Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Құлбек Ергөбек. Жұмбақ жан - 2...

28.02.2019 10383

Құлбек Ергөбек. Жұмбақ жан - 2

Құлбек Ергөбек. Жұмбақ жан - 2 - adebiportal.kz

Жазушы Тәкен Әлімқұлов туралы толғау

ӘДЕБИЕТ СЫНШЫСЫ

Мәскеуде Әдебиет институтында оқып білім алу Т.Әлімқұловты әдеби сынға бастады. Әрине, оған дейін де ол мақала, әдеби сын очеркін жазған.

Ертеректе Тайыр Жароковты сынаған. «Күн тіл қатты» – деп дауылдатып жазатын Тайыр Жороков – көп сын естімеген, есесіне көбірек мадақталған ақын. Тәкен інісінен сын естігенде ыссылаған. Әділдік іздеп Мұхтар Әуезовке жүгінген. Мақала дәділдігіне ден қойған ұлы жүрек ұстаз, сынның ақын, жазушыға жәрдем беруі керектігін айта келіп: сын стилінде авторды кекетіп, мұқатып жеке басына тиісу болмауы керек. Тәкен, сенде сондай жарамсыз мінез бар, депті.

Расында, Тәкеңде ондай мінез болатын. Әдеби шығарма жайында айта отырып, авторына өтіп кеткенін білмей қалатын. Мұндай мінезді Мұзафар Әлімбаев жайында жазған бір сын мақаласынан аңғарғаным бар. Әдеттегідей әдеби сында өткір жазатын ол Мұзафар ақынға «тілің тұтқыр» – деп сын айтады. Сыны орынды-ау, бірақ Тәкең сол пікірдің айналасында замандасын астарлай, ишаралай мысқылдайтынын байқайсың.

Тәкен ұлы Абайды пір тұтқан адам. Ұлы ақын өлеңдерін түгел жатқа біледі-ау, шамасы. Ұдайы іштей сиынып, сырттай сүйеніп сөйлер еді. Абай айтқан ғой – дейді ол. Абай айтпаған мәселе бар ма, тәйірі?! Әрі қарай Әлімқұлов болып әңгіме сабақтайды.

Абай жайында ертеректе бір ойлы мақала жазған ол жетпісінші жылдары қайта оралып «Жұмбақ жан» – аталатын сұлу мүсін әдемі кітапқа айналдырды. Кейін сын мақалалар жинағына «Жұмбақ жан» атын берді.

Әрине, «Жұмбақ жан» кітабы жөнінде жетпісінші жылдары бірсыпыра сын пікірлер жазылды. Біреу табиғатын түсініп жазды, біреу табиғатын түсінбей жазды. Әркімнің арына жүктедік. Біздің пайымдауымызша, «Жұмбақ жан» жанрынан бастап анықталуға, жанрынан бастап талдануға тиісті еңбек еді. Олай ете алмадық. Ұлы Абайдың қара сөздерінің жанры жөнінде әртүрлі пікір айтылды. Әлі айтылып келеді. Жанры да жұмбақ. Сол секілді «Жұмбақ жанның» да жанры – жұмбақ. Абай жұмбақ, Тәкен жұмбақ. «Жұмбақ жан» проза ма, әдеби сын ба, эссе ме? Қайсысына жатқызсаң да жарасады. Жиһандық әдебиетте осындай «винегрет» жанрлы шығармалар кездеседі. Венгер жазушысы Дюла Йиештің «Шандор Петефиі» – осындай. Бұл – бір ғана нұсқа. Әралуан нұсқа бар әлем әдебиетінде. Қазақ халқына бүйрегі бұрыңқырайтын Леонид Мартыновтың «Жел керген желкендер», «Үйлесімдік сызығы» аталатын кітаптары да осы нұсқаға ұқсас. Өзге әдебиетшілер сүйсініспен қараған «Жұмбақ жан» жөнінде абайтанушылар жарытып ештеңе айтпады. Дұрысында, алдымен үн қатуға, шешіліп сөйлеп, шын бағасын беруге тиісті кісілеріңіз солар болуға керек қой. Әлде олар еңбектегі абайтанушылар адресіне айтылған сын, мысқылды кектесе қабылдады ма екен?

«Жұмбақ жанымен» Тәкен Әлімқұлов қазақ әдебиеттану ілімінде көп ілгерілеушілік туғызды. Өлеңді көркем проза биігіне көтере талдаудың тамаша үлгісі – «Жұмбақ жан».

Ұлы Абайдан кейін зор махаббатпен қарағаны – ақын Қасым Аманжолов. Өлең шіркінге деген махаббат Тәкенді жастай отты ақын айналасына топтаған. Қасекең ізінен ілескен Тәкеннің кейбір өлеңдерін мақтаған. Қасым ақын – албырт жас үшін ақындықтың эталоны! Қасым үшін Тәкең өзі жақсы көріп, құрмет тұтқан Сәбит Мұқановтың да бетіне келген. Егерде тау тұлғалы Тайырды, білімдар Мұзафарды кекете, мұқата сынаса – Аманжоловтай неге болмайсыңдар дегені ғой. Кейінгі буын өкілі Тұрсынзада Есімжановқа мысқылдай жазған жауап мақаласы осы жолдардың авторында асыл жәдігерліктей сақтаулы. Онда да кезінде сатиралық әңгіме жазған қаламгердің мінезі аңғарылады.

«Қазақ совет әдебиеті» тарихы зерттеу томдығына автор ретінде қатысқан Тәкен Әлімқұлов «Қасым Аманжолов» тарауын жазған. Қасым ақын айналасында пір тұтар нөкерлері көп-ті. С.Мәуленов (әрі досы, әрі құдасы), Т.Ахтанов, Ғ.Қайырбеков, М.Әлімбаев, Т.Әлімқұлов, Қ.Жармағамбетов дегендей. Осы «сен тұр, мен атайын» арасынан «Айға шағылған ақ найза» дерлік Қасым ақын жайында арнайы тарау жазу – Тәкең сыбағасына айналып жатса, оның сол кездің өзінде әдеби ортада үлкен абыройға ие болғанына дәлел. Әдебиет сыншысы райында Әлімқұловтың толғанып айтар, таратып айтар қырлары мол. Қайрап салсаң қара тасқа өтер қайталанбас ақын Қасым Аманжоловтың ақындық хас тағдырын қапысыз танып, төгілдіріп айтуы, шынайы талдауы бұған айқын айғақ. Ақынның Мәскеуде жарық көрген жыр жинағына білімдар алғысөз жазуын осыған мерей ретінде қосамыз.

Ол кезде Тәкең мақаланы эпикалық тыныспен созымды жазатын. Оған дәлел осы – «Қасым Аманжолов». Кейін мақаланы ой-толғанысқа толтырып, өрмек тоқығандай әрбір сәтіне назар аударып, өзі айтқандай «ішті» етіп жазатын болды. «Қасым Аманжоловты» қайта қарағанда естелікпен толықтырды. Шамасы, кексе Тәкен жас Тәкенге обал жасаудан сақтанды-ау.

Тәкен – танылған сыншы еді. Оны кезіндегі тілмен айтқанда, одақ мойындайтын. Өйткені, сыншы мақалаларын екі тілде бірдей жаза беретін. Ұмытпасам сол кезгі қазақ әдебиетінің тамыр соғысы, тынысы жайлы «Из истории казахской литературы» әдеби шолу мақаласына Мұхтар Әуезовтің қосавтор болуға ризашылық білдіруі – Тәкендей шәкіртке деген үлкен сенім.

Т.Әлімқұлов, негізінен, поэзия сыншысы ретінде көбірек мойындалды. Өзі өлең шіркінді ерекше сүйетін ол белгілі бір ақын, әйтпесе нақты бір шығарма жайында жазғанда шығармашылық психологиясына дейін еркін еніп, мәтінді майда бөлшектеріне дейін еркін барып, жете талдайтын. Жекелеген бөлшекті типтендіріп ақын, ия жеке жинақ жайында ортақ түйін түюге өте шебер. Объектісі жайында жалпы сөйлеу – әрбір сыншының қолынан келер шара. Ал, шығарманы бөлшектей талдау – сыншының сыншысының ғана қолынан келері хақ. Жалпы сөйлеу – сыншы үшін көзүйренді жадағайлық. Сыншыға абырой әпере қоймайтын мінез. Өзі қаламын қатты сыйлайтын классик жазушы ретінде танылған Тәкең ілтипатқа алған ақын, иә жазушы шығармасын бұтарлай талдауға ерекше ден қоятын. Жалпы сөйлегенді жақтырмайтын ол шығарманың ішіне енбеген соң қаламды қор қылмау керек қой дейтін томырықтана.

Сыншы райында Т.Әлімқұлов жалпақшешейлікті жек көретін, беделге бой ұсынбайтын. Бейнелеп айтқанда «мүйізі қарағайдай» – дейтін ірі ақындардың шығармаларын бетке ала сөйлеп, қатты сынға алатынын талай көрдік. Ондайда білімдар сыншы сөзі уәжімді, пікірі де діл! Әріптес ақындар шамырқанып шамданар еді, ерін бауырына алып тулар еді. Білімдар дәлелді пікір – мойындамасқа қоя ма?! Мойындап тынар еді ақыры. Өзі де ақындығымен бірге сыншы ретінде танылған Мұзафар Әлімбайұлы айтар еді: «Тәкен маған тілің тұтқыр деді. Мен шамдану орнына қазақ фольклорын оқып, тіл үйренумен болдым. Замандасым қандай оймен сынаса өзі біледі. Мен оны әріптестің арына тапсырдым да ізденіске көштім. Сынның маған пайдасы тиді!»

Тәкеннің сыншы ретінде айналасына тигізер шарапаты – осындай!

Т.Әлімқұлов Т.Жароков, Х.Ерғалиев, Қ.Бекхожин, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Т.Рахимов, К.Бектұрсынов поэзиясы туралы жазды. Бір байқағаным: қанаттас, қатарластарын ащырақ сынайтын ол жас ақындар әдебиет сапына келгенде ерекше қолдар еді. Қазақстан Жазушылар одағында Әдеби жыл қорытындысында поэзия жөнінде арнайы баяндама жасаған Тәкең жылдың жас өркендері – Тынышпай мен Камардинге ерекше тоқталды. Жастарды қолдады. Тіпті Камардин туралы арнайы мақала жазып, пікірін ұштап ұзамай «Лениншіл жасқа» – бізге алып келді. Міне, ұстаздық бейіл!

БІР ӨЛЕҢ ТАЛДАУ

Потебня есімді кісі ХІХ ғасырда әдебиетке «бөлшектік талдау» тәсілін енгізгені белгілі. Осы жайдың әсері болды ма, Европада, әсіресе орыс әдебиеттану ғылымында бір өлең талдау тәжірибесі орнықты. Қазақ әдебиеттану ғылымында профессор Бейсембай Кенжебаевтың ақын Ә.Абайділдановтың бір өлеңін, Т.Бердияровтың екі өлеңін талдап, мақала жазуы осы үрдісті еске түсіреді. «Лениншіл жаста» қызмет атқарған жылдары біз осы тәжірибені қайта жаңғыртып, «тірілтіп» көру мақсатында ақын, сыншыларды бір өлең талдауға шақырдық. Талдауға ұсынған өлең – жайдың тасындай жайпар ақын – Жарасқан Әбдірашевтің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1980 жылғы 4 қаңтар күнгі санында жарық көрген «Думан жыры» – аталатын өлеңі.

Өлеңді таңдауда екі-үш түрлі себеп билік етті.

Өлең – талантты ақын туындысы болуы шарт. Жарасқан поэзиясы тасты тесіп ағатын бұлақ суы секілді. Дұрыс.

Әдебиеттегі белең алған тенденцияға соққы беруге тиіспіз. Сексенінші жылдары жалаң патетикаға берілгіш өлеңдер етек алды. Дамыған социализм – коммунизм баламасына алынып, мадақталып жатқан тұс. Ақындарды жалғандыққа бұрып, жалаң сезіммен желпілдете жыр жазуға итермелейтін фактор – осы! Өлеңді көп ауыз – дуалы ауыз арқылы ортаға алып талдағанда мақсат – қазақ поэзиясындағы жалаң патетика жамылған жалаңдыққа тосқауыл қою. Басты себеп – осы!

Объективті жайларды алға тартқанда Жарасқан мен Аянның қырбайлау жүргенін субъективтік себеп ретінде айта кетсем ағайын өкпелей қоймас.

Тәкен әдеттегідей мақаланы өте тез жазып әкелді. Мақала «Лениншіл жас» газетінің 1980 жылғы 3 қыркүйек күнгі санында «Бір өлеңді талдасақ…» – деген атпен жарияланды.

«Поэзия сынының бір ерекшелігі бар. Бұл сын өлеңнің ұзын-ырғасының жарастылығын, бүкіл фактурасын поэзияның заңымен тексереді, талдайды, дәлелдейді» – деп бастап, әдеттегідей сынауға ойысады.

Мақаланы жазу себебін: «Соңғы жылдары әдеби сын Жарасқан Әбдірашевті атағанда екі пікір айтады… Біреулер мақтаса, біреулер даттайды. Сыншылар ақыннан идеялық қате іздеуге шейін барады. Осының сыры маған таңсық еді. Ойлана келсем, Жарасқанның табысы да, «қалысы» да тәжірибесінің әл-әзір аздығында екен. Осы пікірімді бір өлеңі арқылы дәлелдегім келеді» – деп түсіндіреді.

Талдауда сыншы ақынның жекелеген сөз қолданысынан өлеңнің тұтас фактурасына дейін барады. «…Өлең тым шашыраңқы, жалпылама, жадағай. Өлеңде өрмек, өрнек жоқ. Сурет некен-саяқ кездеседі» – секілді қатқыл жолдар да бар.

Өлеңді олай емес, былай құрса қайтер еді? – деген ықтимал нұсқа ұсынуға дейін барады. Әрине, бұл – ақындықтың пайдасы. Ақын-сыншы ғана бара алатын жай.

Мақалада білімдарлық, өре бар. Өлеңді өнерге айналдыру жайлы ойлар – уәжіпті. Кейбір уытты сөздерді осы уызды ойлар сабасына түсіргендей болады.

«Әдебиетте сын көтермейтін дүние болады. Ж.Әбдірашев оның қатарына жатса, бұл мақала жазылмас та еді. Мақаланың ниеті авторды ширату. Өзіміз де кезінде талай сынға ұшырап, қорытынды жасағанбыз. Мақала бүгінгі әдеби сынның тәсіліне келе ме, оған төреші – жұртшылық» – деп түйеді сыншы.

Талантты ақын өлеңін сынауда Тәкен ойында жамандық болды деп сәуегейлік жасаудан аулақпын. Негізі – қатқылдау. Бірақ, келтірер дәлелдері иланымды. Оқып отырып еш шүбаланбайсыз.

Ойласу мақсатында жарияланған мақалаға шапшаңдық танытып ақын Мұзафар Әлімбаев үн қосты. Сыйлы ақын мақаласы ақын өлеңі мен ол жөніндегі сын мақаланы салыстыра, өз пікірлерін жарыстыра талдаудың үздік үлгісі. Онда Жарасқан өлеңін Тәкен сынынан арашалап алар сәттер, сыншы мақаласында келтірілетін кейбір пікірдің жаңсақ кетіп, қате берілгеніне дейін айтылды. Газеттің келесі санында Мұзағаң мақаласын да жарияладық.

Қазақстан Жазушылар одағының «барында» кездескенде өкпелер-ау деген Жарасқан «– Тәкен ағамыздан сын есітудің өзі бақыт» – деп кірнесіз көңілмен қарсы алды… Жайсаңым-ай!

Т.Әлімқұловтың әдеби сын мақалалары жайында көп айтуға, көлемдірек жазуға болады. Арнайы шұғылдануды қалайтын іс – алғы күннің еншісі.

Әзірге айтарымыз – ол проза сыншысы райында да бірсыпыра көрінді. Ол қай жанрда жазса, сол жанр сынына да араласты. Оның сыны – көркем шығармашылық иесінің ой-толғанысына келеді. Ол – маман, майталман сыншы еді. Бірақ кейде замандастарына «менше неге жазбайсың» – дегендей талаптар қойған болуы мүмкін.

Әрине өмірінің ақырғы жылдарында Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов шығармалары жөнінде мінберден қатқылдау сөйлеп қалып жүрді. Тақаң романы жөнінде жорнал бетінде артықтау (субъективті) жазып та жіберді. «Тәке-ау, мұныңыз не?» – деген сөзді сол тұста Ш.Мұртаза айта алып еді…

Сыншы білімдарлығы – ырыс.

Сыншының ақын, иә қарасөз шебері болып келуі – тіпті ғанибет. Т.Әлімқұлов сынын осы екі қасиет биіктете, маңғаздандыра түсер еді. Оның біреуді сынап қойдым-ау деп төменшіктегенін көрген пенде жоқ. Тәкең пікір айтады. Айтқан пікірін дәлелдеп жолында құрбан болуға даяр тұрады. Тәкең сын жанрында тәкаппар!

ҚАРАСӨЗ ШЕБЕРІ

Өнер туындысының өз өмірі бар. Бір шығарма ұзақ жасайды, бір шығарма қысқа жасайды. Ш.Айтматов қалың роман жазатын қырғыз жазушысын мұқатқанда оның шығармасын екі кісі ғана оқиды: автор және редактор деген. Болуы бек мүмкін. Жазылған шығарма авторынсыз дербес өмір сүреді. ХІХ ғасырда Соллогуб, Лажечников сынды жазушылар өте даңқты болғанын бүгін әдебиет тарихынан ғана білеміз. Ал, шығармалары оқырман қолында жоқ.

Кейде жазушылардың біралуан жанрда жазатыны болады. Баян табары бір жанр. Әр жанрда жазған жазушының бірі – Тәкен Әлімқұлов. Тәкеңнің бар жанрда жазған туындыларын екшегенде көңіл түкпіріне берік орнығары – прозасы.

Әңгіме, повесть, роман…

Өзара сабақтас, тақырыптас.

«Қаратау перзенттері» – алғашқы романы. Қазақ өміріне қылқұйрық жануар арқылы келген шығармасы. Роман кезінде оқыр-ман жұртшылықты елең еткізді. Несімен? Тосындығымен. Интеллек-туалдық роман екендігімен. Айналмалы композицияға құрылғаны-мен. Шығарма құрылымы, бітімі бөлек еді.

Тәкеңнің таланты – әңгіме жанрында ерекше гүл ашты. Алғашқы бірді-екілі қаламсынау, тәжірибе жинақтау новеллаларынан өзгесі түгелімен классика десек қателеспейміз. Шағын жанр, шалқар ой. Нәзік иірім, үлкен тағдыр. Тәкен әңгімелерінің қайсысын да үлкен әріппен таңбалауға тұрарлық.

Жазушының жалпы прозасын, оның ішінде әңгімелерін екі жүйеде қарастыруға болар еді. Бірінші жүйе – өнерпаздар тағдыры. Өнерпаз дегеніміз сахнадан бебеулетіп домбыра тартып, ән салған бүгінгі «профессионалдар» емес, «соқтықпалы, соқпақсыз кезде» тіршілік кешкен, өнер мұраты жайлы ойлағанмен, өнерді кие тұтқанымен, өнер дәстүрін, өнеге жалғасын армандауға мұршасы болмаған, бірақ елім деп еңіреген, Қаратаудың басынан көшкен елдің, босқан халықтың бір тайлағының бос келе жатуын, қарындас бауырдың қазасын қайғыға айналдырып, ән-жырды қара бояуға малған ақын, ән-әуенді өксікке шылаған сазгер, баянсыз жалғаннан пана таппай, тіршіліктен сая таппай қан жылаған сал-сері, тағдырға қасқая қарсы тұрған хас батырлар! Ол – Ақан сері тағдырын тәспірлейтін «Көк қаршыға», Махамбет өмірінің ақтық сәтін бейнелейтін «Қараой», «Сапар сазындағы» – Шоқан, «Сарындағы» – Тәттімбет, «Кесімдегі» – Абай!

Әлем әдебиеті тарихына көз жіберсеңіз аса дарынды тұлғалар тағдыры жайында жазылған шығарма көп. Көбі бір ұлт бетіне қараған ұлы дарындардың жарық дүниеге келгенінен жарық дүниемен хоштасқанына дейінгі бар тіршілік харакетін тәптіштей баяндайтын алды 20-30 том, соңы жуан бір томдық болып келеді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан бастап айтқанда қазақ халқының да бұл орайда ешкімге өкпесі болмауға тиісті. Ал, Тәкен әңгімелерінің ерекшелігі, онда автор қоғамына сыймай, қайшыласқан, әйтпесе адамзат бойындағы сан-алуан ауыртпалықты көтере алмай дертті болған, жүрегінің басына шер байланған ғазиз жандардың бар тағдыр тауқыметін оймақтай әңгімеге сиғызып бере білуінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Құлбек Ергөбек. Жұмбақ жан - 1

Ол – өнерпаз өмірін сырттай зерттеп, іштей талдау жасады. Дәуір сипатынан дарын табиғатын таныды. Дарын трагедиясы арқылы дәуір бойындағы қасіретті ашты. Егер, ойға алған ақын, сазгер трагедиясы өскен өңір, өмір сүріп жатқан әлеуметтік ортамен қамшының өріміндей жымдасып жатпай, дербес, оқшау суреттелер болса әңгімелер осыншалық тынысты, ішті, мазмұнды шыға қоймас-ау. Жалқыны жалпыға ұштастыратын, жалпыдан жалқы туындататын хас шебер, сөйтіп шағын жанрға үлкен әлеуметтік жүк арқалата білді. Ең бастысы – талант тағдырының сәтті, сәтсіз (көбіне трагедиялық ситуация алынады) жеке сәті қоғам, дәуірдің типтік жағдайын ашады. Жалпы көрінісіне, сипатына айнала алады.

Әдебиеттануда «шығармашылық психологиясы» деген ұғым бар. Жазушы бол, әдебиетші бол творчестволық тұлғаның психологиясына енбесеңіз оның шығармашылық тағдырын түсіне алмайсыз. Жазушы жанына терең бойлап бара алмайсыз. Бұл ретте тұлға мен туынды өзара сабақтас. Осы жайды терең пайымдаған жазушы ұлы кейіпкері өмірінен шығармасына, шығармасынан оның өміріне бойлап барады. Солай сабақтас екі жағдайды егізқатар жарыстырып, өзара жарастырып дәуір психологиясын да, тұлға психологиясын да ашады. Ұлы тұлға жүрегіндегі мұңнан лирикалық саз туғызады. Психологиялық тебіреніс оқырманын шамырқандырып, алуан күйге түсіреді.

Т.Әлімқұлов әңгімелерінде ақын өлеңінің, сазгер күйінің мақам сазы жатады. Әсіресе әңгімелерін оқығанда шертпе күй тыңдағандай болатының соның әсері.

Жазушының көркемдік детальді (бөлшек) ойнату шеберлігіне қайран қаласың. Қазақы сенім, ырым-жырым бәрі де жазушы әңгімелерінде шеберлік кілті – детальға айналып, құп-жарасып кете барады. Оның әңгімелерінде күннің тұтылуы, баланың үй айналып жүгіруі, ойпат үстінде қарақұстың қалықтауы («Қара ой») секілді ритуалдық рәсім – шығарма кейіпкерінің трагедиялық халінің тұспалына жүреді. Ишара, тұспал, меңзеу – Тәкен әңгімелерінде ығып жүреді.

Бұл – бір жүйе!

Ал, екінші жүйе – қазақ қанатына балаған қылқұйрық жануарлар жөнінде. Қазақтың тарлан таланты мен қимас қанатын бейнелеу арқылы жазушы сол халықтың тағдыры (аңқаулығы, сақылығы, күншілдігі, асылын бағалай білмейтін парықсыздығы, талайлы тағдыры, тағдырсыздығы, тектілігі т.б) хақында бебеулеген, уілдеген, мерейің таситын, ішің ашитын пернелермен сыр шертеді.

Бұл жүйедегі шығармалар басында – «Ақбоз ат» романы тұр. Қайталап айтсақ, алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген шығарма. Ол бұл тақырыпта бірсыпыра әңгімелер мен бірді-екілі повесть жазды. Соның баршасынан Тәкен Әлімқұловтың қазақ «қанатым» деп білген қылқұйрық тарихын тамырынан танып, ата-тегін кенен біліп жазатынын аңғарар едіңіз. Тұлпар табиғатын жетік білмеген басқа қаламгер жылқы жайлы әңгіме ғой деп желдірте жөнелер ме еді, қайтер еді?! Ал, Тәкең қылқұйрық тарихын халық тағдырымен астастырып, тәтті мұңға бөлеп жазады. Қаламгер суреттеуінде тұлпар иесіне, иесі пырағына барынша сенімді, барынша адал. Атқа деген қатынасынан қазақтың сақылығы, сарабдалдығы, қыңырлығы, дүниетаным шәркездігі, дүмбілез-дәңгілдігі, ішіне шынашақ айналмайтын қызғаншақтығы бәрі-бәрі ашылып жатады. Тәкең тұлпар тағдырын ізденіп, біліп, жанымен күйіп беріліп жазады. Бұл шынайы суреткерлік ойдан туған шығармалардың табиғатында жазушының талмай ізденуі, зерде тұтқырлығы, жады мықтылығы бар. Ол «Жүйріктер мен жабылар» – аталатын эссесінде: «Мен домбыраның сазына ілесе би билеген Тәтімбеттің жорғасын ұнатамын. Абай армандаған «бөкен желістілерді», Ақан серіге ән шығартқан «маң-маңгерлерді» жақсы көремін. Қобыланды батырдың Тайбурылын, Қамбар батырдың Қарақасқасын, Кендебайдың Керқұласын еске аламын. Башқұрт халқының Ақбоз ат туралы аңызын, аңызға құрылған ғажайып операсын сүйемін. Қола дәуірінде өріс алып бірте-бірте қанат жайған жылқы жануардың үрім-бұтағына іштарта қараймын. Әдебиет әлемінде Австрия жазушысы Харлидың «Төрт аяқты ұтысын», Петр Ширяевтың «Талеонның немересін» сүйсіне оқимын. Куприннің «Ақкөк» аты да, Лев Толстойдың «Холстомері» де маған ыстық» («Тұлпарлар тағдыры», 1975 ж, 338-бет) – деп жазады. Әрине, қазақ «ақкөк» атамасы белгілі атты. Дұрысы «алқаракөк» болар...

Үзіндіден Тәкен Әлімқұловтың тұлпарлар тағдыры жайлы ізденісінің бір парасы аңғарылғандай болады. Бұл – ізденістің бір ғана тіні. Шынтуайтында жазушының бұл саладағы ізденісі сала-сала болмаққа керек.

Тәкеңнің Мәскеуде ипподромға жүйелі барып, қымбат уақытын «құрбан» еткенін естідік. Алматыда да қолы қалт етсе атжарысы өтер ипподромға тұра жүгіретінін білетінбіз. Туған топырағы – Созаққа барғанда жүйрік көрсе көзмөрін басып, іштей бәсірелейтінін, мінт райында көлденең тартса дүние бей-опалығына бағзыда көз жеткізген, дүниеден баз кешкен Тәкеңнің «Алла разы болсын» айтатыны дүйім жұртқа аян. Мансаптан құлаған кейіпкеріне ат ататқызып, есек мінгізетінінде көп сыр бар…

Әңгіме – қылқұйрық хақында ғой. Ретіне қарай бір қайтарар ой – Т.Әлімқұлов қазақ әдебиетінде «Тұлпарлар тағдыры» – деген атпен тақырыптық кітап жасаған бұрын-соңды жалғыз қаламгер. Аталмыш кітабына роман, повесть, әңгіме, очерк, эссе, мақалаға дейін кіріктірді. Бір ғажабы – Тәкеңнің көркем прозасында білім айқын аңғарылып тұрса, мақаласы көркем прозадай ажарлы жазылады, қызықты оқылады.

Атап айтарлық шығармасының бірі – «Ел мен жер». Бұл шығармаға қатысты іһмет бар. Соңыра баяндайын. Әзірге айтарымыз: жазушының жанрға бауыр басуы секілді, жанрдың жазушыны баурауы болады. Тәкең шағын жанрдың шебері. Шағын жанрға әбден шеберленген Тәкең кейін, жоғарыда аталған романын жазды. А.П.Чехов та роман жазбақ болған. Шықпаған. Сол секілді Тәкеңнің соңғы романы оқырманды соншалық сүйсіндірмеді. Басты кілтипан әңгіме, новеллаларын романға ендіруі. Содан шығарманың композициялық құрылымына нұқсан келген. Сюжет өрмеу, көркемдік детальды шамадан тыс мол пайдалану эпикалық жанрдағы туындының адымын тұсаған. Жазушы содан да сәтсіздікке ұрынды. Роман-новелла оқырманын таба алмады.

Қалай десек те Тәкен Әлімқұлов – қарасөздің хас шебері.

ТӘКЕҢНІҢ ТІЛІ

Тақырыпты осылай қоюға бола ма? Тілді әрбір жазушының қанжығасына байлап қоя берсек тіл туралы ұғымымыз жетімсіремей ме? Басқа жағдайда икемге келетін жәйт. Ал, Тәкен Әлімқұлов жөнінде айтқанда тақырыпты тап осылай үкілеу – ерсі емес. Өйткені Т.Әлімқұлов шығармалары тіл байлығы, тіл өрнектілігімен ерекшеленеді.

Тіл проблемасына тап Тәкен Әлімқұловтай зерек қарап, сергек талдаған қаламгер қазақ әдебиетінде жоққа таңдық. Тілді – ол тарих деп, тағдыр деп қарады. Тілдің қалың қатпарына еркін бойлап, тіл бояуын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етене сезіне білетін талғам-паз талант публицистикада – туған тіл жанашыры, көркем прозада стилист суреткер болып ақық танылды. Тақаң (Ахтанов) айтар еді, Тәкен жаңа сөз тапса – моншақ тауып алған баладай қызықтайды – деп. Қалай дегенде де Тәкен тілі – қазақ әдебиетін, әдеби тілін байытқан мәйекті тіл. Ол жергілікті тілді әдеби айналымға салып, оған екінші өмір, кең тыныс сыйлайтын жазушы.

Т.Әлімқұловтың тілге ерекше зейін қойып, діл қуатын сіңіретіндігі соншалық, кейде тіл бояуын жалаң қызықтап кетуден де ада емес-ті. Оның тілінде шертпе күйдің сарыны, қарасөзінде домбыраның үні бар. Оның баршасы жинала келе жазушы стилін құрайды. «Стиль – жазушы» (Андре Моруа). Жазушы – алдымен стиль. Стилі табылмаған, стилі қалыптаспаған жазушы – жазушы емес. Кейде тілге ерекше зер салу мақсатынан, көркемдік детальді көп ойнату, құбылтудан келіп эпикалық жанрда сюжет өрмей, мөлтек сюжет шарасынан шыға алмай қалып қоюшылық та бар.

ҚАЛАМГЕР ҚОЛЖАЗБАСЫ

Тәкен – көркем шығармада, публицистикалық мақалада ойды тығыз етіп жазған қаламгер. Сондықтан оның әрбір шығармасының дербес қолжазбасы қомақты болмаса керек.

Қомақты қолжазба жайында әңгіме қозғап отырмыз, жәмиғат. Тәкен Әлімқұлов шығармаларының қолжазбасы сақталды ма екен, жәмиғат?

«Қаратау перзенттері» – Мәскеуде жазылды. Муза Абрамовнадан неке кітабына қол қойып ажырасқанда Тәкен еншіге шығармаларының қолжазбасын ала қойды ма екен?! Роман «Ақбоз ат» болып өзгергендегі қолжазбасы сақталуы мүмкін.

Әңгімелерінің қолжазбасы сақталуы мүмкін.

Ұрпақ үшін Тәкен ағаның қолжазбаларының сақталғаны мақұл-ақ. Кім білсін. Ал, менің өзімде…

Менде Тәкен ағаның бірнеше қолжазбасы бар.

Бірінші – сол кезеңдік көзбен қарағанда жас жазушы – Нағашыбек Қапалбековтың «Жетім күй» – аталатын әңгімесінің тасқа басылған нұсқасы.

ЖЕТІМ КҮЙ

Тәкен өзіне тән ірі әріпті қолтаңбасын түсірген. Замандас қаламгердің әңгімесі менде қайдан жүргеніне таңмын.

Тәкендей жазушының жас қалам иелеріне қамқорлығындай көрінетін қолжазба үсті жөндеуді аз-кем әңгіме ету артықтық етпес.

Әңгімеден тәжірибесіз қалам табы аңғарылады.

Ол: «Айнала қуаң. Ыздиған суық леп жанды суырып барады» – деп жазады.

Тәкең: «Айнала қуаң. Жотадан аса соққан суық жел жанды суырып барады» – деп жөндейді.

Расында «леп» жанға жайлы салқын самалды сезіндіреді. Автордың айтпағы жанды суыратын суық жел.

Ол: « Тіл тартып сөйлескен біреуі жоқ. Арсы-күрсі өзара бірдеңе деседі» – деп баяндайды. Өзара арсы-күрсі бірдеңе десіп жатса тіл тартып сөйлескені емес пе?! Осы жайды ойлаған қырағы көз шебер «Арсы-күрсі өзара бірдеңе деседі» – аталатын сөйлемді үстінен бір тартып сызып тастаған.

Ол: «Тұтқындардан кейінгі арбада Ебіл қария мен Жабал күйші отыр» – деп жазады.

Тәкен: «Тұтқындардан», «отыр» – деген міндетсіз сөздерді сызып тастаған. Сіздер де әлгі сөздерді алып тастап оқып көріңіздер. Етек-жеңі жиналып қалғанына көз жеткізесіздер. Расында ілкі мәтіннен олардың тұтқын екені белгілі. Арбада деген соң отырары тағы анық.

Ол: «Зілмір күш Жабалдың еңсесін басып тастаған» – деп жазады. Тәжірибелі Тәкең екі сөзді баяндауышты «басқандай» – деп бір сөзге ойыстырады.

Ол: «Қатарында жатқан, құлағы тосаң тартқан қарияға да ештеңе дей алмайды» – деп жазады.

Тәкең: «ештеңе дей алмайды»-ны белінен бір тартып «тіл қатпайды» – деп жөндейді. «Дегенмен, үнсіздіктің де шыдамы бар. Бір кезде ол:» – деген сөйлемді жанынан қоса тұра өзі жазған мәтінді өзі сызып тастайды. Расында «Дегенмен, үнсіздіктің де шыдамы бар» – өте олақ сөйлем. «Шыдамның да шегі бар» – десе бір жөн. Осыған жалғас: «Оның тек анда мұнда барыққан дауысы ғана естіледі» – деген сөйлемді «Қария да сөзге сараң. Бір кезде ғана:» – деп өзгертеді. «Әңгіме айтады» – «әңгіме шертеді», «аңыз шертеді»

– «аңыз айтады» – болып өзгертілген.

Тәжірибесіз қалам қайталауға ұрынбасын деген оймен «Бүгін азаннан екеуінде де үн жоқ. Ұйқы мен өңнің, өлі мен тірінің арасындағы бітіспес өліарадай кейіпте. Көздерінің алдында жалқын-жалқын оттар шеңберек атады. Бастары айналып, денелері сықырлайды. Міне» – секілді сөйлемдер алынып тасталған. Есесіне «Енді екеуі де айнала тоңазып, түнгі суық жел тұрғаны сезіліп келеді. Бір уақытта Ебіл шал:

–Қайран жерім!.. – деп күңірене сөйлеп кетті» – секілді ықшам сөйлем құрылған.

Жазушы жас автор сөйлемдерін түгелімен сызып тастап жүрегін сыздатпай, оның өз сөздерін пайдалана отырып, оны ұштап жетілдіреді. Ұстаздық бейіл!

Ол: «…желкілдеген ақ қардай күміс сақалын кездікпен ора бастады» – десе, Тәкең кездік сөзін «ұстарамен» алмастырады.

Талапкер: «…өзінің мәңгілік жолдасы кәрі шанақты періп-періп жіберді» – десе, Тәкең «өзінің шерлі серігі кәрі шанақты періп-періп жіберді» – деп күшейтеді. «Кәрі жолдасы» – десе бір жөн, «мәңгілік жолдасы» орынсыз қолданыс. Әрі «шерлі серігі» – деген тірі тіркес кейіпкердің шерлі көкірек тұтқын екенін ишаралайды. Көркем өнерге жайдақтық жараспайды. Ишара, астар, мінездеу, меңзеу – көркем өнер шырайын кіргізеді. Тәкендей тарлан таланттың, шәкірт қалам иесіне сезіндірмегі, міне осы!

Талапкер жастың әңгімесін тұтастай алып қарағанда міндетсіз мәтінді қысқартып, жекелеген сөз, сөйлемді өзгертіп қана редакция жүргізгеніне куә боламыз. Соңына: «Әңгіменің орта шеніндегі ұрысты түсінбей қалдым. Сірә, отступление арқылы берілген болу керек. Сол жерін анық етіп жіберсең, әңгіме басуға тұрады. Т.Ә». – деп үшбу хат жазып жіберіпті.

Әңгімедегі тұтас тартыс өзегін ұстап тұрған оқиға ұғынықсыз болған соң оны жариялау қиындай түсетіні белгілі. Тәкеңнің «Лениншіл жас» («Жас алаш») редакциясына жолдаған хаты көңіл жықпастық болуы керек.

Әйтеуір, жарияланбай редакция тартпасында жатқан қолжазбаны мен өзіммен бірге ала кетіппін. Шамасы, бұл да мен секілді шәкіртінің Тәкеңе деген үрметі болса керек. Араға бәленбай уақыт салып еске алып отырсақ, ол – Тәкендей дара таланттың жас талапқа құрметін көрсету. Сонымен бірге, ойланып оқыған кісіге үлкен жазушы жүргізген өңдеуде шеберлікке бастайтын өнеге бар! Түпкі мақсат – соны аңғарту.

«ЖАЗУШЫНЫҢ» ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА

Тәкен Әлімқұловтың менде сақталған екінші қолжазбасы осылай аталады. «Редакцияға хат» – деген анықтама қосанжарласып жүр. Бұл не?

«Жазушы» баспасынан 1978 жылы Тәкеңнің «Ел мен жер» аталатын романы жарық көрді.

Роман көркемделуінен бастап сәтсіздікке ұрынған. Баспа тарапынан дұрыс назар аударылмағаны байқалады. Біз кітаптың сырт келбетін ғана айтып отырмыз. Шынтуайтында шығарманың мазмұндық жүйесіне де көп нұқсан келсе керек. Кітап редакторы (Тұрсынзада Есімжанов) автормен келіспей шығарма мәтініне қол батырып жіберсе керек. Бұл – қазақ прозасының бір шынайы шеберіне бағаланып, кеуде қатарлы аталып жүрген жазушы намысына тиетін жәйт.

Әдетте Тәкең редакцияға ұсынар мақаласын күні бұрын айтып, ақылдасқандай бейіл танытатын. Біз алдын-ала жоспарлай бастайтынбыз. Бұл жолы Тәкең дағдыдан жазды.

Ақ қар, көк мұзда жеңіл киінген, келте шалбардан суық шалып қызылсирақтанған Тәкең «Әдебиет және өнер» бөліміне төтеннен келді. Суықтан көгерген Тәкең ашудан булығыңқы көрінді. Әңгімелесе келе білдік, кітабын нашар шығарған «Жазушы» баспасына, авторлық мәтінге қол сұққан редакторына өкпелі.

Бөлім бастығы Аян Нысаналин екеуміз жарыса оқып шықтық. Тиісерге қара таппай отырған бізге іздегенге сұраған болды да шықты. Тәкеңнің жазғанына сенсек шынында шығармаға обал-ақ.

Аян ағам дағдысына басып «Жазушының» құлағына алтын сырға» – деген тақырыпты «Кітаптағы кілтипан кімнен?» етіп тып еткізіп өзгертіп қоя берді. Мәтін даулай келген Тәкең мақаласының өзге өңіріне тиіскен ешкім жоқ.

«Шағым емес, шындыққа араша ретінде жазылған осы мақалада төл туындының төңірегінде болған оқыстықтан әңгіме қозғауға тура келеді.

«Жазушы» баспасынан «Ел мен Жер» атты роман шыққаны мәлім. Жұртшылықтың қалай қабылдағанын қайдам, менің өзім өз шығармамды оқығанда аяқ басқан сайын сүріндім. Тараулар шатастырылған. Көп эпизодтар түсіп қалған. Тіркестер, сөздер өзгерген. Ауыспалы орамдардың арасында селкеу бар».

Өкпелі мақала осылай басталады. Әрі қарай автор нақты мысалдармен өзінің позициясын дәлелдейді. Мақалада редактор мәдениетінен бастап баспа мәдениетіне дейін мәселе етіп айтады. «Бізде автор көп, баспа біреу. Сондықтан, оның инабатты, әділ болуы шарт!» – деп түйеді Тәкен аға мақаласын. Қай ойы да ғибратты. Ашынып айтқандықтан ащылау. Әттең, жер тар. Әйтпесе, Тәкең көтерген мәселелерді бас-басына баяндап беруге мүмкіндік бар. Олай ету – редакторлық мәдениет атымен жоғалған бүгінгі күні сауап болар еді.

Классиктің мақаласы бас сарашыдан (редактор) қайтты. Жүйрік журналист Сейдахмет Бердіқұлов «Тәкеңе түсіндірерсіңдер, «өз басының» хикметінен кеңірек алғаны жөн еді», – деп бұрыштама соғыпты.

Тауымыз шағылды. Тауанымыз қайтпады бірақ. Тәкеңе мән-жайды жұқалап айтып түсіндірдік. Елшілікке жүрдік. Алғашында шамырқанған жазушы соңынан сабасына түсіп, ұзатпай мақаланы кеңітіп әкелді. Сөз тұздықты болу үшін бір мысал келтірейік.

«Т.Есімжанов қазақтың кейбір сөздерін білмейді екен. Мәселен, ол «шепік мінез», «бейшен ауыз», «әбі-тәбі» деген сөзді түсінбеген. Мүсәланы «сусын» деп өзгертеді. Қандай сусын? Тексте Ноғайқұлдың әйелі күйеуіне: «Биылғы қымызымыз – мүсәлла» дейді. Осыны редактордың білімі бойынша: «Биылғы қымызымыз – сусын» десе, қымыздан басқа ішімдік қалмаған боп шығады. Оған қара су да жатады әрине! – деп бастап, – Редактордың көркем прозаның табиғатын түсінбейтінін мынадан байқаңыз. Тексте ауыл әйелінің «Қолым көсеу, шашым сыпыртқы» деген тамаша бейнелі сөзін ол «отпен кіріп, күлмен шығамын» деп өзгерткен. Мұның дұрысы «отынмен кіріп, күлмен шығамын» екенін былай қойғанда, әбден жауыр болған орам ғой. «Сен айтсаң мен де айтайын әуелім жарды». Қайталаудан не береке табамыз?! Бөгде мысалға жүгінбеске шара жоқ, «Тынық Дондағы» Саша атайды»: «Он анчихрист» деген сөзін айналдырып: «Он антихрист» десең әдебиет болмайды.

Романның аты «Ел мен жер» болғасын, жердің келбеті көрінсін деген оймен көптеген өсімдік, шөп текстіге орайын тауып енген еді. Соның бәрі романнан түсіп қалған. Сірә, редактор «Бұның қажеті қанша?» деп ойласа керек. Қажеті бар! Өсімдік жердің әлпетін байқатпақ, сөздің қорын көбейтпек. Ілияс Жансүгіровтың, Қырғызда Молда Қылыштың кейбір жыры осыған айғақ. Марқұм Иван Шуховтың «Тропинка в поле» атты повесі де осы жүйеге жатады. Замандас орыс жазушысы Вл.Солоухин «Шөптер» атты кітап жазғанынан ұятқа қалған жоқ» – дегендей сабақтайды.

Мақала бәрібір басылмады… Алтын сырға «Жазушы» баспасының да, «Ел мен жердің» редакторы Тұрсынзада Есімжановтың да құлағына жетпеді-ау, асылы…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар