Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

21.03.2022 3207

Саксофон 14+

Саксофон - adebiportal.kz

1846 жылы 21 наурызда белгиялық шебер Адольф Сакс саксофонға патент алады. Аспапқа көпшіліктің ықыласын аудару үшін, оған дейін де қыруар жұмыс атқарылған болатын. Айталық, 1842 жылы Сакстың досы, әлемдік деңгейдегі атақты композитор Гектор Берлиоз «Journal des Debats» журналына жаңа аспап туралы арнайы мақала жариялайды. «Саксофон» атауы сонда алғаш рет аталады. Сондай-ақ, саксофон және Сакс шебердің жетілдіруімен қайта қатарға қосылған тағы бес үрмелі аспапқа арнап Хорал жанрындағы алғашқы шығарма жазған кісі де осы Берлиоз еді. Ал 1844 жылдың желтоқсан айында Жорж Кастнердің «Иудейлердің соңғы патшасы» операсының прьемерасында саксофон тұңғыш рет опералық оркестр құрамында сахнаға шығады. Насихатын барынша арттыру үшін саксофонды сол жылы Париждегі өндірістік көрмеге шығарады.

Сөйтіп қырық алтыншы жылы Сакс сегіз түрлі саксафонға патент алғанын сөз басында айттық. Айтпақшы, бұдан бір жыл бқрын Адольф Сакстың жаңа аспабы гобой, фагот және валтордың орнын алмастырып, франсуздардың әскери оркестріне қосылады.

Саксофонды әбден зерттеп, мүмкіндігін қапысыз таныған Берлиоз өзінің «Аспап өнері» еңбегінде оған жоғары баға береді. Содан кейін-ақ композиторлар саксофонды опералық оркестірге қосуды үрдіске айналдырады. Солардың біразын жіпке тізсек, мынадай тізім шығар еді: Галеви – «Мәңгілік жойт» (1852), Мейербер – «Африканка» (1865), Тома – «Гамлет» (1868) және «Франческа да Римини» (1882), Делиб – «Сильвия» (1876), Массне – «Король Лахорский» (1877), «Иродиада» (1881) және «Вертер» (1886), Сен-Санс – «Генрих VIII» (1883), Венсан д’Энди – «Фервааль» (1895) тағы басқалар. Керісінше симфониялық оркестрде аз ойналыпты. Бірақ бұған қарап саксофон мүлдем шеттеп қалды деуге болмайды. Керісінше күн санап шырқалу аясы кеңи берген. Мысалы саксофонға арнап Клод Дебюсси рапсодия, Александр Глазунов пен Ларк-Эрик Ларссон концерт, Франк Мартен бір емес екі баллада, хорал, Жак Ибер камералық концертино жазған. Ал саксофон мен хор, саксофон мен гитара, саксофон мен виолончелге арнап жазылған концерттер ондап саналады.

1857-1870 жылдары Сакс Париж консерваториясы жанындағы әскери училищеде саксофоннан сабақ береді. Сөйтіп аз жылда мықты-мықты музыканттар тәрбиелеп шығарады. Алайда 1870 жылы ІІІ Наполеонның империясы мен герман мемлекетінің арасында соғыс басталып кетіп, оқушыларының бәрі әскерге аттанады. Сөйтіп Париж консерваториясындағы жабылып қалған саксофон класы 1942 жылы бір-ақ ашылады. Осылайша Еуропада аталмыш аспапқа деген қызығушылық бәсеңдей бастағанда, «эстафетаны» алыстағы америкалық музыканттар іліп әкетеді. Сөйтіп саксофонның бүгінгі күнге жалғасқан жаңа өмірі басталады.

1969 жылдан бері Бүкіләлемдік саксофоншылар конгресі өтіп келеді. 1995 жылы Францияның Бордо қаласында Еуропалық саксофон орталығы ашылған. Ол жерде аталмыш аспапты заманауи музыкамен астастыра насихаттау жұмыстары ұйымдастырылады.

Саксофонның насихатымен бірге ұлы саксофоншылар да дүниеге келіп жатты. Анри Вюиль, Луи Майёр, Жан Мурман, Жан-Батист Суаль сынды француз және белгиялық музыканттардың ізін жалғап, сахнаға саксофонын көтеріп Эдуард Леферб шықты. Айтпақшы, аталмыш аспапты алғаш АҚШ-қа апарған да сол болатын. Алғашқы саксофоншы әйел – Элиза Холл. Ал өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары саксофоншы солисттер аспаптың атағын тіптен аспапдатып жіберді. Әсіресе Коулмен Хокинс, Джонни Ходжес, Чарли Паркер, Лестер Янг, Сонни Роллинс, Джон Колтрейн, Бен Уэбстерлерді тыңдау үшін ішкен асын жерге қоятын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар