Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәкен серінің туғанына 90 жыл...

01.02.2024 2043

Сәкен серінің туғанына 90 жыл 12+

Сәкен серінің туғанына 90 жыл - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы, прозаик, балалар жазушысы, драматург, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Сәкен Жүнісовтің туғанына торқалы тоқсан жыл толды.

Сан қырлы талант иесі Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов 1934 жылы 1 ақпанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы орталығы Кішкенекөлде, ұстаз отбасында дүниеге келді. Болашақ жазушының «Бір шофердің әңгімесі» атты тырнақалды туындысы 1953 жылы «Қазақстан пионері» газетінде жарияланады. 1955 жылы орта мектепті бітірген соң ауылда сабақ береді. Жасынан әділетсіздікке, өктемдікке жаны төзбейтін асау мінез, қармаулы жас жігіт әлімжеттік жасамақ болған өктем ұлттың бірнеше өкілін қатарынан сілейтіп ұрып тастайды. Істің аяғы насырға шабарын білген ол көршілес Омбы арқылы Алматыға аттанып кетеді. Осы қаладағы шығармашылық ғұмырының ертерек басталуына бұл оқиға әсер етеді. Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсіп, 1957 жылы бітіріп шығады. Осы университеттің аспирантурасына түседі.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің аспиранты атанады. Жетекші ұстазы Мәскеуге аттанған сапарында мезгілсіз өмірден өткеннен кейін, жазып жүрген ғылыми зерттеу жұмысын жалғастырудан бас тараты. Сәкен Жүнісов – академик Мұхтар Әуезовтің соңғы аспиранты.

Еңбек жолын республикалық «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналында әдеби қызметкерліктен бастайды. 1957-1959 жылдары «Пионер» журналында қызмет еткен жылдары Сәкен Жүнісов балаларға арналған көптеген туындыларын жазды. Алғашқы кітабы «Сонарда» деген атпен 1959 жылы жарық көрді. Бұл жинақтан кейін әр жылдарда «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы?» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983) қатарлы балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптары – қаламгердің қазақ балалар әдебиетіне қосқан қомақты үлесі болды.

Сәкен Жүнісов 1960-1964 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеумен қатар осы мерзімде Қостанай педагогикалық институтында оқытушы болды. Бұл жылдарда қаламгер Сәкен Жүнісов драматургия жанрында өнімді еңбек етті. Жазушының әр жылдары жарық көрген пьесалары, атап айтқанда «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1973), «Қызым, саған айтам» (1973), «Жаралы гүлдер» (1984) және «Қос анар», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз болдық», «Кроссворд немесе масханадағы маскарад», «Өлара», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер», т.б. драмалық туындылары Қазақстанның, бауырлас республикалардың қазақ театрлары сахнасында қойылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Өлара» драмасы үшін 1986 жылы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілді.

1964-1968 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде қызметкер, 1988-1992 жылдар аралығында КСРО Әдебиет қорының қазақ бөлімшесі директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып қызмет атқарды. 

Проза, драматургиямен қатар, Сәкен Жүнісов көркем аудармамен де шұғылданды. Украин жазушысы Олесь Гончардың «Перекоп», «Көкадыр» романдарын, Павел Федоровтың «Синий шихан» романын, Лев Толстойдың әңгімелерін, Стефан Цвейгтің «Письмо незнакомки» («Бейтаныс әйелдің хаты») новелласын қазақ тіліне аударды.

Жазушының «Өшпейтін іздер» (1961), «Жапандағы жалғыз үй» (1965), «Ақан сері» роман-дилогиясы (бірінші кітабы 1971 жылы, екінші кітабы 1977 жылы), «Заманай мен Аманай», «Ақ қасқырлар қамаған қызыл керуен» повестері жарық көрді. 1997 жылы «Заманай мен Аманай» повесінің желісі бойынша режиссер Болат Шәріптің экрандауымен көркем фильм түсірілді. 

1996 жылы Сәкен Жүнісовке Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді. 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді. Сан қырлы талант иесі, қабырғалы қаламгер Сәкен Жүнісов 2006 жылы 29 сәуірде Астана қаласында өмірден өтті. 

Сәкен Жүнісов – жазушылығымен қатар, қазақша күрестен жауырыны жерге тимеген палуан, домбыра, пианино, мандолина қатарлы аспаптардың құлағында ойнаған музыкант, опера арияларын нәшіне келтіре шырқайтын кең тынысты әнші, қара сөздің қайығы, айтулы шешен – сегіз қырлы, бір сырлы жан болды. Қаламдас інісінің осындай сан қырлы талантын бағалаған сөз зергері Ғабит Мүсірепов Сәкен есіміне «сері» деген анықтауыш қосады. Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтай Арқаның атағы Алатаудай сал-серілерінің заңды жалғасындай, сол топырақта дүниеге келген әрі Ақан серінің тағдырлы ғұмыр жолы туралы туынды жазған қаламгерге бұл атақ жарасымды болды.

Сәкен Жүнісовтің шығармашылық ғұмырының басы мен ортасы – кеңестік қатал цензураның түкірігі жерге түспей тұрған заманға тап келді. Шығармашылық адамының мазмұн мен идеяда адымын аштырмайтын, мінездеу мен суреттеуде шығандап шығуға мүмкіндік бермейтін, саптыаяқтың сабынан қарауыл қараған дәуір еді. Қия басып, қылдан таюды кешірмейтін бұл кезеңде ұлттың ғасырлар бойғы шынайы арман-аңсарын ашып көрсетуді, түрі ұлттық, мазмұны социалистік деген жалаң жариялы ұран астында бордай тозып бара жатқан ұлттық құндылықтар, айғыз-айғыз, айқыш-ұйқыш жыртылып шаңдағы шыққан, кие атаулының құты қашқан атамекен, атақоныстың мұң-зары туралы іш тарта, күңірене қалам тартуға болмайтын шақ. Сонда да, сол заман туындыларындағы дәстүрлі трафарет «жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің» өзара қарсыласу-қаржасуы арқылы бұл мәселелерді сонадайдан қылаңдатып алу – шебер жазушылардың қолынан келді. Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үйі» – осындай туынды. Былай қарасаңыз, бұрын шағын ғана шаруашылықтары бар, жеке меншік шаруалар өз тіршілігін қамдап бұйығы тірлік кешіп жатқан маң дала Қараойдың жазығы Тың және тыңайған өлкелерді игеру атты аса ауқымды науқанның сахнасына айналып шыға келді. Мың-мыңдаған жігерлі-отты тың игеруші жастар, заманауи техникалармен жарақталып механикаландырылған тыңгерлер ұжымшарлары, басқарудың жаңаша ғылыми-практикалық тәсілдерін меңгерген іскер басшылар, сәулетті ғимараттар, адам үшін жасалып жатқан игіліктер. «Жапандағы жалғыз үй» – социалистік жасампаз еңбекті жырлаған, кешегі күйкі тірлікті ауыл қазағының көзі ашылып өсуін, басыбайлы қазақ қызының бостандыққа жетіп, ел басқаруға араласқанын дәріптеген туынды. Иә, бір қарағанда, осылай көрінетіні де рас. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, ондағы көптеген эпизодтарды, «жағымсыз» кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен сөздеріне тереңірек мән беретін болсаңыз, көп жайдан хабар береді. Халық киелі деп біліп, балта сілтемек түгілі жапырағын жұлуға именетін айдаладағы киелі ағашты балталап тастайтын Дерягиндердің қылығы, қазақ даласына жаппай арақ ішу, отбасындағы тұрақсыздық т.б. жағымсыз әдеттердің келуін емеуріндейтін тұстары – сөзіміздің дәлелі болмақ. Жазушының «Жапандағы жалғыз үй» романы мен «Қос анар» драмалық туындысын – екі жанрда жазылған біртұтас дүние деп қарастырамыз. Проза, оның ішінде роман жанры мен драматургияның оқиғалар желісін, авторлық идеяны беруде өз-өзіндік мүмкіндіктері мен артықшылық ерекшеліктері бар. Автор осыны ұтымды пайдалана білген. Бұл ретте кейіпкерлердің туынды барысында жиі-жиі конфликтіге құрылатын диалогтары, авторлық идеяны ашуға кең мүмкіндік сыйлайтын монологтарын режиссерлік шешімдер арқылы көрерменге ширатып, ширықтырып ұсына алатын драмалық туындының орны бөлек. «Қос анарда» мұндай тұстар біршама баршылық. 

Драмалық туындының табиғатына орай тақырыпты игеру мен ашу, кейіпкерлердің мінез-құлқын сатылай өрбіту, т.б. қатысты Сәкен Жүнісовтің шеберлік қыры жайында танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай былай деп атап көрсетеді: «Сәкен Жүнісов – осы талапты қатаң ескерген драмашы. Мінез-құлық өрбітуде, тартыс-талас құруда, кейіпкерлерінің, ішкі-сыртқы әлемін даралауда, олардың аузына пәрменді сөз салуда қаламгер еш мүдірген емес. Жасанды оқиға, жарытымсыз жағдай,  жартыкеш жан-дүниелерге жуымайды. Халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүр-дағдысын жетік білетіндігі айрықша көзге ұрып жатады. Дүниетанымының кеңдігі, философиялық топшылау деңгейі оны замандастарына етене ете түсті». Сыншының бұл айтылған тұжырымды Сәкен Жүнісов драмаларынан анық сезінеміз.

«Жапандағы жалғыз үй» мен «Қос анар» туындыларына арқау болған уақыт – сан алуан төңкерістер мен екі бірдей аштық, ондаған жылдарға созылған қуғын-сүргін, жазықсыз жазалау, Екінші дүниежүзілік соғыс пен туған жерінен еріксіз көшірілгендерді қабылдау, атом бомбасы үшін жанталас сияқтылардың бәрін бастан кешкен көрген қазақтың ендігі жерде тың игерудің тасқын нөпірі астында өз жерінде жиырма тоғыз-ақ пайыз азшылық болып қалған тұс еді. Әрине ол дәуірдің қаламгеріне мұны ашық жазуға мүлде болмайды. «Менің елім, менің жерім, гүлің болып егілемін, туған жерім менің – Қазақстаным!» - деп егіле жырлап, емірене шырқаудан әрі баруға болмайтын тұс. Ысмайылов шәкірттерінің жанкешті белсенетін, қазақ әдебиеті тарихын бес ғасыр әріге апаратын, «Көшпенділер» романы дүниеге келетін жылдарға әлі де болса жете қоймаған тұс. Қазақ ұлтының төменшіктелуі мәселесі ол тұс тұрмақ, коммунистік дәуірдің бүкіл ғұмыры бойында абайлы тақырып болған жоқ па? 

«Қос анар» драмасында Райхан мен Халелдің арасында өтетін мына бір жауаптасуларды алып қарастырайықшы. Бұл – жыртылған тың даладан байырғы тұрғынның басын тауып алғаннан кейінгі әңгіме:

Халел. Келмей жатып мына кең даламыздың аядай жерін көпсіндіңдер. Кеше мына целинниктер «хозяйн страны» деп кекетеді.

Райхан. «Хозяйн страны» деген онша ақылды адамдардың сөзі емес. Бірақ сені кекеткендері дұрыс емес.

Xалел. Сонда қалай? Мен хозяйн емеспін бе?

Райхан. Жоқ.

Xалел. Мәссаған, сонда сіздіңше туған жеріме иелігім жоқ екен ғой (ызалы күледі).

Райхан. Бұл жерде ит те, құс та, қасқырдың бөлтірігі де туады.

Xалел (сөз таба алмай, булығып). Қызық екен.

Райхан. Олар мидай далада тегін су ішіп, тегін жеміс жеп күнелткен бақа-шаян, тышқандар мен суырлар, қасқыр мен құстар. Ал сен де тегін шөпті шауып, тегін суды ішкеніңе мәзсің.

Xалел. Қызық екен!

Райхан. Ана қолыңдағы кімнің сүйегі? Білемісің?!

Xалел. Көмусіз қалған біреудің басы шығар.

Райхан. Иә, көмусіз қалған... Сенің мына далада етек-жеңіңді кең салып еркін көсіліп жүргенің соның арқасы. Ол сенің ата-бабаңның басы. (Енді екілене сөйлейді).

Атыраудан, Алтайға, Қаратаудан Арқаға дейін көсілген қазақтың қасиетті жері үшін ындыны құрып, көздері қанталаған сұғанақтар талайдың басын жалмаған, жүрегін қалқан етіп, ұрпағына мұра етер жері үшін талайдың басы осылай көмусіз қалған. Жер қожасы, жер иесі – алдымен солар. Бұл дала нені көрмеген дала? Неге белі қайыспаған қайран қара жер. Жеті ағайын жұтты да, алты ағайын аштықты да көрген жер. 

Ұрпағын жетілтем, перзентін өсірем деп жер тырмалап, егін егіп, талайлар сол аштыққа да ұрынған. Жер иесі, жер қожасы – солар. Мүмкін сенің қолыңдағы солардың бірінің бас сүйегі шығар. Сол ата-баба, әкелер, мұраға қалдырған мына кең далаға кім қожа, білемісің Халел! Кеше ұлтарақтай жердің шөбін шаптырмады деп торсаңдайсың. Егер ие бола білсең, мына байтақ дала сенің жерің емес пе? Қазір сен қожа емессің бұл жерге. Сен сатып алған машинаңа ғана қожасың. 

Өйткені оны жуасың, майлайсың, сынса жөндейсің. Мына туған далаңа ондай еңбегіңді сіңірдің бе? Бір түп ағаш отырғызып, оны мәпелеп, не егін егіп маңдайың жіпсіді ме? 

Әне, жаңағы қаршадай қыз сонау Мәскеу облысынан келіп, түн ұйқысын төрт бөліп жанын салып еңбек етіп жүр. Ана отырған үйің Малжан байдың үйі. Одан қалған азбыншы байлық Қарасайға азық болды. Қарасай саған азық, сені асырады. Бірақ ол сенің ұрпағыңа азық бола ма? Тыңда, Халел, ренжіме, мен саған азамат деп ақыл айтам, балам деп ұрсып айтам». Иә, дәл осы ой-пікір «Жапандағы жалғыз үйде» де бар. Бірақ ондағы беріліс басқа. Жазушының жоғарыдағы Райханның аузына салып отырған сөзі есті көрерменнің жүрегіне ине болып сұғылып, миын шабақтамайды дейсіз бе? «Не тот хозяин земли, кто по ней бродит, а кто по ней за сохой ходит», - деген ұрымтал ұғымның күшіне мініп, сенімнің үдесінен анық шығып тұрған шағы ғой. Тіпті бұл – қазіргі күннің өзінде өзекті емес деп айта аламыз ба?

Жалдамалы суық тамда жас жарын қалың көрпемен бастыра орап тастап Сәкен досының «Жапандағы жалғыз үйдің» қолжазбасын түні бойы оқып бергені туралы досы Қалихан Ысқақтың жазатыны бар. Арасында: «Әттең, осы тұста көсіліп жазар ем, айтқызбайды ғой, айтқызбайды ғой!» - деп бас шайқап қойып әрмен қарай оқуын жалғастыратын еді», - дейді досы. Иә, бұл – «шынайы бет-бейнені айна ішіндегі айнадан көрсету» дерліктей, ишаралы тәсіл. 

Сәкен сері туындыларындағы қазақы халдің зар-запыранды тұстарын арқаулаған азаматтық үні – оның әрбір көлемді туындысынан менмұндалап тұрады. Бұл «Ақан сері» роман-дилогиясына да, «Заманай мен Аманай» хикаятына да тән.

Сәкен Жүнісов шығармашылығы да тәуелсіздікке дейін және тәуелсіздік жылдарындағы деген екі кезеңге бөлінеді. Әсіресе драмалық туындыларында қазақ халқының арғы тарихындағы ақтаңдақ тұлғаларды азаттық дәуірде өзінің лайықты орнына әкеліп, ақиқаттың салтанат құруына септесу – ақынның азаматтық мұраты болғандай. «Махамбеттің өкінішпен өте шыққан өмірі-ай», «Жамбылдың даңғыл, тарғыл жолдары-ай» драмаларынан осы мұрат анық аңғарылады. Мысал үшін «Махамбеттің өкінішпен өте шыққан өмірі-ай» драмасында Жәңгір хан былайша толғанады: «Ертең-ақ сендердің ұл-қыздарың, қазақтың болашағы оқитын дәрісхана, училищелер аштырмақпын. Орынбор әкімшілігінің қарсылығына қарамай, қаншама мешіттер салдырдым, базар аштырып, бұрын мұрнына иісі бармайтын қазаққа базар нарқын үйреттім. Тағы да айтайын ба?! Осының бәрінің қаражатын елден алам ба, әлде сендер беремісіңдер?! Осыларды түсінбейтін мен ноқаймын ба, әлде сендер надан ноқайсыңдар ма?!» Иә, Жәңгір хан – жаңашыл, реформатор тұлға. Қазақ ерлігі мен өрлігінің өлшемі болған Ер Махамбеттің: «Хан емессің, қасқырсың», - деген салмағы ауыр жыр жолдары мен ханның ел мен жер үшін істеген ұшан-теңіз игілікті істері безбенделеді, осы бір түйткілді жағдайға тіреген дәуірдің бұралаң соқпақ, жықпыл-жымдарына барлау жасалып, қорытынды жасады оқырман, көрерменнің еншісіне қалдырады.

Елдік мұрат – жазушының басты ұстанымы болатын. Мұны Сәкен серінің жанында етене бірге жүріп, жата-жастана өз аузынан сұрап алмасақ та, сонау тоқсаныншы жылдар басынан өмірінің соңына дейінгі кезеңде киелі Көкшетауына келіп жүріп, студенттермен, халықпен кездесулерінде тыңдауымыздан, теледидарда, газет-журналдарда жарық көрген бейнежазбалар мен сұхбаттардан анық сезіндік, қазір де сезінеміз. Қазақ әдебиетіне соқталы туындыларымен олжа салған Сәкен серінің кейінгі шығармашылық кезеңіндегі бір арманы сүбелі сценарийлер жазып, қазақ киносының туын биікке көтеру болғаны анық. Танымал жазушы Ғаббас Қабышұлы 2009 жылы «Қазақстан» апталық газетінде былай деп жазған екен: «Қор болғанда: бізде қазақ халқының тарихын, қазақтың мінез-құлқын не мүлде білмейтін, не шала-пұла білетін бөгделерге бас июшілік деген сырқат бар, сценарийшіні де, әртісті де, музыканы да солардан іздеп, атасының құнын төлегендей-ақ, қойын-қонышысын долларға сықап толтырып береміз де, рухани тоналып, тотиып қала береміз. Абылай хан дәуірі хақында Сәкен Жүнісов жазған сценарий қандай еді?! Әбіш Кекілбайдың сценарийі ше?! Қайран қазақ киносы, көшің қашан түзелер екен!» Әттең, бір кем дүние деген осы. 

Қазақтың Сәкен серісі жайлы айтылар, жазылар дүниелер көп. Тоқсан жылдығына орай еліміз көлемінде, туған жерінде жазушы туындыларын ұрпақтар жадында жаңғыртуға, жас буынға таныстырып насихаттауға бағытталған сан алуан іс-шаралар атқарылып жатса құба-құп. Жазушының мұражай-үйін ашып жабдықтау, бұрын жарық көрмеген еңбектерін жарыққа шығару т.б. игілікті істерге ел болып куә болармыз деген сеніміміз зор.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар