Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сәбит Жәмбек. Әдеби дерек қаншалықты рас?...

20.11.2018 3691

Сәбит Жәмбек. Әдеби дерек қаншалықты рас?

Сәбит Жәмбек. Әдеби дерек қаншалықты рас? - adebiportal.kz

Тасқа басылған сөзге жұрт имандай сенеді. Оның құдіреті күшті! Кейбір әдеби деректер мен фактілерді беруде автор жауапкершілігі орасан болуы қажет! Әйтпесе тасқа басылған деректі ақиқаттай қабылдайтын көпшілік оқырмандар шындықты білуде жаңсақ кетіп жатады. Кітаптан, баспасөзден алған дерегі санасына берік ұялаған оқырман сенімін өзгерту қиын. Кейбір сол саланы зерттеп жүрген арнайы зерттеушілер болмаса, бір ғана әдеби дереккөзге, бір ғана мәтінге байланған оқырман ол ақпаратты шынайы фактіге балап, өмір бойы сол шындықпен қалады.

Мен соңғы кездері бір тоқтам, бір байламға келу үшін әр түрлі деректі салыстыра қарап, жүруді әдет қылдым. Сонда ғана шындықтың байыбына көз жеткізуге болатынын байқадым. Осы жерде бір-екі әдеби фактінің шындығына көз жеткізе кетсек. Мысалға, орыс поэзиясының ірі өкілі, талантты ақын Николай Гумилев Петербургте туып-өскен. Сол жерде әдеби қызметпен айналысқан. Сол кездегі Ресей астанасы Санк-Петербург пен кейінгі астана болған Мәскеу қалаларының арасы анау айтқандай алыс емес. Бірақ сөйтсе де Гумилев Мәскеуде болмаған сияқты. Осы тарапта орыс әдебиетшілерінің пікірі екі түрлі. Мен алғашында бұл туралы талантты орыс ақыны, сыншы, әдебиет тарихшысы Владислав Фелицианович Ходасевичтің (1886-1939) «Гумилев және Блок» мақаласынан оқыдым. Ходасевич былай деп жазады: «Мы с Гумилевым в один год начали печататься, но не встречались долго: Я мало бывал в Петербурге, а он в Москве, кажется, и совсем не бывал» (Ходасевич В.Ф. Некрополь. М., 1991)

Ходасевичтің бұл дерегін оқыған мен де алғашында Гумилевтің шынында да Мәскеуде болмағанына сендім. Алайда көп ұзамай екінші бір кездескен деректен оның бұлай емес, яғни Гумилевтың Мәскеуде нақты болғанын айғақтайтын әдеби фактіге кезіктім. Ол – орыстың көрнекті әдебиет зерттеушісі, аудармашы Николай Николаевич Вильмонттың (1901-1986) «О Борисе Пастернаке» (Воспоминания и мысли) Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан 1989 жылы шыққан естелік кітабы. Онда автор былай деп жазады: «Тогда же, если не ошибаюсь, в 1921 году, состоялся вечер в Московском политехническом музее. В первым отделении читал новые для меня стихи Гумилев, во втором Кузмин прочитал свою итальянскую новеллу о двух братьях, мне показавшуюся незначительной. Во время антракта я зашел в артистическую, хотя не знал ни Кузмина, ни Гумилева. Тут меня удивил Маяковский, с которым я встречался в квартире главного врача Кремлевской больницы. Маяковский подошел к Гумилеву. Тот сказал ему: «Я сегодня не в голосе и скверно читал свои стихи». – «Неправда! И стихи прекрасные, особенно о цыганах, и читали прекрасно». Вот уж не ждал услышать от Маяковского такого отзыва! Я думал, он только себя считает кем-то» (Вильмонт Н. О Борисе Пастернаке. М., 1989).

Басқа дерек, басқа айғақ! Сенбей көр! Гумилев Мәскеуде болды деп отыр. 1921 жылы Мәскеудегі политехникалық музейде өлең оқыған Гумилевтің өлеңдерін өз құлағымен естіген автор айғағына сенбей көр! Автор жаза басуы мүмкін емес! Тіпті де мүмкін емес! Міне, осындай жағдай. Енді қазақ деректеріне көз салайық. Қазақтың қадірлі үлкен ақыны Қадекеңнің, Қадыр Мырзалиевтің «Иірім» атты естелік кітабын оқып отырмын. Автор былай деп жазады екен: «Сәбең негізінен, отызыншы жылдардағы орыс ақындары, әсіресе, Маяковский және оның серіктері туралы ұзақ және қызықты әңгімелер айтты.

- Маяковский түйе секілді болса, оның жанындағы Кирсанов ешкі сияқты болатын! - деп бір күлдіріп қойды. Мәскеуде Красная профессурада оқып жүрген кезінде Сәбеңнің оларды жиі көргені рас. Сәбең оларды көріп қана қоймаған. Сөз саптасына қарағанда оларды оқыған да, білетін де тәрізді. Осы деректерден байқалатындай Сәбең отызыншы жылдары (ХХ ғ.) Мәскеуде Красная профессура институтында оқып жүргенде Маяковский мен Кирсановты жиі көрсе керек. Басында бұл дерекке онша мән берген жоқпын. Сәбең көрсе көрген шығар. Сәбеңнің Мәскеуде Красная профессура институтында оқығаны рас қой. Кейін басқа да деректерді оқығаннан кейін күдік туа бастады. Сәбеңнің Маяковскийді көргені емес. Оны Сәбең талай мәрте көрген ғой. Мәселе оның Мәскеуде Красная профессура институтында оқып жүргенде көргенінде болып тұр ғой. Жылдар дәл келмейтін сияқты, біртүрлі. Сәбең алғаш Мәскеу емес, Ленинградтағы университетте оқыса керек. 1928 жылы оқуға түскен. Үйленген, үлкен ұлы Арыстанның бір жасқа келіп қалған кезі . Тұрмыс жағдайының ауырлығынан Сәбең 1929 жылы елге оралады. Бұл турасында жазушының асыл жары, марқұм Мариям Қожахметқызының «Менің Сәбитім» деген естелік кітабында мынадай деректер бар: «Сөйтіп, 1929 жылы Қызылжарға көшіп келдік. Сәбит, «Бостандық туы» газетіне қызметке кірді. Дүниеге екінші ұлымыз Марат келді. Айлық алып, ептеп есімізді жиып, адам болып қалып едік, бір жылға толар-толмаста тағы да көші-қон басталды. Сәбит Алматыға жиналысқа келіп еді, «сол жақта қызметке қалдырыпты» деген хабар алдық. Бұл 30-жылдың көктемі еді. Пәлендей дүние мүлкіміз жоқ, көшу бізге қиынға түспеді. Екі баламызды алып, киім-кешек, төсек-орнымызды арқалап, Алматыға да келдік" - дейді айна қатесіз. Естеліктен жазушы Сәбит Мұқановтың 30 жылы (ХХ ғ.) Мәскеуден Красная профессура институтында емес, Алматыға қызметке келгенін аңдадық. Барлық хрестоматиялық оқулықтарда, қаламгердің шығармашылық ғұмырбаянында осындай фактілер келтірілген. Қысқасы Сәбең 30 жылы (ХХ ғ.) Мәскеудегі Красная профессура институтында оқымаған. Алматыда қызметте болған. Сәбең Мәскеудегі оқуға кейінірек, дәлірек айтсақ 1933 жылы кетіп, 1935 жылы бітіріп, елге оралған. Барлық деректерде осылай. Сәбең Мәскеуде оқыған 1933-35 ж.ж. Маяковский бұл дүниеде жоқ. Орыс ақыны 1930 жылы қайтыс болған. Сонда не болды?! Мәскеудегі Қызыл профессурада оқып жүрген жыл орыстың футурист ақынын көруі мүмкін емес еді.

Тек қана Ленинградта көруі мүмкін. Сәбең бір жылдай 1928 жылдан 1929 жылға дейін Ленинградта оқығанын білеміз. Сәбең қияшыл кісі ғой. Бұрын алдында көргенін Қызыл профессура да оқып жүргенде көрдім деген шығар, бәлки. Кім біледі? Ол кез біреуді біреу біліп болмайтын «байтал түгіл, бас қайғы» аласапыран, тар заман еді ғой, қалай болғанда да белгілі бір байлам, тұжырым жасау үшін, әр түрлі қарама-қайшы дерек көздеріне үңілмей, салыстыра қарамай шындыққа жету қиын! Ең бастысы: асығыс, үстірттіктен аулақ болған жөн!

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар