Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Сұлтанбек Құдайберген. Әркімнің туған жері – Мекке...

22.11.2023 1261

Сұлтанбек Құдайберген. Әркімнің туған жері – Мекке шәрі 14+

Сұлтанбек Құдайберген. Әркімнің туған жері – Мекке шәрі - adebiportal.kz

Ақын, өлкетанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Сұлтанбек Құдайбергенмен жасалған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Сұлтанбек Құдайберген  1978 жылы Маңғыстаудың Қосбұлақ ауылында дүниеге келген. Ақын, журналист. Бірнеше жылдар Маңғыстау облысының БАҚ-да, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығында түрлі қызметтер атқарған. 2021-2023 жылдар аралығында Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарды. Қазір облыстық «Маңғыстау» телеарнасы директорының орынбасары. 

Өлеңдері облыстық республикалық, баспасөздерде жарияланып, Маңғыстау шығармашыл жастарының «Жыр керуен» (2002) жинағына енген. «Бану-көктем» (2007) жыр жинағының, бірнеше ғылыми-зерттеу кітаптарының авторы. Халықаралық «Каспий – достық теңізі» фестивалінің лауреаты, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің арнаулы сыйлық иегері.

– Өлкетану дегеніміз белгілі бір өңірдің табиғаты мен халқын, шаруашылығы мен тарихын,  мәдениетін зерттеумен шұғылданатын ғылым мен мәдениет саласы деп түсінеміз ғой. Осы тұрғыдан алғанда, біз өзіңізді Маңғыстаудың арғы-бергі тарихын,  музыкалық бай мұрасын зерттеп жүрген өлкетанушы деп білеміз. Бұл саланың өз қызығы мен қиындығы қандай? Сізден де өзге Маңғыстауды зерттеп жүрген замандастарыңыз бар ма?

– Бұл бір қызық тақырып. Бір өлкетанушы замандасым шежіре (генеалогия) бағытын зерттейді. Екінші зерттеушілеріміз қабір үстіндегі жазуларды (эпитафия) оқудың маманы. Маңғыстауда аспан астындағы тарихи сәулет ескерткіштерін қорғап, күтімге алып отыратын арнайы мекеме жұмыс істейді. Ол – «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» деп аталады. Нұрлан Құлбай есімді жергілікті өлкетанушы басқарады. Көне тастардағы жазбаларды саулатып оқи беретін кәнігі маман. Бір кітабы шықты. Ол өзі мұрағаттарда сақталған ескі шағатай тіліндегі жазбаларды оқуға да дағдыланып алған. Айтқым келгені, жергілікті өлкетанушылар осындай жекелеген бағыттарды  зерттеп жүр. Бастысы, менің замандастарымның бұл бағытта белсенділігі жоғары. 

Біз, жыршы Ақылбек Тасқараұлы екеуміз өлкенің дәстүрлі музыкалық мұрасын зерттеуге ден қойғанбыз. Жоғарыда айтып өткен Нұрлан Құлбаймен еліміз бен шетел архивтеріндегі Маңғыстау туралы деректерді қаузадық. Тбилиси, Орынбор архивтерінде болдық. 

– Өзіңіз айтып өткендей, өлкетану саласына жергілікті зерттеушілер әр қырынан келіп жатыр ғой. Бүгінге дейін осы салаға қосқан өз еңбегіңізді білуге бола ма? 

– «Әркімнің туған жері – Мекке шәрі» дегендей, әр өңірге өлкетанушылық қажет деп есептеймін. Құдайдың берген абыройы ғой, бердім деп берсін... Маған бірсыпыра марапаттар берілді. Оларды Маңғыстау өлкесінің дәстүрлі музыкалық мәдениетін зерттеудегі талабым үшін берді деп ойлаймын. Бұл бағытқа 1997 жылдан бері түстім. Мен Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданына қарасты Қосбұлақ ауылында дүниеге келгенмін. Сол ауылда үйі көрші тұратын, бесаспап өнерпаз, жыршы Ақылбек Тасқараұлы атты іні-досым бар. Екеуміз бала кезімізден Маңғыстаудың музыкалық мұраларына қызығып бастадық. Ақылбектің әкесі жыршы, ат баптаған сейіс, халық емшісі, ұста, сегіз қырлы бір сырлы кісі болған. Халық емшісі, әулие Мыңкісі атаның тікелей тұқымы. Ақылбек жас кезінен мықты жыршылардың қасына серік болған, өзі де жыр айтады. 

Менің өз әкем Нұрдаулет деген кісі де жыршы болған адам. Дәстүрлі музыкалық мұраны зерттеуге деген қызығушылығымыз қанмен берілген шығар. Біз Ақылбек екеуміз жұмысымыздан ләззат алып, ешкімнен ақша сұраған жоқпыз. Ақша сұрау қажет деген түсінік тіпті де болған жоқ. Себебі, біздің жүрегімізде осы іске деген махаббат, алдымызда үлгі, ұстаз болды. Бұл ісіміздің ұйытқысы ақын Светқали Нұржан болатын. Ол кісіге Әбіш Кекілбайұлы тапсырыпты. Бұрынғы өнерпаздарымыз туралы табанын тоздыра ізденіп, көз майын сарқа жазған Қабиболла Сыдиықұлы, Ізбасар Шыртанұлы, Жетібай Жылқышыұлы, көптеген ескі әуендерді іздеп, оларды сахнаға лайықтап шырқаған Елдос Еміл ағаларымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Біздің ұстаздарымыз, ұстындарымыз осы кісілер еді. 

Ел арасынан жиналған ескі лента кассеталарды компьютерге көшіруді үйрендік әуелі. Содан соң оларды тазалауды, жаңғыртуды меңгердік. Ісіміз өнікті болды. 2013 жылы Светқали ағамның жетекшілігімен, Ақылбек Тасқараұлы, Әнуарбек Бимағамбет, Кенжебек Аяғанов деген жігіттер бірінші рет көпшілікке беймәлім болып келген, ұмытылып қалған «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» атты 45 күйден тұратын антология шығарды. 

Содан бір жыл өткеннен соң облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығында қызмет істей жүріп «Баба сарын бабауы» атты Маңғыстау өнер шеберлерінің антологиясын жасақтап шығардық. Антологияға эстрада әншілерінің, әртістердің, жалпы айтқанда, мәдениет қайраткерлерінің жанды дауыстары енді. 

2017 жылы осы орталық аясында «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» деп аталатын Маңғыстаудың дәстүрлі музыкалық мәдениетінің электронды сайты деген жобаны қолға алып, 2019 жылы аяқтадық. Айтберген Жаңбыршы, Айдарбек Оңайбаев, Жұмабек Қадырқұлов, Ақылбек Тасқараұлы сынды музыка мамандарымен бірге жұмыс жасап, осы уақытқа дейін беймәлім болып келген Маңғыстауға тән екі жүзге жуық музыка нұсқаларын нотаға түсіріп, сайтқа орналастырдық. Оның ішінде ән-күй, жыр-күй секілді жанрлар бар. Олардың шығу тарихы, авторы,  орындаушысы туралы мәліметтерді суреттерімен енгіздік. Сосын жалпыға қолжетімді, ыңғайлы болсын деп телефондағы мобильді қосымшасын да жасадық. Осы жылдан бері «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» өнер тобын құрып, бірнеше қала, аудандарға концерт қойдық. Күні кеше ғана Маңғыстаудың Астанадағы күндері аясында да өнер кешін жасап, екі кітаптың тұсауын кестік. Оның бірі – Жұмабек Қадырқұловтың «Маңғыстаудың 100 күйі» хрестоматиясы, екіншісі – Ақылбек Тасқараұлы екеуміздің «Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі».

Ән-күй мен жыр-күй жанрының айырмашылығын айтып бере аласыз ба?

– Біздің ән-күй, жыр-күйіміздің басқа аймақтардан ерекшелігі бар. Басқа аймақтарда әннің сазы бірден орындалады. Ал біздің ән-күйлер аты айтып тұрғандай күй сияқты туынды. Өз кіріспесі, ортасында «проигрышы» бар. Біздің өлкенің сазы тонау жердің астында жатады, шумақтары төрт тармақты ма, алты тармақты ма, табу қиын. Дыбысжазбаларды неше жылдан бері тыңдап, құлағы үйренген Ақылбектің өзі бір ән-күйді түйсіну үшін екі ай уақытын жұмсағанын айтты.

Ал, жыр-күйлеріміз мақам-саздардың кені іспетті. Біздің әр жыр-күйімізден кемі төрт мақам шығаруға болады. Төрт, бес саздың өзін құбылтып, желпінтіп, екпіндетіп түрлі-түрлі нұсқаларға салып, басқа сазға айналдырып жіберуге болады. Демек, жыршылар тыңдаушысын өзіне қарату үшін импровизациялық әдістерді шебер қолдана білген десек, қателеспейміз. Ақылбек екеуміз әзірлеген әдістемелікте Маңғыстау жыр-күйлері туралы барынша көрсетілген.

Жазда «Қырымның қырық батырының ізімен» атты жобамен екі апта шетелге турне жасап келдік. Бакуден бастадық, ары қарай Стамбулға, одан Анкараға, Анкарадан жүз шақырым жерде «Қырық құй» (құй сөзі құдық мағынасын білдіреді) деген ноғайлардың ауылына соқтық. Сол маңда ноғайлардың жеті ауылы бар екен. Ноғайлардың ауылына барып Мұрын жыраудан жазып алынған «Қырымның қырық батыры» жырын, Алтын Орда, Ноғайлық дәуірлеріне тән ескі тарихи аңыз күйлерді орындадық. 

– Маңғыстаулық ғалым Серікбол Қоңдыбайдың «Арғы қазақ мифологиясын» оқып отырып, бұлар өзіміздің қырдан шыққан қырық батыр жайлы дастан ба деп қаламыз. Осыған қатысты не айтасыз? 

– Жырдың пайда болу поэтикалық ареалы – Маңғыстау. Неге? Себебі, жырда айтылатын топонимдер, гидронимдер, адам аттарының барлығы Маңғыстауда көбірек. Мысалы, Манашы, Күйкен, Мамайдың төрткүлі, Орақтың тауы деген жерлер бар. Есімде қалғанын ғана айтып жатырмын. Жырдың пайда болу ареалы Маңғыстау болғанымен, оқиғаның өрбитін жері Қырым түбегі, Еділдің бойы, Кавказ маңы.

– Маңғыстау күйшілік мектебінің батыс күйшілік мектебінен ерекшелігі бар ма?

– Ахмет Жұбановтан әулие емеспін. Сол кісі Мұрат Өскінбаевқа арнаған мақаласында «Адай күйшілік мектебі» туралы жазды. Бірақ мұны қазіргілер мойындағысы келмейді. «Маңғыстау күйшілік мектебі» дейді. Тіпті, бір музыкатанушылар оның өзін «Түбек мектебі», «Үстірт мектебі» деп бөліп тастапты. 

Қазір музыкада осындай «жаңалықшылдар» көбейіп кетті. Біреуі – сазын, енді бірі – сөзін өзіне ыңғайлап ұра береді. Ақтан жырау Керейұлының эстрадалық нұсқада өңделген термесі бар. Соның «Мен – Адайдың Ақтаны» деген жолын кейбір әншілер «Мен – қазақтың Ақтаны» деп өзгертіп жатады. Орыстардың сөзі бар емес пе: «Из песни слова не выкинешь» деген. Өзгерткенде не табамыз? 

Жалпы, әр өңірдің өзіне тән төлтума ерекшелігі болады. Маңғыстаулықтар киімі, тас қашау, құдық қазу деген өнерімен де ерекшеленеді. Біздің шалдарды бұрын тымағынан таныған. Оған М.Әуезовтың өзі атындағы театрдың 5 жылдығына арнаған мақаласы куә. Онда ол кісі «театр неге бір аймақтың киімін ғана киіп шығады? Найман бөрік, адай тымақ қайда?» деп күйінеді. 

- Шынайы әңгімелескеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар