Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Тәуелсіздік тұсында қалыптасқан буын. Тоқтарәлі Та...

13.09.2017 6837

Тәуелсіздік тұсында қалыптасқан буын. Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясы

Тәуелсіздік тұсында қалыптасқан буын. Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясы - adebiportal.kz

Өзбектің талантты ақыны Мухаммад Салих бір өлеңінде «Поэзия еркіндікті сүйетін адамның махаббаты» - деп анықтама беріпті. Бұл күнде өлеңге әркім өз таласын білдіріп, талап-шарттарын барынша талқылап жатыр. Меніңше, өлеңнің екінші аты еркіндік болу керек сияқты. Қасымның «Дауылдай өртке тиген өлеңімді, Қасымның өзі емес пе кім айта алсын?!» -деген анықтамасы бұл сөзімізді барынша қуаттайды. Орда бұзар отызына жетпеген шағында алапат сезімді еркін сарынды сөз бен сазға үйлестірген Төлеген Айбергенұлының «Сағыныш» атты өлеңі бұл күнде поэзия сүйер қауымның махаббатына айналды.

Сөз жоқ қазақ поэзиясы арғы-бергі тарихын түгел есептегенде үлкен деңгейге көтерілді. Соған қарамастан ақиық ақын Мұқағали: «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын көзден жас ағызатын» - деп армандап кетті. Ақын бұл пікірі арқылы поэзияның кемеңгер, мүмкіндігі шексіз екенін аңғартқандай әсер қалдырады.

Өлеңде әр ақынның мінезі, болмысы дараланып тұрса, оқырманға оның айтар ойы мен тағдыры да соншалықты қызықтырақ көрінеді деп ойлаймын. Тәуеліздік тұсында қалыптасқан буынның ішінде Тоқтарәлі Таңжарықтың поэзиясында еркіндік, өзіндік тағдыр һәм жаңашылдық бар. Аз жазса да саз жазатын осы бір ақынның соңғы кезде неліктен өлең жазбай кеткенін мен түсінбеймін. Бір өлеңінде: «Соқпақ соқпақ жолдармен сорға бола шықтым мен» - деп жазу-сызуға деген адалдығын, ақ ниетін ақтарыла жырлайтын ақынның отты өлеңдер легі бұл күнде оқырман көзінен ғайып болды.

Өз тағдырын әр өлеңге себепші етіп, жалқы мұңнан жалпылық өмірдің образын жасайтын Тоқтарәлі өлеңдерінің ішкі қуаты, эпикалық тынысы кең екені – нысанаға дөп тиетін логикасы мен мірдің оғындай адуынды сөз саптауынан аңғарылып тұрады. Бұл ретте ақынның қазақтың көркем тілін өлеңде қалағанынша қолданып, құбылтатынын айтпай кету ағаттық болар. Тіпті ақын ондай көркем тілді мақсатты түрде емес, қалыпты түрде қолданады. Саз бен сөздің үйлесімінен ешқандай жасандылық таппайсың. Кей ақындар көне сөздерді өлеңге өң беру үшін саналы түрде пайдаланады ғой. Ондай кездерде жасандылықтың, құрап-жамаудың тәсілі көзге көрініп тұрады.

«...Досым, мені тыңда сен, Сайтанмен де көңілдес, Құдаймен де мұңдас ем» - деп өзінің болмысына анықтама беру арқылы өлеңге жауапкершілікпен қарайтынын ескерткен ақынның қай шығармасын алып қарасаң да ішкі дайындық, көтерген тақырыптың көздеген мақсатына жетуге деген талпыныс бар.

Кез-келген ақынның өлеңдеріне қалғып-шұлғып отырып, жалпылама пікір айта салуға болады. Соның салдарынан кейде Мұқағалидың поэзиясына тән пікірімізді өлеңнің элементі бар бірлі-жарым туынды жазған ақынға көңіл үшін саудалап жіберетініміз бар. Соңғы ширек ғасырда қазақ әдебиетінде бұл дерт асқынып кетті. Әр нәрсені өзінің сапасына, сын есімдігіне қарай атағанға не жетсін?! Бірақ, қолдан келмей жатыр. Маған Оноре де Бальзактың «Ел азат болмай, ер азат болмас» деген сөзінің қанша қарсылыққа салсақ та, жаны бар сияқты көрінеді. Бұл ретте тарихқа үңіліп, Махамбеттен бастап мысал келтіріп, Бальзактың сөзіне қарсы шығатындар да табылуы мүмкін...

Егемендігін енді алып, өліара шақты басынан өткерген мемлекетіміздің экономикалық хал-ахуалы рухани санамызға әсер етпей қоймады. Содан болар, қайсар мінезді классик жазушы Мұхтар Мағауиннің өзі «Мен» атты ғұмырбаяндық романында «Ораза, намаз - тоқтықта» деген қазақтың байырғы сөзін жиі қолданып, оқырманға ескертіп отырады. Қарапайым халықты былай қойғанда, шығармашылық иелері қиын-қыстау кезеңде нарықтың заңына бағынды. «Бүгін айтылған ащы сөз, ертеңгі бас пайдамыздың алдын бөгер» деген желеумен біз үнсіздікті меңгеріп алдық. Айту керек жерде үнсіз қалудың өзі моральдық тұрғыдан қылмыс екенін біліп тұрса да, біздің көп қаламгерлер міз бақпады. Жай жүрмей үнсіздіктің үстіне одан сәл жария әрі жабайы көрінетін өтірік мақтауды қосып алдық. Көпшілік ортада Тоқтарәлі сияқты поэзияны сезінетін, сөзі мен өлеңінде өзінің болмысы көрініс табатан ақындардың еленбей, өрелі мен өресіздің алмасып аталатыны кей жағдайда бізді де ұжымдық қылмысқа қосарлап жатқандай көрінеді. Әрине «Шын талантқа уақыт төреші» - деген жалаң әрі классикалық тұжырымды желеу етіп, қаншама дау-долбардан өзіңді аман сақтап қалуға болады. Бірақ, шығармашылық адамына өмірдің кез-келген сәті, қозғалысы тікелей сигнал беретінін ескерсек, біз таланттарға тірісінде демеу беру керекпіз. Сөздің төрелігі айтылса да жаман болмас еді.

Соңғы кездері «Қазақ әдебиетінде сын жоқ» - деген пікірді жиі айтып жүрміз. Сын дегеніміздің өзі әдебиеттің деңгейімен паралельді жүретін жанды құбылыс қой. Демек, бізде сын мен сын қабылдау мәдениеті ақсап жатса, әдебиетіміздің де оңып тұрғаны шамалы дегенді білдіреді. Өзін сарқып, тыраштанып, әдеби багаждың аздығына қарамастан жүйкесімен жазып, үлкен дүниелер туғызғысы келетін қаламгерге сіз сын айтып көріңіз... Кімге болса да оңай тимесі анық. Осы орайда Жұмкен ақынның «Неғұрлым осал жазсаң, Солғұрлым да Көрініп қалады екен сыншың мықты» - деген өлеңі есіме еріксіз түсіп отыр. Басы бар аяғы жоқ, құрылымы бар құр сөзден басқа ештеңесі жоқ өлеңдерді топырлатып көрсетіп, сыншының образына кіруді былайғы жұрт білмей жүр емес, біліп жүр. Одан біздің әдебиет көгерер ме екен?

«Проза жазу үшін», - деді Гете Эккерманға, - айтатын бірдеңең болу керек, ал енді айтатын ештеңесі жоқ кісі өлең мен ұйқасқа ұмтылады, бір сөз артынан бір сөзді сүйрелеп, ақыр аяғында, расында ештеңесі жоқ болса да, әлденеге ұқсайтын бірдеңе шығады» - дейтін сөз бар. Бұл мысалды көбіне прозашылар келтіреді. Нағыз халтураның проза мен поэзияның қайсында көп орын алатынын анықтап, зерттеу керек. Ол өзі басқа әңгіме.

Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың әдеби мақалаларын оқып отырып: «Егер қатараластарыңнан жақсы жазатындарды көріп тұрсаң, мақтауын аяма. Ал нашар туындысын көріп тұрсаң, үнсіз қал. Жауласпа. Уақыт түбінде бәрін ысырады» - деген пікірін көзім шалып қалды. Расында кемел жазушы өмір бойы осы принцппен жүрген сияқты. Ағаларынан бастап, көзі көрген соңғы классик інілеріне дейін көлдей мақала жазып, шығармаларына әдеби талдау жасағаны – соның айқын дәлелі. Біз ше? Біз бүгін өлеңнің бір-бірінен бір бас жоғары тұрғаны қайсы, қаламгердің жетер мүмкіндігі қандай деген сауалды қоюдың өзінен именетін болдық.

Тоқтарәлі Таңжарық – поэзияға үлкен дайындықпен келген ақын. Оның фольклор мен этногрофияны, қазақ әдебиетін былай қойғанда шетел әдебиетін сіңіріп, өлеңдерінде өзіндік қорытынды жасауы – сәтті шығып жатады. Әрине, поэзия білім жарыстыратын алаң емес. Білім дегеннің өзі шартты атау ғой. Поэзия – үлкен ұғым. Білім, әдеби багаж дегеніміз алдымен қаламгерге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Осы тақырыпқа қатысты ақын Мейірхан Ақдәулетұлымен сұхбаттасқан кезде: - Көп білетін қаламгерлер көркем шығарма жаза алмай қалатын сияқты көрінеді, - деп долбарлап, жорамалдап сұрақ қойған едік.

Мүмкін. Меніңше, бірақ, қазақ қаламгерлерінің дені көп нәрсені білгісі де келмейді. Тіпті, өз тіліміздегі, өзіне ұсынылған (сыйға берген) кітаптарды ашпай өтетіндер бар. Бұл, сірә, өздері үшін ыңғайлы болар: «өзімді және керек адамның кітаптарын білсем, жетеді» деген сорлылық. Әрі өте тиімді: «аз-мұз қазақты алдарқатуға өз шығармашылығым да жетеді» деген «позиция». Мүмкін, олардың том-том кітап жазып, бір беделдерге мақтатып, тіпті, сыйлық алғыштап жататыны да содан шығар. Көп білсе егер, жаза алмай қалған емес, жазуын ұялғаннан қойып кетуі де мүмкін олардың, – деп жауап берді. Басқасын қайдам, Тоқтарәлінің өлеңдерін оқып отырып, салыстырмалы түрде әдеби шығармаларды көп білетініне көзім жетті.

Жалпы жазу дегеніміз не өзі? «Құрбақа аспанды құдықтың аузындай ғана деп ойлатыны» сияқты, көп жағдайда дүниенің кеңдігін өзімізше тарылтып, икемдеп ой түйетініміз жасырын емес. Әйтпесе, жазу дегеніміз сияның қағаз бетіндегі айбақ-сайбақ шимайы ғана емес қой. Тіпті жазудың тарихын тым әріден бастап, «тағдыр жазды» деп жатамыз. Оның анықтамасын Тоқтарәлі ақын «Жазу» деген өлеңінде өзіндік пайыммен, шартты ұғымдарды бұзып-жарып көрсетеді.

...Жазу көрем мен ылғи нұр балқытқан пішінде,

Аяны ма Алланың жер бетіне түсірген?!

Қарап кейде айнаға жанарымның ішінен,

Сол жазуды көремін үлкейген һәм кішірген.

Тоқтарәлі жазуға «көрдім», «сендім» дейтін сезіммен қарайтын ақын емес. Ол шама келгенше өзінің ішікі пайым-парасатына жүгініп, түйсігін түрткілеген тақырыптарды ғана қағазға түсіреді. Оның тақырыптары белгілі бір уақытқа бағынбайды. Өлеңде «жазу» деген шартты атауды үлкен өлшеммен шендестіріп, өз болмысындағы ішкі дауыс, ой-иірімдерін оқырманға ашықтан-ашық ақтарады. Бұл ретте оқырманға ақын қандай жазуды айтып, нені меңзеп отыр деген сауал туатыны анық.

Жазуы емес Тәураттың, емес мүлде Інжілде...

Отырамын оңаша қиялымда мұң бүрлеп.

Жапырағына жанымның салған шақта жұлдыз дем,

Белгісіз бір әуенде сөйлейді олар күмбірлеп.

Ақын бұл шумақта тілге тиек етіп отырған «Жазудың» өзіне ғана тиесілі екенін анық байқатады. Өзі айтқан Інжілде «Осыған дейін барлық ән шырқалып кеткен, қалғаны қайталау ғана» деген тәмсіл бар. Бір қарағанда біздің қоғам сол тәсілмен, қайталаумен өмір сүруге сенетін сияқты. Ал, Тоқтарәлі бұл пікірге саналы түрде қарсы шығып отыр. Ол оңашада отырып жалқыға тән ойлардың өмір сүруіне құқық бергісі келетін ақын. Қоршаған қауымның айқай-шуынан, хорынан безініп, жұлдызды түннің аясында өз жанындағы ойды, жазуды серік етеді, аялайды.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Түнгі күзет» деген өлеңінде түн мен адам ойы арасындағы байланысты «Жұлдыздарда түрткілеп түйсігімді, Түсініксіз діріл бар бойда аздаған» - деп жырласа, Тоқтарәлі Таңжарық «Жапырағына жанымның салған шақта жұлдыз дем, Белгісіз бір әуенде сөйлейді олар күмбірлеп» - деп түйіндейді.

Бірақ оны ұғуға рухы жетпей ділімнің,

Күрмеледі тілім дүр.

Ортасынан безініп күбір менен сыбырдың,

Көкке жайып қолымды көкжиекпен жүгірдім...

Сонда балқып Ай туды үрпін сүйіп іңірдің.

Мен бұл жерде Тоқтарәліні Тыныштықбек ақынның көшірмесі деуден аулақпын. Бірақ, осы өлеңдегі кейбір тіркестер һәм сол кейіптеулердің мағынасы Тыныштықбек ақынның «Түнгі күзет» өлеңіне ұқсайды. Мәселен, кешегі мен бүгінгінің, арғы мен бергінің танымындағы генетикалық байланыстың ажырауын, бос хаосты Тыныштықбек ақын «Сандырақтап түз жатыр көне тілде» - деп жырласа, Тоқтарәлі «Бірақ оны ұғуға рухы жетпей ділімнің, Күрмеледі тілім дүр» - деп түсіндіреді.

Ұлы Абай: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деуші еді ғой. Тоқтарәлінің төл болмысымыздан бастау алған тұнық ойлары лайланған, ластанған санамызбен үлкен айқасқа түседі. Ақын адам жанының тебіренісін табиғатпен қатар қойып, көз алдымызға ұлттық болмысымызды суреттеп береді. «Көкке жайып қолымды көкжиекпен жүгірдім... Сонда балқып Ай туды үрпін сүйіп іңірдің» - деп тың теңеу тапқан хас жүйріктің екпіні оқырманды өз әлеміне, ұстанымына ынтықтырады. Бірде Төлеген Айбергенов сияқты туған жердің тау-тасын идеал тұтып төгіліп, енді бірде Омарғазы Айтан сиқты тереңдеп, Тыныштықбек ағасының ықпалы мен қыршаңқы кейіптеуін де жасырмай жырлайтын Тоқтарәлі өлеңде өзінің ойын қаз-қалпында, бүкпесіз айтып қалуға тырысады. Ол поэзияны театрдың деңгейінде түсінбейді, өзін жасанды актер ретінде сезінбейді.

Құстарындай бейіштің қанаттары жап - жасыл,

Олар самғап...

Нұр өпкен қауырсынын маздатып.

Шымыр-шымыр қайнаған қасіретімді қоздатып,

Қара түнді сіміріп қарашығыма көз жасым,–

Кебісімді сүйретіп кеттім келмес жаққа бір,

Аяғыма, сонан соң өзіме сор – өз басым...



Маңдайымды сүйгізіп қараңғы мен жарыққа,

Езу тартам сәбидей өз өзімнен шалықтап.

Айғай менен ұраннан сәттерімде талыққан,

Үн жетеді бір мұңлы, үн жетеді тамұқтан.

Сонсоң мәңгі баз кешіп марапат пен даңқтан,

Санамдағы сәуленің нұрын мұңлы Ай ұрттап...



Сұлық түсіп жатамын сұп-суық бір табытта,

Сол жазулар жүреді көкірегімде қалықтап...

Тоқтарәлі бұл өлеңде жазу деген сөзді ой, мұң, түйсік ұғымына көтеріп, онымен мәңгілік бірге болуға серттеседі. Осы өмірдің жалған ұранынан, даңқ-дақпыртынан өлімді ойлағанда еріксіз безінеді, бірақ жазудан емес. Егер Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» десе, Тоқтарәліге өз ойымен алысу, санасу ақтық демі қалғанша қызық көрінетін сияқты.

Мен бұл шағын мақалада Тоқтарәлінің барлық шығармасын талдауды өз міндетіме алмаймын, бірақ барлық шығармасын оқығаннан кейінгі туындаған ойымды ортаға салып отырмын. Және Тоқтарәлі сияқты қуатты ақындар еліктеу-солықтаудан шығып, кемеліне келген шақта жақсы жырларымен оқырманды қарқ қылса деген ой қылаң ете қалады.

Негізі Тоқтарәлі – лирик ақын. Ол табиғат пен адамды жақындастырып, байланыстырып жырлаудың шебері. Бұл тәсілді қазақ поэзиясында алғаш рет Мағжан Жұмабаев, кейін Қасым Аманжолов сәтті қолданғанын жақсы білеміз. Тоқтарәлінің ғашықтық ғазалдарының өзінен жусанның исі бұрқырап, шығыстың этикасы сезіліп тұрады. Ол ғашық болған қыздардың өзі ақылды, байыпты, ақынның өзімен тең тұрғандай әсер береді. «Құштарлық» деген өлеңінде:

Жетім көлшік бөленіп шұрылға сан,

Маңғаз тірлік айтқанда жырын масаң.

Бозала таң атқанда бозторғай кеп,

Терезеңе қонақтап шырылдаса,

Ол менмін ғой...

Қайтейін ұғынбасаң, - деп жырлайды.

Тоқтарәлінің өлеңдерінде туған жерге деген алапат сағыныш бар. Ол өз жерінің тау-тасын, аң-құсын өзінің меншігі ретінде қабылдап, жырға қосады. Ол еркіндікті, өрлікті осы даладан үйренетіндей көрінеді.

Өкініштің өрті емес мына түн –

Қасіреттің қарапайым тұнбасы.

Өзін-өзі үгіп біткен бір ақын,

Ал, өмірді жырлашы!.. – деп өзі айтқандай ақынның оқыс ойларын, жадымызда бар, бірақ күнде көзбен көре бермейтін сюжетке құрылатын жырларын сағынатынымыз жасырын емес. Сағыныштан бұрын, ақынның қаламындағы өсу мен құлдырау коэфциентін де білгіміз келеді. Себебі, біз үшін әрбір талантты ақынның тағдыры қымбат.

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар