«МОЛ ПІШІМ»
Тараушаны мына бір хатпен бастап кетуді жөн көріп отырмын.
«Құлбек!
Машинкадан шыққан нұсқасын (екі дана) қолжазбамен салыс-тырып оқып шық.
Мен суық тиіп, оқи алмадым.
Тәкен.
9.02.1981ж.».
Тәкеңнің іштартып тапсырып отырған шаруасы – «Мол пішім» – аталатын естелік-мақаланың қолжазбасы. Қолжазба – Сәбит Мұқанов жайында. Әрине, Сәбит Мұқанов пен Тәкен Әлімқұлов аралық кісілік, шығармашылық қатынас дербес әңгіме арқауы. Әзірге әңгіме – Тәкендей жазушының қолжазбасы хақында.
1980 жылы Сәбеңнің туғанына сексен жыл толуына орай Тәкең «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде «Мол пішім» – аталатын мақала жазып жариялады. Араға жыл салып «Мол пішімді» өңдеп, жөндеп қайта жазды. Шамасы, «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» аталатын естелік кітабының құрастырылуы себеп болды ғой деймін. Құрастырушы Сафуан Шаймерденов екеуміз. Өтініш те біздікі...
Естелік тұшымды. Көрдім-білдімнен жоғары. Ой-толғанысқа құрған екен. Өз сөзімен айтқанда «ішті» дүние. Ерекше назар аударатын сәт бар. Оны жеткізу үшін естеліктің өзі сөйлесін.
«Сәбең кең пейіл кісі еді. Ол Қазақстан Жазушылар Одағының председателі кезінде менің мүшелікке өтуіме көмектесті. Үйімнен шағым айтқан адамдардың ырқына көнбеді».
«…Алматыда бір отырыста Сәбит Мұқанов Сәкеннің серілігін әңгімелей кеп, Әбікен Қасеновтың домбырасын тыңдағанда оның көзіне жас алғанын айтқан. Кейін «Көкейкесті» әңгімесін жазуға осы дерек себеп болды».
Естеліктен екі үзіндіні әдейі алдым. Бірінде Сәбеңнің кісілігі, келесіде шығармашылық ықпалы айтылады.
«Жұмбақ жандай» эссе кітабын жазған кісі анау-мынау абайтанушыңды мойындамасы түсінікті. Естелігінде ол алдындағы ағасы – Сәбитті үлкен абайтанушы ретінде мойындайды. Кісілік.
Естелікте сын пікір де аралас. Ол кейінгі «Мөлдір махаббат», «Теміртас», «Сырдария» романдарын қабылдамайтынын айтады. Әрине, өз еркі.
«Мол пішім» – маған ұнады. Оқып шығып, Тәкеңе телефондадым. Алым-берім амандық-саулық сұрасқан соң естеліктегі кейбір пікірді қайта қарау керектігін айттым.
– Мәселен? – деді Тәкен.
– «Бұл романды («Адасқандар» Қ.Е.) жазғанда ол Москвада Қызыл профессура институтында оқып, өзіне жететін білім алған» – дейсіз.
«Адасқандар» Ленинградта жазылған. Сәбең жарықтық роман қызығына беріліп жүріп, сабаққа бармай, ақырында Ленинград университетінен шығып қалған. Қызыл профессура институтына түсіп оқуы «Адасқандар» басылғаннан кейін.
– Ә, сондай ма еді? Е, тәйірі.
– «Оның есесіне ол қазақта тұңғыш көлемді роман жазды. Бұл – «Жұмбақ жалау» еді» – дейсіз.
– Иә?
– Басқасын былай қоя тұрайық. Мұқаңның «Қилы заманы», Сәбеңнің өзінің «Адасқандарын» есепке алмайсыз ба?
– Дұрыс екен. Бала шақта ерекше әсер еткен шығарма еді. Әсер билеп кеткен екен. «Жұмбақ жалауды» қызығып оқып шығып өзіне хат жазғам. Сәкеңнің архивінен сол табылған көрінеді.
– Оны тапқан, Сізге айтқан мен ғой, Тәке.
– Ә, солай екен ғой.
– Сіз Сәбеңе айтыс өнері туралы да хат жазғансыз. Ол да сақтаулы. Мен көшіріп алдым.
– Не дейді?!
– «Іш пыстырмайтын жанрдың бәрі жақсы» – деген пікірді Вольтер атынан келтіресіз. Ол – М.Горькийдің сөзі ғой.
– Сәбең жарықтық екеуара әңгімеде шешілгенде «Өй, сен Тәкен, жеті білгіштің бірісің ғой» – деген. Жетеудің бірі сен екенсің. Қолжазбаны әкеліп таста. Расында дәлсіздік кеткен екен. Бір қарап берейін» – деді Тәкең.
Жылы қоштастық.
Әрине, білгіш атанайын деген ой менде атымен жоқ-ты. Кітапқа берілетін естеліктің ақаусыз болғанын қалаған бейіл еді.
Тасқа басылған нұсқасын апарып беріп, қолжазбасын алып қалдым. Әуестік биледі.
Алайда, Тәкеңе естелікті жөндеуге бергеніме кейін қатты өкіндім. Тәкең өзге шығармашылық қызыққа еніп кетті ме, әйтеуір сағыздай созып жүріп, аяғын сиырқұйымшақтатып жіберді. Үлкен жазушының жақсылық көрген ағасына деген ыстық ықыласпен жазған естелігі «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» кітабына кешіккендіктен кірмей қалды.
Сүйікті жазушыға жақсылық жасаймын деп жамандық жасап алғандай пұшайман болдым сол тұста!
ҚАЛАМГЕР ЖАЗҒАН ХАТТАР
Кәдімгі хатты әдебиет тілінде «эпистолярлық жанр» – атайтыны белгілі.
Тәкен Әлімқұлов – өзі жазған, өзіне жазған хаттарды қадірлей білмеген жан. Эпистолярлық мұраны айтасыз, әдеби шығармаларының қолжазбасын сақтамайтын жазушыдан не күтуге болсын?!
Дегенде Т.Әлімқұлов хаттары көтерген мәселесі қызықты, жазылу мәнері мәйекті келеді. Кейбір хаттары менде сақтаулы. Тіпті қырқыншы жылдары жазған хаттары!
Тәкеңнің Оңтүстіктен Сәбеңе жолдаған алғашқы хұсни хаты – зауытта жұмыс істеп жүрген кезінде, қырқыншы жылдары жазылыпты. Онда әдебиетке әуес балаң жастың қызық-қызық байламдары бар. Абзалы эпистолярлық мәтін сөйлесін.
«Жолдас сәбит!
Өткен жылы Сіздің «Айтыс және ақын» – деген тақырыпта бір мақалаңызды оқығаным бар еді. Сол мақалаңызда ХІХ ғасырдың екінші жартысында атағы шыққан ақындарды жаза келіп «Шәді мен Манаттың» айтысынан аздаған мысал келтіріп кетіпсіз.
Оның бер жағында Жазушылардың ІІ-съезінде жасаған баяндамаңызда болсын, «Менің мектептерімде» болсын Шәдіні еске түсіріп, біраз орын берген көрінесіз. Шынында да Шәдінің кезінде халықты кітап оқуға, оқуға тарту жағынан көп еңбек сіңіргені, зор талант егесі болуы даусыз нәрсе.
Бірақ, жоғарғы аталған мақалаға қарағанда Шәдінің өмір тарихын, оның барлық шығармаларын толық білмейтініңіз байқалады. Сондықтан, осы жөнінде Сізге аздап мәлімет жазып жіберуді мақұл көріп отырмын.
Бұл – бірінші жағынан Сізге тарихты, өткен ақындарды білген үстіне біле түсуіңізге көмек болса, екінші жағынан, халық ақындарының шығармалары, айтыстары зерттеліп, басылатын болса материал болады ғой деймін.
Ең алдымен оның шыққан жері – қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы (Қаратаудың етегінде, Түркістаннан 120 шақырымдай) «Қызыл-көл» советі. Шәдінің өзі 32-жылы Түркістан жаққа келіп өлді. Баласы – Әлікен қазіргі уақытта «Ащысай» руднигінде мех-цех-да мастер болып істейді, стахановшы.
Шәдінің шығармасы ондап саналады. Баяғы өзіңіз оқыған «Зарқұмнан» бастап «Сая», «Әмзе», жаңылмасам «Рүстем-дастан», «Сал-сал»-дарды жазған адам Шәді болады.
Мұнан басқа да көптеген кітаптары басылып шыққан, не қолжазба күйінде тараған. Бірақ, оларының көбісі дін туралы болса керек. Мысалы «ақырғы ақуал нама» деген кітабы сияқты.
Ғашықтық, махаббат темасына жазған «Фархад-Шырын», «Орқа-Күлше».
Әрине Шәдінің бұл шығармалары оригиналды шығармалар емес, араб, парсы тілінен аударма.
Шәдінің шығармаларын жас кезімде ауылда қысса оқығандардан естігенім болмаса өзім оқыған емеспін. (Бертінде бірер кітабы қолыма түскені бар). Аулымыздың арасы атты кісіге сәскелік-ақ жер болғанымен оны өзім бір-ақ рет көрген сияқтымын. Ол 1929 жылы.
Ол кезде біздің жаққа коператция жаңадан құрыла бастаған кезі. Екі болыс елдің (ескіше айтқанда) ортасынан ашылған бір коператцияда біздің әкей қызмет істейді.
Шәді бір күні бір киімдік мата сұрап біздің әкейге кісі жібереді. Сұраған матасын алып қайтады ол кісі. Ертеңінше Шәді тағы бір адам жібереді, жібергенде жәй жібермей өлең жазып жібереді. Өлең мазмұны: «Шапан сұрап тысын алдым, астары қайда?» – дейтін болса керек. Біздің әкей Шәдінің жасы үлкендігіне қарамай «қайын» деп ойнай береді екен. Астарлық мата беріп, сонымен бірге о да өлең жазып жібереді. (Аздап өлең шығарады екен. Бірақ соңына түсіп жазған емес). Өлеңінде «Мұндай өлеңмен олжа табылатын болса жолын үйрет» – деп жазады. Осыдан бастап екеуінің арасында бір қыс айтыс болды.
Қазақтың өлең десе, айтыс десе, құлағын тоса қалатын әдеті емес пе?! Сол маңдағы ауылдарға пәленше мен түгеншенің айтысы деп кешікпей таралып та кетіпті. Не жазысқандары есімде болғанмен өлеңін ұмытыппын.
Жалғыз-ақ Шәдінің:
– Қазынадан 125 сом екен
Май ана әр айына жегеніңіз.
Осы да бір адамға көп олжа ғой,
Қайтарып болмаған соң береріңіз.
Орынға сіз отырған жете аламай жүр
Ағайын қатар жатқан көп еліңіз… деген сияқты кейбір өлеңдерінің кейбір жолдары ғана есімде қалыпты.
– Шәді түсіп жатыр – деді бір күні бір жігіт біздің үйге кіріп келіп. Жайшылықта Шәді талай келген болар, байқамаған шығарым деймін. «Шәді» деген соң әлгі айтыс ойымда бар, сонда бір байқап қараған тәріздімін: орта бойлы, толық, жауырынды келген, мұрны батыңқы қара кісі екен.
– Ойпырмай, шырағым үндемей жүріп өзің ақын екенсің, – деді Шәді, жайғасып отырған соң біздің әкейге. Әкей күлді.
Шәдінің басқа ақындардан бір өзгешілігі – ол біреуді мақтап, кісіге жағынып көрген емес. Біздің әкейден сұраса, ол өзімсінгені. Араларында қарым-қатынасы жақсы болса керек. Сол біздің үйде отырғанда әңгіме арасында «Ленин мен Сталин туралы кітап (поэма десті ғой) жазайын деп ем, сен білсең өмір тарихын тауып бер» – дегені әлі есімде. Біздің әкей аздап әдебиет оқиды екен. Сондықтан болса керек Шәдінің әлгі пікірін хош алып, қалай жазуға (Жаңа стильмен жазуға) кеңес беріп отырды. Бірақ, Шәді сіңірі шыққан кедейдің өзі болса да 30-31 жылан жылғы асыра сілтеушіліктің салдарымен ұзамай қуғынға түсіп, әлгі ниетін іс жүзінде асыра алмай кетті.
Жазған болса жоғалып кетті.
Шәді бертінде, елдің салт-санасы жайында, нашарлар жайында да өлеңдер жазды деседі жұрт. Бірақ ол өлеңдері сақталмаған. Баласы Әлікеннің айтуына қарағанда барлық кітаптары 30-ыншы жылы қыста Шудың сағасын кесіп қыстап отырған бір жиеншарына апарып қойған екен. Содан жоғалып кетеді.
Жоғарыда Шәдімен біздің әкейдің айтысында болған хикаят жазған дерегім (дейтінім) – Шәдіні көрсету, фактімен көрсету. Әзірге оның қазіргі социалистік әдебиетке қосылсам деген игі тілегін еске түсіру. Оны сіз әрине жақсы түсінуге тиістісіз.
Шәдімен қатар қойып әкесін танытып қалайын деген екен деп ойлай көрмеңіз. Біздің әкей жұрт көзінде ақын деп танылған кісі емес және сол жолғы Шәдіге жазысқаны болмаса өлең де жазған емес.
Шәдінің тағы бір ерекшелігі – оның өлеңі бір қалыпты кетеді, бастан-аяқ бір ұйқасыммен шығады. Сүйтсе де өлеңінде көлденең артық сөз өте жиірек кездеседі.
Кітабын бітірерде өзінің атын жұмбақтап (Әбжат оди мен) жазады. Мысалы бір қалада болған соғысты суреттейді. Сонан барып әлгі оқу бойынша Шәді төре деген оқу шығады. Әрине өте оның ертедегі жазған кітаптарында көп болды.
Есіткендер Шәдінің «Фархад-Шырыны» өте көркем жазылған поэма еді деседі.
Хаттың артында айта кететін бір сөз – «Шәді мен Манаттың» айтысы деген жоқ. «Мұса мен (Молда Мұса) Манаттың айтысы» бар. Манат қу төре демейді, қу молда дейді. Шәдідей болмағанмен Молда Мұса да атақты ақын болған. Ол әрине өзінше мәселе.
Қазақ ақындарының шығармалары тексерілетін, жиналатын болса Шәдінің жоғарғы еңбектерін (кітаптарын) толық қамти еске алуыңыз жөн.
Хатты ұзатыңқырап жібергеніме сізден кешірім!
Тәкен Әлімқұлов 6.ІІІ.40 г. г. Чимкент.
Свинцовой ордена Ленина завод. Техснаб».
Хатты айырықша қымбат қазына көріп те отырған жоқпын. Қарапайым хат. Алайда, өмірге Тәңірберген болып келіп, Тәкен болып тіршілік кешіп өткен классик жазушының көзі. Зауытта техникалық жабдықтаушы болып істеп жүрген бозбаланың әдебиет туралы ойы, дүниетанымы. Әдебиетке әуестік аңғарылады. Бұл – болашақ классик жазушының бір әлсіз рухани баспалдағы, жылға секілді бастауы. Сол үшін де бағалы бұл хат.
Тәкен – хатқа өте салақ қараған кісі. Хат түгілі шығармаларының қолжазбасына ұқыпсыз қарайтын. Редакция тартпаларында талай қолжазбасы қалды. Азаматтардың қолында кейбір қолжазбалары болуы керек. Үшінші жақтан жазған мемуарының қолжазбасы Әл-Фараби атындағы өнержайда қалып қойды-ау. Журналдық нұсқасы шарғылау көрінген кезінде. Осындай жағдайда бала Тәкеннің балаң қолжазбасын сақтаған Сәбит Мұқановқа қалай риза болмассың?! Соғыс жылдарынан сақталған хатты осыдан кейін қалай қазына тұтпайсың?!
С.Мұқанов сақтаған хат бір бұл емес. Жазушы архивінде Тәкен ағаның бірнеше хаты сақталған. Ендігі хаттарды шолып өтсек те жеткілікті болар.
Хрущевтік «жылымық» кезеңін пайдаланып жаңа буын, жас толқын даусын ашық көтеріп, сыншыл бағытта сөйлей бастады. Міне, осындай сәтте «Менің мектептерім» («Өмір мектебі») мемуарлық трилогиясының алғашқы екі кітабын жазып аяқтап, оқырманға жеткізген Сәбит Мұқанов «жеке адамға табыну» аталатын 1937 жылдың қанды қырғынын қамтитын үшінші кітапты біраз жылға қаңтарып ұстап отырған еді. Алпысыншы жылдары «Есею жылдары» деген атпен үшінші кітаптың тарауларын «Жұлдыз» журналында, ағымдағы газет-журналда жариялай бастады. Тәкеңнің кезекті хаты, аға жазушы мемуарының осы үшінші кітабы хақында. Хат «Шүйгін сәке!» – деп басталады. «Шүйгін Сәке!», дәл осылай басталған хатты бірінші көруім. «Ардақты, салмақты», «Құрметті, қадірлі» болып басталар хаттарға үйренген құлақ Тәкеңнің «Шүйгін Сәкесіне» біраз тосырқады. Бұл – әдебиетте өзгені қайталамас, өзгеше мәнермен жазуға тырысатын Тәкен Әлімқұловтың хатты да өзінше әдіптеуі!
Хатында жазушы ескілікке құмартып жүретін жайым бар еді. «Есею жылдарын» оқып қыбым қанды, құмарым тарқады. Көп азаматтар бұл шығарманың астарын түсінсе ғой, шіркін – деп толғанады. Жазушының ерекше ықыласты болатын себебі – С.Мұқанов өзінің мемуарында кейде астарлай ишаралап, кейде өзінің үлкен беделіне сүйеніп 1937 жылғы сүргіннің сипатын, оның Қазақстандағы ұйымдастырушысының бірі Голощекинді сынап, мінеп, мазақтап дегендей бірсыпыра баяндайды.
Сол секілді балаң шағында жазған хаты көзі кеткеннен кейінгі естелік мақаласындағы пікіріне барып сабақтасып жатса бағалау баяндылығы. Автор пікірінің тұрақтылығы!
Қаншама «жылымық» дегенімізбен 1937 жылдың трагедиясы ашық та ащы айтылмайтын ол жылдары. Тәкеңнің қыбым қанды, риза болдым дейтін себебі де осында жатса керек.
Коммунистік партияның күшінде тұрған уақыты ғой. Республикалық «Жұлдыз» журналында басы жариялана бастаған шыншыл шығарманың аяғы түрлі сылтау-себеп айтылып жарияланбай қалды. Кейін Қазақстан Жазушылар одағында қайта-қайта талқыланып жүріп, өңделіп, жөнделіп барып кітап болып басылды. Кітап шыққан соң да Сәбит Мұқановтай үлкен жазушының үстінен арыз қаптады-ай дейсің. Сәбеңнің бірсыпыра уақыты арызға жауап берумен өтті.
Хат – белгілі бір кезеңдегі көңіл күй, таным жемісі. Онда артық айту, кем айту бола береді. Өйткені, өзіңмен қатар тіршілік кешіп келе жатқан кісінің көңіліне қарайсың. Ал, естелік жазушы жарық дүниеден көшкен соң жазылады.
М.Горький атындағы Әдебиет институты – социализмнің жемісі. Оған ешкім дауласпас. Бірақ, әдебиет шаруашылығын ойлағанда өте дұрыс ойластырылған оқу орны болатын. Мыңнан бір мысал айтсам, Мал дәрігерлік институтын тауысқан Ш.Айтматовтың жүйелі әдеби білім алған жері осы Әдебиет институты. Институтта теориямен қатар іс-тәжірибе кеңінен пайдаланылады. Үлкен жазушылар кездесу жасап, қалай жазатыны жөнінде өз шеберханасынан сыр ашады. Әйтпесе, шәкірттер бірінің шығармасын бәрі жабылып талдайды. Үздік үрдіс. Өсірер өнеге.
Т.Әлімқұлов Мәскеуден жазған кезекті хатында М.Горький атындағы институт басшылары Сізбен кездесу жасағысы келеді. Шәкірт жазушыларға әлем таныған шығармаларыңызды қалай жазғаныңызды әңгімелеп берсеңіз ғанибет болар еді. Біздің басшылардың (КСРО Жазушылар одағының төрағасы. К.Федин болар асылы) өтініші де осы дейді. С.Мұқанов туындылары жайында бөлекше тебіреніспен сөйлейді. Түрлі республикадан келген шәкірт жазушылар Сіздің айтулы шығармаларыңызды қалай жазғаныңызды білсе теріс емес қой дейді. Әрі қазақ әдебиетіне деген құрмет туғызып кетер едіңіз деген пікір ұшығы айтылады.
Кезекті хатының бірінде аға жазушы Сәбит Мұқанов шығармаларының Мәскеу баспаларында басылу жай-жағдайын әңгімелейді. Жұмыстың жүйелі жүріп жатқаны, кітаптарының бірінен кейін бірі дегендей жарыққа шығатынын айтып аға жазушыны қуанышқа бөлейді.
Хаттың себебімен Сәбит Мұқанов пен Тәкен Әлімқұлов кісілік қатынасына тереңдеп барып қалып жатырмыз. Өзгеше өрнекті қаламгердің өзге хаттары қайда? Жазушының «Жындыханадан» жазылған хаттары да бар. Иә, «жындыханадан»...
Өмірдің әр белеңінде тағдыр айдауымен әр қиырда ғұмыр кешкен жазушының кісі қолындағы хаттары бірсыпыра болса керек. Әттең іздеушісі жоқ. Тағдыр айдауымен деп қалдық. Қазақ жүйке ауруларына арналған аурухананы «жындыхана» дейді төтесінен. Ондай сырқаттан тысқары бола тұра Тәкеңнің де ол аурухана дәмін татуға мәжбүр болғанын қайтерсің?! Өмірінің соңында көбірек түсті. Ондайда, көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайға, үлкен жазушы Қабдеш Жұмаділовке, келіні – Қазынаға (ақын Бекен Әбдіразақовтың жары. Қ.Е.) хат жазар еді пұшайман болып. Олар Түркістанның тумасы – бас дәрігерге мән-жайды айтып, талай рет шығарып алған…
КҮНДЕЛІГІМНІҢ БІР БЕТІ...
21 ноябрь 1985
Жаз айында (июль) әл-Фараби атындағы өнержайға бардым.
Т.Әлімқұлов, Р.Бердібаев, Н.Бегалиев бәріміз әңгімелесіп жүрдік.
Сонда Тәкең бірде мынадай әңгіме айтты:
– Мен Москвада істеймін. Бір күні Москваға Әлкей Марғұлан келді. Мен онда СССР Жазушылар одағында қызметтемін. Ресторанға шақырды. Бардым. Әлекең шақырған соң бармай. Барсам қызы екеуі. Мен аздап ішіп алып, Әлекең қызына қырындадым. Ол кісі мені ұнатпады. Шамасы, не серъезный жігіт екен деп ойласа керек.
АНАМНЫҢ «ПОДРУГАСЫ»
Басынан сөз асырмайтын Тәкең бізге – інілеріне дегенде кең еді. Әсіресе сыншы Төлеген Тоқбергенов пен ақын Аян Нысаналин үлкен жазушымен құрдасындай қалжыңдаса беретін.
Жайшылықта да көп сөйлемейтін Тәкең мұрнын сауып, «Іһм» – дейді де қояды.
Әңгіме сын және сыншы туралы болды.
– Төлеш, – деді, – Тәкең, – Менің шығармамды бір кісідей танып, талдап жүрсің. Бірақ, сенің талбойыңда бір кемшілік бар. Сен мені сынамайсың. Сыншы мақтай бермей, сын айта білуі керек.
– Өй, мына алжыған шал не дейді, әй?! Мен сынасам әкеңді танымай қалатыныңды білесің бе?!
Төкең қақ тұрмаған көңілден төпей қалжыңдап жатты.
Тәкең:
– О, жөгі! – деді.
Төкең үдете, бастырмалатып әкетіп барады.
Әңгімеге мен киліктім.
– Тәке, мына Төкеңді сонша басыңызға шығарып, басындырғаныңыз не? Сазайын берсеңізші.
– Екеуміздің анамыз подруга болған еді. Көңіліне қараймын ғой – дейді Тәкең жымия күліп.
Тәкең көп жағдайда орысша ойлайтын еді ғой…
ҚАЛАМГЕР КІТАПХАНАСЫ
Жас шағымда Тәкентанумен «ауырған» адаммын. Біреудің қолынан Тәкеңнің кітабын көрсем қалап алдым, «ұрлап» алдым, дүкен сөресінен көрсем сатып алдым.
Әрине, баспадан жаңа шығып жатқан кітаптарын жалма-жан сатып аласың. Ал, ертеректе басылған кітаптары ше? Олардың кейбірін «Букнист» кітап дүкенінен сатып алар едім. Кейбірін жеке адамдардан. Айталық «Сапар» (1950) жыр жинағын әдебиетші Көбей Сейдехановтан ат-түйедей қалап алғаным есте.
Қолыма Тәкеңнің «Серый ястреб» (1972) аталатын Мәскеуде – орыс тілінде басылған кітабы түсті. Көзіме шырпы тіреп қойып, оқып шықтым. Аяңдап Тәкеңе келдім. «Серый ястреб» жөнінде пікір бөлістім.
– Нәркес көз, Шәркез – секілді жеке сөз, стильдік орамдардың аудармада бөгде тілде сөйлемегенін айттым. Өзге де мәселелер жөнінде бірсыпыра пікірлестік.
«В черной долине в одинокой юрте, обняв тело мужа, безутешно рыдала Ауес. Рядом, лежа на животе и зажимая рукой рану, тихо плакал Нурсултан. А маленький, предоставленный сам себе, бегал вокруг юрты, словно в подтверждение того, что дурная примета оправдалась.
Где-то неподалеку подал голос верблюжонок. Откуда-то с горки ему ответила мать. Над черной долиной пролетел одинокий ворон. Солнце склонилось к горизонту. Между холмами сгущались сумерки. В ту ночь было затмение луны» –
деген жолдарды оқи отырып, аудармадағы ауытқушылық туралы айттым.
Қазақша бұл былай сөйлер еді:
«Әуес күйеуін құшақтап, қыздай сыңсыды. Нұрсұлтан етпеттеп еңіреді. Жас бала шырылдап, үй айнала берді. Үй маңынан бота боздады. Өрістен енесі аңырады. Қараойдың үстінде көкқарға мен қызғыш ұшып жүрді. Күн батар шақ еді. Қараой қаралы қызыққа толып, дөңгеленіп бара жатты. Сол түні ай тұтылған».
Қазақша түпнұсқадағы бояулар солғындап, көркемдік деталь ретінде сөйлейтін қазақы ырым-жырым түсіндірілген соң мәтін маңызы айнығанын айттым, «Қыздай сыңсу» – жоқ. Баланың үй айналуы – жамандық шақырған ырым. Осы қалпында – көркемдік. Түсіндірсең этнографиялық баянға айналады…
Тілдің тиегін ағытсам керек.
Тәкең салалы саусағымен ұзын мұрнын сауып, басын шұлғып отырды. Әлде бір принципті мәселеге келгенде тамағын кенеп-кенеп жіберіп;
– Дұрыс байқағансың. Менің шығармаларым орыс тілінде бар мәнерімен сөйлеп, бар бояуымен көріне бермейді, – деді.
Сосын: «Сенде «Серый ястреб» бар ма? – дегені...
– Әңгіме ауанынан аңғарғаным Тәкеңде өзінің орыс тілінде жарық көрген «Серый ястреб» кітабының жоқ екені…
Өмірі көшіп-қонумен өткен Тәкеңде жүйелі кітапхана болғанына да күмәндімін…
ЖАЗУШЫ ЖАДЫ
Тәкеңнің бізді ұятқа қалдырғаны бар. Кезіндегі «Лениншіл жас» газетіне бір мақала ұсынды. Қолды-аяққа тұрғызбай жедел жариялап кеп жібердік. Ертеңіне оқығыш бір қу телефондайды.
– Тәкеңнің мақаласындағы сөз Сергеевтікі емес, Сергеев-Ценскийдікі. Неге тексермейсіңдер? Неге ықтият болмайсыңдар? – дейді.
Автор көп, бөлімде бас-аяғы екі-үш қызметкер. Қай жағына жетейік?! Қай автордың мақаласында келтірілген үзіндіге үңіліп жатайық?! Дегенде, мән-жай білмек болып Тәкеңе телефон шаламыз ғой, баяғы.
– Ә, солай ма екен?! Мүмкін, мүмкін. Мен қандай материал жазсам дәйек сөзді жадымнан пайдаланам ғой. Одан дүние күймейді, – дегені!
Әрине, мен алдында таңырқағанмын. Кейін өзі «Жаза баспасам деген сөзде мәніс бар. Мен мақаланы көбінесе жадымда сақталған деректер бойынша жазамын. Осы естелік те дәл солайша жазылды. Естелік – ресми документ емес, онда азын-аулақ дәлсіздік кетсе, дүние күймейді деп ойлаймын» деп мойындады да!
Бұл да болса білімділіктің белгісі. Жады мықты емес кісі қайдан жақсы жазушы болсын?!
СҮЙЕГІНЕ КҮЙ СІҢГЕН
Тәкең 60 жасқа толды.
Бөлім бастығы Аян Нысаналин екеуміз кеңесе отырып, мерейтой мақаланы Қалихан Ысқақов мойнына ілдік. Мәскеуде Тәкеңнің жанында болып, жиі араласқан стилист жазушыны Тәкең «кетік» – деп еркелетеді.
Жайшылықта да түнеріңкі жүретін жазушы үйінен қолайлы сурет таппай, арнайы фототілші апарып, тұңғиықтан шығарып ернінен сүйрегендей етіп «езу тартқызып» суретке түсірттік.
«Кетік» мақала орнына «Ақбоздың арыны» аталатын эссе жазып әкелді. Сурет дайын. Жанашырлық белгісі – макет сызып бақтық. Өзгеге ұқсамайтын жазушы портретін де өзге мерейтойларға ұқсатпай берсек деген ой. Бірдеңе жетіспейтін секілді.
Есіме жазушы әңгімелері бойынша күй, күйші тағдырын көркем суретте кескіндеп жүрген Аманжол дос сап ете қалды. Жалма-жан қазіргі белгілі суретші-дизайнер Найманбайұлы суреттерінің көшірмесін алдырдық.
Жастар газетінің бір бетіне жақын материал жарық көрді.
Жазушы үйінде бас қостық.
– Кетік жарады, – деді Тәкең. – Ал, мына бояушыларың маған ұнап тұр. Екі өнер тоғысқан жерде дұрыс дүние шығады. Құлағы бар бала ғой мыналарың. Шеберханасына барып қайтсақ қайтеді?
– Өзін шақыртып таныстырайық Сізге. Сіздің Созақтың баласы…
– Ә, жалпы күй табиғатын өзге жанрда сөйлету үшін кісінің сүйегіне күй сіңуі керек. Келешегі жаман болмас.
Тәкеңнің өз сөзін өзіне қайыруға тура келеді.
Т.Әлімқұлов – сүйегіне күй сіңген жазушы.
БІР АЖАЛДАН ҚАЛҒАН ШЫҒАРМА
Қазақ әдебиетінің досы, ақын Н.С.Тихоновта «Эпопеяның күйреуі» – аталатын мұңды эссе болатын. Ұмытпасам, онда бір моряктың ғажап эпопея жазғаны, қолжазбасынан оқыған жас Тихоновтың қатты қызыққаны баяндалады. Аласапыран уақыт. Теңізші кезекті жорықтан оралмайды. Өзімен бірге алып жүретін қолжазба да ұшты-күйлі жоқ... Осыны айтып Н.С.Тихонов күйінеді...
Қазақ әдебиетінің бір классигі Тәкен Әлімқұлов өмірінің соңғы күндерін еске алсам бала шақта оқыған осы бір эпопея тағдыры жайында орыс ақынының күйінішті жазбасы есіме түседі.
Тәкен өмірінің соңғы жылдарын Әл-Фараби атындағы өнержайда өткізгені белгілі. Бірде, хал сұрай барғанда Тәкеңнің бөлме жинастырып жүргенінің үстінен түстім.
Қапсағай Тәкең өңкиген қалпы епетейсіздеу қимылдап жазу үстелі үстіндегі бір бума қолжазбаны алды да қоқыс жәшігіне атып ұрды.
Тұтас қолжазба екенін байқап қалдым. Жалма-жан қайта суырып алып, қолжазбаға көз жүгірттім. Арбиған ірі әріптермен жазылған Тәкең қолжазбасы. Өзі көлемді-ақ.
Жазушы бетіне қарадым. Жүзі әлем-тапырық.
– Ау, Тәке, мынауыңыз не?
Тәкең де көз жүгіртті.
– Жазып жатқан шығармам ғой.
– Е, ендеше неге тастайсыз? «Черновигі» ме?
– Жо-жоқ. Мына үстел үстіне қоя сал!
Әңгімелесе келе білгенім – қолжазба Тәкеңнің жаңадан жазып жүрген шығармасы екен. Өзі аңғал адам, жүйкесі жұқарыңқырап жүрген жазушы алған да қоқыс жәшігіне атып ұрған.
Әрине, сол жолы ол шығарма бір «ажалдан» аман қалды. Ал, кейінгі тағдыры ше?
Қайда екен, сол қолжазба?
Құлбек Ергөбек
әдебиет зерттеушісі, профессор
ТАҒДЫР
(сөз соңы)
Тәкен (Тәңірберген) Әлімқұлов – классик жазушы. Жазушы райында Тәкең тағдыры кісі қызыққандай. Әр әңгімесі – бүтін бір дүние. Ыждағатты зерттеушісі жоқ. Бейғамдықпен жүріп, уақыт өткізіп алуымыз да мүмкін. Бүгін елеусіз Тәкеңе қатысты әрбір іс, құжат, әңгіме күні ертең аңызға айналып ірілене берері хақ.
Осындай тұлғалы таланттың пенделік тағдыры кісі қорыққандай.
Жазушы ретінде Тәкеңді аялай қарауға, жұмыр басты пенде ретінде аяйқарауға тура келеді. Өмірлік тағдыры өксікті, өнерпаздық тағдыры өнегелі!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.