Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
ТОП-5: Үздік сұхбаттар

22.12.2021 1826

ТОП-5: Үздік сұхбаттар 12+

ТОП-5: Үздік сұхбаттар - adebiportal.kz

Әне-міне деп 2021 жылды да еңсердік, қадірлі оқырман. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» демекші, өткен жылға өкпеміз жоқ. Келер жылдан үмітіміз көп. Былтырғы жылдың бедерінде «Әдебиет порталы» ғаламторлық жобасында әр түрлі жоспарлар жүзеге асырылып, танымдық мақалалар жазылып, әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалар мен жаңа бой тіктеп, қалыптасудың даңғылына бағыт алған жас шығармашылық иелерімен сұхбат құрыстық. Солардың ішіндегі оқылымы көп, айтар ойы оралымды ең үздік бес сұхбатты іріктеп отырмыз.

Байбота Қошым-Ноғай. Әдебиет – үздіксіз жүретін үдеріс

Байбота Қошым-Ноғай әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің, талантты ақындарының бірі. Әлем әдебиетіндегі классик ақындардың біршама ғазалын ана тілімізге тәржімалап, балалар әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан қаламгер. Ұмтыл Зарыққан өз сұхбатында қаламгердің болмысын шебер ашып, оқырман көкейіндегі түйінді сауалдарға жауап ала білген. Байбота Қошым-Ноғай Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Түркістан облысымен шекараласатын Бесарық өңірінде дүниеге келген. Осындай ғажайып өлкеде туып-өскен баланың әсершіл болмауы мүмкін емес. «Менің де көркем әдебиетті сүюіме, туған жерімнің тарихын қазбалауыма Бесарықтың әсем табиғаты мен шежірелі топырағы себеп болды», - дейді ақын өз сұхбатында. Және жар таңдау мәселесіне келгенде, қазақ ақын-жазушыларының арасындағы ең бақытты адам екендігін айтқан. Ақын тырнақалды туындыларыма алғысөз жазып, ілтипатын білдіріп, ақ батасын беріп «Жалын» баспасынан жеке жинақ болып шығуына Сәкен Иманасовтың көп көмегі тигенін елжірей есіне алады. Және 1986 жылғы «Желтоқсан көтерелісінде» қазақ ақын-жазушыларының алаңға шыққандарды қолдап, бірқатары қалың нөпірмен қоян-қолтық араласқанын, бірқатары алаңда жәбір көрген жастарды қорғап мінбелерден сөз алғанын, бойын көрсетпей бұғып қалғандары барын да жасырмаған.

«Мемлекеттік сыйлықтың» шын мәнінде дарынды, талантты адамдарды бағалаудың көрсеткіші емес екенін, қазақ қоғамының қойын-қонышын түгел үңгіп жаулап алған әділетсіздіктің тірілер арасында жалғаса бермегіне налитынын ашық жеткізген. Әдебиет алдындағы арының мөлдір тазалығын сақтап өткен шайыр жырлары болашақ ұрпақ тарапынан шынайы бағасын алатынына сеніміміз мол.

Роза Мұқанова. Меніңше ең жақсы адамдар пайғамбарлар дәуірінде өмір сүрген сияқты

Осы жылдың сүбелі сұхбаттарының бірі – жазушы, драматург, сыншы Роза Мұқановамен болған сұхбат. «Драматургия жан мен сананың арпалысы, қақтығысы. Өнер – адамды қуыршақ санадан, ергежей ойдан «адами» санаға биіктете алады. Адам ете алады. Дәл осы тұрғыда драматургияның да атқаратын басты қызметі ересен», - дейді Роза Мұқанова. Балнұр Қызырбекқызы Роза апамыздың көкейіндегі салмақты да сарабдал ойларын сары майдан қыл суырғандай әбжілдікпен оқырманға жеткізе білген. Сұхбат барысында қазақ драматургиясының жаңа формаларға, заманауи тақырыптарға қорықпай бара білу қажеттігін, драматургтер мен режиссерлер арасындағы шығармашылық байланыстың үзіліп қалғандығын, қазақ драматургиясының қоғамның назарын қалай аудара білуі жайы сөз етіледі.

Әркімнің тұрмысы – жеке шаруасы. Дөңгелек үстел

Шығармашылық иелеріне үкімет я тәуелсіз ұйымдар тарапынан қолдау көрсетіліп жүр ме? Біздің әдебиетке не жетіспейді? Қазақ тілді аудитория аясының кеңеюіне не кедергі, жаһандық індеттен соң әлем әдебиетінің мега тақырыптары өзгере ме сықылды сауалдардың төңірегінде дөңгелек үстел жүргіздік. Дөңгелек үстелде АҚШ-та білім алып жатқан жазушы Назира Байырбек, оқытушы-ұстаз, жас жазушы Досхан Жылқыбай, ақын Бекзат Смадияр, Аслан Тілеген, әдебиет сыншысы Бағашар Тұрсынбайұлы секілді қаламгерлер өз ойларын ортаға салды. Көпшілігі коронавирустан кейінгі әлем әдебиетінің мега тақырыптары өзгермейді деген пікірге тоқталды. Әдебиеттің жалғыз құндылығы – ізгілік. Қаламгерлер пандемияның адамзатқа тазару әкеле алмағанын, адамзаттың бір идеяға біріге алмағанын алға тартты. Қазақ тілді аудиторияның санының артуына, қазақ әдебиетінің қолданбалы болуына, қазақ тілді кітаптардың өтімді болуына кедергі келтіруші тіл мәселесінен бөлек, тағы басқа да факторлар барын айтысты. Көпшілігінің ойы қазақ тілінің көсегесі көгермей, қазақ тілінде шығатын кітаптың да, әдебиеттің де бағы ашылмайды деген пікірдің маңына тоқайласты.

Жүсіпбек Қорғасбек. Киноны құтқарып тұрған символ – жаңбыр

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мұқағали» көркем фильмі жарық көрген болатын. Режиссері Болат Атабаев, сценарийін жазған айтулы жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Жазушы фильмде Мұқағалидың жоқтығын айтады. Фильмнің идеясы арқылы «мүгедек» ұрпақтың тағдырын көрсеткісі келгенін жасырмайды. Және өзіне әрі қоғамға осы ортақ сауалды тастайды. «Біз ол тағдырды жасай алдық па? Кімнің тағдыры алға шықты? Мұқағалидың ба, әлде мүгедек баласының ба?», - дейді автор. Басты рөлді сомдаған актер Асыланбек Жанбалаев бейнесі Мұқағалидың характеріне, кескініне, түріне, қабағындағы кірбіңе, табиғи мұңына тура келгесін таңдағанын жеткізді..

Жұлдыз Молдағалиева. Қазір адамзатқа ортақ тақырыпта жазатын уақыт

«Біз ескішілдіктен жалықтық. Отан, Ана, Жер, Махаббат, Тіл, Дін, Табиғат, Ауыл туралы жаза беруден және оны оқи беруден де... Бұл қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың еңбегін жоққа шығару емес. Қазір бәрі өзгерді. Өмір. Әлем. Бізге жаңаша ойлау, жаңаша жазу, жаңаша іздену қажет. Қазір тек Жер ғана бар. Және біз ғана бармыз. Адамзатқа ортақ тақырыптар туралы жазатын уақыт», - дейді ақын Жұлдыз Молдағалиева.

Табиғи таза қалпын сақтағысы келетін нәзік жүректі ақын қарындасымыз адамзатқа адал көзқараспен қарайтынын, риясыз сенетінін, шынайылығынан ешқашан алыстағысы келмейтінін жеткізген. Және өзінше ой қорытып, еркіндік жайлы тебірене алады. Болашақта қаражаты мен уақыт мүмкіндігі бола қалса, Грекия мен Испанияға саяхаттағысы келеді. Ол Құдайдың барына сенеді. Және қазақ поэзиясына қолтаңбасын қалдырарына...

сүйенбей-ақ ережеге, мақалға.

(ал, сіздіңше, тағдыр біздің қатал ма?)

келер күнім жайлы ұзааааақ ойлаймын,

жалға алған пәтерімде жатам да.

ескермей-ақ бунақты да көлемді,

жазғым келген іштегі өлең. ол өлді.

жұрт көңілін қалдырмаймыз дегенде,

жұрттан қалған көңіл бізге не берді?

аралап-ақ көшені де қаланы,

ауылды һәм, шексіз-шетсіз даланы,

өнеге алар кісі іздеп келесің,

ал өнеге беретінің шамалы...

өмір жайлы әдемі өлең жаздым деп,

жүрген ақын...сосын бізде азғын көп...

сен өзімді таппадым деп налисың,

ал мен өлең жазғаныма мәзбін бе?!

қалғың келсе келер күнге мұра боп,

(әттең бізде жасап қойған күнә көп...)

өстіп жүріп өлуге де қорқасың,

құдайына қалай барад(ы) мына бет...

жапыраққа бар сырыңды аштың ба?!

кейде өзім ұқсап кетіп қашқынға...

тастай жүрек болатынын адамда...

жүрегі бар болатынын тастың да...

сен бәріне, бәрі үшін күйесің.

сен әлемді жүрегіңмен сүйесің...

құдайыңдай сосын тағы сыйлайсың,

жалға алған пәтеріңнің иесін...

жүрегімді қасқыр сынды ұлытып,

жоқ адамдай түк қайғысы, мұңы түк...

дым ойламай ұйықтап кеткің келеді...

(ЖАН СЫЙЛАҒАН ҚҰДАЙЫҢДЫ ҰМЫТЫП...)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар