Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

22.11.2021 5824

Тоғызыншы вал 12+

Тоғызыншы вал - adebiportal.kz

Биыл туғанына 204 жыл толған әйгілі суретші Айвазовскийдің картинасы («Константинополь мен Босфордың көрінісі») Лондон аукционында 5 млн. 200 мың долларға сатылған болатын. Өзге туындылары арасында ең қымбаты деп танылған картина шынында да ғажап. Күллі Европаны тәнті етіп, сурет өнерінің талай сұңғылаларын мойындатқан Айвазовский түрік сұлтандарының тапсырыстарын да орындаған. Ертегідей көркем шаһар Стамбулдың келбеті бейнеленген туынды қиялға қанат бітірерліктей.

«Константинополь мен Босфордың көрінісі»

Көзінің тірісінде-ақ әлемдік даңққа бөленіп үлгерген Иван Константинович Айвазовскийдің дүниетанымы бүтіндігімен таң қалдыратын шығармашылығы «теңіз туралы поэма» деп аталып кеткен-ді. Кеңестік суретші Мартирос Сарьянның Айвазовский туралы айтқан сөздерін заманауи суретшілердің оған деген құрметі ретінде қабылдауға болады: «Оның өнері – адам мен адамшылықтың жеңісінің өнері, деспотизм мен зорлықты жоққа шығару. Айвазовский – бостандықты сүйіп, дәріптеген суретші».

Иван (Ованес) Константинович Айвазовский Феодосияда 1817 жылы 17 шілдеде (ескі стиль бойынша) армян негоциантының отбасында дүниеге келді. Оның бала кезінен-ақ суретшілік дарыны білінген болатын, әсіресе кемелерді, теңізді салуды ұнататын. Жас суретшінің қабілеті қалалық сәулетші Кохтың назарын аударып, ол баланың Симферополь гимназиясына (1830), одан кейін Петербург суретшілер Академиясына пейзажист Воробьевтың сыныбына (1833) түсуіне көмегін тигізді. Академиялық көрмеге шыққан Айвазовскийдің «Теңіз бетіндегі ауа этюді» (1835) деп аталатын алғашқы картинасын сыншы қауым жылы қабылдады. 1837 жылы теңіз келбеті салынған үш туындысы мен «Штиль» картинасы үшін оған алғашқы алтын медаль беріледі және жеңілдік ретінде академиялық курстың екі жылын қысқартып береді, мұның есесіне осы уақыт аралығында суретші бірқатар қырымдық қалалардың пейзаждарын салып шығуға тиіс болды. Сапар нәтижесінде Ялтаның, Феодосияның, Севастопольдің, Керчьтің келбеттері өмірге келіп, «Айлы түн», «Дауыл» туындылары салынды. Қырымда Айвазовский Лазаревпен, В.А. Корниловпен, Нахимовпен кездесіп, әскери кемелердің құрылыстарымен танысуға мүмкіндік алады, Кавказ жағалауындағы теңіз жаттығуларына куә болады және алғашқы соғыс тақырыбындағы туындысы – «Субаштағы десанттарды түсіру» салынады. Сол жерде қатардағы жауынгер етіп жіберілген декабристер М. М. Нарышкинмен, А. И. Одоевскиймен, Н. Н. Лорермен танысады, олар Субаштағы іске қатысты болатын. Қырымнан әкелінген жаңа жұмыстары көркемсурет Академиясында сәтті көрмеленіп, 1840 жылы сыйақы ретінде Айвазовскийге Италия іссапарына жолдама беріледі. Суретшінің Римдегі қызметі өткен дәуірдегі өнер шеберлерінің туындыларын зерделеуден, оларды көшіруден, табиғат этюдтарын салудан, есте сақтау арқылы композициялармен жұмыс істеуден басталды. Мұндағы қызметі сәтті болды: оның «Хаос» аталатын картинасы Ватикан музейі үшін сатып алынды. Суретшінің дарынын өнерді бағалаушылар да, әріптестері де мойындайды. А. Иванов суретшінің теңізді дәл бейнелей білу шеберлігіне тәнті болса, гравер Ф. Иорданның айтуынша, Айвазовский –теңізді бейнелеу жанрының Римдегі алғашқы суретшісі және одан кейін «Айвазовскийдің ізімен» деп аталатын пейзаждар көрмелене бастаған. «Айлы түндегі Неополитан шығанағы» (1839, И.К. Айвазовский ат. Феодосия сурет галереясы) картинасын көріп таң-тамаша болған ағылшын маринисті Д.Тернер өзінің суретшіге деген құрметін сонет арқылы жеткізді. 1843 жылы суретші өзінің сурет көрмелерімен Европаны аралайды. "Рим, Неаполь, Венеция, Париж, Лондон, Амстердам маған аса зор сый-құрмет көрсетті", - деп еске алады Айвазовский. Сондай құрметтің бірі – Амстердам суретшілер Академиясының академик атағын беруі. Өз Отанында дәл осындай атақты Петербург суретшілер Академиясы берді.

«Теңіз бетіндегі ауа этюді»

1840 жылдары Айвазовский Ресейдің оңтүстігінде, негізінен Қырымда қызмет етті. Сол өлкеде суретші сепия техникасында теңіз суреттерінің графикалық сериясын салып шықты. Суретші пейзаждың жеңіл нобайын сызып, содан соң сепиямен жазған, ондағы қоңырқай түс қоюдан тегіс, бірқалыпты түрде жеңілге қарай, мүлдем мөлдірге қарай біртіндеп айнала білген. Су бетінің тегістігін немесе теңіз көбігін салу үшін суретші ақ сырды жиі қолданған немесе арнайы грунтталған қағаздың беткі қабатын қырнап отырған, бұл қосымша жарықтық әсер тудырады. Осындай туындылардың бірі «Николаев қаласының көрінісі» Санкт-Петербургтегі Орыс Мемлекеттік музейінде тұр. Бұл кезеңнің суреттері массалардың композициялық бөлінуі жағынан өте үйлесімді және әрбір ұсақ бөлшектің қатаң өңделуімен ерекшеленеді. Парақтың үлкен өлшемдері мен графикалық нәтижелілігі Айвазовскийдің табиғат тақырыптарындағы туындыларға үлкен мән беретіндігін меңзейді. Бұл негізінен жағалаулық қалалардың бейнелері. Үшкір қатты графитпен Айвазовский таулардың жақпарларына салынған қала құрылыстарын немесе өзіне ұнаған ғимараттарды пейзажбен үндестіре салған. Графикалық құралдың ең қарапайымы – сызықтар арқылы ол жарықтық көлеңкені қолданбастан, аса нәзік эффектілерге қол жеткізіп, көлем мен кеңістікті дәл бере білді. Саяхаттар кезінде салынған суреттері шығармашылық жұмыстарына үнемі септігін тигізіп отыратын. Жас кезінде ол суреттерді картиналардың композициясы үшін еш өзгеріссіз қолдана беретін. Кейінірек оларды еркін өңдеп, қарапайым суреттерді шығармашылық толғаныстардың бастамасы ретінде ғана қолданды. Айвазовскийдің өмірінің екінші жартысына еркін, кең ыңғайда салынған суреттердің көптігі тән. Шығармашылығының соңғы кезеңінде, Айвазовский асығыс, жолда салынған нобайларын түсіріп жүрген кезінде, ол суреттерін қағазға жұмсақ қарындашты тигізер-тигізбестей етіп, еркін әдетпен салатын болды. Оның суреттеріндегі бұрынғы графикалық қатаңдық пен нақтылық жоғалып, жаңа көркемдік сапаға ие болды.

«Николаев қаласының көрінісі»

1845 жылы Ф. П. Литке экспедициясымен бірге Айвазовский Түркия мен Шағын Азия аралдарында болды. Қайтып келісімен, ол Феодосияға кетеді. "Өзім солай сезінем бе, әлде әдет пе, менің ішімде екінші болмысым бар. Петербургте қысты қуана-қуана өткіземін, Бірақ көктемнің алғашқы лебі сезілісімен, Отаныма деген сағыныш меңдеп, аяғым Қырымға, Қара теңізге тартады да тұрады», - деп жазады суретші.

Шеберхана-үйін салып болысымен Айвазовский Феодосияда біржола орнығып қалды, жыл сайын Петербург пен Ресейдің өзге қалаларында көрмелерін өткізді, кейде шетелдерге де сапар шекті. Айвазовскийдің шеберханасында біресе тегеурінді дауылмен алысқан қаһарлы, біресе күн сәулесімен мөлдірей қалатын биязы, біресе ай нұрымен жұмбақ та сырлы күйге түсе қалатын теңіздің құбылмалы мінезін аса дәлдікпен суреттеген мыңдаған кенеп-туындылар өмірге келді. Теңіз стихиясын үнемі бақылап жүретін Айвазовскийдің есте сақтау қабілеті мықты еді және сурет өнерінде суырып-салма болатын, бұл қасиеті «тұспал-суретті» пайдалана отырып, бір күн ішінде туындыны аяқтап шығуға мүмкіндік беретін. Мысалы, А. А. Рыловтың естеліктері бойынша, Айвазовский Куинджи академиялық шеберханасында студенттердің көзінше екі сағат ішінде Қара теңіздің пейзажын салып шыққан. Суретші өзінің шығармашылық ұраны жайлы айтқанда: «Тірі табиғаттың әсерін есінде сақтай білмейтін адам жақсы көшірмеші, тірі фотографиялық аппарат бола алатын шығар, алайда одан ешқашан шынайы суретші шықпайды. Тірі стихиялардың қозғалысы қылқаламға көнбейді: найзағайды, желдің соғуын, толқынның шашырауын көшіріп салу жалпы ойға сыймайды. Суреттің сюжеті ақын өлеңінің сюжеті тәрізденіп, әуелі менің жадымда қалыптасады...» - дейді.

Табиғаттың ерекше күйін беруге деген талпынысы қатты байқалатын Айвазовский шығармашылығының ерте кезеңіне «Тоғызыншы вал» (1850) танымал картинасы жатады. Онда стихияның адам бойында оятқан күш-жігері берілген: кеме апатына ұшырағандар қорқынышты тоғызыншы валды бастан кешеді. Асқақ романтикалық сезім бай колоритте берілген: қошқыл жасыл түсті толқын, таңғы шуаққа малынған сағым толқыған теңіздің көбікті жалдарымен өте бай түстік үйлесім тапқан. Бұл картинадан байқалатын мол жарықтық және түстік эффектілер суретшінің бұдан да ертерек шығарған туындыларына да тән, ол суреттер Айвазовскийдің Европаға жасаған сапарлары барысында көрермен көзайымына айналған.

«Қара теңіз»

Жылдар өте келе суретші табиғаттың бояулы эффектілерін жеткізуде анағұрлым ұстамдылық таныта бастағанын байқаймыз, алайда ол ешқашан да теңіз стихиясына деген құштарлығын жоғалтқан емес. Бір-біріне білінбей айналатын сұр-көкшіл түстерден тұратын шапшыған алып аждаһа «Толқын» (1889) картинасында көрініс тапқан. Ал егде тартқан шағында Айвазовский «Толқындар арасында» атты картинасын (1898, И.К. Айвазовский ат. Феодосия сурет галереясы) салады, онда су массаларының қозғалысы берілген. «Мағына мен асқақ поэзия» тек драмаға толы пейзаждардан ғана емес, «байыпты» мариналарда да, мысалы «Қара теңіз» картинасында (1881) көрініс табады. Ол картина туралы Крамской былай дейді: "Картинада су мен аспаннан өзге ештеңе де жоқ, бірақ су дегеніміз алып мұхит, ол асау емес, бірақ тербеліп жатыр, қатал, шексіз, ал аспан одан да шексіз. Бұл мен білетіндердің ішіндегі ең ғажап картиналардың бірі". Айвазовский өз заманының үніне құлақ асып отырды. Оның шығармашылығынан Гарибальди бастаған қозғалысқа қатысты оқиғалар, түрік басқыншылығына қарсы грек халқының күрес эпизодтары орын тапты. Суретші 1900 жылы 19 сәуірде (ескі стиль бойынша) «Түрік кемесінің жарылуы» картинасын салу барысында дүниеден озды.

Айвазовский Феодосияның абаттандырылуына көп күш жұмсады. Оның арқасында Археологиялық музей, мектеп, клуб салынды, 1880 жылы сурет галереясы ашылды. Ол галерея мен шеберханадан Л.Лагорио, А.Куинджи, К.Богаевский, Волошин және т.б. шығармашылық құнды мағлұмат алды. Айвазовский өмірден өткен соң сурет галереясы өзінің өсиетімен қаланың меншігіне өтті. Қазіргі кезде мұнда суретшінің аса ірі сурет жинағы сақтаулы тұр.

Нұршат Зәкіржанқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар