- Қандай кітап оқып жүрсіз?
- Әрине, ықыласты диалогтың, әдемі әңгіменің басы осы сауалға жауап беруден басталады. Бірақ, қазақы сөз нұсқамыз бойынша, менталитетіміз бойынша, бұл да бір қызық жайт. Әңгімені айтушының бабын таппасаң, дүңк еткізіп бірден сұрақ қойсаң, ол тіпті бетін ары беріп, керегеге қарап томсарып жатып алады. Осындайда сөз арнасын сәл аунатып, таяу заманғы ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне үңілгің келеді. Абай атамыздың ауылындағы Баймағамбет ертекшінің әңгімешілдігі еске түседі. Көкбай атамыздың есінде қалуынша, Баймағамбет Абай қасында тапжылмай отырып алып, Абай баяндаған шетел романдарының сюжетін, кісі есімдерін, жер аттарын бір айтқаннан қағып алады да, артынша Абайдың өзі қайталап сұраған күнінде, сол қалпында айтып береді екен. Қандай тұнық зерде, сұңғылы әңгімешілдік. Абай осыны өзі тыңдатқысы келіп жаттатқан жоқ, оқыған дүниесі жұртына жете берсін, ғибратты болса тобықты асып, алыс-жуыққа таралсын, арқаның ақ селеуімен елбең қағып, әлдебір сай-саладағы киіз үйдің күлдіреуішінен нұр болып төгілсін деген жан құмарлығы ғой. Бүкілдей бір жырларды бір естігеннен қағып алатын жыршылардың хикаясы өз алдына бір әңгіме. Жыршы дегеннен шығады, дүниеге аты таралған «Мың бір түннің» ең сүбелі жерлерін қазақ жыршылары үзіп алып, жырға айналдырып ел арасына таратқан, тіпті соңында қазақы тон кигізгеніміз соншалық, түп-төркінін де ажырата алмай сіңісіп кете барған. Көшпелі сюжет ретінде өзіне қазақы кейіпкер қабылдап, ұлы далаға таралғаны бір мұнша да, «сонау шам елінде, Харон Рашит заманында, Мысырда, Рүм елінде т.б» деп, бастапқы төркін жұртын еске алып басталатындары бір мұнша. осыларға қарап отырсақ, дөңгеленген дүниенің «әдеби өсек-аяңнан» сонау бір ғасырлардың өзінде-ақ, тақия киген аталарымыз қағыс қалмаған сияқты. Қазақтың қай төбесінің басында қайсы елдің, қайсы патшасын, қайсы халқын, қалалы нулы жұртын әңгіме еткенін анық білмейміз, білетініміз: қазақ жұртының да әңгімеге, өнегелі сөзге, өрелі ойға, ғибратты кеңеске, шытырман даулы оқиғаның шешімін табуға ден қоятын құйма құлақ, зерделі халық екендігі.
Сонымен біздің бүгінгі әңгіме «Жер патшалығына» арналады.
Кариб теңізіндегі Куба аралының қаламгері Алехо Карпентердің «Жер патшалығы» хикаяты (новелла), соңғысы Исландия аралдарының білгірі Халлдор Лакснесстің «Арманын аңсаған жандар» (қосымша аты; ерлік туралы сага) романы.
Бұл жобаны Қазақтың әңгімешілдік, жыршылық дәстүрімен байланыстыра ұғынғым келеді. Бір жақсы кітапты оқу – керемет хикаят тыңдау, жаныңа шуақ нұр құю, оң энергия алу. Әңгіменің атасы – ертегі, ертегінің атасы – аңшылық туралы ертегі,оның шығарған иесі – аңшылар. Аңшылар, олар – небір қиял-ғажайыпты көре алатындар. Ең ақыр-аяғы аңшылар – табиғат әлемінің ең ғажайып көріністерін көре алатын, тамашалай алатын адамдар. «Бұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, біле алмассың құс салып, дәм татпасаң»-дейді Абай. Жақсы кітапты іздеп оқитындар – жаны жомарт «аңшылар». Сол кітаптың сай-саласын, үңгір жырасын, сыңсыған орманын алдымен кезеді, көреді, сосын бабын тапсаң, көңіліне жақсаң, хикаяның неше атасына қарық боласың, өмір бойы есіңнен кетпестей керемет әпсаналар естисің. Топшылап айтқанда, осылай болып келеді. Әңгімемізді бастауға рұқсат етіңіздер.
***
Сөз ыңғайындағы шығарма - Кубалық жазушы Алехо Карпентьердің «Жер патшалығы» атты повесті. Латын Америка елдерінде 60-жылдардан басталған әдебиеттегі дүмпуі туралы үйреншікті мәліметтерді бұл арада қыстырмай-ақ қоялық. Бірақ сол магиялық реализм деп аталатын әдеби ағымға тікелей әсер еткен шығармалардың ең басында Алехо Карпентьердің «Таңғажайып шындық» (the marvelous real) тәсілімен жазылған «Жер патшалығы» шығармасы тұрғандығын атап айту керек. Яки, 1949 жылы жазылған осы туынды Латын Америка әдебиетінде «Сиқырлы реализм» әдебиетінің басталғандығын айғақтайды. Алехо Карпентьердің әкесі француз, ал мамандығы бойынша архитектор, ол Гаваннадағы көптеген атақты ғимараттарды салған.Анасы Бакуде туылған орыс, музыкант Карпентьердың нағашы атасы белгілі орыс ақыны Константин Бальмонттың әкесінің ағасы болған. Карпентьердің ата-анасы бір- бірімен Швейцарияда танысып, үйленгеннен кейін Кубаға көшіп келеді. Карпентьердің жазушы болуына оның 1943 жылғы Гаити мен 1947-1948 жылдардағы Венесуэлаға сапары әсер етеді . Оның Гаитиге сапары «Жер патшалығы» (1949) романында көрініс табады. Екінші сапарының қорытындысы ретінде «Жоғалған іздер» (1953) атты роман жазады. Хикаят сюжеті Кариб теңізіндегі Гаити елін, нақтылап айтқанда, ХVIII ғасырдың соңындағы құл иеленушілік жағдайды , құлдардың тәуелсіздікке ұмтылуы туралы оқиғаларды баяндайды. Қазіргі саяси карта бойынша алғанда, Гаити республикасы мен Доминикан республикасы бір аралды бөлісіп отыр, шығысында Доминикан, батысында Гаити елі. Батыс солтүстігінде Куба , батысында Ямайка аралы , және батысқа қарай көз жүгіртсеңіз, орта Американың елдері – Белиз, Гватемала, Гондурас, Сальвадор, Костарика, Панама елдері солтүстік Тынық мұхит пен солтүстік Атлант мұхитын бөліп тұрған «Орта Америка көпірінде» иық тірестіре жайғасып жатыр.
«Кайти» сөзі – жергілікті Тайно үндістерінің тілінде «Таулы ел» деген мағынаны береді. Гаити 1804 жылғы төңкерістен соң отарлаушы Франциядан тәуелсіздігін алған, Америка құрлықтарындағы АҚШ-тан кейінгі екінші тәуелсіз мемлекет болған ел, әрі әлемде қара нәсілдер басқарған тұңғыш республика есебінде танылады. Латын Америка елдері Маиялардың, Инк үндістерінің отаны екені белгілі, ал қара нәсілді Гаити республикасының халқы құл иеленушілік түзімі дәурендеп тұрған кезде батыс Африкадан, Конго елдерінен орта Америкаға әкелініп сатылған құлдардың ұрпақтары еді.
Шығарма төрт негізгі оқиғаны баяндайды. Әуелі француз отаршыларына Макандал атты шолақ қол құлдың бастауымен жасырын қарсылықтарға шыққан көтеріліс баяндалады. Ақыр аяғы Макандалдың өзі қолға түсіп, өлтіріледі.
Екінші оқиға – іргедегі Ямайка аралынан келген Букман атты қара нәсілді басшы өзгелерді бастап, жалғасты көтеріліске шығады, көтеріліс сәтсіздікке ұшырап, Букманның бас шабылады.
Үшінші әңгіме Анри Кристоф деп аталатын қара нәсілді билеушінің көтеріліс жемісін жымықтырып, өзі жеке дара патшалық құрып , жалғасты құл иеленушілік түзімдегі саясат ұстанғанын баяндайды. Бұдан соң Кристофтың бүкіл ордасы, бау -бақша сарайы көтерілісшілер тараптарынан өртеледі. Анри Кристоф өзін өлтіреді.
Шығарма соңында күндердің күнінде осы араға жер өлшеушілер келгенін, жүздеген Негрлердің биік жағалы көйлек кигенін, жалпақ жібек белдік буынған салт атты мулаттардың бақылап жүргенін баяндайды. (Мулат- Испан тілінде - мул «mulfto mulo» , яки «некеден тыс бала»деген мағынаны білдіреді. Европалықтар мен Негрлер арасындағы некеден тараған аралас нәсілдің өкілдері. Бұл атау Америка құрлығына Африкадан құлдар әкеліне бастаған кезден бастап пайда болған). Барлық оқиғаның басы-қасында келе жатқан қартайған құл Ти Ноел бұған әбден басы қатып, бодандықққа түскен жұртты азаптан құтқарудың жолын таба алмай қиналады. Баяғыдағы Макандалдың неше алуан түрлі құбылғанын еске алған ол құмырсқа-құмырсқаға, қазға айналып кетіп, осынау әлемді басқа тұрғыдан бақылайды. Соңында қайтадан адамға айналған Ти Ноел билікті зорлықпен тартып алып, әділетсіздік жасаған мулаттарға аттану үшін бүкіл ел-жұртқа жар салады, соғыс жариялайды, сөйтіп жүріп өзі де дүниеден аттанады, оның ең соңғы дерегі: «тек басқаның ажалымен өмірін ұзартатын, өлексе жегіш алып құзғынға ғана мәлім еді» деп шығарма аяқталады. Шығарма жалпы осы оқиғалардан ғана тұрмайды: Ти Ноелдің алғашқы қожайыны Мосе Ленорман де Мезидің гаванындағы құл базарынан он үш құлын сату үшін кубаға баруы, сонда сатылып кеткен Ти Ноельдің басынан кешкендері, Полина атты ханшаның офицер күйеуі леклеркке ілесіп, кемемен жолға шығуы, соңында күйеуінің және қаншалаған адамдардың сары безгек ауруынан қырылып қалуы, «Түнгі мүсіндер» атты тарауында тегінде Полинаның қызметшісі болған Солиман атты негр құлдың Анри Кристофтың үстемдігі талқандалғанда, біраз адамдармен бірге қашып Римнен бір-ақ шыққаны, ондағы кешірмелері Ти Ноельдің Кубадан Гаитиге оралуы сияқты шағын оқиғалардың барлығы негізгі тініге өріле баяндалып отырады, бірақ хикаяттың жалпы сұлбасы жоғарыда баяндалған азаттық үшін болған күрестердің төңірегінде өрбиді.
Туындының бас-аяғы – сыпыра сүзіп, жалпылай баяндасақ осылай. Енді аралдың сұлу табиғатын суреттеп тамсандырған , кереметтей ойларға бөлеген Алехо Карпентьердің қалам құдіретін сипаттаудан бастайық.
Үш түрлі ерекшелікті атап айтуға болады. Әуелі: шығарманың тілі, баяндау сарыны - Барокко талғамына құралған. 17 ғасырдағы құрылыс, сурет, мүсін, ән-би, әдебиет қатарлыларда кеңінен таралған стиль. Әсіресе, құрылыс өнеріндегі соншама көркем, әшекейлі, күрделі жөндеулерді меңзейді, бұрынғы жадағай қалпынан биіктеген, көрер көзге асай-мүсейі көп сұлу құрылыстарды осылай сипаттайды. Бұны Карпентьердің жас кезінде Франция сюрреалистерінің әсеріне ұшырағаннан, кейіннен өзі бар ділімен сіңіп кеткен сиқырлы реализмның әсерінен қарастыруға болады.
Екінші: Карпентьер қаламының интелектуальдылығы. Бұны осы кітабына жазған бірнеше парақ аса қуатты алғы сөзін оқи бастағанда-ақ бірден аңғарасыз. Петро және Рада дәстүрлері, Манова алтын шахары, Құдай денесін ұлықтау рәсімі, Кубалық санеро, т.б ұғымдары сөздің шыны керек, біз сияқты алыстағы дала құрлықтарының оқырманы үшін күңгірттеу екендігі шын, бір ғана «сантеро» дегеніміз Афро-католиктік сантерия нанымын ұстанушылар екенін, оның бүкіл артқы тарихы, сипаттамасын білу үшін біраз еңбектену керек. «Сондай-ақ, оқиғалардың мазмұнын, кейіпкерлердің аттарын, оқиғалар хроникасын, жер мен көше атауларының барлығын дерліктей сол бір жарым ғасырдың алдындағыдай сақтап жаздым»,-дейді Алехо Карпентьер. Интелектуал - ту баста монахтарды, философтарды, дін иелерін ұлықтаудан шыққан сөз еді. Алехо Карпентьерды осылай бағалау аталмыш хикаятындағы терең пайымдаулары үшін ғана емес, оның өмір баянын қарап шыққаннан кейінгі түсінігімізбен де байланысып жатыр, Латын Америкасындағы интелектуалдық бағытты қалыптастырған әдебиетшілердің басында Алехо Карпентьер тұр. Қазақ әдебиетімен баламалап айтқанда, Асқар Сүлеймен секілді қаламгер ағаларымыздың шығармаларымен ұштастыра ойласақ болады.
Үшінші: Алехо Карпентьердың ұшқыр ой-қиялы. Қаламгер атаулының бәрінде «қорғасындай балқыған» ыстық қиялдың болатыны белгілі, дегенмен, жоғарыда айтылғандай, «Жер патшалығы» - Латын Американ әдебиетіндегі магиялық реализм ағымының басында тұрған туынды. Ендеше, бұл шығарманың қандай тұстары адамды арбайтын сиқырлы қасиетке ие , осы тұстарын қарастырайық. Шығарманың ту басында осындағы басты кейіпкердің бірі Ти Ноель қожайынын күтіп далада тұрғанда, қант қамысын ұсақтайтын диірменде жұмыс істейтін Макандалдың айтқан әңгімелерін есіне түсіреді. Макандал болса, ол да Ти Ноельге ұқсас, басынан не қилы істер өткен, Ти Ноелден жасы шамалы үлкен, батыс Америкадан әкелінген құл, бірақ оның елден ерек өзгеше қасиеті, пайым-түсінігі бар. Макандал оған батыс Америкадағы Попо, Аранда, Наго және Фуло қатарлы ұлыстардың құдыретті еліндегі оқиғаларды, ұлы қоныс аударуды, орман адамдары тайпаға көмекке келетін жантүршігерлік шайқастарды суреттеп береді. Ол кемпір қосақ ханшасы мен махаббат қызығына берілетін дағдысы бар улы жыланның тарихын, Мандинг мемлекетінің негізін қалаушы періштенің ерліктері туралы, олардың күміс тиындар мен әшекейленген аттарының сауырынан төмен салбыраған қос барабан терілерінің астында найзағай оты бұғып жататындығын айтады. Әшекейлі аттарға мінген батырларды сиқыршылық өнер қолдайды, егер олар Найзағай Құдайын немесе ұсталық өнер Құдайын ренжіткен жағдайда атынан құлайды дейді Макандал. Африкадағы патшалардың жауынгер, әрі аңшы, сот және абыз екендігін, олардың ағаштардың тілін түсінетін, бұлттардың, өсімдіктердің тұқымдарының, қола мен оттың сырын білетіндігін баян етті, қасиетті Вида шахарындағы әбжыланды, тұзды көлдер жағасындағы адамдарға жолығатын өсімдіктер әлемінің билеуші Құдайлары туралы әңгімелерді Макандал Ти Ноельге және басқа да құлдарға үнемі баяндап беріп жүреді. Осындай әңгімелерді диірменнің басында әңгімелеп жүретін Макандалдың сол қолы күндердің бірінде абайсызда қамыс ұнтақтайтын диірменнің өткір темірлерінің арасында түсіп кетеді де, істен шыққан сол қолы кесіледі, ауыр жұмысқа жарамсыз адам есебінде Макандал бақташылыққа жіберіледі. Демек, батыс Америка ұлыстарының аңыз-мифтерін, наным-сенімдерін, таңғажайып өмір салттарын білетін Макандал атты қара нәсілді адам шығармада бой көрсетеді.
Бақташылыққа шыққан Макандал шөп, өсімдіктерді зерттейді, әсіресе олардың ішінде саңырауқұлақтардың улы қасиеті бар екенін біліп , оның неше түрін жинап, қоржынына жапырақ, шөп, дәрілік өсімдіктерді жинап жүреді. Макандал иен далада тұратын жалғыз басты Луа шешей деген негр әйелдің үйіне барып әңгімелеседі, бұл Луа шешей Барон Лакура, Барон Ланди, Барон Пикан қатарлы вуду култьіндегі ажал құдайларын қуады деген нанымға орай үй ішіне қылыш, қызыл түсті жалаулар, тағалар, меториттер, тат басқан қасықтарды іліп қоятын әдеті бар кісі болып шығады. (Вуду сенімі-Гайтиге 18 ғасырда құл ретінде Батыс Африка дагомиден әкелінген Африкалықтардың сенімі мен катойлық діннің қосылуынан шыққан рухтарға, көп құдайларға табынатын рәсім) Луа шешей мен Макандалдың қасына баратын Ти Ноел олардан бұрынғы тайпалардың кейбірі аңдардан жаратылғанын, дуаның әсерінен қасқырға айналған адамдар, мысық тұқымдас құбыжықтардың әйелдерді ұрлап әкететінін, ондай әйелдер іңірде тіл-ауыздан айырылып, ырылдайтыны туралы керемет аңыздар естиді. Әрі үшеуі әлде бір саңырауқұлақтың сөлін тасқа тамызып, у сіңірілген тасты төбеттің табанына үйкелеп, төбеттің сеспей қатқанын байқағасын, Макандал осы уды құл иеленушілерге қарсы қолдануға шешім қабылдайды да, бір күні қожайыны Ленорман де Мезиден қашып кетеді. Ал өзін ілестірмей кеткені үшін Ти Ноел қатты қайғырады, Ти Ноел оның какан періштесі туралы, Адонуеиу, Вида шахарының қожайыны кемпір қосақ туралы айтатын аңыздарын сағынады, түн ортасында тұрып оқырдағы айғырдың жалына бетін басып тұрып жылап та алады. Кейін Ти Ноел Макандалды үңгірден тауып алады, ол үңгірде у жасаумен шұғылданып, бүкіл сай-саладағы қожалықта істейтін құлдардың бәріне хабарласып тіл қатысып шығады. Осының соңынан Француз билеушілерінің бүкіл малы қырылып, дала жемтікке толып, шыбын шіркей мен тазқараның құдайы жасайды. Іле-шала удың зәрі адамдарға таралып, әр кім әр түрлі жағдайда бүкіл шаруа қожалықтарындағы адамдар (әрине ақ нәсілдер) қырыла бастайды, даладағы шөпті тексеріп, оны-мұны тексеріп ештеңе таппайды. Ақыры фула тайпасынан шыққан ақсақ негрге қысым көрсетілгенде удың қожасы – жалғыз қолды Макандал екенін айтып қояды. Макандалды ит қосып қуып, қаншама күндер бойы іздеседе таппайды. Ал құлдар арасында Макандалды жап-жасыл кесірткеге айналып темекі кептіретін жерде қыздырынып отыр, тапа-тал түсте түнгі көбелекке айналып ұшып жүр екен, үлкен бір төбетке, ұшып жүрген ғажайып бір қазанға айналыпты деген әңгімелер тарайды. Осы жерде нарратордың позициясы да Макандал шынында жазықтағы қожалықтарына келіп, сырттай бақылап жүретін, бүгін қанаттыға, ертең желбезекті балыққа айналып, келесі күні малға айналып жортып жүреді, оның жүрмейтін жері жоқ, жылқыға айналып, салқын тоғандарға шомыла алады, талдың жіңішке бұтағына қонақтай алады, Макандал келген кезде әлде бір негр әйел қабан басты нәресте туыпты, Макандал түнде қара теке болып жолға шығады, текенің мүйізіне күйген көмір жағылады, сәтті күні туғанда оның бұйрығымен ұлы төңкеріс басталмақ деп сендіре баяндайды.
Төрт жыл жоғалған Макандал Роджество түні барабан соғып жатқан қалың негрдің арасында пайда бола кетеді, Ти Ноелдің оған қараған көз қарасын; «Макандалдың жалғыз көлдің бойында баяғы тері қабыршақты жүн жамылған жануар кезінен бәрі бір бірдеңе қалған сияқты ма-ау, мысыққа айналған кезінен иегі аздап үшкірленгендей, құсқа айналған кезінен-көзінің қиығы қиғаш тартқандай...»,- деп суреттеледі. Макандал қолға түседі де жиналған топтың алдында діңгекке байланып, өртеуге бұйырылады, алыс жақыннан шаруа қожалықтарының адамдары келеді. Губернатор от қоюға пәрмен беріп, Макандалдың тізесін от шала бастағанда, ол жұртқа түсініксіз дұға оқып, айғайлаған қалпы алға ұмтылады. Сол сәтте шынжырлар өз-өзінен босап, әуеге көтерілген негрдің денесі құлдар тобының үстінен қалықтап барып, қара-құрым адамдар арасында сіңіп жоғалады. Алдыда тұрған жұрт қуана жар салып, «Макандал құтылды» деп айғайлап шулайды.Кейін қожалыққа қайтып келе жатқан құлдар мәз-мейрам болып, Макандал уәдесінде тұрып, жер патшалығында қалады деседі. Осымен бірінші бөлім аяқталады (бірінші бөлімде сиқырлы реализмның элементтері ретінде қаралатын мифтік суреттер молырақ болғандықтан, осы бөлімді мысал ретінде алдық да, қалған бөлімдердің барлығын жіпке тізгендей жазуды қажет деп таппадық).
Жалпы, мифтік сананың алғашқы кезеңінде адам мен жануар арасында жік болмайды, рух пен табиғат шын мәнінде тең бір ұғым. Тіпті, мифтік сананың алғашқы кезеңі емес, дүние жаңарған, сана кеңістігі ұлғайған қазіргі кезеңнің өзінде ондай дүние-танымның санамыздағы бедері әлі де табылып жатады, өше де қойған жоқ. Алехо Карпентьер Афро-Америкалық наным -сенім астасқан гаитилік қара негр құлдардың мифологиясындағы құбылушылық тақырыбын сол қалпында әсерлі суреттейді, дәстүрлі реалистік сарынмен жазылатын баяндау тәсілі жергілікті үндістердің, батыс Африкалық асау тайпалардан ұстап әкелінген негр құлдардың, Европалық діни сеніммен келген француз, испан, ағылшындардың ой-әлемін толыққанды жеткіз алмас па еді,қайтер еді?! Алехоның өзі мың бояу астасқан осы аралда жан-жақтан тоғысқан түрліше мәдениеттердің көркем шежіресіне қызыққанын жасыра алмайды. Оның кітапқа жазған алғы сөзін толығырақ келтірер болсақ, «мен мұндай құбылысқа Гаитиде болған кезімде барынша айқындықпен көз жеткіздім. Ол жерде нағыз ғажайып әлем деуге әбден болатын шындықтармен күнделікті кездесіп те отырдым. Мыңдаған еркіндік көксеген адамдардың Макандалдың жануарға айналатынына шындап сенген аймағына табаным тиді. Құлдардың оған иланғаны соншалықты, ұжымдасқан сенімдерді, жалғыз-қолды жазаға тартар күнді нағыз керемет бір құбылысты да жүзеге асырған-ды. . . Осынау құрлықты мекендейтін халықтардың космологиялық жүйесінің әлі күнге толықтай суреттелмеуі де тегін емес қой. Латын Америкасы табиғатының қаймағы бұзылмаған сонылығы, тарихи үндістердің ерекшелігі, тұрмыстағы айырмашылық, негрдің немесе үндістің бет-жүзіндегі фаустиндік бедерлер, жалпы осы құрлықтың өзінің ашылуы осы өлкеде ғана жүзеге асуы ықтимал «нәсілдердің жемісті түрде қан алмастыруы», міне, осының бәрі де әзірге таусылмаған, аса бай Америкалық мифологиялық қазынаның қалыптасуына ықпал етті» деп ағынан ақтарылады.
Бұдан сырт Ти Ноелдің соңында Кубадан Гаити аралына қайтып келген кезде, бұрынғы қожайынның қирап қалған жұртында вудушылардың шөптердің қасиетін білетін Локо атты орман құдайына, кек құдайына, оқ пен мылтық дәрісінің құдайларына тізерлей шөгіп, жалбарынған тұстарын, шайқас алдындағы қасиетті барабандарды ұрғылап, соғыс құдайын шақыратын кездерін толқымай оқуыңыз мүмкін емес. Соңғы тарауында Ти Ноел, жоғарыда айтып кеткеніміздей, құсқа, құмырсқаға, қазға айналып адамдарды және олардың тіршілік ортасын бақылайды, ақыры Макандалдың ұзақ жылдар бойы жануарлар кейпіне еніп жүруіндегі мақсат-бейнетті өмірден қашу емес, керісінше жұртына жақсылық жасаудан туындағанын ұғынған Ти Ноел «өз адамдарына деген махабатына азапты сәттерінде қылау түсірмеген адам өзіне тиеселі ұлылыққа толық қанды қалпында тек жер патшалығында ғана қол жеткізе алатындығын» біліп, қайтадан адам бейнесіне айналады.
Хикаяттан тек ғана Афро-Америкалық құлдардың мифологиялық көркем ойлау жүйесін, ғажайып ғұрып-салттарын, өзгеше наным-сенімдерін оқуға болады екен деген түсінік тумауы керек, бұнда француз ақсүйектерінің жеке ой әлемінен, өзара әңгімелесулерінен, авторлық баяндаулардан негір құлдардан тыс басқа мәдениеттің құдайларын, мифологиядағы қилы сюжеттердің түйіншек шешер сөздерін, орта ғасырлық авторларды, шығарма аттарын, тарихи оқиғаларды, атақты теңіз қарақшыларының есімдерін көп ұшырастыруға болады. Мәселен Карпентьер көтеріліс кезінде жырада тығылып қалған француз қожайынды «құдықтағы догон секілді» деп суреттейді. Догон біздің жыл санауымызға дейінгі Х ғасырда Палестинаны мекендеген көне халық филистимляндардың құдайы болған. Әулие Антони, Грек мифологиясындағы Глатея, інжіл аңыздарындағы әулие Исус Навин, пейіш қақпасының кілтін ұстайтын әулие Петр, тәурәтта айтылатын Ғайсаны көруге келген үш волхтың бірі Бальтасар секілді есімдерді оқуға болады, бірақ бұлардың барлығы жалпақ оқырманға түсінікті, кемінде Алехо Карпентьердің шығарма жазған тіліндегі оқырманға әбден түсінікті жәйттар. Алехо оларды ақ нәсілдердің дүние танымын аңғарту үшін шығарманының әлде бір ұңғыл-шұңғыл қалтарысындағы мән мағынаны ашу үшін (иә,дұрыс, сіз ойлап отырған тағы да бір көмескі мәндерді жарқырату үшін) қолданған сыңайлы. Тү баста айтқандай, хикаяттың тіліне қаратылған барокко стильды ерекшелікті, оның жазу барысындағы ой ағымына да қаратып айтуға болады. Бірақ, бұндай атау терминдарды автор тарқатуды, шұбалтуды мақсат етпейді. Басты тақырып Гаити аралындағы құлдықта езілген қара негр құлдардың дүние-танымы мен мінездемесін, нақтылы істеген ерліктерін, көтерілістерін сипаттауды мақсат етеді. Қорыта келгенде, 1949 жылы жазылған «Жер патшалығы» өз кезіндегі шоқтығы биік хикаят есебінде, шығыс-батыстың қолы жеткен оқырмандарының біразын тамсантқаны белгілі. Шығармадағы мағыналы мазмұндар әлі де болса өз құндылығын жоғалтпайтыны анық.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.