Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеолог...

09.06.2022 3994

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеологиямыз болуы тиіс (жалғасы) 12+

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеологиямыз болуы тиіс (жалғасы) - adebiportal.kz

- Ұлт болып ұйып, бірлігімізді бекемдеу жолында ұтақынымыз қайсы, ұтылып отырған тұсымыз қайсы? Әлде өткенді аңсау, идеал тұтумен уақыт ұтқызып жатырмыз ба? Ұлтымыз өткеннен сабақ ала алды ма?

- Біз ойланатын, ескеретін бір мәселе – шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктеріміздің басына сойыл соғып құлатқанымыз ғой. Ақыл-ойы, парасаты жетілген, көкірек көзі ашылған азаматтарымызды қырдық, астық. Сонда да ойланбай келе жатқан сияқтымыз. Мені осы алаңдатады. Осы қорқыныш менің жүрегімді ауыртады. Сондықтан осы мәселеде ұлт болып бірлесіп, мемлекетіміздің дәрежесін, әлемдік аренадағы беделін көтерейік десек, ұлттың асыл қасиеттерін насихаттап, ұрпағымызға меңгертуіміз керек. Қазақтың ескілігінде де естілік бар екенін мен айтып жүремін. Қазір есті сөз айта білетін адам керек, қоғамға. Есеп сөзді, бір-біріне айдап салатын сөзді, жаман сөзді айтушылар көбейді. Бірақ сол керауыздарды тоқтататын баяғының билеріндей, айбынды ақсқалдарындай адамдар қалмай бара жатыр ма деген көңілде алаң ойлар бар. «Құлпытастың көз жасы» деген драмам бар, сонда ер азаматтардың әйел затына жасаған зорлық-зомбылығын көрген Жамал дейтін кейіпкерім: «Еркегі сайқалданып кеткен заманда не ақыл, не ес қалды дейсің?» - деп жылайды. Соның бәрі өмірден алынған дүние. Сондықтан адалдық, үлкенді сыйлау, кішіге жол беру мәселесі – әрқашан өзекті болуы тиіс.

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Қазір байқайсыздар ма, кез келген жерде отыра қалса болды, тек қана негатив, жамандау айтылып жататынына куә боласыз. Бір жақсылық айтылып жатқанын көрмейсің. Баяғыда әке-шешелеріміз билердің, шешендердің сөздерін, толғауларын мысалдай айтып-айтып келіп: «Мынау – жылайтын сөз ғой, мынау бір тамаша сөз ғой», - десіп сүйсініп отырушы еді ғой. Қазір ондай әңгіме, әдептің, не өткеннің ғибратты, не бүгіннің өзекті әңгімесі сирексіп кетті ғой. Кіл кекету-мұқату, әйтеуір әлденеге риза болмаушылықты көресіз. Бүгінгі қазақ қоғамын тыңдасаң: қазақ жаман, үкімет жаман, парламент жаман, әкімдер жаман, имамдар жаман, мұғалім жаман, полиция жаман, сот жаман, т.б. ұзақ-сонар кете береді. Сонда өзі біздің қазақ қоғамында жақсы кім? Бәрін жаман дегенде, жақсыны қайдан таппақпыз? Осы мәселе бізді ойландыруы керек. Әрине арғыда Орыс империясының екі ғасыр боданында, бертінде Совет Одағының жетпіс бес жыл құрамында болғанымыз – осының бәрі біздің халқымыздың жан дүниесін, ұлттық болмысын қатты өзгерткені рас. Бәрін түп тамырымен қиып тастағандай, арғы тарихымызда айтып ауыз толтырарлық ештеңе болмағандай жағдайда өмір сүрдік қой. Біздің рухымызды билеп, сағымызды сындыру, ен даламызды еркін иемдену үшін олардың бізге солай айтып тұқыртуы керек болды. Кешегі ашаршылықтар, отыз жетідегі қазақтың қаймағын сыпырып тасталғаны, құл-құтандық мемлекет құру идеясы жүзеге асқаны деген сияқты мәселелер – біздің халқымыздың айтып жеткізгісіз трагедиясы ғой. Мысалы, кешегі Алаш арыстары Ахаңдардың, Мағжандардың, Әлекеңдердің бүгінгі күні арамызда көшелі ұрпақтары жүрсе, біз қандай белесте болған болар едік?

Біз жасыратын ештеңесі жоқ, бүгінгі жаһандану дәуірінде барша әлеммен, дүние жүзімен мидай араласып кеткен халықпыз ғой. Бұл да жөн шығар, бірақ та сонымен қатар өзіміздің ұлттық болмысымызды қала сақтаймыз деген мәселе ойландыруы керек қой, әркімді. «Жаһандану келе жатыр, келді!» - деп есік-тереземізді жауып қойып тағы отыра алмаймыз. Қаламасақ та, қаласақ та жаһандану есігімізден кіріп төрімізге жетті», - деп, президентіміздің өзі айтқан жоқ па? Иә, шындығы: біз мына әлеммен бір Жер ғаламшарында, бір ғаламтор желісінде, тағдырлас жүйеде отырғаннан кейін есік-тереземізді тарс жауып, шекарамызды бекітіп қойып отыра алмаймыз және бізде қайсыбір мемлекекеттердей, тарс жауып өзімізбен өзіміз болатындай халықтың саны да жоқ қой. Жеріміз тым ұланбайтақ, ондағы халқымыз аз. Сондықтан қалай болғанда да, айналамен тиімді қарым-қатынас жасауымыз керек. Оның өзінде де қалай ынтымақтастық пен сенімді орнату керек, мәселе сонда. Сенің халқың көршілермен қарым-қатынаста сенімді болғанда, оның өзінде сенің жұртыңның босбелбеу ез емес, ер халық екеніңді өзге жұрт танып біліп мойындауы керек. Сенің дәстүріңді, салтыңды олар сыйлайтындай, біз сыйлататындай болуымыз керек. Ол үшін ең бірінші өзіміз өзіміздің тілімізді, салтымызды, дәстүрімізді, елімізді танып-біле отырып, өз мемлекетімізді мемлекетімізді өзіміз сыйлай білуіміз керек.

Біздің ұлтымыздың, халқымыздың діл, дін, саясат т.б. тұрғысында өз таным-түсінігі бар. Осыны ескеруіміз керек. Бірде шетелдіктермен кездесуде: «Сіздер бізге демократия, демократия деп, өз ойларыңызды тықпалай бермеңіздер. «Демократия не?» - дегенде, мен үлкен-кіші мінберлерден талай айттым, қазір де айтамын: «Маған Американың, Еуропаның тікелей көшірме демократиясы керегі жоқ. Демократия қазақтан қалған. Демократияның көкесі – сөзге тоқтау», - деп айтқанмын. Жалпы осы сөзге тоқтау деген қасиетімізден айырылып қалдық.

- Біздің қазақ қашаннан жүйелі сөзге тоқтаған, ердің құнын ептеп отырып бір ауыз сөзбен шешкен халық еді ғой. «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деп жатамыз. Сөзге тоқтау қасиетіміздің азайып кеткені – тілімізді төрге шығара алмай жүргендігімізден шығар, бәлкім?

- Сөзге тоқтау қасиетін қайтадан қалпына келтіру үшін тіл керек. Өзіңнің тілің арқылы ұлтыңның, оның ұлыларының сөзін ұғатын сана керек. Біз осы мәселеге жұмыс істеуіміз керек. «Құйырғы жоқ жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер» деген Асанқайғы бабамыздың толғауынша айтатын болсақ, тілі жоқ, ділі жоқ халқымыздың санасын қалай қалыптастырмақпыз?. Біз осы мәселеде ойлануымыз керек. Барлық мәселенің, сананың, ойдың бәрінің тетігі ол – тіл. Ұлттың тілі. Халықты сол біріктіреді. Бізде бұған қатысты үлкен проблемалар бар ғой. Айтып келе жатырмыз, жалпы осы тіл мәселесі жөнінде айтылмаған сөз де қалған жоқ. Бірақ оны әзірге тым ушықтырып, үлкен саясатқа айналдырудың да қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Мысалы, кейбірде қазақ тіліне «мемлекеттік тіл» дегенге сай бөлек мәртебе беру керек деген үндер естіліп жатады, конституцияның жетінші бабындағы «орыс тілі – ресми қарым-қатынас тілі» дегенді алып тастау керек деген сияқты мәселелер айтылып жатады. Әрине, қолдаймын оны. Бірақ та бұған орысша айтқанда, реальный, нақты осы солтүстік облыстардың, мына Қостанайдың, Қызылжардың, Көкшетаудың, Ақмола облысының, Шығыс Қазақстан мен Павлодардың жағдайымен қарайықшы. Қазағының 70-80 пайызы орыс тілін пайдаланап, бірнеше буын ұрпағы орыс тілінде сөйлеп келген жерлерде бұл өте қауіпті. Және де соңғы жылдары статистика бойынша орыс мектептеріне барып жатқан қазақ балаларының саны жыл сайын артып келеді. Сондай бола отырып, ертең біз орыс тілін қолданбаймыз, орыс тілін алып тастаймыз, бәрі қазақ тілінде сөйлеуге тиіс десе, ең бірінші бас көтеретін біздің өзіміздің ұлтымыздың адамдары болады. Оған көзіміз жетіп отыр. Өйткені, кей жағдайда ономастикалық комиссияның жұмысына қатысып, әлгі «Покровканы өзгертейік», «Сергеевканы өзгертейік дегенде, жергілікті жердің рұқаты кеерк қой, сондайда ойбай өзіміздің үйренген Сергеевкамыз, Покровкамыз жарайды, - деп тұра беретін өзіміздің ағайындарды да көріп жүрміз. Сондықтан бұған ең бірінші үлкен дайындық жұмыстары керек. Әрине, кейде айтады, отыз жыл өтті, енді қашанғы дегендей. Ал енді сол «қашанғы» деген сөзді айтпас үшін, ең бірінші қазақ баласы өзінің тіліне ие болуы керек. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Егемен Қазақстанда», «Қазақ әдебиетінде» бүкіл баспасөзде «Тіл білместік және не істеу керек?» деген менің көлемді мақалам жарияланды. Сонда былай бастадым: «Қазақта уызына жарымаған» деген сөз бар. Уыз деген – жаңа төлдеген малдың, жас босанған ананың емшек сүті. Халқымыз жаңа туған төлді де, баланы да уыз сүтіне жарытып емізуге үлкен мән берген. Уызына жарымаған төл де, уызына жарымаған бала да аурушаң келген. Біздің сөйлей алмай жатқан себебіміз – сол бала кезінен өзінің тілінің уызына жарымаған ұрпақ пайда болдырғанымыз.

Ертеде сөзді сөз білетін адам ғана сөйлеген. Қалғаны тыңдаушы болған. Ал қазір қарасаң, кекеші де, сақауы да, өресізі де сөйлейді. Сондықтан қазір жақсылық пен жамандық мидай араласып, жақсылықтың жамандық алдында бұғып қалған ба дейтін себебіміз осы. «Арлы арына қараса, арсыз жеңеді» деген қазақтың бір сөзі бар ғой. Сол арлыны арсыз жеңген заманға келіп қалдық па деп ойлаймыз. Бірақ оған қарамастан күресу керек. Қазір білсеңіз, біздің қоғамда арлы болып өмір сүру, жақсы болып өмір сүру қиынға айналып кетті.

- Аға буын өкілдері кейде, кейде емес-ау көбінесе жастардың тәрбиесіне алаң көзбен қарап, сын айтып жататыны бар. Бұл - дұрыс та шығар. Осыған қатысты ой-пікіріңіз қандай?

- Бүгінгі күні біз жастарға үлкен сенім артып отырмыз. Мемлекеттік резерв қалыптасып жатыр, жастарға орын беріліп жатыр. Бірақ та сол жастарға бір нәрсені баса айтуымыз керек. Ол – аға ұрпақ өкілдерін сыйлаңдар, үлкендерді, қарттарды сыйлаңдар, солардың ақыл-кеңесін алып отырыңдар, үйреніңдер деген мәселені біз дұрыс айтпай келе жатқан сияқтымыз. Ал сондай сөзді естімеген бала өзінің әкесін, анасын пір тұта ма деген мәселе де мені ойландырады. Қазір кезеңде мен жастарды айыптамаймын, бірақ та жастардың бойында анағұрлым сезілетін эгоизм, өзімшілдік бар. Сіз бен біздер өскен үйімізде кемінде он-он екі, әйтпесе алты-жеті баланың арасында өстік қой. Қазіргі отбасыларда әрі кетсе, екі-үш бала ғой. Олардың бойында: «Өзім ғана!» - деген өзімшілдік қалыптасты. НЗМ-да немерем оқыды, сонда барып жүріп байқағаным: оған біз өзіміз кінәліміз. жалғыз-жарым баласын бір-бірімен бәсеке қылып, бақасқа қоятындар бар екен. Сол ата-аналарға: «Сіздер президенттік мектепте оқыған балалардың бәрі ертең президент болады деп ойламаңыздар. Сіздер осы балалардың санасын неге улайсыздар? Әрбірінің тағдыры біледі. Терең білім алған дұрыс. Мынау балаларды осы бастан бастап, ана сүті ауыздарынан сүттері кеппей жатып бір-бірімен бақастыққа, таластыққа тәрбиелемеңіздер. Бір-бірін аңдытып, қарсы қоюды қойыңыздар. Одан гөрі терең білім, адамгершілік беріңіздер», - деген сияқты әдептік әңгімелерді айтуға тура келді.

Шындығында солай, әрине. Әркім өзінің баласының шыққан тауы биік болса екен дейді. Оның үстіне «баламды медресеге біл деп бердім» деп Абай айтпақшы, білімді болсын деп беріп жатырмыз ғой. Ол дұрыс, оған қарсылық жоқ. «Ақыл, жүрек, қайратты бірге ұста», - деп Абай дана айтқанындай, бәрін тең ұстап, адами қалыптан кетпеуіміз керек қой. Оны бірақ біреуіміз түсінеміз, біреуіміз түсінбейміз. Ақыл-парасат, ой-сана, ішкі жан дүниең дегендер қайда қалмақ? Білім деген ол – жалғыз диплом емес қой.

Мынадай алып даланы игеру, меңгеру мәселесіне келгенде, қазақ баласы ең бірінші өзіміз қимылдауымыз керек. Өз керегімізді өзіміздің қолымызбен жасамай түк те болмайды. Соны үйренуіміз керек. Жалпы түрлі кәсіпке үйренуіміз, үйретуіміз керек. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық», - дейтін Абай дананың да айтқаны бар ғой. Сондықтан да зулаған мынау жарыс заманында, ендігі жерде тек өзіміздің еңбегімізбен, іскерлігімізбен көзге түсуіміз керек, онсыз қиын болады. Осы мәселелер толғандырады, орайы келіп қалған жерде халыққа, жастарға осыны айтамыз.

- Парламент қабырғасында жүргенде биік мінберлерден елдік мәселелерді көтеріп жатқан үніңізді БАҚ-тардан естіп, көріп жүретінбіз. Сол кезеңде өзекті деген қандай проблемаларға қозғау салдым деп білесіз?

Парламен қабырғасында, кезінде көптеген мәселелер көтердік қой. Соның бірі - Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына Біржан сал бабамыздың атын беру туралы мәселе еді. 2017 жылы бұл мәселе оңынан шешіліп, Қазақстан картасында Біржан сал ауданы пайда болды. Тағы бір көтерген мәселем – гендерлік, жыныстық теңдікке қатысты болды. Еуропада еркек пен еркек, әйел мен әйел үйленіп жатқан жаман ғадет пайда болды ғой. Ертең сол жаман кесел біздің елімізге келіп: «Ал ағайындар, осы мәселені бізге заңдастырып беріңдер!» - деп алдымызға келсе, қайтеміз?» - деген сұрақты мен сонда қойғанмын. Бұл – он екінші жыл болатын. Қазір келді ме сол, келді. Былтырлары сол талаптар қойылды. Адамның құқы дейміз. Ал біз осыны қалай тыямыз? деген сияқты мәселе күрделі ме, күрделі. Сондықтан қазақ баласының алдында осындай қиын-қиын мәселелерді шешу керек. Оған біз заңдық тұрғыдан тоқтам, тыйым жасап шеше алмаймыз. Өйткені, бұл жөнінде біз халықаралық қауымдастықтармен келісімшарттарға қол қойғанбыз.





Олар соны талап етіп отыр. «Сендер шартқа қол қойдыңдар, орындауларың керек, еркек пен еркек, әйел мен әйел үйлене берсін», - деп талап қоя алады. Егер орындамайтын жағдайда: «Сендер адам құқығын бұзып, шектеп жатырсыңдар!» - деп санкция да жариялап жіберуі мүмкін. Ондай әрекеттер дүние жүзінде бар ғой. Бірақ та біз өзіміздің ұлтымызды, ұрпағымызды көзімізді бақырайтып қойып соған жібере аламыз ба? Жоқ, мүмкін емес! Ұрпақ тәрбиесі сондықтан маңызды. Ұлды ұл қылып тәрбиелеу, қызды қыз қылып тәрбиелеу керек. Ұлыңды ұл ғып тәрбиелесең, ұл болады, құл ғып тәрбиелесең, құл болады», - деген, Ахмет Байтұрсыновтың айтатын бар ғой. Сондықтан, ұлды ерік-жігерлілікке тәрбиелеу мәселесіне мән беруіміз қажет. Біз кейбірде қыз баланың жағдайын айта береміз де, ер баланың мәселесіне келгенде аса мән бермейтініміз бар. Қазақ әйтеуір: «Ер баламыз болса болды, солар біздің ертең шаңырағымызды ұстайды, атымызды алып жүреді», - деп, ұл балаға үлкен үміт артамыз да, бірақ соны көп жағдайда ынжық қылып тәрбиелеп аламыз. Сосын қырыққа дейін мойнымызға мінгізіп аламыз да, қырықтан кейін ол балаға шамамыз келмейді, жерге түсіреміз. Сосын не өліп қаламыз не, ол баламыз жан жағына қарайды, өмір сүруге қабілетсіз ұл малымызды шашады, алып берген әйелден де айырылады. Сөйтіп көшеде қаңғырып қалып жатыр. Мен осы мәселені де айтып жүрмін. Қазір Қазақстанның кез келген қаласына барыңызшы, бет ауызы быт-шыт болып азып-тозып жүрген өзіңнің ұлтыңның, соның ішінде қыз-келіншектердің жүргенін көресің. Мас болып жүрген, азып-тозып кеткен өзге ұлттың өкілдерін көрмейсің. Сонда жүрегің ауырады. Біз кешегі кең сахараны мекендеп жорға мен жүйрік мініп, қымыз ішіп салауатты өмір сүрген сері халықтың бүгінгі ұрпағы осындай дәрежеге түсуі қандай қасірет. Бұл неге ойландырмайды? Неге жаныңды ауыртпайды? Алла-Тағаланың жаратқан тіршілік иесінің ең ақылдысы, ең ақымағы – осы адам баласы ма деп қаламын. Сонда кейбір адамдар: «Неге?» - деп сұрайды. «Арақ ішпе, арақ ішсең зиян, алқаш болып кетесің, наша тартпа, жынданып кетесің!» - деп айтамыз да, соны өзіміз өндіреміз, насихаттаймыз. Міне, қарама-қайшылық. Осыған кім, не қарсы тұруы керек? Бұған ұрпағымыздың санасында осыған ізгілік, жақсылық, ата-ананың өнегесі, қазақ халқының ұлы қасиеттері қарсы тұруы керек. Бүгінгі дүниенің дамуын, бәрін экономикаға, қаржыға әкеліп тіреп қойдық қой. Экономикалық жағынан мықты болу – ол да керек шығар. Бірақ та кейде түсінбейтін жағдайларым бар: кез келген мемлекетпен достық, мәдени қарым-қатынас, келісімдері бар, қарасаң. Бірақ та көрші мемлекеттерге емделуге баршы, ақылың жетпейтін ақша сұрайды. Сонда мен айтамын: «Ау, әлгі Достық қарым-қатынас, адамгершілік, біз бір-бірімізбен сөйтеміз» деген сияқты келісім қайда? Сонда қарым-қатынастың бәрін ақшамен, дүниемен өлшеу – адамзаттың жасап жіберген үлкен қателігі ме деп ойлаймын. Кейбірде ауырып жатқан адамды бір операция жасаса, құтқарып жібереді, бірақ оған ақша төлегенше қарап отырады деген жағдайлар айтылады ғой. Сонда біздің адами жүрегіміз, жанымыз, болмысымыз қайда? Әрине, даму үшін ақша да керек шығар, бірақ та біз дүниенің жинаған байлығымен, миллиондармен, миллиардтармен қайда барамыз? Осы жөнінде бір повесімде жазғаным бар, «Аллаға бір разылығым: осы адам баласына ажал бергендігіне ризамын», - дейді бір кейіпкерім. Екінші кейіпкерім: «Неге?» - деп сұрайды. «Егер адам баласы мәңгілік немесе 150-200 жыл өмір сүретін болса, мынау адам баласы жердің астын-үстін бәрін тауысып бітіріп, сосын бірінің етін бірі жеп тауысатын заман болмай ма екен? Қазақта «бірінің етін бірі жеп жатыр дейтін бар ғой». Соған орала ма деп қорқамын. Сондықтан да Жаратқанға ризамын, ажал бергеніне», - деген сияқты келетін жері бар. Әрине, бұл – ауыр сөз. Бәріміз де ажалдымыз. Бірақ та соны кейбірде ойламайтын жағдайлар бар ғой. Соның бәрі келіп адами қасиетке тірелмей ме? Біздің қоғамды ойлап тұрсаң, қазір кейбірде адамға қамқорлық жасаудан бұрын көшеде қаңғып жүрген ит пен мысықтарға қамқорлық көп пе дейсің. Соларды жинауға үкіметтің алдында талап қойып, оларды ұстауға қаржы бөліп, арнайы үй-жай соқтырып, соған жағдай жаса деп жатамыз. Ал адам жүрсе, оған бей-жай қараймыз. Сонда адам баласы өзіне өзі керек болмай қалғаны ма? Біз өзіміздің ынтамызды, жақсылығымызды жан-жануарға жұмсаудамыз. Әрине, оларға да қамқорлық керек шығар. Бірақта ең бірінші жақсылықты адам баласы бір-біріне арнап, аялауы, құрметтеуі керек қой. Ол оны, ол мұны құрметтей білсе, айнала тіршіліктің бәрінде бір-біріне деген сыйластық орнар еді ғой.

Біз ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беруіміз керек. Естеріңізде болса, мен Сенатқа барған кезде қазақ қыздарын шетелде оқуға жіберуді шектеу керек дедім. Осы кезде «Конституциялық құқыққа қол сұғып жатырсың, шектеу жасап жатырсың», - дегендей пікірлер айтылды ғой. Мен оларға уәжім мынау болды: «Конституцияны білемін, конституция бойынша әркімнің тіл, дін таңдауға, бай таңдауға құқығы бар, бірақ та ұлттық мүдде, ұлттың жазылмаған заңы бар ғой. Біз неге осыншама көп халықпыз ба? Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балаларымызды есепсіз-қисапсыз шетелге жіберіп жатырмыз. Онда оларды өлтіріп те жатыр. Қазақтың қызы кім көрінгенге шығып кетіп жатыр. Біз Қазақстанда жетпей жатқан дүниені қазақтың газына, мұнайына, алтынына айырбастап ала аламыз. Кемдігімізді толтырамыз. Ал бірақ қазақтың қара домалық баласын ешқандай байлыққа сатып ала алмаймыз ғой. Оны дүниеге әкелетін – қазақтың қызы. Біз бүгінгі қазақтың қызының санасына: «Сен ертеңгі ұлтымыздың анасысың» дегенді сіңіруміз керк. Сондай жауапкершілікті олардың мойнына ертеден артып қоюымыз керек. Қыз балаға: «Мен тоқал алайын ба, алмайын ба», - деп ойыншық есебінде қарауға болмайды. Осындай сұрақ қойылғанда: «Осы мәселені үкіметтік, парламенттік деңгейде қаруға қарсымын!» - дедім. Мен осы мәселені айтуға ең бірінші, өзімнің әйелімнен, қызымнан, немеремнен, келінімнен ұяламын. Осыншама, мемлекетте осыдан басқа проблема құрып қалды ма? Алатындар өзі ала берсін. Бұл әрі-беріден соң қыз баланы қорлау, дәрежесін түсіру мәселесі ғой. Сондықтан қыз балаға: «Сен ұлттың ертеңгі анасысың. Саған ұлтымыз қарап отыр. Ұлттың алдында жауаптысың!» - деген сияқты әңгімені айтуымыз керек!». Бұл қашан да өзекті мәселе.

- «Ауыл – қазақтың бесігі». Әрине, солай екені рас. Қанша даттағанымызбен, кешегі кеңестік заманда осы ауылдың керегесі кең, түтіні түзу болды ғой. Алтын бесік ауылдан неге ажар тайды? Елдің жайын білетін азамат ретінде не айтар едіңіз?

Жалпы қазіргі қазақ даласына не жетпей жатыр өзі? Меніңше, екі нәрсе жетпей жатыр. Ол – мал мен жан. Қазақтың әлгі «Мал-жаның аман ба?» - деп сұрауының өзінде үлкен филсофиялық мән бар екен ғой. Қазір далаға шықсаң, мидай дала, не мал жоқ, не жан жоқ. Ана жерде бір трактор, мына жерде бір қырық-елу жылқы жайылып жүргенін көресің де осы ойға келесің. Осы мал мен жанға көңіл бөлу – қоғамның, мемлекеттің мәселесі ғой деп білеміз. Жалпы біз мынау жаһандану заманында мына қара жерге немізбен табан тіреп қаламыз? Біз малымызбен табан тіреп қаламыз. Қазақтың ата кәсібі мал бағуды мемлекттік идеология деңгейінде қалыптастыру керек екенін мен айтып та жүрмін. Мал бағып жүрген адамның көкірегінде мен мал бағып жүрген адаммын, мен малдың иесімін деген бір мақтаныш сезімін оятатындай жағдай жасауымыз керек. Ал бізде керісінше, қазір ауылдарға барсаң, ағайындардың осы қаладан ұстап алып барған бір-бір бичтері бар. Өзінің он-төрт он бестегі сойталдай баласы түске дейін ұйықтайды, ана бичі малын қайырады. Сиырын сауады, қойын қырқады. Сонда әлгі туысқа айтамын: «Аға, анау балаңыз саудың мүгедегі болып қалады ғой. Қолымен боқ күрей алмай қалады ғой, соны неге үйретпейсіз?» - десем: «Ә, оны бич істеп жатыр ғой!» - деп қояды. Бич ұстағанды бір мақтаныш көретін дәрежеге жеттік. Бүгінгі балалар неге мал бағуға бармайды? Өйткені, мал бағу – үйсіз-күйсіз жүргендердің, алқаштың ісі деп түсінетін болды, ел. Біздің баяғы әлгі тоқ айғырды мініп алып, қолына құрық ұстап тымағын басып киіп алып жүретін жылқышы аталарымыз қайда? Біз неге көшеге ковбойлардың суретін іліп қоямыз. Біздің құрық ұстаған асқақ жылқышыларымыз қайда? Солар арқылы қазақ малшысын, жылқышысын көрсетуіміз керек емес пе? Мал бағуды мақтаныш көретін, малды кәсіп көретіндей, мемлекетте мал бағудың жаңа идеологиясын қалыптастыру керек дегенім – осы. Малың болса, етіңе, сүтіңе бәрі саған келеді. Осы идеологияны қалыптастыру керек. Біз әлемді компьютер, зымыран жасаудан таңғалдыра алмаспыз. Әрине, шығатын шығар бізден де. Бірақ та оған бүкіл қазақты жұмылдыра алмаймыз ғой. Некен-саяқ талантты ғалымдар шығатын халықпыз ғой. Ғалымдар да шығар. Бірақ негізгі ата кәсібіміз малды бағу, соның өнімін өндіру, өсіру, ұқсату мәселесіне үлкен мән беруіміз керек. Әрине, бүінгі қазақ халқының көзі ашылды, оны қазіргі дей құлазыған ауылға апарып тастау – ол да обал. Сондықтан бүгінгі ауылдың өзі шағын қала типтес ауылдар болуы керек. Осы қалада бар бүкіл жылуың, жарығың, т.б. болуы керек. Сосын өнімдерді өңдейтін шағын кәсіпорындар сол ауылда болуы керек. Малшы қиналмауы керек. Өнімді өндіріп, өңдеп, сол жерден алып кетін ғана жағдай жасап отырса, ауыл өркендер еді. Осы мәселеге көңіл бөлу керек. Мұны жасауға біздің мемелкетіміздің толық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Астананың іргесіндегі Иван Сауэрдің «Родинасы» бар ғой. Әр облыста сондай кемінде бес-алты шаруашылық жасасақ, өзгелер соған талпына түсер еді. Біз қазір жалғыз «Родинамен» мақтанамыз. Сосын Қызылордада Ерәлиев деген азамат басқаратын шаруашылық бар. Мәжіліс депутаты болған ініміз. Сондай-сондай шаруашылықты құратын уақыт келді. Уақытты оздырмауымыз керек. Қазақстанның Қытаймен, Орыспен шекарадағы ауылдарымызды бос қалдыруға боламайды. Оңтүстіктен көшіру мәселесі айтырып жатыр ғой. Сол кезде мен парламент қабырғасынан осы мәселе айтқаным бар-ды: Сіздер қалай ойлайсыздар? Солтүстіктің қызықты-қиындықты жағдайын білесіздер ме? Жерінде алты ай қыс жатады. Отыз-қырық градус аяз болады. Біздің ауылдарда алты ай қысқа алты ай жаз дайындалады. Көктем шығысымен үйін, қора-қопсысын жөндейді. Малын семірте бастайды, отынын, шөбін дайындайды. Сіздер ертең сол оңтүстіктің жылуына үйренген халықты апарып ауылдарға есігі болса терезесі жоқ, терезесі болса есігі жоқ әлгі тың игеру жылдары салған үйлерге апарып тастайсыздар. Содан олар әупірімдеп бір қыстайды да, келесі жылы қайтып кетеді. «Ақшасын бөліп едік, өйтіп едік, бүйтіп едік, тұрмады, халық жалқау», - деп тағы да сол үшін халықты кінәлайсыздар. Жоқ, ең бірінші жақсы үй салыңыздар. Салғанда, жаңағы үйге кісі қызығатындай үй салыңыздар. Сосын: «Міне, сенің үйің, жұмыс орның», - деп апарып көрсетіңіздер.

Кезінде шынын айтқанда: «Неге агроном болмадық екен, агроном болсақ шаруашылықтың керемет үйінде тұратын едік, астымызда бір-бір машина болатын еді», - деген сияқты көңіл-күйге берілген кездеріміз де болған. Кешегі тәуелсізік келген кезде ел жаппай қалаға кетті ғой. Құлдыраған ауылдарға соны жасасақ, ауылдан келгендер қайтадан оралатындай жағдай жасап берсек, жақсы болар еді. Бұған да келерміз. Қазақтың тағдыры – мемлекеттің тағдыры ғой. Кейбірде картоп мәселесі мемлекеттік деңгейде болғанына қарным ашты. Бұл шынын айтқанда ауылшаруашылық ісінде жіберіліп жатқан кемшілігіміз деп ойлаймын. Ондай мәселе өзбектерде айтылмайды, соның бәрі бізде жұмысымыздың жоқтығы, мән бермей отырғандық болар. «Бізге әкел, қамтамасыз еті және арзан болсын», деп талап ету дұрыс па? Ауылға барсаң, есігінің алдындағы бұрынғы кеңес үкіметі кезінде картоп өсіріп отырған жерлерін қалың қурай басқанын көресіз. Біз қалада тұрдық. Әкемізге жұма сайын барамыз. Сонда әкеміз қайда деп іздеп барсақ, огородтың ішінде қисая жантайып, арамшөп жұлып жататын. Мынау ертеңгі жейтін тамақтарың ғой, келсеңдірші деп шақыратын. Содан шешініп тастап өзіміз бар, балаларымыз бар, бәріміз сенбі-жексенбіде арамшөбін тазалап түптеп кететінбіз. Сол кезде ауылға барғанда етімізді, сүтімізді, майымызды, картобымызды арқалап қайтатынбыз. Қазір керісінше, қалада тұратын балалар қаланың дүкенінен сатып алып, ауылға сүт, қаймақ, ет апарып береді. Мен кейбірде күлемін. Оның өзінде алатын дүкендері де болады екен: «Дүкендегі тағамның пайдалану мерзімі бітеді, соны ала бер», - дейді. Оны аналармен келісіп қойған, арзан бағаға береді. Қалада оны сатса, ертең айыппұл алады. Ауылдарға беріп жібереді. Соны айтам, сендер саясатты қайтесіңдер, бір сиыр мен бес қойыңды бағып алсаңшы, әуелі деген әңгімелерді айтамын. Ол үшін халықты, үкіметті өз басым кінәлай алмаймын. Үлкен жұмыстар жүргізу керек. Біз әлемдік белеске жаңа шыққан халықпыз, жас мемлекетпіз. Отыз жыл – тарих үшін түк те емес. Бірақта қайткенде де осы бүгінгі тыныштығымызды, бірлігімізді сақтай отырып, тәуелсіздіктің алдағы кезеңдеріне, сол кезеңдердің сабағына, талабына ажуап беретіндей ұлт, сана, мемлекет қалытпастыру ол – біздің міндетіміз. Осы мәселені жастарға, елдің ортасында жүргенде айтамыз. Есті сөз сөйлейік, есерлікті қояйық деп айтып отырамыз. Өзіміздің ел, өзіміздің мемлекет, көшеге шыққанмен, өйткенмен, бүйткенмен, өз барамғыңды өзің тістейсің бе, өз қолыңды өзің шабасың ба? Осы және басқаларды айтқанда, жастар сөзді тыңдайды. Жастарға санасына жеткізіп айта білу керек. Кейде қарап отырсаң, былай жасағаның дұрыс болады, ана дана былай деген мына дана былай деген, сенің әке-шешең қалай тәрбиеледі, не айтты, деген сияқты мәселені айтып отырамыз. Бар тілегім, арманым, осы бір тәуелсіз күнімізді Алла-Тағала көпсінбей, жеріміздің кеңдігін, еліміздің теңдігін мәңгілік етсе деген тілегіміз бар (жалғасы бар).

(суреттер ашық ақпарат көзінен алынды)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар