Магиялық реализм – Латын Америкасынан басталғанымен, оның ықпалы бүкіл әлемге тез тарады, дәл осы стильде жазған жазушылар да аз болған жоқ. Бәрінің де осы бағытпен жүргісі келді. Ал Тони Моррисон мен Мо Янь жасаған орта мүлде басқа болғанымен, екеуі де магиялық реализмге дендеп кіріп, өзіндік стильдерімен әлем жазушыларының алдыңғы легінен бой көрсетіп. Біріншісі 1993, екіншісі – 2012 жылы Нобель әдеби сыйлығын алды. Олардың уәкілдік шығармаларында («Сүйіктім» («Beloved») және «Салпы омырау, сал бөксе») ана махаббаты айтылады. Біз осы екі жазушының шығармашылығын талдап, салыстыра отырып, туындыларындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарға тоқталсақ дейміз. Сол арқылы біз әлемдік әдебиетке бір табан жақындай түсеміз, әрі қытай әдебиетінің әлемдегі ықпалын да көре аламыз.
Тони Моррисон – әдебиеттегі магиялық реализм королі
1993 жылы Нобель сыйлығын алған Тони Моррисон, бұл құрметке ие болған алғашқы афроамерикалық әйел жазушы еді. Ол – XX ғасырдың 60 жылдарындағы қара нәсілді әйел жазушылардың сөз ұстар өкілі болды. Ол – өз шығармалары арқылы қара нәсілділердің мәдениетін сақтап қалуға және оны дәріптеуге тырысты, сонымен қатар, қара нәсілділер мәдениеті америкалықтардың негізгі ағымымен сіңісіп кетуін көздеді. Ол жасаған қара нәсілді әйелдер образы, олардың жан-дүниесі, ішкі эмоциясы – амарикалық қара нәсілділердің эволюцияға деген талпынысы мен жанайқайы еді, жазушы сол арқылы бақытсыз жандардың көз жасын қаламының ұшымен сүртті. Тони Моррисон тапқырлығы мен адам таңғаларлық логикасы арқылы магиялық реализмді шегіне жеткізе отырып жазды. Ол өз шығармасында шегіністі баяндаулар мен фрагменттер арқылы көптеген ұсақ детальдарды біріктіре отырып, оқырман жүрегінің ең нәзік қылын шерте алды, көркем де нақты теңеулер арқылы сөзді құдіретті күшке айналдыра алды.
Тони Моррисонның «Сүйіктім» романы Пулитцер сыйлығына ие болған. Шығарма кейіпкері – Сэт ана қызын қат-қабат қиындықтан құтқару үшін оны өлтіруге мәжбүр болады, алайда, қыздың аруағы қайта келіп анасынан өш алады. Сол арқылы қара нәсілділерге деген теңсіздік пен оларға жасалған қиянат – сәби жүрегіне де жара салғанын, сонымен қатар ана махаббатының ұлы екенін дәріптейді.
Мо Яньға Нобель әперген магиялық реализм
2012 жылғы Нобель әдеби сыйлығы Мо Яньға табыс етілген сәтте, марапаттау комитетінің мүшесі: «Мо Янь магиялық реализм мен халық арасындағы аңыз-әңгімелерді, тарих пен қоғамды бір нүктеге шоғырландыра алды», - деген болатын. Айтып айтпай не керек, Мо Янь колумбиялық жазушы Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығының» әсеріне көп бөленген, десе де бұл романның ол романнан айырмашылығы – Маркестің стилін дамыту үстіне қайта әрлеп, оған қытайлық элементтерді кірістірген. «Мен әуел баста-ақ осылай жазбақ едім, бірақ оны менен бұрын біреу иемденіп кетті», - дейді Мо Янь.
Мо Янь шығармалары өте еркін, қатып қалған қағидасы жоқ. Оның үстіне ол тәжірибелі, көпті көрген тұлға, мұндай артықшылығы шығармаларында да көрініс табады. Стилі қалай қарапайм болса, оны қабылдау да соншалықты күрделі. «Салпы омырау, сал бөксе» – былай қарағанда эротикалық мағына бергенмен, мазмұнында көзге ұрып тұрған интимдік суреттеулер жоқ, қайта одан өткен сұрқиялық сөз болады. Романда автор анасы мен әпекелерінің тәнін суреттеу арқылы, ана есімінің ұлы екенін, махаббатының шексіз екенін айтады. Осылайша «Сүйіктіммен» тақырыптық үндестік табады.
Магиялық реализм
Магиялық реализмді алғаш рет неміс өнер және әдебиеттанушысы Франц Рох ұсынған болатын. Оның пайымдауынша оқырмандар магияның астарына үңіліп, ұқыптылықпен сезіну керек дейді. Магиялық реализм – модернизм мен реализмнің ұштасуы арқылы, латын мифологиясымен қабыса қалыптасқан стиль. Автор әдетте бұл әдісті өз тұсындағы саясат пен қоғамды сынға алу үшін қолданады. Мысалы Маркес: «Магия – болымысты әрлеп тұрған құрал. Бірақ, сайып келгенде, шығармашылықтың көзі қашан да шындықта жатыр», - дейді.
Тони Моррисон «Сүйіктімінде» гротеск, символика, мифология, хронология және болжамды жиы қолданған. Мо Янь шығармалары да көптеген бейнелеу тәсілдерінің бірігуінен құрам тапқан. «Салпы омырау, сал бөксе» – абсурд, символика және аңызды басты назарға алған. Ол – аңыздар мен халық фольклорына қытайлық ерекшелік элеметтерін кіріктірген. Магиялық реализм шығармаларында адам табиғатынан кейіпкерлердің ішкі әлеміне енуге дейінгі сипаттамалық сюжеттер көптеп кездеседі. Осы реализмнің жазушыларында ұқсастықтар болғанымен, олардың тарихи сахнасы, мәдени ошағы, жағырапиялық ортасының әралуандығы олардың өзіндік стилін қалыптастырды.
Томасз Сетовский "Магиялық реализм"
Символизм
Символизм – заттар арасындағы қарым-қатынасқа негізделген дерексіз ұғымдарды, ойлар мен эмоцияларды бейнелеу әдісі. «Сүйіктім» мен «Салпы омырау, сал бөкседе» дәл осы символизм басты назарға алынған, десе де әр қайсысының қалауы әр басқа. «Сүйіктімде» Тони Моррисон өсімдіктер мен түстерді суреттейтін сөзді көп қолданған. Ондағы “ағаш” кеңпейілдің, қажыр мен еркіндіктің символы. Ал кейіпкер Денвердің көңіліне жыныс бұталар медеу болса, ағаш – Сэт пен Павел Д үшін еркіндіктің символы.
Павел Д гүл жарған ағаштардың бойымен, еркіндік аңсап солтүстікті бетке алып жүгіре береді... Сэттің жыныс орманнан өтіп, ажалдың құрығына ілінбеуін суреттеу арқылы, жыныс орманнан кейін еркіндік нұр шашады дейді. Ал қызыл түс өміршеңдік пен күш-қуаттың, сондай-ақ, қан мен өлімнің символы ретінде де бейнеленеді. «Сүйіктімдегі» Павел Д-ның қызыл жүрекшесі оның сезім әлемі. Жайқалған раушан гүлдер – Сэт, Павел Д, Денверлер жаңа өмірдің шымылдығын ашқанын, сонымен қатар, өлімнің де бұлты үйіріліп тұрғанын білдіреді.
Ал «Салпы омырау, сал бөкседегі» символиканы айтпаса да белгілі. Романның түсіндірмесінде автор: «Мен бұл кітапты өз анам мен жер анама арнаймын», - деген болатын. Роман – Шанггуань Цинтонгтың маңайындағы әйелдердің әдемі мүсінін бақылаудан басталады да, соңына қарай мәлім әйелдің таныс омырауы көз алдыңа еріксіз елестейді, “формасы әр түрлі, сүйкімді, қош иісі танауыңды қыттықтайды. Аспандағы асыл зат – ай мен жұлдыз, күн шығар? Адамдағы асыл зат – салпы омырау, сал бөксе”. Бұл әрине зинақорлықтың сипаты емес, қайта жер анаға мадақ пен құрмет. Шанггуань – тарихтың метафоры, адамзат біртіндеп сәбиге айналатындығының символы. Ол әсте қыз омырауына табынған маньяк емес, қайта еркек ретінде “көздегеніне жете алмаушы”.
Хуго Симберг "Өлім бағы"
Аңыз-ертегілер
Моррисонның «Сүйіктімінде» оқиға желісін дамыта түсу үшін аңыздарды да көптеп кірістірген. Африканың дәстүрлі нанымы бойынша, жындар материалдық әлемнен алшақтаған, бірақ эмоционалды тұрғыдан тірі адамдар сияқты өмір сүреді деп санайды. Мысалы, шығармағады “сүйіктінің” прототипі содан алынған. “сүйіктінің” аруағы туыстарымен үнемі байланыста болып, олармен барыс-келісті үзбей жүретіндігі туралы айтылады. Сонымен қатар, туыстарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне де әсер етеді. “Сүйіктіні” анасы қасақана өлтірмегенімен, оның арауғы, анасы Сэтті қатты жек көріп, күндіз-түні жанын азаптайды.
Ал Мо Яньның «Салпы омырау, сал бөксесінде » “Мо Яньдық магия” басым, ол Маркес пен Пу Сунлиннің көркемдік стилін үйлестіре отырып, аңыздар, халық ертегілері мен фольклор т.б. деталдар арқылы көркем дүние жасай алды. Шығарма мазмұнында: “Түлкі кейпіне енген егістік қожайыны түлкілерді қырған сәтте, оның қолы дірілдейді, мақұлық біткен оның бұл әрекетін адамдық болымысқа балаған да емес, өйткені оның табиғаты ондай зұлымдыққа жібермейді”, - дейтін жері бар. Автор бұл жерде «Ляужай аңыздарындағы» иллюстрацияланған түлкіні пайдаланғанымен, Пу Сунлиндік стильге де ұқсатпай, дәл осы негізде Маркестің иірімдермен оқиға атмосферасын әрлей түсіп, адамдарды қиял әлеміне еріксіз жетелейді. Ол магия арқылы қоғамның ирониялық бейнесін жанамалай суреттейді.
Морисон мен Мо Янь – магиялық реализм ағымының өкілдері ретінде екеуі де Нобель әдеби сыйлығын иеленді. Екеуінің жазу стилі мен ой иірімдерінде көптеген ұқсастықтар бар, біз бұл жерде «Сүйіктім» мен «Салпы омырау, сал бөксені» ғана мысалға алып, салыстыра баяндап отырмыз. Олар шығармалардағы символика, мифология және аңыз-әңгімелерді – оқиғаның мәні мен өзектілігін тереңдете түсу үшін пайдаланып, болымысқа магиялық тұрғыдан көз тастайды да, қитұрқы қоғамға қарсы соққы беріп, оқырманды терең ойға жетелейді. Осы шығармалардағы жазу стилін қоспағанда, екеуінде де уақыт пен кеңістіктің орналасуы, перспективалар, болжамдар, бейнелеу, қайталау және абсурд сияқты шығармашылық әдіс-тәсілдер толық пайдаланған.
Осылайша, біз екеуінің шығармашылық ерекшеліктерін салыстыру, олардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды талдау арқылы, әр түрлі мәдени контекстердегі «қоршаған ортаға» жақыннан көз салдық дей аламыз.
Қытай тілінен тәржімалаған: Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.