«Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыка өнерінің қазынасына үш жүзге жуық ән қосқан екен. Композитордың ән-күйі де қаламгердің туындысы жазған сияқты: дәуірлермен тұтасып, халықпен бірге жасай береді немесе заманның шаңына көміліп, ұмыт қалады. Шәмші әндері де жетпіс жылдан бері туған халқымен бірге жасап келеді. Мемлекетіміздің әнұранынан бастап, шынайы қазақтың үлкенді-кішілі той-думанында Шәмшінің тым құрығанда бір әні айтылмауы тіпті мүмкін емес. Дәуірлер демекші, талай талантты композиторлардың тамаша әндері кешегі коммунистік дәуір талабына, әлдебір науқаншыл ұранға сай жазылған мәтінінің бүгінгі күн сұранысын қанағаттандырмайтындықтан тасада қалғаны өкінішті. Шәмшінің де кейбір әндері мұндай үрдістен аман емес деп айта алмайтын шығармыз. Шәмші Қалдаяқовтың ешбір дәуірдің идеологиясы да, науқаншылдығы да әсер етпейтін, туған халқымен, барша адамзатпен бірге жасай беретін әндері арасынан төртеуінің шығу тарихына қысқаша тоқталдық.
Ана туралы жыр. Баланың анаға деген шынайы құрметі, шексіз ризашылық сезімі, сағынышы музыка тілінде қапысыз өрнектелген де болар, Шәмші әндерінің шырқау шыңы іспетті осынау әнді бүгіндері әлемнің көптеген халықтары өз тілдерінде тебірене шырқайтындығына жиі куә боламыз. Шынайы өнерде шекара болмайды. Бұл әннің шығу тарихы былай екен. Шәмші есімі танымал болып, әндері ел аузында жиі айтыла бастаған кезде, анасы ауыр дертке ұшырайды. Мұны білген Шәмші ана алдындағы өтелмес парыздың сәл де болса қайтарымы ретінде, бір мәңгілік ән жазуды армандайды. Сөйтіп жүргенде аяулы анасы өмірден өтеді. Ақыры 1961 жылы күзде арманына жетеді. Қазақтың тамаша лирик ақыны Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған «Ана туралы жырды» әні осылайша, алпыс жылға жуық уақыт шырқалып келеді. Ана мен бала, баланың анаға деген ыстық махаббаты бар жерде мәңгілік шырқала бермек.
Менің Қазақстаным. Өткен ғасырдың елуінші жылдары ортасынан Кеңес Одағы билігі Тың және тыңайған жерді игеру науқаны арқылы Қазақстанға өзге республикалардан жұмыс күшін үсті-үстіне төгумен болды. Көп жылдық бұл науқан арқылы аграрлық сала еңбеккерлерінің тұрмыс-ахуалын, жалпы елдің мәдениеті мен экономикалық әлеуетін арттыруда зор серпіліс жасалды. Қазақстан картасында мыңдаған жаңа елді мекендер пайда болды. Мұның бәрі өркениеттің ізгі сипатты болғанымен, қазақ халқы өз жерінде демографиялық азшылыққа ұшырап, 27 пайызға дейін төмендеді. Шаруашылық мақсат деген желеумен байырғы қазақ жері көрші республикаларға бөліп беріліп жатты. Орталықтың бұл білермендігінің ең шарықтау шегі – 1959 жылы КСРО Бас Хатшысы Н.С.Хрущевтің солтүстік бес облыстың орталығын Целиноград атап, Тың өлкесі ретінде РФСР-ге бағынышты етіп беру идеясы болды. Бұл қазақ халқының қарсылығын тудырды. Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың тандемі «Менің Қазақстаным» әні осы өктемдікке қарсылықтан туған еді.
Ақ бантик. Шәмші Қалдаяқов әндерінің бірсыпырасының сөзін жазған – жерлес бауыры, қазақтың көрнекті ақыны, сазгер Мұхтар Шаханов. «Ақ бантик» – Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шаханов тандемінен туған тамаша әндердің бірі. Бұл әннің тууына Шәмші Қалдаяқовтың ескі досы Қаражан Әбіләзимовтың шаңырақ көтеру тойы себеп болыпты. Үйлену тойы құрметіне шақырылған қонақтар қатарында Шәмшімен қатар Мұхтар Шахаов та болады. «Үйлену тойына лайықты сый тарту керек. Бұл сыйымыз ән болсын!» - деп екі талант ән жазуға кіріседі. Әннің тууына себепкер болған Қаражан Әбіләзимовтың жары мектепті жаңа бітірген балауса шағында екен. Ақын қалыңдықтың дәл осы уыздай балғын сипатын негізге ала отырып, тамаша ән мәтінін жазып шығады.
Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,
Көркіңе көз тастап ойланам...
Сөйтіп ата-ана құшағындағы алаңсыз шақпен қоштасып, өмірдің еріксіз заңына бағынған кешегі ақ бантикті бүлдіршін, бүгінгі бойжеткен арудың ай көркіне сүйсіну, қол бұлғап алыста қалған балалық шаққа деген сағыныш, болашаққа деген ізгі тілекке мелдектеген тамаша ән «Ақ бантик» осылай дүниеге келеді.
Қайықта. Мықты сазгердің жақсы әні тууы үшін барлық жағдайда әлдебір үлкен оқиға немесе қуаныш пен күйзеліс қажет те емес болар, сірә. Оған тек өмірдің алуан түрлі бояуы мен қым-қуыт тірліктегі бір үзік сәт, кішігірім оқиға да жетіп жатыр. Осындай сәттердің бірінде «Қайықта» әні туған екен.
Бірде Шәмші Қалдаяқов пен ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов Алматыдағы Горький паркіндегі көлдің жағасымен келе жатса, бір сұлу қыз орындықта жылап отыр екен. Жағада ескекті қайық тұр. Шәмші қызға жетіп келіп: «Қарындас, неге жылап отырсыз?» - дейді. Бөгде екі жігіттен именген қыз орнынан тұрып кетіп қалады. Толқынмен тербелген көл. Ескекті қайық. Жағада жылап отырған ару қыз. Бұл көрініс ақын мен сазгерге ерекше әсер етеді. «Мен ән жазайын, сен сөз жаз!» - деп екеуі өзара уәде беріседі. Сөйтіп ән мен сөз дайын болған соң, атап өтуге әлгі жерге келсе, сол орындықта баяғы қыз тағы жылап отыр! Бұған таң-тамаш болып, әрі қуанған ақын мен сазгер қызға келіп, осы әннің тууына өзінің себепкер болғанын айтып, «Қайықтаны» қосыла шырқайды.
Болсақтағы жаңа таныс,
Жүзек те алғаш қайықта.
Ұшқыр қиял кетті-ау алыс,
Бұйырмашы айыпқа.
Қыз бұған сенді мен, сенбеді ме, ол жағы беймәлім. Ән қалың жұртқа әбден танымал болған соң жылдар өткенде, Шәмші Қалдаяқовтың бір шығармашылық кешінде баяғы қыз сахнаға көтеріліп, авторға бір құшақ гүл әкеліп береді де, тағы да жылып шығып кетіпті. Махаббатқа, сүйіспеншіліке құмар жастық дәуреннің базарлы шағында әлдеқалай ұшырасып қалған бейтаныс жас аруға жүрек сырын шертуге деген ұмтылысқа, әдептен озбаған, жүректен қозғаған риясыз сезімге толы бұл ән де Шәмші Қалдаяқовтың музыкалық қазынасындағы айтулы туындылардың бірі.
Шәмші әндері мәңгілік шырқала бергей!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.