Қазақстанның Халық жазушысы, талантты ақын, кәсіби аудармашы Қуандық Шаңғытбаев – қазақ позиясында өзіндік орны бар тұлға. 1925 жылы 21 наурызда Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Үстіміздегі жылы туғанына 100 жыл толып отырған арқалы ақынның өмірдерегіне, шығармашылық ғұмырнамасына үңілсек, тағдырлы қаламгердің даңғыл жолы мен бұралаң соқпағы алмасып отырғанын байқаймыз, кеңестік саясаттың салқыны айналып өтпегенін аңғарамыз.
Алғашқы кітабы баспаға ертерек, дәлірек айтсақ, Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде оқып жүргенде-ақ ұсынылғанымен, саяси астар іздегендердің шылауына ілігіп, 1945 жылы ұлы Мұхтар Әуезовтің араласуымен «Ар» деген атпен жарық көреді. Одан кейін жарық көрген «Аққу әні», «Арма, республикам», «Лирика», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы», «Махаббат пен ғадауат» және т.б. лирикалық кітаптары да оқырманын рухани ләззатқа бөлегені анық. Аудармамен айналысты, драмалық шығармалар жазды. Ақын туындылары әдеби ортада танымал болды, оқырман қауым да жылы қабылдады.
Болашақ қаламгердің студент кезінен-ақ жазу-сызуға бейімділігін байқаймыз. Ұстазы Мәулен Балақаевпен бірігіп қазақ тіліне арналған оқулық жазады. Университет қабырғасында жүріп атақты «Абай» романының редакторлығына ұсынылып, ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың өтінішін екі етпейді. Романның ертерек жариялануына септігі тиеді. 1942 жылы жарияланған романның Бейсекеңе таяқ болып тигені мәлім. Бұл жайттың жас ақынның да жүрегіне қаяу салғаны анық. Әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбек бұл мәселенің мәнісіне естелік-зерттеулерінде арнайы тоқталғанын білеміз.
Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен жарияланған «Ар» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көргенін айттық. Алаштың қабырғалы қаламгері Әуезов бозбала ақынның бояулы өлеңін жылы қабылдайды. «Қуандық құлақ күйі отаншыл, халықшыл қызулы лирик болғандай. Көп жүрегін өзінен, өз жүрегін көптен тапқан саналы сезімталдық бар. Бұнысы да Қуандықтың барар аңғарын тұйыққа тартпай, ашық, күнес өріске тартатындай», – деп ақын болашағынан үміт күтетінін жасырмайды. Алғашқы адымынан-ақ сыршылдығымен танылған Қуандықтың бұл жинағы әдеби қауымға кеңінен танымал болады. Ар мен абыройды жырлаған, ұлтына деген сүйіспеншілігін сездірген ақынның осы ұстанымы өміріне серік болды. Өлең өлкесіне «Мен – қазақ! Мен – қазақ! Тал бойымда – қазақ қаны, /Кеудемде – мейірбанды қазақ жаны;/ Салдыртып сар белінде Сарыарқаның /Жаңғыртып салған әнім – қазақ әні, - деп жар сала келді ақын. Ақын қолжазбасымен етене танысқан Әуезов: «Бұл кішкене жинақ – көп еңбектің және, әсіресе, үлкен талаптың айғағы. Жас ақын Қуандықтың оқушы жүртшылықпен тұңғыш ұшырасуы осы жинақтан басталып отыр. Еңбек көркі – жемісте. Және еңбек көркі сол жемісті жетілтем деген жалында. Қуандық жинағындағы «Едігенің елмен қоштасуы», «Бауыржан Момышұлына», «Мен - қазақ», «Қоштасу», «Қауышу», «Жас партизан сыры», «Сүттей жарық жазғы түнде», «Жастық дәуренім», «Тұрған ем-ау құшағыңда» деген сияқты көптеген өлеңдері сол жалынды сездіреді. Ақындық шын сезімнің жалынын танытады. Іздену бар. Сол ізденуіне серік –тірек мол білімі бар, тілі орамды жас ақын келешегінен анық жақсы үміт еткізеді», – деп батасын берді.
Ар! Сен сау болсаң, сана, сабыр, сарқылмас,
Әділетімнің толы арнасы тартылмас,
немесе:
«Тәңірім — ар, соған ғана бағынам,
Жалбарынам, жалғыз соған жалынам», – деп қылышынан қан тамып тұрған кезеңде батыл үн қатқан ақынды елі шын сүйді. Әрине, «Абайды» шығаруға атсалысқан, «Мен – қазақ» деп өлең жазған ақынның ұлтшылдығын биліктің қоштай қоймағаны анық. Бұл туралы ақынның замандас інісі Қадыр Мырза Әлі былай дейді: «Сол кездің көзімен қарағанда, «Ар» сияқты өлеңдер кітабын жазу, жазып қана қоймай, бастыру – барып тұрған батырлық, көзсіз ерлік болатын». Әдеби ортадан алыстатудың айла-тәсілдерінен құтыла алмай, амалсыз елге кетеді. Екінші жинағының ширек ғасырдан соң жарық көруінің сыры да осында жатса керек.
Мінекей, мынау қу сабау,
Қаңсыған, күнге қақталған,
Сырын сен оның білсең-ау!
Жоғалмай, қалай сақталған?
Келеді еміс елесі
Балалық балғын жас кездің.
Сөгіліп сезім көбесі,
Тамады жасы аш көздің.
Туған елінің тауы мен тасына, өзені мен көліне, домбырасы мен киіз үйіне ғашық ақынның балалық шағының куәсіндей, көне дүниенің көзіндей болған сабау туралы өлеңі үшін де «сабалғанын» біреу білсе, біреу білмес. Ескіліктің көзі «қу тақтайды» дәріптегені үшін датталды.
«Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ, / Сүйемін жерімді абат, елімді азат. / Жолыңа жаным пида, тума мекен, / Бір саған бағышталған пейіл таза, ақ!», – деп ағынан жарылған ақынды алғашында жатырқай қабылдаған үркердей топ бәрібір қоғам ығына жығылды, ақын туындылары әкімшіл-әміршіл жүйе қыспағынан ығыр болған халықтың үмітін, сенімін оятуға сеп болды. Кеңестік кезеңдегі тәртіпке бойұсынбай, ұлтының болашағынан үмітін үзбеген қайсар ақынның айтары аз болмады. Аз жазса да, Арына кір жұқтырмай, артына дақ қалдырмай, саз жазды. Шығармаларының сыршылдығы мен шынайылығы көптің көңілінен шықты, ұлт ақыны деңгейіне көтерілді.
«Ар», «Туған жер», «Еділ», «Пейзаж», «Қыз қуу», «Жаңбырдан кейінгі Алматы», «Менің автопортретім» т.б. өлеңдері ақындық әлемінің, көңіл көкжиегінің кеңдігін байқатады. Әлемге ақын көзімен қарап, айналасынан шуақ іздейді. Өткен күндер елесін сезінеді, бүгінгі өмірінің мәніне, тереңіне үңіледі. Ал болашағын ұлтының, ұрпағының бостан халімен байланыстырады. Елі мен жерінің амандығы мен тыныштығын тілейді, адамының сүрінбеуін, ауасының бүлінбеуін ойлайды. Талайлардың Музасы болған ару қала Алматыны ақын өзгеше көзбен қарап, жаңбырдан кейінгі жағдайын өзінше бақылайды.
Ару қала салқындап тұр жеп-желең,
Көшелерге көл орнады көлденең.
Көл бетінде ақ торқа бұлт шомылып,
Көл түбінде аспан жатыр көлбеген.
Өлең өлкесіне өзіндік «менімен» келген ақынның ақ-адал пейілі кемімейді. Арлы досқа қоң етін кесіп берем десе, тасыр, кеудемсоқ жандарға кеудесін бастырмайтынын да анық айтады, достыққа адалдықпен қарауға үндейді.
Драматургия саласындағы еңбектері өз алдына бір төбе. Әсіресе комедия жанрының шырайын кіргізген «Беу, қыздарай», «Ой, жігіттер-ай» пьесалары тек қаламгердің ғана емес, күллі қазақ руханиятының олжасына айналды. Театр сахналарында үздіксіз қойылды, көрермен қауымның көзайымына айналды. «Беу, қыздар-ай!» комедиясы жастардың қарым-қатынасынан сыр шертетін, сыпайы әзілге, жылы юморға құрылған туынды ретінде кеңінен танымалдыққа ие болды. Еңбек озаты Айсұлудың суретіне ғашық болып, өзін іздеп шыққан сері жігіттердің сергелдеңге түскені оқиғаны ширата түседі. Ауылына іздеп келсе де, Айсұлудың өзін танымай, қара басады. Күнсұлу, Нұрсұлу, Жансұлулармен танысқан ақын, суретші, ғалымның ебедейсіз іс-әрекеттері күлкі тудырады. Қылықты қыздардың сері жігіттерді әуре-сарсаңға түсіріп, ауылға алып қалуға жасаған ойнақы әрекеттері де нанымды шыққан. Сол кезеңнің сәтті шыққан туындыларының қатарында театр репертуарларынан берік орын алғаны да ақиқат.
Көптеген ән мәтіндерінің авторы ретінде де ел арасында таанымалдыққа ие болды. Ақын сөзін жазған «Екі ғашық», «Туған ел», «Ойыл толқыны», «Көктем вальсі», «Қайдасың сен?», «Жан ерке» т.б. әндерді тыңдарман қауым жылы қабылдады. Әсіресе образға толы, ойлы «Екі ғашық» әні бүкіл қазақ даласын тербеді. Түнгі самал егін басын тербейді /Алыста қыр қарауытып көлбейді /Айдың нұры баяу ғана дірілдеп /Тың алқапты көкшіл шұғыла кернейді, /Айлы дала салқын самал тамаша/ Екі ғашық қол ұстасып келе жатыр оңаша. Сүйген жандардың іңкәр сезімін аялаған ақынның өлеңіне жазылған Сыдық Мұхамеджановтың әні де үйлесе кеткенін көреміз. Бүгінгі таңда да бұл әндердің тыңдармандары баршылық.
Аударма саласында да өнімді еңбек етті. Шығыс шайырларын, батыс классиктерін тәржімалады. Хафизді, Хайямды, Лермонтовты, Гейнені, Бернсті жатық тілмен қазақша сөйлетті. Сонымен қатар ұйғыр ақыны Хизмет Абдуллиннен, үнді ақындары Бхартрихаридан, Али Сардар Джафридан, пәкістандық Файз Ахмад Файздан, ирандық Надирпурдан, вьетнамдық Хо Ши Миннен, өзбек ақыны Миртемирдан да шұрайлы жырлар аударған. Өзіне тән сыршылдықпен, сезімталдықпен аударылған туындылар әдеби қазынамызды толықтырды. «Евгений Онегинді» толық аударып, оқырман ілтипатына бөленді. Мамандар тарапынан аударма деңгейі жоғары бағаланды. «Ақын-аудармашы ретінде мен Қуандық Шаңғытбаевты пір тұтам. Оның «Евгений Онегині» – түркі тілдерінің ішіндегі ең озық аударма. Өз алдына дара тұрған әдеби ерлік!», – деп Қадыр ақын шынайы бағасын берді. Ақын шығармашылығы, оның қазақ поэзиясындағы өзіндік орны, көркемдік нәрі мен суреткерлік қыры, құнарлы тілі жөнінде дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, Тәкен Әлімқұловтан бастап Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Тоқбергенов, Есенғали Раушанов, Ертай Ашықбаев т.б. қаламгерлер Қуан аға талантын мойындап, қадау-қадау пікірлер айтты.
Қаламгердің әдебиет майданындағы ұзақ жылдар бойын ізденісінің нәтижесіндей таңдамалы көптомдықтары жарық көрді. Мәселен, кітаптың 1-томына 1925-58 жылдар аралығындағы әдеби мұрасы іріктеліп алынса, 2-томына драматургия мен музыка саласындағы еңбектері енді. 3-томына 1974 жылдан кейін жазылған туындылары, ал 4-томына Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» өлең-романы енгізіліпті. Кейінгі томдары(5,6,7) батыс, шығыс, түркі дүниесінің классиктерінен аударған тәржімаларымен толыққан.
Ақын «Менің автопортретім» өлеңінде өзі туралы былай дейді:
Басы – қар, бауыры – абат таумын, байқа,
Заңғармын о заманнан, заумын, байқа,
Дос болсаң, қоң етіме мейірім жоқ,
Ал егер нәкес болсаң, – жаумын, байқа.
Қуандық Шаңғытбаевтың ақындық кредосы – айқын, өлеңге қояр талабы анық. Ұлт тілінің құнарын мейлінше сіңірген ақынның өлеңнің құндылығына кір шалдырғысы келмейді. Гәуһар сөзден маржан тереді, зерлі кілемнің бояуын түгендейді, асыл сөздің қадіріне бойлайды.
Нұр қағып күннің көзінен,
Жұлдызды жұлқып үздім мен.
Қазақтың гәуһар сөзінен
Өлеңнің зерін ыздым мен...
Қазақ халқының біртуар перзенті, көрнекті ақын, драматург, аудармашы Қуандық Шаңғытбаевтың әдеби мұрасы ел игілігіне айналып, суреткер қаламгер ретінде қазақ әдебиетінің тұғырынан берік орын алған қаламгерлердің қатарында екенін сеніммен айта аламыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.