Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Садеқ Һедаяттың «Соқыр байғызы»...

07.04.2023 2254

Садеқ Һедаяттың «Соқыр байғызы» 14+

Садеқ Һедаяттың «Соқыр байғызы» - adebiportal.kz

Жалпы алғанда Парсы елін былайғы жұрт «поэзия елі» деп атап кеткен. Оған себеп неше ғасыр бойы әдебиеттің ажырамас бөлігіне айналған Фирдоуси, Сағди, Хафиз сынды шайырлардың ғазалдары болса керек. Олардың жырларының өміршеңдігі бүгінгі таңда да өзектілігін жоймауында боп тұр. Негізінде көне иран әдбеиетінен соң ислам діні орныға бастаған кездегі парсы әдебиетіндегі өлең – сөздің патшасы болған. Ислам келгелі сопылықтың қатты дамығаны Румидің діни дастандарынан-ақ байқалады. Жалпы парсының өлеңі ғана емес, прозасы да мықты, сан қырлы, астарлы болуымен ерекшеленеді. Дәстүрлі Иран әдебиеті бірнеше тарихи кездерді бастан кешкен. Сондықтан әр заманда әрқандай боп түрленген. 

Парсы прозасының тілдік ерекшелігі өзгеше. Парсы тілі көнеден бүгінге дейін көкжиегін кеңейтуден танбаған үздіксіз үдеріс десек, артық айтпағанымыз. Егер аудармашылардың алғашқы легі он тоғызыншы ғасырда батыс әдебиетімен сусындағанын есептесек, жиырмасыншы ғасырдааударма тілі қатты дамыған. Жалпы алғанда аудармашылар парсы әдебиетін біраз биікке көтеріп тастаған. Соның өзінде аудармашыларға қойылар талаптар қатаң болды. Олар жергілікті диалект, кәсіби лексика, тақырыпқа сай су жаңа ізденістерін көрсетуге борышты еді. Сондықтан аудармашылар парсы тілін мейлінше байытты. Дегенмен аударма белең алған соң цензура орнатып, прозалық шығармаларды қатты екшеген. Себебі, батыстың, әсіресе еуропалық, америкалық, латын америкалық авторлардың әсері қатты сезіле бастаған. Шығарманың дені ислам қағидаларына сай болуы қадағаланды. Дегенмен, прозадағы жанрлық өзгешелік соны ізденістерге жетелегені байқалады. Негізі парсы прозасына аллегориялық және мифологиялық бағыт тән. Әсіресе, тарихи дүниелерінде астарлы дүниені қазу, гиперболаны қолдану жиі көрініс тапқан. Алайда, психологиялық романдары прозада көш бастап тұр. Реализммен қатар модернизм қатты кіріккені сезіледі. 

Айнаш Қасым - аудармашы

Парсы прозасының көш басында тұрған ерекше шығармалар бар. Сондай шығарманың бірі қолымызға түсті. Бұл Садеқ Һедаят деген парсы жазушысының «Соқыр байғызы». Бүкіл әлем тамсана оқып, жоғары бағалаған туынды. Қазақ тіліне аударған Айнаш Қасым. 

Садеқ Һедаяттың ой орамы бүгінгіден, бізге жатық әлемнен бөтен екен. Жан дүниеңді сілкіп алатын ауыр да азапты шығарма. Ауыр аурасынан неше күн үндей алмай жүрдім. Қорыта алмадым. Түсінбеген жерлерімді қайта-қайта оқып, бәрібір түсіне алмаған жерлерім болды. Қайта-қайта парақтап, өз оқығанымды дұрыс түсіндім бе деп алаңдай бердім...

Кейіпкері мың бояулы, күрделі тағдырды сомдайды. Ұрланған балалық, қиын тағдыр, таңдауы жоқ мешеу тірлік... Жан-жүректі меңдеген дерт. Махаббат дерті. Онсыз бола ма?! Есінен адасқан мұңлықтың ішқұсасын суреттейтін үрейлі ертегі. Сүйгені үшін өзін айыптайтын, қинайтын, қаны қараятын, соған қарамастан өзін ақтайтын, сезімін ақтайтын, сол үшін ертегі жазатын бір бейбақтың басынан кешкен талайлы тағдыры. Ол өз тілінде, өзінің махаббатының тілінде ертегі жазатын бақытсыз кейіпкер. Оқып болғанша бір қараңғы лабиринтке кіріп кеткендей күй кешесің. Үрей! Тағы да үрей, тағы да үрей... Нені бүлдіріп қояр екен деп сүйгенінің сұлу жанарына байланған жүректің иесін аяп отырасың... Кітапты парақтаған сайын құдды бір Мопассанның құбыжықтарының әлеміне тап болғандай ауыр халды сезінесің... Одан да қитұрқылау өмірді көресің. Ащы запыран, кек, қызғаныш, ашу, дәрменсіздік, тірі өлік болған кейіпкердің өмірінде еш мән қалмағандай... Мұндағы мағыналық аллегория тек оқып болған соң түсінікті болады. Өзін күн көзіне суырып шығаратын бір ғажапты күте, күте шаршаған көңіл қылмысқа бел буады... Айтары бар, көтерген жүгі ауыр шығарма. Өмірдің өлшемі – өлім ғана екенін түсіндіреді. Оқыған адам бір оқып қоя салмайды. Жаныңа бір маза бермес дерт дендегендей бола береді... Адамды селт еткізетін шығарма көптен оқымаппын. Маған ғана солай әсер етті ме, білмеймін. Күрделі шығарма. Қиын тағдыр. Дұшпан тірлік. 

Ирантанушы Марта Симидчиеваның айтуынша, «Соқыр байғыз" – тек махаббат хикаясы емес, оны дәстүрлі өнердің заманауи әлемге бейімделуін зерттейтін мәдениет реформасы жайлы аңыз деп қабылдауға да болады». Мағынасыздықтан мән тапқан суретшінің өмірі. Пәндәуи тірліктен қашып, қашып, тыныштық таба алмаған алаң көңіл. Махаббат бәрін кешіру десек те, онысы тек көркем шығармада солай ма дерсің. Кешірімі жоқ махаббат! Ал, бұл кейіпкер өзіне кешірім жоғын біледі. Ол өзінің махаббатын соқыр байғызға теңеген екен. Менің түсінгенім солай болды. Түсінетінің сол ғана. Махаббаттың миллион бетпердесі болса, оған бұйырғаны өлім сеуіп тұрған азалысы. Біразға дейін көңіл иланбай, сипатталған дүниені қабылдау қиынға түседі. Оқыңыз, лабиринтке түсіп, жүріп көріңіз. Санаға салмақ керек болса, серпіліп көрерсіз. Оңай дүниеге, жаттанды, баяндау сипатындағы көркем шығармаларға үйреніп қалған оқырманға қол емес. Түсінбес. Өмірді өздігінше түсіндіретін пәлсапашының тосын образы. Бір қарағанға тұнған қылмыс. Бір қарағанға астарлы ақиқат. «Садеқ Һедаят «Соқыр байғыз» повесінде реформаның тәсілдерін іздеген, қоғамның айқын бет бейнесін көрсеткен. Автордың айтпағы «адамға түйсікті тыңдап, жүректің қалауын орындауды үндеді, өз жолын тауып, дәстүрден ерекшеленетін мәдениет түрін туындатуға ынталандырды», - дейді парсы жазушысы Акбари Бейраг Хасан.

«Соқыр байғыз» ­­­– дүниетаным деген қисынсыздан да қисын тауып беретінін көрсеткен туынды. Автор осы бір туындымен-ақ әдебиетке өлшеусіз еңбек қалдырғаны анық. Мұндайды жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Дара болмыстың сараланған еңбегі. Меніңше, «Соқыр байғыз» қай дәуірдің болсын ақиқаты болып қала беретін шығарма. Жалпы алғанда «Соқыр байғыз» адамзат құндылығының этикалық нормаларын, еркін таңдау жасауды, мейірім мен аяушылықты, ақиқат пен шынайылықты сипаттаған. Мұның барлығы адам болмысының негізі. Адамдар түрлі мақсатпен өмір сүретінін ескерсек, олардың өмірді қабылдауы да сан алуан болатынын ескерген абзал. Адам баласы саналы жаратылыс боллғандықтан, оның таңдау құқына тіпті Жаратушының өзі араласпайтынын «Соқыр байғызда» мейлінше тиянақты көрсетуге тырысқан. 

Жалпы Садеқ Һедаят зиялы отбасынан шыққан, Бельгияда, Францияда оқыған, бірақ оқуын аяқтамаған күйі еліне қайтып келген. Жазушылыққа ден қояды. Айналасы одан үлкен үміт күткен жазушы. Өзінің ақиқатқа деген ұстанымынан зиялы ортадан қуылып, ақыры Бомбейге көшіп, сонда «Соқыр байғызды» жазып бітіреді. «Соқыр байғыз» – күнде-күнде қайталап көре беретін ауыр түс секілді. Бірақ қайталап көргің келе береді. Кейде ол түсінде періште бейнесіндегі махаббатын жолықтырса, бірде оны ажалы екен деп қалады. Ауыр түс сейілмейді. Ол өңіне айналады. Үрей басады. «Соқыр байғыз» повесін атақты парсы жазушысы Камран Шараре: «Соқыр байғыз" – парсы тіліндегі ең маңызды әдеби шығарманың бірі», - деп бағалаған.

2005 жылы ирандық кинорежиссер Һұсрау Синай Садеқ Һедаят туралы «Көлеңкемен әңгімелесу» деген деректі фильм түсіреді. Ол Һедаятқа Дер Голем, Носферату сияқты батыстың фильмдері мен “Дракула” сынды романы әсер еткенін көрсеткен. Дәл осы ойды 2016 жылы шыққан ирандық публицист Х.Ахмадзаде өзінің «Көлеңкемен әңгімелесу: Садеқ Һедаяттың «Соқыр байғызы" қалай жазылды» деген кітабында қайталапты. Публицист Һедаяттың шығармаларына еуропалық экспрессионизм қатты әсер еткенін зерттеген. Әсіресе, 1922 жылы шыққан неміс режиссері Фридрих Вильгельм Мурнау түсірген «Носферату. Үрей симфониясы» фильмі мен 1897 жылы жазған Брэм Стокердің «Дракула» романы ерекше әсер еткенін нақтылапты. 1987 режиссер Рауль Руис Францияда La Chouette aveugle деген көркем фильм түсіреді. Мұнысы «Соқыр байғызға» жасаған еркін сипаттау еді. Режиссердің ұсынуындағы фильмді сыншылар мен режиссерлер «соңғы онжылдықтағы француз кинематографының інжу-маржаны», - деп бағалаған. Парсы прозасында осындай ерекше туындылар баршылық. Себебі, шығыс әдебиетінде ойып тұрып орын алатын әдебиеттің бірі – парсы әдебиеті. Мұндай туындыға компаративті талдау жасап, қазақ әдебиетінде салыстырма жасау мүмкін емес. Біздің әдебиеттің ой-шұқыры мен парсы әдебиетінің ерекшелігі жер мен көктей. Осындай тұнық дүниелердің қазақ тіліне аударыла бастағаны қуантты. Ирандық жазушылардың арасында Маржан Сатрапидің «Персеполисі», Аббас Маруфидің «Өліктер симфониясы», Хұсейн Санапурдың «Жоғалған жарты», Реза Әмір-Ханның «Оның «Мені» деген шығармалары қазақ тіліне аударылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Иранда қоғамдағы жақсы мен жаманды бетке айта салмайтын проза қатты дамыған. Оны күнделікті күйбеңмен сипаттау, бір адамның бойындағы қасиеттермен әсірелеуге бейімдік танылады. Әрине, соңғы жылдары Иран саяси ахуалға қатты тәуелді. Қоғам санасы өзгеріп жатыр. Түйткілді ашық сипаттайтын шығармалар туды. Мұның өзі әдебиеттегі жанрлардың өзгеруіне, жаңа заманға сай туындылардың жазылуына себепші. Бұл тек прозаның проблемасына айналып жатқан жоқ, оның эстетикалық ерекшелігіне де айтарлықтай қолтаңба қалдырып жатқан үдеріс. Негізі парсының классикалық үлгісінде проза мен фольклор өте астарлы мағынамен беріледі. Шығыстың көзге көрінбес құпияларын ыммен ғана түсіндіретін алғыр оқырманына арналған ойлы дүниелерін ұсынады. Оқырманын елітеді. Ойлантады. Өмірдің сан қырлы екенін түйсінтеді. Парсының көптеген классиктері сол аллегорияға бейім. Бірақ заман бір орнында тұрмайды. Сондықтан бүгінгі парсы жазушылары батыстың барын, нәрін сіңіре отырып, осы дәуірдің кейіпкерлерін көркемдеуге барын салып жатыр. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар