Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Салауат Кәрім. Ғибрат...

21.02.2023 2511

Салауат Кәрім. Ғибрат 14+

Салауат Кәрім.  Ғибрат - adebiportal.kz

АВТОР ТУРАЛЫ:

«Adebiportal.kz» тұрақты авторларының бірі, аудармашы,  әдеби қаламгер  Салауат Кәрім  кітаптарының  алғы сөзінде: «Өмірің бір ұзын – сонар жол болар, болса түйсік – жол азығың мол болар» деген екен  түрік жұртының  данасы  Жүсіп Баласағұни.  Иә, бір ұзын – сонар жол артта қалды, ең қиын кездерде: үміт пен сенім, қанағат пен мейірім, адамшылық пен ізгілік әрқашанда жаныма жұбаныш, көңіліме демеу, жолыма азық болды. 

Әр жылдары  баспасөз беттерінде және әдеби порталдар мен сайттарда жарияланған әдеби көркем жазбаларымды,  көркем аудармаларымды,  шағын прозалық әңгімелерімді, рухани ізгілікке құрылған публицистикалық жазғандарымды, мақалаларым мен сұхбаттарымды  жинақтап, оларды «Әдеби жазбалар мен көркем аудармалар» және  «Күн астындағы қазақ» атты екі кітапқа бөліп, азғантай қаражатыма шағын данамен бастырып шығардым.

Өмірден түйгендерімді, таным - түсініктерімді, ой толғаныстарымды, ұстанымдарым мен көзғарастарымды, сезімдерім мен жұбаныштарымды, жалпы ішкі жан дүниемді осы кітаптарда барынша жеткізуге тырыстым, соған шүкірлік етемін! 

 Жасырмаймын, көптен бері ойымда жүрген шаруа еді, сәті түскен сияқты, мынау  дүниедегі кішкентай болса да алдыншым деп білемін.» - деп жазады.

Автордың  «Әдеби жазбалар мен көркем аудармалар» кітабының «Әдеби жазбалар» тарауына Абай Құнанбаев, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Еркеш Ебікенов, Иран Ғайып пен Темірхан Медетбеков  өмірі мен шығармаларына арналған  әдеби көркем жазбалары, Лев Толстой мен Мұхтар Әуезов,  ардагер жазушы Жайық Бектұров туралы әдеби - танымдық мақалалары, әдебиеттанушы, ғалым, жазушы Тұрсынбек Кәкішевпен сұхбаты, испан ақыны Хусто Хорхе Падрон поэзиясы және басқа да әдеби  көркем жазбалары енген. 

«Көркем аудармалар» тарауына  Л.Н.Толстойдың «Ілияс» әңгімесі мен  балаларға  арналған әңгімелерінің аудармалары,  Джек Лондонның «Киш туралы аңыз», қытай классигі Лу Синнің «Жынды адам жазбалары», Франц Кафканың  «Он бір ұл», Марк Твеннің «Калифорниялықтың әңгімесі», Эрнест Хэмингуэйдің  «Үндістер мекені», Александр Куприннің «Мамыргүл бұтасы» және  «Миллионер»  әңгімелері, атақты бразиялық жазушы  Пауло Коуэлоның «Күн жауынгерінің кітабы»  философиялық туындысынан үзінді, парсы –тәжік поэзиясының  шайырлары:  Рудаки, Жәми, Руми және Омар Хаямның алпысқа жуық  рубайларынан  және  әлем елдерінің мысалдарынан аудармалар кірген.

 «Күн астындағы қазақ» кітабының атауына негіз болған «Күн астындағы қазақ» прозалық философиялық толғауы, «Шағын проза» тарауында:  «Повестка»,  «Уайым», «Бөтен қой», «Екі дос» «Қарт шенеунік» және тағы басқа шағын әңгімелері, «Ғибырат» тарауында: Сократ, Конфуций, Қаздауысты Қазыбек, Марк Аврелий, Әбу Хамид  әл –Ғазали, Авраам Линкольн, Вильгельм фон Гумбольдт,  Бауыржан Момышұлы, Қадыр Мырза Әлі, түркітанушы Әбжан Құрышжановтың шығармаларындағы ғибырат сөздерге арналған танымдық –тағылымдық мақалалары, сондай-ақ автордың әр кезде   қоғамдық - саяси,  әлеуметтік және әдеби  тақырыптарға жазған  мақалалары мен сұхбаттары,  «Тіл тағдыры» тарауында қазақ тілінің мәселелеріне  арналған  мақалалары енген. 

Осы ақпаратпен бірге автордың  «Ғибырат» атты  кезекті материалын назарларыңызға ұсынамыз. 

Ғибырат

(Ақыл -  ойдың  інжу-маржандарынан аудармалар)

«Күн астындағы қазақ» кітабымның «Ғибырат» тарауында: Сократ, Конфуций, Қаздауысты Қазыбек, Марк Аврелий, имам Әбу Хамид  әл –Ғазали, Авраам Линкольн, Вильгельм фон Гумбольдт, Бауыржан Момышұлы, Қадыр Мырза Әлі, түркітанушы ғалым Әбжан Құрышжанов  өмірлері мен шығармашылықтары арналған жазбалар барысында тәржімалаған  және көркем  аудармаларда  өмірге қатысты  қазақшалаған  ғибырат сөздерді, нақыл  және қанатты сөздерді  (афоризмдерді), шығыс поэзиясының көрнекті өкілдерінің  өлең түріндегі кейбір өмірлік  түсініктерін ұсынғалы отырмын, олар ежелгі классикалық грек философиясы, әдебиеті мен өнері даналықтарын,  ежелгі Рим құқығы, шығыс (парсы -тәжік) поэзиясы,  түркі құндылықтары мен Қытай өркениеті, еуропа ойшылдарының және қазіргі өркениет мәселелері мен ұлттық ізгі құндылықтарды қамтиды. 

Гомерден кейін,  біздің заманға  дейінгі 4 - ғасырдың ортасында  «Мен - адаммын,  адамға қатыстының  бәрі  маған жат емес» деп адам өміріне  керек  қасиеттерді, адам бойына жарасты үйлесімдікті шарқ ұрып іздеген грек Элладасының философтары мен ақын - жазушылары адам білімге деген  құштарлықтан,  қайнаған ақыл- ойдан,  бұлқынған  рухтан тұруы  керек, ал адам өмірі  ізгілікке  құрылуы керек деген еді,  ал Сократ жарықтық  (біздің заманға дейінгі 469—399  жылдарда  өмір сүрген адам)   «Ең  бастысы - өмір сүру емес, өмірді адал сүру» деп үн тастады,  содан  бері ме, не одан әрі ме кім білсін, өмір туралы толғанғанда адам  баласы ізгілік іздейтін  әдеті бар, өйткені анық аксиома –  тірі адам тіршілігін жасаса да ізгіліксіз өмір сүре алмайды.

Сократ, Конфуцийде, асыл даналарымыз  Абай мен Шәкәрім де және басқалар  адалдықты, ар - ұжданды, адамшылықты, ақиқат пен ақылды, имандылық,  әділетті,  сабырлық және тағы басқа қасиеттерді  адам ізгіліктері деп таныды, оларсыз өмір сүру мүмкін еместігін  айтып, жазды. Сократтың шәкірті Платон, оның ізбасары, философ Аристотель: «Адамдар  қоғамы да,   мемлекетте  ізгілікке құрылуы керек, ....»  дегенді де айтады.  

Адамның қасиеттерін,  ізгіліктерін,  адам құндылықтарын  тану  үшін қанша ма ғасырлар керек болды десеңші, қанша ма білім, ғылым,  таным, түсінік,  ақыл-  ой қажет болды десеңші,  қанша ма ғаламат  күш - қуат  жұмсалды, ал  қаншама дана тұлғалардың өмірі қажет болғаны туралы айтудың өзі артық  шығар, адам баласының өміріне керекті ізгіліктер мен құндылықтар көптеген ғасырлар тамшылап жиналды, адамға бағытталған  қандай бір ой,  ғибырат сөз адам баласы ақылының жемісі, ізгілік жолындағы даналық туындысы, олар адамдарға арналған. 

Есейген кезде өмірде ненің маңызды екенін, не басты екенін түсіне бастағанда өмірдің көбі өтіп,  азы  қалғанын көреді екенсің, өмірдің жаратылысы сондай, солай бола тұра  кім болмасын мынау ғұмырда өзінің тағдырымен арпалысып  жүріп, өмірін өзінше түсінеді, жақын адамдарына, бала - шағасына істеген жақсылығымен, еңбегімен, ізгі ойымен, армандары,  өмірге  құштарлығы және тағы басқа түсініктерімен алданып, өміріне қандайда бір мән беріп, әрменқарай өмір сүреді, өйткені өмірден қымбат ештеңе жоқ....

 «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік.... Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деп,  1890 жылы қырық бес жасында бірінші Қара сөзін асыл дана Абай  атамыз осылай бастамап  еді....

Мүмкін  өмірді танып білудің қажеті де жоқ шығар, бас қатырып керек пе  депте  ойлайсың,  дегенмен де  біз, өмірді  өзіміз  сүре  жүріп,  өзімізді де, өмірді де танимыз  екен. 

******

Ең  бастысы -  өмір сүру емес,  өмірді адал сүру. 

                                                                                                          Сократ

******

  Адамның жаны ең басты, оның жан дүниесі қандай күйде болса, көретін  игілігі де соған  байланысты,  адам жан дүниесімен  бай.   

                                                                                                    Сократ

******

Шырағым, мынау дүниеге адам келемеж үшін немесе  кездейсоқ келген емес,  ұлы  мақсат үшін де жаратылмаған. Адам мәңгілерден болмағанымен, осы күнге дейін тірі жүр, сондықтанда  мәңгі. Оның тәні топырақтан, қара жерден жаратылғанымен, оның  -  рухы биік, Құдай жаратқандай керемет.                                                                             

                                                                             имам Әбу Хамит әл – Ғазали

******

 Біздің ақылымыз дұрыс, ол бұрын бізге өмірдің мәні туралы ұсынған емес. Сөйткенмен барлық адамзат баласы, өмір сүріп жүрген миллиондаған   адамдар –  өмірдің мәніне күмән келтірмейді.

Бұрыннан бері, өмір болғаннан бері, өмірдің бос екені, оның мағынасыз екенін біле тұра, адамдар өміріне қандай болмасын мән беріп өмір сүреді.                                                                                            

                                                                                                   Лев Толстой

******

Біз байғұс, бұл дүниеге неге келгенімізді білмейміз, сондықтанда  маған адамдар аянышты көрінеді! Мынау шолақ дүниеге, не үшін келгенін ешкімде білмейді,  кейде іштей түйініп, неге келгенімізді білгендей  боламыз.  Жалпы  күнделікті  тіршілігімізге қарап, адамдар үшін өмір сүреміз деуге болады, алдымен, бізді бақытты ететін жандар үшін, игілігіміз үшін өмір сүреміз; содан соң жақындардарымыз үшін өмір сүреміз.

 Ақиқат,  кісілік мейірім,  адам бойындағы ішкі сұлулық – міне, осылар адам  өмірінің  мақсаты,  осылар ең ауыр кезде маған жол көрсетті, күш- қуат берді, рухымның түспеуіне жол бермеді.  Жолдастық сезімдерсіз, өнер мен ғылым саласында алдыма қойған мақсаттарымсыз маған бұл өмір бос көрінеді.

                                                                                      Альберт Эйнштейн

******

 Ақиқат қайда? Жалған қайсы? Кебек қабық....

 Қабықтың ішінде өрнек өзек жатыр,

 Қорықпай аршы да дәнін аузыңа сал:

 Өзегінен өмірдің табарсың сен ізгілік. 

                                                   Жәми

 

Адалдық –  адам бойындағы ең  керемет  қасиет.

М. Сервантес

******

Адамның өмірі ұзақ өмір сүргенімен емес, өмірді қалай сүргенімен өлшенеді.

                                                                                                   М. Монтень

******

               

Ақыр соңында, адамға  бір ғана  өмір беріледі екен - оны неге дұрыстап  өмір сүрмеске?                   

Джек Лондон

                     

******

 

 Адам жағдайына  қарай  емес, болмысынан  адал  болғаны жөн.                                                                 

Марк Аврелий

                                                   

******

Ақылдың  басы  сабырдан  басталады.

                                                                                                                                Платон

******

Бойында орасан  зор шымдамылығы  бар, төзімді адам ерекше сабырлы келеді, ол  адамдармен  жарастықта өмір сүреді.  Бұндай адам бақытты, үнемі байсалды,  оның  денсаулығы  мықты,  ауруға  шалдықпайды. Ондай  адамның еркі өзінде, тәбеті зор,  ұйқысы жақсы, өйткені оның ары таза.

                                                                                             Далай-лама XIV

******

Сабырға  тең келер  ештеңе жоқ.  Сабыр – ізгілік  тәңіршісі, адамның   жетілуінің негізі, соғыс түнегіндегі тыныштық,  дауыл  кезіндегі жайшылық,  жауыздық  арасындағы қауіпсіздік, сабыр  әрқашанда  адамды қасиетті етеді.                                                                                                   

                                                                                                     Иоанн Златоуст

Есек ауыр жүкті көтеруге, күйзелуге төзімді. Ал оны қырсық  дейтіндердің өздеріне төзім мен шыдам  жетпейді.   

 Леонардо да Винчи

 

******

 

Ол өмірдің құштарлық дәмін татты. Ол өзінің әрбір жеңісіне қуанады, жеңіс – оның өмірі, жеңіске жеткендердің жаны шаттыққа  бөленетінін біледі.

Күн жауынгері ғасырдан ғасырға ауысатындарды да жақсы біледі, олардың бұғауы мықты екенін, уақыттың өзі де олардың алдында  қауқарсыз екенін ұмытпайды. 

Күн жауынгері бұрыннан өсиет қалғандарды ажырата алады.       

Пауло Коэльо

 

Кездейсоқтан  ешкім  жақсы адам болмайды.
                                                                                                                                   

Платон

Жақсы кісі деп сөзінен гөрі ісі көрінетін, айтқан сөзін кейін өзі ұстанатын адамды айтады.

Конфуций

******

Өзіңді  әрқашанда инабатты  ұста,  ісіңді әрқашанда  ықыласпен  істе және  әрқашанда адамға  адал қара.  Осыларды  жауың алдында  да  бас тартпа.   

Конфуций

******

 

Менің білуімше, өзінің жолын білетін адам қиындықтарға ұшырамайды, ырыздығының  қайдан келетінін   білетін  адам уақытын  босқа өткізбейді,  кемеліне жеткен адам  қоғамда өзінің орнын  іздемейді.

Конфуций

 

******

Жақсы, ізгі ниетті адамды көзінен тануға болады.

                                                                                                Марк Аврелий

******

 

  Адасып  жүрген, надандықпен қасарысқан адам зиянға ұшырайды.

                                                                                                Марк Аврелий

******

 

Кімде кім өзі бақытқа жетпейінше, оның айналасындағы жақын адамдардың бірде біреуі бақытты болмайды.

                                                                                                 Марк Аврелий

 

******

Кім болсаң, ол бол,

Сүйгенде күннен  ашық жарқыра.

Достықта сарқырап аққан

тау бұлағындай таза бол.

Түн жамылып қылығыңды

жасырғанда түннен қара  бол.

Қара жердей  қарапайым бол.

Ашу - ыза қысқанда, өлде қал.

Кім болсаң, ол бол,

Тек өзің бол, өзіңдей көрініп,

Өзің бол!

                                Руми

 

 ******

 

 Мынау дүние толы сәуле  жарыққа,

 Адамға жарқын өмір сүру жазылған,

 Бірақ  оның тойымсыз санасы,

 Болмашы түнекті ғана көреді. 

                                        Жәми

 

******

 

Өмірінің  басынан бастап  адамға  лайықты өмір сүрген адам, ар-  ұят күнәсін білмейді.    

Әбу әл -Фарадж

 

******

Шынайылық  -  ақиқаттың  анасы және адал адамның  белгісі.                                         

                                                                                                        Д.Дидро

******

                                   

Тірі адам ешқашанда  үмітін үзбеуі керек.

                                                                                      Луций Анней Сенека

 

Адамның  ақылы   көп  болса да -  ар  ұятсыз өмір сүре алмайды.

                                                                                                 М.Горький

******

 

Әркім өз тағдырының  жаратушысы.

                                  Саллюстрий

******

 

Ар-ұждан -  бұл заңдардың заңы.

                                  А.Ламартин

******

 

Ең жоғары сот – ар соты.

                                В.Гюго

 

******

 

Адамды  оның  ісіне қарап бағалайды.

                                                     Ф.Гегель

******

 

 Отбасы балалардан басталады. Сіз менің балаларыма  қараңызшы,  олардың қанында менің бұрынғы жастығым  балғындай ойнайды. Олар менің  өмірімнің, кәрілігімнің ақталғаны.        

У.Шекспир 

******

Отбасы бақытының кілті- мейірімділікте, адалдық пен қайырылымдықта  екенін ұмытпаңыз. 

                                                                                           Э. Золя

******

Біздің өміріміздің ең жарқын  бөлігі  біздің достарымыздан тұрады. 

                                                                                Авраам Линкольн

 

******

Уақыт бәріне емші.

           Менандр

 

******

 

Ұлым, адамдармен  қатысқанда  олар сенімен үнемі қатынаста болғысы келетіндей өзіңді ұста, өйткені, иманы жетілген адам: өзіне қалаған жақсылықты  басқаға да қалағанында, басқаға болсын деген ниетіңде тұрады.

Егер де сен қандай болсын  ғылымды  оқып, білім алатын болсаң,  білім сенің жүрегіңді тазалап, жаныңды жаңартып тұратын болсын.

имам Әбу Хамит әл –Ғазали

 

******

 

 Тіл халықтың  рухымен тікелей байланысты, сондай-ақ, тіл рухты үнемі қуаттандырып  тұрады.

 Тіл мен рух бөлек тұрып немесе  бірінің артынан  бірі сүйретіле  жүріп дамымайды, олар халықтың  ой санасының  дамуы  барысында  халыққа қатар тұрып қызмет етеді.

                                                                     Вильгельм фон Гумбольдт

 

******

  Жақсы адамға мынау өмірде де, өлгеннен кейінде жаман  ештеңе болмайды.     

                                                                                     Сократ

              ******

       Адам  неғұрлым  ізгілікке  толған  сайын,  ол өлімнен  қорықпайды.

                                                                                                  Лев Толстой

******

 

 Өмір - шала ұйқы,  Өлім – тәтті ұйқы....

 Ұйқы тәтті – өмірге  сен  жабыспа.

 Балаңдай күт күніңді, қариядай  төзіп түніңді,

 Өмірің соңғы сәтінде көңілденіп, шаттанып, 

 Кірпік қақпай,  тәтті ұйқыға сенде кетерсің. 

                                                                    

                                                               Жәми

 

******

Өмір қысқа, өтеді де кетеді,

Қызығын көріп, күніңді сен күнде бағала, 

Қалай өмір сүрсең, өмірің  солай өтеді,

Өмір туындың, сен оны бір күн ұмытпа.

 

                                                                Омар Хайам 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар