Тәуелсіздікке, оны жариялау, қорғау, нығайтуға қатысты барлық дүние қастерлі де қымбатты. Егемендік декларациясының мән-маңызы тіпті де үлкен.
25 қазан – Республика күні. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары лайықты атап өтіліп жүретін. Одан соң тарихтың шаңына көміліп, көмескілене бастағанда, соңғы бірнеше жыл жүзінде қайта жаңғырып, мәртебеленген ұлттық ұлық мерекеміз. Ұлық мереке болатын себебі – ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған ТӘУЕЛСІЗДІК атты қасиетті ұғымға ұлтты ұмсындырған, алда атар азаттық таңына негіз қалаған құжат қабылданған күн. Бұл күннің қадір-қасиеті тәуелсіздігімізді анық жариялаған 16 желтоқсаннан бірде бір кем емес. Сондықтан да 25 қазанды лайықты қарсы алып, ұлықтау – тәуелсіз ел тұрғындары үшін маңызды.
Декларация қабылданар алдындағы жалпы жағдай қалай еді?
ХХ ғасырда әлемдік екі супердержаваның бірі болған Кеңес Одағы сексенінші жылдарға келгенде ішкі-сыртқы көптеген жағдайларға байланысты тоқырау, құлдырауды бастан кешті. Елді ұзақ жыл басқарған Л.И.Брежневтен кейінгі едел-жедел екі мирасқордан соң үшінші болып КСРО-ның тізгінін ұстаған М.С.Горбачев келе сала «қайта құру, жариялылық» ұраны аясында біршама батыл реформалар жасап, өңіраралық, халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтуға, елдегі тәртіп пен реттілікті түзеуге, т.б. бағытталған қадамдар жасағанымен, нәтиже бере қойған жоқ. Алып империяның күш-қуаты уақыт өткен сайын төмендей бастады. Бұған көптеген себептер бар еді. Атап айтқанда социалистік лагерьдегі жоспарлы экономикалық басқару жүйесінің тығырыққа тірелуі, әлемдік аренадағы мұнай бағасының тұрақсыздығы, жанталаса қарулану, қорғаныс саласы бойынша АҚШ-пен, Батыспен жарыс, елдегі сыбайлас жемқорлықтың артуы, Чернобль және басқа да түрлі техногендік апаттардың шығуы, коммунизм идеологиясының дағдарысқа тап болуы, Ауған соғысындағы жеңіліс т.б. барлығы КСРО үшін нағыз «жығылғанға жұдырық» болды. 1989 жылғы Берлин қақпасы қирап, екі Германияның бірігуіне жол ашылуы, коммунистік режимде болған Еуропадағы көптеген елдерде демократиялық төңкерістер жүрілуі Кеңес Одағы құрамындағы республикаларды да тәуелсіздікке ұмтылдырғаны анық еді.
Атап айтқанда 1990 жылы 11 наурызда Литва ССР-і өз тәуелсіздігін жариялады. Елдің тәуелсіздігін КСРО орталық үкіметі де, өзге мемлекеттер де мойындаған жоқ. Керісінше Литваға қарсы экономикалық шектеу енгізілді. Бірақ Литва алған бетінен қайтқан жоқ. Бұдан соң КСРО құрамындағы одақтас республикалар бірінен соң бірі өз тәуелсіздігі туралы декларациясын қабылдап жатты. Тарихта «тәуелсіздіктер парады» деп аталған бұл кезеңде одақтағы он бес республика ғана емес, олардың құрамындағы кейбір автономиялық субъектілер де тәуелсіздік декларациясын қабылдаған еді. Олар қабылдаған декларациялардың барлығында да жергілікті экономикаға басымдық беру мәселесі алға шықты. Қазақша айтқанда «ортақ өгізден оңаша бұзау» дегендей, республикалар одақтық, федералдық бюджетке салық төлеуден бас тартты. Бұл бас тарту КСРО ішінде қалыптасқан экономикалық байланыстар желісінің үзілуіне алып келді. Осыдан кейін КСРО-ның экономикалық жағдайы тіпті ауырлай бастады. Қаусаған КСРО өзінің күйрейтін күнін санап жатты.
25 қазанда Егемендік декларациясы қабылданды
Одақтас республикалардың бірінен соң бірі өздерінің Егемендік декларациясын қабылдап жатуы сол кездегі Қазақстан билігін де ойландырмай қоймағаны анық. Дегенмен елдегі басты ұлт қазақтардың саны қырық пайыздың төңірегінде ғана, сан түрлі ұлт өкілдері шоғырланған Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайын Балтық бойындағы республикалармен, тіпті көршілес Түркіменстан, Өзбекстанмен де салыстыруға келмейтін еді.
Сонда да елде түрлі өзгерістер жүріліп жатты. 1990 жылдың ортасында ел биілігіне Президент институты енгізілді. Қазақ ССР-інің тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Осы жылы сәуір айында белгілі заңгер Салық Зиманов бастауындағы «Егемендік туралы декларацияны» әзірлеу жұмысымен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссия талқылау жүргізіп жатқан уақытта, яғни қазанның соңына таман одақтас республикалардан Қазақ пен Қырғыз ССР-лерінен өзгелері өз тәуелсіздік декларацияларын түгелдей жариялап болған еді. Борис Ельцин бастаған Ресей Федерациясының өзі 12 мамырда Тәуелсіздік декларациясын қабылдап тастаған.
«Айдың аты, күннің сәті» дегендей, 1990 жылдың қазан айын соңына таман құжат дайын болады. Қазақ ССР-і 12-реткі шақырылған Жоғары Кеңесінің депутаттары мен білікті заңгерлер бірнеше ай бойы пысықтап, ұзақ талқылаудан өткізіп әзірлеген бұл аса маңызды тарихи құжат 1990 жылдың 25 қазаны, жұма күні түстен кейін дауысқа салынады. 18 сағат 55 минутта Жоғары Кеңес депутаттарының дауыс беруі нәтижесі бойынша «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация» көпшілік дауыспен қабылданады. Нақтылай айтқанда, декларацияны 261 депутат қолдаса, 71 депутат қарсы дауыс берген. Екі депутат қалыс қалса, 1 депутат мүлде дауыс бермеген. Осыған қарағанда Қазақстанның егемендік алуына әрбір бесінші адам қарсы болған деген қорытынды жасауға негіз бар. Себебі, көптеген депутаттар бұл декларацияның соңы КСРО-ның толық күйреуіне апаратынын жақсы біліп, Одақты қалай да сақтап қалуды көздеп отырған еді. Оның да негізі бар. Себебі Қазақстандағы кәсіпорындардың 93 пайызы тікелей Мәскеуге бағынатын еді. Ертең ел егемендігін жариялаған кезде бұл кәсіпорындардың жұмысы қалай болмақ? Оларды Қазақстан жұмыс ырғағын бұздырмай сақтап қала ала ма? Тіпті осы «сиырдың бүйрегіндей» дерлік жүздеген ұлттың құрандысы іспетті болушы Қазақстан жеке ел бола ала ма? Кейбір одақтас республикалардағы сияқты ұлтаралық қақтығы туындап кетпес пе екен? Осындай сұрақтар мен олардың аргументтері саналарды билеп тұрғаны анық еді.
«Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация» атты бұл тарихи маңызы зор құжатқа Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Төрағасы Ерік Мағзұмұлы Асанбаев қол қояды. Ел тарихындағы аса елеулі де жауапты сәт еді, бұл!
Егемендік декларациясы – тәуелсіздіктің алғышарт құжаты
1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясы – Қазақстанның осыдан бір жылдан кейін қол жеткізетін тәуелсіздігінің алғышарты міндетін атқарды. Оған осы құжатта белгіленген пункттер негіз болды. «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып, Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып, Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып, iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып, Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды» деп көрсетілген құжатта.
Декларациядағы он жеті пункттің ішінде екіншісінде «Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалады» деп көрсетілген болатын және бұл пункт бір жылдан кейін жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы заңға негіз болды.
Декларациядағы аса маңызды пункттің бірі – республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалуы еді. Бюджет өзінікі болған соң, ішкі нарықты дербес қорғаудың қажеттігі сөзсіз. Осыған орай республиканың дербес кедені болатындығы көрсетілді. Бұл маңызды мемлекеттік ұйым құрылып, күні кешеге дейін дербес жұмыс істеп тұрғанына да куәміз.
Декларация өз шекарамызды белгілеуге, дербес экономикалық саясатымызды айқындап жүргізуге, өз қарулы күштеріміз бен мемлекеттік басқару органдарымызды жасақтауға, өз еліміздің мүмкіндігі мен ерекшелігіне сай заңдар мен қаулылар қабылдауға жол ашты.
Қайта оралған ұлттық мерекенің ғұмыры ұзағынан болғай
Кеңес Одағындағы түрлі саяси оқиғалардың шырқау шыңы – 1991 жылы 19-21 тамыздағы дағдарыс болды. Осыдан кейін Кеңес Одағының құлауы жылдамдады, 1991 жылы 8 желтоқсанда Беловеж нуында одақтың ресми күйрегені туралы қол қойылды. 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасында Республика күні – 2001 жылдан бастап мемлекеттік мерекелер санатында атап өтіліп келді. 2009 жылы сәуірде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіліп, Республика күні мерекелер тізімінен алынып тасталды. Осыдан кейін бұл күн ұмытылған болатын.
2022 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында ұмыт болған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы айта келе: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», - деген болатын. Еліміздің тәуелсіздігі жолындағы алғашқы қадам болған 25 қазан қайтадан ұлттық мерекелер қатарына енді. Мемлекет басшысының: «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деген сөзі екі мерекенің ортақ мән-маңызы мен өзіндік ерекшелігі тұрғысындағы ұстанымымызды айқындайды.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы» мен оған тірек болған «Егемендік декларациясында» көрсетілген тәуелсіздік пен тұтастықты, саяси-экономикалық бағыттарды негізге алған еліміз болашаққа үлкен үмітпен қадам басып барады.
Республика күні құтты болсын! Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгілік болсын!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.