Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Роллан Сейсенбаев. Шандор Петёфи...

30.11.2023 1130

Роллан Сейсенбаев. Шандор Петёфи 14+

Роллан Сейсенбаев. Шандор Петёфи - adebiportal.kz

Тектілер туралы реквием

Жанталасқан Жеті Жыл

Әлемнің ұлы ақын-жазушыларының шығармаларымен мектеп қабырғасында, сонау Абай мен Шаһкәрім бабаларымның кіндік қаны тамған Шыңғыстау жерінде танысқан едім. Сол жылдары оқып, көңілге түйген, жүректен өткізген классикалық шығармаларды кейін, студент кезімде, жазушылық өмірімде қайталап оқыдым; сол білгендеріме қоса жаңа тегеуірінді, талантты буын өкілдерінің өлең-жырларымен, прозалық шығармаларымен таныстым. 

Әрине, бүгін әлемде шоқтығы биік ұлы тұлғалардың көбімен жете таныс, сырлас достық қарым-қатынастамын десем артық айтқандық болмас. 

Сол ұлы тұлғалардың ішінде есімнен еш кетпейтін ұлы ақындардың бірі – Шандор Петёфи. Венгрдің әйгілі ақынының Отан, Ел туралы толғаныстары, еш ақынның шығармасына ұқсамайды, бөлек тебіреністі ой, бөлек пайымдау, бөлек сыр ашу. 

Көне түрік ұрпағы, көне қыпшақ мадияр азаматы «Менің пірім – азынаған қара айғыр» деп сілкінгенде, XXI ғасырдағы біздің көз алдымызға дүниені дүрліктірген ғұндардың арғымақтары сонау Батыс Сібірден Еділ мен Донды тіліп етіп бара жатқандай елестейді Сағым ішінде қалың атты әскер асығып-аптықпай сән-салтанатымен қозғалып бара жатады. Неткен көрініс!.. Неткен ғажап сурет!.. Жансыз сурет емес, тірі әлем. Көне түріктер көне Даланы жапырып келе жатыр. 

Еуропаның көркем өңірінде дүниеге келген Шандор Петёфи сиқыр даланың құдіретті тіршілігін мейлінше екпінді, қуатты жырмен өрнектейді. Қанға сіңген, сүйекке біткен, текке таралған қасиет осы болар! 

Бір ғасыр өткен соң, қала жігіті, қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов те Арғымақты келістіріп суреттеген еді. 

Екі халықтың жыр сабақтастығы Дала елінің ортақ тірлігін, салт-дәстүрін сол Даланың қадыр-қасиетін, ұлы бабаларымыздың рухани бірлігін айқындайды. 

Отан туралы жазылған өлең көп. Солай болуы заңды да. Бірақ, Елін, Отанын дәл Шандор Петёфише бар дауысымен, жан-жүрегімен, таусылмас мейірлі тілегімен жырлаған ақын аз. 

Махаббат және Бостандық. 

Білмеймін бұдан басқаңды 

Махаббат қонса қолыма, 

Өмірім беріп аламын. 

Еркіндік үшін оны да 

Құрбандыққа шаламын

Орыстың әйгілі ақыны һәм аудармашысы марқұм Михаил Курганцевпен етене жақын танысып, сыйлас, сырлас болуымызға да Шандор Петёфи септігін тигізген болатын. 

Тыңдаңызшы, рухы биік, арыстан жүрек Петёфидің Отан деп соққан жүрегін:

Қашанғы біз қуыршақ боп қаламыз?! 

Жетеді енді! Сарбаз болсын баламыз! 

Сыбызғылар қоя тұрсын сызылмай, 

Керней үнін күтіп жатыр даламыз. 

Кез келген жау алды бізді басынып. 

Отан, оян! Шық қаруың асынып! 

Тұтандыру үшін сені керек пе 

Жаратқанның жар-жұрқ еткен жасыны?! 

Шандор Петёфи – венгр халқының ұлы перзенті. Ұлы ақыны. Жаужүрек сарбазы. Қара айғырын көкке секіртіп, қалың жауға алмас қылышын жарқыратып жалғыз шапқан жауынгер. 

Моласыз қалған ақын да Шандор Петёфи. 

Әлем әдебиетінің саусақпен санарлық ұлыларының санатына енген жалғыз венгр де – Шандор Петёфи. 

Бүгінгі ұлт жанды қазақтар XIX ғасырдағы Даланың ұлы ақыны Шандор Петёфидің жырларымен сусындаса, қалғып кеткен намыс, таптауырын болған рухымыз тағы бір сілкінер ме еді деген үмітке бой артамыз. 

Венгр әдебиетіне Шандор Петёфи жеті жыл ғана қызмет етті. Қалған өмірі Отанының намысын қорғау үшін қанды майдан өтінде тірлік кешті. Астында арқыраған қара айғыр, қолында қанға малынған алмас қылыш... Халқының маңдайына жарық жұлдыздай жарқырап біткен ұлы ақын не бары 26 жасында жасын түскен теректей қиылып түсті.

Өкінішті.

Жазылмай қалған жыр қанша?! 

Айтылмай кеткен ой қанша?! 

Түгесілмейтін асыл арман қанша еді?!.

Қазақтың үлкен ақыны Қадыр Мырза Әли ағамыз Шандор Петёфиді қазақша сөйлетті. Өз жырына да, өзгенің жырына да зор талаппен қарайтын ақын ағамыз баға жетпес жұмыс тындырған. Осы керемет еңбегі үшін қалың қазақ Қадыр Мырза Әли ағамызға шексіз қарыздар деп ойлаймын. 

Ұлы Даланың ұлы перзенті, бабалар мекенінің төрінен орын ал! 

Төрлет!

Өйткені Ел де сенікі, төр де сенікі!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар