Қазақтың қарымды қаламгері, ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Қытай жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Қапшықбайұлы дүние салды.
«Әдебиет порталының» ұжымы қаламгердің туыстарына, күллі қазақ жұртына көңіл айта отырып, назарларыңызға марқұмнан бұрынырақта алынған сұхбатты ұсынады.
- Серік аға, сексеннің сеңгіріне шықтыңыз. Сексен деген қандай жас екен?
- Бұл жасқа келген де, келмеген де кісі бар. Хан бол, би бол бұл бір-ақ рет берілетін жас. Осындай жасқа келіп «Қазақ» деген мемлекетіміз құрылған дәуірді көргеніме қуанамын. Бірақ өмір жағынан, жаратылыс сипат жағынан алып айтқанда ол өте үлкен жас. Сондықтан өте ауыр болады екен. Мен 75 жаста өзімнің қартайып қалғанымды сездім. Оған дейін мынау қат-қабат қарбалас тірлікпен жүріп сезбедік. Ал ғасыр жасаған Боздақ Дүзбенбет деген Алтайдан шыққан ақын ағамызды 80 жасында көрдік. Сол кезде сексендемін деп отырған жоқ. Аттыға – жол, ауыздыға – сөз бермейтін сергек еді. Оның жанында мен өте қартайып, әлім кеткен күйдемін. Сексенге келген жастан сен ештеңе ала алмайсың да, тәуекелділікке де бара алмайсың.
- Сексен жасыңыз жалпы несімен ерекше?
- Сексен жас екі түрлі сипатымен ерекшеленеді. Бірі өз басыма келген нәубет болса, екіншісі мынау Қазақ хандығы айқындалып, заманымыз жақсарып тәуелсіз ел болу. Бұдан артық қандай ұжымақ іздейсің?! Тәуелсіз ел болып, еркіндікті сезіну қандай керемет. Бұрын бірер төңкерістік дүниелер айтылса болды сары ізіңе шөп салып арпалысып қалатын еді, қазір ондай жоқ. Сондықтан әр бір қазақ тәуелсіздік жолында белсене еңбек етіп, ұлтқа беріліп қызымет етсе мұратына жетті деген сөз. Ал жазушылық тұрғыдан айтқанда, жазған дүниеңде шындықтың тамыры тереңдеп, көркемділік басым болса, жазған өлеңің өз өміріңді қортындылап тұрса бұл ерекшелік.
- Шет жерден туған ел деп аңсап жеткен, елім дейтін азаматтардың бірісіз. Туған елге жетуде қиындықтар болды ма?
- Мен ол кезде Қытайда зейнеттке шыққан кезім еді. Бірақ бұл жаққа көшем деген кезде аймақтың уәлиі кетпейсің деп құжаттарыма қол қоймай көп әуреге салды. Ақыры бір күні уәли жиналысқа кеткен кезде орынбасарын іздеп барып, арнайы кездесіп сөйлестім. Орынбасары қытай азаматы еді. Оның жеке жүргізушісіне үй керек болыпты. Маған ол сен үйіңді менің жүргізушімнің атына жазып берсең, мен құжаттарыңа қол қойдыртып беремін деді. Басқа істер амалым болмаған соң, ақыры өз үйімді солардың қолына тегін табыстап, құжаттарыма қол қойдырдым. Содан Қазақстанға келгенше туысқандарымның үйін жағалап жүрдім. Оның үстіне ол кезде шетелге шығатын төлқұжат жасатудың өзі көп уақыт алатын, өйткені қытайдың шекарасы шетелмен еркін ашылып, жақсы қатынас болған кез емес еді.
- Елге келгеннен кейін қиындықтар болды ма?
- Дүниенің қай шетіне барсаң да қиындықсыз өмір сүру мүмкін емес қой. Өйткені бұл да өмір заңдылығы. Бірақ қиындыққа бойұсына берсең, ол сенің адымыңды аштырмайды. Сондықтан күресе білу керек. Бұл жақтада көп қиналдық, өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болғандықтан қарапайым халықты қойып, мемлекеттің, биліктің өзі үлкен теңселістен шықты. Оның үстіне біз шекарадан өткенде қолымызда бір-бір сумкамен ғана келдік те, Алматыдағы Қалқаман ауылынан үй жалдап, күндіз жұмыс істеп, түнде далада шашылып жатқан кірпіштерді жинап, тасып, үй салып алдық. Ол кезде далада кірпіш пен темір-терсек деген үйіліп жататын еді. Сол үйде 2000 жылға дейін тұрдық. Одан Көшіқон департаменті Ақсайдан үй берді. Сол кездегі Көшіқонда істеп отырған азаматтар көп көмектесті. Бұл жаққа келгеннен кейін жазушылықпен еркін айналыстым. Тұманбайдай танымал ақын ағамызбен «Балдырған» журналында бірге жұмыс істедім. Жазған шығармаларым сонда жарияланып тұрды. Бұл жақтан көрген үлкен жақсылығымыз сөз еркіндігі болды. Ақын-жазушының ең үлкен байлығы сөз бостандығы ғой.
- Жиырма жылдай Қытайдың солшыл партиясының салдарынан қудалауға түстіңіз. Бұның жазушылығыңызбен қаншалықты байлансты? Бұл өзі қалай болған еді?
- Ол заманда Қытай саясаты қазандағы қара сабындай бұзылып тұрған кез еді. Біздің азаматтардың от қайсы десе суды, су қайсы десе отты көрсететіндей жанып тұрған шағы. Халыққа қарсы жоспарлы түрде жасалған нәубет еді, талай боздақтар соған ілікті. Мен онда жирма төрт жаста едім. Университетті бітіріп аудандағы мектепке мұғалім болып келгенмін. 1957 жылы «Оңшыл ұлтшыл» болып, одан кейін «Қазақ күзетшісі ұйымына» қатысы бар деген желеумен мектепте бірге істеген Мүлік Иманбатыр деген кісілермен қоса біраз адамдарды алып кетті. Ал мені сол ұйымның мүшесі деп екі жыл мектепте қатаң бақылауда ұстады. Пекиннен анықтама бюрасы келіп «Қазақ күзетшісі» деген ұйым жоқ екенін анықтады. Бірақ сол ұйымның басшысы деп күдіктенген адамдар екі жылдан бері қамауда жатыр. Енді бұларды да қамау керек деп 1959 жылдың қысында қамауға алындық. Айдауға апарардың алдында Шауешекте «Қарақақпа» дейтін түрме бар, қылмыстыларды алғаш апарып қамайтын жер. Сол жерге барғанда сағын сындыру керек деп қылмысты саналған адамдарды азаптап соққыға жығады. Сол соққының азабын көп көрдім. Тіпті бес-алты күн ес жия алмай жатқан күндерім де болды. Одан бізді Қаражар деген жерге айдап жіберді. Ол жақта бізді шолақ белсенділердің қолына тапсырып берді. Олар енді шаш ал десе, бас алатын өңкей қызыл белсенділер. Күн-түн демей қара жұмысқа аямай жекті. Ол жақта тәртіп бұзбай жақсы жұмыс жасағаным үшін 1962 жылы өз ауданыма жіберді. Одан басында қалпағы бар, соны жасырған деп тамыз айында Шағантоғайдан сақшының адамдары келіп, ауданда үлкен жиналыс ашып, басыма «Оңшыл ұлтшыл элемент» деп қайтадан қалпақ кигізді. Қалпақ кигізу қытай үкіметінің қаралау, қинау, арыңа тиіп бет-беделіңізді айрандай төгу үшін жасалатын жазаның бір түрі. Содан 1980 жылға дейін халық бақылауында болдым. Сол кездерде бел жазбай күні бойы орақ ору, тоған қазу, кейде тіпті түнде егін суаруға апаратын. 24 сағат бойы жұмыс істеген кезімізде болды. Адам жұмыстан өлмейді екен, ең бастысы тәніңе таяқ тимесе болды. Ай сайын берілетін нөміріңе қарай норма аласың, өзгелерге күніне он нөмір қойса, маған басшылықтың көңіліне ұнасам ғана айына, не жылына бір жүз нөмір қояды. Кейде ол да жоқ. Ол кезде еттің өзін нормамен аудан береді. Ал біз сияқты «Қалпақтыларға» ет бергізбейді. Менің отбасым он жыл ет жемеді, адам баласымен тіпті тусқаныңмен де араластырмады. Бұрын бізді қамаған Лаужаудың бастығы Шауешек аймағының әкімі болып ауысып келген Цуй Кайшыңға 1976 жылы арыз кіргіздік. 1962 жылдан бастап Қытай мен Кеңес одағының келіспей қалған кезі еді. Соның салдарынан Шауешектегі бүкіл архивты Сауандағы жер асты қоймасына ауыстырып тастапты. Цуй Кайшың өзі бірнеше мәрте барып жүріп архивты тапты. Архивты тексерсе менде «Қалпақтың» бар, жоғы анық жазылмаған. «Қалпақ» деген жері ақ күйінде қалыпты. Содан архивты Шағантоғайға әкеліп, 1978 жылы «Қалпақ» жоқ деп дәлелдеді. Бірақ аудандағылар бұл дәлелге толық сенбей 1980 жылға дейін бақылауда ұстады. «Үш күннен кейін көр де ұжымақтай сезіледі», демекші бұған да етіміз үйреніп кетті. Өз еліңнің ішінде болған соң, қандай жаза болса да білінбейді. «Ел іші – алтын бесік» деген шын екен.
- «Өмір баяндық» романды жарыққа шығаруда қиындықтар болып, ұзаққа созылды депсіз. Ол романның шығуына тосқауыл болған қандай қиындықтар еді?
- Ол романның негізгі деректерін жақсы жинай алмай үш жыл айналыстым. Толықтап, сапалы дүние жасайын деген ойым болды. Содан барынша жаңа стильге салып өзгешелеу етіп жаздым. Романды аяқтаған соң Қытай қоғамымен таныс емес кеңестік тәрбие алған көптеген редакторлар түсініксіз, қиын екен деп оқмай да қойды. Бірақ ол роман өз оқырманын тауып келеді. Енді уақыт жетпеді. Сол романдарды қайтадан қарап, толықтырып жарияласақ тамаша болар еді…
- Біздің әдебиетшілердің көбі «қытай елінің әдеби өрнегі, әдісі көштен қалған, біз ол стильден баяғыда өтіп кеткенбіз», дейді. Бұл қаншалықты шындық?
- Қытайдағы қазақ әдебиетінің ішінде де, не бір тамаша туындылар бар. Омарғазы Айтан, Қажығұмар Шабданұлы, Мағаз Раздан, Шәміс Құмар сияқты мықты жазушылар жетерлік. Олардың шығармаларында сақталып отырған кешегі күннің тарихи тамырлары, ұмытылған салт-дәстүрлеріміз, шұрайлы тілдің мәйегі бұзылмаған уыздары, қытай әдебиетінен үйренген шеберліктің шедеврлері жетіп артылады. Аға әдебиеттің бастауы Қазақ елінде екені шындық. Өйткені кешегі классик Мұхтарлар мен Сәбиттер туған қоғамды көрген ұрпақтар осында. Сондықтан бұл жағынан озық екені анық. Тіпті соларға ілесіп жүрудің өзі үлкен әдебиетшінің белгісі. Өйткені Мұхтарлар әлі күнге әлем әдебиетінің ортасынан ойып орын алған мықтылардың бірі. Бірақ Қытайдағы қазақ әдебиетін артта қалды деуге болмайды. Іштегі, сырттағы әдебиетіміздің қалыңы мен жұқасы бірігіп қазақ әдебиетінің жүгін көбейтіп бірге келе жатыр.
- Тағдыры таласқа түскен Қажығұмар Шабданұлы туралы да айтып жатсыз. Өзіңіз Қажекеңмен қаншалықты жақын араластыңыз?
- Қажыағаңмен Шауешекте өте жақын араласқан дос семьяның бірі болдық. Біз осы жаққа кеткеннен кейін байланысымыз үзіліп қалды. Одан кейінгісін жақсы білмедік. Қажыағаң сонау 50-інші жылдардың басында Үрімжідегі қазіргі «Шұғыла» журналының басшыларының бірі болды. Сол мезгілдерде Шынжыаң институтында оқитын, біз онымен жиі араласып тұрдық. Ол аға ретінде, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Ашық мінезді адам болатын. Өз көз-қарастарын ашық дәріптеп, ашық ұстайтын білгір адам еді. Адам болған соң әртүрлі мінез, пікірлер болатыны табиғи. Біз (жастар) осы жылдар ішінде ол кісімен пікірлес (әдебиет жөнінде) болдық. Ақыл-кеңес алдық. Араласып жүрдік. Кейін стиль дұрстаудың алды Үрімжідегі бір топ жастарды жер-жерге таратып жіберді. Соның бірі мен Толыға келдім. Бір жылға жетер-жетпес уақытта стиль дұрыстау басталып, бет-бетімізбен әртүрлі қылмыс арқалап, біріміз Тарымға, біріміз еңбекпен өзгерту майданына кете барғанбыз. Содан 80 жылдары ақталып, біз тағы кездестік. Мен Шағантоғай орта мектебінде жұмыс істеп жүргенде Тарымнан оралған Қажыағаң біздің үйге келді. Содан тағы аға-іні қарымқатынасымыз басталды. Кейін ол кісі қайта ұсталғанға дейін жақын араласып тұрдық. Осы уақыт ішінде Қажыағаңның Қылмыс романының үш томы жарық көріп үлгерген еді. Соңғы төртінші томы басылу үстінде жарық көрмей қалған. Мен үшінші томын баспаға өз қолыммен Оразбек Қанапиинге тапсырып берген едім. Қажыағаңды ұстау сол кезде Шауешек аймағы көлемінде үлкен дүмпу тудырды. Қолды болғанын естіп біз де таң-тамаша болғанбыз. Алыс-жақыннан бізге телефон келе бастады. Біреулер мені де ұстапты десе, біреулер бұл қалай, ол неге аман қалған деп дүрліге бастаған еді. Қажыағаңды қылмыс әлеміне қайта апару 1986 жылдың қысы болатын. Үйінде бәйбішесі Бақаш пен бес баласы жылап қала берді. Кейін үлкен ұлы үйленетін болып біз бір топ адам оның тойын жөнелттік. Қажыағаң жеңілтек кісі емес еді. Өзін сергек ұстайтын қарапайым адам болатын. Дос-жарандарына өте адал, ақкөңіл болатын. Ұнатпайтын адамына пейілі түспейтін. Аймақ басшылары отырған қонақысы кезінде де ешкімнен именбейтін, айтарын айтып салатын. Ол кісі енді ащы шындықтың иесі, өмір бақи шындық айтқанда іркіліп көрмеген. Қазір кейбір қалам ұстап жүргендер Қажекеңді сойқаншы етіп көрсетеді екен. Бірақ Қажекең адамшылықтан азғындап кеткен адам емес. Енді өзіне қарсы келген адамды оңдырмайтын. Ондай мінез болмаса Қажы-екең болама?! Кейін қамаудан босап Шаушекке келді. Мен онда Қазақстандамын. Сол жылы Қытайдағы балаларына бара қалған бәйбішеме амандасып қайт, сәлемімді жеткіз деп жіберіп ем. Бірақ Қажыағаңың үйіне таяй бергенде өкімет адамы шығып, жолығуға болмайтынын айтып кері қайтарыпты.
- Сексенінші жылдың соңына дейін өлеңдеріңізді қазақша «Қара өлең» мәнерінде жазып келдіңіз, бірақ кейін өз стильіңізді өзгертуге не себеп болды?
- Менің ұстанымым бір шумақ өлең жазсам да жаңа стильде, ішінде жаңа ой, жаңа сезім, өзгеше сурет болса деп тілеймін. Бір ой екі қайталанып кеткен жерде поэзияның өмірі тоқтайды. Мысалға мен жазған «Өмірбаяндық» романды бұл күнде екінің бірі жазып жүр. Сондықтан мен оны өзгеше жеткізу үшін барынша жаңа стильге салып, оқырманға жаңа бір дүние ұсынайыншы деп барынша тырыстым. Әдебиет өз дамуында басып өтетін кезеңдері болады. Бізде сол жаңа кезеңге дөп келдік. Бұл бүгінгі қазақ әдебиетінің өзгеше бір жаңалығы. Сондықтан бұдан айналып өтуден көрі, соны өз бойына сіңіре білу керек.
- Қытай елінде мемлекеттік сыйлық алдыңыз. Елге келгелі қандайда бір құрметке ие болдыңыз ба?
- 1986 жылы «Өмір орманы» деген Қытайдың танымал журналына қазақтың мықты аудармашысы Акпар Мажит менің «Күз бұлты» деген өлеңімді аударды. Қытай сыйлығын сол өлеңім үшін берген. Қытайда аз ұлттарға арнап ұсынатын мемлекеттік сыйлық бар. Бұл сол сыйлық. Ал мен қазақ жазушыларының ішінен екінші реткі сыйлық иегері болдым. Біріншісін қытай қазақтарынан шыққан мықты суреткер, жазушы Жақсылық Самитұлы алған еді. Бұл жаққа келгенде кішігірім мүшайраларда марапатталып жүрдім. Бұлар мемлекттік дәрежеде емес, жай марапаттар. Менің сексен жылдығымда Қытайдан келген ағайындар ат мінгізді. «Жәнібек» қорының атынан бір кітабымды басып шығарды.
- Аға, сізді «Арнау өлең» жазбаған дейді. Арнау өлең жазбауыңыздың сыры неде?
- Арнау өлеңді күнде жазам десек те болады. Оңай да, көңіл үшін жазып біреуді қуантасың. Осындай әрекетті менің суқаным сүймейді. Жағымпазданған сияқты. Біреуді мақтағандай болып, поэзияның негізгі құндылығын жойып, ондай сұйқыл дүниемен өлеңнің алтын тұғырын бұлғағым келмеді. Мен тіпті арнау өлеңді өлең деп айтпас едім.
Сұхбаттасқан: Көпеева Айжамал
2016/04/08
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.