымды» һәм «жағымсыз» деп бөлгеніміз әлдеқайда дұрыс болатын сияқты. Негізінде мифтік кейіпкерлердің бойынан трайбализмдік сипатты емес, экзистенциялық мұратты іздеген жөн. Сондықтан, жоғарыдағы мәселені ескере отыра біз мифтік кейіпкерлерді жіктеген болатынбыз:

Жағымды мифтік кейіпкерлер: Ер Төстік, Толағай, Саққұлақ, Көлтауысар, Таусоғар, Қаңбақ шал, Күнекей сұлу, Қанатты барыс, Үркер, Үлпілдек, Самұрық, Қыдыр ата, Қорқыт ата және т.б.

Жағымсыз мифтік кейіпкерлер: Мыстан, Жалмауыз, Жезтырнақ, Албасты, Көңаяқ, Сөрел, Жылан бапы хан, Шойынқұлақ, Қыранқара қарақшы, Төбе көз, Дәу, Үббе және т.б.

Тәңірлік образдар: Көк Тәңір, Ұмай ана, Еркілік.

Тотемдік кейіпкерлер: Көк бөрі, Өгіз, Ит тотемі.

Шамандық кейіпкерлер: Бақсы-балгерлер.

Космо-антропогондық кейіпкерлер: Қыранқара, Үркер, Үлпілдік, Ығай мен Сығай (Ағайындылар), Айсұлу мен Күнсұлу.

Зооморфоатропогондық кейіпкерлер: Самұрық.

Зооморфтық немесе анархизмдік кейіпкерлер: Төбекөз, Дәу, Жер, Көк, Тау, Теңіз (Оғыз Қағанның балалары).

Тератологиялық кейіпкерлер: Жалмауыз, Мыстан, Жезтырнақ, Албасты, Көңаяқ, Сөрел, Төбекөз, Дәу, Үббе (Су перісі), Жылан Бапы хан, Шойынқұлақ, Бекторы.

Демонологиялық кейіпкерлер: Жалмауыз, Мыстан, Жезтырнақ, Албасты, Көңаяқ, Сөрел, Жын, Шайтан, Ібіліс, Пері, Дию.

Мифологиялық қаһармандар: Қорқыт ата, Қыдыр ата, Ер Төстік, Толағай, Көлтауысар, Таусоғар, Саққұлақ, Желаяқ.

Енді жоғарыда келтірген жіктеуімізді түсіндіре кетелік. Біріншіден, мифтік кейіпкерлерді табиғи болмысына қарап жағымды» және «жағымсыз» деп бөлдік. Екіншіден, қазақтың архаикалық мифтерін қарастыра отырып, мифтік образдарды «тотемдік», «космологиялық», «зооморфтық», «демонологиялық» деген бірнеше топқа ажыраттық. Ең алдымен, тәңірлік бейнелерге тоқталайық. Әлемнің жаратылуы туралы мифтер әр халықта бар. Қазақ мифологиясында жеті қат Жерді жаратқан Көк Тәңір, оның жары Ұмай бейнесі жайында түрлі мифтер қалыптасқан. Сол себептен, мифтік түсінік бойынша, Тәңірлік образдарға Көк Тәңірді, Ұмай ананы, Еркілікті жатқыздық. Әрине, Еркілік – монғол фольклорының кейіпкері. Алайда қазақ халық ауыз әдебиетінде қалыптасқан мифтер мен аңыз-әфсаналарға қарап, біз Еркілікті қазақ фольклорына, оның ішінде шамандық кейіпкерледің қатарына жатқызуды ұйғардық.

Тотемдік кейіпкерлер. Әуелбек Қоңыратбаевтің «Қазақ фольклорының тарихы» еңбегіндегі пікірге сүйенсек, тотем – дүниедегі барлық жан-жануарлардың, құбылыстың иесі барын ұғынушылық деген мағынаны білдіреді. Бағзы замандарда адам табиғаттан дараланбай тұрған кезде әрбір нәрсенің жаны, пірі болатынына сенген. Энеололит дәуіріне тірелетін бұл кезеңде адамдардың жыртқыш аңдардан қорқуы мен оларға табынуы – тотеизмнің айқын көрінісі болмақ. Трайбализмдік теория тұрғысынан, жер бетіндегі әрбір ру-тайпаның сыйынатын заттары тотемге айналған. Мәселен, қазақ фольклорында мұндай тотемдерге: Көк Бөрі, Өгіз, Ит тотемдері жатады. Анаеркі кезеңінде туған тотемдердің бірі – Ит тотемі. Шамамен, біздің дәуірімізге дейінгі IV-IV ғасырларда Орта Азия халықтарында ит тотемі – культ болып саналған. Бұл жайында Әуелбек Қоңыратбев мынандай деректер келтіреді: «Ит тотемінің екі сатысы байқалады: алғашқысы жерлеу сатысымен байланысты болса, соңғысы ит отбасының құтына айналған»[3, 69 б]. Шынында, жеті қазынаның құрамдас бөлігіне айналған Ит тотемінің қазақтың антикалық мифтерінде болуы заңды құбылыс. Келесі Өгіз – скептицизмдік сананың сәл де болса жаңғырған уақытында пайда болған тотем. Аталмыш тотемнің туына – өгіз бен әйелдің жақындасуы себепкер болды деген де пікірлер баршылық. Мәселен, ғалым Әуелбек Қоңыратбев: «Өгіз тотемі бүкіл жер жүзінде халықтарға ортақ. Қолға үйретілген алғашқы түлік сол болса керек. Мысалы, халқастар аңызында оның тегі куку буға (Көк өгіз), соның әйелге жақындасуынан моңғолдар тарапты-мыс» [3, 70 б], -дейді. Ғұламаның пікірінде астарлы шыңдық барын біз «Оғыз қаған» жырына талдау жасағанда білдік. Мысалы, жырдан үзіңді келтірсек: «Күндерді бір күні Айқағанның көзі жарыды, босанды. Еркек бала туды. Осы баланың өңі, шырайы көк еді, ауызы оттай қызыл еді, көздері қаракер, шаштары қастары қара еді. Жақсы тектілерден көріктірек еді...Осы ұлдың аяғы өгіз аяғындай, белі бөрі беліндей, жауырыны бұлғын жауырындай, кеудесі аю кеудесіндей еді. Денесінің бәрін түгел түк басқан еді.» Көріп тұрғанымыздай, Оғыз қағанның сыртқы мотив-суреттемесі бізге өгізден тарағандығын, әкесі – Көк өгіз болуы мүмкін екендігін айғақтайды. Сонымен қатар, Оғыз қаған жырында да Көк бөрі тотемі бар. Оғыздың әр жорығында жол сілтеушісі – Көк бөрі болғаны аян.

Тотемдік кейіпкерлерден кейінгі образдар – шамандық кейіпкерлер. «Шамандық дегеніміз – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау», – деп Шоқан Уәлиханов айтқан пікірді алға тартып, біз шамандық кейіпкерлерге: бақсы-балгерлерді сынды образдарды жатқыздық.

Космо-антропогондық кейіпкерлер. Космологиялық түсініктер қазақтардың көшпелі өмірінің ажырамас бөлігі болғаны айдан анық. Бағзы заманда қазақ халқы жолдың уақытын жұлдыздарға қарап өлшегені баршамызға белгілі. Міне, сондықтан, космологиялық образдар – қазақ фольклорында ерекше қызмет атқарады. Космологиялық мифтердің шығу тегі түсінікті болғанымен, ондағы қаһармандардың қандай кейіпкерлерге жататыны көпті толғандырары хақ. Оның үстіне, олар табиғи құбылыстар болғандықтан мифтік кейіпкерлер қатарына жатқызу дұрыс па деген сауал туындайды. Алайда қазақ мифтерінде жұлдыздардың адамға, я болмаса, керісінше адамдардың жұлдызға құбылуы мотивтері жиі кездесетіндіктен, біз мұндай мифтік кейіпкерлерге «космо-антропогондық» атауын айдар етіп алдық. Бұл атауға қазақ фольклорында лайық кейіпкерлер: Қыранқара, Үркер, Үлпілдік, Ығай мен Сығай (Ағайындылар), Айсұлу мен Күнсұлу.

Зооморфоатропогондық кейіпкерлер және зооморфтық немесе анархизмдік кейіпкерлер. Зоомфортық дегеніміз – жануар мен адамның байланысынан дүниеге жаңа тіршіліктің келуі немесе туылуы. Жануармен жақындасу сарыны – әлем халықтарына ортақ мотив. Қай халықтың мифін алып қарастырсақ та, біз жануармен адамның некесінен туған мифтік кейіпкерлерді көреміз. Тотемдік сана байырғы қазақ жұртының өмірінде өзінің империалистік үстемдігін ұтымды жүргізе білді. Осылайша, жануармен некелік конвенцияға отыру – қазақ халық ауыз әдебиетінде қалыпты құбылыстардың біріне айналды.

Зомморфтық кейіпкерлер тек жануардың қабырғасынан жаратылып қоймай, өзге тіршілік иелерінің адаммен некелесуінен де пайда болады. Мәселен, Қорқыт ата кітабының «Бейсат» жыры бөлімінде пері қызына ғашық болған хан жайында айтылады. Кейін олардың некесінен дүниеге түрі ұсқынсыз, жалғыз көзді «Төбекөз» келеді. Бұл да зооморфизмнің бір сипаты. Қазақ фольклорындағы зомморфтық кейіпкерлерге: Төбе көз, Дәу, Жер, Көк, Тау, Теңіз (Оғыз қағанның балалары).

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Қазақ фольклорындағы антикалық сарындар / Риза Әлмұқанова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 320 бет

2. Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық / Құрастырып, түсініктерін жазған М. Құмарова. –Алматы: Жазушы. – Тақырып алдында: Қазақ ССР Ғылым академиясы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Т. З: Батырлар жыры / Жауапты шығарушы Ж.Әбішев. –1987. – 304 бет., суретті.

3. Қазақ фольклорының тарихы (Құрастырып, алғысөзін жазған – Ә.Қоңыратбев). – Алматы, Ана тілі. 1991. – 288 бет

4. Қазақтың мифтік әңгімелері. «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002. – 320 б.

5.Таңғажайып автобус/ Алтыншаш Курманаева. – Ресей, Екатеринбург қаласы: «Ридеро» баспасы, 2020. – 56 бет

Курманаева Алтыншаш, Баятұлы Ерболат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар