("Сахнагер-2017" марапаттауынан кейінгі ой)
«Қазақстан театр қайраткерлер одағы» күйреп, «Қазақстан театрлар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Жаңа құрылған бірлестіктің ұйымдастыруымен 27-ші наурыз «Халықаралық театр» күніне орай «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Астана қаласында болған осы жиынға алыс-жақындағы аталмыш ассоциацияның құрамындағы сүттің бетіндегілердің барлығы дерлік жиналып, әртүрлі аталымдар бойынша марапатталды. Осы күннің ең үлкен жаңалығы - Алматы қалалық «Ұйғыр театры» мен «Корей театрына» және Теміртаулық «Неміс театрына» академиялық дәреже берілді.
«Театр өнерінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» аталымындағы арнайы сыйлық Қазақстанның халық артисі, ғасыр жасаған ардагер актриса Айша Абдуллина және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімовке табыс етілді. «Сахналық ғұмыр» сыйлығымен Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Юрий Померанцев, Қазақстанның Халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешева, Қазақстанның Халық артисі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов, Астана қаласы Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова, Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Әспетова, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Батырбек Алпысбаев, Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Кендебай Темірбаев және Мемлекеттің сыйлықтың иегері, жазушы драматург Дулат Исабеков марапатталды.
Сондай-ақ, аталған номинациялардан бөлек, «Сахнагер–2017» І ұлттық театр сыйлығының нағыз майталмандары – лауреаттары төмендегі аталымдар бойынша анықталып, өз иегерлерін тапты: «Үздік режиссер» – Астана қаласы Жастар театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері Нұрқанат Жақыпбай; «Үздік драматург» – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург Мәдина Омарова; «Үздік актер» – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда; «Үздік актриса» – Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс драма театрының актрисасы Кристина Золочевская; «Үздік опера солисі» – Астана Опера театрының жетекші опера солисі, Қазастанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина; «Үздік балет артисі» – «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші балет солисі, Халықаралық байқаулардың лауреаты Бахтияр Адамжан және «Астана балет» театрының солисі Татьяна Тен; «Үздік сахна суретшісі» – М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс дреама театрының бас суретшісі Қанат Мақсұтов; «Үздік балетмейстер» – Республикалық корей музыкалық драма театрының бас балетмейстері Лариса Ким; «Үздік театртанушы» – Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс; «Екінші пландағы үздік актер» – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Жомарт Зейнәбіл; «Екінші пландағы үздік актриса» – Республикалық неміс драма театрының актрисасы Ирка Абдульманова, «Үздік менеджер» – Қ.Қожамьяров атындағы республикалық ұйғыр драма театрының директоры Руслан Тохтахунов; «Үздік дыбыс режиссері» – Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының дыбыс режиссері Ләззат Қыстықбаева; «Үздік костюм суретшісі» – М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының костюм суретшісі Любовь Возженикова.
Бұдан бөлек, жас сахнагерлер еңбегі де назардан тыс қалмады. Сахнада үздік деп танылған талантты жастарға да «Үміт» сыйлығы табыс етілді. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері – Аян Өтепберген, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актері – Әбілмансұр Серіков, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисалары – Гүбаһрам Байбосынова мен Динара Абдуллина, Астана қаласы Жастар театрының актері – Мейірғат Амангелдин, «Астана балет» театрының солисі – Әмина Қайрашева, Республикалық неміс драма театрының актері – Дмитрий Хольцманн, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы – Камила Ермекова, Республикалық корей музыкалық комедия театрының актері – Борис Югай, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы – Полина Горламова, Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс драма театрының актрисасы Никита Коньшин, Қ.Қожамьяров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының актері – Бақытжан Абдулов, «Астана Мюзикл» театрының актері – Саламат Мұқашев, М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының актрисасы – Шынар Рамазанова, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актері – Манас Кенжетаев, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері – Қанат Арқабаев және Б.Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрының актері – Ерлік Қалибеков «Үміт» сыйлығымен марапатталды.
Сырт көз қашан да сыншы. Сынның да сыналар шағы осы болар. Қағылез сын мен қайран сахнаның арасы Әш ағамыз кеткелі алыстап кеткен-ау. Әйтпесе, Әшірбек ағамыз тірі болса: «Ау, Алаштың Асанәлісі, жаңа бірлестік құрып, мүйізі қарағайдай театр қайраткерлер одағынан бөлек үй ішінен үй тігерлік басыңа не күн туды? Одан да сол тізгінді өзің-ақ ал. Айналасы 50-ден астам театрға жік түсіріп не табамыз? Бір ініміздің басы дауға қалған шағында жауға жығып бергендей бұнымыз не?», - дейтін еді-ау, күмәнсіз. Және де бүгінгі «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығына орай – «Асеке, біз ғой алатын атақ, марапат, жүлденің бәрін алдық. Керісінше бұны еленбей жүрген жандар алсын. «Сахналық ғұмырды» сен де, Талғат та алмай-ақ қойыңдар. Айналайын, Талғат, сен алмай-ақ қой. Әйтпесе, Қуанышбаев театры сенің атыңдағы театр сияқты болып кетті. Бір уақыт Әлімбекке, Нұрланға, Болатқа бер. Әйел заты сүйенішке зәру келеді ,бір жыртығын болсын жамасын, Рымкешке бер. Нұрқанат сенің еңбегің сіңді, сен алдың не Дәурен алды не, сенің жемісің. Шынтуайтында көп еркекке бергісіз із салып жүрген Дина мен Гүлсинаға берсек қайтеді?», - дейтін еді, сөзсіз, сынның хас шебері. Жарайды, мақұл. Жоғарыдағы алыптар таласына Әш ағаңсыз біздің сөзіміз де, айғайымыз да жетпесі анық.
Ал, «Үздік драматургия» бойынша Мадина Омардың алғаны әділеттілік талабына жата ма? Астарлы туындылары сахнаға шыға алмай жүрген, айтары зор, берері көп Н.Оразалиннің, Ә.Тарази, Д.Исабеков, Иран-Ғайып (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев), Т. Әбдік, Р.Мұқанова, Б.Әлімжан, Р.Отарбаев, С.Балғабай тағы басқа тәжірибелі қаламгерлердің туындылары «Ақтастағы Ахиконың» қасында аласа болғаны ма? Тарихи тақырыпта сұрыпталған болса, неге Думан Рамазанға, Әннәс Бағдатқа бұл марапат бұйырмады? Егер биылғы жылғы сахналанып, сұраныспен өтіп жатқан спектакльдердің авторлары болса, Роза Мұқанованың «Саррасы» әлдеқайда қуатты шығарма емес пе? Ал, тапсырыспен жазылып сахналанған авторлардың арасында іріктеген болса ЭКСПО науқанына орай қойылған Р.Отарбаевтың «Әміре» спектаклі бар. Бұл ретте де жаңа ассоциацияның ескергені жөн-ау.
Енді артистердің марапатталу сәтіне оралсақ. Облыстық өңірдегі өнерпаздарда марапатталды. Бірақ дені Қызылорда, Талдықорған, Батыс өңірі, Алматы, Астана қалалары. Сонда, шығыс, солтүстік, орталық шекарадағы театрлар шет қалғаны ма? Сәкен Сейфулин театрындағы жанарсыз болсада театрға жанын беріп әлі жұмыс істеп жүрген Мекен Қисықовтың еңбегін ескерген жөн еді ғой. Солтүстік Қазақстандағы Сәбит Мұқанов театрынан әлі бір атақ дәрежесі жоқ Дәурен Тойбазаровты, Павлодарлық Жүсіпбек Аймауытов театрында сан жыл еңбек етіп, Пайғамбар жасына жетіп, зейнетке шығайын деп отырған Сейітжан Тәжібаевтың әлі күні бірде-бір алған марапаты жоқ, Көкшетаулық Шахмет Құсайынов театрының анасы Жібек Бағысованың да бұл марапатты алуға бірден бір қақысы бар емес пе.
Ал, «Үміт» аталымы бойынша театрға келгені кеше ғана болса да, май шелпек асатып шет-шетінен шекпен жабуымыз дұрыс па? Ащы тер мен мехнаттың дәмін көрмей жатып, қол жеткізген жетістіктің құны есте қала ма? Осы ретте Сая Тоқманғалиева, Жанат Оспанов, Жасұлан Ерболат, Олжас Бегайдаров (І.Омаров театрының жас актері), Дина Зайытовалардың еңбектері еленсе ғой шіркін. Қашанғы ескерусіз қала бермек.
Бұл «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы келер жылыда жалғасын табатын болса мендік тараптан бір ұсыныс бар еді. Тек театрда жұмыс істейтін емес, сол театр артистерін оқытып театр қарлығаштарын қанаттандырып отырған бапкер ұстаздарды да ескерсе. Өйткені сахна тіл мен актерлік шеберліктен, режиссерлік ізденістен өзінің бойдағы күшін сарқа жұмсап, үйретіп отырған тәлімгерлік мамандық тасада қалып қойғандай. Мәдениет саласындағы ұстаздар қауымын біздер құрметтемесек, қалың қағаздың астынан кім қазып алмақ. Бұл да ескеріп, құрмет көрсетуге бірден-бір лайықты жандар. Жұрттың баласына жанын салып, жанкешті жұмыс істеп жүрген ұстаздар қауымы ұмытылып қалмаса деген үлкен арман.
Айналып келгенде барлық әңгіменің төркіні – төрде отырғандардың төре табақ етті ұсынарда, төменгілердің де де сыбағасын ескеріп, теңдей қылып бөлсе деген ниет. Әйтпесе Астана, Алматыдағылардың ғана атағы шығып аудан, облыстардағылардың обалына қалып қойдық. Біз ескермесек, елді мекендердегі есті ағайын мен етекті елдің есімін кім атамақ? Өңірлік өнер биіктесін десек, басшылық құзырынан бірнеше қаулылар шығарылса. Тек ғана біздің Астана қаласындағы өнер университетінің өзінде Қазақстанның әр түкпірінен онға тарта қыз-жігіттер білім алып қанаттанып жатыр. Соларға қайткен күнде еңбек бастамасын өз топырағында бастап 4-5 жыл жұмыс істеуі керек деген заң қабылданса. Өйткені облыстық театрлардың басым көпшілігінің деңгейі колледж бітірген балалармен толысып отыр. Осыдан-ақ облыстық театрлардың бағасын бағамдай беріңіз. Әйтеуір, университет бітірген жастардың бәрі Астана мен Алматыда ғана қалуды көксейді. Сонда туған жеріне туын кім тікпек?!.
Театр гүлденсін, өнер өркендесін десек, туыстыққа, таныстыққа, атақ алу үшін жерлестікке жуымасақ екен. Тау тұлғалы үлкендер де ел көзінше соттасып, керкілдесіп театр деген ұлы құндылыққа дақ түсірмесе, шіркін. Театрдың табалдырығы қанша аласа болғанымен, сахнасы өте биік екенін естен шығармайық, еш ұмытпайық...
Нұрислам Әбділ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.