Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Таулықтың жары (авар ертегісі)...

06.12.2024 683

Таулықтың жары (авар ертегісі) 12+

Таулықтың жары (авар ертегісі) - adebiportal.kz

Отбасында татулық пен бірлік, өзара сыйластық болса, тап келген қиындықтың бәрін жеңуге болатындығына үндейтін бұл ертегі балғындарға базарлық ретінде ұсынылып отыр. 

Таудың қиян түкпіріндегі ауылда бір жігіт өмір сүріпті. Бұл таулық жігіт өзінің туған ауылынан көп шыға бермейді екен. Күндердің бір күні ол астындағы жалғыз атын сатып, ақша қылмақ болыпты. Сөйтіп ол қаладағы базарға аттанады. Таулықтың атын базарда өзі сұраған бағаға ешкім сатып ала қоймапты. Сөйтіп тұрғанда бір сатушы келіп атты сиырға айырбастауын өтінеді. Таулық бұған келісіп, атты беріп сиырды алады. Сиырын жетектеп жүре бергенде тағы бір сатушы келіп, есегін мақтап-мақтап, баспа-бас айырбастауға ұсыныс жасайды. Таулық бұған келісіп, сиырды беріп, есекті алып қалады. Есегін жетектеп шыға бергенде, тағы бір қу саудагер келіп қолындағы етігін мақтап-мақтап, мұны есекке айырбастайтынын айтады. Ақыры таулық есекті су жаңа етікке айырбастап алады. Етігін иығына салып жүре бергенде, тағы біреу шыға келіп ақ бұйра елтірі бөрікке айырбастауын өтінеді. Ақыры таулық етігін ақ бұйра бөрікке айырбастайды.

«Сауда сақал сипағанша» деген осы. Таулық аппақ бөркін киіп алып, үйіне қайтады. Тау өзенінен өтіп бара жатқанда, ол көпірдің үстінде сүрініп кетеді. Осы кезде бөркі басынан ұшып суға түседі. Таудың асау өзені бөрікті ағызып ала жөнеледі.

Таулықтың бұл қимылына куә болып тұрған бір топ көпес қарқылдай күліп мазақ қылыпты. Таулық сонда өзін қаумалап тұрған көпестерге бүгінгі өз басынан өткен сәтсіз саудасы туралы айтып береді. 

– Ендеше сақ бол, бүгін әйелің сыбағаңды жақсылап беретіндігі анық! - дейді көпестің бірі.

– Иә, ол енді сені сакляның есігінен де қаратпайды! - деп әжуалайды екіншісі.

– Жоқ, - деп жауап береді таулық, - менің әйелім ондай емес. Ол мені сүйеді. Ол маған тіпті ұрыспайды да. Бұған бәстесуіме болады.

Көпестер таулықпен жүз алтынға бәстесіп, онымен еріп аулына келеді. Көпестер таулықтың үйінің жанында жасырынып тұрып, ері мен әйелінің өзара әңгімесін тыңдайды. Әйелі таулықтың алдынан шығады. Осы кезде таулық бүгінгі сауданың мән-жайын айта бастайды:

– Бүгін саудадан жолым болмады, жан жарым. Атты базарда ешкім сатып алғысы келмеді. Ақыры мен оны сиырға айырбастадым.

– Онда жақсы болды ғой! – дейді әйелі. – Енді сүтке тоятын болдық. Балаларға да, қонақтарға да жетеді.

– Бірақ мен сиырды есекке айырбастап жібердім.

– Онда тіпті жақсы болды! – дейді әйелі. – Енді орманнан отынды, диірменнен ұнды иыққа салып тасып жүрмейтін болдық...

– Бірақ мен есекті етікке айырбастап жібердім.

– Өте жақсы! – дейді әйелі. – Енді дұшпандарыңның көз алдында жаңа етікпен жүретін болдың. Дұшпан әр кез аяққа қарайды демейтін бе еді...

– Бірақ мен етікті ақ бұйра бөрікке айырбастап жібердім.

– Өте тамаша! - дейді әйелі. – Енді достардың арасында су жаңа бөрік киіп қуанып жүретін болдың. Дос адамдар әрқашан жүзіңе қарайды демейтін бе еді.

– Бірақ көпірдің үстінде сүрініп кетіп едім, бөркім суға түсіп ағып кетті.

– Сол бөрікпен бірге суға құлап кетпей, үйге аман-есен оралғаның қандай бақыт десеңші! Бастан құлақ садаға! - дейді әйелі.

Сөйтіп ол күйеуін құшақтай еркелеп, екеуі сакляның есігіне қарай беттеді.

Бұлардың сөзіне куә болып тұрған көпестердің таулыққа жүз алтын бермеуге ешқандай амалдары қалмапты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар