Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Шәкәрім оқулары» республикалық байқауы мәресіне ж...

28.03.2025 371

«Шәкәрім оқулары» республикалық байқауы мәресіне жетті 6+

«Шәкәрім оқулары» республикалық байқауы мәресіне жетті - adebiportal.kz

Кеше, 27 наурыз Астана қаласы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында оқушылар арасында өткізілген III республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауы өз мәресіне жетті. 

«ADAL AS» корпорациясының қолдауымен ұлы ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы мен өмірбаянын жасөспірімдер мен балалар арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау, бір жарым ай бойы республика көлемінде өткізілді. 2000-нан астам қатысушыдан іріктеліп, топ жарып Елордаға келген 18 үміткер Шәкәрім Құдайбердіұлының ғибадатқа толы өлеңдерін жарыса жатқа айтып, қазылар алқасының қойған сұрақтарына жауап беріп, қабілеттері мен өнерлерін ортаға салды.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының міндетін атқарушы орынбасары Нұржан Нұрланұлы: 

«Құрметті, ел ағалары, ұстаздар, оқушылар, қатысушылар бүгінгі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтіп жатқан III республикалық «Шәкәрім оқуларына» қош келдіңіздер! Бүгін Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының тағылымды еңбектері мен өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында байқаудың мәресін қорытындылауға осында жиналып отырмыз. Әр облыстың үкіленген үмітін арқалап келген, «Шәкәрім оқуларына» қатысып жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанар үздіктердің анықталар сәті жақын. Қатысушыларға тек сәттілік тілеймін!»

«ADAL AS» корпорациясының президенті, әділ қазылар алқасының төрағасы Ермек Асылғазинұлы:

«Шәкәрім атамызды Абайдың шәкірті деп қарасақ, Абай Құнанбайұлын бағалауда: кез-келген ғалым хакім емес, бірақ, кез-келген хакім ғалым, - деп айтылатын теңеу сөз бар еді. Сол хакімнің шапағатын көрген, алдында отырып кеңесінде болған Шәкәрімді де кем бағалауға хақымыз жоқ. Әр облыстан ұлы ойшыл Шәкәрімнің шығармасы мен өмірін ұлық тұтқан қатысушыға алғысым шексіз. Осылай ұлылардың еңбектерін жаттап, ұлы адамдардың өмірімен таныса жүріп, ұлылық жолға түспейсіңдер дей аламыз ба? Жалпы біздің мақсатымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектердің ұрпақтың түсініп, ой түюіне мүмкіндік жасау. Ақынның еңбектерінің жатталып, бір адамның болса да санасына қозғау салса екен деген ниет. Әр облыстан жасының үлкен-кішілігіне қарамай, осылай сайдың тасындай болып сараланып келудің өзі жеңіс!» - деп сөзін аяқтады кәсіпкер.

Қазылар алқасының құрамында «Шәкәрім оқулары» республикалық байқауының өтуіне қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен, «ADAL AS» корпорациясының президенті Ермек Асылғазинұлы; ақын, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызы; филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, абайтанушы Жандос Әубәкіров; тарих ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Мемлекет тарихы институтының Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Махсат Алпысбесұлы; журналист «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Гүлзина Бектас; ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері Айжан Тәбәрәкқызы қатысты.

Әр облыстан келген үміткерлер ұлттық киім киіп, өздерінің ұлттық болмысқа деген құрметін паш етсе, ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармаларын үзінді оқып, өздерінің ойшыл ақынның шығармашылығы мен өмірінен қаншалықты қанық екенін дәлелдей түсті.

Байқау соңында қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, шын жүйріктердің есімдерін атап, жүлделерін үлестіріп, ай бойғы еңбектерін бағалап марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққан Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласынан келген 8 сынып оқушысы Есболсын Нұрайым Азаматқызы бас жүлдеге ие болса,  І орынды Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының 5 сынып оқушысы  Әбілқайырқызы Муслима иеленді. ІІ орын Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының 5 сынып оқушысы Оразбек Бақдәулет Мақсатұлына бұйыса,  Астаналық 7 сынып оқушысы Муратбек Нұрқайыр жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылды.  Жеңімпаздарға демеушілер есебінен бағалы сыйлықтар беріліп, жетекшілері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Басқа қатысушыларға да ұйымдастырушы тарапынан Алғыс хаттар табыс етіліп, «Фолиант» баспасынан кітаптар сыйға тартылып, байқаудың шымылдығын жапты.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар