Биылғы Қазақстан драма театрларының республикалық XXVIII фестивалі КСРО Халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналып отыр. Сондай-ақ, фестиваль аясында Қазақстанның Халық артисі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар да ұйымдастырылды.
ҚАДЫР ЖЕТПІСБАЕВҚА АРНАЛДЫ
Фестивальдің алғашқы күнінде Қаллеки театрының басында тұрған тұлғалардың бірі, режиссер, Қазақстанның халық артисі, өзінің аз ғұмырын түгелдей театр саласына арнаған Қ.Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Сонымен бірге Қ.Жетпісбаевтың «Бала мерген» спектаклінің премьерасы қойылды. 1999 жылы марқұм болып кеткен Қадыр Жетпісбаев кезінде республиканың түкпір-түкпірінде, айталық, Шымкент облыстық драма театрында, Атырау облыстық драма театрында, Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, академиялық драма театрында, осы Астана театрында қажырлы еңбек етіп, сахналарда айтулы спектакльдер қойған адам. Мысалы, Ақмола облыстық орыс драма театрында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», Семей облысы орыс драма театры мен Қостанай облыстық драма театрында Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің», ұйғыр музыкалық драма театрында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегін», Ақтөбе облыстық орыс драма театрында М.Әуезовтің «Хан Кене» спектакльдерін қойған.
Қадыр Жетпісбаев есімін есте қалдыруға арналған кітаптың авторы Амангелді Мұқанның айтуынша, «Бала мерген» пьесасы 1980 жылы 10 мың данамен шыққан екен, бірақ ол кітапты қазіргі уақытта кітапханалардан табу мүмкін емес көрінеді. Сондықтан автор Қадыр Жетпісбаевтың пьесаларын бір кітапқа жинақтап, қайтадан шығаруға бел байлапты. «Бұл кітаптың құндылығы – балалар мен жастарды тәрбиелеуде таптырмайтын құрал болмақ» деп есептейді ол.
«ШОЛПАН-ЖҰЛДЫЗ» ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Түстен кейін Ерғазы Төлеудің «Шолпан жұлдыз» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шолпан Жандарбекованың өзі тәрбиелеген шәкірттері, бүгінде театр қайраткерлеріне айналған бір топ өнер адамдары естелік айтты. Қарағандының беделді адамдарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Кенжебалақызы актрисаның атын ардақтап, есте қалдыру мақсатында туған жерінде атқарылған шаруалар туралы айта келіп, ұйымдастырушыларға жылы лебізін білдірді. Қуанышты жаңалық - Қарқаралы ауданындағы мәдениет сарайына Шолпан Жандарбекова есімі беріліп отыр.
ҚР Халық артисі, профессор Тілектес Мейрамов: «Апай екі мәрте қатарынан Баянауыл округінен Қазақ кеңестік социалистік республикасының жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Депутат болмай жүрген кезінде де ауыл мәдениетінің өркендеуіне көп үлес қосты» - деп, ұстазының қайраткерлік еңбегі жайында айтып өтті. Халық артисі Алмахан Кенжебекова оқуға түскен кезден бастап көз алдында қалған ұстаз бейнесі туралы сағыныш пен толқынысқа толы әсерлі әңгімесін тебірене жеткізді. Оның әңгімесінің тыңдаушыларға әсер еткені сондай, зал сілтідей тынып қалды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино артисі Бекжан Тұрыс ұстазы туралы «өнердегі анам» дей отырып, ұстаз бен шәкірт арасындағы ең биік сыйластықтың белгісіндей әсерлі естеліктер айтып, ұстазының ауруханада жатқан кезінде өзіне айтып кеткен аманаты жайында сыр шертті.
Ерғазы Төлеу құрастырған «Шолпан-жұлдыз» деректі-танымдық жинақ 500 данамен Астана қаласындағы «Кәусар» баспасынан шыққан. Бұл еңбектің құндылығы – актриса Шолпан Жандарбекова туралы әр жылдарда басылым беттерінде жарияланған мақалалар жүйелі түрде жинақталып берілген. Сондай-ақ, шежіре іспетті фотосуреттер де жеткілікті. «Жәдігер жазбалар» бөлімінде Шолпан Жандарбекованың өз тағдыры жайында баяны, өнердегі жолы қалай басталғаны туралы, Бикен апай туралы естелігі, жары Құрманбек Жандарбековтің де естелігі берілген. Құрманбек досының қасында бірге жүріп, талай қиын кезде қолдау білдірген Қанабек Байсейітовтің де естелігі бар. «Жүрекжарды» деп аталатын екінші бөлімде Шолпан Жандарбекованың кісілік қасиеті, ерекше бекзат болмысы, сахнадағы сәулелі шақтары туралы бірге жүрген замандастары, сахнада бірге өнер көрсеткен көзкөргендері естелік айтады. Айталық, ҚР Халық артисі Райымбек Сейтметовтің, ҚР Халық артисі Нүкетай Мышбаеваның, ҚР Еңбек сіңірген артисі Салиха Қожақованың естеліктерін тебіренбей оқу мүмкін еместей, адамның қадіріне жету деген мәселеге еріксіз ойланасың. «Сөнбес сәуле» дейтін үшінші бөлімде театртанушылар мен театр сыншыларының өнер қайраткері Ш.Жандарбекованың актерлік шеберлігі, сахнадағы бейнесі туралы жазған дүниелері енген.
Әр тойдан игілік пен өнеге қалуы тиіс, мысалы, айтулы өнер қайраткері жайында жақсы кітап шығарылса, ол естелік болып қалады. Театр сахнасында 200-ден астам образды сомдаған, ұлттық театр және кино өнері тарихында із қалдырған, өмір бойы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық етіп, әртістердің алып шоғырын тәрбиелеп шығарған адам туралы шығарылған кітап та іші-сырты әдемі, мазмұнды болуы шарт. Кітапты қолымызға алып, ақтарып, оқып көрдік, бұл тек бір адам туралы естелік емес, сахна өнерінің кезеңдері туралы мағлұмат беретін, өнерге адалдық, өмірдегі кісілік, сыйластық, кәсіби шеберлік, еңбек жолындағы күрес туралы айтылған жақсы кітап екен дедік.
ОН ТЕАТР ҚАТЫСАДЫ
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудырдың айтуынша, фестивальге қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 27 театр ұжымы өтініш білдіргенімен, сарапшылар кеңесінің шешімімен он театр ғана өнер көрсетеді. Олар: С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры; Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры; А. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры; Ф. Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры; Ақмола облыстық орыс драма театры; Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драмалық театры, Қ. Қуанышбаев атындағы театр; С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры; М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театры; Түркістан музыкалық-драма театры; республикалық академиялық Неміс драма театры қатысадыФестиваль қазанның 23-іне дейін жалғасады.
«Әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша үздік екінші пландағы актриса/актер, үздік актер/актриса, сахналық шешім яғни декорацияларды бағамдайтын, үздік режессура және үздік спектакльге арналған жеті номинация берілетін болады. Фестивальдің ең үлкен жүлдесі - миллион теңге қаржылай сыйлық» - деді Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудыр.
Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIIІ республикалық фестивалінің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев: «Бүгінгі фестиваль – еліміздегі ең ауқымды мәдени жобалардың бірі. Талай талантқа тұғыр болған осынау театр жәрмеңкесін көрермендер асыға күтеді. Жас режиссерлер мен актерлер кәсіби шыңдалып, ал аға буын өз тәжірибесін ортаға салатын фестиваль. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Шығармашылықты шыңдап, ой, тәжірибе алмасатын айтулы театр фестивалі мерекесін ашық деп жариялаймын. Сүйікті көрерменді сахна сиқырына бөлей беріңіздер», - деді.
Көрермендер фойеде актриса Ш.Жандарбекованың шығармашылық ғұмырынан сыр шертетін көрмедегі нешетүрлі фотосуреттерді тамашалады. Сонымен бірге «Алтайдан ауған ел» (авторы: Х.Алтай, Х.Оралтай, режиссері: Ф.Молдағали) қойылымын көрді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.