Ежелден қазақ төрт түлік малдың жағдайымен көшіп-қонып, қыстау мен жайлаудың арасында түтін түтетіп өмір сүрді емес пе?
О шеті мен бұ шетіне алты ай жүріп жететін кең даланы бізге көздің қарашығындай сақтап жеткізген де, мұра етіп қалдырған да әулие, абыз, данышпан бабаларымыз.
Сол кең даланың ана шеті мен мына шетіне көшіп-қонып жүріп келін алып, қыз ұзатып, құда-жекжат арттырып, «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық», «Қыз – өрісің, ұл - жемісің» - деп даналық сөзді өмірдің өзекті шындығынан өрбіткен бабаларымыз не деген данышпан еді.
Кезінде Оңтүстік халқының жетімін желеп, жесірін жебеп, кедей-кембағалының байлауға жетсе, күрмеуге жетпей жүрген жібін ұзартуға үлес қосқан Үндемес байдың жастық шағындағы биік парасаттылығының бір көрінісін көпшілікке жеткізу мақсатында қолыма қалам алдым.
Малына сенген қарапайым қазақ астықты көбіне өзбектерден сатып алып отырған. Үйір-үйір малын күн жылынып көктем шыққаннан, күн суытып, қыс түскенше Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Хиуа базарларына апарып сатып, айырбастап астық, кездеме, өрік, мейіз керекті заттарын әкеледі екен. Үндемес әкесінің малын бірде Ташкентке сатуға алып бара жатады. Жолай далаға қонып, арасында күн-райы бұзылса елді-мекенге қонып, базаршылар Ташкентке жақындап қалады. Ерте көктем кезі болса керек, жауын-шашыннан қорғанған базаршылар алдарынан кездескен ауылға қонуды ұйғарысады. Базаршылардың үлкені есін білгелі Үндеместің әкесінің малын сатып, керекті тіршілікті атқаратын қария кісі екен. Жолды да, елді де, жерді де, елдімекен ауылды да жеті қараңғы түнде тауып баратын қасиеті болған.
Қырдан асып түсе бергенде алдарынан жұпыны шағын ауыл кезігеді. Бұрын бұл жерде ерте көктемде ауыл болмайтын. Шамасы қыстап шыққан ауыл сияқты. Ауыл сыртында азғантай ірі қара мал, азын-аулақ қой-ешкілер жүр. Базаршылардың басшысы қария Үндемеске қарап:
- Мына ауылдың кімнің ауылы екенін анықтау керек, - дейді.
-Қалай анықтаймыз , - дейді Үндемес.
-Қазір көресің, ол өте оңай шаруа, - деп қария атын сипалай қамшы салып, озыңқырап оқшау шығады. Ауыл шетінде қой қайырып жүрген ересек баладан ауылдың кімдікі екенін сұрайды.
-Е, е балам, қай туғанға жатасыңдар? , - дейді қария тақылдап тұрған балаға сүйсіне қарап. Қария өзінің руын айтып, баламен танысып, өзімен тең кісідей сөйлеседі. Ташкентке мал айдап бара жатқандарын, осында қонуды ұйғарып келе жатқандарын айта келіп, сендердің ауылдарыңда біздің елдің қыздары жоқ па? – деп балаға мейірлене қарайды.
Сәл ойланып тұрып бала: - Жақып көкемнің үйіндегі жеңешем сіздердің руларыңыздан, себебі жеңешемді Түркістанның қызы деседі. Содан соң өмірі төркіні іздеп келмеген. Сіздер іздеп келе жатырсыздар ма? –дейді.
-Төркіні іздеп келмегенін сен қайдан білесің?
- Менің екі жеңешем бар, солардың төркіндері келгенде, Жақып көкемнің үйіндегі жеңешем жылапты, оны әйелдер қазаннан ет сүзіп алып астауға салып жатқанда айтқан.
-Сен әйелдердің сөзін тыңдап жүрсің бе? – дейді Үндемес.
-Жоқ, мен тыңдайын дегенім жоқ, олар ет салған астауды көтерісуге мені шақырған. Мен Жақып көкемді де, жеңешемді де жақсы көретін едім.
Жеңешемді біртүрлі аяп кеттім, төркіні жоқ деген соң.
-Біз жеңешеңнің төркініміз, - деген сөзді қария кісі айтып, «мақұлдайсың ба?» дегендей Үндемеске қарағаны сол, бала ауылға қарай құнанын қамшылапсүйінші сұрауға шаба жөнеледі.
-Қап, әттең-ай, мына бала бүлдіретін болды-ау, - деп шал мен Үндемес сұраулы жүзбен бір-біріне қарасып қалады.
Үндемес қырдың ар жағында малды жүре жайып базарға айдап келе жатқан малшыларды осы жерде тосалық дейді қарияға.
-Малшылар өздері малды тойдырып келе береді, күн кешкіріп қалды, намазды ауылғабарып оқымасақ қаза болады, - дейді қария.
Ана шауып бара жатқан бала сүйінші сұрап, қамкөңіл жанның жүрегіне қуаныш сыйлап қуантар ма екен, жоқ болмаса жүрегін бордай езер ме екен, баламен балаша сөйлескеніңіз ұят болды-ау, - дейді Үндемес. Ауылға қарай торы төбелді құнанға мінген бала шауып барады, артына бұрылып, қарап-қарап қояды. Ауылдың бір-екі иті үріп баланың алдынан шығып, біресе баланың үзеңгісінеұмтылып, біресе алдын орай шауып, біресе қабаттаса шауып барады.
Екі итпен шауып келе жатқан құнанға мінген баланы көрген ауылдың өзге иттері де шәуілдей үріп, үйлерінің маңында е, е өзіміздің пәленше ғой дегендей қалып жатыр. Бұл көріністерді көріп келе жатқан Үндеместің жүрегінде шаншудай болған бір сұрақ – «төркіні өмірі іздеп келмеген жеңешемді сіздер іздеп келе жатырсыздар ма?»еді.
Сүйінші сұрап, құнанын қамшылап кеткен бала ауылдың арғы басындағы үйдің алдына жеткенде үйден жас әйел жүгіріп шығып жалт бұрылып Үндеместер келе жатқан жолға қарап, үйіне асығыс кіріп кетеді.
Құнанымен дүрсілдей шауып «сүйінші, жеңеше, сүйінші» дегенді естіп ауылдыңбала-шаға, қатын-қалаштары есіктерінің алдына жүгірісе шығады. Жарамды жақсы ат мінген кісілерге аңтарыла қарап қалған ауылдың тұрғындары есіктерінің алдында ербиіп-ербиіп, кейбіреуі көз сала қарап тұр. Құнанды баланың сүйіншісұрағанүйіне беттепбара жатқан қонақтарды көздерімен шығарып салған ауыл тұрғындары есіктерінің алдында әлі тұр.
Кенет шеткі үйден жас әйел асығыс шығып аттылы кісілердің жақындап қалғанын көріп, сәл кібіртіктеп тұрып базаршылардың басшысы шалға қарай адымдай жүріп келеді. Шал да апыл-тапыл атынан түсіп, «қарағым» деп жас әйелдің маңдайынан иіскеп,«айналайын» деп жатыр.
Үндемес те артынан іле-шала түсіп шалмен көрісіп тұрған жас әйелге жақындай келе көрісіп, амандасып маңдайынан иіскеп, жауырынынан қағып, ағалық танытып жатыр. Сол екі арада үйден кемпір-шал қабаттаса шығып: «Құдалар келіп қалған екен ғой. Әй, қайсың барсың, құдаларды аттан түсіріп те алмағансыңдар ма?» - деп шал айқайға басып ауылдастарының қылығына кейіс білдіруде. Өзі таяққа сүйеніп әрең тұр. Сүйінші сұрай шапқан бала екі аттың шылбырын алып жайғастыруға беттеді. Жұпыны ескі киіз үйге үйдің егесі шал бастап кіріп «ал, құдалар, төрге отырыңдар»- деп елпілдеуде.
Төрге жайғасқан соң Үндемес үйдің ішіне барлай қарап, базаршылардың басшысы шалға іштей ренжіп отырды. Себебі, сырты қандай жұпыны болса, іші де сондай жұпыны. Үй иелері қонақты күтуге қысылатыны аян тіршілік.
Лезде ауылдың үлкен-кішілері құдаларға бірінен соң бірі келіп сәлемдесуде. Кексе кәрі әйелдер де келіп құдалармен сәлемдесіп кетіп жатыр. Біреулері сұраулы пішінде құдаларға біреулері таңдана, біреулері қызыға, біреулері немқұрайлы селқос қарап амандасып отырып жатыр. Кейбір әйелдердің еріндері жыбырлап, кейбіреуі бір-біріне сыбырлап, еріндерін сылп еткізіп, ауыздарын бірінің құлағына тақап бірдеңелерді айтуда.
Құдаларым келді деп мәз-мейрам болып отырған кемпір-шал абыржып отыр. Күйеу балдарыңыз көрші ауылға кеткен еді, келіп қалады деп сөзін аяқтамай жатып, қутыңдаған бір жігіт: «Ағамыз қайын жұртының келетінін қайдан біледі көріпкел болмаса. Бұл кісілердің күйеу баласы – менің ағам» - деп төрдегі құдаларға қулана қарап қояды.
Ия, оның рас, құда бала. Айдың, күннің аманында көктен түскен қай құда деп отырған сияқтысың? Біз Ташкентке базаршылап мал айдап бара жатқан едік. Осы ауылда қызымыз бар болған соң аттың басын бұрып, есендігін біле кеткендігіміздің несі айып екен, - деді базаршылардың басшысы.
Осы сөзді күтіп отырған қутыңдаған жігіт: - Дұрыс құда, дәулетті кісілер екенсіздер, осы жеңешеміздің келгеніне он шақты жыл болды, әлі күнге дейін төркіндері іздеп келмеген еді. Ғайыптан пайда болған төркіндеріне таңдана қарапотырғанымыз рас, - деп ерсілеу мырс етіп күлген болды.
Сол сәттет төркіні келген жас әйел дастарқан жая бастайды.
-Ендеше Түркістаннан шаршап-шалдығып жеткен құдалар, қарындастарыңыздың аты кім еді, осы адасып келген жоқсыңдар ма? – деп құдалардың жүзіне барлай қарайды сұрқияланажігіт.
Базаршылардың басшысы қария шал орнынан қозғалып күбіжіктей бастағанда дастарқан жайып болғанжас әйел оң қолымен құлағының сырғалығын екі саусақпен сауа ұстап нарттай қызарып төмен қарайды. Бұл көрініс қас-қағым сәтте өтеді. Осы көріністі аңғарған Үндемес:
Иә, құдалар, елде жүргенде қарындасымызды еркелетіп Сырғаш, Сырғалым, Сырғакүл, Сырғажан, Сырғалы-ай дейтін едік. Жақсы елге келген келін – келін, пәтуасыз елге келген келін – келсап, - деген. Сіздерге келгелі кім болғанын өздеріңіз білесіздер дегенде, әлгіден бері түсі құлпырып, сұрқиялана мардымсып отырған жігіт «кешіріңіздер құдалар, жәй әншейін жолдан өткен жүргіншілер ғой» деген едім деді.
Төркіні жоқ мұңлы келіншек қайнысының қылығына ызалана булығып, өксіп-өксіп жылап жіберіпті. Келіншектің шын аты Сырғакүл екен. Бұл көрініске куә болған әйелдердің біреулері әлде байғұс-ай, деп ауыздарын сылп еткізсе, біреулерінің көңілдері босап, жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіп, Сырғакүл-ау, төркінің бар екен ғой десіп, дабырласып, әйелдер жағы көңілдене түседі.
Осының бәрін көріп, сезініп отырған Үндемес Сырғакүлдің жан дүниесін түсініп, оған базарға айдап бара жатқан малының маңдай алдысы боталы түйені сауып ішсін қарындасым деп беріп кетеді. Базардан қайтарында ата-енесіне, бала-шағасына, Сырғакүлдің өзіне киімдер, қант-шәй, өрік-мейіз тарту таралғылар тастап «Сырғашты төркініне жіберіңіздер, аунап-қунап төркініне барып қайтсын» деп кетеді.
Сырғакүл кедей жесір кемпірдің жалғыз қызы екен. Ағайын-туыстан да кембағал жан болыпты.
Көп ұзамай Сырғакүл төркіндеп келеді. «Сырғаш келді» деп төңірегіндегі елді жинап той жасаған Үндемес Сырғашқа деп жасау-жабдық, еншісіне төрт-түлік малдан мол, ине-жіптен жаңа шыққан ақ отау беріп енші береді.
Үндеместің ары-бері мал сатуға өткен базаршылары Сарыағаштан хабар алып, қарасып тұрады. Сырғаш та «төркінім келді» депсағына төркін жұртын сұрап, қадірлі қонақ етіп күтеді екен. Сырғаштың амандығын біле келген базаршыларға Үнедемес: «қыздың жаманы атқа шөп салар» деген, «қыз мұңлық,жат елге қыз бен қой кетеді» деген, «Қыз- қырдағы қызғалдақ, олардың жаны нәзік, «төркінім», «бауырым» деп бүйректері бөлініп, жүректері езіліп тұрады. Қыз тілеулесің, қамқоршың. Алыс сапарға шықсаң, барар жерің болмаса, сол елден рулас қыз тапсаң құдамын деп барған қазақты құдайдай күтетін қазақпыз ғой. Сондықтан қыздарды сыйлаңдар. Олар нәзік жүректі жандар. Қыз қартайса да, жүз жасап немере, шөбере, шөпшек көрсе де төркініне қыз. Біреуге –жар, біреуге – ана! Пайғамбарымыз «ананы сыйлаңдар» деген. Қыз – өрісің, тілеулесің, қамқоршың, қызды налытпау керек. «Сырғаш қыз – бір төбе, өзіммен туыстас қыздардың бәрі жиылып –бір төбе. Сырғашты сыйлаңдар» - деген екен туыстарына.
Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.