Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Сағыныш сазды сөз...

13.06.2022 5252

Сағыныш сазды сөз 12+

Сағыныш сазды сөз - adebiportal.kz

Сағыныш Намазшамова бүгінде қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен, өзгеше болмысымен енген ақын. Өлең өлкесінде көпке танылып, көркем сөздің қасиетін жеткізген ақынның шығармашылығы әдебиетсүйер қауымды бейжай қалдырған емес. Ол бір сұхбатында ақындық жайында былай дейді: «Мені бала күнімнен лирикалық жырға ғашық еткен, жүрекпен жырлауға үйреткен Тұманбай аға болды. «Танысқанда сен 15-ақ жаста едің» деп басталатын өлеңі менің дәл сол 15 жасымда көңілімдегі бір бейненің маған арнап айтқан жырындай жаныма тым жақын еді. Көңілімнің пернесін дөп басқан өлеңдерін жаттап алатынмын. Кейіннен Фариза ақынның жырларынан әйелді ғана түйсігі сезетін, әйелдің ғана көкірек көзі көретін дүниелерді аңғардым. Мейірхан, Есенғали, Тыныштықбек ағалардың, Қанипа Бұғыбаева мен Гүлнар Салықбаеваның өлеңдері поэзияға жаңа бір қырынан қарауға үйретті. Ғалым Жайлыбай ақынның жырларын оқысам, бір басталған әдемі әуенін үзбей, соңына дейін әуеде тербеліп жұрған көзге көрінбейтін толқындар елестейді. Соны ертеректе қалай көре алмағанмын, сезіне алмағанмын деп ойлаймын. Соған қарағанда әр жастың өз көкірек көзі бар сияқты. ...Жалпы ақындық образ – шайырдың шығармашылығындағы бейнесі ғой. Соған қарағанда, менің бейнем өз замандастарымның ішінде лирикалық образда айшықталып келе жатқан шығар деп топшылаймын». Ал журналист Асыл Сұлтанғазы болса ақын шығармашылығы туралы мынадай пікір айтады: «Сағыныш Намазшамова қашанда байсалды мінезінен танбай, арман еткен асқақ тұғырына жыл өкен сайын қарышты қадам жасап, өлең ошағын маздатып келе жатқан ақын. Оның ойлы да сырлы өлеңдерінің оқырман жүрегін әлдилегені қашан?! Тағылымдық, танымдық тұрғысынан мазмұны мен мәні біртұтас болып кеткен бояуы қою, баяндамасы мөлдір, суреттеуі мен теңеуі тұмадан жылыстап шыққан бұлақтай нәрлі болып келетін жырларын ел сағына күтіп, тың туындысының жарық көруін жол тосқан сағынышты кейіпкердей аңсап тұруында да ақындықтың ерекше құдіреті жатса керек».

Ол күрделендіріп жазуға құштар емес. Ішкі сезімдерінің күйін көбіне нәзік лирикамен жеткізуге әуес. Кейде өлеңдерінен жусан иісі аңқыған дала елестесе, кейде алып Алатаудың шоқыларындағы ақша қар көз алдыңа келіп, тазалықтың бейнесін көргендей боласың. Атына сай, жырларында да сағыныш басым. «Ақындар өмір бойы сағынып өтеді» деген де сөз бар ғой. Кімді сағынады, нені сағынады – ол өздеріне ғана аян болса керек. Ол сезімді ақынша ұғыну, ақынша сезіну мүмкін емес те шығар. Осындайда Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да, бәлкім, қолайсыз,
Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағансын арайсыз» деген жолдары ойға келеді. Ал Сағыныш ақынның сағынышын оның нәзік лирикасынан іздейміз.

Әр ақын жыр әлеміне өз қолтаңбасымен келері хақ. Олар жан дүниесіндегі сезімдерді өлеңдері арқылы табиғи қалпында жеткізуге құштар. Жазушы Мұхтар Мағауин «Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам ешқашан жақсы жазушы бола алмайды» дегеніндей, ақындардың да жүрегінде кірі болса ақ параққа сіңіп қалатыны анық. Ондай өлеңдерді, қанша өзіңді қинасаң да, оқи алмайсың. Ал кейбір өлеңдерді тұнық бұлақтан шығып жатқан таза су секілді сіміре бергің келеді. Сағыныш ақынның өлеңдерінде де сондай тұнықтық байқалады.

«Жаңбырда да бір жасын бар,

Жанның оты өше ме?!

Жауын жауса қолшатырлар

қыдырады көшеде.

Ауыр тұман ауада кіл,

Қорғанышы санаған.

бұлт қондырып бара жатыр

төбесіне әр адам...», – дейді ақын.

Осы өлеңді оқыған сәтте көз алдыңызға Алматының ақ жауынында төбесіне қолшатыр ұстап, асығып бара жатқан адамдар елестейді. Қарбалас тіршіліктің бейнесін көргендей боласыз. Бірақ одан автор басқаша образ жасап тұр. Ақын көзі бұл көріністен сұлулықты ғана байқайды екен. Ол әсемдік пен гуманизмді ұштастыра суреттейді.

«...Топырақты сүйсін жауын,

Құшағында ерісін.

Мені қойшы... жаңбыр дәйім

жаусын Қара жер үшін!»

Ақындар өмірдің әрбір сәтінен өзіндік ой түйіп, қаламы арқылы көпке жариялайды. Әуелі олар ішкі көңіл күйін қалыпқа келтіру үшін жыр жазатындай. Кез келген оқиға ақын өлеңіне арқау болуы мүмкін. Өмірді өзгеше қабылдап, өзінше түсінетін жандар көбіне жақсылықты, сұлулықты жырлауға бейім. Бәлкім, дүниені сәби көзімен көргісі келетін де шығар. Содан да олар тазалық пен кірпияздыққа әуес келеді.

«Терезе ашық. Жып-жылы леп кіреді.

Таныс та бейтаныс шу естіледі.

Көшеде көлік біткен гүжілдейді,

Сол дауыс іңір түспей үзілмейді.

Фонтанда бала-шаға салып асыр,

Сонда сен балалықты сағынасың...» – дейді ақын.

Ашық тұрған терезені күнде көріп жүрсек те, одан философиялық ой түю санаға кіріп-шықпауы мүмкін. Кейде біз қарбалас өмірдің шырмауына шырмалып, қарапайым нәрселерге мән беруден қалып бара жатқандаймыз. Ал шынайы ақындар олай жасай алмайды. Олар әр сәттен бойына қуат алып, сезімге берілуден жасқанбайды. Керісінше сезімге сүңгіп, сұлу әлемнің сырларына қанығады әрі оқырманын да сусындатады. Олар әрнәрсенің қадірін ертерек ұғынатындай. Сағыныш ақынның да жырларынан сондай леп байқалады.

«...Естіледі құстардың үзік әні,

Адам неге құстарға қызығады?!

Жиі-жиі қояды шықылықтап,

Шамаң келсе, құс үнін түсініп бақ», – дейді ақын.

Құстың үнін түсіну мүмкін бе? Егер көңіл көзімен қарайтын болсаңыз бәрі де мүмкін екен. Ол өмірдің қарапайым сәттерінен ой түюге үндейді.

«Біреу тізе бүгеді тыным алып,

Біреу ақыл айтады тұрып алып.

Елітпей емен есік, емен еден,

Көз салып қояйықшы терезеден», – дейді ақын.

Айналаға көңіл көзімен назар салғанда адамдар жаратылыстың ғажайып сырларын біле бастайтындай. Автор да соны меңзеп тұрған секілді. Мезгіл мен мезеттің мәнін ұғынатын ақын болмысы өлең жолдарынан анық көрінеді. Сағыныш ақынның шығармаларынан табиғатқа құштарлықты байқаймыз. Сыршыл лирикамен әлем құпияларын әшкерелейтіндей. Адам болмысының белгісіз қырларын сөз өнерінің қасиетімен ұғындыратындай. Өлеңдерін оқығанда өзгеше әлемге түсіп қалғандай әсерде боласыз. Сырлы да мұңлы жырлары ақын жанының көрінісіндей.

«Өзеннің, аңғардың ба,

Еңіске ағатынын,

Еңселі таулардың да

Етегі болатынын,

Жұлдыз да көппіз дейтін

Жалқы боп құлайтынын,

Асқақтап жеткізбейтін

Аспанның жылайтынын...» – дейді ақын.

Қарапайым ұйқаспен жазылған жырдың мағынасы күрделі әрі адамға философиялық ой тастайды. Жалғыздық жайында өзгеше сыр шертеді. Ақын көңіл күйінің, мұңы мен сағынышының көрінісін осы өлеңнен байқаймыз.

«Жүрек те емделгенде

Мейірім аңсайтынын,

Кешіре бергеннен де

Көңілдің шаршайтынын,

Білсең ғой!» – деп қорытады ақын.

Мұң мен ойдың ұштасқан тұсын осы жыр жолдарынан аңғаруға болады. Сағыныш өлеңдері сезімге ғана құрылмағанын көреміз. Онда парасатты пайым мен сыршыл сезімдер қатар кездеседі. Ол адам жанының астарына үңіледі. Сезім тереңіне бойлап, ой әлеміне саяхат жасайды. Оқырманның көңіл терезесінен сығалап тұрған сырлы сөздерді Сағыныш өлеңдерінен кездестіреміз. Оның жырларынан нәзік лиризм мен әсершіл әуенді естиміз.

«Түн сұлу ғой, сұлу, ә?

Жұпар демін жұтамын кеп құныға.

Қараңғы деп кім айтты оны,

Сезінсең

Тұла бойы тұнған шексіз шұғыла.

Ал көңілім – шұғылаға шүпілдеп

Толып тұрған мөлдір шыны құмыра», – дейді ақын.

Ақынның түн жайындағы сыршыл өлеңінен сұлулықты байқаймыз. Қара түннің қасиетін көре білетін ақын жанының нәзік сырларына үңілеміз. Ол қара түннен әр іздеп, әсемдікті көргісі келеді.

«Түн де күлімдейді,

Бірақ ол кез келгенге білінбейді,

Оны сезіндің-ақ,

Таңға көзің ілінбейді», – дейді ол.

Осы сәтте ойыңа түн ортасында көз ілмей ақ қағазға шерін жазып тұрған ақын бейнесі келеді. Немесе аспанға ұзақ үңіліп, жұлдыз санап отырған жан елестейді. Ақын қиялы түн мен күнді жалғастырып, уақыт белдеуінен шексіздікке шығып кететіндей. Жұлдыздардан жыр теріп жүрген жанның бейнесі көз алдыңда тұра қалады. Сағыныш өлеңдерінің өзіндік әуені бар. Оқыған сәтте музыка ырғағындай жаныңды тербеп өтеді. Жылылықты сезінесің.

«Басталды вальс, баяу ән,

Биледік сонда шыр айналып.

Бақытым шығар таяған.

Жанарға жанар байланып...

Сол сәтте жер де, әуе де –

Дүние кетті дөңгелеп.

Дәру бола алмас дәнеме,

Би ғана мені емдемек», – дейді.

Ол өз көңіл күйінің көрінісін шебер суреттейді. Лирикалық толғаныстарынан әдемі әуен естілетіндей. Егер ол композитор болса ғажайып әуенге шомылдырар ма еді. Бәлкім, жырларынан сиқырлы саз естіліп тұратыны содан болар. Сағыныш өлеңдерінен сырнайдан шыққан саздың үні сыңғырлап тұрады. Оқыған жанның жүрегін тербеп, жанын жадыратар леп сыйлайды. Табиғаттың өзіндей тылсым да таза самал есетіндей. Шаршаған тәніңді рух сусынымен суғарып, тынысыңды ашатындай. Ол табиғаттың құбылыстарын да жырына қосуға құштар.

«Күн күркіреді.

Күркірі кеп Көктемді түртіп еді,

Ол оянды.

Оянып, нұр тіледі.

Соны сезіп аспан да сіркіреді.

Күн күркіреді.

Қошқыл тартып барады бұлт реңі.

Дүркіреген дауысты естімесе,

Оянбауы Көктемнің мүмкін еді...», – дейді ақын.

Ақын күркіреген күннің өзінен өлең өрнегімен ғажайып сурет салады. Дүркіреген дауыстың өзі оған шабыт сыйлауы мүмкін. Табиғат-Ананың әр әуені ақын жырларына азық болатындай. Мейлі жыл мезгілдері болсын, мейлі ауа райының құбылуы болсын, оған бәрі етене. Жер-Ананың бесігінде жатып тербелген таулар, көшкен бұлттар, ұшқан құстар Сағыныш қаламынан тыс қалмайды.

«Талып жетті тау әні,

Мүлгіп жатыр күзгі бақ.

Құстар кетті ауаны,

қанатымен сызғылап.

Кеткен құстың соңынан

қарамаймын мұңайып.

Тастап кете бергендер

сағынбауға лайық...» – дейді ол.

Сағыныш ұйқастары астарлы болуымен ерекше. «Тастап кете бергендер сағынбауға лайық» деген жолдардың мәні терең. Сағынудың да өз реті болса керек. Барлық адам сағына ала ма? Сағынса нені, кімді сағынады? Ақындар осы сұраққа жауап іздейді. Неге адам Отанды сағынады? Бір уыс топыраққа не үшін аңсары ауады екен? Бәлкім, онда ата-ана, туған бауыр, кіндік қаны тамғаны үшін шығар. Әйтпесе жер мен жердің айырмашылығы ауа райына ғана байланысты боп шықпай ма...

Сағыныш ақынның сөз өнеріне кірпияздықпен қарайтынын жырларынан аңғарамыз. Ол әр сөзге ерекше мән беріп, ұйқас пен ұғымға баса назар аударады. Тіл тазалығын сақтай отырып, тамаша теңеулерімен тамсандырады. Сөз киесін қадірлеп, қара өлеңді қастерлей жеткізеді.

«Сөз деген – біздегі Жарық Ой,

Қағазға шашылған уыстап,

Әріптер жай ғана тәні ғой,

Ал жаны тұрады тыныстап,

Тыныстап, тербеліп, дірілдеп,

Сезінсең алапат қуатын.

О, неткен бітпейтін Құдірет

Жабылып жазса да мың ақын...», – дейді.

Шынында, қаншама ақын жыр жазғанымен, сөздің бітіп қалғанын көрмедік. Сөз сарқылмас киелі байлық екенін осы жырдан байқаймыз. Сағыныш өлеңдерінде сөзге деген құрмет менмұндалап тұрады. Өлеңдерін оқығанда ешбір кедергіге ұшырамай, жеңіл қабылданатыны содан болса керек. Артық-ауыс сөз жоқ. Әр өлеңге өзінше леп беріп, өрнегін өзгеше тоқитыны сүйсінтеді. Сағыныш ақынның әрбір оқырманы ол жайында ерекше ілтипатпен айтатыны да содан болар. Сөз өнеріне кие деп қарап, қасиетін танығандықтан оның жырлары ылғи да төрден орын алып келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар