Жақында жазушы ағамыз көлемді аудиожазба жолдапты. Ұзақ әңгімесін тыңдап шыққан соң нағыз әдебиет жанашыры ретінде таныдым. Жазба иесі – жазушы, аудармашы Серік Нұғыман болатын. Дәріс немесе семинар, ең бастысы, әдебиет туралы маңызды әңгімелер осылай ақысыз да айтылады және қажет кезде жолданады. Маңыздысы, біз соны тыңдап, бағалай білуімізде. Сөз арасында жазушы «соңғы жылдары жастар шығармашылығы туралы мақалалар жазып жүргендіктен, кейбір кеңестерді авторларға жеткізу сізге жеңілірек» деген мазмұндағы тілегін жеткізіпті. Содан кейін аудиоәңгіменің жазбаша нұсқасын жасағаным дұрыс шығар деген ойға келдім. Әрине, жазбада жазушы ағамыздың кейбір пікірлерін біз, қажет тұсында, арықарай жалғастыруға тырыстық және оны ерекшелеп, бөліп көрсетеміз.
Жазушы С.Нұғыманның әдеби басылымдар мен сайттарда шыққан мақалаларға жиі назар аударатыны байқалды. Жазбаларды санамалап атағанда өзіміздің ол кісідей қадағаламай алмайтынымызды да ұғындық. Бұл уақыттың көптігінен немесе қол бостығынан емес, әдебиетке деген сүйіспеншіліктен, жанашырлықтан туған әрекет деп ойлаймыз. Әңгімесіне қарағанда ағамыз үздіксіз ой еңбегімен: жазумен, аудармамен айналысады. Бірақ басқалардың жазғандарын оқуға да уақыт табады. Әрине, жазылған дүние азшылықтың ғана сұранысына айналып, әлеуметтік желідегі санаулы бөлісумен шектеліп қалмауға тиіс. Дегенмен, аз болса да нағыз әдебиет жанашырлары осылайша пікір білдіріп тұрғаны қуантады. Төменде аудиосұхбаттардың жеке өзімізге қатысты жерлерін қиып тастап, қызығушылық тудыруы ықтимал деген тұстарын ұсынып отырмыз.
Серік Нұғыман: – Жастар арасында Ы.Шалғымбайдың иіс туралы әңгімесі маған ұнаған. Бұрынырақта жарық көрді, сонда оқығанмын. Осыған қатысты бір мақалаңыз шыққан екен. Танысып шықтым. Дұрыс. Өзгеше жазатын, тосын ойлар ұсынатын жас авторларды қолдау керек. Иіс туралы өзім де әңгіме жазғанмын, бірақ мәселеге басқа қырынан келдім. Қазіргі уақытта әдебиет туралы жазылып жатқан сын да, мақалалар да көп. Жастарға пайдасы тие ме деген ниетпен жеткізгім келетін ойларым бар еді. Соның біразын өзіңмен бөліссем, артықтық етпейтін шығар және мұны айтуыма жақында «Әдебиет порталында» ақын Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесін талқылаған видеоталқы да (жазушы Есбол Нұрахмет жүргізетін «Мынау көркем дүние» жобасында) түрткі болып отыр. Талқылауда «әдебиетті психология, философия, педагогика, әлеуметтану, тарих ғылымдарының тоғысында – пәнаралық ыңғайда зерттеу» туралы ой қозғапсыз. Бұл өте дұрыс пікір, мен мұны толық құптаймын. Сіз дұрыс байқағансыз. Мұндай зерттеу бізде әлі күнге қолға алынбаған. Ал Батыс әдебиет теориясында мұндай зерттеу дәстүрі мықтап орныққан. Ол көбінде модернизмге байланысты болып келеді. Оған қоса, біздің әдеби ортада модернизм туралы жиі сөз қозғалғанымен, ауыз толтырып айтарлықтай еңбектер жазылмады. Не оның орнын толтыратын басқа толымды еңбектер аударылмады. Модернизмді толық түсінбей тұрып, асығыс-үсігіс постмодернизмге бет бұрдық.
Әлем әдебиеті тарихында және әдебиеттануда модернизмнің алатын орны ерекше екені белгілі. Пәнаралық ыңғайдағы зерттеулер де ғылымда осы модернизм кезеңіндегі дүниеге келіп, ықпалын арттырды. Оның мықты негізі де болды. Шынтуайтына келгенде, модернизм – үлкен ізденістің жемісі. Классицизмнің заңды жалғасы емес, оның іргетасын шайқалтуға деген талпыныстан туған. Өзіңізге де белгілі, екі дүниежүзлік соғысты бастан кешкен мақтаулы Батыс адамды аяусыз қырған қызыл қасап салдарында «Құдайын өлтіріп алды». Адам туралы талайдан бері қалыптасқан, мықтап орныққан тұғырлы түсінігіне селкеу түсті. Көп құндылығын тұғырынан құлатты. Бұрын-соңды болмаған рухани дағдарысқа ұшырады. Міне, осы тұйықтан шығудың жолын іздеп аласұрған кезде көреген адамдардың назары философияға ауды. Дәл сол кезеңдегі адамды басқа қырынан тануға деген талпыныс етек жайып, тың серпін алды. Бұған психология ғылымы жетістіктерінің ұсынғаны мол болды. «Адам деген не, оның санасы қандай?» деген сұрақ заманның алдына көлденеңінен қойылды және осы жолда тапқан табыстары да айтарлықтай көп еді. Осы нәтижелерді байқаған батыс жазушылары философтардан үлкен шабыт алды, үйренді. Шығармаларында адам туралы жаңа идеяларды батыл және кеңінен қолданды. Әдебиет қана емес, өнердің басқа салаларында да. Сурет саласында тіпті сұрапыл болды ғой деймін. Нәтежесінде, өнердің барлық саласы жаңа түске еніп, өзгеше өріс алды. Міне, бұл пәләсапамен өзектескен өнердегі ұлы құбылыс модернизм болатын. Оның басында белгілі айтулы тұлғалар тұрды. Кейбірінің тіке философияға қатысы да болды. Модернизмнің өзін үлкен бағыт деп қарастыратын болсақ, бірнеше іштей ағымдарды қамтитыны мәлім. Мысалы, «ой ағымы», «сана ағысы» – философиядан әдеби шығармашылыққа ауысқан жаңа жазу әдістері. Бұл бағытқа философияның да қатысы бар. Ғалымдар аталған тәсілдердің бастау көзінде француз философы Бергсонның ғылымда жеткен соны жетістіктері тұрғанын айтады. Ал басы сонау Ф.Достоевский және басқа да әдебиет алыптарының шығармашылықтағы кейбір ерекшеліктерінен басталғанымен, оны әдебиетшілер, не жазушылар емес, З. Фрейд есімді психоанализбен айналысатын дәрігер байқап, ғылымда қолданды.
Ал өткен ғасырда дүркірей көтерілген модернизмнің үлкен бір тармағы есебіндегі экзистенциализмге келсек, атауы білдіріп тұрғандай, бұл – философиялық ұғым. Қазіргіге қарағанда біздің кезімізде аса ықпалды болды, соған байланысты шама-шарқымша аз-көп зерттегенім бар. Әдебиетте өте белсенді түрде көрініс табуы Ж.П.Сартрға тікелей қатысты деп айтуға болады. Сартрдың философ және жазушы ретіндегі қомақты табысы осы бағытты сөз өнеріне әкелгенінде шығар, бәлкім. Ал, Альбер Камю да әдебиетке философиядан келді. Камю «Оба», «Бөтен» шығармалары арқылы әдебиетте абсурд ұғымын орнықтырды. Әдебиетте мұндай бағыттардың алғаш құбылыс болып енуіне, әлгінде айтқанымыздай, Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Екінші дүниежүзілік соғыстың орасан зор күйреткіш салдары себеп болды. Ницшенің «Құдай өлді» деген пікірі өз басының ғана емес, сол кездегі үміті үзілуге таяп, әбден торыққан пенде баласының басындағы сүлесоқ халді көрсетсе керек. Сол тұстағы сағы сынған Еуропаның ештеңеге сенбейтін, тұйыққа тірелген тобанаяқ күйі. Бұлардың жазбаларында суық ақылға негізделген философиялық ойлар атой салады. Бұл авторлардың шығармалары Бальзак, Стендаль, Гюго сықылды классиктердің еңбектеріне мүлде ұқсамайды. Кейіпкерлерінде эмоция жоқ, есепті қимыл, жоспарлы қозғалыс қана бар. Мақсатқа жету жолындағы алдын ала жобаланған әрекеттер ғана. Тіпті, оқиғаларының өзі белгілі бір шарт-жағдайда ғана өріс тауып, өркендейді. Тиіс жағдайлар орын алу үшін арнайы қарастырылған қажетті алаң деп қарастыруға да болады... Бұл бағыт әдебиеттен басқа өнер түрлерінде де көрініс тапты. Туындылары тыңдаушысын қорқынышқа бөлеп, үрейлі күйге енгізетін белгілі композитор Вагнердің аты да сол кезеңде кең мәлім болса, кейін, мұндағы Ресейдің жалданбалы әскери тобына есім ретінде қолданылды. Экзистенциализм ағымындағы орта бағыттың дәріптеушісі болған, Құдайға сенетін Ясперс әдеби шығармашылықта іргелі еңбектер жазбағанымен, сол ортаның көрнекті өкілдерінің біріне айналды.
Модернизм ағымдары орыс әдебиеті арқылы ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде де көрініс тапты. Бұған мысал ретінде, прозада Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын, Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесін және Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесін атауға болады. Еуропа әдебиетінен үлгі алған озат жазушылар адамтану ғылымын игеруге ден қойып, оны, яғни, адам жанын танудағы жаңа табыстарды туындыларына енгізіп, қайталанбас кейіпкерлерді сомдап шығуға тырысты. Менің ойымша, осы тұстан кейін алдыңғы буында модернистік бағыттағы шығармалар жазыла қоймады. Өйткені, Кеңес әдебиетінде социалистік реализм әдісі белсенді қолданысқа енді. Тіпті, саяси тоқпақпен жасқап, өзге жаққа қарауға мұрсат бермеді. 1950 жылдардың өзінде жазушыларымыз жасанды әдіс аясынан шыға алмай, тұйықта қалды. Тек өткен ғасырдың 60-жылдарына келгенде ғана жағдай сәл өзгергендей болды. Онда да барлық тарапта емес, көркемдік, шеберлік жағында. Ал идеалық, тереңдік жағынан үлкен серпіліс бола қойған жоқ. Соның салдарынан болар, ұлттық әдебиетімізде стиль мәселесі жақсы жетілгенімен, ойшылдық жағы таяз күйінде қалып қойды. Сағат Әшімбаевтің сөзімен айтсақ, «Қазақ әдебиетінде терең философиялық шығармалар жазылған жоқ». Біздің пайымымызша, ахуал әлі де мандып өзгере қоймады.
Олардан кейінгі буын тіпті де әлсірей түсті деген ойдамыз. 60-жылғылардың соңы болып есептелетін Оралхан Бөкей, Смағұл Елубайлардан кейінгі жазушылардың шығармашылық стилі, тіпті, публицистикаға жақындап кетті. Бұл буында адам болмысына шұқшия үңілу айтарлықтай бәсеңдеді.
Ал бүгінгі жас авторларда ізденістер болғанымен, бір қызығы, философия ұғымдарын шығармаларында сол күйі беруге тырысады да, көркем дүние жазып отырғанын естен шығарып алады. Үйрену мен сол үйренген нәрсені әдебиетте өз ыңғайымен берудің тізгінін тең ұстай алмай қалады. Ал кезінде Сартр, Камюлар философияны әдебиетте шеберлікпен жүзеге асырды. Әдебиеттің көкейтесті талаптары бұзылған жоқ. Олар әдебиеттегі характер деген мәселені жіті есте ұстады. Ал қазір философиялық ойларды әдебиетке әкелсе де, ондағы қаһармандар характері, кейіпкерлер болмысы толыққанды ашылмай жатады. Жазушылық өнерде ұлттық характерден ешқашан бас тартуға болмайды. Менің ойымша, қазақ әдебиетінің қай заманда да бас тарта алмайтын міндеті бар, ол – қазақтың көркем бейнесін жасау. Бұрын да солай болған, келешекте де солай болып қалуға тиіс. Өйткені, сөз өнері деген ұлттық өнер – ұлыстың басты рухани байлығы. Ал әлгі өнерде шекара болмайды деген сөз ұлттық шектен асқаннан кейінгі әңгіме.
Әдебиетте ғана көрініс табатын ұлттық мінез – қай елдің әдебиеті екенін айқындап тұратын басты белгі. Характерлер табиғатында мазмұн мен бояу қатар көрініс табуы қажет. Өйткені ол екеуі көркем образдың қос қанаты іспетті. Мұхтар Әуезов «Қаралы сұлу» әңгімесінде адам жанын, оның ішінде, әйел затының табиғатын өте тереңнен қопарып, аша алды. Ең бастысы, Қарагөз бастан аяқ қазақ әйелі болып қалды. Себебі онда модернистік тәсілдер аса сәтті қолданылумен қатар, ұлттық ерекшеліктер де мықтап назарда ұсталды. Аймауытовтың Ақбілегі де солай. Мазмұн соны болғанымен, сомдалған кейіпкерлер таныс. Яғни, біз білетін қазақтар.
Модернизм дегеніміз – адам жанына еркін бойлау, терең ену. Сол арқылы көркем бейне жасау, қаһарман қалыптау дегенді білдіреді. Психология туралы кемел білімі болғандықтан Жүсіпбек, Мұхтар, Мағжандар кісі болмысына терең үңіле білді.
Алғашқы алыптар буынынан кейін бұл бағытта үлкен жетістікке жеткен дарынды қаламгер, дара билеушінің, одан соң Жөнейт деген феодал шонжардың, тағы әлгі бір бәсекелес құдық қазушының жан дүниесіне үңіліп, қайталанбас бейнесін сомдаған Ә. Кекілбаев болатын. Шығармашылық ізденісінде ол көбінде ой ағымына еркін ерік беретін ішкі монолог тәсілін қолданды. Дарын қуаты мен мол білімінің арқасында барлығы ойдағыдай жүзеге асып, көркемдіктің зау биігінен көріне алды. Бір өкініштісі, ұлттық әдебиетіміздегі осы бағыт, яғни, психологиялық проза мектебі үзілуге беттеген сыңайлы. Көп адам ат ізін сала бермейді. Кейінгі кейбір жазушылар тек тамсанудан аса алмай қалды деуге болады.
Бұл ойлардың барлығы жоғарыда айтылған, өзің қатысқан видеоталқыдан («Шолпанның күнәсін» талқылаған) кейін туды ғой. Содан «от» алып, өзімізді тоқтата алмай, біраз нәрсе айтып тастадық.
Жас сыншы ретінде сізге жанашырлықпен бір кеңес айтқым келеді. Қазір әдебиет туралы журналист те, әдебиеттанушы да, жазушы да еркін көсіліп жаза беретін болды. Өзі ұнатып қалған шығарма туралы ой толғайды. Өзі, өзінің жеке талғамы – басты өлшем. Жалпыға ортақ деңгей, ұзақ жылдық еңбектің арқасында, көркемді тәжірибе негізінде бағындырылған ұлттық эстетикалық биіктік бар-ау деген ой каперлеріне кіріп-шықпайды. Бұлай болмайды ғой. Бір қызығы, мұндай жарымжан пікірлерді мерзімдік басылымдар да талғамай баса береді.
Шыны керек, маған қазіргі әдебиет барған сайын сұйылып бара жатқандай көрінеді. Авторлар кейіпкер жанына көп үңіле бермейді. Бұл бағытта жас жазушылардың ішінде Әлішер Рахаттың көп ізденетінін байқадым. Бір-екі әңгімесін және бірнеше сұхбатын оқыдым. Соған негізделіп мына нәрсені айтқым келеді: адам психологиясын тануда, жазуда Еуропа әдебиетінде қалыптасқан неше түрлі дайын үлгі бар. Бірақ, оны өзімізге түп қотара көшіре алмаймыз. Неге десеңіз, біз қазақ адамының бейнесін сомдаймыз, сомдауға тиіспіз. Сөзсіз солай етуге міндеттіміз. Мұнда өз шеберлерімізден басқа жанымызға жақын келетін ештеңе жоқ. Солай етуіміздің екінші себебі, бәлкім, біріншісі шығар, ащы да болса шындықты айтайын, қазіргі қазақ мінезі сұйылған. Қазақ бейнесі күңгірттенген, бұлдыраған. Өйткені, баяғы қазақ жоқ қой. Іздесең де таппайсың. Өзгерген, ұлттық болмыстан ажыраған, ұзақ уақыттық кеңестік тәрбиеден өткен, кейінгі буын сәбет адамдары ғана бар. Біз солармен бірге өмір сүріп жатырмыз. Ал онда нағыз қазақты қайдан табамыз? Өткен уақытта қашалған сом қазақ кескіндерінен шырамытып, арықарай ойша кемелдендіріп, шығармашылық қабілетімізге сүйеніп жасампаз қиялымыз арқылы жасаймыз. Сол үшін керек әлгілер, жаңағы айтқандар. Алмаймын десең, екімнің ештеңесі кетпейді, тек сенің жасағаның, аты ғана қазақша, қалған жері кісі танығысыз қаймана біреу болып шығады.
Сондықтан ұлыларымыз қалдырып кеткен мұрадан көбірек үйренуімізге тура келеді. Жастар осыны көбірек қаперде ұстаса деймін. Прозада айқын қазақ адамын жасай алмаса, еңбегі текке кеткен болып саналады. Кейіпкер атын Иван қойса орыс, Уаң қойса қытай, Джек қойса америкалық болып кете береді. Әдебиетімізді өрге бастыратын жалғыз белгі, әлгінде де айттық, ұлттық мінез. Өз басым Әбдіжәміл Нұрпейісовті Шыңғыс Айтматовқа айырбастамас едім. Неге? Әдебиетімізде ұлттық болмысты, кісі мінезін өте даралап көрсететін шеберлігі жетілген жазушы – Ә. Нұрпейісов.
Ал қазіргі әдебиетте ұлттық характер әлсіреп барады. Жастар шығармашылығында бұл тараптағы бояудың күн өткен сайын сұйыла беретіні – заңдылық. Ұлтты ұстап тұратын ұлы ұстындар, құндылықтар, ұғымдар әлсіресе, ұлттық характер қалай қалпында қалмақ?.. Бұрау күн санап босап барады... Өзіміз де жойылып кетуге шақ қалып, әрең аман қалған халықпыз ғой. Күнделікті өмірімізде қазақы тұрмыстың қалмағаны секілді, бойымызда да қазақы мінез қалмай барады. Мұның басы Сталин заманынан басталды. Оның алдында да жетісіп тұрғаны шамалы болатын, өйткені, толық отарланған кез – Кенесары кезеңі болды ғой. Оған одан берідегі жаппай аштықты, қанды репрессия, қызыл қырғын соғысты қосыңыз. Ең сұмдығы берідегі қызыл тәрбие болды. Қазақты мүлде өзінен айырды. Себебі, бұл кезеңде қазақ мыңдаған жылдар бойы тұншықтырып жатқан «қараңғылықтан», «азаптан» құтылып, біржола «азаттыққа» шыққан болатын. Ал, шынтуайтында, өзінен алыстаған еді. Аяқасты «ақыл кіріп», «көзі ашылған» ел солай деп ұқты, соған расымен сенді. Мұның бәрі қазақ болмысын барынша әлсіретіп тынды.
Орыс-герман соғысы қатысқандарға да, қатыспағандарға да оңай тиген жоқ. Тылдағы сүттей ұйып отырған ауылдарға содан кейін арақ ішу «дәстүрі» ентелей енді. Мұқағали да «Қайран жеңгем» өлеңінде: «Су сұраса сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем! Қарғаның валетіндей едірейіп, Қасыңа мына біреу қайдан келген!» деп жазғанындай, ұрыс даласынан жарланып қайтқандар алыстағы ауылдарды ашса алағанында, жұмса жұдырығында ұстады. Бір ауылдан тектері (фамилиялары) бөлек болғанмен, бір-бірінен аумайтын және сол жердегі жалғыз бригадирге ұқсайтын балалар шұбыра өрді. Бұл жайында Тұрысбек (Сәукетаев) ағамыз соңғы жылдары жазған желілес романдарында аса дәлдікпен, соқтасын шығара кескіндеді. Соғыстан контузия алып, елге қайтқандар апат болып оралды. Арақ ішетіндер күн санып көбейіп, оған қоса, тылдағы қыз-келіншектерге обал жасалды. Тізесін құшақтап қалған жас жесірлер аяқасты болды. Айтайын дегенім, осылайша сол нәубет жылдардың есебінен ұлттық характер солғындады. Тәуелсіздік жылдарында да тұрмыс нашарлап, ұлттың өзін іздеуге шамасы болмады. Ол үрдіс, міне, осы күнге дейін жалғасып келеді.
Кейбір жас жазушылар постиндустриялы қоғам туралы, оны өзіміздің бастан кешіп жатқанымыз жайында айтады. Мұндай теория сондай қоғамдық сатыларды бастан кешіп өткен Еуропада түрлі зерттеулер негізінде айтылса айтылатын шығар, ал бізге оның ауылы алыс. Жуық арада бола қоймайтыны да анық. Жоқ нәрсе туралы қалай ойланып, қалай жазуға болады... мұны түсінбедім және біз шығыс адамымыз ғой, біздің басты байлығымыз, кеңес тұсына дейін, сеніміміз болып келген. Біз, қариялардың батасында айтылатындай, «иманын – байлық» есептеген «түсініксіз» халықтың ұрпағымыз. Тарих туралы айтқанда, бізде құлдыққа ұрыну, одан өлгенде әрең құтылу және зорға құтылдық-ау дегенде қайта жаңа отаршылдыққа, Африканың басында болған бұрынғы ахуал айнымай қайталанып, өзімізден шыққан жаңа құл иелеріне басыбайлы болғанымыз хақында толғануға болатын шағар, басқа ештеңе туралы жарытып жаза алмайтынымыз айдан анық.
Басымыздан отаршылдық ауғанмен, одан кейін отарсыздануға қатысты қажетті әрекеттер қолға алынбады. Тағы да өз еркімізбен отаршылдық сананы, оның өмір сүру тәсілін таңдадық. Ұлтты тану үдерісі жүргізілмеді. Қазақ халқының қазіргі күйін жете танып барып жазуымыз қажет деп ойлаймын. Танымасақ, әдебиетте ұлттық характерді де жасай алмаймыз. Жастар шығармашылығы туралы өзіңіз де жазып жүрсіз ғой, халықты тану мәселесін замандастарыңызбен бірге тереңдете талқылағандарыңыз жөн. Замандастар өз буынының айтқанын жақсырақ қабылдауы мүмкін.
Жоғарыда әдебиет туралы мамандығы, кәсібі әрқалай адамдардың жазып жатқанын айттық. Әдебиет туралы жазатын кісілер ұлттық әдебиеттегі көркемдік өлшем деген мәселені есте ұстауы керек деп есептеймін. Ол қалай жүзеге асады? Өз тәжірибемнен айтайын. Өзім Қытайда жүргенде М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Ғ. Мұстафиндерден бастап, Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтанов, Т. Әлімқұлов, Б. Соқпақбаев, С. Шәймерденов, О. Бөкей, Ш. Мұртаза, Ә. Тарази, Қ. Ысқақ, С. Мұратбеков, Ә. Кекілбаев, Қ. Жұмаділов, Д. Досжан, М. Мағауин, Д. Исабеков, Ә. Сараев, Қ. Мұханбетқали, т.б. көптеген жазушылардың шығармашылығындағы басты еңбегі саналатын бір-бір кітабын оқыдым. Бұл қатарға ғажайып жазушы, ұлттық прозада дара эстетикалық деңгей жасаған, стилі дара А. Сүлейменовті де қосыңыз. Таяу жылдардың бірінде оның «Бесатарын» оқығанда, жазушылық қуатына, өзгеше табиғатына таңдай қақтым. Тарихи тақырыпты жаңа модеристік тәсілмен жазған жазу шеберлігі кісі қайран қалғандай еді.
Аталған қаламгерлердің әрбірі бүгінде әдебиетімізден үлкен орын алады. Поэзияда Мұқағали, Тұманбай, Қадыр, Фариза, Мұхтардың, т.б. жаңа деңгейге көтерілген соны туындылары да дараланып көзге ұрады. Жас жазушылар мен ақындар, міне, осы авторлардың үздік туындыларын қадалап оқып шықса, ұлттық сөз өнеріміздегі көркемдік деңгейдің қай дәрежеде екенін айқын ұғынған болар еді. Әрине, оны сезе алар түйсігі болса... Сосын аяғын тарта басар еді. Жаңа оқып болған шығармасы осы деңгейден жоғары көтеріле алды ма деген сұрақтың жауабын да табар еді. Оңтайлап алған қаламын оңды-солды сілтемей, байқап қимылдатар еді. Яғни, осы уақытқа дейін жекелеген жазушылар арқылы қалыптасқан көркемдік талаптарға қазіргі шығармалар жауап бере алса ғана пікір жазу тура келер... әйтпесе қағаз былғаудың қажеті болмайды. Ол онсыз да жайында қалады. Сын жазарда осындай мәселені есте ұстаған жөн шығар деп ойлаймыз. Қазіргі жазылып жатқан нөпір мақалалар – қазақ әдебиеті жеткен жетістікті саралай алмағананнан туған зая еңбек.
Айнұр Ахметова: – Қырық минуттық аудиожазбаны алғаш рет тыңдап отырмын және мұның әдебиет туралы болғаны мені қуантты. Дәріс тыңдағандай әсер алдым. Пікірлеріңіздің көп бөлігіне қосыламын, сөзіңіздің соңында айтқыңыз келген ойды жақсырақ түсіндім. Сіз атаған авторлардың біразын оқыдық, біразын оқу үшін уақыт кедергісін бұзуға тырысып жүрміз. Қазіргі әдебиет алпысыншы, сексенінші жылдарымен салыстырғанда артта қалып бара жатқандай көрінеді. Соңғы бес жылды алатын болсақ, бірді-екілі романды ескермегенде, көлемді шығарма жазу сиреді. Әсіресе, тарих тақырыбы болашақта қалай жазылар екен деген мәселе мені қатты толғандырады. Тарихты жазу оңай емес екенін білеміз. Тарихты жазатын авторлар жазушылығына қоса әртүрлі жұмыстар атқарады. Күшін, уақытын қосымша жұмыстарға жұмсайды. Дегенмен, Кекілбаев пен Мағауиндердің әдебиеттегі тақырыптары болашақта жалғасса деп үміттенеміз.
Иә, мен соңғы мақалаларымда постотаршылдық туралы жаза бастадым. Кембридж университетіне келудегі мақсатым да осы бағыттағы әдебиетті зерделеуден туған болатын. Жалпы бұл жайлы ізденісім соңғы жылдардан басталды. Өзіңіздің «Иесіз адам» деген әңгімеңіз қамтылған кітабыңызды, сонымен қатар, басқа да кітаптар ала келген едім.
«Қазіргі әдебиет туралы нөпір мақалалар жазылып жатыр» дегеніңізбен келісемін. Нөпір болатын себебі – қадағалау жетіспейді. Гуглдың арқасында көп адам жаза алмаудан қауіп қылмайтын болды. Тез арада құрастырылған мәтін мазмұнынан-ақ көрініп тұрады. Бос мәтін деп атауға болатын шығар. Менің ойымша, жақсы жазушылардың әдебиет тарихында қалатыны іспетті шынайы зерттеулер де сақталып қалады. Сынның көбеюінің пайдалы жағы – салыстыра, таңдап оқитын қазақ тіліндегі ресурстың артатындығында.
Сіз «Шолпанның күнәсі» әңгімесі туралы талқыны жалғастырған екенсіз. Қазақ әдебиетіндегі осындай шығармаларды әр оқыған сайын басқа қырынан тани түсемін. Қазіргі уақытта әдебиеттің кейбір кезеңдерін жоққа шығару туралы пікірлер айтылып қалады. Бірақ Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар және жоғарыда өзіңіз атаған бір шоғыр қаламгерлерді оқығанда «жоққа шығаруды» біз де жоққа шығарамыз.
«Модернизм туралы іргелі зерттеулер жазылмады» деген пікіріңізбен де келісемін. Ж. Жарылқапов (үш автор бірге жазған), Б. Қанарбаева және Ж. Смағұловтың кітаптарында аталған тақырып қозғалған, дегенмен әлем әдебиетінде, музыка, сурет, т.б. өнеріндегі көрінісін қамту тұрғысынан алғанда бұл аздық етеді. Қазақ тіліндегі еңбектер жайын сөз етіп отырмыз. «Жүз оқулық» бағдарламасы аясында аударылған бес томдық «Әдебиет теориясы» сынды еңбектер жоқтың қасы.
Иә, жас авторлардың «Дауыс» антологиясын талқылауларға қатысқанбыз. Одан да бөлек жас авторлардың кітаптары жарық көрді. Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай жарық көрген кітаптарды да еске алуға болады. Кейбір жас авторлар тарапынан шығармаларды ұсынуда асығыстық байқалады. Асығыстық пен жазуға деген жауапкершілік аз болған жерде қателік көп болады.
Серік Нұғыман: – Өткендегі аудиожазбам қырық минут болып кеткен бе?.. Тым ұзақ сөйлеген екем. Бірақ біраз мәселенің басын шалған сияқтымын. Әдебиет туралы әңгімелердің бір бөлігі өзіңізге де көмек болуы мүмкін.
Постотаршылдық деген өте маңызды тақырып. Біз (қазақ елі) үшін берері тіпті де мол. Ағылшындар отарлаған жерінің бәрінде халыққа заңмен өмір сүруді үйретіп кетті. Кейінгілер үшін ол да өздерін ақтап алудың жолы. Өйткені олар жойып жіберген нәрселер де аз емес қой. Біз отаршылдықтан, оның салдарынан әлі құтыла алған жоқпыз. Халық әлі ұйқыда. Есі кірген халықтар әлемнен өз орнын іздей бастады. Мысалы, ұзақ жыл отарда болған елдердің бірі Үндістан өзінің кім екенін білуге ерте ұмтылды, және өздерін тапты да. Жақыннан бері мемлекеттерінің атын өзгертуге әрекет жасап жатыр. Себебі «Үндістан» – отаршылдар қойып берген атау екен. Өздері кезінде басқаша атапты. Өз жолдарын өздері белгілеген сол Үндістан даудың кең даңғылына түсті. «Өзін өзі іздеу» деген ұғым, ұран деп атасақ та болады, ұлт үшін де, жеке тұлға үшін де өте ұрымтал, өзекті мәселе. Өзім, әйтеуір, солай деп есептеймін.
Альбер Камю туралы жазылған У. Фолькнердің «Камю» деп аталатын мақаласы бар. Өте шағын. Бір-ақ бет. Мен оны қытайшадан аударып, «Жөргем» атты кітабына кіргіздім. Сонда осы мәселе қозғалады. «Камю өзін өзі іздеді, тапқан сәтте әлгі бір ағашқа соғылып, мерт болды» дейді. Содан кейін осы «Өзін өзі іздеу» және «Өзінен өзін іздеу» деген сөз қанатты сөзге айналып, кең тарады. Бізде көп айтылмағанымен, шетелде аттаған сайын алдыңыздан шығады. Шынымен де әр ұлт, қала берді әрбір адам өзін өзі іздеуі керек. Тиесілі орным қайда, кімнің алдында, кімнен кейін тұрам деп шарқ ұруы керек. Сонда жаппай ізденіс, алға басу болады. Ал адамдар, жазушылар өз ішіне үңіліп, өзінен өзін іздеп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
Талантты адам өз ішінен өзін іздейді. Абай атамыз не дейді? «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Содан тапқан шын асыл, тастай көрме!» дейді. Бұдан асырып айту мүмкін емес шығар... Шығыстағы «Өзіңді танысаң – әлемді танисың» немес «Құдайды танисың» деген философиялық тұжырым содан шыққан болуы керек. Адамның менмендігі, тәкаппарлығы көзін байлап, сыртқы дүниені, Құдайды танытпай тұрады. Пенде баласы көзі сыртқа қарап жаратылған жаратылыс болғандықтан, өзін көре алмайды, ол тек ақыл көзі ғана өзін көреді. Данышпандар мен әулиелер өзін таниды, өйткені, олар көбінде өзін зерттейді.
Менің кітабымды Лондонға ала барған екенсіз. Өзім көрмеген Лондонды кітабым көріпті деп көңілім көтеріліп қалды. Кезінде Әуезов кітабының майданда барғанын естіп, «мені енді кім майданға бармады деп айта алады» деп қуаныпты дейді. Сол әңгімедегідей, мен де қуандым. Өзім болмасам да кітабымның жолы Тұманды Альбионға түсіпті. Рақмет!
Айнұр Ахметова: – Көлемді аудиожазбаларды тыңдау маған ұнады. Қазір адамдар бір-бірін тыңдағаннан гөрі әлеуметтік желі контенттерін тұтынғанды қалайды, артық көреді. Екі-үш минуттық аудионың өзін тыңдауға жүйкесі шыдамайды, төзімі жетпейді. Маңызды дүние уақыт алғанымен, пайдалы болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта әдебиетке жаңа қырынан үңілу қажет деп сөз бастайтын болдық. Жаңа қыры деген қай қыры?.. Қолда бар материалдардың өзін игерсек те пайдасы жетерлік болар еді. Көп жағдайда осыған дейін жасалған дүниеге тереңірек үңілуді «жаңа қырынан үңілумен» шатастыратын сияқтымыз.
Сіз кеше жас жазушы Әлішер Рахатқа қатысты пікір айтып қалдыңыз. Ол – ізденіп жүрген жазушы. Шығармаларының тіліндегі кемшіліктер туралы көп айтылады және бары рас. Барлық уақытта әдебиетпен ғана айналысады. Драматург. Пьесалар аударады. Өзін ұдайы жетілдіруге тырысады. Ізденісін тоқтатпаса, кемшін тұстарын толықтыратыны да белгілі. Мінсіз болу мүмкін емес. Шеберлік мәселесіне қатысты айтқанда, мінсіздік, шеберлік дегеннің өзі шартты. Нағыз шеберліктің не екенін адам санасы толық танып біле алмайтын шығар. Біз тек өзіміз таңдап алған жолдағы ізденушілерміз.
Ы. Шалғынбай туралы да айтып қалдыңыз. Оның «Қамал», «Бекет» деп аталатын драмалық шығармалары көңілімнен шыққан. Жазуды жүйелі түрде үйренгені байқалады. Бұл туралы қысқаша мақаламда жазғанмын. Жүргенов академиясында болашақ драматургтерді арнайы ұстаздар баулитын көрінеді. Басқа филология факультеттерінен айырмашылығы бар онда өзге шәкірттер сияқты Ы. Шалғынбай да шебер ұстаздан тәлім алған шығар деген ойдамыз.
Серік Нұғыман: – Өзің еске салдың ғой, Әлішерге қатысты алдынғы айтқаныма екі ауыз сөз қосайын. Екі әңгімесін оқыдым дедім ғой. Кейіпкер психологиясына кәдімгідей тереңдеп кіреді екен. Бұл, анық, орамды тілсіз жүзеге аспайды. Әлішер, негізі, тілді біледі. Бірақ тілмен ойнайды екен. Сөз-сөйлемде кездесетін қателер маған қолдан жасалғандай болып көрінді. Сөйлемнің соңын аяқтағанда қасақана күрмегендей әсерде қалдым және көп нүктені қажеті шамалы жерге шұбыртатынын баса айтқым келеді. Онсыз да «Көңілдегі көрікті ой, сыртқа шыққанда сұрқы кетіп», ойды жеткізе алмай пышырап жатқанда (бұның барлық қаламгерлерге қатысы бар), жоқ жерден қиындық тудырудың неге қажеті болғанын түсінбедім. Әрбір үтір мен нүктенің қойылатын орны болады. Ал орнында тұрған сөз емес, тыныс белгінің өзіндік әсері бар. Жастар жазушылықпен бірге, тыныс белгілерін дұрыс қойып та үйренуі керек. Сонда көздеген сөз дәл «О-ге» тиіп, оқырман жүрегін шымырлата алады.
Кездесіп жатсам, өзіне айтатын тағы біраз ой, ұсынысым бар. Ретіне қарай көрерміз және бір ескерте кетер жай, бір әңгімесі «Кеш қарайды» деп басталыпты. Тіл білетін кісіге күлкілі жай. Бұзауды сиырдың баласы дегендей құлаққа ерсі тиеді екен. Қырда өскен барлық қазақ біледі, кеш қараймайды, батады, не кіреді. Ал қас қараяды, іңір үйіріледі. Бұл қатар келген қос «қ-ның» үндестігінен туған берік тұрақтылық емес, сөздердің мазмұндық тұтастығынан да, одан да маңыздысы, эстетикалық сәйкестігінен пайда болған мызғымас орнықтылық. Тұрақты сөз тіркесі дей алмаспыз, бірақ орнын ауыстырып, бұзуға, әсерін қожыратуға келмейтін сирек жарасымдылық. Тіл – әдебиеттің басты бейнелеу құралы. Бұрын да солай болған, бұдан кейін де солай болып қала береді. Мұнда күмән болмауы керек. Жазушы негізі тілмен емес, оймен ойнауы керек. Оймен ойнау дегенді терең мазмұндарды, оқшау тұжырымдарды меңгеру деп түсінсе қате болмайды, соны көркем тілмен бейнелеп шықса, қандай керемет.
Көркем әдебиет тілі туралы сөз қозғағанда көркемсөзде синоним болмайтынын да айта кеткен жөн. Мағынасы ұқсас сөздердің сөйлемде өз орны, салмағы, соған сай беретін әсері болады. Білдіретін мәні сәйкес, барынша жақын келетініне қарамай, бірінің орнын бірі баса алмайды. Мысалы, жақсы, көрім, тәуір деген сөздер көркем әдебиетте синоним емес. Қолданған тілінен, сол арқылы жасаған айшықты суретінен ең әуелі жазушының өзі ләззат алуы қажет. Сөз, сөйлемдердің шырын әсеріне бөленуі керек. Сонда ол басқаларға да әсерлі болды. Тұңғиығына тарта алады. Мысалы, арғы алыптарды айтпағанда, бергі Кекілбаев, Мағауиндердің тілі қандай бай! Еркін қолданады және қажетті әсеріне қол жеткізе алады. Тілдік қоры мол. Өйткені, уызына жарып өскен. Өзінде жоқ болса, керек болғанын жыраулар поэзиясынан ала алады. Толғаулардан теріп сөз қолданғанда тілдің көркемдігі артып, тартымдылығы жоғарылай түсетінінің мысалын біз солардан көрдік.
Өзіңіз де байқайтын шығарсыз, Мағауин болғысы келетіндер жиі кездеседі. Бұрында да, кейін де. Әрине, олардың ықпалынан жас кезде аулақ болу да қиын. Магниттей тартып алады ғой. Сөзден ләззат алу деген, сірә, сол болар, осыны айтып отырған өзіміз де кезінде олардың «тұмауына» шалдыққанбыз. Жүре келе бой тарттық, өз жолымызды іздедік. Жазушы өзін тапқанда барлығынан «арылатын» секілді.
Тағы бір жас жазушы «машина бұзылды» деген тіркесті «машина сынды» деп жазыпты. Машина сынбайды, өйткені, ол – ағаш не мұз емес. Машина бұзылады. Кейбір жас қаламгерлер «қазіргі заман басқа, сондықтан тіл де басқа болуы керек» деп айтады. Тағы бірі: «Кезінде Асқар Сүлейменов «Қазақтың әдеби тілі өзгеру керек» деп айтқан» дейді. Құрметті жас дос, Асқар айтқанды қайталаудан бұрын сіз әуелі сол Сүлейменовті оқып, түсініп алыңыз. Содан кейін не істеу керек екенін көрерсіз. Асқар деген кім? Ол деген көркем сөздің ешкім аса алмас асқары. Оған жарасқан сөздің бәрі сізге жараса бермеуі мүмкін. Атақты У Черчилль «Егер мен бірдеңені толық айтып жаткізе алмасам, ол жерде ағылшын тілінің кінәсі жоқ, тек өзім кінәлімін» деп айтты деген жолдар бар. Яғни, жазушы болам деген адам міндетті түрде ана тілін меңгеруі керек. Онсыз жазушы бола алмақ емес. «Заман жаңарды» деп жауапкершіліктен қашуға болмайды.
Иә, Әлішер туралы, тағы басқа жастар жайында айттық. Мұны күйінгеннен, жаны ашығаннан айтты деп түсіну керек. Әйтпесе, көрген де, кездескен де балалар емес, не қақымыз бар?.. Ортақ іс, бірге илеп жатқан терінің пұшпағы, болып жатқан кінәратты көріп тұрған соң, үнсіз қала алмадық және болашағынан үміт күтетініміздің де түркі болғанын жасырып қалғымыз келмейді. Көрініп тұрған кемшіліктерден ерте арылса, өзі үшін жақсы болары даусыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.