2021 жылы 34-ші Халықаралық Токио кинофестивалі аясында танымал режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі жарық көріп еді. Кинотуындының сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» әңгімесінің сюжеті бойынша жазылған. 113 елден 1533 өтінім келіп түскен «Tokyo International Film Festival» кинофестивалінде «Ақын» фильмі іріктелген 15 кинотуындының қатарынан көрініп, Дәрежан Өмірбаев «Үздік режиссер» атағын жеңіп алған болатын.
Фильмнің басты кейіпкері Дидардың рөлін «Жігіттер» квартетінің мүшесі, әнші Ердос Қанаев сомдайды. Картинаның қоюшы операторы Борис Трошев, қоюшы суретшісі Александр Ророкин. Продюсерлері – Юлия Ким және Ержан Ахметов. Кинотуындыда бір-біріне паралель үш картина беріледі. Олар қазақ даласын енді отарлай бастаған Патша үкіметіне ашық қарсылық көрсеткен жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлы өмір сүрген дәуір, ақынның басы Қараойдағы қабіріне әкелініп, қайта жерленетін Кеңес дәуірі және осы замандағы қазақ ақынының образы. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі нарықтық қоғам тұсындағы беделі әлсіреген шығармашылық өкілінің ішкі хал-ахуалын шебер суреттейді.
«Ақын» фильмінің идеясын ортаға салып, шығармашылық өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырып едік. Мархабат! Оқи отырыңыз, қадірлі оқырман.
- Қателеспесем, кейінгі жылдары Шотландияда өткен халықаралық Сент-Эндрюс кинофестивалінде бес бірдей жүлдені жеңіп алған кинорежиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмі, режиссер Азамат Сатыбалдының «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» сынды телехикаялары жарық көрді. Қатар шыққан үш фильмде сомдалған қай ақынның образы сізге шынайырақ көрінді?
Дана Әмірбекова, кинотанушы, киносыншы
- Әр режиссер ақын бейнесін әртүрлі қырынан, режиссердің өзіндік көзқарасымен түсірген. Тарихи-биографиялық жанрда түсірілген «Мұқағали» фильмінде қоғамның ақын бейнесін қалай қабылдайтынына көбірек мән берілсе, «Ақын» фильмінде режиссер ақынның жан-дүниесіне тереңінен үңіліп, оның сыртқы әлемге деген көзқарасын кейіпкердің ішкі әлеміне үңілу арқылы суреттеген. Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» фильміндегі негізгі акцент ақынның өмірлік жолын таспалауға қойылса, Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмінде капиталистік қоғамдағы заманауи ақын болмысының жиынтық бейнесі өткен дәуірлермен параллель жүргізу арқылы жасалған. Біздің режиссерлер көп жағдайда тұлғаны көрсетем деп жүріп, тым кіршіксіз бейне жасауға тырысады. Кез келген тұлғаның ішінде ет пен сүйектен жаралған қарапайым пенденің жататынын ескермейді. Бұл тұрғыда, әрине, ақын болмысының қатпарларына тереңінен үңіліп, кейіпкер кейіпіне сүңгіген «Ақын» фильмі әлдеқайда шынайырақ шыққан.
Естеріңізде болса, фильм таң сәулесінің нұрлы шапағатымен өлең жазып отырған ақынның қолын ірі планмен көрсеткен кадрдан басталып, Махамбет мазарының жанында жапырағын жайып, жайқалып өскен ағаштың көрінісімен аяқталады. Өмірбаевтың ақыны өлең жазумен ғана шектелмейді. Ол бүгінгі капиталистік қоғамға қарсы тұрып, өнерін сатуға келіспейтін кейіпкер. Ол үшін рухани құндылықтардың ысырылып, материалдық құндылықтардың үстемдік жүргізуі түсініксіз.
«Алдымен Сөз! Содан кейін барлығы, Солай еді Ұлы ақынның жарлығы. Содан бері қарашықтың түбінде. Жаратқанның жазылмайтын бар мұңы. Алдымен сөз!» деп өлең оқитын Дидар терең ойлы, трагизмге толы ақын. Жаһанданған заманда өмір жолының жиегіне ысырылған ақындардың ешкімге қажетсіз екендігін ұғынған оның іші мұңлы. Шерін тарқататын жалғыз амалы – өлең жазу.
Бұл фильм тек сөз өнері шеберлерінің қасіреті жайлы ғана емес, жалпы ақын болмысты кез келген суреткердің, демек, режиссер, жазушы, күйші сияқты т.б. әр өнердің ақындары жайлы. Олардың суреттеу тәсілдері әртүрлі болғанымен, жаратылыстарынан ақын.
Тұрсынбек Башар, ақын
- Азамат Сатыбалдының «Мұқағалиы» сериал, телехикаяда тарих көбірек баяндалады. Ал Болат Қалымбетовтың көркем фильмі ұзақ үзілістен кейін кинокартина түсірген режиссердің бұл фильмге дайындалып келгені көрінеді. Драма басым, Мұқағалидың ішкі жан дүниесін ашуға тырысады. Меніңше, бұл екі фильммен Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» туындысы мүлде бөлек. «Ақын» таза авторлық дүние. Мейлі, режиссер сценарий негізін Герман Гесседен алса да, оның ішінде қазіргі ақынның ішкі күйі көбірек беріледі. «Ақын» неонуар жанрын еске салады. Кейіпкер де күңгірт, жадағай өмір сүреді. Айналадағы бейуақ мезгілдей түстер еңсеңізді баса түседі.
Әлімақын Жанболат, кинотанушы
- «Мұқағали» фильмі мен «Ақын» фильміндегі экрандық бейнелер бір-біріне жақын деуге болады. Бірақ Өмірбаев идеалға жақын ақынды көрсеткісі келеді. Ол сырт көзге күресе алмайтын тұлға болғанымен, іштей арына, сөз өнеріне адал образ. Ал Қалымбетов фильміндегі Мұқағали меніңше оның шынайы өмірдегі бейнесімен салыстырғанда анағұрлым «жұмсақ» ақын болып шыққан. Мұқағали өршіл, жалынды ақын болғанын әдебиет сүйер қауым жақсы біледі. Алайда экраннан халық барынша асқақ тұлғаны күтті. Ал сериял туралы айтсақ Мұқағалиды өз деңгейінде көрсете алған деп ойлаймын.
Ақжан Аманжол, ақын, кинотанушы
- Қайсысы шынайырақ деп емес, қайсысы жақынырақ деп қарастырған дұрыс секілді. Өзіме Дәрежан Өмірбаевтың ақыны жақынырақ дер едім. Себебі кейіпкер маған таныс уақыт пен кеңістікте өмір сүреді, мен жүретін көшелермен жүреді, мен мінетін метро вагонына мінеді. Дегенмен де ол тек ақынның ғана емес, жалпы қазіргі шығармашылық адамының жиынтық образы секілді. Сондықтан оны толықтай шынайы деп те айту қиын.
- Режиссер қазіргі заман ақынының образын Махамбет Өтемісұлы дәуірімен қатар алып суреттеуінің астарында не жатыр деп ойлайсыз?
Дана Әмірбекова, кинотанушы, киносыншы
- Дидар өлең жазып отырған көріністе алдына кездескеннің бәрін жапырып, қиратып кететін «Катрин» құйынды дауылы барысында ағашты ұстап, сақтап қалуға тырысқан адамның фотосуреті көрсетіледі. Махамбет те, Дидар да дәл сол «Катрин» құйынды дауылына қарсы тұрған адам тәрізді қоғамның қатып қалған қағидаларына қарсы шыққан ақындар. Махамбет Ресей империясының отаршылдық саясатына, демек, империалистік жүйеге қарсы шығып, қоғамдағы әлеуметтік теңдік үшін күрессе, Дидар – капитализм заманындағы әлеуметтік теңсіздіктің құрбаны болған ақын.
«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорғаны мен едім.
Мен де айрылдым елімнен;
Көл қорғаны сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс!
Сені көлден айырған -
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған -
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып - айтпай немене,
Құсарлықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні!»
деп жырлаған Махамбет фильмде аспанға қарап, еркіндікті аңсайды. «Ақын» фильміндегі екі дәуір кейіпкерлерін салыстыра отырып, ақын болудың қай кезеңде де оңай еместігін, ақындық пен батырлықтың тең жүретінін көреміз.
Тұрсынбек Башар, ақын
– Қарсылық жатыр. Ақын қай уақытта да қоғамға қарсы адам. Қарсылықтан өнер туады. Қарсылықтан өлең жазылады. Әрине оның астарында қазіргі саясатқа ақынның көзқарасын білдіретін ақынның элементтерін қосуға болады. Ақын шын ақын болса қай уақытта да Махамбет болады. Мұқағали Кеңестің темір саясаты дәуірлеп тұрған уағында "Автограф" өлеңінде «Мен Спартак бола алмадым не шара, Сен өзің Цезарь болып көрдің бе?» - дейді. Соңында «– Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты –Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» – деп аяқтайды. Яғни өзін отаршылдыққа қарсы күрескен Махамбеттің жалғасы санап тұр.
Әлімақын Жанболат, кинотанушы
- Өмірбаев екі кезеңдегі екі ақынды бір фильмде қатар көрсетеді. Бұның басты себебі ақынға, жалпы өнер мен шығармашыл адамға қоғамның, сыртқы ортаның қысымы қай уақытта болсын өзгермейді деген ой айтқысы келеді. Бұл фильмінің негізгі идеясы да шығармашылықтың жүгі қашан да ауыр екендігі туралы шындық еді.
Ақжан Аманжол, ақын, кинотанушы
- Мен үшін фильмдегі Махамбет Өтемісұлының оқиғасы басты кейіпкердің ішкі жай-күйін ашудың құралы ретінде қабылданды. Дидардың қиялында өрбіген Махамбеттің образында рухани күшке, теңсіздікпен күресуге, құндылықтарды қорғауға деген ұмтылыс бар. Екі ақынның өз заманына сай сұрақтары әртүрлі болғанымен, жауаптары бір. Сондай-ақ, Махамбеттің бейнесі арқылы (және тек ол арқылы ғана емес) басты кейіпкердің ақын ретінде әлдекімнің есінде қалуға деген үмітін сезуге болатындай.
- «Ақын» фильміндегі басты кейіпкер Дидар сәл қиялшылдау, қоғамнан өз орнын таппаған кейіпкер секілденеді. Бұл режиссерлық шешім бе? Әлде осы заман ақынының шынайы бет-бейнесі ме?
Дана Әмірбекова, кинотанушы, киносыншы
- Дидар – капитализмнің, демек, материалдық құндылықтар алдыңғы планға шыққан жаһандану мен цифрландыру дәуіріндегі заманауи ақынның шынайы бет бейнесі. Сонымен қатар, Дидар – фильмнің авторы Дәрежан Өмірбаевтың альтер эгосы десек те жаңылыспаймыз. Дәрежан Өмірбаев та кейіпкері Дидар сияқты шынайы өнер тудыратын авторлар мен суреткерлердің маңыздылығы әлсіреп бара жатқан қоғамның құрбаны. Әлемнің үздік кинофестивальдерінде жеңімпаз атанып жататын оның фильмдері өз отанында танымалдыққа ие емес. Мысалы, Баян Алагөзова, Нұрлан Қоянбаев қатарлы мейнстрим бағытындағы арзан әзілдер мен таптаурын сюжеттерден құрылған фильмдерін бүкіл халық көреді. Кино тілі әлсіз, авторлық ой жоқ ондай өнімдер еселеп қаржы табады. Себебі, естерін білгелі Голливудтың таптаурын сюжеттеріне құрылған жанрлық фильмдер көріп дағдыланған бүгінгі көрерменнің кино көру мәдениеті қалыптаспаған. Шынайы өнер мен бір күндік өнімнің ара-жігін ажырата алмайды. Дәрежан аға айтпақшы, біз көрерменді талғамының қалыптаспағаны үшін айыптай алмаймыз. Себебі, өзіміз сол талғамның қалыптасуы үшін ештеңе жасап жатқан жоқпыз. Мысалы, мектепке енді ғана қадам басқан балаға әліппеден бастап, сөз өнерінің қыр-сырын оқытамыз. Сол себепті де біз олардың қолына роман ұстатып, оқуын талап ете аламыз. Ал киноның тілін әлі күнге дейін ешбір мектепте үйретпейді. Кино өнерінің теориясын былай қойғанда, тарихынан хабардар емес көбісі. Оның табиғатын түсінбейді. Бұл тұрғыда әдебиет, бейнелеу өнері, музыка тарихы сияқты кино өнері пәнін де мектеп бағдарламасына енгіріп, осы саланы зерттейтін институт ашу еліміздегі экран өнерінің дамып, көрермен талғамын қалыптастыру үшін аса маңызды. Сол кезде ғана біздің көрерменіміз де Еуропа көрермені тәрізді «попкорн киноны» емес, нағыз өнер туындыларын бағалайтын болады.
Тұрсынбек Башар, ақын
– Кейінгі уақытта осындай тенденция қалыптасқан секілді. Ақынды қияли, қожанасыр көретіндер көбейіпті. Ақын да адам ғой, кейде оларда өз орнын таппай жатады, кейде қиялға беріледі. Сондықтан оның астарына үңіліп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазір біздің қоғамда ой еңбегімен (кітап жазып) өмір сүру қиын. Ал Дәрежанның ақыны әдебиетке берілген адам. Осы заманның ақынына жақындау кейіпкер.
Ықылас Ожайұлы, ақын, журналист
- Әрине, ақын фильмі жайында көп дүние айтуға болады. Мен соның өзіме ұнаған ең негізгі екі мәселесіне тоқтала кетейін. Біріншісі, бізде кез келген тұлғадан адам ақылы жетпейтін идеал жасау я болмаса негативті пенде қылып шығару үрдісі бар. Бұл жерде ақын жай ғана адам. Оның ауызымен ешқандай ақылман сөз де пафоста айтылмайды. Бастысы бөстекі сөзден қашып ақынның қарапайым ғана бүгінгі қоғам алдындағы шын болмысын ашуға тырысқан. Екіншісі, экран ішіндегі көріністің бәрі өз көшең, өз өмірің, өзіңнің күнделікті кездесетін төл кейіпкерің болғандықтан кино көріп отырғаныңды мүлде ұмытып кетесің. Қайталап айтайын мүлде ұмытып кетсің. Егер сол жерде мына біз өмір сүрген реалды қоғамға еш қатысы жоқ бір «ақылман» тұрақты сөз тіркесі айтылып, мораль көрсетілгенде біз саналы түрде экран сыртына шығып қалатын едік. Осы дүниелердің өзі-ақ біздің кино көріп отырғанымызды ұдайы қаперімізге салып отыратын негізгі кедергі болатын еді. Міне, ақын фильмінде көп киноларымызға тән мұндай ақуалдың бірін де кешпейсің. Енді осындай жетілген шын шеберлік пен тәжірибеге қалайша сүйсініп қалайша риза болмайсың…
Ақжан Аманжол, ақын, кинотанушы
- Кейіпкерді осы заман ақыны ретінде көресің де, сосын оның үйіндегі жиһаздардан ескі уақыттың иісін сезесің. Бәлкім осы заман ақынының шынайы бет-бейнесі осындай болар. Бәлкім біздегі қазіргі қоғам адамы осындай шығар.
- Неміс-швейцар жазушысы Герман Гессе «Авторлық кеш» шығармасындағы кеш көрерменін құлағы естімейтін саңырау кейіпте береді. Ал «Ақын» фильміндегі кеш көрермені тұтығып, дұрыс сөйлей алмайды. Мұның астарында қандай символикалық мән бар деп ойлайсыз?
Дана Әмірбекова, кинотанушы, киносыншы
- Біріншіден, Дәрежан Өмірбаев өзі де бала күнінде осылай тұтығып сөйлеген. Бүгінгі күні де кей жағдайларда өз ойын жеткізуде тұтығып қалатын сәттері кездеседі. Сондықтан, бұл бір шетінен автордың өз өмірінен алып қосқаны десек те болады. Екіншіден, ақынның өнерін бағалаушы жалғыз кейіпкер сөйлегенде тұтығқанымен, өлең шумақтарын оқығанда тылсым бір дүниеден құйылып, түйдек-түйдегімен төгіліп түсіп жатқандай әсерде боласыз. Кейіпкер үшін ақынның шығармашылығы оған әрі қарай өмір сүруіне дем беретін үміт сәулесімен тең. Бұл әлемде бәрі өзгеруі мүмкін. Тек шығармашылық қана мәңгілік. Егер сіздің шығармашылығыңыз әлемдегі жалғыз бір ғана адамның өміріне әсер етсе де, еңбегіңіздің сарп етпегендігі.
Тұрсынбек Башар, ақын
- Әрине бар. Ол автор мен оқырманның бір-бірін жете түсінбеуі. Қаламгердің жан дүниесін, ішіндегі қыжылын қоғамның ұғынбауы. Таласбек Әсемқұловтың «қазіргі автор мен оқырман арасында ор бар, автор ол ордан төменге түсіп оқырманға барғысы келмейді, оқырман ордан өтіп жоғарыдағы автор жанына шыққысы келмейді» деген сипаттағы сөзі бар емес пе? Ақын мен автор әлимсақтан бір-бірін түсінбей келе жатыр.
Әлімақын Жанболат, кинотанушы
- Әрине бар. Қазір болсын, өткен тарихта болсан шынайы өнердің қабылдаушылары мен түсінушілері аз болған. Ақын фильмі интеллектуалды, биік деңгейдені өнер және оның жасаушысы туралы фильм. Демек оның қолдаушысы "бір-екеу" болып жатады.
Ақжан Аманжол, ақын, кинотанушы
- Қоғам - үнсіз. Ақынның қоғамы - үнсіз. Ал ақын - сол қоғамның тілі. Өлең - сөз. Менің сезінуімде осылай.
«Ақын» қай ғасырда да елеусіз күй кешеді. Ол еленуі қажет пе? Әлде біз қаламгер ұғымын тым идеалдандырып қараймыз ба?
Дана Әмірбекова, кинотанушы, киносыншы
- Қазақ елі үшін ақынның алатын орны әрқашан жоғары, мәртебеге ие болатын. Дәрежан Өмірбаевтың «Ақыны» бүгінгі, заманауи ақындардың трагедиясы жайлы баяндайды. Технологияның дамуымен тілдің жойылып бара жатқандығын, жасанды интеллекттің қолданысқа енгелі шығармашылықтың құны түсіп, ақын, жазушы, суреткерлердің де қажетсіз болып бара жатқаны жайлы ой тастайды. Өмірбаев бұл фильмімен жауап бермейді, беруге тырыспайды да. Себебі, өнердің мақсаты – жауап беру емес, өнердің мақсаты – сұрақ қою.
Фильмнің соңғы кадры тамыры тереңге бойлаған ағаштың көрінісімен аяқталады. Махамбет мазарының жанында жайқалып өскен ағаш ақындардың, демек, шынайы өнер адамдарының жер бетінен ешқашан жоғалмайтынына үмітімізді үздірмейтін сәуле ұялатады. Жалғыз болса да іздеушісі бар кезде өнер ешқашан өлмейді!
Тұрсынбек Башар, ақын
– Бұл сөзіңізге қосылмаймын. Ақын қашан да жөйіттей қудаланады. Ақын қашан да публикада болған. Және оның еленуі қажет емес. Өлең жазса өзі үшін жазады емес пе? Егер оның өлеңі сыздаған жараны дөп басып, қоғам арасында интрига тудырып жатса, сол арқылы еленіп жатса мейлі. Басқа уақытта еленбей қалдым деп қайғырудан нәтиже көріп тұрған жоқпын. Еуропада өлең жазатындар азайып кетті деседі. Бәлкім болашақта ақындар елеусіз қалып, жоғалып кетер. Кейде маған да ақындар өнер сахнасынан түсіп кетіп бара жатқандай көрінеді.
Әлімақын Жанболат, кинотанушы
- Ақын барлық уақытта елеусіз болмаған. Мысалы дәстүрлі қазақ қоғамында, тіпті кешегі кеңестік кезеңде де ақындер елден, үкіметтен қолдау көріп отырған кезеңдер болды. Бірақ біз капитализм табалдырығын аттағалы бері рухани құндылыққа қолдау азайды. Оны мойындау керек. Бұл өтпелі кезең болуы да мүмкін. Ертең ел қайтадан ақынын іздейтін заман келеді деп сенем. Бірақ фильм қиын шақтарда өнерді таңдаған адам туралы ғой. Өмір үнемі адамға таңдау береді. Сол сын сәтте жүрек пен ардың жолын таңдау өте қымбатқа түседі. "Ақын" фильмі көрерменді шығармашыл адамдарға аз да болса құрмет көрсетуге, түсінуге шақырады.
Ақжан Аманжол, ақын, кинотанушы
- Егер фильмдегі өлең тыңдауға келген жалғыз тыңдарман секілді адамдар бар болса, онда ешкім де, ештеңе де елеусіз қалмайды.
- Шынайы пікір білдіргендеріңізге алғыс айтамыз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.