Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Құштарлық пен ынтызарлықты, сүю мен тазалықты бала...

22.11.2022 3003

Құштарлық пен ынтызарлықты, сүю мен тазалықты баладан үйренуіміз керек 14+

Құштарлық пен ынтызарлықты, сүю мен тазалықты баладан үйренуіміз керек - adebiportal.kz

Ең алғашқы балаларға арналған әдебиет деп 12-13 ғасырларда Жапонияда пайда болған мәтіні әдемі суреттермен безендірілген шиыршық парақтар саналады екен. Ата-бабалары халық ауыз әдебиетіндегі ертегі-жырмен өскен біз үшін балалар әдебиетінің қайнар көзі  – фольклор. Кез келген қазақ халық ертегілеріндегі жер асты патшалығына еніп, адамша сөйлейтін небір мақұлықтардың оқиғасына әсерленіп ер жеткен (ал Қытайдың кейбір жерлерінде «аң-құстарды адамша сөйлету  – адамзатты қорлау»  деп есептеп, «Алиса ғажайыптар елінде» деген ертегі кітапты оқуға тыйым салған кездер болыпты). Пушкиннің заманында лицей оқушылары балалар әдебиеті деп француз ағартушыларының шығармаларын оқыпты, кейін А.Блоктың шығармаларын балалар әдебиетіне енгізген екен, ол қабылданбапты, керісінше С.Есениннің шығармалары оқылған. Осыдан кейін ғой, К Чуковскийдің балалар ақындары үшін әдейі «балаларға арналған дүние әуезді, ойнақы, балалар фольклорына жақын, грамматикалық құрылымы күрделі емес, тілі жұтаң болмауы, сонымен бірге баланың танымына сай бай болуы шарт» деп өсиет жазатыны. Біз болсақ Бердібек Соқпақбаевтың Қожасын уайымдап, Николай Носовтың Дымбілмесімен бірге айға ұшқан ұрпақпыз,  Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзадасына» деген ықыласымыз ерекше еді, автор ұшақ апатына ұшырап, шөл далаға тап болғаннан кейін осы шығарманы жазыпты деген әңгіме одан сайын еліктіре түсетін.. 

С. Маршактың «Он екі ай» деген ертегісі бар, оның жазылу тарихы да бүгінгілер үшін ертегі сияқты көрінетін шығар.  Ол заманда оқырмандар газет-журналдарға, сүйікті ақын-жазушысына толассыз хат жазатын болған, бір бала С.Маршакқа «соңғы кездері ештеңе жазбай жүрсіз» деп өкпелеп хат жазыпты, кейін  Маршак сол баланы ертегісіне басты кейіпкер етіп алады.  Міне, сізге мотивация! Қазір өйтіп мотивация беретін оқырман бар ма, жоқ па... Жазушы өзін қамшылап, уақытпен ілесіп, бүгінгі баланың досы болып отырып жазуға, иландырып баяндауға тиіс. Бүгінгі ұрпақтың талғамы мүлдем басқа. Осыдан 2-3 жыл бұрын фэнтези дүниелер керек дейтінбіз, соңғы кездері балалар арасында реалистік әдебиеттің де сұранысқа ие екендігі байқалады. 

Биылғы Балалар жылы әдебиетке бір жаңа леп әкелді ме, жас оқырмандарға не берді, жаңа шығармалар жазылды ма, оқырмандарына жетті ме, оны кім бағалап жатыр? Осы бағытта әңгіме өрбітіп, балалар әдебиетіне  жақсы дүние берген жас қаламгерлердің пікірін білгіміз келді. 

ХАЛЫҚ КІТАП ОҚЫМАЙДЫ ДЕГЕН ТҮСІНІКТІ ЖОЮ КЕРЕК

Балалар жазушысы Зәуре Төрехан, 2014 жылы «Алтын қалам» бәйгесінен «Жылдың үздік балалар әдебиеті» жүлдесін иеленген, «Күйекөбелектер шаһары» атты кітабымен кішкентай оқырмандардың ықыласына бөленіп жүр. Ең ерекше жаңалықтың бірі  – Зәуре Төреханның «Әмина Тұран көшпенділер елінде» деп аталатын фэнтези романы Мәскеуде, Франкфурт және Ашхабадта таныстырылып, Брюссельде өткен «Ашық Евразия» халықаралық әдеби байқауында 3-орын иеленген. 

–       Зәуре, сіз үшін биылғы жыл есте қалатындай игіліктер жылы болды деп айтуға болатын сияқты.  Сонымен бірге Балалар әдебиетіне қатысты ең есте қалатын жақсылықтарды атап өтіңізші.

– Мен алматылық-астаналық жазушы болғандықтан тек жергілікті іс-шаралар жайлы ғана айта аламын. Пандемия біте салысымен елордада Foliant баспасы өткізген Халықаралық кітап жәрмеңкесі болып өтті, оған көптеген мектептерден оқушылар келіп қатысты. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі екі бастан үнемі түрлі қызықты шаралар өткізіп тұрады, солардың бірқатарына өзім де бардым. Алматыда Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Bala Time» атты балаларға арналған үлкен фестиваль өтті, оған мені «Алматыкітап» баспасы шақырды. Мен Президент мырзаға өзімнің кітаптарымды сыйладым. Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағы бірқатар республикалық әдеби байқауларды өткізді, солардың ішінде «Айбоз», «Айтұмар», «Алтын Сақа» әдеби байқауларын айтуға болады. Республикалық «Балалар оқулары» байқауы да жақында өз мәресіне жетті. Әдебиет Порталының «Ә-студио», «Сана», «Диалоги» бағдарламаларына да қатысып, өзімнің көкейімдегі ойларымды жеткіздім. Әртүрлі компаниялар мен жеке азаматтар өткізіп жатқан әдеби кештер, конкурстар, фестивальдарды да атап өткен жөн. Жалпы алғанда балалар жылы осындай игілікті шараларға толы деп айтуға болады. 

Мен де осы іс-шараларға қатысушы ретінде де, әділ қазылар мүшесі ретінде де ат салыстым. Мәселен, «Алтын Сақа» байқауына әңгімелер мен ертегілер категориялары бойынша 142 автордан 162 шығарма келіп түсті. Жюри ретінде байқағаным – балалар әдебиетінде қалам тербеп жүрген озық ойлы, тілі бай, айтары бар жаңа есімдер пайда болды. Бұл қуантатын жайт. 

- Осындай жүздесулер, жаңа әсерлер, туындыңыздың жылы қабылдануы жаңа мақсатқа жол ашты ма?  Байқауымызша, үнемі ізденісте жүретін, еңбекқор адам сияқтысыз, ондай қаламгерге баспалардың назары түспеуі мүмкін еместей... 

– Расымен де, 2022 жыл мен үшін кәсіби тұрғыда жемісті жыл болды. Биылғы жыл Жазушылар Одағына мүше болып кіруімнен басталды. Мүшелік билетті ЖО төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырза табыстады, ал мені мүшелікке өткізген ЖО Астана бөлімінің басшысы Дәулеткерей Кәпұлы. 

Пандемия кезінде үйде қамалып отырсақ та, табандылықпен жаңа шығармалар жазып едім, соның жемісін енді ғана көріп отырмын. Солардың бірі «AltynSaqa» баспасынан шыққан «Күйекөбелектер шаһары» ертегісі биыл түрік тіліне аударылып, Ыстамбұл қаласында «Ferfir» баспасында жарық көрді. Аударма жасатуға мұрындық болған әдеби агентім Бақытгүл Махамбетова, түрік тіліне тәржімалаған Ашур Өздемір, кітапты қаржыландырған Нариман Жарқынбаев, баспагер Шереф Илмаз. 

Тағы бір көптен бері күткен үлкен қуанышым, тұңғыш кітабым «Амина Туран в стране номадов» атты кітабым қазақ тіліне аударылды. Мен бұл роман-фэнтезиді 2014 жылы «Алтын Қалам» әдеби бәйгесіне қосып едім, «Алматыкітап» баспасы қолжазбамды сатып алды. Кітапты түпнұсқа тілде шығарды да, қазақшасын аударып шығаруға мүмкіндігі болмады. Кейін келісім-шарт уақыты біткен соң, «Steppe&World» баспасынан Раиса Қадір апайым хабарласып, осы кітапты қазақшаға аударып, шығарайық деп ұсыныс жасады, бірден келісе кеттім. Сонымен «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» кітабы да бір ай бұрын сатылымға шықты. Енді екі баспа да Әмина Тұранның жалғасы қайда, тездетіп бітіріңіз деп қолқалап отыр. Бұйырса, ендігі мақсатым, сол кітапты тамамдап, оқырмандардың назарына ұсыну.

Осылардан бөлек, «Айша мен Үй пірлері» атты тағы бір повесім бар, ол заманауи урбан фэнтези жанрында жазылған болса да, оны 2020 жылдан бері кітап қылып шығара алмай отырмын. Себебі әртүрлі, солардың бірі баспалардан жақсы ұсыныс түспей жатыр, ал мен самиздатпен айналысқым келмейді, оның машақаты көп.

- Жақында баспасөзге берген сұхбатыңызда біздің елде жазушы болып жан бағудың қиын екендігін айттыңыз, бірақ, жазамын дегендер ештеңеге қарамай жазады деген қағида бар, «келер жылы осындай дүниеммен қуантамын» деген жоспарыңыз бар шығар?

– Егер бір нәрсеге ынтызар болсаңыз, ол қалауыңыз сізді жайдан жай қалдырмайды. Шығарма жазу балалық шақтан бері пайда болған менің жан қалауым, сол себептен мен бір күн ештеңе жазбасам, өзімді біртүрлі сезінемін. Жазушылық мен үшін жұмыс емес, ол шабыт, шығармашылық. Десе де таза шығармашылықпен айналыса отырып, жан бағу қиын, бірақ ол әбден мүмкін. Кітап пен комикс жазудан басқа сабақ та беріп көрдім, жазушылық шеберлік бойынша курс та өткіздім, аудармамен де айналыстым, жақында ғана сценаристика курстарын аяқтап, кино-сериал жазуды да қолға алдым. Алдағы жылы продюсерлік курстарды оқығым келеді, түрік тілін де үйреніп отырмын. Бәрі де өзімді дамыту үшін жасап отырған қадамдарым, себебі Зульфия Біржанова анам айтқандай адам үнемі өзін жетілдіріп отыру керек, құласаң да, аяғыңнан тік тұрып, үнемі алға ұмтылуың керек. Бұл менің өмірлік қағидам. Бұйырса, алдағы жылы шифоньер-шаһарда өмір сүретін күйекөбелектер туралы ертегінің екінші кітабын жазып бітіргім келеді, «Әмина Тұранның» екінші кітабын баспагерлерге берсем деймін. Ал тап қазір, өзім үшін жаңа бір жанрды қолға алдым, Әдебиет порталына бірінші болып сырымды ашып отырмын. Ересектерге арналған «Көріпкел күнделігі» атты мистикалық детектив жанрындағы кітапты жазып жатырмын, соны жылдың соңына дейін аяқтап, бітіремін деген ойдамын.

- Жас оқырмандардың кітап оқуға ықылас-ниеті қалай екен? 

– «Халық кітап оқымайды» деген жалған түсінікті біз түбірімен жоюымыз керек. Кітапты оқитын адамдар баршылық, бірақ әркімнің өз талғамы, өзіне тән қажеттілігі бар емес пе? Кейбір адамдар мотивациялық, кәсіби кітап оқи бастайды да, содан соң әдебиетке бет бұрады және кері үрдістер де бар. Қанша дегенмен кітап терең білім, заманауи тәжірибе тарататын, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын бірден бір құрал. Кітаптар да ескіреді, мағынасы тұрғысынан да, физикалық тұрғыдан да, бірақ ол ілім-білім құралы ретінде ешқашан да өз маңызын жоғалтпайды. Кітаптың қағаз формасы болсын, электрондық нұсқасы болсын, адамзаттың, соның ішінде қазақ халқының қолынан түспесі анық. Менің достарым да, таныстарым да, шетелде жүрсе де, елімізде тұрса да, кәсіпкерлікпен айналысса да, үй шаруасында жүрсе де, қандай қарбалас болмаса да, бәрі кітап оқып жүргенін көріп, естіп жүремін. Өзім де кітап жазу үшін көп ізденемін, өзімді жетілдіру үшін кәсіби әдебиетті үзбей оқимын, қаламгер достарымның, таныстарымның кітаптарын да ара-тұра оқуға талпынамын.

 

ЕРТЕҢГІ ЕЛ ТІРЕГІ БОЛАР ҰРПАҚ ҚАЖЕТ

Серікбол Хасан. Халықаралық «Рух», «Алтын тобылғы», «Ұлы дала», «Дарабоз» байқауларының жүлдегері, бұған дейін «Әкесінің қызы», «Көбелек» атты өлеңдер кітабын ұсынған Серікбол биыл «Күшті бала» деген кітабын шығарды. Бұл кітап балаларға көркем мінез-құлық дарытып, қазақы тәрбие беруде таптырмас дүние деп бағалануда. 

- Серікбол, «Күшті баланың» ішінде не бар? Жаңа кітапты таныстырып, кездесулер өткізген шығарсыз, балалар аудиториясы қалай қабылдады?

– «Күшті бала» жинағына осы уақытқа дейін жазылған балаларға арналған өлеңдерім енді. «Біз балдырған баламыз», «Бақытты балалық», «Тарихым – тамырым», «Жылқы деген жануар», «Спорт – менің серігім»  деген төрт тақырыпшаға бөлінді. Былтыр өзіңіз айтпақшы, «Muftiyat» баспасынан «Әкесінің қызы» деген кітабым жарық көрген. Ол кітапта қыз балаларға қатысты өлеңдерді қамтуға тырыстым. «Күшті бала» жинағына көбіне ұл балаларға қатысты өлеңдер топтастырылды. «Әкесінің қызы» кітабының атауын қызым Кәусар, «Күшті баланың» атын ұлым Хақназар қойып берді. Жалпы өлеңдерімнің алғашқы оқырмандары – өзімнің отбасым. Олар идея айтып, тақырып ұсынып, үнемі қолдау білдіріп отырады. Одан кейін әрине, оқушылармен, жас оқырмандармен жиі кездесуге тырысамын. 

Кітап жәрмеңкелеріне, автограф сессияларға жиі барамын. Мұндай іс-шаралардың кітап насихатына қосар үлесі үлкен. Жақында Астанадағы Конгресс орталықта балалар қаламгерлерінің автограф сессиясы өтті. Саят Қамшыгер, Мейіржан Жылқыбай, Рүстем Сауытбай, Зәуре Төрехан секілді балалар қаламгерлерімен бірге мен де қатысып, «Әкесінің қызы», «Күшті бала» кітаптарыма қолтаңба қойып бердім. Назарбаев Зияткерлік мектептері басшылығы осындай тамаша мүмкіндік жасап берді. Елордадағы EXPO көрме орталығында өткен Еуразия халықаралық кітап көрмесінде «Әкесінің қызы» кітабының да таныстырылымы жасалды. Кітап көрмесі жаңа жобалар бастауға жігерлендірді. 

- Биыл балалар жылы дедік, оны қорытындылайтын кез де келді, өзіңіздің  көңіліңіз толды ма?

– Балалар жылында аса ауқымды іс-шаралар атқарылмаған секілді. Елордадағы «Жетісу» саябағына балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкеріне ескерткіш қойылды. Балалар жылы аясында атқарылған ауқымды шара осы секілді. Президент жолдауында Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асатынын хабарлады. Келер жылдан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылатын болды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұлар енді жолдауда айтылған мәселелер және атқарылуы да алдағы жылдардың еншісінде қалып отыр. Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры науқас балаларға көбірек көңіл бөлген болар деп үміттенемін. Алайда бұл қордың нақты қандай жұмыстар атқарып жатқаны жайлы ақпараттарды байқай қоймадым. Балалар әдебиеті жайын айтсақ, Балалар жылы аясында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен ақындар мен композиторлар арасында республикалық байқау жариялады. Қорытындысы алдағы желтоқсан айында шығады. Қазақстан Жазушылар одағы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауын, «Балапан» телеарнасы «Балдәурен» балалар әндерінің байқауын өткізді. Осы секілді балалар қаламгерлері мен композиторларын қолдауға арналған байқаулар өтті. 

Жазда ауылымда кездесу өткіздім. Атырау облысы Құрманғазы аудандық орталық кітапханасында оқырмандармен кездесу кешім өтті. Туған жерде өткен жүздесуде Абай, Нұржау мектебінің оқушылары өлеңдерімді жатқа оқып, бір марқайтып тастады. Оқушылар ән-күйден шашу шашты. Түрлі тосын сұрақтар қойылып, көкейдегі ой-пікірімді айтуға мүмкіндік берілді. Жалпы туған жер төрінде өткен кештің әсері бөлек екен. Шабыттанып, үлкен әсермен оралдым. Мектептерде, кітапханаларда кездесулерім жиі өтеді. Кішкентай оқырмандармен жүздесіп, олардың пікірін тыңдау маңызды. Себебі менің негізгі аудиториям солар болғандықтан, олардың талғам-таразысын, пікір-қалауын міндетті түрде ескеруім керек деп есептеймін.

Өз шығармашылығым жайлы айтар болсам, мемлекеттік тапсырыс бойынша қыркүйек айында «Фолиант» баспасынан «Күшті бала» деген жаңа жинағым жарық көрді. «Жаңа қазақ әдебиеті» деген серия бойынша басқан екен. Бірінші бетіне министр Дәурен Абаевтің алғысөзі жарияланды. Бірақ әлі күнге дейін министрлік жинақтың қаламақысын аударған жоқ.

–  Келесі кітабыңыз да өлеңдер болуы мүмкін бе, әлде фантастика немесе басқа дүние жазатын ойыңыз бар ма? 

- Қазіргі уақытта этнофентези бағытындағы шығарма жазып жатырмын. Каспий теңізінің экологиялық проблемасын көтергім келеді. Этнофентези деп атап отырған себебім, шығармада ұлттық мифология кейіпкерлері көрініс табады. Келешекте кішкентай оқырмандарға осы бағыттағы жаңа шығарма ұсынып қалуым мүмкін.

- Балалар әдебиетінің баяу дамуының себебін айта аласыз ба? Бұл орайда балалар жазушысының үнемі есінде ұстайтын нәрсесі не болуы керек?

– Бұл жалпы әдебиеттің басында бар жағдай. Балалар әдебиеті ғана емес, әдеби сын, фантастика, драматургия секілді салалар біздің елде кенжелеп жатыр. Бұлармен салыстырғанда балалар әдебиетінің жағдайы жақсы. Әрине, бұрынғы классик жазушылармен салыстыруға келмес, дегенмен де қазіргі қазақ балалар әдебиетінде жақсы шығармаларымен көрініп жүрген жастардың көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Өткен жолы ә

Әдебиет порталында балалар жазушыларына қойған: «Балалар жазушылары бүгінгі балаларды түсінбей ме әлде жазушылардың өздері қоғам өзгергеніне немесе технологиялар дәуіріне дайын болмай қалды ма?» деген сұрақ мені де ойландырды. Көркем әдебиетте қаламгер өзінің бар шеберлігін сарқып, оқырманды өзіне баурауға тырысады, былайша айтқанда оқырман шығармаға қарап бой түзейді. Ал балалар әдебиетіндегі шығармалар балаларға лайықталып жазылады да, кішкентай оқырмандардың сұранысына басты мән береді. Әрине, балалардың сұранысы осы екен деп тілді шұбарлауға, әдептен озуға болмайды. Дегенмен балалар шығармасы авторды емес, алдымен бала оқырманды қанағаттандыру керек. Сол себептен балалар қаламгерлері үнемі ізденіс үстінде жүруі қажет. Қоғамдағы жағдайларды балаға қалай түсінікті етіп жеткіземін, олардың қызығатын тақырыптары қандай деген секілді сұрақтар төңірегінде бас қатырады. Өкінішке қарай, біздің қазіргі кейбір балаларға арналған шығармалар балаларды қызықтыра алмайды. Тіпті кейбір балалар өлеңдері деген өлеңдердің өзін бала түгілі, үлкендердің өзі түсінбейді. Бұл өзіңіз айтып отырғандай, балалар қаламгерлерінің бала психологиясын түсінбегенінен деп білемін. Оның үстіне қазіргі зет, альфа ұрпақтардың түсінік-талабы басқа, сондықтан жазушылар қазіргі қоғамды дөп басып, бүгінгі жас оқырман – ертеңгі ел тірегі болар ұрпақтың қажетілігін қанағаттандыруға жұмыс істеу керек деп ойлаймын.

- Сіздің өлеңдеріңізде баланы жақсылыққа тәрбиелеу бағыты басым көрінеді, бұл дұрыс. Дегенмен, бұл баяғы советтік әдіске ұқсамай ма, қалай ойлайсыз?

- Владимир Маяковскийдің 1925 жылы балаларға арнап жазған "Крошка сын к отцу пришёл, и спросила кроха: – Что такое хорошо и что такое плохо?" деп басталатын атақты өлеңі бар. Осы өлеңді кезінде «Атасына келді де, Сұрады сәби немере, Жақсы деген немене, Жаман деген немене?» деп қазақшаға аударды. Біздің Абдрахман Асылбек, Қастек Баянбай ағаларымызға дейін бұл тақырыпты жазды. Себебі балалар әдебиетінде «мадақтама», «мазақтама» деген жанр бар. Алайда мынаны түсіну керек: жақсыны жақсы, жаманды жаман деп балаға үйреткеннің айыбы жоқ. Егер бала өзі кітаптан өзі оқып алатын болса, мектеп не үшін керек? Бұл – совет заманында пайда бола қалған үрдіс емес, бабалардың сөзі. Махамбет батырдың «Жаманнан туған жақсы бар – атасын айтса нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар – бір асым етке алғысыз», Шал ақынның «Жақсыны алыс, жаманды жақын көрме, Жақсы атансаң, басқаның хақын жеме», Майлықожа шайырдың «Өңкей жақсы қосылса - бітіреді кеңесті, Өңкей жаман қосылса – шығарады егесті», Абай хәкімнің «Жақсылық – ұзақ тұрмайды, Жамандық – әр кез тозбайды», Ақан серінің «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді, Жаманнан үлгі аларлық сөз қалмайды» деген жолдары – соның айғағы. Өкінішке қарай, кейінгі кездері кейбір демократтар «дискриминация» деген ұғымды алға таратқыш болып алды. Мысалы, мен балаларға «жаман бала», «бұзық бала» немесе «жақсы бала», «әдепті бала» деген тақырыптарда өлең жазсам, «неге жақсы бала, жаман бала деп бөлуің керек, бұл барып тұрған дискриминация» дейді. Мұның бәрі өзіміздің тамырымыздан, жоғарыда келтірген бабалар сөзінен қол үзгендігіміздің салдары деп білемін. 

 

 

ҚАЛАМДЫ ҚАРУ, ҚАҒАЗДЫ ҚАЛҚАН ҚЫЛЫП, ҰРПАҒЫМЫЗДЫ ҚОРҒАМАСАҚ БОЛМАС

Нұрбек Нұржанұлы. «Аспанға ғашық құс-бала», «Көктемгі жылу» «Қош бол, зебра» сияқты әңгімелерімен елең еткізген, халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің, халықаралық «Шабыт» фестивалінің, республикалық «Алтын қалам» байқауының, «Қазақ пен қала» байқауының жүлдегері Нұрбек Нұржанұлының есімі оқырманға жақсы таныс.  Автордың балаларға арналған «Кәусар бұлақ» атты әңгімелер жинағы бар. 

- Нұрбек, биылғы Балалар жылында балаларға арналып көптеген жақсы дүние жазылды деп жатыр.  Өзіңіз куә болған жақсылықтар туралы айтып өтсеңіз.          

–  Меніңше, белгілі бір жылды «Балалар жылы» деп атағаннан гөрі, әр жыл сайын  балалар руханиятына көңіл аударылса игі еді. Өйткені, балалар аталмыш бір жылда ғана емес, қай жылда да бар. Қай жылда да сәбилер дүниеге келіп, өсіп, ер жетіп жатыр. Сол себептен балаларға жыл сайын «Балалар жылынан» артық көңіл аударсақ, артықтық етпес. Осы орайда биылғы «Балалар жылында» атқарылған азды-көпті іс-шаралардың, кітап тұсаукесерлерінің, байқаулардың куәсі болдым. Олардың бәрін тізіп айтқаным артық болар. Соның ішінде өзім төбе көрсеткен бір-екеуін атап өтейін. Мәселен, халықаралық жоба «Almaty Writing Residency-2022» алматылық Жазушылар Резиденциясы есте қаларлықтай сәтті өтті.  Резиденция – бұл Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық Миссиясы және Chevron компаниясының Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясындағы Ольга Маркова атындағы Алматылық ашық әдебиет мектебі (ААӘМ) мен танымал американдық IWP International Writing Program бағдарламасының халықаралық жобасы. Мұнан байқағаным жылдан жылға балалар әдебиетіне  көңіл аударылып келе жатыр, бұл қуантады. «Қазақстан» санаториясы табиғат аясындағы жайлы жер екен. Біздің емін-еркін сұхбат құрып, дәріс-семинар жүргізуімізге барлық жағдай жасалған. AWR-ға қатысу арқылы жаңа достар, әдеби орта, сонымен қатар тәжірибе жинақтадым. Бұл жоба – әдебиет арқылы әртүрлі мемлекеттерді достастыратын алтын көпір. Үш тілде өткен резиденция тілді дамытуға да септігін мол тигізді. Қаламдастармен балалар әдебиетінің ау-жайын талқыладық. Бір-біріміздің шығармашылығымызға пікір білдіріп, көзқарасымызды айттық. Биылғы резиденцияға дәріс-семинар жүргізуге танымал американдық автор, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің көрнекті өкілі, тәжірибелі ұстаз Келли Дуайер шақырылған. Резиденция аясында қатысушылар және қонақтарымен кездесу, әдеби аудармашы Нина Мюрреймен қазақстандық әдебиеттің ағылшын тіліне аударылуының өзекті мәселелері туралы әңгімелесу, IWP директоры, ақын, эссеист Кристофер Мерриллдің ашық онлайн дәрісі, балалар әдебиетін шығаратын қазақстандық баспалармен басқосу секілді іс-шаралар American Space Almaty әлеуметтік алаңында өтті.

Ольга Маркова атындағы Алматылық ашық әдебиет мектебінің (ААӘМ) тағы ұйымдастырған «Қаламдас» әдеби байқауында да балалар прозасының жанрына көптеп көңіл бөлінді. Тіпті, жеңімпаз туындылар «Дактиль» журналына жарияланып, ағылшын тіліне аударылды. Жазушылар одағы ұйымдастырған балалар әдебиетіне арналған «Алтын сақа» әдеби байқауы да көптеген тың әрі жаңа туындылардың тууына, балалар әдебиетінің қорына жаңа шығармалар қосылуына үлесін тигізді. Одан бөлек қаншама қаламдас, замандастарымыз балаларға арнап кітаптарын шығарып, қолдан келгенше кішкентай оқырмандарымыздың көңілінен шығуына септесіп жатқан жайы бар. 

– Сіздер жазған дүниелер балаларға тиісті деңгейде жетіп жатыр деп айтуға бола ма? Сондай ақ,  балалар әдебиетін дамыту үшін қандай жанрларға баса мән берген дұрыс болар еді? 

–  «Балалар жылы» бір-екі әдеби байқау, бір-екі кітап тұсаукесерімен өтсе болды, «Балалар жылы» деп атай саламыз. Мұнымыз осы бір тақырыптың жауапкершілігін қаншалықты сезіндіреді?  Небір ғажап туындылар жазылып жатқанын үлкен аға буыннан бастап қазіргі замандастарымның шығармашылығына қарап-ақ көз жеткізуге болады. Ал соның барлығын кішкентай достарымызға жеткізудің, қызығушылығын оятудың әдіс-тәсілі көп. Отандық балаларға арнап түсіріліп жатқан  кинотуындылар мен мультфильмдеріміз қайда?  Неше түрлі көздің жауын алатын кітаптарымыз ше? Бар болған күннің өзінде сапасы сын көтермейді. Мультфилімін көріп, кітабын оқимын дегенше бір ұйықтап аласың. Өйткені, көздің жауын алатын түрлі-түсті бояуды ойната білген де үлкен рөл ойнайды.  Балаларымыз одан көрі шетелдің мультфилімдерін көруді жөн санайды. Өйткені олар жалт-жұлт етіп қызықтыра алады. Солай өздерінің мәдениеті мен санасын сіңдіріп жатыр. Сондықтан қазір аулаға шықсаң балабақшаға, мектепке барып жүрген балалардың дені орысша мен ағылшынша сөйлеп жүретіні. Сосын балаларымыз ертең өскен соң «сен неге қазақша сөйлемейсің, салт-дәстүріңді білмейсің, шала қазақсың» деп өзіне дүрсе қоямыз. 

Кішкентай оқырманның арманын түсінуге, ұғынуға, өзді-өзіне үңілуге апаратын бірден бір жол – осы балалар прозасы. Қазіргі балалар мен жасөспірімдер әдебиеті болашақтағы қоғамның интеллектуалды негізін фэнтези жанры арқылы дамыта алады деп ойлаймын. Бұл жанр арқылы адамзаттың қаншама асыл арманы шындыққа айналды. Қиял шексіздігі арқылы нешеме заманауи, жаһандық биік белестерді бағындырды. Бұған Жюль Вернның романдары куә. Одан өзге нешеме ғалымдар бала күннен осы іспетті шығармаларды оқып өскеннен, қиялы қарыштап есейе келе ғылымда соны жаңалықтар ашты. Бізде балалар шығармашылығын онша місе тұта қоймайды. Десе де, балалар әдебиеті анау айтқандай жеңіл емес, күрделі әрі қоғамға өте-мөте қажет екені шүбәсіз.

– Биылғы жетістігіңіз қандай, келер жылы не жазуды жоспарлап жүрсіз? Шығармашылық адамына не керек өзі? 

–  «Кітап патшалығына саяхат» атты 100 беттік хикаятым өз оқырмандарын сарыла күтіп тұр. Бүгінде «Бек-пек адамзат әлемінде» атты әңгіме жазып жатырмын. Бүгінде тіршіліктен тыным таппай, аласұрып жатқан мына асығыс заманда  амалсыздан уақыт таңдай алмай жатасың. Әрине, шығармашылық адамына қашанда қажеті – тәуелсіздік. Жұмыс, шаруа деп жүріп іштей өз өзіңді мүжисің. Өйткені, мөлдіреп парағың, өкпелеп қаламың тұрады. Ал оқылмаған том-том кітаптарың болса ғашығың құсап «маған қашан көңіл аударасың» дегендей болады. Қалай мүмкіндік болады, солай жазып қалуға тырысасың. Әйтпесе, уақыт саған қарамастан, күтпестен көше береді, ал кішкене достарымыз өсе береді. 

Кейінгі кездері бір ұққаным жазу, ол – ғибадат. Жазу – өзіңді тану арқылы ғаламды ұғыну. Сол үшін оған жауапкершілікпен баруға тырысып жүрмін. 

- Жалпы балалардың әлемін түсіну дегеннің өзі бөлек нәрсе ғой. Сонымен бірге әдебиетті тәрбие құралы болуға міндетті емес деген пікірлер де бар, сіз бұған қатысты не дер едіңіз?

– Балаға көңіл аударғанымыз, ол біздің келелі келешекке деген сеніміміздің кепілі. Балалар әлемі – ғажайыпқа, тазалыққа, мейірім-махаббатқа толы. Ол әлемді кірлетіп те, былғап та алатын мына біз – ересектер. Өзіміз жете алмаған көкжиекті олардан талап еткеніміз қаншалықты әділетті болмақ?! Балалар аңсаған тазалық пен кіршіксіздік балалардан бұрын біздерге қажет. Сол үшін де балаларға арналған туындыларды ең алдымен ересектер оқығаны жөн болар. Керісінше біз өмірге құштарлықты, үйрену мен  білуге ынтызарлықты, сүю мен жан тазалығын, бәрін-бәрін балалардан үйренуіміз қажет. Балалар – ересектердің ерке ұстазы. Әрбір баланың жаңалық ашуға, арманға деген құштарлығын басып тастайтын да мына біздер. Оларды өзіміз ойлап тапқан тар шеңбер мен қалыпқа сыйғызғымыз келеді. Осындайда Мұқағалидың бір өлең жолы еске еріксіз оралады: «Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай, бостандық берші, бостандық берші, мамасы». Біздер баланың тәнін құндақтауды қойып, санасын, рухын құндақтауға көштік. Неге десеңіз, қазіргі жаһандану заманында балаларымыздың руханиятына шабуыл жасалып жатқаны қынжылтады. Ол тек әдебиет тұрғысынан ғана емес, өнердің түр-түрлі саласынан. Өнердің кез келген саласындағы кейіпкерлердің өзі де әдебиеттен бастау алмақ. Бүгінгі таңда бір жыныстылықты (ЛГБТ), азғындықты, арсыздыққа насихаттайтын балаларға арналған әдеби шығармалар мен мультфильм, ойыншықтардың толып жатқаны баршаға мәлім. Онда белгілі бір ұйымдар мен ағымдардың идеясы қайдан жүр? Оларды ақтап алатын себеп те таппай тұрмын. Құдай-ау, тек әрбір ұлттың менталитеті  сол шығармада көрініс тапқаннан басқа адамгершілік, ар-ұждан, мейірім, достық, кішіпейілдік, т.б. айта берсең шексіз құндылықтардың барлығы да күллі адамзатқа ортақ емес пе?! «Егер бала сондай болып қалыптасса, біз оларды қоғамнан алыстатпай, осындай кейіпкерлер арқылы, олардың да қоғамның бір бөлшегі екенін ұғындыру қажет» деген сыңайлы жаңсақ пікірлер шетелден бастап бізге шейін арамшөптей қаптап алды. Сондай арсыздыққа жол бергізбейтін де осы – әдебиет еді ғой. Шынында үлкен рухани күрес пен соғыс болып жатқаны анық. Қаламдастарымды да  бір-бір майдангер деп есептеймін. Қаламды қару қып, қағазды қалқан ғып ұрпағымызды қорғамасақ болмас.

- Құрметті қаламгерлер, уақыт бөліп, бізбен келелі кеңес құрғандарыңыз үшін рахмет. Балалар әдебиетін жақсы дүниемен байыта беріңіздер.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар