Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеолог...

02.06.2022 4991

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеологиямыз болуы тиіс 12+

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! - біздің басты идеологиямыз болуы тиіс - adebiportal.kz

Драматург-жазушы, драматруг, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламент Сенаты Ү, ҮІ шақырылымдарының депутаты, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы Ерғалиевтің бүгінгі қазақ қоғамының алуан түрлі мәселелері туралы ой бөліскен сұхбатын жариялап отырмыз.

- Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың орындалған арманы, тағдырдың сыйы. Сан түрлі сындарлы жолдардан өтіп, отыз жылдық белестен де астық. Тәуелсіздігімізді аялап, сақтап, нығайтып, ұлттық болмысты сақтап, мемлекетшілдік сананы биіктету тұрғысындағы істерге деген көзқарасыңыз қалай?

- Біз тағдырдың сыйы тәуелсіздікті алдық. Отыз жылда тәуелсіздіктің сындарлы жолынан өттік. Көптеген кезеңдерді бастан өткердік. Тәуелсіздік жайында жастарымыздың әлеуметтік желілерде түрлі-түрлі сындар айтып жататынын да көзіміз шалып қалады. Әрине, сын айту оңай. Айтылмасын демейміз, сын айтылуы қажет. Бірақ сынның да орны бар емес пе? Қарасаңыз кейбір бесіктен белі шықпаған балалардың мемлекетке қарата айтқан сынын тыңдасаңыз, төбе шашың тік тұрады. Мысалы, мен отыз жылдық тәуелсіздікті отыз қабатты үй деймін. Сол отыз қабатты үйдің тағанын тартып, тұрғыза бастадық. Сол үйді салып біткеннен кейін оның ішкі бөлмелерін реттеп, терезесін сүрту керек. жанындағы қоқысты тазалау, көгалдандыру керек. Мемлекет те солай. Біз де сол сияқты жасауымыз керек қой. «Осы қазақ елі көштен қалмаса екен, заманынан озық дүниелерін көріп көзін ашса екен деп», - тәуелсіз Қазақстан мемлекетін алғаш басқарушылар бізді әлемдік аренаға бағыттап, алып шықты, осы деңгейге әкелді ғой. Тыңнан жол салған кезеңде кемшіліктер болған шығар, бірақ бүгінгі күнге бейбтілшілік пен тыныштықта, аман-есен, аз емес көптеген жетістіктермен жеттік қой. «Тәуелсіздігімізді жаңа алып жатырмыз, нашар мемлекетпіз», - деп сол кезде отыра берсек, бізді кім танитын еді. Сондықтан қазақ деген мемлекет құраушы ұлт бар, мемлекет бар, екендігін таныту үшін жанталасып, әлемдік аренаға шығу қажет болды. Біздің қазақ баласы ертерек көзі ашылса екен, шетелге барып көрсін, айналада басқа да заң, өмір бар екенін, алуан түрлі мемлекет бар екенін көрсін деген ниет орындалды. Оған қазір күмән бар ма? Сондықтан да сынды кешегі мен бүгінді салғастырып сезіне отырып айтқан дұрыс болар.

Былай қарғанда, бізде кейде тәуелсіздікке де тоғышарлық көзқараспен қарау да көрініс беріп қалады. «Керемет қымбат машинам, үйім болса екен, жұрттың кимегенін кисем екен, бармаған жеріне барсам екен», - деген сияқты тоғышарлық психологиямен өмір сүріп жатқандар аз ба? Ал шындығында тәуелсіздік үшін алдымен кімдер алысты? Саналылар алысты. Тәуелсіздік – ең әуелі адамның ақылы мен санасына керек. Мынау заманда қарнымыз аш емес. Әлем халқы, соның ішінде біздің халқымыз керісінше, рухани ашаршылықтан сақтану керек. Сондықтан да тәуелсіздікке рухани жағынан қарауымыз керек. Айнала дүние-мүлікке толды. Қазір бұрын көзіміз көрмеген дүниелерді көріп жүрміз. Бірақ та сол алуан дүниелерді сен алып тұтынып ғұмырыңда үлгере алмайсың. Конвейер ғұмырда сол дүниенің сағат сайын пішінін, бояуын өзгертіп, сағат сайын түймесін өзгертіп, жаңадан шығарып жатыр. Сен оны қуып жете алмайсың.

«Ескі арба» деген повесімде Ахмет шал атты кейіпкердің толғанатыны бар. Есік алдына шықса, немересі ескі арбаның темірлерін бұзып жатады. «Ей, айналайын, мынаны неғыласың?» - дегенде немересі: «Ой, ата, осы үйде ақша қалмады. Анау темір өткізетін жерге тапсырайын деп жатырмын», - дейді. Осындағы ескі арба – бір адамның тағдыры еді. Сол арбамен тәркілеу кезінде Степнякқа барып, аштан қырылғандарды жинап едім, сол арбамен соғыс басталғанда ауылдың азаматтарын военкоматқа шығарып салып едім», - дейді.

«Қазір адам баласы өзін бай сезіну үшін үш-ақ нәрсе керек екен ғой. Тәуба, шүкіршілік, қанғат. Бірақ мұны мен кімге айта аламын. Осы үшеуін айтсам: «Әй, қаңғыған, алжыған қақпас, сол үш байлығыңды басыңа жақ та, тыныш отыр десе, мен не істеймін?» - деп толғанатыны бар.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат», - деген ұғымның айналасында идеология құрылуы керек. Осы мәселеден бірлігіміз нығаюы керек. Тәуелсіздік алу – қазақ халқына оңай болған жоқ. Оның бәрі өзінен өзі келген жоқ, тәуелсіздікке дейін қандай жолдардан өткенімізді халқымыз жақсы біледі.

- 1989 жылы, сонау кеңес тұсында Қазақстанда «Тілдер туралы заң» қабылданғаннан бері қарай есептегенде 33 жыл өтіпті. Тәуелсіз Қазақстан Қазақстан Республикасының Конституциясы 7 бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» анық жазылған жазылса да, мемлекеттік тілдің өз қызметін орындауы көңіл көншітерлік жағдайда емес. Осылай жалғаса берсе, тіліміздің тірлігі құрдымға кетпесіне кепіл бар ма?

- Тілдің мәселесі туралы айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып жатыр ғой. Осы тұрғыда не істеу керек дегенге ойлана келе өз бағдарламамды ұсындым. Бірінші, мемлекеттік тіл және отбасының жауапкершілігі. Біз осыны барлық мүмкіндіктермен, мысалы: атасы мен немересі келе жатып, атасы орысша сөйлегенде немересі: «Ата, сіз менімен мемлекеттік тілде сөйлесіңіз, мен қазақ мектебінде оқып жүрмін ғой!» - деген сияқты әлеуметтік роликтер шығарып әсер етуіміз керек. Себебі, мемлекеттік тіл – ең бірінші, отбасында сөйленуі керек.

Екінші бағдарлама: «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі». Әрине, қолыңнан келіп тұрса, орыспен орысша, ағылшынмен ағылшынша, қытаймен қытайша сөйлес. Уақыттың, заманның талабы делік. Бірақ та екі қазақ отырып, бір-біріңмен өз тіліңде сөйлесу – міндет болуы керек. Осы елордада, өзге қалаларда болсын, сауда орындарына барсаң, қазақтың жап-жас қыздары: «Здравствуйте!» - деп алдыңнан шығады. «Әй, айналайын: «Сәлеметсізбе» қайда? Сен мынау біздің үлкен елордамыздың халқына қызмет көрсетуші баласың. Сенің алдыңа кім келеді, қандай ұлт келеді, ең бірінші сөзің «Сәлеметсіз бе?» болуы керек. Соны айт та, клиент қай тілде сөйлейді, сол тілде жауап бере бер. Ең бірінші, өз тіліңде амандығың керек!» - деймін. Біз осындай қағидаларды, элементтерді ептеп-ептеп батыл кіргізуіміз керек қой. Мемлекеттік тіл және халыққа қызмет көрсету, бизнес саласы қызметкерлерінің жауапкершілігі тұрғысында қатаң талап керек. Кейбірде ойлайсың: «Шығарып жатқан өнімдеріміздің сыртына неге екі тілде жазамыз? Сүттің бәрін сүт екенін біледі ғой, нанның нан екенін де біледі. Оны несін «молоко», «хлеб» деп жазамыз?» Бұл – біздің солқылдақтығымыз. Алайда осылай отыра бермей, ақырындап нақты жұмыстар жүргізілуі керек. Ол үшін басқа халық шулап шыға келмес. Кейде шулап шыға келуге өзіміздің қылығымызбен, мінезімізбен өзіміз де жол беріп алатынымыз бар. Президент Тоқаев өз жолдауында қазақ тілі мемлекеттік тіл екендігін ашық айтты ғой. Бірақ та орыс тілінің қолданысын шектеуге болмайды деген сияқты мәселені де айтты. Әрине, бүгінгі күні орыс тілін де, ағылшын тілін де білуің керек. Кезінде балабақшаларда, мектептерде ағылшын тілін үйрету басталған кезде біз өре түрегелдік қой. Бірақ содан халық бас тартқан жоқ. Ақшасын беріп, оқытып жатыр. Енді ойлап отырсақ, сол ағылшын, орыс тілін білу – керек екен. Ол – әрбірден соң қазақ өзін әлемдік аренада сақтап қалудың бір тетігі. Өз тілімізде әрине сайрап тұру керекпіз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген кешегі Қадыр ақынның сөзін бәріміз айтамыз. Бүгінгі ашық қоғамның көзімен қарайтын болсақ, бір ғана тілмен өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан қосымша, ең бірінші, ағылшын тілі мен орыс тілін үйрен. Іргеміздегі жеті мың шақырым шекарасы бар көрші Ресейдің тілінен біз аулақ қашып кете алмаймыз. Бірақ солай екен деп, орысша жарыса шүлдірлеудің де қажеті жоқ. Өз жерімізде өтіп жатқан түрлі жиындарымыз өз тілімізде басталып, өз тілімізде жүріліп жатса, сонда ғана біздің тіліміздің мәртебесі арта түседі. Ал оны қазір жасап жатқан лауазым иелері бізде аз деп есептейміз. «Құрметті жолдастар!» - деп бастап алады да ар жағын сол орысша көсірте жөнелу үрдісі – мұрты бұзылмастан сол қалпында. Әлгі «Өзгелер түсінбей қала ма?» деген қымсыну. Кезінде біз түсіндік пе? Оны бізден сұраған да жоқ қой. Қайта әке-шешелеріміз қазақ мектебінде оқып жүрген баланы «сен ертең наныңды сұрай алмай қалатын боласың, адам болмай қаласың» деп қазақ мектебінен алып, орыс мектептеріне беруге мәжбүр болды ғой. Бір полемикада мен мынадай жағдайды айттым. Қазақ тілін үйреніп, сол арқылы қазақтың төріне шыққан, қазір атын айтпай-ақ қояйын, бір орыстың қызы қазақтарға кішкене тіл тигізе сөйледі. Сосын мен айттым: «Айналайын, сен олай сөйлеме. Сен қазақтың тілі арқылы төрде отырсың. Сен оны өзің үшін үйрендің. Одан жаманшылық көріп отырған жоқсың!». Сосын мынаны айттым: «Қанеки, бір эксперимент жасайық. Қазақстанның кез келген қаласында бір балалар бақшасын салайық. Сосын айтайық, бұл балабақшаның есігіндегі күзетшіден бастап директорға дейін қазақ болады. Тәрбие жұмыстары қазақша болады. Бірақ бұған бірде-бір қазақ баласы алынбайды. Тек қана қазақстанды мекендеп отырған басқа ұлттың балаларын аламыз да соларға қазақша білім, қазақша тәрбие береміз деп бір балабақшаны ашыңыздаршы. Бірде біреуі бермейді!» - дедім.

Осы тұрғыда бізді жат жұрттар алдап отыр. Біз солардың алдағанына көніп отырмыз. Дарақы, аңқау халықпыз. Бір басқа ұлттың өкілі сөйлесе, бүкіл қазақ қол соғып, әлгіні төрге отырғызып қоямыз. Менің кейде соған намысым да келеді. Оларға мына жағдай айтылуы керек: «Әй, Иван, қазақ тілін білесің бе? Жақсы. Сен білуге міндеттісің. Өйткені, сен Қазақстанның азаматысың!» - деп нығарлап қашан біз сөйлейміз, бетіне қарап! «Молодец, жарайсың, біздің тілді сен білуге тиіссің. Арқасынан көпшік қойып, ана жиынға, мына жиынға апарып, былайша айтқанда бір Иван қазақша сөйлесе, бүкіл қазақтың проблемасы шешілгендей, мәз болатынымыз не, өзіміз сөйлей алмай жатып, сол тілді аяққа басып отырып, бұл неғылғанымыз. Осының бәріне ойлану керек. Бұл әрине, Қазақстанда мекендеп отырған басқа ұлттарды кемсіту, олардың жолын кесу емес, бірақта қазақтың кішкене «Мен» дегені болуы керек қой. Қазір ойлап отырсам, Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпынды» неге жазды? Мен соны енді түсініп отырмын. Сол жетпісінші жылдары қазақ баласы Мәскеудің алдында өзінің қазақ екенін айта алмай қалған заман еді ғой. Қазақ екенін айтуға қорыққан кезде жаңағы іштен шыққан тарихқа сүйеніп "Мен - қазақпын", "Мен - Әлиямын", "Мен - Мәншүкпін" деп тарихи тұлғалар арқылы өзінің қазақтық мен дегенін тізімдетіп кетті.

- Қазақ баласы өз елі, өз жерінің төрінде жүріп «Мен – қазақпын», - деп емін-еркін ауыз толтырып айта алмаған заман да болғанын бүгінгі жас ұрпақ біле ме екен... «Мен – қазақпын», - дегенді «Мен – момынмын», - деп түсінетін деңгейге өтіп кеткен жоқпыз ба?

- Ойланатын мәселе. Шынымен де қазір біз «Мен!» - дегенді айта алып отырмыз ба? Әрине, бұл арада «менді» айтқанда менмендікке жол беруге болмайды. Бірақта біз қазір тәуелсіз мемлекетпіз ғой. Көк байрағымыз бар, әнұранымыз бар. Конституциямыз, өзіміздің мемлекеттік құрылымымыз бар. Біз қашанғы жалтақтаймыз деген мәселе кейбірде ойландыра береді. Мысалы, кейбірде бір жиындарда айттым, мұны білетін азаматтар бар, әр түрлі халықтың елшілері бар, бізді жинап толеранттылыққа үйрете бастады: «Толеранттылық деген бір ұғым көп дәріптеліп кетті ғой ә, сосын мен шықтым да білетін орысшаммен: «Құрметті мырзалар, қазақ халқынан бір қауіп сезіп отырсыздар ма, қазақ халқы қауіп төндіріп отыр ма? Сіздер бізді қалай өмір сүруге, қалай достық қарым қатынаста болуға үйретулеріңізге қақыларыңыз жоқ. Егер осы толеранттылық үшін бір халыққа сыйлық берілетін болса, оған тек қана менің қазақ халқым лайықты», - деген едім. Басқанның айтқанына ләппайлай бермей, қазақ зиялыларының айтқанына да бір мезгіл құлақ асу керек қой. Шетелдікінен бастап, өзіміздің ішіміздегілер бар, айтып-жатады, айтып жатады, осының бәрін неге жөн көре береміз? Жарайды, бүгінгі қазақтың ішінде тірі біздердікі жөн болмасын, өмірден өтіп кеткен ұлыларымыздың сөзіне неге ескеріп, солардан неге үйренбейміз? «Қазақтың жері бай, қазақтың жері кең», - деп өзіміз жау шақырамыз. Ахмет Байтұрсыновтар кезінде қазақта артық жер жоқ деп дәлелдеген жоқ па? Олар бір қойды асырау үшін қанша жер, шабындық керек, қыстау-қора керек, бәрін есептеп айтып кеткен. Жуырда әлеуметтік желіде: «Алқам-салқам жерімізден бере салсақ болмай ма!» - деп біреу жазыпты ғой, Енді жерімізді әкеліп «алқам-салақамға» теңеу деген бұл – тексіздікке жеткендік. Кешегі күні ата-бабаларымыз, біздің ұлы қайраткерлеріміз кеңбайтақ жерімізді суреттеуге теңеу таба алмай кетсе, бүгінгі ұрпағы оны алқам-салқамға теңеуі – тексіздік емей немене?

- Қазіргі күні Қазақстандағы діни ахуалда алаңдатарлық мәселелер баршылық екені жасырын емес қой. Осы мәселеге шығармашылық тұрғысынан келіп жүргеніңізден хабарымыз бар.

- Менің «Есігімді қаққан күн» деген драмам бар. Діни мәселеге арналған бұл драма республикадағы көп театрларда қойылған. Сондағы бір кейіпкерімнің: «Осы айғайламай, жарнамалап, шуламай-ақ ата-бабамыз мұсылман болып еді. Енді не болып кеттік?» - деген мазмұнда айтатыны бар. Дін жөнінен келгенде айтарымыз: тәуелсіздік алғаннан кейін біз діни наным-сенім бостандығына жол бердік. Мешіттер салдық. Мен де өз аулымда мешіт салдым. Балалармыз бен немерелеріміздің мешітке барғанына қуандық. Құран оқығанын, соны мақтаныш көрдік. Әйтеуір мынау көшедегі толып жатқан сыраханаларға барып арақ ішіп кетпесе екен, алқаш болып кетпесе екен деді, халық. Бірақ сол оқудың ар жағында не жатқанын біз білмедік қой. Оны сол кездегі біздің діни басшыларымыз да білмеді. Мемлекет те білмеді. Бұл жөнінен діни басшыларды да, үкіметті де, мемлекетті де кінәлауға болмайды. Сондықтан өткенге салауат, біздің осыған енді-енді көзіміз ашылып жатыр ғой. Тазарту мәселесін жүргізген жөн. Сонда әлгі бір кейіпкерім: «Діннен де адалдық кетіп қалды ма деп шошимын», - деп айтады. Діннің өзі саясатқа әкеліп араластыру мәселесіне тап болдық. Көрдіңіз бе? Осы таяуда бір жағдай болды: Көшеде кетіп бара жатсам, бірі – қазақ қызы, екіншісі – орыс, қолыма бір қағазды ұстатты. Қарасам, басқа бір жат ағымның уағызы екен. Сосын әлгілерді шақырып алып: «Сендер менің сенім сезіміме қылау түсірдіңдер. Менің қазақ екенімді көріп тұрсыңдар ғой. Онда неге маған ұсынасыңдар. Мен сендерді қазір сотқа беруге қақым бар», - деп біраз түсіндіруге тура келді. «Мә, өздерің алыңдар!» - деп лақтырып жібердім. Қазіргі уақытта адам баласын бір діннен басқа дінге ауыс деп насихаттау, оның қалыпатсқан жан дүниесін тонау ол -адамзат алдындағы ең ауыр қылмыстың бірі осы. Бірде Грузияға, президент сайлауының бақылашуысы ретінде депутаттар құрамында Тбилисиге бардық. Түнде бөлмемдегі теледидарды жүгіртіп қарап жатырмын ғой. Бәрі грузин тілінде. Бір уақытта қазақ үні құлағыма сарт ете түсті. Сағат – түнгі екі-үш. Пультті қайтадан қайырып әкелсем, Алматыдан діни канал беріп жатыр: қазақтың әйелі Иегованы насихаттап жатыр. Бұл неғылған шешен, қазақ тілінде сайрап отыр. Ылғи қазақтың қыздары мен жігіттері. Соны анау Грузияда беріп жатыр. Бұл – дінге саясаттың араласқандығы ма, араласқандығы. Міне, сондайларды көріп жанымыз ашиды. Әрине, әр діннің ерекшелігі бар, артықшылығы бар. «Құдай бір», - дейміз. Бірақ сол әр дінді насихаттап, сананы улап, сен мына дінге өт деуге жаңағы мен айтқан адамзаттың ішкі жан дүниесін тонау – ол ауыр қылмыс. Біз осыдан аулақ болуымыз керек. Мұсылман болдың ба, мұсылман болып қала бер. Біреудің мұсылмандығында не шаруаң бар? Осының өзі де кейде қоғамда наразылыққа айналады ғой. Паранжа жамылған қыздар жөнінде бір материал бергеніміз бар. Сонда бір кейіпкер келді. «Аға, оқыдық, бірақ біздің не жазығымыз бар? Ана көшеде кіндіктерін көрсетіп, омырауларын ашып жүрген қазақ қыздары жөнінде неге жазбайсыздар? Жабық жүргеніміз үшін біз кінәліміз бе?» – деді. Мен бұған не айтарымды біле алмай қалдым. Жаңағы алдыма келіп отырған қыз баланың сұрағына жауап беру де қиын. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың ақ жаулығынан артық қасиетті ештеңе жоқ қой. Ақ жаулық, ақ жаулықты ана дейміз. Келіннің басына жаулық саламыз. Біз осы дәстүрлерімізді неге қалпына келтірмейміз? Біз неге қара жамылып аламыз? Сондықтан біздің қоғамның адами, діни, саяси мәселеде, еңбек ету, кәсіп, ұлтың бірлігі мәселесінде ойланатын тұстары көп.

- Қоғамды ізгілендіру керек, кедей-кепшік, кем-кетікке қайырымдылық жасау керек деп жатамыз. Әрине, адамдардың бір-біріне қарайласқаны дұрыс-ақ. Дегенмен, осы тұрғыда да ойланарлық мәселелер бар ғой?

- Әрине, бар. Көмек жасау дұрыс. Бірақ соны қашан, қайда, қалай берген дұрыс дегенге ойланғанымыз дұрыс сияқты. Соңғы кезде қайырымдылық қордан көмек үлестіру біздің елімізде дәстүрге айналып кетті. Мектеп оқушысынан бастап, жергілікті атқарушы органдар бар, одан қалды, мешіттегілер бар, барлығы әлеуметтік желіде көрсетіп, қап-қап азық-түлігін артып, қайырымдылық көмек көрсетейік деп жатымыз деп, улап-шулап, соның бәрін нсихаттап жатқандарына қарап мен кейде: «Осының өзінен қоғамда масылдық пиғыл туғызып отырған жоқ па?» - деп ойға қаламын. Кейбірде біздің басшыларымыз соны «біз бәленбай отбасыға бәленбай қоржын үлестірдік» деген сияқты баяндамаларына енгізіп жатады. Оны айтудың қажеттілігі шамалы. Әрине, қоғамдағы кем-кетік, ауыр тұрмысы бар адамдарға көмек көрсет. Бірақ оны соншама насихаттаудың қажеті жоқ қой. Жаңағы қайырымдылық қоржынының түбінде масылдық пиғыл жатпағанына кім кепіл бола алады? Қазір бәріміз ауылдағы ахуалдан хабардармыз ғой. Ауылға барсақ, комбайнға отыратын механизатор жоқ. Мал бағатын адам жоқ. Бірақ сенделіп бос жүрген жастар көп. Олар бізге үкімет жағдай жасамайды деген сайын біздің үкімет алашапқын болып: «Осылар тыныш отырсын, бір қап ұн беріңдерші, бір қап күріш беріңдерші», - деген жауырды жаба тоқу тәсілмен біз ұзаққа кете алмаймыз.

Мемелкеттік, ұлттық, халықтық жағдайлар болу керек. Кейбірде теледидардан көріп отырғанда лауазым иелерінің селкілдеп отырған шалға әлдебір пакетті беріп жатқанына намысың келеді. Содан кезі келгенде айтамын, әлгілерге: «Шіркін-ай, менің әкеме келіп мынаны берсе, менің әкем алып лақтырып жіберер еді, мен сендерден қайыр сұрадым ба!» - дер еді, деп. Ал біздің санамыз соған үйреніп алғандығы сондай, ықыласпен қабылдап, әлгіге алғыс айтып, жік-жапар болып жатады. Жас ұрпақты улап жатырмыз ғой, осы арқылы. Дінде де бар ғой, қайырымдылық туралы: «Беретін болсаң көрсетпей жаса, айтпай жаса, берген садақаңның өзін жасырып бер», - деп айтылғаны тегін емес. Қазіргі қоғамдық формацияны қалыптастыру үшін мұны идеологияда қолдануымыз, айтуымыз керек қой. Қазіргі күні, көшеде келе жатсаң, дүкендердің алдына барсаң, қолдарына «Сырқаттанып жатқан бала бар еді, соған көмектесіңіз» деген сияқты жәшік ұстаған жас балалар жүреді. Әрине, ұялғаныңнан тиын-тебеніңді тастайсың. Бірақ ол шын ба, өтірік пе, кімге жинап жатыр деген сияқты мәселе де бар ғой? Әрине, балалардың ізгі ниетпен жасап жатқанына сенеміз. Бірақ та осының ауқымында: «Шетелде, Еуропада солай жасап жатыр екен, олардағы волонтерлік қозғалыс солай екен, сондай қайырымдылық жасалады екен», - деген дақпырт жатқан жоқ па? Ұлттық менталитетті ескеру, қалыптастыру мәселесін неге ескермейміз? Баяғыда елде үйдің сиыры бұзауласа, бір сауым сүтін ана үйге апарып беріңдерші, бала-шағасы бар ғой, сиырлары әлі бұзаулаған жоқ деп бала бізді дірдектетіп жұмсап жіберуші еді. Соған ешқандай басшы да, сен анаған қайырымдылық жаса, жағдай жаса деп айтқан емес, адамның өзінің ішкі ой-ниеті, құдайдың, адамның алдындағы жауапкершілігі тұрғысындағы кешегі сауатсыз, білімсіз дейтін біздің үлкендеріміздің жасап жүрген іс-әрекеті ғой. Қайырымдылық жасаудан бастап, соны саясатқа айналдыру, оны жарнамалау деген мәселе кейбірде жаныңды ауыртады. Осыған қатысты тағы бір ыңғайсыз жағдайды айтып тоқтатқан сияқты болып едім. Сол туралы да тоқтала кеткен дұрыс болар. Тұрмысы төмен отбасыларға пәтер беріліп жүрді ғой. Бір күні үлкен мәдениет сарайында, үш-жүз төрт жүз халықтың алдында жалғызбасты анаға пәтер кілтін тапсыру үшін үш-төрт баласымен алып шыққанда, ересек баланың бірде-біреуі жаңағы сахнада отырған адамдардың бетіне тіктеп қарай алмады. Пәтер алғанына қуансам да, балаларға жаным ауырды. Шыққаннан кейін келесі күні соны ұйымдастырушыларға барып айттым: «Пәтер бергендерің дұрыс-ақ. Бірақ ана балаларды сахнаға алып шығудың не қажеті бар еді? Мен қарап отырдым, олардың қандай жағдайда болғандығын. Бірде біреуінің жүзі жарқырап анау үш жүз адамның бетіне қарай алған жоқ. Ал ертең ана қыз бала бойжетеді, тұрмысқа шығады. Сонда бірде болмасын, бірде күйеуі: «Әй сен кеше кім едің? Қайыршы едің ғой? Жұрттың алдында саған пәтер берген еді ғой, ұмытып қалдың ба?», - деп бетіне баспай ма? Сіздер сол балалардың жүрегіне жара салдыңыздар ғой! Осыны қойсақ қайтеді? Берсеңіздер өздеріңізге шақырып алып: «Міне, айналайын», - деп неге бере салмайсыздар? Сіздер жаңағы балаларды аяңыздар. Сондықтан көрсетпей беріңіздер. Апарып кіргізіңіздер, сыйлықтарыңызды беріңіздер, сол – дұрыс жолы. Соны үш жүз-төрт жүз халықты жинап алып: «Біз мынадай қайырымдылық жасап жатырмыз», - деп жалалулатудың жөні бар ма?». Осылай айттым, түсінген болар. Қазір дәл солай желпілдетіп жатқандар көрінбейді.

Өзіміз де шамамызша, аз да болса үлесімізді қосуға тырысып жататамыз. Мысалы, жуықта облыстан бір байқаудан үш жүз елу мыңдай теңге сыйлық алдым. Соның елу мыңын мұқтаж жандарға пәтер алуға қосқан үлесім болсын деп есепшотына аудардым. Оны айтып отырған себебім: «Ерғалиев осылай жасады деп айтпаңыздар. Бірдеңе жазып жібермеңіздер, керегі жоқ, аз да болса өз ризалығыммен өткізіп отырмын. Сондықтан да жасаған аз-мұз жақсылықты, қайырымдылықты айтып насихаттаудың қажеті жоқ дедім. Балаға, үйсіздерге қамқорлық керек. Жүз жерден бала болғанымен, оның көкірегіндегі жара оңай кетпейді. Жоғарыдағыдай, сахнада, камера алдында сыйлық, кілт т.б. тапсыру – қорлаудың бір түрі. Сондықтан осы мәселеде әрқашан айбай болып, ойлануымыз керек.

- Бүгіндері сын, өзара сын жоғалды, шынайы сынау, сыннан шынайы сабақ алу жоғалды деп жатамыз. Бұл да біздің тәуелсіздік тұсында ақсатып алған тұымыз ба? Сынауға, сыналуға төзімсіз буын пайда болды. Әлде бұл жалпыадамзаттық ортақ үрдіс пе?

- Бұрын, яғни кеңес үкіметіне дейін біздің халқымыз құдай деп, құдайдан қорқып өмір сүрді. Кеңестік құрылым келгеннен кейін коммунистік партияның идеологиясына байланысты, бізді байлап тастады. Соның идеологиясымен, уставымен, нобайымен өмір сүрдік. Құдайды ұмыттық. Ал тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде не коммунистік партиямыз жоқ, не құдайымыз жоқ, сонда мына қазақты қалай ұстауымыз керек? Біз осы екі ортада вакуумға, бос орынға жол беріп алдық. Бірден ұлттық идеологиямызды, ұлтық мұрамызды, мұратымызды айтып халыққа жеткізе алмадық. Оған сол кездегі саясат үшін керек те болған шығар. Қазақстанда мекендеген бәленбай ұлт өкілдері бар деп мақтанып, сөйтіп жүргенде біз бұған бүкіл халықтың көзімен қарадық. Мысалы, былайша айтқанда бір қазанға бірнеше тағамды салып қайнатқанда ботқа шығады ғой. Ендігі жерде абай болған жөн. Біз бәрін де қазақтың тілінің төңірегіне топтастыруымыз керек. Мұнда жіберілген кемшіліктер көп, ойланатын мәселелер баршылық. Сондықтан бірден отыз жылдықта бәрі бірден неге бола қалмады деуге де негіз бар. Оған президентті де, қоғамды да кінәлау дұрыс па?

Біздің бір мінезіміз бар: «Бәріне біреу кінәлі!» Мен өзім кінәлі емеспін. Біреу кінәлі. Кейбірде ауылдағыларға: «Сенің аулаңда үйіліп жатқан боқтығыңды әкім келіп немесе үкіметтің бір мүшесі келіп тазалап беруі керек пе? Неге өзіңе өзің ие болмайсың?» - деп айтамын. Айтпасыңа болмайтын жағдайлар ғой. Сондықтан қазақ баласы ең бірінші, өзіміздің бойымыздағы мінімізге сын көзімізбен қарауымыз керек. Бұл қоғамды біреуге жасап беріп жатқан жоқ қой. Бұл қоғамды, мемлекетті өзіміз жасап жатырмыз. Бәрін өзіміз жасап жатырмыз ғой. Сондықтан біз жауапкершілікті, кемшілікті болып, кемшілік болса, ол менің кемшілігім деп қабылдап, соны жою үшін өзгені кінәлап, сөкпей-балағаттамай өзіміз өзімізді түзеуіміз керек. Әрине сын айту, өз пікіріңді білдіру – керек. Бірақ та әлеуметтік желілерде кейбір «сын-пікірлерді» оқып отырғанда төбе шашың тік тұрады ғой. Айт демейміз, айт, бірақ мәдениетсіздіктің белгісін көрсетіп тұратындай айт. Осы әлеуметтік желілер де «Өсек десе аңқылдаған халқым бар», - деп Абай айтқандайын, өсек іздеп отырған, бір-біріне тиісуге сылтау таба алмай отырған, бір-біріне қалай соқтығысуды біле алмай отырған кей қазаққа оңды болды ма қалай? Біз әрине, бүгінгі күні әлеуметтік желіден қаша алмаймыз. Бірақта сын, пікір айтқанда да ең бірінші адамның тағдыры, оның жүрегі, санасы, ақыл-ой, парасаты, өмірі бар екенін ойлануымыз керек қой. Іскерлік қатынасқа сай, әкіміңе айт, басқаларға айт, бірақ анайы боқтық сөздерге дейін қымсынбай жіберіп, желіні дүр сілкіндіруге болмайды ғой дегендерді айтқымыз келеді.

- Бүкіл саналы ғұмырыңызда қаламды серік етіп келе жатқан шығармашылық адамысыз. Қаламгер тек ақиқатты жазуы керек деген бір талап-түсінік бар, қоғамда. Осы тұрғысында нендей ой айтқан болар едіңіз?

- Кейде маған мынадай сындар айтылып жатады: «Сіз президентті көп жазасыз, көп мақтайсыз», - деген сияқты. Мен айтамын: «Айналайын, сен президент болсаң, сені де мақтаймын. Президентті қолдау – ол тәуелсіздікті қолдау. Тәуелсіздікті қолдау – президентті қолдау. Оны халық сайлағаннан кейін, сенім артқаннан кейін оны қолдау – қалам ұстаған кез келген адамның – біздің міндетіміз. Публицистика – дәуір үні, оған үн қосу – міндетіміз. Кейде қалай жазып, қалай сөйлеуді де білмей қаласың өзі. Үкіметтің сөзін сөйлесең, жағынып отыр дейді. Діннің сөзін сөйлесең, ваххабист болып кетті дейді. Басқаша сөйлесең, басқаша болды дейді. Осының бәрі жаңағы сөзге түсінбестіктен, сананың уланғандығынан болып отыр. Сананы, жан дүниесін тазарту мәселесіне үлкен мән беруіміз, кешенді жұмыстар жүргізуіміз керек. Әрине, проблема бүкіл халықтың басында бар. Оны бүгінгі қоғамның дамуы, жаһандану дәуіріндегі қолында үлкен қаржысы бар адамдар жасап отырғаны жасырын емес. Бірақ та соған қарсы тұру, адамдық қасиетімізді жоғалтпау мәселесі үлкен проблема болып отыр ғой.

«Абай қарасөздерін неге жазды?» - деген мәселе мені ойландырып-толғандырды. «Өз сөзім өзіме деп» бастаған Абайды тыңдайтын маңайында адам қалмағанда: «Қайран сөзім қор болды-ау, тобықтының езіне», - дегендегі жалғыз өзінің руын айтып отырған жоқ, бүкіл қазақ қой. Айтқан сөзді тыңдар құлақ, тыңдайтын адам қаламған ба деймін. Ал енді сондай кеселден біз арыла аламыз ба? Президентіміз былтырғы жолдауында «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру» деген жаңа бөлім арнады ғой. Ұлтың жаңа болмысын қалыптастыру бізге өте қажет. Мынау жаһандану заманында, тарихтың толқын толқыны ойнап жатқан кезінде, оның ішінде өзімізде де тоғышарлық көзқарас көптеп өмір сүріп жатқан қоғамда бізге ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру өте қажет. Абайдың қазақты түзеуі мәселесіне келгенде, менің де ұлтым ғой, жаның ауырады, бірақ бұл ұлтты сөзбен түзеу мүмкін емес пе деп ойлаймын. Өйткені, қазір бәрі білімді, бәрі сөз сөйлей біледі. Тіпті артық та біледі, әлемдік ғұламалардың пәлсапаларын соққанда алдына жан салмайтын қазақты тек закон қуатымен ғана түзеуге болады.

- Адамның жан дүниесін, санасын, сол адамдардан құралатын қоғамды ізгілендіру мәселесі – адамзат баласының ежелден бас қатырып келе жатқан мәселесінің бірі. Арғы Аристотель, Платоннан, әл-Фарабиге дейін, одан бергі дәуірлерде де ізгілік, қайырымдылық туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Осы турасында ой өрбітсек.

- Иә, адамның ішкі жан дүниесін тазалау керек, санасын тәрбиелеу керек. Сонда мына дүние өзі тамаша болар еді. Осындай ойлар кейде толғандырады. Адам баласында, кейбірде ойлап отырғанда, болашақты болжауға келгенде қазақтан артық ешкім жоқ-ау дейсің. Сонау зар заман дәуіріндегі Мұрат ақын, Мөңке билерден бастап, осылай болатынын болжағандарын, одан бергі Абайлар, кейінгі Алаш қайраткерлерінің айтқанының бәрін қараңызшы. Ал солар, осылай болатынын айтуын айтты. Тыңдаған кім бар? Қазіргі қазақ зиялылары айтпай жатыр ма? Бірақ оларды да тыңдаған кім бар?

Қазіргі жағдайда жақсылық пен адалдық дегендер арамдық пен жамандықтың алдында бұғып қалғандай ма деп қорытындылаймын. Жақсының үні шықпай қалған кезең болды. Адалдықтың туы жығылып қалған ба деп мен кейде алаңдаймын. Оның бәрі адамнан мейірім кеткендігі. Мейірім кеткеннен кейін мына дүниенің неше түрлі қулығы, сұмдығы неше түрлі азабы адам қолымен жасалуда. Дүние тіршілігінде хайуандар бір біріне жасамайтын қастандықты, айуандықты адамдар бір-біріне жасап жатыр. Кейбірде мен күлемін: елді аралаймыз ғой: «Орманды қорғаңыздар, табиғатты сақтаңыздар дегенде: кімнен сақтау керек?» - дейміз. Орман ішінде жүрген қоян, қасқыр, аю сол табиғатқа ешқандай залалын келтірген жоқ, жаңағы табиғатқа залал келтіріп жатқан біз ғой. Табиғатты адамнан қорғауымыз керек», - деймін. Бұл да үлкен проблема. Біз жүз жерден айтып, мың жерден табиғатты таза ұстайық деп, сенбіліктер ұйымдастырып жатқанымызбен, санамызды сілкінтпесек, нәтиже шықпайды. Қазір өзі таза жер қалмады. Таза табиғат деп қай жерге барсаң да лас шайынды, күл-қоқыс. «Жап-жасыл шөптің үстіне мына боқтықты қалай шімірікпей төгіп кетті екен, мынау обал емес пе!» - деп қиналасың. Бізді әжеміз екі-ақ сөзбен тәрбиеледі. Ол: «Жақсылық істесең, сауап болады, жамандық жасасаң, обал болады», - деген ұғым еді. «Торғайдың, қарлығаштың ұясын бұзба, обал болады, көкті жұлып, ағашты сындырма, жаман болады», - деген сияқты айтқандары біздің санамызда мәңгі қалды. Екі-ақ ауыз сөзбен бәрін қамтып тәрбиелеген біздің күні кешегі сауатсыз, білімі жоқ, ешқандай оқуды, университетті бітірмеген әжелеріміз бен аталарымыздың рухани білімі, жан дүниесі бәрінен биік болып тұр ғой,. Сондықтан бүгінгі күні қазақ баласы ғана емес, барша адамзаттың алдында үлкен жауапкершілік, міндеттер тұр. Пандемия басталған кезде «Жан індеті» деген мақала жазған едім. «Егемен Қазақстанға» шыққан. «Бұл індет – қолдан ойлап шығарылсын-шығарылмасын, адам баласының бір-біріне деген өшпенділігі, сайқал саясаттың салқыны. Адамзатты мылтықпен жаппай құртуға, атом қаруын жұмсауға ешкімнің батылы бармайды ғой. Сондықтан адам баласын қыру үшін неше түрлі саясат ойлап шығару, сосын неше түрлі жұқпалы ауруларды ойлап шығару керек болды. Бұл не үшін жасалып жатыр. Бұл адамзаттың алдындағы қылмыс. Жалпы шынын айтқанда жер бетіндегі адам баласының санын азайту деген – жанның індеті емес пе? Жалпы адам баласының бір үлкен қателігі – ол өзінің ұрпағын шектеуі ғой. Құс екеш құстың өзі айтады дейді ғой: «Балам үшін суық жаққа келемін Жаным үшін жылы жаққа келемін», - деп. Тастанды балалар, кәмелетке толмаған ұл балалар, қыз балалар болсын, неше түрлі айуандық жасап жатқанын, тіпті айтуға аузың бармайды. Осыны айтқан кезде біздің қазір өсіп келе жатқан ұрпағымыздың санасы, көзі жамандықпен суарылып келе жатқан сияқты сезіледі. Кейбірде немерелеріміз ойын алаңдарына барып, неше түрлі танктер мен соғыс құралдарына отырады ғой. Бала дегеннің өзі де соған құмартып тұрады. Соны мен қазіргі күні ойнатпай қойдым. Сосын келініме: «Мынау қазір әлгі машиналарды соғыстырып жатыр. Ертең осы үрдіс санасына қалыптасып қалады. Ертең олар ержеткеннен кейін машина жүргізеді. Сонда бала кезінде санада қалған дағдысы бойынша «әй мынаны бір соғып көрейінші» деген психологиялық агрессия тууы мүмкін ғой, қажеті жоқ», -дегенді айттым. Қазақтың тағы бір дегдарлығын айтайын. Бала болдық қой, бәріміз, ауылда бір сұмдық жаман оқиға болса, үлкендеріміз балаларды шығарып жіберіп, «мал құлағы саңырау» деп, әлгі істі, оқиғаны бірінің құлағына бірі сыбырлап айтып жататын еді ғой. Сондағылары: «Жамандықты адам баласы түгілі, мал естімесе екен», - дегені ғой. Бұл недеген даналық! Бұл не қылған ұлылық!

- Сол ұлылықтың қадіріне жете алмай жүргендейміз-ау. Жас ұрпақты жақсы көреміз, еркелетеміз деп еркінсітіп алған жоқпыз ба?

Біз қазір қоғамда ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық көбейіп кетті дейміз. Балалар бақырайып қарап отырады, ішіне түсіп кеткендей тыңдап отырады. Ал біз сол ұрпақтың жан дүниесін қалай сақтап қала аламыз? Жалпы бұл жалғыз бізің ұлтымыздың ғана проблемасы емес. Бұл – жалпы ұлттың, әлемнің проблемасы. Осы мәселе қатты ойландыруы керек. Жалпы мынау дүниеге бір сүйіспеншілік керек.

Кейбірде осы Жаратушының өзі табиғатқа деген біздің ниетімізге, пиғылымызға қарай наразы ма деп ойлаймын. Судың тасуы, өрттің шығуы, дауылдың тұруы – осының салдары емей немене? Бүгінгі күні көптеген жағдайлар – сол елді билеген президенттерге де тікелей байланысты. Бізде қазіргі дін мен діннің арасындағы қайшылықтар, экономикалық теке-тірестер – осының бәрі әлемді бір хаосқа түсірген сияқты. Ал қазақтың бітімі, болмысы «кең болсаң, кем болмайсың» дегеннің өзі адамгершіліктің зор көрінісі ғой. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», - деп Абайдың айтқаны бар емес пе. Адамзатты біз, қазақ халқы сүйеміз, ал бірақ бізді адамзат сүйе ме, біз сүйдіре аламыз ба деген сияқты мәселелер ойландыруы керек. Біздің кеңдігімізді кемдікке, дастарқанымыздың молдығын дарақылыққа санағандардың әрекеті кері әсер туғызып жатқан жағдайлар бар ғой. (жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар