Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Смағұл Елубай. Тәуелсіздік – бәрін қалыпқа келтіру...

10.09.2021 5407

Смағұл Елубай. Тәуелсіздік – бәрін қалыпқа келтіруге тиіс 12+

Смағұл Елубай. Тәуелсіздік – бәрін қалыпқа келтіруге тиіс - adebiportal.kz

Смағұл Елубай 1947 жылы, 9 наурызда Түрікменстан Республикасында дүниеге келген. Елге қоныс аударған қаламгер 1971 жылы ҚазМУ-нің журналистика факультетін тәмамдап, 1975 жылы Мәскеудегі сценаристерді даярлап шығаратын оқу орнында 2 жылға жуық уақыт білім алады. Алматыдағы Қазақфильм киностудиясында шығармашылық жұмыстарға белсене араласып, кейін «Парасат» журналының бас редакторы қызметіне тағайындалады. Жазушы, бірнеше тарихи кинолардың сценарийін жазған кинодраматург, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақ халқының басындағы нәубетті кезең ашаршылыққа қатысты тарихи көркем шындықты бүкпесіз баяндайтын фильм түсіру мақсатында Маңғыстауға ат басын бұрған қаламгермен жасаған сұқбатымызды оқи отырыңыз, құрметті оқырман!

- Смағұл аға, әдебиеттің ең негізгі функциясы қоғамға қызмет ету екенін білеміз. Кеңес үкіметі тұсында социалистік реализмнің шеңберінде қамалып қалған жазушылар сол дәуірдің шындығын айтты. Мәселен, Сәбит Мұқановтың ізбасарлары бұл күнде оқырмандарының көп пайызын жоғалтты десек қателеспейміз. Алайда, құнын жоғалтпаған әдебиеттегі суреткерлердің бірі өзіңізсіз. Кино өнерімен әдебиетті қатар алып жүруіңіз өз құнын жоғалтып алмау жолындағы жазушының күрескерлігі ме?

- Бұл сұраққа жауап берсеңіз, жалпы, әлемдік әдебиетте қалыптасқан тенденцияны айтуға мәжбүр боласың. Жаңағы сіз айтып отырған Сәбит Мұқановтың заманы да, қоғамы да өтіп кетті. Енді, Сәбиттің жазған шығармалары уақыттың дерегі, құжаты ретінде қажет. Сол заманда социалистік реализм идеологиясының қолшақпары болған жазушылар не ойлады, не жазды, халықты неге үгіттеді осының бәрі көп ағаларымыздың шығармаларына тән қасиет болды. Ең қиыны: көп ұзамай сол классикалық қазақ әдебиетінен кейін, заман, оқырман, әдебиетке деген көзқарас түгелдей жүз сексен градусқа өзгеріп кетті. Біз де классикалық әдебиеттің мектебінен өтіп, үш роман жазған ағаңызбыз. Егер де біз елу жыл кейін туып, қазір жазушы болып қалыптассақ ондай үлкен жанрға бармаған болар едік. Шұбалаңқы романнан кейін роман жазуды қойған болар едік. Неге? Өйткені, дәл қазіргі оқырман жиырмасыншы ғасырдың ортасындағы оқырман емес. Ол ғасырда қазіргі технология жоқ болды. Сондықтан, адамдардың уақыты мол, кітаптан басқа қызығы жоқ еді. Ал, қазір оқырман да, оған қажетті әдебиет те басқа болуға тиіс. Әлем әдебиеті осы тенденцияны ерте байқады. Эрнест Хэменгуэйлерден кейін Стивен Кингтердің келуі соның себебі болды. Орысша айтқанда повестер, қазақша айтқанда хикаяттар жазуменен әлемге әйгілі болған жазушы. Әрбір жазған хикаяты бір фильм болып шығып жатыр. Сол сияқты батыс әдебиеті уақыттың лебін бірден сезіп, классикалық шұбалыңқылықтан бірден арылды. Стивен Кингтің стилі, сюжет құруы, тіптен шығармаларының форматына дейін шағын. Артық нәрсе жоқ. Адамның уақытын алмайды. Бірінші сөйлемнен бастап оқысаң аяғынан бір-ақ шығасың. Интригасы мықты. Әлем кино өнерінің осы бір қасиетінің ізінен кетті. Өткен ғасырдың екінші жартысында әдебиет оқырман үшін киномен жағаласып қалды. Кино жеңді. Әдебиет киноның тәсіліне түсті де қалды. Шыңғыс Айтматовтың кез келген шығармасы фильмге айналды. Ол да қысқа жазатын. Бір сексен бет, әрі кетсе жүз бет шығармаларын киносценарийдің стилімен жазған. Өзі өмір бойы кинода істеді. Екінші мамандығымды алғаннан кейін классикалық әдебиет стилінде жазуды доғарып, екі мыңыншы жылдан кейін прозаны доғарып, кинодраматургия саласына кеттік. Бұл кино өнері – болашақтың өнері. Технология дамыған сайын, бұның шыңына көтерілу жалғаса береді. Әдебиеттің жағдайы қиындап қалды. Шынын айту керек. Қазақ әдебиетінің үлкен кеселі – шұбалаңқылық. Бірақ, бәрі уақыттың тезінен шыдамай қалды деуге келе қоймас. Мысалы, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісін» әлі күнге дейін біз оқимыз. Жиырма рет оқыған шығармын. Қысқа форматта жазылған шығармалар бүгінгі күннің талабына төтеп беріп келеді. Ал көптеген қалың-қалың том прозалар бүгінгі күн талабына сәйкес келмей, өкінішке орай, кітапханаларда қалып қалды.

- Саясаттың желі қай тұстан соғатынын аңдайтын флюгер іспетті екі көзқарастың шарпысуынан басталалтын «Ақбоз үй» романы оқырманды өзіне үйіре жөнеледі. Жеке шығармашылық лабораторияңыздағы экспериментіңіз өте жақсы дүниені тудырған. Байқауымызша, Маңғыстау топырағында әдеби туындыңызға қатысты фильм түсіріп жатыр екенсіз. Түсірілім алаңына Үштаған аймағын таңдауларыңыздың себебі бар ма?

- Биыл 1921 жылғы ашаршылыққа жүз жыл толады. 1931 жылғы ашаршылыққа тоқсан жыл толады. Мінекей, осы нәрселерді екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Кемелұлына кіріп айттым: «Екі жылдан кейін айтулы дата келе жатыр. Сол уақытта халықтың алдында қызарып қалып жүрмейік. Есеп беруіміз керек, ашаршылыққа қатысты фильмнің сценарийін әкелдім», - дедім. Ол кісі қолдау көрсетті. Өткен жылы түсірілуге тиіс еді. Індетке байланысты бір жыл жұмыссыз қалдық. Биыл түсірілім басталды. Ал мұнда келіп отырған себебіміз «Ақ боз үйдегі» сюжетке байланысты. Ол ауыл – менің өз ауылым. Қарақалпақстанда туып, Түркіменстан мен Ауғанстанның шекарасында балалық шағымыз өтті. Ауылымның ашаршылық жылдары басынан кешкен оқиғасы. Оқырмандар біледі. Індет болмағанда өз ауылымда түсіруге тиіс едік. Қоңырат деген қала, Қарақұм... - тура біздің елдің барған жері, көрген жері. Халық сол жерден ашаршылыққа ұрынып, кейін қайтады. Індетке байланысты бару мүмкін болмай, біз Қазақстаннан «Қарақұм» секілді құм іздедік. Алдымен Сенек ауылынан, кейін Үштағаннан таптық. Ауылды құмның ішінде орналастыру керек болып, Сенекте құмға кіретін көлік және жүк артатын түйе таба алмадық. Ауылдың ақсақалдарына алғысым зор. Шамасы келгенше көмектесті. Техникалық себептерге байланысты Үштағанға келдік. Сонсоң, бұл ауылда жуас түйе бар екен. Түйеге жүк артып, құмның ішіне он-он бес үйдей тігіп, ашаршылықтан қашқан халықтың оқиғасының бастау алған жерін түсіреміз. Келген себебіміз осы.

"Ақбоз үй" фильмінің түсірілім алаңынан

- Кейбір әдеби сыншылар көркем әдебиеттің тілі «малға» толып кеткенін айтқанымен, «Ақбоз үйдегі» Шойынқараның жарауын сипаттауыңыз рухты күйді еске түсіріп, ғажап әсер береді. Дәл осы эпизодты кино барысында түсіру мүмкін еместей көрінеді. Түсірген жағдайда, әдебиеттегі сипаттауыңыздан солғындау шығатын секілді. Немістің ұлы ақыны Гете өмірдің өзі жап-жасыл болғанымен, теорияның сұрғылттығын айтады. Киноиндустрия қанша жерден үстемдік құрғанымен, әдебиеттің бергенін бере алады ма?

- Әрқайсысының өз орны бар. Әдебиеттің мүмкіндігін кино бере алмайды. Ал киноның беретін мүмкіндігін, технологиялық басымдығын әдебиет бере алмайды. Кино тіршілікті тірілтеді. Өткен заманды көз алдыңа әкеледі. Сондықтан, көрермені көп. Әдебиетті тек қиялмен ғана көресің. Романның алғашқы бөлімін 1991 жылы Қарақияның ар жағында режиссер Дамир Манабаев түсірген. Фильмді көріп: «Әй, ашаршылық қайда?» - дедім. Ақша жетпей қалғанын айтты. Фильмнің соңғы бөлімі «Ғарасат майданы» деп аталады. Халық құмнан шығып, қалаға қарай шұбыратын тарауды енді түсіреміз.

- Адами факторлар бұрмаланып, социалисттік принциптің табанына салып беретін қаскөйлердің прототипі айналаңыздан табылды ма?

- Негізінен, кітаптағы жағымды-жағымсыз кейіпкерлер біздің өмірде көрген, естіген адамдарымыз. Кеше ғана Үштағандағы бір ақсақалмен әңгімелесіп отырсақ, біздің ауылда Қаңғабай деген мерген болған дейді. Мен осы аңызды бала күнімде есітіп, «Бұлыш мерген» қылып алып едім. Ауылда өскен бала болғандықтан, бәрін құлаққа құйып өстік. Бәрі өмірде болған адамдар. Бүгінгі күнгі адамдардың ішінде де жағымды-жағымсыз кейіпкерлер бар. Зейнолла Қабдолов дейтін жазушы ағамызға іні болдым. Оныншы сыныпта жүргенде сол кісінің табалдырығын аттадым. Марқұм Сәуле апай бізге қоғамтанудан сабақ берді. «Ағаңмен таныс», - деп үйіне алып барған еді. Көсем, ерекше мәдениеттің иесі, сөзді де баптап сөйлейтін ерекше адам болатын. Бас кейіпкерім Пахрадиннің бейнесі Зейнолла Қабдоловтың жүріс-тұрысынан, портретінен алынды.

- Ашаршылықты көріп өскен адамдар шүкіршіл келеді. Қазіргі зиялы қауым ақсақалдарын соңғы буын жастар «әсіре шүкіршіл» деп сынап жатады. Романыңызда «нан болса – басқа уайым қайғының түк емес екендігі» айтылады. Сіз көне көздерді де, жастарды да көрдіңіз. Қайсы буынның танымы ақиқатқа жақынырақ?

- Кешегі өмірден өткен Герольд Бельгер деген ағамыз жер аударылған немістерден ғой. Бала кезінде қазақтардың шарапатын мол көрген. Өле-өлгенше айтып өтті: «Қырқыншы жылдардағы қазақтар жоқ, қазір жоқ. Олар ерекше мейірімді болатын. Төңірегіндегі жұртқа өз жағдайлары төмен болса да көмектесетін», - деп. 1941 жылдары олар келгенде Қазақстанда әлі ашаршылық боп жатты. Бір түйір бидайдың сабағын тергені үшін адам түрмеге түсетін. Қараңыз, демек аштық деген сөз ғой.

Жоқшылық елуінші жылдардың басына дейін созылды. Бірақ, халықтың иманы зор болды. Ол арғы жақтан келе жатқан қазақтардың иманының іргесі сөгілмеген заман болды. Қаншама құдайсыз қоғамды орнатамыз деп елді азғырып, молдаларды, ишандарды қудалағанымен бәрібір халықтың Алласынан жаңылмаған заман болды. Дәл қазіргі уақытта бәрі үзіліп қалды. Гера ағамыз: «Қазіргі қазақтар – олар емес», - деп ашуланумен өтті. «Қазіргі қазақтың не діні жоқ, не тілі жоқ, не дәстүрі жоқ. Маған ұнамайды. Біресе, неміс болғысы, біресе ағылшын, біресе орыс болғысы келеді. Жоқ, «қазақ – қазақ болуы керек», - деп айқайлаумен өтті. Неге қазақ солай болды? Неге құбыласынан жаңылды? Оны жаңылдырды. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы үш ашаршылықтан кейін елдің еңсесі езілді, Голощекин мен Сталин оны табанға салып таптады. Бұл жерде өзге халыққа өкпелеуге болмайды. Сталин де, Голощекинде расын айтқанда – орыс емес. Бұлар партияны қолшоқпар қылды. Компартия қазақты есінен тандырды. Ұлт ретінде жойылып кетуге шақ қалды. Революцияға дейінгі қазақтардың қанша болғаны жөнінде бұрын айттырмайтын. Нақты деректер енді-енді ашылып, көзге түсіп жатыр. Менің өз басым екі деректі білемін. Бірі, жиырмасыншы жылы құрылған қазақ автономиясының тарих институтын басқарған Александр Шелочников атты тарихшының «Очерк история киргизского-казахского народа» деген кітабы бар менде. Сонда революцияға дейінгі қазақтың саны сегіз жарым миллион екендігін жазады. Құпия дерек әлі жарияланбай жатыр. КСРО-ның мұрағатында «Октябрь революциясының архиві» атты тағы бір архив бар. Ішінде «он үште сексен» деген делоның ішінде нөмірі «бірінші» папка жатыр. Сол папкада былай жазылған: «Қазіргі Ресейде тұратын түркі халықтарының ішіндегі ең көбі қазақтар боп саналды. Олар екі миллион үш жүз квадрат шаршы верст жерді алып жатыр. Халқының саны он миллион» деп гриф қойған. Ал енді сұрақ туады. Неге мұны құпия қылып ұстайды? Болған шындықты жария қылмай ма? Жоқ. Олай емес. Құпия қылатын себебі, он жетінші жылы большевиктер келгеннен кейін, он тоғызыншы, жиырма бірінші, отыз екінші жылы сұмдық алапат ашаршылық болған. Он жеті жылдың ішінде бес миллион қазақ қырылды. Мінекей, бұл – компартияның ең үлкен қылмысы. Қылмысын ашқысы келмегендіктен, «құпия» деген гриф қойды. Жерді бөлшектеп, ұлтты жан-жаққа таратып жібергісі келді. Жалпы, сталинизм Қазақстанға шүйлікті. Мың тоғыз жүз қырық төртінші жылы Сталин «түркі тарихы зерттелмесін» деген бір қаулыға қол қойды. Сонсоң, Бекмахановтан бастап тарихшылар түрмеге топылдап түсе бастады. Айналып соққанда бәрінің нәтижесі қазақтың орыстануына жол ашты. Тарихи санасын мәңгүрттендіру керек болды. Үлкен қалалар Алматы, Нұр-Сұлтанда қазақ тілінің жағдайы өте нашар. Тіптен совет заманындағыдан да кері кетті. Масқара жағдай. Жұрт өз ана тілін, мемлекеттік тілді менсінбейтін жағдайға келді. Әлі күнге Алматының көшелерінен немересімен орысша шүлдірлесетін кемпір-шалдарды көп көремін. Большевиктік тоқпақтың төмпешінен шыққан халықтың сормаңдай тағдыры. Тәуелсіздік бәрін қалыпқа келтіруге тиіс. Онсыз қадір-қасиетін жоғалтады. Тілді де, дәстүрді де, тарихты, ұлттық құндылықтардың бәрін қалыпқа келтіру қажет. Ұлтты ұлт ететін – оның тарихи құндылықтары. Экономика содан кейінгі орынға тұруы ләзім.

- Жаңа тарихқа барып қалдыңыз. Смағұл аға, «Қызыл Отау», «Сұрапыл Сұржекей», «Батыр Баян», «Кек», «Қазақ хандығы», «Алтын тақ» секілді тарихи көркем фильмдердің сценарийін жаздыңыз. Ұлттың алдында азаматтық парызыңды ақ адал өтедіңіз. Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөлісе аласыз ба?

- Әңгімемнің басында мемлекет басшысының алдына кіріп, батасын алғандығымды айттым. Өйткені, мемлекет тапсырыс беріп, қаржылай қолдау көрсетіп отырғасын алдағы жүз жылда осы фильм бойынша есеп береді. Уәде берген адамдардың алдында мен және ұлым, режиссер Бекарыс Елубай есеп береміз. Фильмді аман-есен түсіру жолында қиындықтар бар. Жаңа айтып отырмыз ғой, құмға кірудің өзі мұң боп қалды. Құдай қаласа бәрі ойдағыдай болады деген үміттемін. Одан ары қарай үлкен жобамыз бар. Мемлекет басшысы тарапынан тапсырыс алып, тағы бір «Алтын Орда» деген фильмнің сценарийін жаздық. Америкамен бірігіп түсіретін халықаралық жоба болғасын талқылану үстінде.

"Ақбоз үй" фильмінің түсірілім алаңынан

- Сіздің «Ақбоз үйіңіз» испан тіліне аударылып, испан еліндегі шығармашыл адаммен тілдескеніңізде «өте нашар аударма» екені айтылыпты. Бұдан соң қуанышыңыз су сепкендей басылыпты. Осы жағдаяттан соң әдеби агенттер болмай, сапалы аудармадан үміттенбеуіміз керек екенін мақалаңызда жаздыңыз. Осыған қатысты көзқарасыңызбен бөліссеңіз?

- Шет елде бірнеше тілді білетін әлемдік рынокты, кітап саудасын, қандай кітап қай елде өтімді екенін білетін әдеби агенттер баяғыдан бар. Мысалы, қазақ жазушысының шығармасы Испаниядан шығатын болса, Испаниядағы кітап шығаратын баспамен тікелей байланысып, аудармашыны да сол елден табады. Бізде олай емес, кітап өзімізден шығып, компьютермен аударылған. Осындай келеңсіз жағдай болғаны рас. Бірақ барлығы олай емес, испан тіліне аударылған мезетте ғана. Қазақстанда әдеби агент инсититуты әлі құрылған жоқ. Жазушылар кітап сатумен емес, өтімді кітап жазумен айналысуы керек. Қай елде шығады, ганорары қандай, интернетте таратылуымен айналысатын жазушылардың әдеби агенті болуы тиіс. Және кітап табысыңызбен бөліседі. Бүкіләлемдік әдеби ағымнан хабардар, өз шаруасын профессионалды түрде атқарып, кітаптың шет елде оқылатынын, оқылмайтынын алдын ала біліп отырады. Өкінішке орай бізде бұл әлі қалыптаса қоймады...

- Уақыт тауып, шынайы сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар