Қуандық Насихатұлы МӘДІР - 1965 жылы Атырау облысында туған. Суретші, композитор, педагог, өнертанушы, публицист. Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, «Тұран» халықаралық сыйлығының иегері, Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі.
Елдің қоғамдық өміріне етене араласып жүретін Қуандық Насихатұлы «Аманат» партиясы жанынан құрылған азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің БҚО-дағы төрағасы. 1997 жылдан БҚО «Өнер» қоғамдық қорының президенті, "ҚР БҚО Суретшілер одағы” ҚБ-нің төрағасы.
- Қуандық аға, өзіңізді Батыс Қазақстандық суретші ретінде көпшілік таниды. «Туған жеріңіз, өскен ортаңыз» деген дәстүрлі сұрақтардан бастап, әңгімемізді әрі қарай өрбітсек...
- 1983 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Еңбекші орта мектебін бітіргеннен кейін, «Құрмет белгісі» орденді А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне оқуға түсіп, оны 1990 жылы тәмамдадым. Оқуды аяқтаған жылы институт басшылығы оқытушылыққа қалдырды. Отыз жылдан астам уақыт аталмыш оқу орнында (қазіргі М.Өтемісұлы атындағы БҚУ) дәріс бердім. Үш жарым жылдан астам уақыт Оралдың музыка мектебіне басшылық еттім. Қазір «Атамекен» өнер ордасында көрмелерді ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып еңбек етемін.
- Осы уақытқа дейін қандай шығармашылық кезеңдерді бастан өткердіңіз? Суретші ретіндегі болмысыңыздың қалыптасуына сурет өнерінің қай ағымы көбірек ықпал етті? Осы жайында тарқатып айтып берсеңіз?
- Бәрін басынан бастайын. Мен бала жастан сурет салумен әуестенемін. Дәлірек айтсам, бес жасымнан. Туған ағам Сағындық та сурет салатын. Соған еліктеген шығармын, әйтеуір оның мектептегі оқулықтарының ішіндегі суреттерді көшіріп салатынмын. Не нәрсе де басында сол еліктеуден басталады ғой. Бастауышта сабақ берген Шаттық апай Сәрсекеева да маған көрнекілік құралдар мен тәрбие сағаттары үшін жиі сурет салдыратын. Арасында «Балдырған», басқа да журнал, газеттерге салған суреттерімді жіберетінмін. Бірде редакциядан хат келді, онда: «Қуандық айналайын! Сурет салу тылсым өнер, оның қыр-сырын терең оқып, үйрен, салған суретің жақсы, әлі де талаптанып, ізденсең, нұр үстіне нұр болар еді. Дәуітәлі Стамбеков» деп қол қойыпты. Мұңайып қалдым, көңілім түсіп. Сөйтсем, көшіріп салынған сурет газет, журнал бетіне жарияланбайды екен, не де болса өз ойыңнан композиция құрап салу керектігін кейін ұқтым.
Жалпы мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға жақсы араластым. Редакциялық алқа мүшесі ретінде, көптеген қабырға газеттері мен тақталарын безендірдім. Сол жұмыстарым осы берірекке дейін мектеп дәлізінде ілулі тұрды. Жақсы оқитын баланың арманы көп болады ғой, әдетте. Менің екі арманым болды, біріншісі космонавт болу, ол үшін кәдімгідей дайындалдым, екіншісі - суретшілік немесе сәулетшілік. Алғашқысынан әкемнің «жерде жүріп те өлуге болмай ма?» деген сөзі айнытты. Сөйтіп, кейінгісін қаладым.
1990 жылы институтты бітіріп, сурет салудың қыр-сырын үйреніп, студенттерге дәріс бере бастағанда шығармашылыққа қарай бет бұру керек деген ой келді. Институтта таза академиялық бағытта жұмыстанып, соның кәсіби шеберіне айналған бізге ұстаздарымның жанында жүріп шығармашылық жұмыс жасау бұйырыпты, міне, сурет өнерінің тылсым құдіреті мені әлі осылай жетектеп келеді. Реалистік өнердің қыр-сырына қаныққаннан шығар, менің шығармашылығым да осы бағытпен үндескендей, тек тереңдетілген, жан-жақты қамтылған түрі десем болады.
- Суретшілерге материалдық және қоғамдық қолдау көрсетілмегенімен, еліміздегі ең дәулетті өнер иелері - суретшілер екен. Осы жайында сіздің ойыңызды білуге бола ма?
- Иә, дұрыс айтасыз, суретшінің қазіргі қоғамдағы орны мен бейнелеу өнерінің соңғы жылдардағы даму үрдісі, болашағына қатысты өзекті мәселелер бар. Оны мен қашаннан айтып келемін. Өнердің мұраты көркем шындықты бейнелеп, санасы бар жанның эстетикалық сезімін тудыру ғой. Суретшінің қоғамдағы орнының әлсіреуі, баяғыдай ұлттық ойдың басы-қасынан табылмауы, суретшіні етікшімен шатастыру, әрине, жаныңды жүдетеді. Суретші деген халық ақын, жазушы, композитор, режиссер сияқты тың дүниені өмірге әкелетін жандар ғой, ендеше, оларды солармен бірдей, тең дәрежеде құрметтеген дұрыс. Көп жағдайда жай орындаушылардың өзі суретшілердің алдына түсіп кетіп жатады. Суретші сезімнің адамы болғандықтан, оған қиянат жасамай, керісінше, оларды жігерлендіріп, қанаттандырып отырған жөн. Бұл күнде рухани дүниелер жазатын жандар қатары азайып, көптеген суретші шынайы шығармашылық ауылынан алыстап, біразы коммерциялық бағытта мал табу қамына кіріскен. Дәулетті, материалдық жағынан бай болатыны сондықтан шығар. Коммерция жүрген жерде шынайы дүние болмайды, табыс үшін орындалатын өнер, яғни салондық жұмыс өзіңе емес, өзгеге ұнау үшін, сатып алушының талғамына ыңғайластырып жасалады. Сондықтан ол жылтырақ, сәнді, өте тиімді шешімдермен орындалады, яғни ондай жұмыстарды сатып, шаруаңды түзеуге болады деген сөз. Бірақ, салондық жұмыс саф өнер болмайтынын әркез естен шығармаған дұрыс.
- Суретшінің болмысына, табиғаттың мың бояулы түсін тануға өскен өлкесінің әсері бола ма?
- Болмыс философиялық ұғым, ол барлық дүниетанымдық тәжірибелерден бастау алып, адамзат мәдениетімен жалғасып жататын дүниетанымдық білімдердің негізі ғой. Сондықтан, суретшінің болмысына өскен өлкесінің әсері болады әрине, ал табиғаттың мың бояулы түсін тану, оны дәл көрсете білу, ол суретшінің шеберлігіне байланысты деп ойлаймын.
- Шөлді, құмдауыт аймақта өскен суретшілерде түсті құбылту қабілеті аз болатыны айтылады. Осы қаншалықты рас ақпар?
- Сіз пейзаж жанры бойынша жұмыстанатын суретшілер жайлы айтып отырған шығарсыз. Әрине, кескіндеме үшін түстің рөлі жоғары. Бірақ бейнелеу өнерінің кескіндемеден басқа да түрлері мен жанрлары жетерлік қой. Құмда өскен бала пейзаж жанрында толыққанды жұмыс істей алмайды дегенді айтқыңыз келсе, ол пікіріңізді құптамаймын. Бейнелеу өнері графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін және т.б.түрлерге бөлінеді. Сондықтан барлық суретшіге түсті құбылтып, тек пейзаж жанрында жұмыс істе деуге болмас. Әркім өз қабілетіне қарай бейнелеу өнерінің түрін, оң жамбасына келетін техниканы, болмаса жанрын таңдайды. Мен графика бойынша портрет жанрына, соның ішінде сомдалған портрет, яғни, сомсуретке жақындаумын. Соны тереңірек зерттедім, толық білемін десем де болады.
- Аты әлемге әйгілі болған суретшілердің көбі өзін «біртүрлі» ұстаған. Мәселен, Ван Гогтың өміріндегі түрлі ситуациялар, бір құлағын кесіп тастауы, психиатриялық емханада ем алуы, тағы да басқа жайттар осы сөзіме айқын дәлел. Сонда суретшілердің көру нүктесі қарапайым адамдармен салыстырғанда несімен ерекшеленеді?
- Өткен жылдың соңына таман Оралда суретші, композитор, ақын Ерсайын Жапақтың көрмесін өткіздік. Сол кезде осы тақырыпқа біраз тоқталдық. Өйткені Винсент Ван-Гог Ерағамыздың қадірлейтін идеал-тұлғасы. Басында, Ван Гогтың картиналарын ешкім бағаламаған. Картиналары өтпегесін өртеп, жыртып тастап отырған. Көзі тірісінде тек бір ғана «Қызыл жүзім» атты картинасы сатылыпты, оны да бір қыз аяушылық танытып алған көрінеді. Тео деген туған інісі «Уақыт шешеді бәрін, картиналарыңды жыртпа»-деп, ылғи басу айтып, бояуы мен тамағына 120 франктен тұрақты қаржы бөліп, «Сенің жұмыстарың мәңгілік, сен ұлы суретшісің» деп жігер беріп отырған. Соның өзінде де суретші ұлы күйзеліске ұшырайды. Жүз жылдан кейін, сол Теоның айтқаны айнымай келіп, қазір оның шығармаларының құны баға жеткісіз өсті. Жалпы суретшілердің барлығына Ван-Гогқа қарағандай қарауға болмайды. Әр суретшінің әрқилы жолы һәм өзіндік әлемі болады. Суретші деген сезімнің адамы ғой, жоғарыда айттым, дер кезінде бағалап, қанаттандырып отырған дұрыс. Өкінішке орай осы жағы бізде өте кемшін.
Мысалы, суретшіні зерттеуші ғалыммен салыстырсақ көп ұқсастықтарға ие, бірақ оның әлемді тану тәсілдері түбегейлі өзгеше. Ғалым мен суретшінің іс-әрекетіндегі ең маңызды айырмашылық - зерттеуші ғалым өзінің жұмысын негізінен ғылыми эксперименттер, логикалық ұғымдар мен тұжырымдар арқылы іздейді және шығарады, ал суретші өзінің ақиқатын қиял мен интуиция арқылы іздейді және табады, көркем образ жасайды. Ғалым еңбегінде шындық объективті болады және оны басқа ғалымдардың зерттеулерінің нәтижелерімен растауға болады. Суретшінің ақиқаты субъективті болады және оны басқа суретшілердің шығармашылығында қайталау мүмкін емес, егер мүмкін болса, тек көшірме түрінде болады, демек ол ешқашан түпнұсқа бола алмайды.
Жалпы өнердің адам өміріне тигізетін ықпалы орасан зор. Ол адамдардың жанына жұбаныш беріп, бойына ерекше жылу сыйлайды. Ал, кәсіби мамандар үшін, өнер біреудің наны, енді біреуді биік шыңға жетелеген үміті десек болады. Өнердің жаман жағы жоқ, ол адамды тек ізгілікке, жақсылыққа тәрбиелеп отырады. Суретшілік өнерге шын берілген жан қарапайым адамдар сезе қоймайтын, көре бермейтін нәрселерін көріп, сезеді. Және рухани дүниесі терең жандар материалдық дүниелерге аса қызыға да қоймайды.
- Шабыт пен энергияны қайдан аласыз
- Күш-қуат өнер адамдарында туа бітті болады-ау деймін. Ол дүниенің сан өрнегін тоқысаң да, бір нәрсенің сәл жетпей тұрғанын іштей сезуіңнен, соны тапқанша өзіңді қоярға жер таппай тыпыршып, беймаза күй кешуіңнен сезіледі. Талант - Құдайдың сыйы ғой. Оны Жаратқан мейірімі ерекше түскен жандарына ғана береді. Бұны мен мақтанып айтып отырған жоқпын. Керісінше, кейде көңілің құлазып, болмаса жаңа бір туынды жазар алдында беймаза көңіл-күйге түскенде өнерден мүлде бейхабар жандарға қызығамын.
Сабыр ағам Адай, бір өлеңінде:
«Ақын болып туғанша жүйкемді жеп,
Адам болып тусамшы икемдірек.
Құм төсінде жөңкіген қотыр қаңбақ,
Ол да әнекей, сезімге сүйкенді кеп» - дейді. Көрдіңіз бе, бәрі жүрек арқылы өтеді. Суретші де ақын ғой, тек айырмашылығы, өлеңін қылқаламмен кенепке жазатыны болмаса.Шабытты қайдан аласыз деп қалдыңыз, бәрі де тәрбиеден шығар, мен өз елімнің тарихын қастерлеймін, өз ұлтымды, халқымды қадірлеймін. Қазақ ақындарының шығармаларын оқимын. Жұмекен мен Төлегенді, Мұқағали, Жұматайды, Фариза апам өлеңдерін жата-жастана оқығанмын, қазір де қолға алып қарап қоямын. Орта буын ақындардан Сабыр ағам өлеңдері ұнайды, жас ақын іні-қарындастардан Ақберен, Маралтай, Әлия, Бақытгүлдердің өлеңдерін оқып тұрамын. Мирас Асан өлеңдерінде өзіндік ерекшелік бар. Негізі поэзия үлкен әлем ғой, оқығанда кәдімгідей шабыт береді, қуат аласың.
- Қуандық Насихатұлы, Сіздің шығармаларыңыздың дені Ақжайық өңірінің көрнекті қайраткерлерінің образдық бейнелері ғой. Сіз қандай критерийлер бойынша кейіпкер таңдайсыз?
- Өзімнің болмысыма жақын, шығармашылығыма сіңіп, қызметі жан-дүниеме ерекше әсер ететін, ұрпақ болашағына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, қарапайым тұлғалармен жұмыс істеймін. Тіпті, мен ол адаммен жеке таныс болмауым да мүмкін, арасында бақилық болған адамдар да болуы ықтимал, бірақ оның әлемін жете зерттеп, кітаптарын оқып, ол кісінің болмысын терең түйсінуімнің арқасында сомсурет, яғни, портрет өмірге келеді.
- Суретшілер, ақындар мен музыканттар өздерін шығармашыл адамдар санатына жатқызады. Өнер адамдары ауқымды жасампаздыққа қозғаушы фактор ретінде орасан зор рухани күшке ие екендігін білеміз ғой?
- Өнер ол ғаламат, ғажап дүние, ұсақ, меркантильді ұғымынан аулақ. Мен бір тарихқа аз-кем тоқтала кетейін. 90-шы жылдардың басы, ауылда жазғы демалыста жүрген кезім еді. Ұйықтап жатыр екенмін, түсімде, біздің ауылға Шәмші мен Әсет ағаларымыз алып «К-700» тракторымен келіп, кабинасынан түспей, «Сенің музыка жазуға талаптанып жүргеніңді естіп арнайы келдік, бізге өз әніңді орындап берші»-деді. Мен көптеген ақындардың өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқитынмын. Сол жерде ақын ағамыз Ғайсағали Сейтақтың көкейіме қонақтаған өлеңдерінің бірін бір беймәлім әуенге салып жеткізіп бердім. Олар мұқият тыңдап, әнге ризашылық білдірді. Ол ән «Жаңбырдан соң» деп аталады. Оянғасын болар-болмас өңдедім, былай ән сол күйінде әлі орындалып келеді. Осы түсімдегі көрініс кәдімгі өңімдегідей сақталып қалды, күні кешегідей көз алдымда.
- Қызық оқиға екен, иә, Сіз тек қылқалам шебері ғана емес, қазір елге белгілі сазгерсіз де. Сазгерлік қырыңыз жайлы айта кетсеңіз.
- Біздің әулет - негізі өнерлі әулет. Әкеміз үш ағайынды еді. Үлкені Тілеп көкем домбыраны шебер тартатын, өзі де жанынан талай күй шығарған. Ортаншы ұл, Насихат, менің әкем, он саусағынан өнер тамған, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген жан болды. Кіші ұл-Насихан домбыраның құлағында ойнайтын, әуелетіп салған әнін тыңдаудың өзі бір бақыт болатын, сағынамын, жарықтықтардың имандары жолдас болсын. Бұл үш шалға өнер әке-шешелерінен жұққан екен. Мәрия әжем атақты домбырашылармен бірге жүріп кезінде Нарын, Дыңғызыл өңірлерін күйге бөлеген күйші болғанын көнекөз қариялар сыр ғып айтады. Демек, өз заманында тұлғалық дәрежеге көтерілген адамдар десем артық болмас.
Мына қызықты қараңыз, солардың ортасынан шыққан маған әу баста домбыра шерту бұйырмапты. 1990 жылы бір басқосуда менен домбыра тартуымды достарым өтініп сұрады. Сонда жанымдағы әйелім, «Қуандық өнерлілер әулетінен шыққанымен, домбыра тарта алмайды»,-дегені. Сол намысыма тисе керек, ертесіне саз аспаптарын сататын дүкенге барып домбыра сатып алдым. Өзім кәдімгідей тыңқылдатып тартып үйрендім. Сол-ақ екен артынша әндер туа бастады. Жазайын деп арнайы отырмайсың, өзі шығатын болды. Өнер - әкенің қанымен, ананың сүтімен бойға даритыны ақиқат екен. Республикалық, облыстық композиторлар байқауында бұйырған жүлделерді иемденіп, бірнеше ән кешімді өткіздім. Әндерімді кәсіби әншілер орындайды, бейнеклиптері де бар. Қазір бас-аяғы 70-ке тарта ән, романстарым бар. Олар жеке жинақ болып та шықты. Өңір композиторлары жинақтарына, Атырау композиторлары антологиясына, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы мен балалар музыка мектептері әншілерінің репертуарларына бірнеше шығармаларым еніп, республикалық өнер басылымдары мен жинақтарда жарық көрді. Көптеген ән-романстар Батыс Қазақстан облыстық радиосының қорында сақтаулы. Туындыларымның басым көпшілігіне - ел Тәуелсіздігі, туған жерге деген патриоттық сезім, іңкәрлік пен ізгілік арқау болған.
- Еліміздегі Суретшілер одағының жұмысына қандай баға бересіз? Жалпы суретшілерге мемлекет тарапынан бүгінгі таңда қандай қолдау көрсетіліп отыр?
- Қазіргі таңда, естуімше, Одақтың 1200-ден астам мүшесі бар. Олар бейнелеу өнерінің әртүрлі түрі мен жанрларында жұмыстанады. Иә, бір қарағанда жұмыстанып жатырған сияқты. Бірақ, әркім өз бетімен, өз күшімен, өз шама-шарқысына қарай. Мемлекет тарапынан еш қолдау жоқ десем өтірік емес. Материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да. Суретшілер одағы Кеңестік кезеңде тікелей үкімет құзырында болды ғой. Яғни, мемлекеттік тапсырыстарды да сол бір орталықтан бөліп тұрды. Ұйым тікелей мемлекеттің қарамағында болғандықтан, кәсіби суретшілермен қатар, аяғынан қаз тұра бастаған жас дарындарды да қолдап, көптеген маңызды шара ұйымдастыратын. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Осы мәселені Одақтың басқарма басшысы айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ, құлақ асып жатқан ешкімді көрмедім.
Иә, фестивальдер мен байқаулар тек республика емес, облыс деңгейінде де өтуі керектігі мәдениет туралы заңда жазылған. Сондықтан, толыққанды болмаса да, өз мекемеміздің күшімен көрме, симпозиумдар ұйымдастырып жүрміз. Жалпы, жергілікті жердегі әкім-басшылардың мәдени деңгейі жоғары болған жағдайда оңды іс-шаралар өткізуге болады деп есептеймін.
Ал, жекелеген шығармашылық адамдарына қолдау жасау да заңда арнайы қарастырылған ғой, десек те, суретшілер еңбегі ескеріле бермейді. Облыс әкімі болған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен 2010 жылы «Жазира Жайық» Батыс Қазақстан суретшілерінің альбомы шығарылды, ол облыстағы 48 қылқалам шеберінің шығармаларын қамтыды, 85 жылдық тарихы бар облыстағы бұл әзірге тұңғыш және соңғы альбом болып отыр. Башқұртстанның Уфа қаласында көрме өткізгенімізде естігеніміз, олар 70-ке келген суретшіге тегін альбом-кітабын шығарып береді екен. Өнер адамдары бәрін жүрегінен өткізетіні себепті ұзақ жасай бермейді ғой, сондықтан бұл да болса үлгі аларлық дүние екен деп қалдым.
- Шынайы әңгімелескеніңіз үшін рақмет, Қуандық аға!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.