Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Сырлы да сиқырлы Бердібек тілі...

29.09.2021 6388

Сырлы да сиқырлы Бердібек тілі 12+

Сырлы да сиқырлы Бердібек тілі - adebiportal.kz

Әуелдегі поэтика ұғымының негіздемесін жасаған ойпаз ғұлама Аристотель болғанымен, поэтикаға қатысты алғашқы түсініктердің дәнін егіп, бірқатар ережелерді жазып шыққан Аристотельдің тікелей ұстазы Платон. Поэтиканың философиялық эстетикасына қарама-қайшы келмейтін басқаша түсінігін М.М. Бахтин ұсынды. Ол Б. Томашевскийдің «Әдебиет теориясына» білдірген пікірінде былай деп жазды: «Поэтиканың міндеттеріне былай анықтама беру талас тудырады және қандай жағдайда да бір жақты. Біздіңше, сөз шығармашылығының эстетикасы болуы керек, сондықтан да әдеби туындылардың құрылымын зерттеу оның міндеттерінің бірі».

Көркем әдебиетті талқылау үшін әдеби шығармаларды ғана оқу аздық етеді. Алайда әдебиет әлемінде өмір сүретін оқырмандардың көркемдік шығарма деген не, қоғамдық сананың өзге формаларының қасында оның ерекшелігі қандай екендігі туралы нақты түсінігі болуы қажет. Сонымен қатар әдеби туындының тақырыбы, идеясы, сюжеті, композициясы нені білдіретіндігін, негізгі әдеби түрлері, жанрлары қандай екендігін білу керек.

Кез келген көркем туынды поэтикасының негізгі құраушылары болады:

- жанрлық өзгешелігі;

- сюжеті және композициясы;

- портрет пен көркем детальдің рөлі;

- тілі және стиль.

Аристотель «Поэтика» атты трактатында өнер теориясына байланысты өте құнды ойларын жазып кеткен. Ол өзіне дейінгі ғұламалардың өнерге байланысты ойларын топтастырып, белгілі бір жүйеге келтіріп, жинақтап, сол арқылы өзінің эстетикалық көзқарасын осы трактатта баяндап берген. Бұл еңбектің бізге тек қана бірінші бөлімі жетті. Бұл бөлімде Аристотель трагедия жанрына көбірек тоқталып, трагедияның эстетикалық принциптерін, сонымен қатар теориясын жазған. Аристотель сұлулық туралы сұрақ қояды да, оған өзі былай жауап береді. Бұл ретте ол өзінің алдындағы сұлулық – қайырымдылық деп есептеген Платон мен Сократқа қарағанда сұлулық теориясын бір қадам алға жылжытады. Сұлулықты қайырымдылықта деп ойлаған грек ойшылдары бұл түсінікке байланысты арнайы терминді қолданған, оны «калокагатия» деп атаған.

Аристотель «Поэтика» трактатында өнерге эстетикалық тұрғыдан баға бере келіп, әдемілікті заттың пішіні мен орнынан іздейді. Өнер ұғымына келгенде оның пікірі Платонның ойына қарама-қайшы келеді, келіспейді. Платон өнер идеялар әлемінің әлсіз, бұрмаланған көрінісі деп есептеп, оның танымдық функциясына мән бермеген болса, Аристотель өнер табиғатты, тұрмыстың шығармашылықпен бейнеленген көрінісі, ол адамдарға өмірді тануға көмектеседі деп шешеді. Сол сияқты Аристотель эстетикалық ләззаттың танымдық қасиетін мойындағанын білдіреді.

Ол: «Өмірге еліктеу өнерде әртүрлі тәсілмен беріледі», - дей келіп, бұл тәсілдерге ырғақты, сөзді, гармонияны жатқызады. Аристотель өнер өмірге, тұрмысқа еліктейді дей тұрғанмен, өнер өмірдің көшірмесі демейді, керісінше өнерде жинақтау болу керек, өнерде көркем ой болу керектігін табанды түрде шегелеп айтады. Сонымен Аристотельдің пікірінше ақынның мақсаты – шынайы өмірде болған оқиғаны емес, болуы мүмкін, немесе сөзсіз болуға тиісті оқиғаларды жырлау.

Аристотель поэзияны өнердің барлық түрінен артық санап, алдыңғы планға шығарады, ал трагедияны поэзиядан жоғары қояды. Өзінің «Поэтика» атты еңбегінде Аристотель трагедияда эпоста бар оқиғаларды суреттеу де, лирикадағы адам эмоцияларын бейнелеу де бар, сондықтан да ол эпостан да, лирикадан да артық деп шешеді. Бірақ, трагедияда көрнекі көріністер, сахнадағы қойылымдар барын, бұл көріністердің эпос пен лирикада кездеспейтінін айтпаған.

Аристотель трагедияны поэзияның бір саласы ретінде қарастырып, анықтама береді: «Трагедия дегеніміз, маңызды және аяқталған, белгілі көлемі бар іске, оқиғаға еліктеуден туған, әр бөлімі тілмен әртүрлі дәрежеде көркемделіп, әңгімелеу арқылы емес, іс-қимыл арқылы адам басынан өткен қайғыны көрсете отырып содан айығуға көмектесетін поэзияның бір саласы».

Аристотель трагедияда терең идея болу керек дегенді айтқанда, трагедияның өзі «маңызды әрі аяқталған іске, оқиғаға еліктеу» екендігін меңзейді. Сонымен бірге бұл «маңызды және аяқталған іске, оқиғаға еліктеудің» мәнін айқындайтын оның фабуласы мен трагедияның характері деп санайды. «Трагедияның фабуласы мықты, әрі аяқталған, органикалық бірлікте болу керек, ал оның көлемі істің өзімен анықталады, ал ең жақсы трагедия көлемді болумен қатар, оқиға толық шешімін тапса ғана үздік деп саналады»,- дейді.

Трагедияның фабуласы перипетиялық қисынға бағынады, (перипетия – ежелгі грек түсінігі, адамдардың менменсуіне құдайлар тарапынан жасалатын жаза десе де болады, оқиғаның шұғыл өзгеріп бақытсыздыққа қарай ауысуы) оқиға жедел құбылып бақытсыздық сипатына ауысады, немесе оқиғаның бақытты көріністен бақытсыздыққа қарай өзгеруі, немесе керісінше бақытсыз оқиғаның бақыттылыққа ұласуы. Бұл өзгеру шынайы, өмірлік шындыққа сай, әбден дәлелденген, өтіп жатқан оқиғаға жанасатын, трагедиялық сипатта болуы керек. Аристотель Софокльдің «Эдип патша» трагедиясындағы перипетияны жоғары бағалаған.

«Поэтикада» негізгі әдеби-теориялық мәселелер қарастырылған. Оның кейбіреулері әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Аристотель пікірлерінің драмаға қатысты тұстары дұрыс, әрі теориялық жағынан терең зерделенген деп есептеледі. Драмалық шығармалар динамикалы болу керек, ол адамдардың ізгілік жолындағы күресі мен іс-әрекетін бейнелеуі керек.

Әрине, қазіргі өнер мен әдебиеттік келелі мәселелердің бәріне, әсіресе әлі күнге даулы қалыпта түрған проблемаларға бір ғана Аристотельден жауап іздеу ағаттық. Бірақ “Поэтика” грек әдебиеті мен өнерінің классикалық дәуірінен қалған бірден-бір жүйелі байыпталған поэзия теориясы екенін жоққа шығара алмаймыз. Бір нәрсені білу артық емес: поэтика деген сөз біздің бүгінгі теориялық түсінігімізде көркем творчество немесе сөз өнері туралы ғылым болса, Аристотель поэтиканы сол әдеби творчествоның, яки сөз өнерінің өзі деп түсінген. Демек, Аристотельдің “Поэтикасы” – өнер туралы ойлар.

Аристотельдің эстетикалық принциптерінің ең түйінді тұсы: өнердің мақсаты – ақиқатты тану, ал ақиқатты тану жолы – адамның мінезі мен ісін суреттеу деген даналық қағидасы. Оның «Поэтикасын» Лессингтің «Евклид элементгеріндей мінсіз шығарма» деп таңдануы да, Чернышевскийдің «Аристотель эстетикасы екі мың жылдан астам уақыт үстемдік құрғанына» тамсануы мың жыл өтсе де мызғымайтын қағидаттарға байланысты болар, мүмкін...

Ғылым мен техниканың, өнер мен әдебиеттің дүр сілкініп, дүрілдей дамыған тұсы – Ояну (ренессанс) дәуірі. Бұл адам баласы бұрын-соңды басынан кешпеген прогрессшіл ұлы төңкеріс еді. Алыптарға зәру болған дәуір және өздерінің ой-қуаты, құштарлығы мен мінезі, жан-жақтылығы мен оқымыстылығы жөнінен сол алыптарды туғызған дәуір еді. Ренессанс дәуірінің күллі ғылыми тәжірибесінің теориялық түйіні атақты Декарт философиясы болатын. Рене Декарт (1596-1650) өзінің дүние танымы жағынан философиядағы рационализмнің негізін салушы екені мәлім: “Ойлады екенмін, демек, тірімін” (Декарт). Табиғаттану, қоғамтану, әдебиеттану, өнертану дегендердің бәріне Декарт өзінің осы ережесін методологиялық бағыт етіп ұсынды. Өнер мен әдебиет туындыларындағы сұлулықты Декарт ең алдымен ондағы бүтіндік пен бірлікте, симметрия мен гармонияда деп білді. Декарттың осынау эстетикалык талабы француз классицизмінің ірі теоретигі Н. Буало (1636-1711) поэтикасының философиялық негізі болып қалды. Классицизмнің әдеби манифесі ретінде танылған «Поэтикалық өнер» атты эстетикалық трактатында Буало суреткер атаулының бәрін саналы ойға, парасатты ақылға, алдын ала пішілген үлгіге, қалыптасқан тәртіпке шақырды. Оның сондағы мақсаты поэтикалық өнерді абсолютизм дәуірінің білікті дворяндарынан шыққан сарай ақсүйектерінің саяси-көркемдік талап-тілегін қанағаттандыру әрекетіне ғана жұмсау еді. Дегенмен, Буалоның шындықтан асқан сұлулық жоқ деп, суреткерге өз шығармасында шындықты, тек шындықты ғана суреттеуді ұсынуы, бұл ретте сөз аяғын ұйқастырғандардың бәрі ақын емес екенін ашып, соны дәлелдеуі – әдемі әрекет.

Поэтика, әдебиет теориясы мен эстетикалық ойлардың одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосқан ағарту дәуірінде өмір сүрген француздың аса көрнекті материалисі Дени Дидро (1713-1784) болатын. Мұның әдеби-эстетикалық көзқарастары сарай аристократиясының талғамы мен талабына қарсы, Франциядағы буржуазиялық революция қарсаңындағы бұқара рухын танытты. Философ-материалист суреткерге тура: «Сен әрбір іс-әрекеттегі ұлылық пен сұлулықты мәңгіге дәріптеуің керек, талайсыз, бақсыз қор болған ізгіліктің абыройын сақтауың қажет, рахат пен құрметке бөленген кеселді кескілеуің керек, мейірімсіз жуандардың зәресін ұшыруың керек»,- деп ап-анық ашып айтты. Дидро әдебиет пен өнердегі шыншылдық үшін күресе отырып, теория мен эстетикаға реализм ұғымын енгізді. Оның қиялға, ойдан шығару мен көркемдік жинақтауға қарым-қатынасын белгіледі. Ал оның Сараң мен Тартюфы бүкіл жер үстіндегі шық бермес шығайбайлар мен екі жүзділердің жиынтық тұлғалары екенін айтуы тіпті бір терең теориялық пікір еді.

Осы аталған ғұламалардың кескекті ойлары, шындықты сұлулықтан іздеуі, немесе ізгіліктің абыройын сақтаудағы талпыныстары, автордың өз ойын кейіпкерлері арқылы беруі қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың шығармашылығынан да табылатыны анық. Кеңестік қызыл империяның қылышынан қаны сорғалап тұрған кезде барынша ақиқаттың ауылынан алыстамауға тырысқан қаламгерлердің бірі – Бердібек Соқпақбаев.

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Соқпақбаев «Менің атым Қожа» атты повесінің арқасында танымал болды. Бұл туынды «Детская литература» баспасында шығып, содан кейін орыс тілінен көптеген тілдерге аударылып, француз, поляк, чех, болгар секілді шет тілдерде жарияланды. Содан кейін ғана бұл шығарма өз отанына оралып, қазақ тілді оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алды.

Тіпті бұл повесть бойынша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Бердібек дәл осы ерекше әңгіменің арқасында танымал болды.

Бұдан бөлек, 1960 жылы жазылған «Балалық шаққа саяхат» шығармасындағы кішкентай кейіпкердің тағдыры өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ халқы бастан өткерген нәубетті кезеңін боямасыз сипаттайды. Б. Соқпақбаев онда өз өмірін өте қызықты қылып, асқан ақылдылықпен баяндайды. Біз шығармадан сол кезеңнің тарихи шындығын көреміз. 1967 жылы жазылған «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасында жазушы өмір жолында кездескен бар қиындықты жеңген жігітті суреттейді. Жалпы романның әр парағынан нақты бақылаулар, тірі картиналар, сол уақытқа тән өмірдің жарқын да сұрқай бейнелерін көреміз. Жазушы шығармаларының арасында кеш жазылған ерекше шығармаларының бірі – «Қайдасын, Гаухар?» Бердібек Соқпақбаевтың барлық шығармалары халық өмірінен бастау алатыны анық. Жазушы қаламына өте бай бейнелеу палитрасы тән.

Қалмұқан Исабаев бірде былай дейді: «Өз басым кезінде Бердібек пәлсафаларынан көп нәрсе ұққанмын. Соның ықпалымен балалар тақырыбына барып «Қарабала» атты повесть жаздым. Жазған повестерімнің ішінде бүгінге дейін халық сұранысына ие болып жүрген осы «Қарабала» ғана. Оқырман іздегенін тапқан болса, Бердібек әңгімесінің жаны бар екенін сезінер».

Жалпы қазақ балалар әдебиетіндегі кейіпкерлерді тұлғалау мәселесіне қатысты қайталап айтарымыз – тұлғалау мәнерінің ұқсастығы. Бала қаһарманды образ ретінде тұлғалауды жазушылар айналасына қатынасы деп қана қарайды. Ал, ондай жағдайда баланың ішкі әлемі ашылмай, ол сырттай куәгер болып қана қалады.

Әдебиетте бұрын орныққан бір қағида бар еді. Кейіпкер мейлі бала, мейлі ересек адам, әйтеуір, ол белгілі бір тарихи кезеңде алдымен өмірде тұлғаланған болып келеді. Әйтпесе, кейіпкерді нысаналап, белгілі бір тарихи кезеңнін кесек-кесек мінездерін, дәуip сипатын бойына жинақтайтынбыз. Қазақ әдебиетіндегі әлгі кейіпкерлердің есте қалуында осындай сыр бар. Есте қалады дей тұрып, әлгі бала кейіпкерлердің көбісінің бейнесі тым біржақты, бір бояулы, қасаңдау болып шығатынын да айтпай кетуге болмайды. Мұның басты ceбeбi балаларға арналған шығарма тым қарапайым болуы керек деп түсінетіндігімізден, тәрбиелік ой образ табиғатынан шықпай, автор атынан баяндалып берілуінен. Мұндай жағдайда кейіпкер автор идеясының құрбанына айналады.

Соғыстан кейінгі кезеңде қауырт дами бастаған қазақ балалар прозасында әуелі бетбұрыс ретінде тәуір көрінген, кейін шиырланып кеп жазылған тақырып – Екінші Дүниежүзілік соғысы тақырыбы. Бұл тұстағы қазақ-кеңес балалар әдебиетінің көтерген мәселесі – соғыс зардаптары салдарынан өздерінің балалық, жастық шағын жоғалтқандар. Осы тұрғыда балалар прозасы eкi жүйеде өpic алды:

Біріншіден, жау тылында партизандармен бірге жүріп Отан үшін алысқан, ерлік көрсеткен, көп қасірет шеккен жасөспірімдер мен балалар ерлігі.

Екіншіден, майданды қарумен, жылы киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған тылдағы ата-аналар мен балаларға арналған еді. Бала табиғатына терең бойлап, характерін, жан дүниесін ашатын, әлеуметтік-моральдық мәселелерді терең бейнелеген, тек қызықтырудан гөрі ойландыру үшін де жазылған, төрт құбылысы түгел трактовкасы тың туындыларға әлі де зәруміз.

Талдау нәтижесі көрсетіп отырғандай, адамгершілік, интернационализм, адамзатты толғандырып отырған табиғат, экология проблемаларын көрсетіп, мектеп өміріндегі мәселелерді бейнелеуге деген талап-тілек мол. Солай десек те зергерлік, шеберлік көп ретте көңілге толымсыз.

Көрген-білгенін, естіген-түйгенін көркем шығармаға сыналап кіргізіп, кейіпкерлердің іс-әрекетіне, психологиясына әйтеуір күштеп тықпалай беру де, сағыздай созылған қысыр сөзшеңдік те – соның салдары. Осының бәрі сюжеттік желінің ширақтығына, характерлердің шымырлығына нұқсан келтіретінін білсек те, білмеген бола саламыз. Бұған сөз болған шығармалар да куә. Сондықтан бүгінгі балаларға арналған повестердегі шеберлік мәселелерін арнайы және кең көлемде әңгіме ету қажеттігі ерекше сезіледі

Уақыт өте балалар әдебиетінің проблематикасы кеңейіп, күрделене түсті деуге толық негіз бар. Өйткені әдебиетшілер мен оқырмандар арасындағы осыған байланысты екіұдай пікір бары белгілі. Бірі жас балаға мейілінше түсінікті, мейілінше қарапайым болуы керек десе, екіншісі балаларды өзінше ойлауға, өзіндік шешім қабылдауға үйретуіміз керек, сондықтан күрделілеу еткеннің ешбір ағаттығы жоқ дейді. Аталған туындылардың қай-қайсысыда да бүгінгі қазақ балалар әдебиетінде балалар психологиясын олардың үлкендермен қарым-қатынасын жан-жақты зерттеу тереңдей түскеніне дәлел.

Рас, повестен кейінгі ұрпақ ыстық ұя – ел үшін, алтын бесік – жер үшін ата жаумен айқасып, мерт болған есіл ерлерді, сонау сұрапыл майданның бел ортасынан оралған ардагерлерді әрқашан қадірлеп, қастерлеу керек деген ой туындайды. Бірақ бала жүрегін жаулап алу үшін, өзіңді толқытып, көкірегінде күмбірлеген сырыңды онымен бөлісіп, сендіру үшін характерлер жайында шынайы да шебер толғай білу қажет.

Аталған шығармада кейіпкердің аузынан айтылатын ұсақ-түйек тірлікке қатысты әңгімелері, атасы, мамасы, қарындасы, мінез-құлқы әр алуан класстастары туралы ұзын-сонар пікірлері оқырманды жалықтырып жібереді.

Сөз өнеріне ортақ поэтикалық талаптарды З. Ахметовтің: «Әдебиеттің көркемдік мәні – сөз өнерінің бейнелілік қасиеттерінен туындайтын, адамның эстетикалық ой-сезімін қалыптастыруға үлкен әсер ететін ең басты сипатының бірі. Әдебиеттің қоғамдық маңыздылығы оның танымдық, тәрбиелік және көркемдікке қойылатын бірден-бір шарты – көркем туындылардың көңілге қонымды, шебер қиыстырылуында... Әдеби шығарма санаға, ақылға ұялайтын болған соң, ол алдымен, мазмұнға сай болуы тиіс. Көркемдік сол мазмұнды тартымды түрде жеткізудің амал-тәсілі... Нағыз тапқырлық, шеберлік терең оймен, мазмұнмен қабыспаған жағдайда әдебиеттің көркем туындысы жайында әңгіме қозғау мүмкін емес», - деп саралап көрсеткені белгілі.

Аса дарында балалар жазушысы С. Бегалин, С. Бақбергенов, Б. Сокпақбаев, М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев және өзге де үздік авторлар шығармасында баланың ішкі дүниесін ашу, жаңа адамның өсуі, жаңа сананың қалыптасуы, жаңа мораль мен жаңа мінездемемен кейіпкерлердің қырын аша түседі. Бұл жас ұрпақтың қоғаммен қатынасын құрудың негізгі заңдылықтары мен спецификалық қырларын табуға негіз болып, республикадағы балалар әдебиетінің қозғалысына өзге де ұлт әдебиеттірінің ықпалы жайлы сөз етіледі.

Бұрымындай қыздардың,

Ағасың әсем өріліп.

Төсінде ойнап құздардың,

Күмістей жалт-жұлт көрініп,

Соқса да дауыл бұлқынып,

Басса да құлап зіл жар тас,

Жай түссе де жас жарып,

Күлкіңді сенің тыя алмас...

Осы жыр шумақтарымен Б. Соқпақбаев әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған еді. Көркемдік биігінен ойнақтап көрінетін оның тамаша повестері, күмістей жалт-жұлт ететін мөлдір таза тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып шеберлене береді.

Соғыс жылдарындағы тылдағы өмірді суреттеген қазақ жазушыларының жүздеген ірілі-ұсақты туындыларын бүгінде оқып отырып, олардың уақыт талабына сай жазылғанын, кезінде мақтаулы туынды атанғанымен бүгінде тоттанғанын көресің. Қаһармандардың сол ерліктеріне бас ие тұрып, олардың іс-әрекеттерінен, мінез-құлықтарынан баттиып бөлініп тұратын жасанды қасиеттеріне еліте алмайсың. Бойға сіңген тәрбие арқылы құрметтейсің, бірақ өмірде дәл солай болды дегенге иланбайсың, иланғың келмейді. Ал «Өлгендер қайтып келмейдіні» оқығандағы сезім мүлде басқаша. Автор тылдағы ерлікті көрсетуді де, лапылдап жанған партриотизді де, көзге түсер ерең еңбекті де сипаттауды басты мақсат тұтпаған. Яғни уақыт сұранысы дегенді еске алмаған, мүлде ескермеген. Бар мақсаты: бас кейіпкерінің бастан кешкенін, көргенін еш қоспасыз, бірауыз жалған сөз кірістірмей әңгімелеу. Ел тұрмысы, тіршілігі, қым-қуыт өмір сол бас кейіпкердің түйсінуімен баяндалады.

«Менің атым Қожа» шығармасының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталсақ, алдымен назар аударатыныз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады. Сюжет нақтылы көрінісін композициядан тапса, іс-әрекет ізімен шығарма құрылысының жасалатыны да анық.

Повесте оқиғалар жүйесі мектеп оқушысы Қожа Қадыров төңірегінде өрбиді. Шығармада оның іс-әрекеті, мінез-құлқының қалыптасуы, арман-тілегі, басқалармен қарым-қатынасы суреттеледі.

Шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді ерекше еске түсіреді. Мәселен, В. Скоттың «Айвенгосын» немесе Ж. Верннің «Дәрігер Окстың тәжірбиесіндегі» әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалуы өз дәрежесінде шығарманы ұтымды әрі қызықты етіп көрсеткені анық.

Бұл салада нағыз профессионалды шеберлікпен жазылып, көптің көңілінен шыққан, айызыңызды қандыратын шығарма тым сирек. «Менің атым Қожа» сынды балалар қолынан тастамай оқитын туынды мынау деп көп шығармаларды жүрексінбей бөліп айту қиын. Әрине, бұдан «Менің атым Қожа» секілді дүниелерді, одан айнымайтын дүниелерді көптеп жазу керек деген ұғым тумаса керек. Олай етсек қаптаған штампты шығармалардан аяқ алып жүре алмас едік. Мәселе бала психологиясының тереңіне бойлап шуақты, шұғылалы сырларын, ойланарлық жайларын суреттерлік, батылдық һәм сезімталдық шеберлікпен бейнелеу. Сонда ғана бала жүрегіне жылу дарымақ.

Әсерленіп жүрегі жылыған жас өскін ізгілікке, жақсылыққа ұмтылмақшы.

Жазушының өзі көрсеткендей «Менің атым Қожа» мен М. Твеннің «Том Сойерін» салыстырып қарайтын болсақ, тараулардың қысқалығы авторлардың айтайын деген ойын тым ауырлатпай, жеңіл, елгезек тілмен іліп әкетуі сияқты ұқсастықтарды табуға болады. Жазушының шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары жоғарыдағыдай өмірі өлмес нұсқалармен әбзелденген. Алайда, бұл еліктеу дәрежесінде қалып қоймаған, қазақ топырағының шындығынан барып туындаған шығарма..

Композиция құрамына сюжеттің кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіретіні белгілі. Солардың бірі пролог көркем шығармаларда кіріспелердің бір түрі екенін ескерсек, повестегі кіріспе орнына қолданылған тарау пролог іспетті. «Оллаһи мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын, әттең жазушы болсам деген арман менің көкейімді ерте ұялады. Үшінші-төртінші класс оқып жүргенде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауданға жайылды...» Бұл кейіпкер Қожаның сөзі. Повестің кіріспесі дәл осылай басталады. Өз арман-тілегі туралы аздап сыр ашқан автор «өтірік ештеме қоспаймын» деп уәде береді. Уәдесін орындайды да. Кіріспе орнына деген басты міндетінің өзі – шығарманың нанымды шығуына қызмет ету болса керек. Шығармадағы оқиғалар бас кейіпкер атынан, яғни бірінші жақтан баяндалады. Жазушының өз сөзімен айтсақ бұл тәсіл өмір құбылыстары, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түсінуден туындайды.

Оқиға өз бетімен сюжет турдыра алмайтынын, ол қашанда характер арқылы көркем шығарма желісіне айналатынын ескерсек, шығармадағы сюжеттік желі характер табиғатынан туындап, таралып жатады. Шығармадағы орнын тапқан характер өз ырқымен табиғатына лайық әрекет етеді, сюжетті өрістетеді делінеді.

«Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен Мұрат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңызшы... Майқанова апай айтқандай бұлар жоғары идеялы есімдер. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Сен қызылшақа болып жөргекте жатқанда сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген». Кейіпкерімізі сондай әділетсіздіктің құрбаны екенін айта келе, азан шақырып қойған есімі Қожаберген екенін, бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстың бола беретіні тәрізді бертін келе «Қожабергеннің» құйрығы үзіліп қалып, өзінің ес білгелі Қожа атанып кеткенін екенін әңгімелейді. Осылай оқырман назарын өзіне аударып алатын повесть кейіпкері әрі қарай өзінің басынан өткендерін әңгімелей бастайды.

Енді сюжеттің байланысына келейік. «Сюжеттік байланыс адамдар арасындағы әрекеттің басы, тартыстың басталуы іспетті». Повесте сюжеттік байланыс екінші тараудағы Қожаның мелшиіп, босағаны иіскеп тұрған тажалды көруінен басталады. Қожаның жек көретін мотоциклі. Оның иесі Қаратай – Қожаның мамасына келгіштеп жүрген танысы. Адам образын жасауда болсын, кез келген психологиялық жайларды суреттеуде болсын осындай тамаша табылған детальдар арқылы қысқа, дәл, ұтымды сөйлеу Бердібектің барлық шығармаларына тән қасиет. «Менің атым Қожада» сюжеттік даму Қожаның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына, іс-әрекетіне негізделген. 4-ші тараудағы Майқанованың өзінен үлгерімі төмен, сыбырлап, сыпсыңдағыш Жантасқа жолдама беріп, Қожаға бермеуі оның теріс жолға түсуіне себеп болады. Қарап отырсаңыз педагогикалық қызметтегі объективті бағалаудың сәлде болса да әлсіреуі – бала тәрбиесіне әсер етеді екен.

Сұлтан мен Қожаның басынан өткен оқиғалар біренен соң бірі өрбіп, сан алуан шиелерістерге әкеледі. Бір үйдің қымызын алдап ішкенімен қоймай, қаракөл терісін ұрлап, күрсете жеңіп масаттанып тұрған кезде, дүниесі ұрланған шалдың бұларды ұстап алуы, одан ауыр сөз естуі, шешелердің ең алдында тұрып алып, газетке суретке түсіп республика журналына танылуы сияқты оқиғалар кейіпкерін дұрыс шешім қабылдауға әкелу соқпақтары десек болады. Шығармадағы әрбір тараудың оқиғасы кейінгі тарауда айтылатындардың тікелей салдары болып келеді. Осылай дамып, шиыршық атқан шиелерістер шарықтау шегіне жетеді. Повестегі сюжеттің шарықтау шегі – бақа мен қаздың шуы, жайлаудан Миллат апайдың шақырылып Қожа тәртібінің педсоветте қаралуы. Шығарманың ең бір көңіл аударарлық жағы – шешімі. Жазушы Қожаның түзелуге, келешекте адам болуға уәде беріп, өзіне қатысты жабық кеңес өткізуін тапқырлықпен суреттеген. Баласының теріс жолға түсуіне байланысты шешесінің күйзеліске түсуі, бойында өзіне жетерлік қайратымен қатар, ары да, еркі де бар Қожаны қатты тебірентеді. Ол енді тентектік жасамауға сөз береді.

Жазушы кейіпкерін жан-жақты суреттей отырып, ақырында оны дұрыс арнаға нанымды түрде әкелген. Егер автор бұдан кейін Қожаның түзелгендігін көрсететін болса, сөз жоқ көркемдік құнын әлсіретіп алған болар еді. Автор мұны қаламаған. Соның нәтижесінде шығарма өзінің шарықтау шегіне жетіп, орынды шешілумен аяқталған.

ХХ ғасырдағы нақты әлеуметтік мәселелер, адамзаттық құндылықтар, оның философиялық сипаты тұрмыс-тіршілік, өмір мен өлім, адам және еңбек Б. Соқпақбаев шығармашылығының тірегі, шығармашылық айнасы іспеттес. Ірі суреткердің негізгі мақсаты өз оқырманын ояту, оның жаңаша мәнін шығармашылығының өн бойынан көрсету әрі негізін арқау ету болды.

Әр жазушының өзіндік қалыптасқан стильдік ерекшелігі болады. Көптеген елге танымал ірі қаламгерлердің үлкенді-кішілі атақты шығармаларын қолға алып үңіле түссең-ақ, кімнің шығармасы екенін айнытпай тануға болады. Әдемі өрнек, сұлу сөзге тұнып тұрған, ұзын сонар ширатылған Әуезов сөйлемдерін, өлең жолдарындай өзара ұйқасын тауып, үйлесіп, төгіліп тұратын, артық еті жоқ Ж. Аймауытов сөйлемдерін, Б. Майлиннің әдіс-тәсілдерін басқа қаламгерлермен шатастыруға болмас.

Бердібек Соқпақбаев Майлин ізімен, бірақ одан басқалау романтикалық стильде әңгіме жанрын дамытып, сол арқылы татымды образдар галереясын жасады. Қазақтың сөз өнерінде «Бердібек тілі» деген тіл бар. Ол қандай тіл? Ол – жіпке тізген маржандай тіл. Ол – нақты тіл, затты тіл. Ол сөз ғана емес, сөзбен салынған сурет. Ол – биік парасат, терең философия. Ол – сыр, сезім... Бердібек тілі сырлы да сиқырлы. Б. Соқпақбаев стилі өмірді терең, көрікті ашады. Сондықтан, тіпті саяси бояумен жазылған шығармаларында да жазушы лепірме, ойдан шығарудан аулақ болып, сол кездің ішкі рухани атмосферасын көрсете білді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар