Түрік ақыны Юнус Эмре жырлары барша қазақ оқырмандарына жол тартты. Түрік ақынының өлеңдерін түпнұсқадан қазақ тіліне аударған Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері, жазушы Мәлік Отарбаев. Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханада, жуырда жарық көрген жауһар туындының тұсауы кесілді. Кітап «Жырлар» деп аталады.
Юнус Эмре Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың ілімін жалғастырушы рухани шәкірттерінің бірі саналған. Ол түркі әлеміндегі сопылық поэзияның аса көрнекті өкілі. Бар өмірін имани әлемге бағыштаған оның өлең-жырлары түрік елінде зор танымалдылыққа ие. Мәлік Отарбаев Эмре өлеңдерін аудару оңайға соқпағанын, тіпті кейбір өлеңін аудару барысында бір айдан аса уақыт кеткенін айтты. Дегенмен, аударма кезінде Юнус Эмре тілінің қазақ тіліне өте жақын екені байқалған. «Түпнұсқадан аударғанымыз әлдеқайда жеңіл болды, неге десеңіз, аударма барысында қазір түрік ағайындардың мүлде қолданбайтын сөздерін кездестірдік. Мәселен Юнус Эмре дәл біздің тіліміздегідей «қашан?» деп жазады. Ол сөздің орнына қазір түрік ағайындар «не заман?» деген сөзді қолданып жүр. Айта берсек мұндай ұқсастықтар өте көп. Сондықтан, Эмре өлеңдері бізге бөтен емес.
Өлеңдердің қазақ тіліндегі көркем аудармасын ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жасады» дейді Мәлік Отарбаев. Юнус Эмре шығармаларын аудару осыдан 5-6 жыл бұрын басталған. Кітап баспаға жіберілер алдында, қазақша аудармамен қоса түрікше түпнұсқасын берейік деген ұсыныс түсті. Аударма барысында түпнұсқадан мейлінше алыстамауға тырыстық.
Эмре жырлары Яссауи хикметтерімен үндес, – дейді кітап редакторы Кәдірбек Құныпияұлы. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы кітап алғысөзінде аталған туынды тамырлас екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта түсетінін, Юнус Эмренің қазақ жұртына танылуы рухани өміріміздегі айрықша атап өтуге татитын үлкен жаңалық екенін жазған. Оның сөзінше, Абай, Мұқағали шығармаларынан бастау алған осынау әдеби үрдіс болашақта да жалғасын таппақ. Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері де бұл бастама түбі бір түркі халықтарының бірлігін арттырып, рухани үндестікке жетелейтін игі қадам деп бағалады.
Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық байланыстармен қатар әдеби-мәдени қарым-қатынастар да барынша өрістеп келеді. Соның бір дәлелі екі ел көркем сөз шеберлерінің шығармаларын аударып, таныстыру ісі кеңінен жолға қойыла бастады. Қазақ оқырмандарының қолына тиіп отырған Юнус Эмренің «Жырлары» оқырман қауымның көңіліне шуақ себеді деп сенеміз. Бұл екі ел үшін, әсіресе, бауырлас екі елдің өлең сүйер ойлы оқырмандары үшін аса қуанышты жағдай. Университетіміз соңғы 2 жылда 30-дан астам кітапты жариялады және алдағы уақытта кітап санын арттыруды көздейміз. Мен қандастарымызды осы шынайы қуаныштарымен шын жүректен құттықтағым келеді. Атажұрт пен Анажұрт арасындағы әдеби байланыстарымыз бұдан әрі де мәңгі гүлдене бергей! Анкара мен Астана арасындағы «алтын көпір» әдеби-мәдени қарым-қатынастарымыз ды болашақта да нығайтып, бүкіл түркі әлеміндегі туыс халықтар бірлігіне қызмет етеді деп сенемін – дейді кітап таныстырылымына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз.
Ойлы оқырманға жол тартқан жауһар жырлар туындысы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорына табысталды. Кітап көлемі 27 баспа табақты құрады. Кітап «Ан Арыс» баспасында жарық көрген.
egemen.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.