Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Төлеген Қажыбай драматургиясында Хан Кененің образ...

14.11.2022 2355

Төлеген Қажыбай драматургиясында Хан Кененің образын сомдаудағы тарихи шындық пен көркемдік шешім 14+

Төлеген Қажыбай драматургиясында Хан Кененің образын сомдаудағы тарихи шындық пен көркемдік шешім - adebiportal.kz

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар

Академиясының корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

Әр тарихи кезеңнің ашылар, ақтарылар орайы бар. Осы орайда көрнекті орыс жазушысы В.А.Надеждин: «История человечества есть история того, как отвратительно воплощались прекрасные идеи» десе, немістің ойшыл философы Карл Ясперстің, «история – то происходящее, которое, пересекая время, уничтожая его, соприкасается с вечным» деген пікірлерінің тамыры, төркіні тарихымыздан алар тағылымның қалың қатпарын көрсетсе керек. Әлімсақтан адамзат баласы өткені мен бүгінін, болашағын білуге ынтызарлықпен ұмтылады. Тірліктің ұзын-ырғасын қас пен көздің арасымен өлшеп-межелеп, өтпелі өмірді қамшының сабындай шолақ ғұмырға балап, сусыған сынаптай өтіп бара жатқан уақыт үрдісінің терең ой тұңғиығына шомып, әр күнін еске түсіріп отыратын арғы-бергі ақылгөй, дана ата-бабаларымыз да, «өлі риза болмай, тірі байымайды, көгермейді» дей келе, тірілердің несібесі, өлілердің разылығы, келер ұрпақтың игілігі үшін өткенді бағдарлап-байқап, кесіп-пішіп жөн айтады. Елдің ұлылары мен заңғарларын бірде асқақтатып төбесіне көтерсе, енді бірде сау-тамтық қалдырмай жермен-жексен етеді.

Қазақ поэзиясына тың тыныс, шалқар шабыт, тау бұлағындай таза да мөлдір сезіммен келген көрнекті ақын, қарымды қаламгер, кәнігі драматург Төлеген Қажыбайдың «Хан Кененің қазасы» мен «Алдияр» атты тарихи трагедиялық драмаларында үлкен пафоспен жырланған Кенесары Қасымұлы – осындай екіұдайылықтың құрбаны болған күрделі тұлға.

Отаршыл патшаның озбырлығына қарсы он жыл бойы жаралы жолбарыстай арпалысқан хан Кененің қапияда қаза болуы қазақ халқын ауыр қасіретке, бодандық қапастың тұйық түнегіне тіреп, ар-намысына ауыр дақ салды. Хан Кененің жорықшы жырауы Нысанбай айтқандай:

«Халық иесі хандарды,

Қалай айтсам мін бар ма?!

Шегірткеге таланған,

Қырғауылда жүн бар ма?!

Хандарынан айырылған,

Қарашыда сын бар ма?» – деген зұлмат заман басталады. Осылайша, бостандық жолында Кенесары хан опат болғанымен, енді оның асыл рухы Алашты азаттыққа шақыратын, тар жол, тайғақ кешуде жебейтін киелі ұранға айналады.

Ақын-жыршылар ел өмірінің түйінді сәттерінде хан Кенені жырға қосып, рухын жоқтады, Кенесары тақырыбы қазақ поэзиясында елдік пен ерліктің мәңгілік айшықты рәмізіне айналды. Халық Кенесары хан, Саржан, Наурызбай сұлтандар мен батырлар туралы асқақ ән-жыр, тамаша күйлер тудырған. «Наурызбай батыр» жырын ел аузынан естіп хатқа түсірген әйгілі композитор А.Затаевич: «Бұл эпикалық ерекше жыр қазақ симфониясының қуатты түйінінің сұлбасы секілді. Жырдың басталу арнасы, қаз-қатар құйқылжып шыққан қуатты саздар халықтың сүйікті батырының салтанатты оралуы мен асқақ жеңісін бейнелеп тұрғандай әсер қалдырады», – деп жазады. Кенесары туралы эпостың ел арасында туып жатқанын сол дүбірлі кезеңде қазақ даласында болған А.Янушкевич көзімен көріп, ақындар ағайынды Кенесары, Саржан туралы айрықша рухпен тебіреніп жырлайтынын жазады. Нысанбай жырау, Досқожа, Ж.Жабаев, А.Тобылбайұлы, М.Сералин, К.Жанатайұлы, Ж.Шайхыслам, И.Жылқыайдарұлы, Д.Әлімбайұлы, О.Шипин, Ш.Сұлтанбайұлы, К.Елеуов, Н.Ахметбеков, С.Керімбекұлы секілді халық ақындары бастаған жолды М.Жұмабаев, Қ.Бекқожин, драмада М.Әуезов, прозада І.Есенберлин жалғастырады. Жамбылдың Кенесарының ұлы Сыздық төрені ауылында қарсы алып, әйгілі сардармен бірге ұлы ханның сүйегін іздеп қырғызға баруы – елдік рухтың жаңғырық жаршысындай.

Уақыт керуенінің тозаңы, тоталитарлық саяси қуғын-сүргіннің алапат зобалаңы Алаштың айбынды ханы Кенесары мен оның айналасындағы жаужүрек батырларды халық жадынан өшірмек болғанымен, қаймана қазақ ақырғы ханының, елдік жолында қайсарлықпен арпалысып шейіт болған көкжал Кене мен оның баһадүрлерін ешқашан ұмытпаған. Қазақ елінің алтын тағы, жерінің тұтастығы мен жұртының бүтіндігі үшін кірпік қақпай күресіп, Абылайдың ақ туын желбіретіп, ондаған жыл аттан түспей, ұлт-азаттық қозғалысын шебер ұйымдастырып, отаршылдың үрейін ұшырып, дүниені дүбірлеткен хан Кененің әзіз бейнесі халқының жүрегінің түбінде сақталып, абыз жыраулардың аузынан маржан жыр болып төгілген еді.

Міне, ақын Төлеген Қажыбайдың қалам тартып, ой толғаған «Хан Кененің қазасы» атты туындысы да – Ұлт батыры, қазақтың соңғы ханы – Кенесарының рухына деген мінажат десем артық болмас.

Драма жыршылык, толғаулық сарында баяндалған. Бұлай етуіне автордың ақын болуы ғана емес, таңдап алынған оқиғалық желісінің өзі поэзиялық қуат, екпін талап ететіндей. Драманың негізгі кейіпкерлері – Кенесары, Наурызбайлардың сөздері монологпен берілсе де немесе өзге Ағыбай батыр, Нысанбай жыраулар толғанса да олар ортақ мүдде-мақсаттары – ұлтының азаттығы жолындағы қозғалыс төңірегінде болады. Ал мұндай биік мақсатты сөздер жігеріңді жанымай, екпіндемей, көтеріңкі рухпен айтылмай әсерлі шықпас еді. Нысанбай жырау – Кенесары хан бастаған қозғалыстың көзі мен құлағы секілді, ол бейне, хан мен қараша арасындағы дәнекер іспетті. Оның сөздерінде хан Кененің даналығы, сұңғылалығы бар, оның лебізінде халықтың ортақ ой-көзқарасы бар, сондықтан ол Төлеген Қажыбайдың драмасында Бұқар жырауша тереңінен сыр тартып толғанады, Махамбетше намысы қайнап, арнасынан асып төгіледі. Ал кейде дәрменсіз шерменде хал кешеді. Ол – халық күйінің тамыршысындай тұлға.

«Шерменде күйді шертер-ау,

Шерлі көңіл наласы.

Күйігім – Кене тұтқында,

Жұртының алтын жағасы,

Даламның дарақ панасы.

Алдаспан сынып сағадан,

Тұлпардың тозды тағасы.

Сетінеп сауыт шығыры,

Жыртылды тонның жағасы...» [1, 114-б].

Бұл бір, қозғалыстың белі күйрегендей боп, тоз-тозы шыққан, хан Кене мен оның жолбарыс жүректі бауыры Наурызбай батырдың қырғыз манаптарына тұтқынға алынған, ел еңсесі түскен, ерлердің қорланып, бармағын шайнаған шағы еді. Нысанбай жырау осылай шерленбегенде қайтсін.

«Қанына қазақ қақалды,

Аспара, Талас сағасы.

Шерменде болып шегіндік,

Жауына келмей шамасы.

Иесіз қалған елімнің,

Кеміді сүйтіп бағасы.

Орға апарып құлатты,

Ағайынның аласы,

Иттен бетер таласы.

Еңірер күнің ілгері,

Ей, қазақтың баласы!..» [1, 114-б].

Мұндағы Нысанбай жыраудың аузынан от-жалын боп төгілетін шерлі жыр – ол кездегі қазақтың ащы запыранды сыры, жанын жеген ауыр қайғысы болатын.

«Адыра қалған Арқаны,

Кәуір кеулеп алыпты.

Шұратты жерді шимайлап,

Қала, қыстақ салыпты.

Босағанды шапқылап,

Керегеңді жағыпты.

Ойран салған сұм кәуір,

Шаңырағыңды шағыпты.

Ат тұяғын тарылтты,

Мойынға салды қамытты.

Желдей еркін қазақтың,

Сөйтіп те көңілі налыпты.

Ен жайлауға ендеген,

Доңызды тұстан мал үрікті.

Ата жұртын жау алған,

Көріп пе ең, мына жалғанда,

Біздей де сорлы ғаріпті?!» [1, 116-б].

Автор жыраудың аузына салып отырған бұл жырлар халық тілегінің, ел-жұрт арманының сипатын танытады.

Қазақ халқының тарихында осы тектес жырлар XIX ғасырдағы байтақ даламыздағы қозғалыстар тұсында елге кең тарады. Ұлы жазушы, академик-ғалым М.Әуезов бұл дәуірдің ақындарын жинақтап «Зар заман ақындары» деп атаған болатын. «Зар заман ақындары» циклы бойынша Шортанбай Қанайұлы, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сияқты ақындар шығармашылығы оқу орындарында арнайы курс ретінде оқытылып та келе жатыр. Біздің мұнда айтайын дегеніміз, Нысанбай жыраудың да өлең-жырлары осы аталмыш тұлғалармен идеялас, сабақтас десе де болады. Төлеген Қажыбай да осы ортақ желіден ауытқымай, өзінің драмалық туындыларында сәтті пайдаланып отырады. Нысанбай жыраудың өз жырларын шығармаларына, орайына қарай кіріктіре отырса да немесе оның аузына өзі сөз салса да, зар заман ақындарының ортақ тарихи сабақтастығын ескеріп отырады. Бұлардың жырларының тым зарлы, тым ащы өксікті, өкініші басым болу себебін М.Әуезов былай түсіндірген болатын: «Қалың қазақтың ұйқысын шайқап шыққандай болып, Орта жүзді, Кіші жүзді түгел оятқан Исатай, Кенесары қозғалыстары қайғылы халмен біткен соң, елдің тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үміт болса, белгісіз келешектен күткен аз ғана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердің жолсыз жорығынан соң суалып біткендей болды. Сондықтан XIX ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел жайылады. Өкінішті қазаның артынан қара жамылған елдің жүрегінен қайғыдан басқа еш нәрсе шықпайтын сияқтанады. Сол қазалы күй осы заманның қайғышыл ақындарын туғызып, зар заманшыл уайымшылдардың санын көбейтті...» [2, 147-б].

Міне, мұнда Нысанбай жыраудың да, сол тектес ақындардың да өлең-жырларындағы зар-қайғының басым болуы терең түсіндіріледі. Сырт қарағанда, тым жылаңқы, тым зарлы, сарыуайымшылдық сарыны басым болып жатса, ол зандылықтай қабылдануға тиіс. Бұл тек жыраудың ғана емес, елдің зары, тұтас халықтың қайғысы. Авторлық ұстанымның да көздейтіні осы.

Драмадағы көзге түспей қалмайтын кейіпкерлердің бірі – Ағыбай батыр. Ағыбай батыр – Кенесары-Наурызбайлардың ең сенімді серіктерінің бірі. Бірі болғанда да көп батырлардың бірі емес, бірегейі, ханның оң қолы, оның ел басқарудағы басты ақылгөйлерінің бірі десек те болар. Ол қозғалыстың басынан аяғына дейін қатысқан, хан мен оның жаужүрек інісі Наурызбай қапылыста арам жау қолынан ажал құшқаннан кейін, сол жан алысып, жан беріскен оқиғалардың тірі куәсі ретінде ақиқатын жеткізген, жасы келіп қартайып, бала-шағалы болудың қызығын көріп, бірақ өмірден өкінумен өткен ер еді. Ол өкінгенде қарақан басының есебін түгендеп емес, елін бақытқа жеткізем деген қайран арыстар – қаһарман Кенесары хан мен оның өзгеше жаратылысты батыр інісі Наурызбай батырдың жоспарларын іске асыра алмай арман кеткендігінен туған өкініш еді. Осы өкінішті арманын өле-өлгенше айтып өткені туралы естеліктер аз емес. Төлеген Қажыбай «Ағыбай батырдың үш арманы» хикаясында бұл туралы жан-жақты тоқталған. Драмада да өмірде жеңістері мен жеңілісі аз болмаған, бірақ осы бір қанды көйлек жолдастарынан, Науанынан айырылған Ағыбайдың қамырықты зары айтылады:

«Ағыбай (күңіреніп):

Ноқта қосақ Науанмен,

Неге де бірге өлмедім.

Уа, Нысанбай, қарт абыз,

Ақиретсіз, аятсыз

Бірге неге көмбедің?

«Ақке» деген дауысы,

Кұлағымнан кетер ме.

Азалы үні қалқамның

Ақирет күнге жетер ме?» [1, 117-б].

Дегенмен, драманың негізгі жүгін көтеріп тұрған басты кейіпкер ханның өзі мен Наурызбай екендігі сөзсіз. Шығарманың атауы да соған мегзегендей бұл қос мұңлық қырғыз манаптарының қолында ақырғы рет бақұлдасады. Драмаға да осы бір ақиретті, арманды шақ өзек етілген. Аяулы жан көкесінің қырғыз манаптарының тұтқынына түскенін естіген Науан батыр «көкемді жау қолында қалдырып, менің аман қалғанымның не мәні қалды?» деп өз еркімен жауға берілгендігі мәлім. Өзі пұшайман халде отырса да бауырының да еркімен берілгенін естіген хан Кене өкініштен бармағын шайнайды. Драмада осы бір тұс мынадай диалогпен беріледі:

«Хан Кене:

Бекер болды Науаным,

Қиястау кетті табаның.

Арандалғаның неткенің,

Ісін істеп баланың.

 

Наурызбай:

Жан Көке, мені жазғырма,

Адамдық жолдан аздырма.

Ұстара кірер түсіне,

Айна тақыр таздың да!

Қисық біткен бұтақ ем,

Сол қылықтан жаздым ба!

Тастап қалай кетейін,

Өзінді жаудың қолына,

Жан Көке, мені жазғырма!..» [1, 120–121-б].

Хан Кене қапылыста арандап қалып, енді өзінің өліміне мойынсұнып, бірақ ішкі бір тілегімен сүйікті бауыры – Науанының амандығын тілеп еді, менің қасиетті күресімді сол жалғастырар деп үміттенген, енді оның да өз еркімен берілгенін естігенде тілегі кесілгендей, көз алдында аз ғана жылтыраған үміт шырағы біржолата өшкендей күй кешеді, жаны ащы күйікпен аласұрады.

«Хан Кене:

Асып бір туған ардағым,

Қанатты тұлпар тарланым.

Қосаққа неге қосылдың,

Шайнауда кетті-ау бармағым!

Енді қалай көтерем,

Тас керең тағдыр салмағын.

Тайып та кетті-ау табаның,

Тағасы тозған тарланым!

Қадалды жанды жеріме,

Кәрібоз, салған қармағың!..» [1, 121-б].

Кәрібоз – қос арысты тұтқынға алып масайраған қырғыз манабы еді. Әрине, түбі бір туысқан халықтар – қазақ пен қырғыздың кек қуысқан ежелгі жаулығы жоқ. Тек ең өкініштісі, Кәрібоз сияқты мансапқұмар манаптардың көпке билігін жүргізіп, патша шенеуніктерінің залым әрекетін түсінбей, мұны түсінгендіктен қырғызды ортақ жауға қарсы күреске біріктіргісі келген хан Кенеге сатқындық жасауы, сөйтіп өз қауымын теріс бұрып әкетіп, туыстас екі елдің арасына жік түсірулері – тарих үшін кешірілмес күнә еді. Өкінішке қарай, қолындағы билігін пайдаланып, тұтас халықтың бетіне шіркеу болар опасыздыққа барған Кәрібоз сияқтылар маңдайының соры бес елі түркі тектес далалық көшпенділер арасында аз болмағандығы тарихтан белгілі. Есесіне бәрінен де өкініштісі, бұл әрекеттерден олардың өздерінің емес, соңына ерген қауымының зардап шегетіні. Ақылы таяз Кәрібоз манап сияқтылар патшалық өкімет үшін далалық көшпенділердің бәрі бір екенін, олардың есіл-дерті бұларды бір-біріне айдап салып отырып, өзара қырқыстырып, түптің түбінде өздеріне оңай жемтік қылмақ екенін ұқпады, тіпті ұққысы да келмеді. Бұл Кене ханның өзегін өртеген ащы дерті еді.

Ол қырғыз манаптары мен өзбек құшбегілерінің қырсығынан бұл туысқан елдерді қазақпен одақ етіп, біріктіріп, патшалық империя тырнағынан арашалаймын деген ниетіне жете алмады. Батыр туған Наурызбай өзінің ақырғы сәтінде осы қылығының терістігін бетіне басады. Хан Кене де інісін қолдап ақырғы демі бітер сәтте опасыз манапқа соңғы сөзін жеткізеді. Драмада осы үшеуінің арасындағы диалог былай өріледі.

«Наурызбай (Кәрібозға қарап):

Орыспенен отастың,

Қоқанменен матастың.

Теріс теуіп қазақты,

Кәрібоз, қатты шатастың.

Қадірін білмей жақынның,

Сөлкебайға сатылдың.

Бәйге тігіп басыма,

Сатылдың қырғыз, шатылдың!

 

Кәрібоз:

Жауыммен қалай қабысам,

Төремен қалай табысам?

Алысқым келді. Алысам!

Шабысқым келді. Шабысам!

Не қылмадың біздерге,

Қыл бұраудай қарысам!

Кердең кеткен, ей, Кене,

Дүшпаныңмын – танысаң!

Бітіспей кеткен кегім бар.

Қаныңа қан,

Жаныңа жан алысам!

 

Хан Кене:

Айтарыңды білгенмін,

Қоқи кырғыз сөзіңді.

Қолға түскен кезіңде,

Ойсам етті көзіңді,

Келтірсем етті тезіңді...» [1, 123-б].

Хан Кененің одан арғы сөздері, сөздері емес-ау, өзегін өртеген өкінішті сыры Кәрібоз манапқа айтқаны смес, ұлы мақсатының қалайша аяқасты болғанын айтып, халқының алдында арылуы сияқты. Автор Кене ханның ел-жұрты алдындағы ары аппақ таза екенін осы монолог арқылы береді. Тіпті, бұл – ақталу емес, ардың сөзі, ұлы мұратты көздеген ел ұланының ақтық адал лебізі еді!

«Сорлы қазақ шатылды,

Бірікпей басты қатырды.

Рүстем кетті сытылып,

Ұмытып шыққан жатырды.

Қоңырқұлжа, Тұрлыбек,

Ыбырай, Ерден, Шалғынбай,

Қарғыбауға сатылды!

Деп едім қырда қырғызды,

Бауырға тартып елдесем,

Ата жауым ақ патша,

Беттесем де, белдесем.

Сөйтіп те бір орыспен,

Тереземді теңдесем!

Көкшетаудан көшірді,

Қала салып әр тұстан

Қара шекпен есірді.

Абылай қонған орданы,

Ойрандады, өшірді.

Ұлытау бойын шаң қылды,

Көкшенің бойын лаң қылды,

Шұратты жерді тартып ап,

Есіктің алдын қан қылды,

Еркіндіктен айырып,

Киіз үйлі қазақтың,

Қара басын даң қылды!..» [1, 124-б].

Кенесары хан арманда кеткенімен жауларына оңай шағылатын жаңғақ емес екенін дәлелдеді. Ең бастысы қайран ер өзі де, соңынан ерген есіл ерлері де көз жұмғанымен өз істерінің ақ екеніне жұртын сендіріп кетті. Кенесары қозғалысы он жылға созылып, күйреп тынғанымен, ол империяның сағын сындырып, мойындатты. Патшалық империя бұл қозғалыстың байтақ сахарада жаппай қолдауға ие болып кетуінен қатты шошынды, соған қарсы әрекет етті. Олардың құрған қақпанына іштен шыққан шұбар жыландай қазақтың біраз сұлтандары, қырғыз манаптары, өзбек құшбегілері оңай түсті. Зымиян империя ел ішінің өзара алауыздығын, кейбір билеушілердің шен құмарлығын, дүниеқоңыздығын өте сәтті пайдаланды. Бірақ Кенесары хан бастаған қозғалыс қазақ халқының тарихындағы ең ұлы қасиетті күрестердің бірі ретінде тарих шежіресіне кірді. Оның өнегесі ешқашан өшпейтіні, жалғасын табатыны айқын еді. Бұл күндері Кене хан тұлғасының тәуелсіздігіміздің символына айналуы соның бір дәлелі еді. Кене ханның өзі де ісінің ақтығына, ұрпағы жалғастыратынына сеніммен көз жұмды. Ең маңыздысы да осы. Сондықтан Төлеген Қажыбай оның өлім сәтіндегі жауының алдында сағы сынбастан айтқан ақтық сөзіне нағыз ерлік ұранындай көтеріңкі лепті сипат береді:

«...Туған елді тапсырдым,

Тақсыр Алла, өзіңе.

Сала көрме тым қатал,

Тас бауыр тағдыр тезіне.

Азаттық таңын бере көр,

Қаймана қазақ халқыма.

Түспесе тозаң жарады.

Баянды баба салтына.

Жат пиғылдан сақтай жүр,

Жетім қалған жұртымды.

Көрсете көрме, ей, халқым,

Бірі қан да, бірі май,

Алауыз біткен ұртыңды...» [1, 132-б].

Кене ханның еліне тілегінің соңында жұртын алауыздықтан сақтандыруы да – халқының дәл осы кемшілігінен көп зардап шеккенін ескертуі ретінде орынды. Бұл драмалық туындының тарихтан сабақ алуға нұсқаған ұлағатты сипатындай болып танылады.

Кене хан – өзге түгілі, тіпті дұшпанының өзі ақыл-парасатын, қаһармандық қырларын мойындаған бірегей тұлға. Сондықтан драма финалында «Өлтіре білген хан Кене, Өле де білет, Кәрібоз!» деп автордың оны жау қолынан өлтіртпей, өзіне өзі үкім шығарғандай, сапысын суырып алып жүрек тұсына салуын да өлім алдында бас имес қыры сынбаған қайсарлығымен ұрпақ жадында қалдырғысы келген дұрыс шешімі деп қабылдаймыз. Осыған дейін Кене ханға қатты кектеніп тұрған Кәрібоз манаптың да нағыз ердің ерге тән өліміне куә болғанда, күрт сынып, тірісіндегі өштесінің әруағының алдында басын июін де автордың оң шешімі деп ұқтық. Тарихымызда жауының өзін тізерлетіп кешірім сұратқан, иілместей жауының басын игізген, кектескен дұшпанын да мойындатқан ерлеріміз аз болмаған. Мысалға алсақ, Кене ханның өз атасы Абылай хан туралы Ресей, Қытай жылнамаларында оның ақылды, көреген саясаты турасында көп жазылғандығы белгілі. Жоңғардың азулы қонтайшысы Қалдан Серен баласы Шарыштың басын алған Абылайды қолына түсіріп тұтқынға алып тұрып, оның ақылды уәжіне тоқтап, қоя беретіні бар ғой. Олардың арғы бабалары Шыңғыс хан туралы бұл бағытта тіпті көп айтуға болар еді. Шыңғыс ханмен бала кезінде бірге өсіп, анда болуға, яғни туыс, бауыр болуға анттасып, қолдарын кесіп қан шығарысып, сол арқылы біріккен Жамұхамен кейін басекелес жауларға айналып, кектесіп кететіні бар емес пе еді? Шыңғыс тұтқынына түскен Жамұха ер «Не тілегің бар?» дегенде, «Мені қанымды шығармай өлтір, егер менен қазір құтылмасаң, өмір бақи желкеңе бүргеше жабысып, күніңді көрсетпеспін. Жарық дүниеде тек екеуміздің біріміз ғана тірі қалуға тиіспіз» дейді ғой. Не деген мойындау, не деген сұңғылалық десеңізші! Өзі сияқты ақылды, өзі сияқты батыр, өзі сияқты қайтпас қайсар, табанды Шыңғыс ханмен осынау байтақ далада бәрібір бастары бірікпейтінін, бір-бірінің алға шығуын, бірінші рөлге ие болуын көтере алмайтынын жан жүрегімен түйсінушілік осы болар. Нағыз ер өлімі деп осыны айт! Төлегеннің ел тарихын, өткен шежіресін көп парақтайтыны аңғарылып отырады. Кенесары хан туралы, оның кемел парасаты, көрегендігі туралы көршілес елдер тарихында кейінірек көптеген материалдар табылғандығы белгілі. Драма финалында Кәрібоз манаптың ауызынан шыққан сөздер осыларды еске салады.

«Кәрібоз:

Дарақтай біткен дүр еді,

Тоқтады, тынды жүрегі.

Шарт сынды да, сұлады,

Қазақтың қара тірегі.

Бұйдалы ноқта үлегі,

Өзекті жанын өрт шалған

Өлімді өзі тіледі!

Үздік шыққан шығандап,

Үзілді күміс белдігі.

Ерлігінің жоқ еді ау,

Жарты елі де кемдігі.

Осымен тынып қала ма,

Қалың қазақ елдігі.

Елінің еңсе жазарын,

Ұрпақтан күттік ендігі.

Дін мұсылман баласын,

Жауластырма жаратқан,

Сұраймын соны зар тілеп,

Хан, қараша манаптан...» [1, 133-б].

Меніңше, шығарма финалының осындай шешіммен аяқталуы кездейсоқ емес. Автордың көкейінде тұрған мәселе ұрпақ қамын, елдің ертеңін ойлаудан туындайтың секілді. Түптің түбінде ата тегі бір, әрі діні мұсылман, бауырлас елдердің кек қуыспай, тіл табысуы, бауыры бүтін тұтастықпен, түсіністікпен өмір сүруі – қай жағына болсын, тиімді боларына күмән жоқ. Бұл сияқты шығармалар ұрпақ санасына да тарих сабағынан өнеге алуды ескертіп отырса құба-құп.

Төлеген Қажыбайдың бұл тараптағы екінші туындысы – «Алдияр» драмасы көлемі жағынан да, тақырыптық ауқымы жағынан да, оқиғалық, кейіпкерлік қамтылысы жағынан да алдыңғы драмаға қарағанда қомақты дүние. Мұнда Кене ханның өмірінің бірер сәті ғана емес, көтеріліске бел шешкен кезі, ұрыс салған тұстары, жалпы қозғалыс сипаты кеңірек қамтылады.

Біз Кене хан мен Наурызбай батырдың ажал құшуына тікелей себепкер болған қырғыз манаптарын, Кене ханды қолдамай, керісінше, жаулық еткен Қоқан, Бұқара әмірші-құшбегілерін кінәлап жатамыз. Оны жоққа да шығара алмаспыз, дегенмен Кенесары қозғалысының өкінішті жеңіліспен аяқталуының басты себебі – қазақтың өз алауыздығы екенін мойындауға тура келеді. Драмада осы мәселенің ақиқатын таныту – авторлық басты ұстаным тәрізді. Осы тарихи қозғалыстың сипатына тереңірек ой жүгіртсек, ақылы мен парасаты кемел Кене ханның о баста қантөгіске бару, соғыс ашу мүлде ойында болмағаны, мәселені бейбіт жолмен шешкісі келгені, яғни оның өз жерлеріне өңмеңдей сұғынып, қол сала бастаған, ашықтан ашық отаршылдық пиғыл танытып, тізесін батыра түскен патшалық империяға шарт қойып, өзінің елі мен жеріне қиянат жасамауларын, қазақ жұртының ежелден қалыптасқан тұрмыс-салтына, шаруашылығын өрістетуіне бөгет болмауын сұранғаны, шырылдап еліне араша тілегені ақиқат. Ол өз халқын арандатуды, бәз біреулердің шолақ түсінікпен айта салғанындай, империяға айдап салып, өз есебін түгендеуді мүлде ойламаған. Егер дәл сондай пиғылы болса, патша өкіметі оның жағдайын жасауға, өзі мен үрім-бұтағына қамқорлық жасап, қорған болуға, атақ-абыройын көтеріп, дәрежесін арттыруға о бастан-ақ уәде берген болатын. Бірақ Кенесары хан олардың зымиян арам ниетін түсініп, көздегені қазақтың кең даласын емін-еркін билеп-төстеу екенін жақсы ұғып, мүлде бас тартқан. Бірақ әккі империя енді қазақты өз ішінен ірітуді қолға алды. Дәл осындай саясаттың тиімдірек болатынын жақсы ұқты.

Бірінші көріністе автор хан Кененің көтеріліс жайын бақылап отырған ставкасындағы болып жатқан әңгімелерді өрбітеді. Кене хан Бұқарбай, Жәуке сияқты батырларымен елдің қозғалысқа қатысы, көзқарасы туралы әңгіме етіп отырады.

«Кене: Жең ұшынан жалғасқан өз ағайындарымыздың бір ұрты май, бір ұрты қан болып шықты. «Туыстың тасы бас жармас» деп аңқаусынар күннің ауылы алыста қалғандай. Орыс кәрәтілінен де Қоңырқұлжа мен Күшік баласы Құлжаның жаулығы жіті болып шықты.

Бұқарбай: «Қосақталған бір есек қырық түйені жолдан шығарады» деп. Талай жігіт соларға ереміз деп елден безіп, ерліктен қалды. Жол кесіп, жапан кезіп, тезек терген иттей тіміскілеумен күй кешуде. Сондағы аңдыры – біз, хабардар етері – орыс кәрәтілі.

Жәуке: Апырмай деймін! Өзімізге өзімізді жау етіп қойған неткен сайқалдық десейші. Имандылық, мұсылмандық қайда!

Кене: «Құдай-құран тіл ұшында, алтын-күміс жең ішінде» демеп пе еді бұрынғылар. Оларға имандылығыңнан да, қазақи ар-намысыңнан да жең ішінен жалғасқан сылдырмақ сөлкебай қымбат!

Бұқарбай: Дөп айтасың, алдияр! Жерін жыртыстай жырымдап, тапа-тал түсте таспалай тілгізіп, тонауға беріп қойып бүлк етпейтін ел қамын жеген Едігелерге не айтарсың.

Жәуке: Есіл бойын ен жайлаған елдің өрісі тарылып, өресі қиылып түрғанда Құдайменде баласының көнекті сыртқа салғаны несі. Түсінбедім, түге!

Кене: Атама! Ақ патшаның мойнына қарғыбау тағып, нығына оқалы шекпен жапқанына марқайған неме сұлтан правителмін деп шыға келді. Осы елдің ендігі қожасы менмін деп ісіп-кепті» [3, 96–97-б].

Кене ханның төңірегінде Қонырқұлжа сияқты патшаны паналаған, сол арқылы елді билеп, үстемдік құрған, хан Кененің ел болып бірігу саясатына мойынсұнбаған сұлтан-правителдер аз емес еді. Драмада оның бәрін қамту мүмкін емес және ол шарт та емес. Қоңырқұлжа солардың типтік бейнесінде танылады. Кене ханның жігіттері оны тұтқындап алып келгенде, хан оған төтесінен «Не ойың бар, елдеспексің бе, әлде елдіктен кетіспексің бе?» деп сұрақ қойғанда, ол: «Батырекесі, бізде не билік болсын. Ақ патшаның адамы болған соң, соның әмірі мен үшін заң екендігін несіне бүгейін. Адалмын деп берген антым тағы бар. Анттан аттап кеткенім қалай болады?» деп өзінің құлақкесті құлдыққа көнген ниетін танытады. Әрине, хан жауабы дайын.

«Кене: Па, шіркін! Семсер үстінде серт жүргенін сенен көрдім. Патшаңа берген антың елді талау, жерді тонау екен ғой (зілденіп). Артыңда тұрған қалың қазағыңның тағдырынан да, ақ патшаң жапқан анау шапаның қымбат десеңші!

Жәуке: Қарғыбауы тағы бар!

Қоңырқұлжа: Елді неге ойламаймын, ойлаймын. Бір жаратушы куә!

Кене: Айтқаныңа болайын! «Ұры тойғанша жеп, өлгенше қарғанады» деген осы-ау! Еліңді ойласаң Есіл мен Ертіс арасын, анау Ереймен мен Қорғалжың өңірін ен жайлаған елің неге еңірейді. Асқақтата сөйлеп тұрған ақ патшаң мал тұяғы жетер жердің бәрін құрсаулап, бекініс қамал салып жатса, еркін жайлар жағдайың қайсы? Күні ертең Есілге етегіңді де мала алмайтын халге жетесің. Шұратты өңірінді доңыз жайламасына көзің жетті ме?..» [3, 98-б].

Бұл диалогтан Қоңырқұлжа сұлтан-правителдің немесе сол сияқтылардың құлқын ниеттері, оның сөздері арқылы ақ патша өкіметі тастаған қармақтың қапқаны, олардың әккі саясатының жүзеге аса бастағаны аңдалады.

Хан Кененің Қоңырқұлжаға ашына айтқан сөздерінде сатқын сұлтандардың арсыз әрекеттерін әшкерелеу ғана емес, өз мақсатына, ұстанған жолына деген адал сенім бар. Хан Кененің ақ патшаның атақ-абыройынан туған халқының ар-намысын әлдеқайда жоғары қойған шынайы келбеті, ел-жұртына шексіз сүйіспеншілікпен берілгені осы сөздерде айқын. Автордың Кенесары күйзелісін беруі өте нанымды.

«Кене: Көкшетау өңірінде казак-орыстың найза қадамаған пұшпағы қалмады. Ұлы бабаң Абылай ту тіккен өңірді жыртыстай жырымдап жатқаны анау... Үнсіз қалсандар үндемес ек, жігіт жасақтап, кәрәтілге жол нұсқап, жансыз жұмсап, жаулық іздеп тыным табар түрлерің жоқ. Жаумен жағаласудың орнына олармен ауыз жаласып араласып кеттіңдер, түге! «Еділіңді алғаны, етекке қолды салғаны, Жайығыңды алғаны, жағаға қолды салғаны» деген баба зары тап сенің зердеңе жетіп, селт ете қояр демеймін. Ашынған соң айтамын да.

...Ұлықтармен ылыққан иттей ауыз жаластыңдар! Ұлы арман, асыл мақсат жолына бел буып шыққан мені ақ патшаның ғана емес, ормандай орыстың жауы етіп көрсеттіңдер. Соңыма зеңбірегін сүйреткен кәрәтілді салып қойғандарың мынау. Ата қонысымнан аударып тастаса мен патшаңмен қалай пәтуа бітімге келмекпін. Ұясын алдырған көкбөрі де бір, мен де бір. Қазақ даласын кезіп кетсем саяхаттап жүргенім жоқ, халқым үшін қан кешіп жүрмін. Қане, сондағы шығысқаның, ұғысқаның! Қане, білекке білек, тілекке тілек қосқаның?» [3, 98–99-б].

Автордың бұл арада Кенесарынын ормандай орыспен емес, ақ патшамен, оның отаршылдық зұлым саясатымен күрескенін баса көрсетуі көкейге қонымды. Әлі күнге дейін оны орыс халқының дұшпаны етіп көрсетушілік жоқ емес.

Драмадағы Рүстем төре мен Сыпатай батырдың өзара бәтуаласып он екі мың қолымен шешуші ұрыста сатқындық жасап, түн жамылып жасырынып, шегініп кетерінің алдындағы диалог олардың жеркенішті, опасыз қылықтарын әшкерелейді.

«Рүстем: Есің барда елің тап. Ендігі жолымыз Кенесарымен түйісе қояр ма екен. Бас қамын ойлайық та, Сыпеке!

Сыпатай: Кене келер, кетер. Біз қаламыз осы жерде. Іргеміз бөлінбеген қырғызбен қырғи-қабақтығымыз келісе қоймас, тегі!

Рүстем: Анау Саурық барымтада кеткен жылқысына ара түсем деп жүріп осы қырғыздың найзасына ілінді емес пе? Бүгін Кенеге шығыссақ, ертең қырғызбен ұғысуымыз қиынға соқпақ. Не де болса бүгін түннен қалмай хан қосынынан бөлінелік, ендеше. Жөні сол!

Сыпатай: Жай кетпей, өз абыройымызды да ойлай кетсек қайтпек?

Рүстем: Не істе демексің? Түсінбедім.

Сыпатай: Орманға жансыз жіберіп алалық. Көкбөріні майдан даласына жалғыз қалдырдық, енді не істесен де өзің біл делік.

Рүстем: Жөн-ақ. Мен Вишневскийге шапқыншы жіберейін. Ертең Орманның алғысынан да ақ патшаның иыққа тағар шені, үстіне жабар шекпені өтімді болмас па.

Сыпатай: Жүдә, дұрыс бұл сөзің. Ал уәде осы болсын...» [3, 114-б].

Қоңырқұлжа сияқтылар Кене ханның дәл іргесіндегі елді алатайдай бүлдіріп, ханға қарсы айдап салып жүргенде, әуелде Кене ханды жақтап, он екі мың қолымен келіп қосылып, ханды қатты қуантқан Ұлы жүз сұлтандары көп кешікпей райларынан қайтып, әскерін кері бұрып әкеткендері былай тұрсын, Кенеге жаулық ниеттегі орыс ұлықтары мен қырғыз билеушілеріне өз әрекеттерінен хабардар етуі – тарихи фактіге сүйеніп айтылған деректер. Қазақтың көп соғыстардағы жеңілісі санының аздығынан емес, осындай бастары бірікпей, алауыздыққа салынып, тіпті сатқын, опасыздыққа дейін баруларынан болған алтыбақан алауыздығы екені тарихтан мәлім. Әйтпесе, қазақтан жері де, елі де әлдеқайда аз, кішкене елдердің ауызбіршілік тұтастығының арқасында ежелден ел болып келе жатқанына мысалдар аз емес. Сондай-ақ ауызбірлігінің жоқтығынан, тегі бір қазақпен бірігуді ойламай, өзгелердің айтағына еріп, ақыр соңы жойылып кеткен Жоңғария сияқты елдер де аз емес. Бір кезде Кенесары ханның ұлы бабасы Шыңғыс хан түбі бір, тегі бір елдерді біріктіріп, әлемді қалтыратқан ұлы мемлекетке айналдырғанынан тар өрісті кейбір ұрпақтары сабақ алмады. Осылайша Кене хан бастаған қозғалыс өкінішті жеңіліске ұшырады.

Асыл арманы өшіп, күлге айналған хан Кененің ақырғы монологы былайша сабақталады: «– Ел, сорлы болған ел үшін емес пе еді осының бәрі. Он жылға созылған сергелдең соңы осы болды. Неткен баянсыз, бақсыз сорлы едім! Соңымнан ерген сорлы жұрт кінәлімін, күнәлімін алдыңда! Кешермісің, ұғармысың хан Кененің арманын. Әлде, лағнет деп тас атып, күл шашармысың соңымнан! Бар ғұмырым өзіңнің елдігің, азаттығың, еркіндігің үшін өтсін деп едім... Құдай ол мақсатыма жеткізбей желкемді қиғалы тұр орта жолда... Бірақ елім деп шаһид кешкеннің басы да, соңы да мен бе екем? Жоқ, мен емес! Жалғасады! Ұласады ұлы ерлік. Дабыл қағады батырлар! Ұлы шайқас, ұлан асу алда. Мен өлсем сол ұлы сеніммен өлермін!..» [3, 116–117-б].

Иә, азаттық арманы ұлы дала перзенттерінің жүрегінде мәңгілікке өшкен жоқ, өшпейді де!

Кене хан көксеген ұлы арман, ұлы сенім ешқашан жоғалған емес. Оған дәлел – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтай алаш арыстарының қазақ елі үшін жасаған өнегелі істері, қаһармандық күрес жолдары! Оған дәлел – Мағжан ақынның биік рухты, ұлы күрескерлік жырлары! Оған дәлел – кеш те болса арыстарымыз аңсаған азаттық таңының атуы!

Міне, Төлеген Қажыбай драмасында осындай оптимистік рух менмұндалап тұр. Әсіресе, Кене хан монологында бұл сарын айқын.

Бұл шығармада халыққа танымал өнер иелері де жоқ емес. Олар – атақты ақын Арыстанбай мен Нысанбай жыраулар. Нысанбай жырау қозғалыстың басынан аяғына дейін хан Кенеге адал серік болады. Көтерілістің ақиқаты сол заманда да, кейінгі ұрпаққа да Нысанбай жырау жырлары арқылы танылғаны аян. Нысанбай жырау – қозғалыс жыршысы ғана емес, оның қолдаушысы, дем берушісі. Тіпті, хан Кенеге, оның атасы Абылай ханға ақыл қосып отыратын Бұқар жыраудай кемеңгер, ақылгөй іспетті. Драмада кейіпкер ретінде де осы сипатымен тартымды танылады. Автор да Кене ханның ауызымен жырауына разылық лебізін аңғартады.

«Кене: Уа, Нысанбай! Менің шеменді шежірем. Ақыл қосар данагөйім, толғап кетсе таусылмас айыр көмей абызым. Ұлы бабам Абылай қысылған сәттерінде алдымен Тәңіріне, одан соң әулие көмей Бұқар жырауға табынады екен. Оңтайлы ақыл, кемелді кеңес қосар қарт жырау Абылайды талай тығырықтан алып шықты дегенді кешегі әкем Қасым айтушы еді...».

Кене хан Нысанбай жыраудан еліне сәлем жолдап, бакұлдасқанда халқының асыл перзентін қимаған Нысанбай жырау зарлы жырын төгеді.

«Дүрі жауһар данасы,

Әркімнің Алла панасы.

Жан біткенге несібе – 

Дарияның аққан саласы.

Үйсіздерге үй болған,

Би-отанның ханасы.

Кенесары, Наурызбай

Абылай хан-ды бабасы.

Әуелгі мекен-тұрағы

Көкшетаудың даласы.

Жазғы жайлау қонысы

Ұлытаудың саласы.

...Қоғамы күшті ер еді,

Киімді бала тудырған,

Ықпалы жүрген ер еді.

Алтынды қылыш будырған,

Абылайлап ат қойып,

Дұшпанды көрсе қудырған!

Көп сарғайтып келместей,

Кене хан саған не болды?

...Қанаты жоқ, құйрық жоқ,

Бір анадан жалғыз тақ.

Көп сарағайтып келместей

Наурызбай саған не болған?..» [3, 121-б].

Драма осындай трагедиялы халмен – Нысанбай жыраудың асыл ерлерді жоқтаған шерлі зарымен аяқталады. Нысанбай жырауға қосылып, барша халқы азаттық қаһармандарын жоқтап егілетіндей.

Төлеген Қажыбай «Алдияр» трагедиясын өрнектеуде сөз бояуын талғай-таңдай білген. Барлық сөз бояулары сол кездегі ауыр жағдай мен Кененің қайғылы халіне үйлеседі. Бүкіл сөз сазы кейіпкерлерінің жан арпалысы, күйінішін суреттейді. Осындағы барша сөз аккордтары сол кезеңдегі ауыр трагедияны тудырған зұлматтыққа лағынет айтқандай. Ауыз әдебиетінен нәр алып, жыраулық дәстүрден дәріс алған автордың хан, жыраулардың тілінде сөйлеп, екпіндете, құйындата жыр төгуі, сөзді – семсер етіп жұмсауы жарасымды үйлесім тапқан.

Төлеген Қажыбайдың саф алтындай мөлдіреген поэзиясы, өзіне ғана тән сөз айшықтары мен ой маржандары әсіресе осынау туындыда жарқырап көрінген. Тіпті осы шығармадағы ақын лексикасы мен стильдік талғамын талдау көп зерттеулерге негіз боларлық. Хан Кененің:

«Ерте келер, кеш келер,

Елім есен тұрғанда

Есіркер де ескерер!» – деген көрегендікпен айтылған сөзінен Төлеген Қажыбай сынды азамат ақындары туар еліне үміт артқан Хан Кенені киелі емес деп кім айтар?!

Айтары көп, халықтың жоғын жоқтар азаматтың сол өзінің сүйікті халқымен драма арқылы тілдесуі, кеудесін кернеген ойларын драма тілімен беруі сан қырлы қалам иесінің ұтымды өрістерінің бірі десек жаза баспаспыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қажыбаев Т. ХАН КЕНЕ. Толғаулар, дастандар, драмалар. – Алматы: «Жібек жолы» Баспа үйі, 2002. – 184 б.
  2. Тарақ Ә. Алаштың айбын – ардағы – Абылай хан. Әдеби тарихи – монография. – Алматы: «Қазақстан» баспа үйі, 2003. – 240 б.
  3. Қажыбаев Т. Алдияр. Дастандар, драмалар. – Көкшетау: «Көкше-Полиграфия» ААҚ, 2002. – 124 б.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар