Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мұқағали» көркем фильмі жарық көрді. Фильмде жас актер Асланбек Жанбалаев басты рөлді сомдаған. Кинотуынды қазанның 21-інен бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайды. Фильмде мұзбалақ ақынның трагедиясы мен қоса өмірінің соңғы жылдары баяндалған. Фильмнің түсірілім алаңына Өскемен, Алматы, Санкт-Петербург қалалары таңдалған екен. Кинорежиссер Болат Қалымбетов ақынның бейнесін экранизациялауға 15 жылын сарп етіп, еңбектенгенін жеткізді.
«Әбден пісіп-жетіліп, дайын болған күні жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке сценарийін жазуға өтініш білдірдім. Және фильм барысында жалғыз Мұқағали образы ғана емес, сонымен қатар Фариза Оңғарсынова, Лашын Әлімжанова, Нұрғиса Тілендиев, Бауыржан Момышұлы сынды аты аңызға айналған ірі тұлғалардың да бейнесі сомдалған. Мәскеудегі оқуын тастап елге оралған ақын тағдырындағы ауыр да қайғылы кезеңдерді хадари-хәлімізше суреттеуге тырыстық», - деді режиссер.
Фильмнің сценарийін жазушы айтулы қаламгер, әдебиет сыншысы Жүсіпбек Қорғасбек ағамызбен сәті түсіп сұхбат құрдық. Кинотуындыға қатысты сыни пікірлерімізді жасырмай ашық айттық. Уақытын қиып, туындының идеясы турасында, детальдар мен эпизодтардың құпиялы тұстарына қатысты сауалдарымызға толық жауап берді. Мархабат!
- «Мұқағали» фильмін көріп шыққаннан кейін, көрермендердің көкейінде біршама сауалдар болды, Жүсіпбек аға. Фильмнің сценарийін өзіңіз жазып шықтыңыз. Жақсы жазылғаны көрініп тұр. Алайда, режиссуралық жұмыстың аз-мұз олқы тұстары байқалып қалды. Басты рөлді сомдаған актер Абылай Жанбалаев Мұқағали ақынның бейнесін қаншалықты деңгейде алып шықты деп ойлайсыз? Өз көңіліңіз толды ма?
- Біз қателессек те, жетістікке жетсек те ешкімге ұқсағымыз, қайталағымыз келген жоқ. Мұқағали туралы сюжеттер көп. Ол сюжеттерді де қайталамадық. Артықшылығы болса да, кемшілігі болса да негізгі себепті осыдан көруіміз қажет. Тұлғаның жалғыз қалуы. Рөлді сомдаған актер сол характердегі адам секілді көрінді. Кескіні, түрі, қабағындағы кірбің, табиғи мұңы рөлге тура келді. Алғаш көргенде суретіне қарап отырып, бұл жігіт Мұқағалиды ойнамайды, табиғи түрде Мұқағалидың ішіне кіреді ғой деп болжадым. Менде қауіп болды. Әртіс ойнамаған жерде қателесуі мүмкін. Театрда да, кинода да әртіс жақсы ойнай білсе – керемет, ғажап дейміз. Ал әртіс,ойнамаса – кемшілік көреміз. Артықшылығы мен кемшілігіне кәсіби мамандардың қалай жауап беретінін менің ішім сезеді. Шығармашылық адамы ретінде осы әртісті өз ішім қалады. Себебі, табиғи қалпында осы рөлге дайын болды. Шерменде, қасіретті, мұңлы, қайғылы...
- Жүсіпбек аға, фильмде Мұқағалидың ұлы Айбарды Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары ұстап әкетіп, түрмеге жабады. Кейін Мұқаңның ұлы түрмеден мүгедек болып оралады. Бұл жағдай өмірде орын алмаған дүние секілді. Сіз Айбардың мүгедек болмысы арқылы нені айтып, жеткізгіңіз келді?
- Бұл ешкім білмейтін тарих. Өздеріңіз білесіздер, менің «Жансебіл» атты шығармамның негізінде фильм түсірілді. Фильмде Қасым Жәкібаев ойнады. Сонда Қасым Жәкібаевтың жылауы қажет болды. Өміріндегі ең бір ауыр кездерді есіне түсіруі қажет болды. Қасым Жәкібаев талай фильмде ойнағанымен, қазақ киносының тарихында «Жансебіл» деген атпен қалды. Қасым Жәкібай өзінің баласының тағдырын ұзақ ойлады. Бұл совет үкіметінің кезі. Тарихты ешкім білмейді, айтқан адам бәлеге қалады. Сол кезде біз Қасым Жәкібаевтың құпия-сырын білдік. Қасымның Азамат деген баласы сондай тағдырды басынан кешіп, аяғында есінен адасып өлді. Шын мәнінде, есі сау бала алты жыл түрмеде жатады. Мұқағалидың күнделігінде осы өзіме тартқан Айбарым деген жолдар бар. Мүгедек деп айта алмайсың. Түр-тұлғасы келісті, Мұқаңның өзіне тартқан бала болды. Мен осыны зерттеп жүріп, Айбардың махаббатын таптым. Әдемі, сұлу, керемет келіншек екен. Бірақ, басқа біреудің әйелі. Әйел затын көріп отырып, Айбардың өмірде қандай жігіт болғанын білесіз. Ана әйелдің көзімен қарасақ Айбардың қандай сырбаз кісі болғанын бағамдайсыз. Қасым Жәкібаевтың баласы кеңес заманында Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқыған, көше төбелесіне қатысқан. Содан КГБ-ның қолына түседі. Несін жасырамыз. Мұқағалидың да баласын өте ауыр соққыға жыққан. Басынан соққы алған. Беріде қайтты. Көп ауырды. Көп қиыншылықты бастан өткерді. Жалғыз болған. Толыққанды өмір сүрген жоқ. Ал, сол мектепте қандай бала еді? Бір мектепке сыймаған, кеудесі өрт бала болған. Мұқағали ағамыз, бірде баласын жайлауға алып барған. Күнделігін оқысаңыз, шілде айында қар жауады.
«Аспанда қырандар көрініп, ұлы Айбар: Әке, анау қандай құс, білесің бе? - дейді.
Мұқаң: Құзғындар шығар, білмеймін, - дейді.
Сонда, Ұлы Айбар: Атаңның басы, қырандар ғой», - дейді. Қателеспесем, Мұқаңның осыған қатысты «Қырандар» деген өлеңі бар. Толық, ішкі сеніммен айта аламын. Мұқағалидың баласы тура Қасым Жәкібаевтың баласының тағдырын кешкен.
- Фильм барысындағы Мұқағалидың зайыбы Лашын шешеміздің бейнесі тым сұсты, салқын емес пе? Қалай ойлайсыз?
- Енді, фильмнің сценарийін жазғаным болмаса, мынау жақсы, мынау жаман деп баға бере алмаймын. Сенің айтып отырғаныңның жаны бар. Көркем шығармада бір нәрсенің шегіне баратын әдіс-тәсілдер, амалдар болады. Мен ол кісіні көрдім, әңгімелестім. Ол туралы сіздерге толық ешнәрсе айта алмаймын. Лашын жеңгемізді өте қатты жақсы көрдім. Анадай өмірге, анадай тағдырға шыдаған әйел тура осындай болуы керек деп, мінезімен келісіп, қолдадым. Өзім «Лашын» атты фильм түсіргім келді. Алдымен повесть жазуға оқталдым. Деректер жинап, тоқтап қалдым. Егер, сценарийін жазып, «Лашын» атты фильм түсірсек, онда ол әйелді өте керемет, қайсар, сүйкімді кейіпкер ретінде жасар едім. Барлық пікірлерден, ақтап, аршып алатын едім. Қойын дәптерімнің ішінде «Лашын» деп бастап қойған өлеңім де бар. Бір жігіттерге оқып бердім. Мұқағали туралы ұсыныс жасалды да, Лашынды ысырып қоя тұруға мәжбүр болдым. Мұқағалидың образын жасаған кезімізде Лашынның сүйкімді образын бере алмадық. Айтып отырған пікіріңізге дауым бар. Фильм ішіндегі Лашынның көкайылдығын, салқындығын ақтайтын екі деталь бар. Кішкентай екі эпизодты ешнәрсеге айырбастамаймын. Трамвай ішінде Лашын Мұқағалидың қолын ұстайды. Мұқағали да оның қолын қысады. Екеуінің түрін көрсеңіз, ондай шынайы махаббатты іздеп табу қиын. Өйткені, тура сол сәт өмірде көп қайталанады. Бір-бірімен соттасып, атысып-шабысып, ажырасып жататын ерлі-зайыптылардың арасында осындай оқиғалар болып жатады. Сол сәтті мен ешнәрсеге айырбастай алмаймын. Лашынды осы бірінші эпизод ақтайды. Екіншісі, зіңгіттей 16-17 жастағы Айбарды өз қолымен жуындырады. Бұл ананың балаға еміренуі. Біз осыны көруіміз қажет. Рысбек Сәрсенбай атты азамат тура сенің пікіріңді айтты. «Лашын апамызға обал болған жоқ па, жұмсартуға болмай ма?» деп. Саған айтқандай пікірімді ол кісіге айта алмадым. Көкірегімде бір түйіртпек қалып қойды. Болашақта айтармын деп ойлаймын. Өмірде мен білетін бір әйел бар. Қазір бар. Сол әйелдің азамат болып қалған баласын шомылдырғанын көріп, қасірет шектім. Баласы көлік апатына ұшырап, мүгедек болып қалған. Хал-жайын сұрап барып, қамығып қайттым. Осы эпизодты фильмге енгіздім.
- Жүсіпбек аға, фильмде Мұқағалидың қолында ылғи үш апельсин болады? Мұның мәнісі бар ма?
- Апельсин – кеңес заманының символы. Ол уақытта базарда көп көкөніс, ағыл-тегіл өнім жоқ. Неғып екенін, жаңа жылда мерекенің символы ретінде дастарханға не мандарин, не апельсин қойылатын. Торт тұрады. Көп ештеңе жоқ басқа. Мейрамханаларға барсақ, жасы үлкен адамдар біледі, үш тал апельсин беретін дәстүр болатын. Бұл детальды Болат Қалымбетов өзі енгізді. Фильмнің басында да, ортасында да, аяғында да Мұқаңның қолында үш тал апельсин жүреді. Режиссердің өз шешімі. Қызы қайтыс болғанда, шешесі ауылға қайтып бара жатқанда қолында жүреді. Бәріне ортақ детальды осы арқылы көрсеткіміз келді.
- Фильмдегі жаңбырдың рөлі қандай?
- Адам өз күнәсінің қандай деңгейде екенін біледі. Көкірегін ол күнәдан аршуы қиын. Жаңбырды алып тастасақ, бұл кино одан да ауыр болар ма еді. Киноны құтқарып тұрған символ – жаңбыр. Үнемі тазару қажет. Жанның тазаруы бар. Мұқағали аяғын суға малып отырғанында Нұрғиса Тілендиев келіп, мұның не десе, Мұқаң «адамның жанымен қоса, тәні де жаурайды екен ғой» дейді. Тап солай десем қателесем. Бұл – түйсікпен берілген суреткерлік амал. Енді анау ауыр оқиғаны сәл жеңілдеткіміз келді. Жаңбыр бәрібір де адамды қуантады. Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» деген повесінде бар. Балаларға келіп, көрші ауылда мектеп ашылатын болды, сендер сонда оқисыңдар деген кезінде, жас-кәрісі түгел қуанады. Аудан орталығындағы Нарынқолға барып оқи алмайды. Мектеп ашылады, жаңа мұғалім келді дегенде Бердібек былай жазады: «Кенет, бәрімізді бір қуаныш кернеді. Су келді, су келді, су келді», - дейді. Астына жазады, шөл далаға су келгенніне адамдар қалай қуанса – біз солай қуандық деген екен. Міне көрдің бе, су, жаңбыр деген нәрсе адамды қалай қуантады? Қарасаң Мұқағали кешке дейін жылауы тиіс тәрізді. Мұқағалидың өзі жыламаса да, жаңбыр жылайды..
- Фильмде Еркін Ібітановтың рөлі тым шолақ, солғын боп қалған. Нұрғиса Тілендиевтің ірі тұлғасы, образы ашылмай қалғандай көрінді. Себебі бар ма, аға?
- Кинода бәрін бірге кіргізе алмайсың. Лашынға, Еркінге соншама уақыт бөліп отыра алмайсың. Спринтер сияқты. Кинода үнсіздіктер өте көп. Үнсіздікті алып тастасаң, кино тым басқаша рең алады. Үнсіздіктің өзі көрерменге ойлану үшін берілген нәрсе. Мүмкін, бүгінгі көрермен басқаша шығар. Үнсіздіктерді қысқартып, Ібітановты кеңірек қылып салсақ басқаша шығар еді. Тағы да режиссердің шешімі. Өзім түсіндім. Іштей дегбірсіздік бар. Мұқағали не Фаризамен кездесуге асығады, не Ібітановпен жолығуға асығады. Маған біреу бұл жерде «ешкім» жоқ деді. Фариза да, Нұрғиса да, Бауыржан Момышұлы да жоқ... Алматының көшелерінде Мұқағали жалғыз жортып бара жатқан сияқты әсер алдым деді. Қазір ойыма осы сөз оралып отыр. Кинода болады ондай. Мұқағалидың өзі де, Нұрғиса ағамыз да пенде ғой. Осыны бергіміз келді. Бұл сауалыңызға толық жауап бере алмаймын. Менде де күдік-күмән болғанын жасыра алмаймын. Нұрғисаны өмірдегі сазгер емес, кинода жәй кейіпкер ретінде қабылдадым. Бұлардың барлығы көз алдымызда қаһарман боп қалыптасқан адамдар. Әр детальды ой елегінен өткізу қажет. Алматыда 5-6 адамға көрсеттік. Бір жігіт «Брежневтің суретін неге өртеттіңіздер, ештеңені ақтап тұрған жоқ» деді. Үндемедім. Бір күні телефон соғады. «Ойымнан сол көрініс кетпей жүр, алып тастаса бола ма?» - дейді. Сонымен қалды. Кейін бір кітап туралы хабар түсіруге ұлттық арнаға келдім. Әлгі кісі алдымнан топ етіп шыға келмесі бар ма? Жүрегім зу ете қалды. Хабардың алдында көңіл-күйімді бұзғым келмеді. Сол сұрақты қоймаса екен десем, тура сол сұрақты қойды. Брежневті өртейтін жері керек деп ашық айттым. Не үшін керек деді? Мұқағалидың баласы Мағжанның өлеңдерін көшеге іліп, түрмеге түсті. Мұқағали ана есікті, мына есікті де қақты. Қолынан қайран келмей, портретті өртеу арқылы мені де баламның қасына ұстап апарып, қамаңдар дейді. Одан басқа ештеңе жоқ. Ал, оған Лашын мен сені Айбарға барған екен десем, атауыңды ішіп жүр екенсің дейді. Айналасының бәрі Мұқаңды кінәлайды. Үнсіз ауылына кеткен апасы да кінәлайды. Содан Мұқаң Брежневтің портретін өртесем мені де апарып қамайтын шығар деп ойлайды. Бейсаналы түрде істеген әрекеті. Жүйеге қарсылықты да, басқаны да ойламайды. Бір рет көрдім, екінші рет көрдім, үшінші рет көргенде ойландым. Мен фильмді көре отырып, бастан-аяқ өлең оқығандай сезім кештім. Экраннан ештеңе емес, сұлбасы, бас-аяғы бар өлең оқығандаймын. Мақтай да, даттай да алмаймын. Бір үлкен астар бар. Оны айтсам сендер түсінесіңдер ме, білмеймін. Біз соны жеткізіп айта алдық па? Мәселе сонда. Мұнда Мұқағали жоқ. Оны жасағымыз келсе, басқаша жасаушы едік. Фильм арқылы «мүгедек» ұрпақты көрсеткіміз келді. Тағдырлы кино ғой. Таласбек Әсемқұловтың айтатыны бар. «Талтүс» романын бәрі мақтады деп. Сүйтсек, кейін Таласбек менің романым жайлы ешкім мардымды ештеңе айтпады депті. Шығармашылықта ондай болады. Бірден бәрі түсінікті болса, құпиясы болмаса несі қызық оның? Осы идеяны айтқым келді. Идеяға бола осылай бұрдым, майыстрыдым-қайыстырдым десем, қате. Біз ол жерде тағдыр жасай алдық па? Кімнің тағдыры алға шықты? Мұқағалидың ба, әлде мүгедек баласының ба? Мархабат Байғұт фильмді көрген соң біз жылауды ұмытып қалыппыз деген еді. Бүкіл киноны ұмытып кетіп, не үшін жылайды? Кинода жарық дұрыс түсірілмесе, ойың жөнді жетпей жатады... Еркін Ібітанов, Фаризалардың бейнесі келіп ғана кететін образдар. Қаншалықты жасадық, бағасын көрермен қауым бере жатар.
- Оқырманға, көрерменге осындай нәрселер қызық қой. Ол кісі фильмде көп темекі шекпейді. Өмірде де сондай болған ба?
- Иә, арақ ішкенімен, темекі шекпеген. Ол тұзаққа түсіп қалған. Көп нәрселерді пайдалана алмадық. Қоғам оны қабылдай алмайды. Мұқаңның Лашынға жазған хаты бар. «Мен есекпін, мен шошқамын» деп жазады. Ешкім айтпайды, Мұқаң КГБ-ның тізімінде болған.
- Әңгімеңізге рахмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.