Талантты да жалынды лирик ақын Айгүл Нұрышқызының «Сакура» (суреттен туған ой) атты 8 шумақтан тұратын азаматтық лирикасын неше қайта құныға оқыдым. Сұлу суретпен көмкеріліп, Жапондықтар мен Сақтар (қазақ) іліктестігі өзектелген. Текті де образды ойға жүкті cабырлы салмағы тереңге тартып, тебіреніс пен тоқсан толғанысқа жетелейді. Балталасаң да үзілмейтін, оңай-оспаққа мойымайтын осынау молқор жырдан даралықтар байқадық.
«Жарық айдың сәулесінен төгілген,
Толқын қуып жылт-жылт етер мың сағым.
Шие гүлі қызғылт нұрға көмілген,
Бұрымына түйреп алып түн шамын», - деген шумағынан-ақ ай сәулесінің жылтылдата толқын қуған сағымын, Жапондықтыр әспеттейтін шие гүлінің қызғылт нұрға көміліп, бұрымына түн шамдарын түйреп алғандай арал түнінің ғаламат сұлулығы суреттелгеніне куа боламыз. Ершімді өрілген ерке жырға елегізгеннен еріксіз таңдайыңды тақылдатасың! Ары қарай лирикалық кейіпкер махабаттың оттай ыстық мекеніндей баураған арал елі «сакура» деп табынатын даладағы құлпырған «жұмақ гүлдеріне» ап барады. Онда әсемдікке құштар қор қыздары сазды күйлерін тартса, ақындары шабытпен жырларын төккендей романтикалық іңкарлыққа шомдырады...
Ақын түсініктемелеріне негізделгенде, «ұлы дала пірі» деп Жапондықтар сакура ағашы – өрік, шие гүлдегенде, көктен ұлы дала делінген Сақ даласы пірлері түседі деп нанған. Олар табынатын самурайларының яғни өлімнен қорықпайтын ер жүрек сардар, батырларының туы, елінің жыры болған сол сакураны тамсана жырлайтын көрінеді. Айталық:
««Ұлы дала пірі қонған» сакура,
Самурайлар туы болған сакура.
Өркендеген өмірінің символьы,
Күн елінің жыры болған сакура».
А. Нұрыш сакураның сыртқы көз сүріндірер сипатына ғана айлансоқтап қалмастан, арғы астарына, аталуының түп төркініне дейін еркін қанат қағып, ой жүгірте бойлаған. Оның түсіндіруінше, «сакура» атауының Тәңір, қора, ер-тұрман деген ұғымдардың жиынтығы екеніне таңдана көз жеткізген. Тынық мұқитындағы ірілі-ұсақты жеті мыңға тарта аралдан құралатын территориясы бар, Ғұндар немесе көне Түркілердің бір тармағы саналатын, тілдері де алтай тілі жүиесіне жататын бір ұлтты ел екені белгілі. «Зерде» атты монографиялық кітабымадағы мақаламды еске түсірді. Ғалымдардың осызаманғы зерттеу тұжырымдарында атты қолға үйрету бұдан 5 мың жыл бұрын тек қазақ даласында ғана болғаны дәлелденген. Сондықтан, Жапондықтарға жылқы ортақ. Қуса жететін, қашса құтылатын қанаттарына айланғаны айтпасада түсінікті. Олар самурайларының ертоқымдарын, дулығаларын сақтардың ою-өрнектері және сакура гүлдерімен өрнектейтін болыпты. Жылқы қазысы мен жал-жаясын да ата тектерінен келе жатқан қастерлі ас ретінде бағалайды екен. Жапондық художниктердің сақ батырларының бөгенайларын айнытпай салған суреттеріне де қайран қалғанымыз бар. Оларға өзіңнің бауырыңдай сүйінгендіктен де шүңет жырға онан бетер шұқшия түсесің. Демек, тарих қойнауларында әлі де ашылмай жұмбақ күйінде жатқан сырлар мен мың сан тылсыматтар ақын қиялын тіптен шарықтып, зерделі санасын айтағасын баураған сыңайлы...
Ақынның құдды қазақтың «әз келмесе, жаз келмес» деп әз наурызды ұлықтап, жылдың басы санап тойлайтыны сияқты, Жапон елінің де өзара сакура шайларын ұсынысып, «сабе – көктің суы» деп гүл, жеміс шырынды сусын ішетіндіктеріне дейін анықтай келе, ұлы дала прлері жіберген көктің суы яғни сусыны екенін айтады. Айтады да, сақтар қымызын елестетеді. Бүкіл Жапон халқы сакура мерекесінде дем алып, шалқар шаттыққа бөленеді екен. Сөйтіп, ақынның ұғымның шындығына ждахтпен үңілгені мұндалайды. Мыйсалы:
«Сақтан қалған сарқыншақ бар салтыңнан,
Маған туыс болмысыңды сезем мен.
Сар қымыздың аңқима екен иісі,
Көктің суы – сабе толы көзеңнен?!
Кезінде Жапон еліне барып келген Жәлел деген мансапты болған марқұмның бір әңгімесі есімде. Ол жапондықтардың кей салт-санасы қазақтардікіне соншама ұқсаса, ер-әйелдердің қазақ ақындарынша жә деп тұрып айтысатындары бар екен деп ғажаптанған еді.
«Отан» деген ұғымды ұлы тұтқан ел,
Ғылымның да еврестіне шыққан ел.
Тамырластық тартты ма екен сендегі,
Арыстарым – Алаш үлгі тұтқан ел», - деген шумағы да айтарлықтай дәлелді ой. Дәп басып дерегін көрсете алмасам да, Жапон елінің архвтерінен Алаш көсемдерінің мемлекет құрудағы алғашқы жобалары табылды деген ақпарды ақпарат көздерінің бірінен естігенім бар. Олар заңы кемел тапқан, ғылым-техникасы әлемнің алдынғы легіндегі осынау озық елді үлгі тұтқаны бесенеден белгілі. Ақын бұл рухани тамырластықты қаламынан қағыс қалдырмаған.
«Тарихқа қанарма едім сусаған» деп армандаған ақын Жапондықтарды алыс аралда адасып қалған көк бөрінің бөлтірігіне теңеп, оларға кімдер кезінде қиянат етті екен деп күрсіне күйзеледі, риясыз жанашырлық білдіреді... Одан да өгдей түскен автор, балзам жырын шымырлап қортады соңғы шумағында:
«Мені баурап суреттегі тыныштық,
Тыныштықтың ішіндегі жарылыс.
Релісте қосылмайтын туыстық,
Өкінішпен өрілген бір сағыныш».
Арманға толы қандай ғажап сағыныш деші! Ақын көкірегін қарс айырған тұс та релістей параллелде қалып бара жатқан, қисынын тауып қиылыса алмаған туыстықты аңсайды, сағынады, өкінеді. Ия, бір тамырдан болғанмен дін нанымы ғана өзгешеленеді. Ақын ойының шырқауы да құдды сол дауылдарда жартастарды соғып, көкке ақ моншақтарын ата буырқанып жататын Тынық мұхиты секілді асау да терең десек артық айтқандық болмас?!
Темір қанат А. Нұрышқа несібелі сапар тілей береміз!
Назарларыңызға өлеңнің толық нұсқасын ұсынамыз.
Сакура
(Суреттен туған ой)
Жарық айдың сәулесінен төгілген,
Толқын қуып жылт-жылт етер мың сағым,
Шие гүлі қызғылт нұрға көмілген,
Бұрымына түйреп алып түн шамын.
Жалғыз қайық,жалғыз сүрлеу жағада,
Махаббаттың мекеніне ап келген.
"Жұмақ гүлі" құлпырады далада,
Арал елі "Сакура" деп ат берген.
Сакураның саясында қор қызы,
Күй тартады ақ көйлегі көлбіреп.
Сакураның саясында жыр оқыр,
Ақын жаны сұлулыққа елжіреп .
"Ұлы дала пірі қонған" сакура,
Самурайлар туы болған сакура.
Өркендеген өмірінің символы,
Күн елінің жыры болған сакура.
Сақтан қалған сарқыншақ бар салтыңнан,
Маған туыс болмысыңды сезем мен,
Сары қымыздың аңқи ма екен иісі,
"Көктің суы" сәбе толы көзеңнен?!
"Отан" деген ұғымды ұлы тұтқан ел,
Ғылымның да еверестіне шыққан ел.
Тамырластық тартты ма екен сендегі,
Арыстарым-алаш үлгі тұтқан ел.
О, көк теңіз!
Жұлдыз толы қара аспан!
Тарихыма қанар ма едім сусаған!
Бөлтірігі көкбөрінің адасқан,
Қиянатын келтірді екен кім саған?!
Мені баурап суреттегі тыныштық,
Тыныштықтың ішіндегі жарылыс,
Релісте қосылмайтын туыстық.
Өкінішпен өрілген бір сағыныш.
"Ұлы дала пірі "- жапондықтар сакура гүлдегенде көктен ұлы дала пірлері жерге түседі деп ырымдаған. Ұлы дала-сах даласы.
Сәбе - ұлы дала пірлері жіберген көктің суы,сусын.
Сахтар қымызды көктің суы деп атаған.
Сакура- са-құдай, кура - ер-тұрман.Самурайлар сауыты мен ер-тұрмандары сах өнерімен сакура гүлімен безендірілетін болған.
Болат Қрманғажыұлы Әкежан
07.10.2023 ж.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.