Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Қазақ руханиятына қызмет - өмірлік ұстанымым болды...

15.02.2024 1780

Қазақ руханиятына қызмет - өмірлік ұстанымым болды 12+

Қазақ руханиятына қызмет - өмірлік ұстанымым болды - adebiportal.kz

Жазушы, өнер зерттеуші, режиссер, Монғолия өнер саласының үздік қызметкері, Баян-Өлгий аймағының құрметті азаматы, Қазақстан және Монғолия театр қайраткерлері одақтарының мүшесі, бірнеше көркем әдеби, зерттеу кітаптарының авторы Тайф Тәукейұлы ақсақалмен жалпы шығармашылық әлемі, қазақтың танымал музыкалық аспаптар шебері Қамар Қасымовтың өмір жолы сәттері туралы сұхбат құрған едік.  

- Армысыз, Тайф аға, сеңгірлі сексеннің ішін аралаған жасыңызда аттан түспей, ұлт руханиятының жоқшысы болып жүрсіз. Ойға алған істеріңіз оңғарыла берсін. Өткен жылға өкпеңіз жоқ шығар?

- Әрине, Өткен жылға өкпем жоқ! 2023, Қоян жылы – мен үшін берекеті мол жыл болды деуге әбден хақым бар. Жыл бойы шығармашылық ізденіс сапарларда болдым десем болады. Бұл сапарларым жеміссіз болған жоқ. Ең бастысы – «Монғолия қазақтарының театр тарихы» атты көлемді энциклопедиялық жинағым мемлекеттік тапсырыспен, 3000 данамен Алматыдағы «Дәуір» баспасынан жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстан жазушылар одағы мен «Отандастар» қорының қолдауымен «Керуен ғұмыр» атты ғұмырнамалық кітабым басылып шықты. Бұл кітап та Алматыда жарық көрді және бұл туындым іріктелген он кітаптың қатарынан табылыпты. «Керуен ғұмыр» кітабына негізінен Моңғолияның ішкі өлкелеріне 30-50 жыл мекендеп, еңбек ете жүріп, Ұлы көш басталғанда қызмет-лауазымына, өзге де игіліктерге қарамастан Атажұртқа ат басын бұрған қандастардың ғұмырынан сыр шертеді.

- Бәрекелді, құтты болсын! Жыл бойы шығармашылық ізденіс сапарларда болдым дедіңіз ғой. Осы жайлы тарқата айтып берсеңіз?

- Иә, Монғолияның Баян-Өлгий аймағына сапарлап барып, ондағы шығармашылық әлеміне аз да болса өзімнің үлесімді қостым десем болады. Монғолияның Халық жазушысы, еңбек сіңірген қайраткер Сұлтан Тәукейұлының «Тұғырыл хан» атты драмасы Баян-Өлгий аймағындағы Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы музыкалды-драма театры сахнасында қою жоспарланған болатын. Аталған драма қойылымының сәтті өтуі үшін автор мен театр ұжымы мені кеңесші режиссерлікке шақырған болатын. Баян-Өлгийлік театр ұжымына қоса, ел астанасы Ұланбатырдағы мемлекеттік академиялық театрдан шақырылған жетекші мамандардың ортақ күш-жігері арқылы тарихи тұлға Тұғырыл ханның қуаныш пен қайғы астасқан күрделі өмірі мен қызмет жолы туралы драма аншлагпен қойылды. Көрермендердің ықыласы ерекше болғанына қарап, авторы мен қойылымдық шығармашыл топтың ортақ жұмысы сәтті болған шығар деп қорытындылауға негіз бар. Осы игілікті іске аз да болса өз үлесімді қосқанымды мақтаныш санаймын. Өнер адамының төккен маңдай терінің шынайы өтеуі – көрерменнің ыстық ықыласы ғой. Осыған қанаттанасың, шығармашылықты шыңдай түсуге қуат аласың.

- Бала Тэмүүжинді, болашақ әлемді жаулаушы Шыңғыс ханның ел билігін қолына алуына көмектесіп баулыған, қысылтаяң шақтарда әскери күшпен қолдау көрсеткен дем беруші өкіл әкесі, сол замандағы қуатты Керей хандығының билеушісі Тұғырыл хан туралы кейінгі кезеңде әр жанрда шығармалар жазылып жатқанынан хабардармыз. Шыңғыс хан және оның дәуіріне қатысты қызығушылық қазіргі қазақ қоғамында артып отырғаны рас. Осыған орай «Тұғырыл хан» драмасын Қазақстанда сахналауға болады ғой?

- Неге болмасын! Бұл жөнінде қазіргі күні жұмыстар атқарылып жатыр деуге болады. Аманшылық болса «Тұғырыл хан» драмасы Астана сахнасында қойылатын болады. Мұның өзі айтуға ғана оңай. Актері, режиссері, декорация және басқа да қызметтерді атқаратын мамандарды қосқанда алпыс адамды сахналық жабдықтарымен бірге алып келіп, орналастыру жұмысы атқарылуы керек. Атажұртта ойналатын драманың да басы-қасында жүріп қолғабыс жасау дегендей жауапты жұмыс күтіп тұр. Шетелдегі санаулы қазақ театрларының бірі болушы Баян-Өлгий аймағындағы өнер ұжымы Атажұрттағы сахна майталмандарының, театр сыншыларының алдында барын салып, батасын алып қайту үшін шекараның арғы бетінде тер төгуде.

- Бұл бір тамаша жаңалық екен. Театр ұжымы Атажұртқа, Астанаға гастрольдік сапармен келіп жатса, мұндағы қалың көрермен үшін үлкен жаңалық болары сөзсіз. Түбі бір екі бауырлас елдің арасындағы руханият елшісі іспетті іс-қызметіңіз ұзағынан болғай. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көріп отырған «Моңғолия қазақтарының театр тарихы» кітабыңызға қайтадан оралайықшы. Аталған кітаптың жалпы мазмұны туралы қысқаша тоқталып өтсеңіз.

- Алтайдың күншығысында мекен еткен азғана қазақтың өзін өзі сақтап қалу, тілі мен мәдениетін, әдебиетін, өнерін дамыту жолы – өзіндік бір тарих. Соның ішінде ұлттық театрдың туып қалыптасуы, оның негізін қалаушылар, әр кезеңдегі даму үдерісіне атсалысқан тұлғалар туралы тасқа басып, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру – менің көптен бергі арманым болатын. Сол арманыма жеткендеймін. Себебі драма театрдың негізін қалаған алғашқы, одан кейінгі буынның өкілдері түгел өмірден өтті. Одан кейінгі қадау-қадау біздің буынның өзі сексенінің ішін мол аралап кетті. Баян-Өлгейдегі қазақ драма театры – халықтың рухани сұраныс-қажеттілігін лайықты өтеп, мәдениетке жетелеген, өнердің қасиетті қарашаңырағы болды. Театр сахнасында жергілікті қазақ қаламгерлерінің, моңғол және қазақстандық, шетелдік драматургтердің сан ондаған туындылары қойылды. Мен өз кітабымда тек актерлер мен режиссерлерді ғана емес, драматургтер мен мәдениет саласын басқарған кезеңінде театрдың дамуына үлкен күш-жігер жұмсаған басшы кадрлар т.б. да қамтыдым. Себебі театрдың жетістігі – сан алуан мамандықтағы ұжымның бірлескен іс-қызметі арқылы қолға келетін дүние ғой. Сонымен бірге Баян-Өлгийдегі қазақ музыкалды-драма театрының дамуына Атажұрт Қазақстаннан арнайы шақыртылған мамандардың да көмегі аз болған жоқ. Бұл туралы да энциклопедиялық жинақта толықтай қамтылды.

- КСРО құрамындағы Советтік Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың өзара қарым-қатынасы мен оның кезеңдері туралы айтылғанда, Монғолиядағы қандастармен байланыстың ешқашан үзілмегенін көруге болады. Бұл туралы монографиялық еңбектер, тарихи-танымдық кітаптар біршама жарық көргенін, қазір де шығып жатқанынан хабардармыз. Театр саласына қатысты байланыс Қазақстан тәуелсіздігіне дейін-ақ жақсы жолға қойылған деуге болады ғой?

- Монғолия – әлемдегі Кеңес Одағынан кейін құрылған коммунистік мемлекет болды. Сондықтан да екі мемлекеттің ортасындағы қарым-қатынас қалыпты болғандықтан, бұл мүмкіндікті осы елдердің құрамында болған қазақтар пайдалана білді десек болады. Баян-Өлгий аймағындағы музыкалды-драма театрының маман кадрларын дайындап баулу, ұлт аспаптары оркестрін құру мен жабдықтау т.б. бойынша әр кезеңде қазақстандық мамандар келісім-шарт бойынша келіп жұмыс істеп отырды. Атап айтқанда Қазақстанның халық әртісі Алдаберген Мырзабеков 1962 жылдан Баян-Өлгий аймағы қазақ музыкалды драма театрының көркемдік жетекшісі, бас дирижері қызметін атқарып, ұжымның кәсіби деңгейін көтеруге үлес қосты. «Тұлбакөл шайқасы» спектаклінің музыкасын жазған болатын. Сондай-ақ ұлт аспаптары оркестрінің негізін қалап, музыканттарға нотадан сабақ берген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Хабидолла Тастанов, оркестрдің толық құрамына арналған ұлт аспаптарын жасап шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш органолог Қамар Қасымов ағалардың, хор капелла бөлімінде қызмет еткен музыка маманы Зоя Жараспаева апайдың сіңірген еңбектерін ұмытпаймыз. Олардың Баян-Өлгийдегі ұлттық театрдың өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін, туысқандық қол ұшын берген өнер қайраткерлерінің аруағына бас иіп, олардың есімдерін аталған жинаққа үлкен құрметпен енгіздім. Байланыс ежелден жақсы жолға қойылған деуге болады.

- Әдебиет және өнер қайраткерлерімен, олардың ұрпақтарымен арнайы іздеп барып дидарласып жүретініңізді әлеуметтік желі парағыңыздан аңдап көріп отырамыз. Өзіңіз атап өткен, кезінде Моңғолия қазақтары арасында болып қызмет еткен отандық музыка мамандарының ұрпақтарымен хабарласып тұрасыз ба?

- Әрине. Осы жуықта Павлодар облысына сапарлап барғанымда қазақтың бұлбұл әншісі Майра Уәлиқызы Шамсутдинова атындағы ән, өнер музейінде, осы мәдениет мекемесінің басшысы Ерлан Рахымның шақыруы бойынша қонақта болған едім. Ұжыммен кездесу жасап, музей директоры Ерлан Рахым мырзамен дидарласып, бейнесұхбат жасалған болатын. Бұл азаматпен сырттай хат-хабар алмасқалы бақандай бес жыл болса да, жүздесудің сәті осы жолы түсті.

- Музыкалық аспаптар жасаудың хас шебері Қамар Қасымовтың есімі музыка саласының мамандары болмаса, бүгінгі жалпы қауымға аса таныс емес деуге болатын шығар. Осы тұлға жайлы кеңірек тоқталып өтсеңіз.

«Сабақты ине сәтімен» дегендей дәл мен Павлодарға барған күні, қаланың іргесіндегі Кенжекөлдегі музыка мектебіне әйгілі музыка маманы Қамар Қасымовтың есімі берілген екен. Алайда мен салтанатты ашылу рәсіміне үлгере алмадым. Осы ретте жоғарыда есімін атап өткен Қамар Қасымовтың өмірі мен шығармашылығы, менің іс-шараға шақырылуымның себебі туралы таратып айта кетпеуге болмайды деп санаймын.

Көрнекті музыкалық аспаптанушы шебер Қамар Қасымовты қазақ музыкалық аспаптарының атасы десек болады. Ол кісі – осылай айтуға тұралық жан. Аспап жасаудың хас шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақтың дәстүрлі көне аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органологі Қамар Қасымов – 1893 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген екен. Қазақтың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын жетілдірумен айналысқан шебер өткен ғасырдың 20-30 жылдары өнімді еңбек етіп, көне аспаптар: қылқобыз, дауылпаз, шыңдауыл, сыбызғы, қара домбыраны заманауи классикалық деңгейге шығарып, оларды оркестрлік шығармалар орындауға бейімдеген жаңашыл тұлға. Қалай болғанда да осы кезеңде қазақ өнері мен мәдениетіне көңіл бөлінді ғой. А.Затаевичтің өзі осы жылдары қазақ даласын аралап, мыңдаған ән мен күйді нотаға түсірген жоқ па?

1934-1935 жылдары Қазақ КСР-інің Оқу ағарту министрі Темірбек Жүргенов танымал композитор, оқытушы Ахмет Жұбановқа қазақтың ұлт аспаптар оркестрін құруды тапсырады. Он бір адамнан құралған домбырашылар оркестрінен басталған бұл ұжымды аспаппен қамтамасыз етуді Ахаң шебер Қамар Қасымовқа сеніп тапсырады. Сөйтіп шебер көптеген ізденістері нәтижесінде алғашқы 18 музыкалық аспабын жасап шығады. Осылайша бүгінгі әйгілі Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің негізі қаланады.  дүниеге келеді. Қамар Қасымовтың шеберлігін танып мойындаған сол кездегі білгірлер оны «қазақтың Страдивариі» деп атаса, Еуропа ғалымдары «Қазақ қол өнерінің классигі» деп бағалады. 1961 жылы Монғолия үкіметінің өнер істері жөніндегі төрағасы Д.Дамдин өзінің естелігінде: «...Баян-Өлгийліктердің өнері мен мәдениетіндегі ерекше бетбұрыс кезең, ол – қырық адамдық ұлттық оркестрдің құрылуы еді. Мұны Қазақстанның музыкалық аспаптарының айтулы шебері Қамар Қасымов жасаған еді», - деп нақтылап жазған. Сондай ақ Монғолияның классик жазушысы әрі мәдениет министрінің орынбасары болған, өнер зерттеуші ғалым Ч.Лодойдамба: «Қамар Қасымов – толық дәлелденген теңдесі жоқ, қазақтың хас шебері», - деп бағалаған. Қамар Қасымовтың қолынан шыққан саз аспаптары көптеген халықаралық көрмелерге қойылған. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, еліміздің Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда Қамар Қасымов жасаған домбыралар тұр. Ұланбатырда да болуы мүмкін.

- Қамар Қасымов – тек Монғолиядағы қазақтардың ғана емес, Атажұрттағы қалың жұртшылықтың да саз аспаптарын жетілдіруге үлес қосқан тұлға екен ғой. Ол кісімен Монғолияда жүргенде жақын араластыңыз ба?

- 1955 жылы Моңғолия үкіметінің шешімімен Баян-Өлгей аймағының ұлттық музыкалық драма театры құрылған болатын. 1960 жылы Баян-Өлгий өнері мен мәдениетінің алғашқы декадасына дайындық жасауға орай Советтік Қазақстаннан екі елдің тиісті мекемелерінің келісімі бойынша хор капеллаға Зоя Жараспаева, ұлт аспаптар оркестріне Хабидолла Тастанов музыка аспаптарын жасауға Қамар Қасымовтар келді. Ол кезде мен Монғолия мемлекеттік университеті кино-драма факультетінің бірінші курс студентімін. Бір күні мені куратор шақырып алып, мәдениет министрлігіне шақырып жатқанын айтты. Келіп тұрғандар ертіп алып, министрлікке әкелді. Ақыры сол уақытта ел астанасы Ұланбатыр қаласындағы алтын-күмістен зергерлік бұйымдар мен әртүрлі музыкалық аспаптар жасайтын өндіріске алып келді. Осында ұзын бойлы, көздері тостағандай, екі мұрты салбыраған кісі отыр екен, соған мені табыстады. Әлгі кісі менен таза қазақ тілінде: «Домбыра шерте аласың ба?» - деп сұрап, әшекейлеп әдемілеп жасаған қалақша домбыраны көрсетті де: «Мұны мәдениет министрі Болдыға тапсырамыз», - деп мән-жайды түсіндірді. Сөйтсем, бұл кісі – әйгілі Қамар Қасымов екен. Ол кісі домбыраға перне, ішек тағатын адам іздеген екен. Сөйтіп Қамар атаның Ұланбатырда жасаған домбырасына алғаш ішек, перне таққан адам мен болдым. 

Қырық адамдық ұлт-аспаптар оркестріне арналған аспаптарды үш ай бойы жасап бітіргенше, Қамар атаға шамамша көмектесіп, аспаптарына ішек, перне тағысып дегендей, бірге болғанмын. Осы бір тарихи оқиға туралы бес жыл бұрын естелік мақала жазып, ғаламтор желісіне шығарған едім. Сонымен бірге «Шалқар» радиосына сұхбат бергенмін. Осыларды көрген Ерлан інім мені іздестірген екен. Іздестіруінің бір себебі: Қамар ақсақал да Ерлан інім туып-өскен Торайғыр ауылының тумасы екен. Қамар атамыз 1966 жылы Алматыда дүниеден өткен ғой.

- Кереку-Баян өңірінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне олжа салған небір айтулы тұлғаларды тудырған құнарлы топырақ қой. Мұражайларды араладым дедіңіз ғой. Осы жөнінде қандай ой түйдіңіз?

- Қазақ даласының әр өңірі де өзіндік даралыққа ие ғой. Соның ішінде әйгілі би-бағландар, әншілер мен ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнер қайраткерлері молынан шыққан Павлодар өңірінің бүгінгі өркенімен танысып риза болдым. Қазақы өмірдің қаймағы жыл өткен сайын қалыңдап келе жатқан Кереку өңіріндегі ұлт руханиятының жоқшысы болып жүрген Рақымов Ерлан Олжаұлы бауырымызбен таныстым. Бұл азаматтың осы өңірде туып-өскен немесе ізі қалған Майра Уәлиқызы, Жабай Тоғандықов, Естай Беркінбайұлы, Қали Байжанов, Шәкен Айманов, Темірболат Арғынбаев, Байғабыл Жылқыбаев, Қапиза Әбуғалиева, Жаяу Мұса Байжанов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин тағы басқалары туралы жасалған телебағдарламаларда қолтаңбасы бар екен. 2023 жылы «Әлхисса» атты авторлық әдеби-сазды бағдарламасын ашыпты. Қазақстанға белгілі әнші-күйшілердің бір шығармасының шығу тарихы мен оған қатысты аңыз-әңгімені айта отырып, соңында шығарманы орындап беретін бағдарлама екен. Қазақстанда телеарнамен бағдарлама түсіретін жалғыз музейдің жұмысымен танысқанда көкейге түйгеніміз осы болды. Ерлан бауырыммен кездесуде бір күн жарым уақыт бойы әдебиет, өнер жайлы сыр шертісіп, әңгіме көрігін қыздырдық. Қамар атамыз туралы менен асықпай айтқызып, бейнетаспаға жазып алды, шаңырағында қонақ болдым. «Жақсыда жаттық жоқ», - деп лезде аға-бауырдай достасып кеттік.

Амандық болса, алдағы кезеңде Баянауылға сапарлап, сол өңірге қоныс аударып келіп мәңгілік тыныс тапқан көрнекті қаламгер, ақын, драматург, қоғам қайраткері Арғынбай Жұмажанұлы ағамыздың қызмет еткен мекемесіне барып, басына дұға оқу, Торайғыр ауылындағы Қамар Қасымов атамыздың музейіне барып, жерлестерімен дидарлассам, ол кісі туралы естелік-эссем жазылған «Монғолия қазақтарының театр тарихы» кітабын тапсырсам деген жоспарым бар.

Осы орайда тағы бір айта кетерлігі: 1 наурыз күні Астанадағы Қазақстан Республикасы ұлттық академиялық кітапханасының Мұқағали Мақатаев залында менің жоғарыда айтып өткен екі кітабымның тұсаукесері өтеді деп жоспарланып отыр. Кітапсүйер, өнерсүйер барша қауымды осы іс-шараға келіп қатысуға шақырамын.

- Бір қуаныштысы, қазіргі заманда қалың жұртшылық біртіндеп кітапқа қайта оралып келеді ғой. Кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі өнімдердің үлесі де артып келеді. Алда болатын кітаптарыңыздың тұсаукесер рәсімі сәтті өтуін тілектеспіз! Ұлт руханияты жолындағы ізденіс сапарыңыз ұзағынан болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар